Бұқара

- Жолсапар
Ұлыбританияда «қазақ ауылы» бар
Жолдасым Айым екеуміз былтыр Ұлыбритания елінде алты айдай тұрып қайттық. Басты себеп — тұңғыш немереміз Ибраһимнің дүниеге келуі. Ұлыбритания елінде тұратын балаларымыз жұмыстарынан қалмасын, немеремізді бағуға көмектесейік дедік.
Көргендерімізді ортаға, көпшілікке ұсынуды жөн көрдік.
Ұлыбритания — Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан аралдық ел. Атлант мұхитының солтүстігіндегі ең күшті Гольфстрим жылы ағысының әсерінен табиғаты тамылжыған бір қалыпты жылы. Үскірік аяз бен аптап ыстық бұл жақта ешуақытта болмайды. Ауасы бір қалыпты. Адамдары да табиғатына ұқсайды — өздерін бірқалыпты, сабырлы ұстайды, өте мәдениетті халық. Сенің шетелдік азамат екендігіңе қарамайды, танысын, танымасын, мейлі, міндетті түрде амандасып өтеді. «Кешіріңіз, Рахмет» деген сөздерді жиі қолданады.
Біз Англияны көп араладық. Балаларымыздың бастапқы тұрған қаласы Лондонның оңтүстігінде орналасқан Сиррей графтығына қарайтын Аддельстон қаласы болды. 24 пәтерден тұратын екі қабатты вилланың иесі жас ағылшын жігіті екен. Ауласы тұнып тұрған гүл, біз атын білмейтін ағаштың неше түрі бар. Талдан талға секіріп жүрген тиіндер бар, тоқылдақ, басқа да шықылықтаған құстардың үні жаныңа жылы тиеді.
Келесі тұрған қаламыз — Хэмпшир графтығында орналасқан Фарнборо қаласы. Бұнда мұнай-газ компаниялары көп орналасқан. Бұл жерде қазақстандықтар да көп тұрады екен, тіпті «Қазақ ауылы» дейтін де жер бар дейді. Көбісі Қазақстанның мұнай компанияларынан осында келісімшартпен келіп, жұмыс жасап жатыр.
Біз алғашқы саяхатымызды Лондонның орталығынан бастадық. Алдымен, Елизавета ІІ-нің резиденциясы — Букингем сарайына бардық. Патшайым болған кездерінде сарайдың төбесіне ту ілінеді екен. Әртүрлі кездесулер мен шетелдіктерді қабылдау да осы жерде өтеді. Атты гвардиясы бар, күймеге отырған патшайымды біз де көріп қалдық. Патшайым жаздың екі айын қала сыртындағы Виндзор сарайында өткізеді екен. Сол кезде Букингем сарайы келушілерге ашық. 20 гектар шаршы метр жерді алып жатқан алып құрылыстың іші керемет, бұл жер — мұражай, сурет көрмесі, театр, т.б. мәдени-көпшілік шаралар өтілетін патшасарай.
Лондонды мұражайлар мекені десек қателеспейміз. Қаланы 68 шақырымға созылған атақты Темза өзені бөліп жатыр. Лондонда 40-тан астам жоғары оқу орны, Ұлы Британ мұражайы, кітапханасы, Биг-Бен мұнарасы бар (2012 жылдан Елизавета мұнарасы деп аталады), Вестминстер, Уайтхолл, Трафольгар алаңы, Тауэр замогы және көпірі, Пикадиллия алаңы, Әулие Павел соборы, Принц Альберт және патшайым Виктория ескерткіштері, Лейтон Хаус (Викториандық суретшілер көрмесі), Портобелла Роуд (қолөнер базары), Даунинг стрит, 10 (Британ Премьер-Министрлерінің резиденциясы), т.б. көркем жерлер туралы айтып тауыса алмайсың. Осы жерлердің барлығын аралауға тырыстық. Орталықта 50 түрлі театр бар екен. Бір қызығы, бәрі бір көшенің бойында орналасқан.
Әрине, бәрін аралап шығу мүмкін емес, суреттер көрмесін тамашалап шығуға уақыт жетпейді.
Өзіміз тұратын қалаларымыздың сауда орындарына барғанда ағылшын тілін аз білетінімізді, Қазақстаннан екенімізді, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтсақ, танып, біліп жатқандарын көріп қуандық.
