Амангелді АЙТАЛЫ, профессор, философия ғылымдарының докторы Ұлт деген ұлы ынтымақтастық
(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен сандарында).
Ұлттың ұлылығы оның жан-дүниесінен, сана-сезімінен, мәдениетінен аңғарылады.
Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш — ұлттық сана-сезім (ұлттық абырой, шат көңіл күй мен ортақ қайғы-қасірет). Тілдің, діннің, географиялық ортаның, ең бастысы, саяси тағдыр мен тарихтың бірлігі ортақ мінез-құлық қалыптастырады. Зерттеушілердің ой-түйініне қарағанда, Мәскеуде тұратын ассириялықтардың ұлттық мәдени мұрасының ұзақ сақталуының басты себебі — тіл емес, ұлттың бай тарихы, жады, сана-сезімі. Олар үш-төрт мың жыл бұрынғы Ассирия патшалығын бүгінгідей көз алдына елестетеді. Ассириялықтардың 84 пайызы арғы бабаларының атамекенін дәл көрсеткен.
Неміс ғалымы Отто Бауэр өзінің «Ұлт мәселесі және социал-демократия» атты еңбегінде: «Ұлт дегеніміз — ортақ тағдыр, генетикалық және мәдени мұра негізінде қалыптасқан мінездің ортақтығы», — дейді. Ұлттық ерекшеліктің, даралықтың сақталуы, О.Бауэрдің айтуынша, дүниені бірден-бір қайталанбас өзінше қабылдайтын ұлттық апперцепция (түйсік) механизміне байланысты. Мемлекеттегі болып жатқан саяси өзгерістерді де ол ұлттық мінездің қасиеттерімен түсіндірген. Мысалы, Франция конституциясының тез өзгеріп отыруы француздардың жаңалыққа құштарлығынан деп тану керек.
Ұлттың сана-сезімі, ішкі дүниесі, дүниетанымы таңғажайып бір-бірімен үйлесіп жатқан ерекшеліктерге толы. Мысалы, жапондықтарды алайық.
Жапон ұлттық педагогикасында «майго» дейтін бала тәрбиелеудің, әсіресе, патриотизмге баулудың әдісі-тәсілі қалыптасқан. Баланың аты бала, қай ұлттың болсын сәбиі, жасөспірім балалары мұғалімдердің, әке-шешелерінің айтқанын мүлтіксіз орындай бермейді. «Майго» деп бес жасқа дейінгі баланы әдейі супермаркет болсын, басқа адамның көп жиналған жерінде әдейі ұмытып, тастап кетуді айтады. «Ұмытылған» балаларды жинайтын полиция пункттерінде әдейі бөлмелер де бар, оларды тамақтандырады, ойнатады, ұйықтатады. Әке-шешелері телефон арқылы балаларының полицей учаскесінде екенін біліп, жағдайын сұрап тұрады. Күндер өткен сайын балалар ата-анасын сағына бастайды, күтеді, тіпті мазасызданады, зарығады, шаршатып барып әке-шешелері де келеді. Ата-аналары: «Сен енді түсінуің керек, сен — бізсіз, туған-туысқандарыңсыз, мектебіңсіз дәрменсіз бейшарасың, өскенде жұмыс істейтін ұжымсыз, Жапония елісіз әлсіз, қайратсыз боласың. Сондықтан, ата-анаңды сыйлау — туған еліңді сыйлау» — деп санасына сіңіре береді. «Жапондықтар кім?» — деген сауалға олар: «Жапон ұлты — еншісі бөлінбеген тұтас акционерлік компания», — дейді. Басқа халықтар тентек баланы ұрсып, ұрып-соқса, жапондықтар басқа жолмен тәрбиелейді. Олар жұмыс орнын да өмірде бір рет қана таңдап, ауыстырмайды. Егер жапондық қызметші: «Мен әйелімнен немесе күйеуімнен ажырастым» — десе, оған ешкім таңғалмайды. Ал егер: «Мен мына жұмыстан кетемін…» — десе, оған сатқын ретінде қарайды. Өмір бойы бір жерде жұмыс жасау, бар білімі мен тәжірибесін, күш-қайратын сол компанияға жұмсау жеке адамға да, компанияға да тиімді. Жеке адам мемлекеттен де, компаниядан да зейнетақы алады. Ал компания жұмыс істеушілердің тұрақтылығынан көп пайда табады, қызметкерлерді жұмысқа үйретуге қаржы көп жұмсамайды, себебі жаңа қызметкерді қабылдамайды, тұрақты, тәжірибелі мамандар еңбек өнімділігін арттырады.
