Әлеумет

Бұқара

  • Ерлік

 

КЕУДЕСІМЕН ПУЛЕМЕТТІ СӨНДІРГЕН

 

Мұрат Байхановпен сұхбаттасудағы басты мақсатым — Қарғалы ауданы, Қарабұтақ ауылынан шыққан, 19 жасында Ауған соғысында  ерлікпен қаза тапқан Жоныс Үкібаев  туралы ақпарат алу болатын.

Мұрат Байханов Жоныстың батырлығын өз көзімен көрген.

1978 жылы орта мектепті бітіре сала әскерге алындым, Венгрияға барлаушылар батальонына түстім. 1980 жылдың ақпанында бізді дабылмен оятып, сапқа тұрғызып, фамилиямызды атады да, «Урал» көлігіне тиеп алып, өзге пунктке алып кетті. Венгрияның өзге қалаларынан да біздің сарбаздар әкелініп жатыр. Бір күні бала кездегі жолдасым Жонысты көрдім. Мәре-сәре болып, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Екі апта бойы 191-інші мотоатқыштар полкі құрылды. Содан кейін бізді ұшақпен Душанбеге апарды — деген Мұрат ағай Жоныспен кездескен соң, үнемі бірге жүргендігін айтты. Ауғанстанға бағытталған талай сарбаздарға шындық айтылмаған екен. 191-інші мотоатқыштар полкінің жігіттерін де «Түркістан әскери округіндегі бір бөлімшені Ауғанстанға жіберді, енді сендер солардың орнына барасыңдар» — деп алдаусыратыпты. Соғысқа аттанып барамыз деп түк күдіктенбеген сарбаздар, керісінше, «Әйтеуір Кеңес Одағына келеміз!» — деп қуанған. Жолда ұшақ Ақтөбе қаласына аялдап, Мұрат Байханов қалада оқып жүрген апасымен хабарласпақ болып, сыртқа ұмтылғанымен, ұшақтан шыға алмапты. Амалсыз ұшақ қызметкерлерінен жасырын хат жазып жібереді. Жауынгерлер осы құпиялылықтан-ақ секем алып қалады.

Бізді Термезге апарып, шатырлы қалашыққа қоныстандырды. Әскери жабдықтар, қару-жарақ алдық. Сонда ғана Ауғанстанға жіберілетінімізді айтты. Біз де осы кезге дейін сезген болатынбыз. Тек, құлағымыз шалып естігеніміз болмаса, Ауғанда жай қақтығыстар ғана болар деп ойладық. Өйткені бізге ештеңе айтылған жоқ. Сөйтіп, соғыстың ортасына тап келдік. Алғашқы адам өлімін, әсіресе, жаныңда жүрген жолдастарыңның оққа ұшқанын көру қатты қиын болды. Сонда да ертеңге деген үмітіміз таусылмайтын, — дейді ол.

Осылай деген Жоныстың майдандасы әрі досы, әрі ауылдасы Мұрат Байханов оның мүлде уайымсыз болғандығын айтады. Олар Ауғанстанға аттанған 1980 жыл нағыз қанды қырғынның шағы еді. Майдандағы тозақ оты осы жылдары қайнап тұрды.

Газни провинциясы. Осы жерде Мұрат ағай нағыз ерліктің бағасы қаншалықты қымбат болатындығына көз жеткізді. Олардың полкі таулардың арасымен келе жатқан болатын. Тастан қаланған жасырын қорғандардан оқ қарша жауды. Үш сарбаз сол мезетте оққа ұшты. Ал Жоныс қолындағы қаруын көмекшісіне беріп, өзі қорғанның жанына білдіртпей жетіп барып, кішігірім терезелерден гранатаны бірінен соң бірін лақтырды. Оқ та сап тиылды. Кейін өзі қорған ішіне қамсыз секіріп түсіп, оққа ұшты.