Халқы табиғат байлықтарына қатты құрметпен қарайды екен. Бірде Фарнборо қаласынан түрлі ұрандар жазылған қағаз көтерген 15-20 адамның жиналып тұрғандарын көрдік, олар осылай көшеге екі-үш күн бойы шықты. Бұл не істеп жүрген адамдар десек, ағаш кесуге қарсылық білдіргендер болып шықты. Бір кәсіпкер сол жердегі 4-5 ағашты кесіп, құрылыс жұмыстарын жүргізбек екен, ал әлгі адамдар ағаш кесуге қарсылық шеруін өткізіп жатыр екен. Ақыры, сол жердің әкімшілігі жастардың қарсылығынан қорқып, шешімдерін кері қайтарып алыпты…
Пендеңе барлық нәрсе ұнай бермейді ғой, осындай әдемі елдің бізге ұнамаған жақтары да болды. Европалықтардың тамақ ішкендері қызық. Біз майлы тағамға әбден үйренгеніміз сондай, бұлардың тағамы бізге су татып тұрған сияқты көрінді. Сөйтсе, бұлар қандай малдың еті болса да, майын әдейі сылып тастап сатады екен. Майлы қуырдақ, майлы палау, т.б. ылғи майы шылқыған тамақты ұнататын қазақ үшін бұл ұнай қоймасы анық. Шайға қаймақ қатып ішеміз десек, қонаққа келген шетелдіктеріміз таңғалады.
Европалықтар күнделікті өмірде боянбайды, қарапайым, спорттық үлгідегі киімдер киеді. Тақасы бар аяқкиім киген адам көрсе, оны басқа елдікі деп біле беріңіз.
Классикалық үлгідегі киімдерді театрларда, ұлттық, мемлекеттік мерекелер кезінде ғана киеді.
Осылай өзіміз көрген жайттарды ел-халқымызбен баспасөз арқылы бөлісейік деген мақсатта осы қысқаша жолжазбамды ұсынып отырмын.
Әшірбек ТОЛЖАНОВ,
Ақтөбе қаласы.
- Ұсыныс
Құбыр тартудың тиімді жолдары
Жаңа жылдың алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ойыл, Қобда аудандарында болып, қос ауданның халқына алдағы жылдарда болатын жаңалықтарды жеткізді. Елдің қуанышында шек жоқ.
Облыс орталығынан шалғай, темір жолдан алыс Ойыл ауданы өткен жылды бірқатар табыстармен аяқтады. Облыс әкімі мұндағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді. 2014 жылы аудан халқына көгілдір отын — газ құбырын тарту мақсатында 380 млн. теңге бөлінетінін айтты. Мұны тыңдаған халық сол жерде ду қол шапалақтап қарсы алса, қалғанымыз газеттерден оқып, телехабарлардан көріп қуандық. Бұл — еліміздің, облысымыздың экономикасының нығайғанының белгісі.
Дегенмен, әрбір істі бастар алдында оның экономикалық тиімділігін жан-жақты ойластыру қажет. Ойыл ауданына газ құбырын тартуға байланысты өз ойларымды білдіргім келеді. Менің бұл ұсыныстарымның бөлінген қаражатты тиімді пайдалануға септігі тиеді деп ойлаймын.
Меніңше, Ойылға газды қайдан тарту керек екенін жан-жақты ұтымды шешу қажет. Бұл — үлкен мәселе. Ойылдың бір қанаты Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялыға жақын екені рас, 40 шақырым. Енді өзіміздің Қобда, Байғанин, Темір аудандарын қарастырсақ, Ойыл Қобдадан, Байғаниннен, Темірден 140 шақырымдай жерде, қашықтығы шамалас.
Бірақ бір ескеретін жағдай, Ойыл — Қобдамен бұрыннан көрші, Ақтөбенің жолында. Қобдадан Ойылға газды тіке тартса, Қобданың Калиновка, Бегалы, Қызылту елді мекендерін, Ойылдың Жамбыл, Ақкемер, Көсембай, Аманкелді, Саралжын, Шиқұдық, Ақшатау, Талтоғай, Қаракемер елді мекендерін толық қамтиды.
Бұл аталған елді мекендерде халық тығыз орналасқан, мектеп, интернат, аурухана, емхана, балабақша сынды әлеуметтік нысандар бар. Сондықтан біз Ойылға газ құбырының Қобда арқылы тартылуын тиімді санаймыз. Ал газ құбыры Миялы, Байғанин, Темір арқылы жүрсе, ол жерлердің бойында мұндай елді мекендер жоқ. Оның үстіне, Қобдадан Ойылға барлық коммуникациялық желілер Ақтөбе-Қобда тасжолы арқылы тартылған. Облыстың басшы мамандары осы мәселені шешкенде халықтың талқысына салуды сұраймыз.
