Құқық

Әділдік соттан күтіледі

Соңғы жылдары төрағалары тұрақтамай, қызметтерінен жайсыз кеткен облыстық соттың төңірегінде түрлі қауесеттер тарады. Жақында облыстық соттың жаңа төрағасы Бектас Бекназаров биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері арасында баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл жаңа төрағаның біздің облыстағы қызметке кіріскеніне 3 ай толуымен де сәйкес келді.

Сот төрағасының алты айлық есебіне Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының міндетін атқарушы Ақылтай Қасымов, Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы Ирак Елекеев қатысып, республикадағы сот саласы қызметіне қысқаша шолу жасап, Ақтөбе облысындағы жағдайларға байланысты журналистер сұрақтарына жауап берді.

Облыста сот саласына қатысты азаматтар арасында наразылықтардың туындағаны рас. Қоғам, адам алдындағы бұлжымайтын заңды белінен басып, өз дегендерін істеген кейбір судьялардың әрекеттері адамдардың сенімін әлсіретті. Бұған журналистер зәбір шеккендердің облыстық сот төрағасы Б.Бекназаровтың қабылдауында болған кездерінде, баспасөз мәслихаттарында куә болып жүр. Сондықтан да БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде облыстық сот төрағасы:

– Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылып, біздің азаматтардың құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғауға бағытталған, – деді. – Біздің қызметіміз барлық азаматтар үшін ашық, айқын болуы тиіс.

Бектас Бекназаров сот саласынан үш бірдей судьяның өтініш жазып, қызметтерінен өз еріктерімен кетіп отырғанын айтты. Оның бірі сыбайластыққа байланысты дау-дамайға қатысты болған. Ал енді бірінің өз еркімен жұмыстан кетуіне  сот процесінде жол берген қателіктері мәжбүр еткен.

Облыстық сот төрағасы судьялардың арасында құрметті лауазымға лайық қызмет жасамай, халық арасында сот деген атқа дақ түсіріп жүргендердің бар екенін де жасырмады. Мәселен, сотқа байланысты түскен арыз-шағымдардың 80 пайызы төрт қана судьяның үлесіне тиеді екен. Бұл олардың дөрекілігін, білімсіздігін, жауапкершіліксіздігін көрсетеді.

Облыстық сот төрағасы Б.Бекназаров сот саласына деген ел сенімінің артып, әділдіктің үстем болуы үшін облыстың сот жұмысы жолға қойылатынын айтып  баспасөз мәслихатын түйіндеді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button