«Ақтөбе»-90

Әріптестер айтқан еді…

«Ақтөбе» газетінің 90 жылдығы қарсаңында құтты шаңырақта бірге қызмет атқарған азаматтардан жеткен әзіл әңгімелерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Жалғанның көшіне ілескендер рухы риза болсын, арамызда жүргендері өткен шақты еске алсын деген ниетпен…

 

…Жаяу жүріп, арқалайық та…

 

Әбдіқани Аймағамбетов ағамызбен жақсы сыйласып-араластық. Жарықтық көпшіл, патша көңілді адам еді.

Екеуміз жаздың бір күнінде Шалқар ауданының «Сарыбұлақ» кеңшарына бара қалдық. Аптап ыстық, кеңседе басшылардан ешкім жоқ. Абырой болғанда бас экономист Жақсылық Амантаев орнында екен. Амандық-саулық сұрастық. Жеке автокөлік қай ауылда да некен-саяқ. Жәкең еңбек демалысында Ресей жағынан «Москвич» сатып әкелген екен. Соны айтты. Әбекең дереу 8-март (қазіргі Есет Көтібарұлы) ауылына апарып қайтуды өтінді. Құм жолы оңай емес әрі жақында ғана алған көлік. Ағамыздың көңілін қимай Жәкең жолға шықты. Өзі де көлік тұтқасына отырғанына көп болмаған сияқты, әр-әр жерде машина астын соғып алады. Дүние шіркін тәтті, ондай сәтте жүргізушіміз қабағын шытыңқырап, тосаңдау дыбыс шығарып қояды. Сонда Әбекеңнің айтқаны:
— Айналайын Жақсылық-ау, ыңырси бердің ғой. Бүйткенше, үшеуміз түсе қалып, машинаны жаяу жүріп арқалайық та.

Шөпіріміз бұрынғыдай емес, басылып қалды.

 

Іші жарылып өледі ғой

 

Әбекең айтады:

— Алматыға «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында меншікті тілшілер жиналысына бардым. Редакциядағы Дәрібай Әлисұлтанов үйіне шайға шақырды. Менен бұрын Қызылорданың Арал қаласынан автобаза директоры, әйгілі Оразғали Ерекешов келіп отыр екен. Үшеуміз шайдан кейін преферанс ойынына кірістік. Дәрібайдың екі сәбиі ойнап жүр еді, Орекең оларды шақырып алды да:

— Айналайындар, кәмпит алып, жей қойыңдар, — деп, әрқайсысына 25 сомнан бір-бір қағаз ұстатты.

Жиырма бес сом — Кеңес Одағы кезінде айтарлықтай көп ақша. Шыдай алмай:

— Аға, бұның бәріне кәмпит алып жесе, іші жарылып өледі ғой, — дегенім.

Ерекең де, Дәрібай да күліп жіберді.

 

Сәлем айт Соленыйдың сәбетіне…

 

Әбекең іссапармен Шалқар ауданының Соленый селосына барады. Қазіргі Қайдауыл ауылы ол кезде осылай аталатын. Селолық кеңес атқару комитетінің кеңсесінде төраға Елеусіз Көкеновпен аз-кем әңгімелесіп отырады. Түскі астың уақыты таяп қалса керек, Елекең қағазын жинастырып, кабинеттен шығуға ыңғайланады. Сонда Әбекең:

— Сәлем айт Соленыйдың сәбетіне,

Бізді де ала кетсін әбетіне, —

дейді.

Құрдастығын алға салып, жорта үндемей тұрған Елекең бүй депті:

— Сәбеттің үйінен әбет ішу,

Әбеке, айналмасын әдетіңе, — депті.

Бірін-бірі патшадай сыйлаған екі азамат та бақилық болғалы біраз жыл өтті.

 

Қазанға түскен етті қайтып алмайды ғой

 

Шалқар ауданында «Айшуақ» кеңшары парткомының хатшысы Әлібек Мұңайтбасовтың үйінде түстеніп отырмыз. Қожайын, Әбекең, мен – үшеуміз преферанс ойнадық, нәтижесінде Әлекең екеуміз ұтылдық. Ақша беру оңай ма, ырымын жасамаппыз. Бір мезет үй қожасы — ағамыз басқа бөлмеге шығып кеткенде, Әбекең мені түртіп, былай деді:

— Қазір кірген сәтінде: «Әлеке, қонақтан ұят болар, екеуміз борышымыздан құтылайық» де. Шыққасын сенің ақшаңды қайтарып беремін.

Солай болды да. Екінші партияға кірісе алмадық. Ет пісіп тұр екен. Ауқаттанып үшеуміз кеңсеге бет алдық. Жолшыбай партком хатшысына естіртпей мен:

— Әбеке-ау, уәде қайда? Манағы ақшамды қайтармайсың ба? — дедім.

Ағам әдетінше ырқ-ырқ күліп:

— Сен не, білмейсің бе? Қазанға түскен етті қайтып алмайды ғой, — дегені.

Жауап қайтарудың реті жоқ еді.

 

…Үйдің төбесіне шығып отырайын ба?

 

Ертай, Әлімбай, Бердібай жұмыстан шығып, көшеде келе жатады. Алдарынан Әбекең кездеседі. Інілері ақ көңілімен сәлем береді ғой. Арасында біреуі:

— Әбеке-аға, көптен көрінбейсіз ғой? — депті.

Сонда Әбекең айтыпты:

— Не, сендер көреді деп, үйдің төбесіне шығып отырайын ба?

Жігіттер үнсіз күле беріпті.

 

…Бастықтар отырғанда сөйлемейміз

 

Ақтөбеге Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова келіп, «Азия» қонақүйінде кездесу өткізеді. Төрде ақынның екі жағында — облыс әкімдігінен жауапты қызметкерлер, облыстық газеттер редакторлары. Қонақты таныстырған кіріспе сөзден кейін залдан ешқандай сұрақ қойылмаса керек.

— Ау, неге үндемей отырсыздар? — десе керек өр мінезді апамыз.

Сонда залда отырған Әлімбай Ізбай былай депті:

— Апай, сіз білмейтін шығарсыз. Бізде әкім отырғанда әкімшіліктегілер, бастықтар отырғанда залдағылар үндемей қалады…

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button