Ноқым СӘЛИЕВ,
ардагер экономист-қаржыгер.
Ойыл ауданы.
- Тарих
Тарихты білу — парыз
Байғанин ауданы, Миялы селолық округі әкімі Әлжан Құрманғали ақын Төлеген Айбергеновтің атын мектепке беру туралы «Ақтөбе» газетіне жариялаған мақаласында: «Дияр — ертеден келе жатқан атау. Бірақ неліктен олай аталғаны туралы дерек жоқ» деген мәліметті алға тартады.
Осыған орай, аудан тұрғындарының назарына «Дияр» атауы жайлы мәлімдегенді жөн көрдім.
Журналист Жанат Нұрмаханованың «Жылойдың жайсаң жандары» циклымен Алматыдағы «Зерде» баспасынан 2001 жылы шыққан «Дүсіптің ұлы Дияр» атты кітабы бар екендігін айтқым келеді. Кітапта Жем бойындағы қазақ ауылдарының хал жайы, 1932-33 жылдары аштықтың зардабын тартқан халықтың тағдыры шынайы бейнеленген. Ал Дияр Дүсіпұлы Атырау облысы, Жылой аудандық су шаруашылығы бөлімінде шолушы болып, қызмет еткен.
…Кезінде Одақтың бірқатар жерлерінде суландыру мәселесімен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары болған. 1947 жылы көршілес жатқан Байғанин, Жылой аудандарындағы жайылымдық жерлерді суландыру ісі қолға алынатын болып, «Орал» тәжірибелік шаруашылығынан мамандар келген. Мақсаттары — жер жағдайын зерттеп, су көздерін іздестіру. Жол көрсетуге Жылойдан Дияр Дүсіпұлын ала шығады. Диекең жер бедеріне, шөпке қарап, сол жердің суының ащы-тұщысын, қанша су қоры бар екендігін лабораториялық зерттеулерсіз айтып береді, мамандар жерді бұрғылап көрсе, су атқылай бастайды. Мұндай тұжырымдарға су инженерлерінің өздері таңғалады. Мамандар сулы нүктені картаға түсірейін десе, жердің атын ешкім білмейді. Экспедиция мүшелері «судың көзін тапқан өзіңсің» деп, Диекеңнің қарсылығына қарамай, топ жетекшісі картаға да, қағылған белгіге де « Дияр» деп жаздырады.
Мұнай, газ, су, тұз секілді табиғат байлықтарына тек қасиетті адамдар ғана кезігеді екен, меніңше, Дияр атамыз да құр адам емес деп ойлаймын. Ол «1941-45 ж.ж Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен марапатталған қарапайым еңбек адамы болған. Бейіті Жылой ауданының орталығы Құлсары қаласында.
Орал БАЙСЕҢГІР,
ҚР Мәдениет саласының үздігі.
Ақтөбе қаласы.
- Жаңғырық
Күдіктілер ұсталмай отыр
Мен Мұғалжар ауданының Шенгелши ауылында тұрамын. Өткен жылы маусымның үші мен тамыздың отызы аралығында ауламдағы мал азығына жинаған шөбіме алты мәрте қасақана өрт қойылды. 1500 дана тайланған шөп пен аула және сарай өртке оранды.
Үш рет өртті өз күшімізбен сөндірсек, үш жағдайда өрт сөндіру қызметін шақырдық. Шөп өртеніп кеткен соң, қолдағы малды сатуға мәжбүр болдық. Шөп сатып алуға қаржы болмады. Осы оқиғалардан соң полицияға шағымдандым. Бірақ ешқандай іс қозғалмады. Былтыр тамыздың 27-сінде ауылға аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Назаров және аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алшынбай Шарипов менің шағымым бойынша жиналыс ұйымдастырды. Арада бір күн өткен соң ауладағы шөп тағы өртеніп кетті. Келесі күні сарайдың іргесі тұтанды. Бұны алғаш көрген тергеуші Садықовтың өзі өртті сөндіруге атсалысты. Бұл оқиғалардан кейін өрт қойған ауыл тұрғыны Ж. екенін білдік. Оны бұл іске итермелеген Қ. деген адам екен. Қ. Ж.-ға жарты шыны арақ және 8 мың теңге беріп, менің ауладағы шөбіме өрт қоюға жұмсайды. Бұл жайтты Ембі учаскелік бөлімінде сұрақ-жауап алған кезде Ж. мойындады. Бірақ ішкі істер қызметкерлері әлі де дәлел жетіспейді деген себеппен күдіктілерге шара қолданбай отыр.