Жапондықтардың ұстамдылығының тағы бір көрінісі — әйелдің сабырлылығынан байқалады. Жапондық еркектер де пенде, ішімдік ішеді, зинақорлыққа барады. Оларда «үшеу болып келу» деген сөз бар. Ол дегеніңіз — удай мас еркекті екі жезөкше әйел екі жағынан сүйеп, үйіне әкеліп, әйеліне тапсыру. Сонда ана екі жезөкшеге әйелі не деу керек? Әр ұлттың әйелдері күйеуінің қылығын әртүрлі қабылдар, бірақ жапон әйелі екі жезөкшеге: «Рахмет» — дейді. Біріншіден, күйеуін мас күйінде далаға тастамай, үйіне әкелгені үшін, екіншіден, өзін-өзі сыйлайтын әйел жезөкшелердің деңгейіне дейін төмендемей, у-шу шығармай, қандай болса да күйеуін сыйлайтындығын, өзінің де намысының жоғарылығын көрсетеді. Осылай күйеуін үйге кіргізіп алады. Аржағы бізге белгісіз. Ең бастысы жеңіл мінезді әйелдер алдында абырой төгілген жоқ.
Жапония қонақтарын таңғалдыратын тағы да бір жағдай бар. Егер әкесі, анасы қайтыс болса, жапондық оны сізге жымиып күле отырып хабарлайды. Әрине, басыңа: «Ата-анасының өлімін күліп хабарлайтын бұл қандай қатыгез халық» — деген ой бірден келері хақ. Мәселе жапондық мәдениетте екен. «Әке-шешемнің марқұм болуы — жеке менің қайғым, сондықтан өз қайғыммен басқаның көңілін түсірмеймін» — деп, іші жылап тұрса да, сізді сыйлағандықтан жымияды екен.
Кейінгі заманда еврейлер туралы талай еңбектер жазылды. Философ Жан-Поль Сартрдың айтуынша, Израиль ұрпақтарының басын біріктіретін өткен тарих та, дін де, ортақ атамекен де емес. Бірақ оларды еврейлер десе, солай деуге басқа себеп бар: еврейлерді басқалардан бөліп, еврейлер деп қабылдайтын қоғамда өмір сүргендіктен. «Еврей – это тот человек, которого другие люди считают евреем, — вот простая истина», — дейді автор. Еврей психологиясы антисемизмнен, еврейді жек көруден туады. Еврейлер — талантты халық. Ұлтаралық бәсекелестікте шыңдалған халық. Мынадай бір сөз тараған: «Нельзя говорить, что всякий еврей гениален, но зато в каждом гении есть что-то еврейское».
Көрнекті кеңес ақыны Борис Слуцкийдің «Еврейлер туралы» өлеңінен үзінділер келтірейін.
Евреи хлеба не сеют,
Евреи в лавках торгуют,
Евреи раньше лысеют,
Евреи больше воруют—
деп тараған жалған пікірді айта келіп,
Не торговавши ни разу,
Не воровавши ни разу,
Ношу в себе, как заразу,
Проклятую эту расу,—
деп қынжылады ақын.
Ешкімді де ұлтына байланысты ренжітпейік, өзгені де өзіміздей сыйлайық. Бұл — ұлттың ұлылығының белгісі.