Оққа ұшты деу оңай, қорыққанынан ба, тірі қалған пулеметші екі метрдей қашықтықтан оқты Жонысқа бағыттап жаудыра берсе керек, кешке қорғанды жаудан тазартқасын көрдік, сау-тамтығы қалмапты, тіпті бетінен де тану мүмкін емес. Егер, ол осындай ерлік жасамағанда тағы да талай сарбаздардың тірі жүруі екіталай еді, — деген Мұрат ағай осылай жерлес досының көзсіз ерлігінің куәсі болғанын айтады. Кейін мырышты табытқа салынған Жоныстың денесін ауылға жеткізер кезде ұшақта осындай ашылмастай болып жабылған табыттардың тым көп болғандығын еске түсірді. Ал 1980 жылдың сәуірінде оққа ұшқан Жоныс Укубаев екі-ақ ай бұрын 19-ға толған болатын. Мұрат ағай тума-туысқа мәйітті табыстап, кері қайтты. Сол жылдың 23 тамызында  Жоныс Укубаевқа «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді. Соғыстың, достарының батырлығына куә болған Мұрат Байханов елге 1980 жылдың қысында көрген қанды қырғынның сұмдығынан шашы түгел ағарып қайтты. Уақыт — емші, біраз жыл өткесін көңілі ұнатқан қызбен отау көтерді. Бүгінде үш баланың әкесі. «Ұрпағым ешқашан да соғысты көрмесе екен!». Бұл — Мұрат Байхановтың тілегі… 

 

Индира СПАНОВА,

Бадамша ауылы,

Қарғалы ауданы.

 

Суретте:

1-ші фотодағы үшеудің оң жақ шеттегісі Мұрат Байханов.

2 – ші суретте Жоныс Үкібаев – әскерге аттанар сәтте түскен фотосы.

 

 

 

  • Бір тақырыпқа екі хат

 

Редакцияға келген мына хаттардың мазмұны ұқсас: барлығы да өз ауылын көркейтуге үлес қосқан азаматтар туралы жазып, оларға, олардың ұрпағына газет арқылы шынайы алғысын білдіргісі келіпті. 

 

КӘСІПКЕРДІҢ БӘРІ ОСЫНДАЙ БОЛСА ЕКЕН

 

Келесі хат та Шалқар ауданынан келген. Аудан орталығында тұратын Қияқбаевтар отбасы мен көршілері бірігіп жазыпты:

«Шалқар қаласында кәсіпкер жастар баршылық. Олардың екеуі — Нұрлан және Гүлден Есалиндер. Ерлі-зайыпты екеуі «Наурыз» дүкенінің қожайындары. Өте жақсы кәсіпкерлер. Дүкенге барсаң, үнемі жайдары қабақпен қарсы алып, келгендерге бар ынта-ықыласымен қызмет етеді. Және біздей көп балалы отбасыларға көмегін еш уақытта аямайды. Бара қалсаң, керегіңді үнемі тез тауып бере қояды. Менің сегіз балам бар. Үнемі қарызға зат аламын. Кейде қарызымды уақытылы бере алмай қалатын кездерім болады. Ондайда дүкен иелері қабақ шытып ренжімейді, түсіністікпен қарайды. Мұның өзі білген адамға үлкен демеу, көмек. Қайырымы мол осындай кәсіпкерлер көбейсе екен елімізде. Нұрлан мен Гүлденге алғысымыз шексіз. Халық — құдайдың бір аты. Халықты риза қылғанның жолы болады деп ойлаймын. Жас кәсіпкерлердің шаруасы дөңгелене берсін деп тілейміз», — деп түйіндепті хатын.    

 

АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТКЕН АДАМ ЕДІ

 

Ырғыз ауданы Құрылыс ауылынан жолдаған Қ.Береновтің хатында аталған ауылда жиырма жылдай басшы болған марқұм Ғажып Жұмағалиев туралы жазылыпты:    