Осы кезге дейін сегіз ай уақыт өтті. Әлі бір қылмыс ашылған жоқ. Отбасымызбен әбден зәбірді көрдік. Күдіктілердің бұл қылығы ауыл тұрғындарын да қатты үрейлендіріп отыр.
Сондықтан аудандық ішкі істер бөлімі осы мәселеге байланысты бір шара қолданса деген тілегім бар.
Серік ЕРШИН,
Мұғалжар ауданы, Шенгелши ауылының тұрғыны.
- Мәселе
Жол жүруге мүмкіндік жасалса…
Біз, бір топ автокөлік жүргізушілері, яғни шопырлар, амалсыздан өз мұңымызды «Ақтөбе» газетіне жеткізуге мәжбүр болып отырмыз. Ақтөбе облысындағы ең ірі аудан орталықтарының бірі Қандыағаш қаласында тұрамыз.
Көнелі-жаңалы автокөліктерімізді жүргізіп, жолаушылар тасып, ешкімге алақан жаймай күнімізді көріп, табыс тауып, бала-шағамызды бағып отырмыз.
Біздің айтар мәселеміз мынау: жол жүруімізге, жолаушылар қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік аз болып отыр. Қыстың жартысы өтті, Қандыағашқа алғашқы қар 1 желтоқсанда жауды, содан бері көше қары бір-ақ рет 19-20 желтоқсанда тазаланды. (Хат 13.01.2014 жылы жазылған. –Ред. )
Көше қары уақытында тазаланбағандықтан, көше жолы кедір-бұдыр болып қалды, жүруге, қарсы көлікке жол беруге мүмкіндік жоқ, автомобиль жолы тар, екі қапталы биік әрі тайғақ. Көшелер қардан уақытылы тазартылмайды, автобустар аялдамасына, көше қиылыстарына құм, тұз себілмейді.
Біз, Ақтөбе қаласына қатынаушылар, өз өміріміз үшін де, жолаушылар өмірі үшін де жанымызды шүберекке түйіп жолға шығамыз. Жалғыз күн көрісіміз осы болғасын, басқа амалымыз жоқ. Алға қаласынан өткен соң ғана «уфф» деп демімізді бір аламыз, себебі Алғадан өткен соң құм себіліп, жол қардан уақытылы тазартылады.
Бұл жағдай тек биыл емес, өткен жылдары да солай болды, өткен қыс қарсыз болғандықтан амалдап шыққанбыз. Биыл да солай амалдап, Аллаға сыйынып жүрміз.
Осы хатымызды жарияласаңыздар екен. «Ақтөбе» газеті қашанда халықтың мұңын мұңдап отыратын газет қой, газетімізді оқып, аудан басшылары ойланар деп үміттенеміз.
А.Біләлов, С.Қазкенов, Е.Елшов, Т.Жанауов, О.Тілеубергенов.
Мұғалжар ауданы.
- Әдебиет
«Аяз би» ертегісі де цензураға ұшыраған ба?
Өмірде адамдар арасында шешілуі аса күрделі бір философиялық сауал бар: «Кім жақсы? Кім жаман?…» Әркім өзінше жақсы. Ешкім жаман болғысы келмейді.
Өзін жұрт алдында: «Адамның жаманымын» — деп, оны жете дәлелдеген «Аяз би» ертегісінің кейіпкері Жаман екені белгілі. Ханның бірнеше қиын сынынан сүрінбей өтіп, дариядай терең ақылымен жұртқа да, ханға да: «Апыр-ай, сен жаман болмадың ғой, тіпті сен данышпан болып жүрме!» — дегізіп, өзін мойындатқан, 15 жыл бойы жігіт таңдаған Меңді қызға да тапқырлығымен: «Сол адам шайтан болмай, адам болса, менің тап баратын кісім», — дегізіп, өзіне іңкәр қылған Жаман, кейініректе даналығымен уәзір, сосын бес елді билеген хан деңгейіне көтерілген Жаман-Аяз би. «Жақсы адам», «жаман адам» деген ұғымдардың тұңғиық жұмбақ екенін аңғартатын халық тәмсілі. «Адамды танығың келсе, бір пұт тұз жала» дейді қытай мәтелі. «Адамтану» дейтін ғылымның оңай шағылатын жаңғақ болмағаны ғой.