Санына қарамастан әр ұлттың психологиясында өзін-өзі сақтау түйсігі терең ұялаған. Ол түйсіктен айырылған ұлт, ұлт болудан қалады. Әсіресе, ұлттық тілін, мәдениетін сақтаудың орны бөлек. Сөз жоқ, халықтың барлық рухани байлығы тілі арқылы көрінеді. Декабрист В.К.Кюхельбекер айтқандай, ұлтты рухани негіздегі қауымдастық деп қарастырсақ, біз тілді оның ділі деп айтар едік, сондықтан да тіл тарихпен байланысты болғанымен, тілдің тарихи мәні саяси өзгерістерден салмақтырақ. Осыдан келіп, декабристер: «Орыс балаларын шетел, әсіресе, француз тәрбиешілерінің қолына беруге тыйым салынсын, орыс тілі, орыс халқының намысы шлагбаум, ордонанс-гауз, обергофмаршал сияқты сөздермен қорланбасын» — деп талап қойды.
Ұлттық психология қалыптасуы қандай себептерге байланысты? Ол туысынан берілмейтіні белгілі. Оның әлеуметтік негіздері мыналар:
Атамекенінде өмір сүру.
– Атамекенінде тұратын қазақ пен шетелдерде тұратын қазақтың психологиясы әртүрлі;
– Ата-аналары әртүрлі ұлттан болса ұлттық психологияның деңгейі, мазмұны әртүрлі көрінеді. Қазақстанда әкесі қазақ, анасы орыс баланың жан-дүниесі негізінен қазаққа жақынырақ болады, әкесінің фамилиясын алатыны анық.
– Отбасында сөйлейтін тілдің ықпалы зор;
– Қай мәдениетке бейімділігіне байланысты үш ұстаным бар: ұлттық мәдениетті ғана мойындау, өз мәдениетімен қатар басқа мәдениетті де сыйлау және тек өзге мәдениетке бейімделу;
– Ұлттық немесе орыс мектебіне оқуына байланысты;
– Халқының тарихын білуі, ұлт тарихын білмейтін адам, тастанды бала сияқты, тегін білмейді, қазақ оларды мәңгүрттер десе, орыстар «Иваны, не помнящие родства» деп бағалайды;
– Ұлтының дінін, дәстүрін меңгеруі;
– Өз отбасының тарихын білуі.
Ұлттың тілдік, мәдени ортасы болмай, ұлт психологиясы қалыптаспайтыны белгілі. Англияда тұрып жатқан орыс отбасының бесінші буынының өкілі былай дейді: «Тегімде бір тамшы ағылшынның қаны болмаса да, мен 100% ағылшынмын».
Ұлттық тәрбие осы нәзік жағдайларды ескеруі жөн.
Бүгінгі ұлт теориясында этностарды биологиялық қауымдастық ретінде қарастыратын ой-жүйесі барлығы белгілі. Көне заманнан бері ұлт — қасиетті генетикалық негіздегі тұқым қуалайтын қандас бауырластық деген ой тараған. Бұл — примордиализм теориясы. Ол — этникалық, ұлттық қасиеттер туа біткен, адам табиғатына тән құбылыстар деп уағыздайтын ілім.
Примодиалистік көзқарас бойынша, этностылық адам санасына ежелден тән, туысқандық топтасу, туыстық қатынастар адам дамуының бір көрінісі. Адамзаттың қайта өсіп, сан жағынан ұлғаюымен бірге этностар да сан жағынан күрделене береді, қандас, сүйектік жақындықтар кең көлемдегі туыстық қатынастарға ұласады. Этностық байланыстар адамдарды бір-біріне бауыр етеді. Уақыт өте келе өзін ұлтқа жатқызу, оны өзіне сүйеніш көрудің ішкі жан дүниесіне айналатындығын психология ілімі дәлелдеді.
Жалпы ұлттың табиғатын түсіндіруде монистік, этносты құрайтын бір ғана факторды бөліп алып қарау терең тараған. Көптеген ойшылдар, мысалы, Ш.Монтескье былай дейді: «Климаттың билігі барлық биліктен күшті».
XVIII ғасырдан бастап ұлттың табиғатын оның территориясымен, әсіресе, жер бетінің көрінісі (ландшафт), өсімдіктер (флора) және жануарлар дүниесімен (фауна) байланыстыратын көзқарастар жүйесі қалыптаса бастады. Осы тұжырымдамалардың ішінде ерекше назар аударарлығы Л.Н.Гумилевтің теориясы.
