«Ақтөбе»-90

27 ЖЫЛ РЕДАКТОР БОЛҒАН

 … — Айналайын, мақала мен туралы болмауы керек. Мақала газет туралы болуы керек. Себебі бұл менің емес, «Ақтөбе» газетінің тойы. Тағы да қайталап айтамын, мен туралы ештеңе жазба, — деп қатаң талап қойды маған сұхбаттасым.

Әрине, келістім. Алайда, «газет — менің тағдырым» деп тұжырым жасаған адамды, қазіргі «Ақтөбе» — сол кездегі «Коммунизм  жолы» басылымын тапжылмай жиырма жеті жыл бойы басқарған адамды өз газетінен — өз тағдырынан бөліп-жарып жазу қолымнан келмеді.

Нұрқайыр Телеуов — бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында үлкен газетті тапжылмай отыз жылға жуық басқарған жалғыз редактор. Осы кісінің тұсында «Ақтөбе» газеті «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің — Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталды. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне, социалистік елдердің Будапештте, Прагада өткізілген көрмелеріне қойылды, алтын, күміс медальдарға ие болды. Ал бас редактордың өзі екі Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет белгісі» ордендерімен, сегіз медальмен марапатталды. Екі мәрте Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасын, КСРО халық шаруашылығы Бүкілодақтық көрмесінің алтын, күміс медальдарын алды. Бұрынғы Одақ кезінде кеудесіне төрт бірдей орден таққан редактор жалғыз осы кісі.

Редакцияға ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін медалін тағып келді.

    Мен үшін ең қадірлі марапат осы. Соғыстың сұрапыл кезінде ер адамдардың барлығы майданда болды. Мен он бес жасымда ауыл мектебінде орыс тілінен оқытушы болып жұмыс жасадым. Сабақтан кейін балалармен бірге жұмыс жасауға кетеміз. Бір күні далада шөмеле үйіп жүрсек, аудандық атқару комитетінің хатшысы мені іздеп келіп, медаль тапсырылатынын айтты. Сол сәттен бастап ешқашан кеудемнен осы медальді тастаған емеспін, — дейді Н.Телеуов.         

 

 

Газет те адам секілді:

Дүниеге келеді, өседі, ер жетеді, бірақ қартаймайды…

 

… 1965 жылы ақпан айында облыстық партия комитеті Нұрқайыр Телеуовті Ақтөбедегі облыстық газеттің редакторы етіп бекітті. Осы жылдан бастап 1992 жылға дейін ширек ғасырдан астам уақыт бойы журналистермен бірге газет өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңды.

— Газеттің басынан не өтпеді, ол не көрмеді? Өткен ғасырдың сонау 20-30-шы жылдардағы қатерлі де қауіпті 40-шы отты жылдардағы Ұлы Отан соғысы, 50-60-шы жылдары соғыстан кейінгі жараны жазу, 70-80-жылдардағы бейбіт өмір, халық шаруашылығын дамыту, мәдениет пен өнерді өркендету, рухани өсу, 90-шы қайта құрудың аласапыран, аумалы-төкпелі әрі еліміздің егемендік алып, тәй-тәй басқан жылдары, жаңа ХХІ ғасырдың басындағы алғашқы жылдар — ел болу, әлемге танылу, қатарға қосылу кезеңі.

Міне, бұл — елмен, халықпен бірге қол ұстасып келе жатқан «Ақтөбенің» жүріп өткен жолдары.

Шындығында, газет те адам секілді. Дүниеге келеді, өседі, ер жетеді. Бірақ қартаймайды. Себебі ол табиғат заңына сай ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғасып, жаңарып, жасарып отырады. Біздің «Ақтөбе» де солай.

Менің газет оқи бастағаныма 75 жылдан асқан екен. Соның 50 жылға жуығы газетте қызмет етуге кетіпті.

«Ақтөбе» көптеген журналист кадрларын тәрбиелеп, өсіріп, шеберліктерін шыңдады, кейіннен белгілі журналист болып қалыптасуға қамқоршы болды.

Өткенде бір редактордың: «редактордың беделінің 50 пайызы газеттегі журналистердің қандай болмағына байланысты» дегенін естідім, ал меніңше, 50 пайызы емес, 100 пайызы журналистерге байланысты.