«Бұл ауыл 1957 жылы құрылғанда Калинин атындағы ауыл еді. Құрылған  жылдан бастап жиырма жылға жуық ауылды Қияс Сәрсенбаев басқарды. Сол уақытта мен 3-4 жыл механизатор болып жұмыс жасағанмын. Алайда, менің айтайын дегенім, тағы да бір арда азамат Ғажып Жұмағалиев туралы. Ол кісі сырт жерден келсе де, ауылға өз туған жеріндей қарады, 1974 жылдың күзінде келіп, 1994 жылға дейін Калинин атындағы кеңшарды басқарды. Бұл кісінің ауылды көркейтемін деп еккен ағаштары бүгінде үлкен теректерге айналып, жерімізді жайқалтып тұр. Бұған қоса қаншама үй тұрғызып, халықтың әлеуметтік жағдайына барынша көңіл аударды. Бұл кісі сол кезде ауданда болмаған монша салдырды, тіпті ондай монша аудан түгілі облыста да болған жоқ. Алайда, қазір ол моншаның ізі де жоқ. Мәні мәдениет үйін айтуға сөз керек. Мұндай екі қабатты клуб бұрынғы кеңшарлардың бірінде жоқ. Мұндай адамның елге істеген жақсылықтарын айтып тауыса алмайсың. Кезінде Калинин атындағы кеңшардың атауы бүкіл республикаға белгілі болған еді. Міне, басшы болса осындай болсын…» дейді ол.   

 

 

  • Ұстаз

 

ҰЛАҒАТ  ҮЛГІСІ

 

Ол кісіні көрген сайын, әңгімелерін естіген сәтте жүзінен жылылықты, сөз саптауынан жинақылық пен байыптылықты аңғарамын. Байырғы ұстаздың тәрбие саласында қызмет жасағандығы зиялылығы мен орнықты сөздерінен сезіліп тұрады.

Біз тілге тиек еткелі отырған адам Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан қадірлі Күләш Тұрманбетова.

— 1947 жылы мектеп табалдырығын аттадым, — дейді Күләш апай, —  Төлебай Ағыбаев, Тыныштықбай Бітімбаев, Сара Жарбосынова, Рахыш Әуесова, Күлкәш Мастыбаева сынды сыныптастарыммен бірге Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдадым. Сол уақыттағы ұстаздарымыздың ықпалының мол болғандығынан шығар және Айтжанов Әкімжан ағамның «Қыз балаға мұғалімдік таза жұмыс, ешқашан жоғалмайтын мамандық, сондықтан сен мұғалім бол» деген ақылымен менің де осынау мамандықты игеруге деген құштарлығым артты. Мектептен соң Оралдағы қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетіне оқуға түстім. Үлкен өмір бастауы менің алдағы мақсаттарымды осылайша қайтадан мектеппен байланыстырды.

Арманы асқақ, жігерлі жас 1962 жылы жоғары білімге қол жеткізген соң, қайтадан өзі білім алған ұясына оралды. Енді бұрын өзін оқытқан бірқатар ұстаздары әріптестеріне айналды. Екі жылдан соң Чапай есімді азаматқа тұрмысқа шықты. Балалы-шағалы болды.

Ұстаздық мамандықтың өзге кәсіптерге ұқсамайтын қалтарыстарын осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған жан ғана қапысыз ұғынатыны анық. Мұғалім мамандығы ғұмыр бойы ізденісті, үйде де, түзде де тәрбие деген ұғымды бір сәт естен шығармау керектігін ұмыттырмайды. Күләш апай болса, өзі Итемген Байманов, Сейілхан Оразымбетов, Лида Қожабаева, Сәуле Айтжанова, Көптілеу Ниязбаев, Әкімжан Айтжанов, Жаңылма Сатанова, Базар Төлегенова, Заход Қаниева сияқты әрқайсысы бір-бір тұлға боларлық ұстаздардан тәлім алған болатын. Өзін оқытқан мұғалімдерінің өнегесін ұғынып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте табан аудармастан отыз жылдай еңбек етті. Ауданның бас мектебінде тәжірибелі ұстаздар болған ағасы Әкімжанмен және апасы Ақболтаймен  қатарласа жүріп бірге қызмет жасады. Сол кездер туралы Күләш апай «Бір үйден үш тарихшы шықтық» деп күліп еске алады.

Күләш апай жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұзақ жылғы еңбек жолдарында мамандығына деген адалдығынан айныған жоқ. Жолдасы өмірден ертерек өтсе де, қиындықтарға мойымастан отбасы мен мектептегі жұмыстарын қатар алып жүрді.