Қазақ ертегілерінің інжу-маржаны саналған «Аяз би» ертегісі 12 жастағы баладан еңкейген кәріге дейін мәлім. Талай ұрпақ оны үлкендердің әңгімелеуімен естіп өсті, оқып өсті, тағылым алды. Ауылды жерде ХХ ғ. 40-50 жылдары қозы-лақ, бұзау баққан балалардың таласып, кезектесіп оқып, өзгелері етпеттеп жатып, аузының суы құрып тыңдағанда, Жаманның тапқырлығы бала жанын баурап алатын. «Жаман соның бәрін қайдан біледі?» деп аң-таң қалатын. Ол жылдары білім бұлағы, таным көзі оқулықтар, көркем шығармалар, радио, газет-журнал болды.
Сол «Аяз биде» көпшілікке беймәлім болып келген бір сыр бар. Бір кезде содан қысқартылып қалған эпизод енді мәлім болды, оны 10 томдық «Қазақтың тәлімдік ойлары антологиясының» 2-томында жарияланған «Аяз би» ертегісінің мәтінінен ұшыраттық. Ертегінің 3-бөлімінде: «Әйелі төрдегі шарайнаға қарап, өз көркіне өзі таңғалып отыр екен» деген жолдан соң көп нүкте қойылады да, келесі абзац: «Әйел Жаман сөзіне күліп…» деген сөйлемнен басталады. Ортада ой үзілген. Зерделі оқырман: «Меңді сұлу Жаманның қай сөзіне күледі?» — деп
ойлап, бір дәнекер жетпей тұрғанын аңғарар еді. Үзіндінің қысқартылуына
советтік атеистік саясаттың салқыны тиген болар. Меңді сұлуды күлдірген, наздана қойған сауалына Жаманның берген салмақты жауабы, «жазаға» ұшыраған мәтін мынау:
— Мен осы Тәңірінің ісіне таңмын. Әркімді өзінің қатарына қосса еді. Арасы Жер мен Көктей адамдарды бір-біріне қосып қойған Тәңірінің құдіреті күшті-ау деймін. Өзіме қарасам, он төртінде туған Ай сияқтымын, саған қарасам, суы біткен көлдейсің, қарамайы біткен шелектейсің.
Жаман:
— Жоқ, олай деме. Атамыз Адам бейіштен қуылып, шығып бара
жатқанда, Тәңірі: «Е, Адам, бейіш сен үшін жаратылып еді, шайтанның
азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағаныңды алып кет»
деген еді. Сонда Адам: «Тәңірі! Сенің қандай затыңныңқадірлі екенін
қайдан білейін?» — деген соң, «Адамзатқа пайдалы үш затым бар: біреуі
— Қыдыр, біреуі —бақыт, біреуі — ақыл, осының біреуін ал», — депті Тәңірі.
Сонда Адам ақылды алыпты. «Ақыл тұрмаған жерде біздетұра
алмаймыз»депті. Қыдыр да, Бақыт та Ақылға табынған екен. Сол сияқты
сен қазынадағы қызыл алтын едің, мен ақыл едім. Меніңқаралығыма, иә
қарттығыма қызығып тиген жоқсың, ақылыма тидің, — деп қарқ-қарқ күлді.
Етек-жеңі жинақы осы үзіндіде танымдық және тағылымдық бірнеше түйін бар. Біріншіден, адамның асыл қасиеті — ақыл дәріптеледі, ол еркектерде Жаман
арқылы, әйелдерде Меңді сұлу арқылы дәлелденеді. Екіншіден, Жаманның «ақыл
едім» деп, өзін сипаттауы автор — халықтың оның тұлғасын хан тағына отырар
алдында сатылап өсіруінің бір тәсілі. Үшіншіден, мұнда контрасты, көркем суреттер бар: көркі хан шабарманын есінен тандырып, шалқасынан құлатқан, «он төртінде туған Айдай», «қазынадағы қызыл алтын», «ханға байлығымен пара-пар байдың» тәкаппар да ақылды, 35 жастағы қызы Меңді сұлу ұсқынсыз, беті-жүзі суы тартылған көлдің табанындай, қабырғалары қаусаған, ішінде су тұрмас ағаш шелектей, бірақ ақыл-парасатымен өзін жұртқа, ханға мойындатқан, аса талапшыл аруға «ақылы өзінен артық екенін» дәлелдеп иліктірген («мен ақыл едім»), 50 жастағы Жаман. Төртіншіден, адамзат жаратылуының тарихы туралы аңыз және Құдайға деген сенім айтылған бұл жерде.