Мен ұзақ жылғы журналистік қызметімде Ұлы Отан соғысында от кешкен ондаған қалам қайраткерлерімен жұмыстас болдым. Олар — Смағұл Мұқашев, Лұқпан Жұмабаев, Дүйсенғали Мұқаев, Дербісәлі Ниязбаев, Мұрат Нұртаев, Көмекбей Оразниязов, Шынықұл Қарамергеновтер. Соғыс бітісімен олар солдат шинелін, қаруларын тастай салып, қолына қалам ұстап, соғыстан кейінгі бейбіт өмір үшін жан аямай еңбек етті. Газеттің ескі тігінділерінде олар жазған дүниелер сол күйінде сақтаулы. Қазір олар бақилық дүниеге аттанғанымен, олардың жарқын жүздері, қайталанбас бейнесі, игі істері әлі көз алдымда… — дейді Н.Телеуов.

 

 

Н.Әділетов

 

Нұрқайыр Телеуов редакцияға бір бума ескі газеттер мен газет қиындыларын алып келді. Өзінің мақалалары екен. Бір қызығы мақалаларының көбіне Н.Телеуов емес, Н.Әділетов деп жазыпты. Неге?

— Ол кезде біз, редакторлар, газетке мақаламыздың соңына өз фамилиямызды жазбайтын едік. 27 жыл жұмыс жасағанда газетке Телеуов деген фамилиямен жазған мақалаларым соншалықты көп болған жоқ. Себебі ол кезде талап сондай болды. Газетті пайдаланып кетеді деген болуы керек, жоғарыдан сондай ресми емес нұсқау болды. Сондықтан өз мақалаларыма Әділетов деген лақап ат қойып жаздым. Ал өз фамилиямызды тек облыстық атқару комитетінің идеология бөлімінің келісімімен ғана жариялайтын едік. Дегенмен, еш уақытта газетті өз мүддем үшін пайдаланған емеспін және журналистерге де сондай талап қойдым, газетті пайдалануға ешқашан жол бергенім жоқ. Газет менен бес жас үлкен, сондықтан осы жерге жұмысқа келген күннен бастап оны аға тұттым, ағаның алдында адал болуымыз қажет деген принципті қатал ұстандым, — дейді ол.    

Н.Телеуовтің айтуынша, сол жылдары газет басшылығы облыстық атқару комитетінің алдында тоқсан сайын есеп беретін болған. Атқару комитетінің бөлім меңгерушісі де, нұсқаушы да қазақ болғанымен, «Коммунизм жолы» қазақ газеті болғанымен, облыстағы бірінші хатшы түсінуі үшін тоқсан сайын 20-30 беттік есепті орыс тілінде жазуға мәжбүр болған. Газет екі рет Бүкілодақтық көрмеге қатысқанда да материалдардың барлығы орыс тілінде жазылды.

— Газетімізді «Құрмет белгісі» орденіне ұсынған уақыт әлі көз алдымда. Басылымның 50 жылдығы тұсында, яғни 1974 жылы барлық материалдарды дайындап, Алматыға жібердім. Ол жақтан «облыстық атқару комитетінің рұқсаты қажет» деген жауап келді. Оны да алып бардым, алайда, іс жылжымай тұрып алды. Сөйтіп, КСРО Журналистер одағының төрағасы, «Правда» газетінің бас редакторына шықтым…  Онда да орыс тілінде құлаш-құлаш материалдар жаздық. «Құрмет белгісі» ордені осылай алынған болатын, — деп еске алады бас редактор.

 

Журналистика мамандық емес, тағдыр!

 

Н.Телеуов бас редактор болған тұста газетіміздің 45, 50, 55, 60, 65 жылдығы тойланды.

«… Сонымен біз өз газетіміздің тарихындағы тағы бір шыңға — оның алпыс жылдық асуына көтерілдік. Бұл редакция коллективінің өміріндегі ерекше, шоқтығы биік, кемелдену шағы. Сондықтан да ол бізден жаңа творчестволық толғанысты, талғампаздықты, шеберлікті әрі іскерлікті талап етеді…» — деп жазған Н.Телеуов «Коммунизм жолының» 1984 жылдың 7 маусымында шыққан санында.

Тоқсаныншы жылдары нарықтық экономика өкпеден қысып, барлық салада қымбатшылық белең алған уақытта газетке жазылу бағасы да екі есеге көтерілген. Сол кезде газет редакторы Н.Телеуов оқырманмен бірге қынжылатынын айтып, қандай қиыншылық болса да, «облыстық қазақ газетінің жылдар бойы жинақтаған өзінің құптарлық ізгі дәстүрлерін іріктеп, сұрыптап онан әрі жалғастыратынын, күрделі де қиын, дүрбелең кезеңде өзінің саяси өткірлігі мен кемелдігін, ұстамдылығы мен байсалдылығын сақтайтынын» жазған.  («Коммунизм жолының» 1990 жылдың 11 қыкүйегіндегі саны, «Газеттің мүшкіл халі» мақаласында).