Сонау жас маман болып келген жылдарында мектеп жанындағы клубта Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Алдан Жарылғаповтың режиссерлігімен халық театры құрамында өнер көрсеткені бар. Сол жылдары «Құдағи келіпті» спектаклімен «Халық театры» атағын қорғаған ұжымда Жұбат Ермекбаев, Чапай Құлтазин, Тельман Қасқырбаев, Бақыт Баудиярова, Самат Садреевтер болған еді.

Мәртебелі мұғалімнің алдынан талай азаматтар білім алып шықты. Әсіресе, ұстаздың қоғамдық, тәрбие жұмыстарына тиянақты түрде араласқанын атап айту ләзім. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі ретінде де өзінің өзекті ой-пікірін білдіріп келді. Көпшілік басқосуларда ойын бүкпесіз айтумен ерекшеленетін апайды шәкірттері үлгі тұтады.

Қазірде өнегелі балалар тәрбиелеп өсірген Күләш апай құрметті еңбек демалысында. Ұстаздық еңбегі Қазақ КСР Оқу министрінің  Құрмет грамотасымен, облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің марапаттарымен бағаланды. Өмірден көргені мен түйгені мол ұлағатты ұстаздың жасы егде тартса да шәкірттеріне деген ыстық ықыласы баяғы қалпынша…

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

  • Жәдігер

 

БЕЛДІКТІҢ СЫРЫ

 

Менің әкем Тәңірберген Сүйінтаев әкесі Сүйінтай мен анасы Қанзирадан алты ағайынды — бес ұл және бір қыз. Ырғыз ауданындағы бұрынғы Калинин ауылының шығыс жағында шамамен 18 шақырымдай жерде ата-бабамыздың атақонысы болған. Атам Сүйінтай,  әкем мен анам Інжу Асқарқызы осы жерде тұрған. 

Ата-бабамыз жатқан үлкен қорымды қазір Байғабыл атамыздың атымен Байғабыл тамы деп атайды. Байғабылдың асы туралы көптеген адамдар жазды.

Байғабыл ата кәмпескеленген жылы біздің атамыздың отбасы жақын маңда қоныстанған екен. Байғабылдың бәйбішесі түнде үлкен жаулыққа оралған алтын, күмістен жасалған неше түрлі бұйымдарды біздің үйге әкеліп, әжеміз Қанзираға алып қалуды сұрайды. Бірақ әжеміз алудан бас тартыпты. Бұған Байғабылдың бәйбішесі әжеміз қатты реніш білдірген. Сонда Қанзира әже:

— Осының бәрін Байекең өзінің адал еңбегімен жинады, бірақ бұл байлық бізге опа бере қоймас, — деп алудан бас тартқан. Әжеміз де сөз төркінін түсініп:

— Бұл да дұрыс екен, онда кәпірлерге бергенше осы маңайға көміп кетейін, әйтеуір бір заманда Ырғыздың бір адамы тауып алар, — деген екен.

Біз Қалыбайда тұрғанда Ақши ауылынан көшіп келген бір қарт анамыз Інжуге Байғабылдың заттары деп екі белдік әкеліп беріпті. Мамам бірін Ақтөбе қаласында тұратын Байғабыл атамыздың қызы Гүлзада апама беріп, бірін алып қалыпты. Мен бұл белдікті облыстық тарихи-өлкетану мұражайға тапсыруды жөн көрдім.

Кеңшілік ТӘҢІРБЕРГЕН.

 

  • Ауыл

 

БОЗОЙ АУЫЛЫН МАҚТАН ТҰТАМЫН!

 

Туған жерім Бозойымды мақтаудан жалыққан емеспін және әрқашан мақтай беремін. Мені құр босқа мақтанып отыр деп ойламаңыздар. Бозойдың болашағы зор болған соң, жемісті, өнімді жер болған соң жақсы сөздер айтып отырмын.

