«Ақтөбе»-90

Сағыныш Төремұратова: «Кедейдің» электронды нұсқасы керек…

Биыл тоқсан жасқа толатын «Ақтөбе» газетінің тарихы сонау «Кедейден» бастау алады. Қазір облыстық мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-анықтамалық кітапханасынан сол «Кедей» газетінің 1928-1929 жылдарда  шыққан сандарының жиынтығын көруге болады. Араб әліпбиімен терілген басылым қазір ерекше сақтауға алынған. Өйткені мұрағаттың ғылыми-анықтамалық кітапханасына түсетін  газет-журналдар мен құнды қағаздар облыс тарихынан сыр шертетін ең көне құжат ретінде саналады.

Мұрағат қызметкерлері газеттің алдағы торқалы тойына өз үлестерін қосуды жөн санапты. Олар бізге газет тарихына қатысты мұрағат құжаттары негізінде сақталған тың деректерден сыр шертті.

«Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерекесіне дайындықты біз былтырдан бастап қолға алдық. «Кедейден» бастау алатын облыстық газеттің әр жылдары атауы өзгерді. «Ақтөбе» аталғанға дейін әртүрлі атпен жарық көрген басылым тігінділерін қазір біз көзіміздің қарашығындай сақтап отырмыз. Мұрағатта «Кедейдің» 1928-1929 жылдары жарық көрген сандары бар. Бірақ олар да толық емес. Мәселен, «Кедейдің» 1929 жылы сәуір-желтоқсан айлары аралығында шыққан сандары ғана бүгінгі күнге дейін сақталыпты. Қазір бұл газеттер ең көне құжаттар сақталатын ғылыми-анықтамалық кітапхана сөресіне жиналды. Бұл жерде  «Кедейден» бөлек, 1880-1917 жылдар аралығындағы «Торғай облысына шолу» статистикалық есептер жинағы және 1913-1914 жылдары жарық көрген «Актюбинский вестник» журналдары бар, — дейді мұрағат қызметкері Сағыныш Төремұратова.   

Қазір мұрағатқа бірінші кезекте  қызметін тоқтатқан  мекемелердің ғана құжаттары қабылданады. Бұрынғы облыстық, қалалық,  партиялық мұрағаттардың басын біріктіріп отырған мемлекеттік мекемеде өзге құжаттар секілді «Ақтөбе» газетінің тігінділері де белгілі ережеге сай сақталады. Бүгінде  газеттер партиялық мұрағат сөрелерінен орын алыпты.

Ереже бойынша, мұрағаттағы газет-журналдар мен құжаттар сақталатын бөлменің температурасы 17-19 градустан аспауы керек. Бөлме ылғалдылығына да айрықша мән береміз. Яғни ылғалдылық 50-55 пайыз болуы керек. Егер осы ереже сақталмаса, онда мұрағат құжаттары өзінің сапасын жояды. Қор сақтайтын қоймада терезе болмауы шарт. Өйткені құжаттарға күн сәулесі түссе, қағаздар жұқарып, ондағы жазулар өшіріледі. Сондықтан мұрағатта әр айдың соңғы жұмасы тазалық күні ретінде белгіленді. Бұл күні біз құжаттарды шаңнан тазалап, газет тігінділеріне қайта жөндеу жүргіземіз, дезинфекциялық шаралар жасалады. Осындай ережені сақтаған  қор сақтаушыларымыздың зор еңбегінің арқасында шығар, «Кедей» секілді өзге де ең көне газеттердің түпнұсқасын бүгінгі күнге жеткізіп отырмыз, — дейді С.Төремұратова.

Қаланың ескі бөлігіндегі Лачугин көшесі, 2-үйде облыстық мемлекеттік мұрағаттың кіші ғимараты орналасқан. Қазір осы ғимараттағы құжаттардың арасында 1926 жылғы «Кедей» газетінің редакциясына қатысты тың деректер жатыр.

Мұрағаттың кіші ғимаратында 1926 жылы шыққан «Кедей» газетінің редакция ұжымына қатысты екі іс  сақталған. Жақында кіші ғимаратқа арнайы шаруа қылып барып, сол істердің бірін таптым.  Өкінішке орай, «Кедейге» қатысты сақталған мәліметтердің барлығы араб әліпбиімен жазылған. Ұзақ жыл «Ақтөбе» газетінде еңбек еткен зейнеткер Кәдірбай Бекмағанбетов мұрағатқа жиі бас сұғады. Бұл кісінің араб әліпбиімен таныс екенін бұрыннан білетінмін.  «Кедейге» қатысты табылған тың деректерді араб әліпбиінен кириллица харпіне түсіріп беруін өтінгенімде, ол кісі бұл жаңалықты естіп, қуанып қалды. Мен «Кедейге» қатысты мұндай деректердің сақталғанын мұрағаттағы құжаттарды тіркеу ісінде жазылған мәліметтер арқылы білген едім. Табылған құжаттардың арасында «Кедейде» жұмыс жасаған село тілшілерінің тізімі болуы мүмкін, — дейді Сағыныш Жомартқызы.

Мұрағат қызметкерлері көнерген газет-журналдарды сақтау ісіндегі бірқатар проблемаларға да тоқталды. Олар болашақта «Кедейдің» көшірмесін жасап, сканерлеу арқылы электронды нұсқасын компьютерге енгізуді ойластырып отыр. Дегенмен, бұл үлкен қаражатты әрі уақытты талап етеді.