1990 жылдың 6 қазанынан бастап «Коммунизм жолының» жаңа — «Ақтөбе» деген атпен шығатыны туралы ақжолтай хабарды да оқырманға газет атынан бас редактор Н.Телеуов жеткізді. «Біз уақыт талабына ғана жауап беретін кезекті атау іздемей, тұрақты, мәңгілік атауды қаладық» депті.

  Баспасөз — жеке адамның тағдырынан бастап тұтас қоғам ахуалына дейін қамтитын қуатты құрал. Бұл адалдықты, ақиқаттан аттамауды талап етеді.  Сөз салмақты, пікір салиқалы, ой өрісті болғаны жөн. Облысымыздың өмірінде болып жатқан экономикалық, әлеуметтік өзгерістердің бағыт-бағдарын бағамдап көрсету, көкейтесті ой ұсыныстар, жұртшылықты толғандыратын өткір проблемалар да шет қалмауға тиіс.

Газет қазіргі кезде тек ақпарат таратушы ғана емес, сонымен бірге елдің, халықтың тыныс-тіршілігін, көңіл күйін, рухын, мәдениеті мен әл-ауқатын айқын, әділ көрсететін, соны қалыптастыратын, осы жолда үлкен тәрбие жұмыстарын жүргізетін қуатты құрал. Бұл бағытта бүгінгі «Ақтөбе» елеулі істер атқаруда, облыстағы игі істерді барынша көрсетуде, — дейді тәжірибелі журналист.

Оның айтуынша, газет те адам секілді қолдауды, қолпаштауды қажет етеді, ал журналистика мамандық емес, тағдыр, себебі ол уақыт, күй, жағдай таңдамайды.

— Журналист қоғам игілігі мен әлеуметтік әділетке қызмет етеді. «Ақтөбе» газетінде журналистикаға саналы түрде келіп, оны өз тағдырымен сабақтастырған қызметкерлер еңбек етті, қазір де еңбек етуде. Мен қазіргі «Ақтөбеге», ондағы іні-қарындастарыма шексіз ризамын. Себебі қазіргі ұжым бізден қалған тәжірибені одан әрі жалғастырып, жаңартып, жасарта түсуде. Біз аға тұтқан, оның алдында адал, абыройлы, арлы болуға қызмет еткен «Ақтөбені» бүгінгі буын одан әрі жалғастырып жатыр. Алдыңғы толқынды кейінгі ізбасарлары ұмытпай, еске алып, үлгісін өнеге етіп отырса, тәжірибе, дәстүр сабақтастығын жалғастыра түссе, қандай ғанибет. Бұл — көрегенділіктің, кемелділіктің көрінісі. Бүгінгі «Ақтөбе» осы үрдісті ұстанып келе жатыр. Бұл газетте әлеуметтік рухани өміріміздің көрнекті қайраткерлері Тахауи Ахтановтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Ізтай Мәмбетовтің, Есенбай Дүйсенбайұлының, Қажығали Мұханбетқалиевтің қолтаңбалары қалды. Газет дүниеге келген сәттен бастап тоқсан жыл бойы елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді, — дейді Н.Телеуов. 

 

P.S. Бұрынғы бас редактордың «Ақтөбе» газетінен 5 жас кіші екенін айтқанбыз. Яғни, ол биыл 85 жасқа келеді. Осы уақытқа дейін «Ақтөбе» газетінің бір де бір санын, газеттегі бір де бір мақаланы жібермей оқитынын айтады. «Газетті жасап отырған тілшілер ұрпақ ауысып, уақыт озғанда оқырманның осы заманды басылымдарда жарияланған мақалалар арқылы танитынын еш уақытта есінен шығармауы керек. Сол кезде біздің газет қалай бағаланады? Осыны жадынан шығармау керек және сол себепті үнемі шындықты, ақиқатты жазу қажет», — дейді.

 

P.S.S. Ол бүгінгі газетті де міндетті түрде алып оқиды. … Маған сұхбат беріп, кетіп бара жатқанында: «Мақала мен туралы емес, «Ақтөбе» туралы болуға тиіс. Тағы да ескертемін» деп кесіп айтқан-ды. Алайда, «газет — менің тағдырым» деп тұжырым жасаған адамды, қазіргі «Ақтөбе» — сол кездегі «Коммунизм  жолы» басылымын тапжылмай жиырма жеті жыл бойы басқарған адамды өз газетінен — өз тағдырынан бөліп-жарып жазу қолымнан келмеді…

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.    

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button