Былтыр Бозой компрессор станциясы салынып, іске  қосылды. Бозойымызды Қызылорда облысын көгілдір отынмен  қамтамасыз етуіне үлкен үлес қосқаны үшін һәм алып көгілдір отын сақтау қоймаларының бірі болғаны үшін де мақтан тұтамын. Бұл біз үшін, ел үшін үлкен жетістік. Бұдан кейін де өркендеп, Қазақ елі газбен толық қамтамасыз етіледі деп үміттенемін. Бозойда жалғыз ол ғана емес, көп жоспарлар іске асуда. Мәселен, ауылда 17-ге жуық үй салынып, жаңадан тағы 11 үйдің іргетасы қаланып жатыр. Оларға жергілікті әкімдік қолдау жасауда. Барлық үй сумен, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Компрессор станция жақтан да үйлер салуды жоспарлап отыр. Сол жоспарды іске асырса, нұр үстіне нұр болар ед. Оның үстіне Құланды, Аяққұм, оңтүстік елді мекендерінен халық ағылып көшіп келуде.  Ауыл азық-түлік пен киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Бозой ауылдық дуанының әкімі Жарылқасын Шамбалаев жағдайы жоқ отбасыларға үнемі қарасып отырады. Ауыл әкімі бастап Аманғали ахун атындағы орталық мешітімізге жөндеу жүргізді. Жөндеу жұмыстарына қаражатпен көмек көрсеткен Бозой  ауылының тұрғындарына өз атымнан алғыс айтам. Аудан орталығынан 900 шақырым қашықтықта орналассақ та, елді мекеніміз қарыштап дамуда. 80-інші жылдардағыдай болмаса да, Құдайға шүкірміз! 90-жылдары жойыла бастаған ауылым 2000-жылдары қайтадан еңсесін көтеріп, бүгінде адам қызыққандай ауыл болып отыр. Осы бағытынан ешқашан таймаса игі.

Бойтұмарым — Бозойымды мақтан тұтам!

Жандос МЕЙІРМАНОВ.

Ақтөбе автожол колледжінің

№1-топтың 2-курс оқушысы.

 

  • Өнер

 

ҚАЗАНҒАП МҰРАСЫ ӨШПЕЙДІ

 

Күйші Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы балалар өнер мектебінің ашылғанына биыл 10 жыл. Бұл мереке айрықша мәнді оқиғаға ұласқалы тұр. Жерлесіміз, дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 160 жыл толуына байланысты мектебімізде үлкен шара өткізілмек.  

Қазанғап Тілепбергенұлы 1854-1921 жылдары  Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында туып-өскен қазақтың халық күйшісі. 40-тан астам күйі бар. Күйшілік мектебі де өзіндік стилімен дараланады. Қолдың қағыстарында «сиқырлы», «жаппай қағыс», «кезек қағыс», «шертпе қағыс», «шұбыртпа қағыс», «нүктелі қағыс» енгізу арқылы өз мектебін қалыптастырды.

Бұған дейін Қазанғап Тілепбергенұлының атын иеленіп отырған балалар өнер мектебінде күйшіге арналған көптеген істер атқарылды. Қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда шәкірттеріміз талай жүлдеге ие болды. Биыл мектебіміз екі тойды қазан айында атап өтпек.

Г. ЕСТЕКОВА,

мектеп кітапханасының меңгерушісі.

 

Зерде

 

ЕРЛІК ЕСКІРМЕЙДІ

немесе ана сағынышы

 

Ауған соғысы туралы сөз бола қалса, күні бүгінге дейін талай жүректер сыздайтыны анық. Сондай жандардың бірі Хромтау қаласы іргесіндегі Дөң селосының тұрғыны Сәпен ана. Оның ұлы Серікбай Қойбағаров 1983 жылдың мамыр айында шетелдегі қарулы қақтығыс кезінде ерлікпен қаза тапты.

Бір атап өтерлігі, Серікбаймен бірге қаза болған ресейлік үш жауынгерге дер кезінде Кеңес Одағының Батыры, ал қалған он үшіне кейінірек Ресей Батыры атақтары берілді. Бұл мәселе бізде де қозғалып келеді. Оған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының үйлестіру кеңесінің төрағасы, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев ұйытқы болуда.

