Құқық

Бақылаудың бағыты

Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері күні-түні тынбайтын мамандар қатарының алдыңғы легінде жүргелі қашан. Ұстанымдары – тиімді жұмыс жасаудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, заң бұзушылықтардың алдын алу мен салдарын жоюға бағытталған. Және өздеріне қатысты барлық сауалдарға жауап беруге дайын.

Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бастығы Батырхан Дабыл екеу ара әңгімеде осы мәселерді алға тартты. Алдымен автокөлік саласын бақылау бойынша пікірін білдірген басшы ағынан жарылды.

– Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 1872 шақырым, жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы – 4453,7 шақырым. Оның үстіне, облыс аумағы арқылы Батыс Еуропаны Орта Азиямен және Қытаймен байланыстыратын негізгі көліктік-логистикалық дәліздердің бірі де біз арқылы өтеді. Аталған дәліздің бойында Ресей Федерациясымен шекарадағы «Жайсаң» бірыңғай бақылау-өткізу пункті және Самара-Шымкент автожолының 965-шақырымында «Қарабұтақ» көліктік бақылау бекеті орналасқан.

Осы жылдың алғашқы жартысында «Жайсаң» арқылы 3683 автокөлік құралы өткен болса, «Қарабұтақтың» үстімен 2204-і өтті.

Әдетте, шекарадағы бірыңғай бақылау-өткізу пункті арқылы Беларусь, Германия, Латвия, Литва, Польша, Словакия, Словения, Түркия, Украина, Финляндия, Хорватия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің әр түрлі жүк тасымалдайтын автокөлік құралдары өтеді. Демек, осындай ауыр жүк тасымалдаушылардың автокөлік жолдары желісінің сақталуын қамтамасыз етуді комитеттік және көліктік бақылау инспекциясы мақсат пен міндет етіп алуы – заңдылық.

– Теміржолдағы қауіпсіздік те жиі айтылатын мәселе емес пе?

– Облыс көлемінде теміржол көлігі саласында пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бергі алты айда 51 шаруашылық субъектісінің қызметін тексерді. Оның ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының 29 құрылымдық бөлімше кәсіпорындары және 22 заңды тұлға тексерілді. Соңғыларының қатарында кірме жол иелері де бар.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде теміржол көлігі қызметін реттейтін заңнама мен нормативтік-құқықтық актілерді бұзудың 2504 дерегі анықталып, кінәлілерге байланысты 58 акт толтырылды және заң бұзушылықтарды жоюға байланысты 46 нұсқама берілді.

– Әдетте, тексеруші органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше мән беретіндігін білеміз. Сіз басқаратын инспекцияда бұл жұмыс қандай деңгейде?

– Көлікті бақылау комитеті төрағасының 2006 жылғы 23 маусымдағы «Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту шаралары туралы» бұйрығына сәйкес, басқарма тарапынан бұл мақсаттағы іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған орай авто және теміржол вокзалдарында, инспекция мен көліктік  бақылау бекеттері ғимараттарында, жолаушылар пойыздарында инспекцияның сенім телефондары орнатылған.

– Соңғы уақыттары Көлік және коммуникация министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан көліктік бақылау органдарын қайта құрулар туралы айтсаңыз.

– Қазірде жұмыстың тиімділігін арттыру, қаражатты үнемдеу, қызметтің жеделдігі мен ашықтығын күшейту мақсатында біздің комитет тарапынан құрылымдарды өзгертулердің жүріп жатқандығы рас. Яғни қолданыстағы 16 аумақты инспекцияны біріктіру жолымен жеті өңіраралық инспекция қайта құрылды.

Негізгі ұстаным – олардың аумақтық орналасуы. Атап айтқанда, батыс аймақ – Орал және Ақтөбе облыстарындағы құрылымдары «Батыс» өңіраралық инспекциясы болып біріктірілді. Орталығы – Ақтөбе қаласы. Сонымен қатар көрсетілген облыстардың әрқайсысында аумақтық бөлімшелері орналасады. Құрылымды бұлайша өзгертудің мәні әкімшілік шығындарды қысқарту мен басқарушы буын санын азайту болып отыр.

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Бүгінде билетті кассадан емес, жүргінші халық екі есе құнына қолдан сатып алып отыр. Балаларымызды Астанаға оқуға апарып, тіркетіп алып қайту үшін билетке зар болғандар бір-бірімізден сұрастырып, баруға, одан Астанадан кері қайтуға билетті қолдан алдық. Мына түрімізбен алдыңғы елдің қатарына қосылу қиын болар. Бізден басқалары өз автокөліктерімен барып қайтуға мәжбүр болған. Олардың жол азабы бізден он есе жоғарыға түскен. Тек біздің Ақтөбе – Қостанай трассасының бойында МАИ қызметкерлері 7 рет тоқтатып, ешбір заңға үйлеспейтін сылтауларды айтып тоқтатқан. Мәселен 60 шақырым жылдамдық көрсетілген белгіге қатысты 60-пен келе жатқан көлікке 40-деп, дау арты кейін қайтып көрсеткіш белгіні көрсетсе, аптечка, тегермешің желінген дегендерді айтып жол байлау болып, ақыры құлқындарына қажет пұларына көндірген екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button