Аймақтың тарихи шежіресіне айналған «Ақтөбе» газетінің ескі жылдардағы тігінділерін сұрап келушілер көп. Араб әліпбиін меңгергендердің «Кедейді» де қызыға оқып, ондағы деректерді қажетіне жаратып жататындары бар. «Кедейдің» онсыз да аз сақталған сандарын біз кез келгеннің қолына беруге қимаймыз. Біріншіден, газеттің түпнұсқасы көнереді, екіншіден, басылымның қағаздары әбден ескірген. Сол себепті біз алдағы уақытта «Кедейдің» көшірмесін жасатып, компьютерге электронды нұсқасын енгізуді жоспарлап жүрміз. Әрине, бұл жұмыстар үлкен қаржыны талап етеді. Өйткені мұрағатта мұндай істі жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ, — дейді ол.

Жақында мұрағатта газет тарихына қатысты тағы бір қызықты деректерге қанық болдық. Сағыныш Төремұратова бізге 1960 жылдың 4 майында (құжатта май деп жазылған — авт.) «Социалистік жол» газетінде облыстық партия архивінің меңгерушісі В.Уткиннің авторлығымен жарық көрген «Біздің жергілікті газеттер» атты мақаланы мұрағаттағы басылым тарихына арналған ескі папкадан көрсетті. Мақалада былай деп жазылған: «…1930 жылдары жергілікті газеттердің беделі өсіп, көптеп тарала бастады. «Степная правда» 10 000, ал «Кедей» 13 200 дана болып шығарылды. Отызыншы жылдың алғашқы төрт айында жұмысшы, шаруа тілшілерінен «Степная правда» — 6314,  ал «Кедей» 6019 хат алды. Бұлар жетісіне екі рет шығатын. Газетке шығатындардың құрамына келсек, олардың 85 пайызы ауыл мен селодан, қалғандары қаладан еді. Осы кезде «Кедей» газетіне 189 жұмысшы тілші жазып тұратын. Бұл кезде қабырға газеттерінің саны өсе бастады. Отызға жуық қабырға газеті шықты.

1926-1930 жылы шыққан газеттерден қазақ ауылындағы тап күресінің жайын, партия, совет жұмыстарының, «Қосшы» одағының, жер бөлісінің, шонжар-байларды конфескелеудегі кедей батырақтардың рөлін баяндайтын хат-хабарлар мен мақалаларды жиі кездестіруге болады. 1932 жылдың бас кезінде облыс қайта ұйымдасқаннан кейін, 1933 жылдың июнінде Ақтөбе округі таратылған болатын. Облыстық партия комитеті мен облыстық совет атқару комитетінің органы «Социалистік жол» және «Актюбинская правда» газеттері шыға бастады…». 

С.Төремұратова автордың бұл мақаласындағы деректердің мұрағат құжаттары негізінде жазылғанын айтады.

Ескі құжаттардан қазіргі «Ақтөбе» газеті редакциясының ең бірінші орналасқан жерін білдік. 1924 жылдың маусым айынан бастап жарық көрген «Кедей» газеті бастапқыда аптасына бір рет шығыпты. Сол кезде газет Ақтөбе қаласының  Георгиевский  көшесі, 20-үй-жайда шығарылған. Құжаттарда редакцияның алғашқы құрамында Құрамысов, Өтемісов, Көшембаев, Назаралин сынды есімдер жиі кездеседі. 1925 жылдың 4 июлінде «Кедейдің» редакторы ретінде Назаралин, ал хатшылыққа Абдуллин бекітілген. Сол жылы 10-25 июль аралығында «Кедей» газетін оқырманға тарату мақсатында екі апталықтың ұйымдастырылғаны жөніндегі мәліметтерді де ескі құжаттардан оқып білдік, — дейді Сағыныш Жомартқызы.

Өткен жылы облыстық мемлекеттік мұрағатқа «1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық» гранттық жобасы бойынша құжаттық мәліметтер жинау мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С.Смағұлова мен аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Өскембаева келіпті.  Бірнеше күн мұрағатта іс жүргізген ғалымдар ондағы қызметкерлермен жақын араласып кеткен. Светлана Смағұлованың араб әліпбиін жетік меңгергенін байқаған  мұрағат қызметкерлері «Кедей» газетінде жарық көрген белгілі лингвист ғалым, профессор  Құдайберген Жұбановтың бірқатар мақалаларын кириллицаға түсіріп беруін өтінген.

Әрине, бұған дейін де «Кедейде» жарияланған Құдайберген Жұбановтың мақалалары кириллицаға түсіріліп, сан мәрте баспасөз беттерінде жарық көрді. Біз жаңалық ашуды мақсат еткеніміз жоқ, газеттің 90 жылдық мерейтойына өз тарапымыздан үлесімізді қосқымыз келді. Ғалым Светлана Смағұлова «Кедей» газетінің 1928 жылы шыққан №31, №35, №36 сандарындағы Құдайберген Жұбановтың «Жаңа әліппе сабақтары», «Жаңа кітаптар», «Округтік жаңа әліппе комитетінде» және ұсыныс ретінде жазылған «Қорық сақтау керек» атты мақалалары мен басылымның әдебиет қосымшасындағы «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» атты туындысын араб харіпінен кириллицаға түсіріп берді. Мақалалардың кириллицаға түсірілген нұсқасы біз үшін газет тарихына қатысты шежірелерді толықтырғандай болды, — дейді Сағыныш Төремұратова.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button