Иә, ерлік ұмытылмайды. Былтыр «Ақтөбе облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасыновтың құрастыруымен «Ауғанстан. Жауынгер-интернационалист ерлігі» кітабы баспадан шықты. Бұл қомақты еңбек ерекше тапсырманы орындау жолында ерлікпен қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевқа арналған. Жинаққа батыр жерлесіміз туралы жазылған мақалалар, естеліктер, түрлі құжаттар жинақталған. Ауған елінде онымен бірге қаза болған майдандастары туралы жазылған мақалалар мен олардың суреттері де осында.

Ақиқатына келсек, интернационалист-жауынгер туралы сан рет жазылды, айтылып та жүр. 2007 жылы журналист Әлімбай Ізбай «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», «Ел» газеттерінде «Серікбай Тұрлыбаевтың соңғы соғысы», «Последний бой Серикбая Турлыбаева», «Жоқтаушысыз кеткен қазақ солдаты» деген тақырыптармен мақалалар жариялады. Кітапта осы мақалалардың көшірмесі берілген.

Хромтаулық ардагер журналист Анатолий Казачок жазған мақалалар аудандық басылымнан бастап республикалық «Казахстанская правда» газетіне дейін жарық көрді.

Өзі де интернационалист-жауынгер, сол соғыс зардабынан былтыр ғана дүниеден өткен абзал азамат Ғани Жолмағамбетов те соңғы сәтіне дейін қарулас жолдасының батыр атағына лайық екенін айналаға жар салумен жүрді.

Бұл күндері Дөң селолық округінің әкімі болып қызмет атқаратын Дәурен Тұрлыбаев аяулы ағасының асыл бейнесін әр кез ұмытпай, ол туралы жазылған естеліктерді көзінің қарашығындай сақтап жүр.

Серікбай Тұрлыбаев әскер қатарына дейін еңбек еткен Дөң тау-кен байыту комбинатының орталық шеберханасында мемориалдық тақта орнатылды. Ол оқыған мектепте мұражай ұйымдастырылды. Бұл жерлерде батыр ұлды еске алу шаралары ұдайы өтіп тұрады. Жақында ғана хромтаулықтар «Ауғанстан. Жауынгер-интернационалист ерлігі» кітабын қолға алып, ерлікке тағы бір рет тағзым рәсімін жасады. 

…Осы ақпан айында Кеңес әскерлері ауған жерінен елге оралды. Бұл 1989 жылы болатын. Содан бері жыл сайын осы кезеңде атаулы күнге ерекше көңіл бөлініп жатады. Ал Сәпен ананың жүрегіндегі жара әлі де жазылар емес.

Ол бұдан отыз бір жыл бұрын жиырма жасқа да жетпей жат елде қаруын асынып қаза тапқан ұлын бүгін де аңсайды…

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

ӘДІЛ БАҒА

Адам бойындағы асқақ арман да, өмірге деген құлшыныс та жастық шақтан, бала кезден басталады. Айнала, қоршаған орта — сол ұмтылысты демеуші. Ол орта — әсіресе, өз жанұяң және достарың. Саған — сыншы, баға беруші де — солар. Баланың берер бағасы әділ, дұрыс баға, өйткені балалық дәурен кір шалмаған, өтірік айтуды, арбауды білмейтін кез, қандай сөз де таза сезіммен айтылады.

Біз бірге оқыдық. Он жыл мектеп партасында бірге отырдық. Алтыншы класта оқып жүргенде менің кластасым Төлепберген айтатын: «Біздің класта бір қыз бар, маңдайында жұлдыз бар», — деп. Мен қазір: «бұл — бұдан 48 жыл бұрын сол қызға берілген риясыз баға екен» деп ойлаймын.