Ұлттың пайда болуы (этногенез), Л.Н.Гумилевтің айтуынша, тарихи және ландшафтылық факторлардың үйлесімді дамуының жемісі. Этнос әлеуметтік кеңістіксіз өмір сүре алмайтыны сияқты, атмосфера, гидросфера, биосферасыз да өмір сүре алмайды.
Этностардың бір-бірінен айырмашылығы олардың қоршаған табиғи-территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Әр ландшафт өз этносын өмірге әкеледі. Ал өз ландшафтысынан айырылған этнос (жер аударылғанда, көп ұлтты қалаға көшкенде, тағы басқа жағдайларда) басқа бір этносқа, жаңа қауымдастыққа айнала бастайды. Мысалы бүгінде, XIX ғасырмен салыстырғанда, біразы қалалық болған қазақ ұлты үлкен өзгерістерге ұшырады. Этностың қалыптасуын, дамуын және бірте-бірте сөніп ыдырауын Л.Гумилев бес кезеңге бөледі.
Бірінші кезең – этностың материалдық және рухани күш жинау кезеңі. Оны автор императив деп атайды.
Екінші кезең – пассеизм, ұлттың тарихи сахнаға шығуы. Оны құрайтын аталастар өздерінің ата-бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлттық мұраға үлесін қосады. Тағы да бір табыс, тағы бір жеңіс, тағы да бір ғимарат, тағы да бір әдеби, ғылыми туынды, тағы да бір шыңдалған семсер деп, ұлттық құндылықтар осылай тірнектеп жиналады. Бұл кезеңді Л.Гумилев «қуатты құлшыныс» (пассионарность) деп атайды.
Үшінші кезең – актуализм (гүлдену, сұйылу) деп анықталады. Бұл тұста адамдар өткенін ұмыта бастайды, ұлттың болашағын ойламайды, оны білгісі де келмейді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қара бастары үшін ғана ерлік жасайды. Бірте-бірте тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашылып-төгіліп, ысырап жасалады. Оны орынсыз жұмсау алдамшы молшылық, гүлдену сияқты жалған ойлар тудырады.
Төртінші кезең – футуризмге – этностың бұрынғы тарихын өткен заман деп бағаламау, ұлтсыздану, бүгінгі ұлттық мүддені тиімсіз деп қабылдамау, тек болашаққа, арманға ғана сену тән.
Бесінші кезең – ыдырау, күйзеліс кезеңі – ұлттың дағдарысқа ұшырап, жойылуымен тынады.
Бұл кезеңдер ұлттың қалыптасуының, дамуының өзара байланысты үйлесімді сатылары шамамен 1200-1500 жылға созылады. Даму барысында ұлт табиғаты күрделі өзгеріске ұшырайды, бүлдіргіш құбылыстармен қатар жасампаз процестер де жаңа этникалық қауымдастық қалыптасуға алғышарттар жасайды.
Бүгінде қазақ ұлтының бойынан қуатты құлшыныстың белгісін де, тоғышарлық психологияны да, ұлтсыздықты да байқауға болады. Сондықтан, меніңше, біз — жолайрықта тұрған ұлтпыз.
Қорыта айтқанда, ұлттың табиғатын бір ғана фактормен байланыстыру ғылыми тұрғыдан тұйыққа тірейді. Ол тұйықтан шығар жол — ұлттың табиғатының күрделілігін түсінуде. Дін, тіл, табиғат, территория, мәдениет, дәстүр, мінез-құлық, мемлекет этнос дамуының әр кезеңінде әртүрлі ықпал, әрекет жасап, түрліше қызмет атқарады. Әлеуметтік-саяси және табиғи-биологиялық факторлар бір-бірін үйлесімді толықтырып, қайталанбас, соны этникалық организмнің негізі болады.