Енді үзіндіні әдебиет оқулықтарына енгізу және мұғалімдердің оны «Аяз биді» оқытуға қосып, Жаман мен Меңді сұлудың рухани әлеміне (ақылдылық, даналық, имандылық, сүйіспеншілік) шәкірттер зердесін аударуы қажет. «Аяз би» әдебиет бағдарламаларынан ойып орын алғандықтан, педагогикалық басылымдар мұғалімдер арасында оны оқытудың озық тәжірибелеріне бәйге жарияласа, тиімді іс болмақ.
Р.S. Оқырманға ойдемеу. Зерттеушілер, қаламгерлер ертегі кейіпкері — Аяз бидің тарихи тұлға екені жайында деректер келтіреді. Б.Адамбаев оны XI –XII ғ. өмір сүрген, Хиуа хандығын билеген десе, («Жұлдыз», №10 1974), С.Негимов сол дәуірде ғұмыр кешкенін айтып, оны Аяз би Жаманұлы (?) деп атайды. («Шешендік өнер», 1997) У.Уайдин мен К.Әмірбек бір дерекке сүйеніп, Майқы бимен (XII ғ) замандас Аяз би мен Құмырсқа деген билер өмір сүргенін, бірде шаршы топта сөзін бөле берген екі биге Майқының: «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» — деп, тыйып тастағанын, мәтелдің Майқы биден қалғанын, кейін Жаман баласы Аязды өзіне сенімді серік етіп алғанын әңгімелейді. (К.Әмірбек «Із») Сонда Жаман мен Аяз екі адам болғаны ма?
Т.Жұртбайдың жазуынша, Әмудария бойында хандық құрған Махмұд Ғазнауидің (998-1030) Аяз би адал уәзірі болған, малайзиялық «Бахтиярнама баянында» және өзге жәдігерлерде Аяз туралы аңыздар баяндалған, оның X-XI ғ. өмір сүріп, тіпті Әл-Фараби , М.Қашқаримен қатар өмір кешкені туралы («Аяз би кім?» «Егемен Қазақстан» 29.08.2001) деректер Жаман-Аяз би әлемінің тереңнен басталатынына меңзейді. Үлкен зерттеудің объектісі.
Заңғар ақын Қ.Мырза Әли:
О, Аяз би! О бастан танығаным.
Сенен қалған ұлылық — табынарым.
…. Аяз би, ұлысың даналықтың,
Ойлап тапқан өзіңді Дала мықты.
Кемеңгерлік бейнесін қайдан алған
Өзі сондай болмаса, со халықтың? — деп, жырға қосқан Аяз бидің аяздай,
қарып алар туралығы да, кемел ақылы да тағылым ретінде қазір де керек.
Әбдіжали ЖАНИЯЗ,
Қазақ КСР ағарту ісінің озаты.
- Қоғам
«Қазақ тілін таңдасаңыз, 1-ді басыңыз…»
Мына қауырт заманда әркім жолға шығу үшін темір жол қызметіне жүгінеді, анықтама бюросына телефон соғады.
Бұрындары «105» телефонына хабарлассақ, кезекшіден тез жауап алатын едік, енді жағдай қатты қиындап кетті. Мысалы, «105» нөміріне телефон соқтың дейік. Арғы жақтан «автожауап» әртүрлі хабарлама береді.
— Қазақ тілін таңдасаңыз, «1»-ді басыңыз, орыс тілін таңдасаңыз, «2»-ні басыңыз… — деп бастырмалата береді. «1» санын басқаннан кейін, тыныштық орнайды да, сәлден соң музыка ойнайды. Музыка біткеннен кейін орыс тілінде әртүрлі жарнамалар айтылады. Сен қазақ тілін таңдап, «1»-ді бассаң да, орысша жарнама айтылады. Уақыт өтіп жатады. Жауап алған жоқсыз. Сіздің шыдамыңыз таусылады. Такси жалдап, темір жол вокзалына баруға мәжбүр боласыз. Зая кеткен уақытым-ай!
Меніңше, бұл адамға қызмет көрсету емес, керісінше, жұртты жолынан қалдырып, мазаққа айналдыру. Бұл іс-әрекетке қоғамдық ұйымдар неге тіл қатпайды? Адамдардың құқын қорғаушылар қайда? Бұл мәселеге тұрғындардың көпшілігінің көңілі толмайтыны рас.
Дархан ЖАЛҒАСОВ,
еңбек және тыл ардагері.
Қауылжыр ауылы,
Шалқар ауданы.
Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