Екеуміз дос болдық. Бізді табыстырған — мектептің қоғамдық жұмысы. Класс жиналысын өзіміз өткіземіз. Класс тып-тыныш, бәрі бізді ұйып тыңдайды. Ең бұзық оқушы деген Серіктің өзі ойлы күйде отыратын. Біздің достығымызға баға берген осы Серік еді, олай дейтінім, осы күнге дейін сақталған сурет менің архивімде жүр. Жүректің суреті. Ортасында қылыш. Қос жүрекке атымызды жазған. Бұл суретті алпысыншы жылдары фото қылып шығарудың өзіндік қиындығы болатын,  фотомен тек бірен-саран оқушылар айналысса, солардың бірі – Жолғұттыға шығартып алып, бізге берді. Біздің достығымызға берілген балалық әділ баға. Күні бүгінге дейін дос қалпындамыз. Мектеп өмірінде терең білімімен, ақылдылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ән салудағы даусымен ерекшеленген құрбымыз барлық ұстаздардың, барлық оқушының мақтанышы, «70-жылдардағы оқушылардың эталоны» болды десем, артық айттым деп ойламаймын. 

Менің құрбым үлкен дарын иесі болатын. Мектепте жүріп-ақ класс жетекшісінің жұмысын шыр айналдыратын. Пионер, комсомол ұйымының алдыңғы қатардағы жетекшісі болды. 1971 жылы мектеп бітіріп, оқуға баруға асықпай, өзі оқыған мектепте «пионервожатый» (қазір тәлімгер) болып жұмысқа қалды. Мектеп директоры Қ.Арызов ойланбастан жұмысқа алды. Білікті басшы қателеспеді, бір жыл ғана жұмыс істеп, Алматыда өткен республикалық вожатыйлар слетіне делегат болып, Ақтөбе облысынан сайланып, кешегі оқушы өз жұмыс тәжірибесін республика деңгейінде көрсетті. Слет күндерінен берген сұхбаты «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды.

Мұғалімдік жұмыстың қыр-сырынан хабары бар, өз біліміне сенімді ол келесі жылы Алматыға Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Қарапайым, көпбалалы жанұяда тәрбиеленген сегіз баланың бірі еді. Ол кезде топ жарып, Алматыға өз бетімен келіп, оқуға түсу — ауыл баласының кез келгенінің қолы жете бермейтін табыс еді.

Мен де сол жылдары Алматыда оқып, студенттік күндеріміз де бірге өтті. Белгілі ақын, менің студенттік кездегі Қымбат досымның кластасы, кейін менің де досым болып кеткен, қазіргі кезде белгілі ақын Байбота ол туралы кейінгі жылдары айтатын: «Сенің досың жетпісінші жылдары аты-жөнін атаудың өзіне қатаң тыйым салынған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқуға талпынған. Өлең авторының аты-жөнін атамай, Мағжан өлеңдерін оқыған лектордың сөзінің үзінділерін қағаз бетіне түсіріп отырған. Сенің досыңның сол кезде-ақ үміті отты еді», — деп бағалайды. Бар болғаны 2 курс студентіне ақын Байбота Серікбаевтың  берген бағасы — студенттік кезден жеткен белгі.

Еңбек жолын Қарабұтақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруден бастаған, қазақ әдебиетін  мектепте оқытудың әртүрлі мәселелерін шешу жолын ұсынған әдістемелері кейін жұмысын Алматы қаласында жалғастырған жылдары да белгілі журнал «Қазақстан мектебінде» жарық көрді. Оқушыларға арналған әдеби-танымдық еңбектері де кітап болып шықты.

Тума таланттар — суретші, әнші, күйші, ақындар – тумысынан, жаратылысынан ерекше дарын иелері болып қалыптасатыны белгілі. Сондай өнер иелері сияқты ұстаздық та адам бойына бітетін ерекше тума қасиет болатындығын өзімнің ұстаздық өмір тәжірибемде көріп жүрмін. Сахна бұлбұлы Күләш Байсейітова опералық білімі болмай-ақ, «Қыз Жібек» операсында көркем бейне жасап, кәсіптік деңгейі әлемді аузына қаратты емес пе?! Табиғатынан ұстаз болу үшін жаратылған жандар да өздерінің туабітті дарынымен теориялық білімін әдістемелік деңгейде шебер қолданады. Жеке ұстаздың болмысындағы табиғи дарынынан туған  әдіс-тәсілдерін қазіргі заманда «педагогикалық технология» деп жүр. Шын мәнінде, сол педагогикалық технологиялар өз ісіне шексіз берілген талантты ұстаздардың іс-тәжірибесінде қолданатын, ешкімге ұқсамайтын өзіндік әдіс-тәсілдері, табиғи дарынының көрінісі.