Ұлт теориясы мен ұлт мәселелерін саралайтын әртүрлі ғылыми ағымдардың мазмұнына үңілудің танымдық та, практикалық та маңызы зор. Көптеген ілімдердің астарында этникалық нигилизм, империялық пиғыл да жатыр. Сонымен бірге, ұлттық-этникалық қауымдастық туралы теориялар ұлтаралық қатынастардың астары терең, ұстараның жүзіндей шиеленісті, өткір де нәзік, біржола шешілмейтіндігіне назар аудартады. Ұлттар араласқан ортада келісім мен бәсекелестік, сенім мен сенімсіздік қатар жүреді.
Бұл теориялар мемлекетіміз көпұлтты деген пікірді де саралаудың қажет екеніне көңіл аударады. Шындығын айтқанда, Қазақстанда бір ұлт – қазақтар мен 6 диаспора (орыстар, өзбектер, украиндықтар, ұйғырлар, татарлар мен немістер) ел халқының 96 пайызын құрайды. Халқымыз негізінен орыстанған: татар, украин, неміс, белорус, поляк, кәрістердің 49-дан 90 пайызына дейінгілердің ана тілі — орыс тілі.
Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды саралағанда біз көбіне көп тұрақтылық пен келісімді сөз етеміз. Бірақ ұлт теориясы ұлтаралық қатынастарға келісіммен бірге бәсекелестік те тән екендігін көрсетеді.
Егер бүгінгі Қазақстандағы ұлтаралық ахуалды бәсекелестік тұрғыдан саралап қарасақ, оның әртүрлі деңгейлерін көреміз.
Біріншіден, урбанизация, қалаға жаппай қоныс аудару ұлттардың арасында жұмыс, баспана, жер мәселелерінде бәсекелестікті күшейтіп, қалаларда ұлтаралық қатынастарды шиеленістірмей тұрмайды.
Екіншіден, өнеркәсіп орындарындағы қазақтар — негізінен маманданбаған қара жұмысшылар, ал менеджерлер мен жоғары білімді мамандар шетелдіктер мен басқа ұлт өкілдері. Бұл ахуал қазақ арасында Қазақстанды әлі де отарланған, тәуелді ел деген психология тудырып отыр.
Үшіншіден, бәсекелестік саяси салада, мемлекет басқару саласында да күшті. Байлық пен билікке ұмтылмайтын ұлт жоқ. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі қазақтар болғандықтан, диаспора өкілдерінің психологиясында қазақ үстемдігі деген ой туады. Ал билік негізінен орыс тілінде қызмет атқарғандықтан, тілдер оппозициясы да шиелінісе түседі.
Төртіншіден, сырттан қоныс аударушылар (оралмандар, басқалар) бәсекелестікті күшейтіп, мигрантофобия — қоныс аударушыларды жатсыну психологиясын өсіруде.
Бесіншіден, біз қаншама елімізде халықтар достығы, тұрақтылық орнықты десек те, ішкі бәсекелестік диаспоралардың этникалық сана-сезіміне әсер етіп, диаспорлар өз діні, тілі, ортақ мәдениеті пен дәстүрі негізінде топтасып, бастарын біріктіруде, ал ол оқшаулануға әкеледі. Олардың ресми ортада, жиындарда, Қазақстан Халқы Ассамблеясы сессияларында айтылып жүрген сөздері, ұрандары мен отбасында, өз арасындағы айтылатын әңгімелері үйлесе бермейді. Олар негізінен екі әлемде өмір сүреді: ойы-ниетімен тарихи отанында, ал кәсібі мен еңбегі Қазақстанда. Олар түбінде қоныс аударады, болмаса, бірте-бірте ең алдымен тарихи отаны жоқтар ұлтсызданады, үшінші жол жоқ. Ол біздің ұлттық саясатымыздың қуатына да байланысты.
Ұлт деген ұлы ынтымақтастық деуіміздің себебі, бұл өмірде мемлекеттің де, оның саясатының кейбір тұстарын да сынауға, тіпті мемлекетін жек көруге де болар, бірақ ұлтыңды жек көре алмайсың: ол әрқайсысымыз үшін ұлы, киелі қасиет!
(Жалғасы бар).