Менің досым да тал бойындағы осындай тамаша қасиеттерінің арқасында өз еңбегінің жемісін көріп, кәсіби шеберліктің биігіне шыққан еді. Мен досымның қазіргі қалыбы сонау бала кезден құйылғанының, іргетасы сол кезде қаланғанының куәсі болғаныма қуанамын.

Менің досым — бауырларының, қайын жұртының, өзінің «кішкене Отаны» — отбасының берекесі, ұйытқысы болып, алысты-жақынды, үлкенді-кішілі бар жақындарына, достарына, тіпті таныстарына кішкентай жүрегінің шуағын бөліп беретін жан екендігіне қуанамын. Ел сыйлайтын белгілі ақынның жары болғанына қуанамын. Өмірден өз орындарын тауып, кірпіш  болып қалана білген алтын асықтай бес балаларының барына, олардың мені «апа» деп құрметтейтініне  қуанамын.

Кейде мен ақынның қоғам қайраткері болып өрлеуіне, өсуіне оның жарының, яғни менің досымның жан дүниесін толтырарлықтай жар бола білгендігі де себеп шығар деп ойлаймын. Ал ақынның Алматыға, өзінің әдеби ортасына, мәдени ортасына оралуының бірден-бір себепкер — менің  досым болатын.

Кейде мені: «Осындай адамдар қоғамға бойындағы бар нәрін бере алмай, бар талантын, білімін көрсете алмай, лаулап жанатын кездерінде көлеңкеде қалып қоймас па екен?» — деген ой тербейді.  «Әйел үшін басты бақыт — жарының, балаларының бабын жасап, барын ұқсатып, демеу бола білу — адам тіршілігінің мәні емес пе?» деп екінші бір ойым жалғасады. Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым — өзіме жанымен жақын, бала күнгі кішкене досымның қазіргі тұлғасындағы адами, рухани болмысының кейбір жақтарын достық тұрғыда көрсету ғана.

Сол досым алпысқа келді. Біздер де алпысқа таяныппыз. Бала кездегі маңдайыңдағы жұлдызың жарқырай берсін, ешқашан сөнбесін, тіршілігің баянды, ғұмырлы бол, досым!

 

Лиза ҚОРҒАНБЕКОВА,

ұстаз.

Ақтөбе қаласы

Студент

 

АУЫЛ МАҚТАНЫШЫ

 

Қытай Халық Республикасының Мұнай-газ университетінде грант негізінде білім алып жатқан Санат Абылай ауылымыздың мақтанышы.

Қазір ол екінші курста оқиды. Санат Мұғалжар орта мектебін үздік аяқтап, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» мекемесі арқылы аталған оқу орнына түскен болатын.  Қазір ол үздік студенттердің қатарында. Оқу орнындағы түрлі іс-шараларға белсене араласады. Жуырда университет ішіндегі іріктеуде 900 студенттің арасында үздік 20 студенттің қатарына еніпті.  Өткен жылы университет ішінде ұйымдастырылған үстел теннисі жарысында күміс жүлдегер атаныпты. Оқу орнының алпыс жылдығына орай өткізілген  шарада «Үздік белсенді студент» номинациясын жеңіп алған.  Санат сияқты білімге құштар жастар біздің оқушыларға үлгі болады.

 

Н.КАРАБАЛИНА,

Мұғалжар селолық кітапханасының меңгерушісі.

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Редакцияга салем.!

    Осы замандагы казах жастарына заманга сай ИТ (инфо технология) мамандарын окыту, дайындау жайында газет аркылы жеткiзуге кажет материалдар бере аламыз. Сурактар болса жауап кенес беруге дайынбыз.

    «ПРОГРАММИСТ» ОК директоры Б.Жуасулы. тел. 568404 8-7051306627

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button