Әлеумет

Бұқара

  • Ауыл

 

Қотыртастықтар енді от жағып, күл шығармайды

 

Жыл басы тағы да бір ауыл тұрғындарының қуанышымен басталды. Көптен күткен көгілдір отын Ақтоғай селолық округінің орталығы Қотыртас ауылына да келіп жетті.

Қотыртастықтар 16 қаңтар күні село іргесіндегі газ бөлу бекетіне жиналды. Мұнда аудан әкімі Ербол Данағұлов ауылдықтарды қуаныштарымен құттықтады:

— Бұл — Қотыртас ауылы үшін үлкен мереке, өйткені бұл қуанышты сәтті талай жылдар асыға күттіңіздер, сол армандарыңыз орындалды. Елбасының сындарлы саясатының, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың тікелей қолдауының арқасында жаңа жыл қарсаңында жақсы жаңалыққа кенелдіңіздер, ауылдарыңызға көгілдір отын келді. Ауылдарымыздың өзінде осындай тамаша жағдайлар жасала бастады. Өткен жылы ғана ауданымыздың ауылдарында қаншама көңіл қуантарлық істердің куәсі болдық. Жылтыр ауылына газ, ауызсу тартылды, Қауылжыр ауылында 40 орындық дәрігерлік амбулатория ғимараты салынды. Алабас ауылында жастарға екі тұрғын үй салынып берілді.  Енді биылғы жыл да ауылдықтар үшін жақсы жаңалықтармен басталып жатыр, — деді аудан басшысы.

Село тұрғыны, еңбек ардагері Мұқамбетәли Қалиев Елбасының халыққа жасап отырған қамқорлығының шексіз екенін, бұның өзі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болғанын тілге тиек етті.

Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Жақсылық Шамшатовты әңгімеге тартқан едік:

— Біз, Қотыртас ауылының тұрғындары, бұл күнді көптен аңсадық.

Қотыртастағы 156 отбасы газды болды, жылудың келуі, әсіресе, аналардың, келіндеріміздің от жағу, күл шығару секілді күйбің тірлігін жеңілдетті, — деді ол. Тұрғындар ауылға газ тартуда үлкен көмек көрсеткен «Емшан» компаниясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты М.Өндіргеновке, жұмысты сапалы атқарған «Ал Ақтөбе» ЖШС-ның учаске бастығы В.Матюшковке, учаске шебері М.Мыңжасаровқа, оның жұмысшыларына алғыс сезімін жаудырды.

 

Қ.ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

 

 

  • Алғыс

 

Сөз іспен дәлелденді

 

Еліміздің келешегі жолында атқарылып жатқан барлық игілікті істер тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, мемлекетіміздің діңгегін нығайтуға жаңаша серпін берері сөзсіз.

Сондай игілікті істердің жанынан табылатын Байғанин ауданындағы бірегей мекемелердің бірі — «Экологические технологии-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған серіктестік басшысы Мұхтар Әбілхайыров биыл Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылының, Белқұдық елді мекенінің маңындағы бөгет құрылысын салуға уағда еткен болатын. Айтылған сөздері іспен дәлелденді. Бөгет құрылысының салынуына аталған серіктестік демеушілік көрсетіп, елді мекен маңындағы шаруалардың проблемаларының шешілуіне сеп болуда. «Экологические технологии-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының адал ниетпен қызмет жасағандығын айтып, шаруа қожалық басшылары шексіз ризашылықтарын жолдауда. Абыройлы атқарып жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

 

Қарауылкелді ауылдық округі әкімшілігі,

Байғанин ауданы.

 

  • Өнер

 

Күй дүлдүлі

 

Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Айса Шәріпов Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас домбырашысы, батыс күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілі Қазанғап Тілепбергенұлының күйлерін насихаттаушы, Қазанғап Тілепбергенұлының шәкірті Жәлекеш Айпақовтан дәріс алған мықты күйшілердің бірі болған.

Айсаның орындаған туындылары қазақ өнерінің ғана емес, бүкіл түркі әлемі музыкасының жетістігі деп айтуға болады.

Айса Шәріпов 1933 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Ол өзінің өнерге деген сүйіспеншілігін 3-4 жасында-ақ байқатқан. Қолына домбырасын алып, әкесінен, ауыл күйшілерінен көптеген күйлер үйренеді.

Анасы Нұрмашева Қатима 1933 жылы қайтыс болған. Әкесі Нұрмашев Шәріп 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Айса ағасы Нұрақан Нұрмашевтың тәрбиесінде болады. Айсаның өнер жолында шыңдалуына ағасы Нұрақан және оның әйелі Бәтіш үлкен үлес қосқан.

Айсаның одан әрі өнердегі орны Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Әли Құрманов есімімен байланысты. 1946 жылы әнші Әли Құрманов бастаған концерттік бригада Ойыл ауданында 3-4 күндік концерт қойған. Осы сапарында әнші бала Айсаны байқап, өзімен бірге Алматыға алып кетеді. Айсаның одан кейінгі ғұмыры атақты өнер адамдарының есімімен тығыз байланысты. 1946 жылы ол Қазақ мемлекеттік филормониясының Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әртісі болып тағайындалды. Оркестр құрамында жүріп көптеген дәулескер күйшілермен, күміс көмей жыршылармен кездесіп, олардан көп тәлім алды. Солардың бірі Қазанғаптың шәкірті Жәлекеш Айпақовтан Қазанғап күйлерін орындауды үйренді. 1984 жылы Айса Шәріповке оркестрдің 50 жылдығына байланысты «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

Жақында күйшінің жиенінен туған жиеншары Ақмарал Естілеуова Айса Шәріповтың ұстаған жеке домбырасын музей қорына тапсырды. Сонымен бірге, Алматы қаласында тұратын күйшінің інісі Батырхан Нұрмашев Айса Шәріповтың киімдерін күйшінің жары Айсұлу апамыздың аманаты бойынша әкеліп, музей қорына тапсырды.

Әрине, сан ғасырғы ұлттық құндылықтарымызды сақтап отырған музей келешекте Айса ағамыздың ұрпақтары берген аманаттарын ұлт игілігі үшін насихаттай бермек. Музей директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Орал Өтепованың айтуынша, болашақта музей ісінде Айса Шәріповке жасақталған экспозиция қайта жаңғыртылмақ.

 

Бекнар ЕСІРКЕПОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология-этнография ғылыми зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

 

  • Замандас

 

Көңілдің кілтін тапқан

 

Біздің түсінігіміз бойынша, ұстаз — рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, жаңалықтың бастаушысы, өркендетушісі.

Біз осы қасиеттерді балаларымыздың алғашқы ұстазы —  Бағдагүл Шамишева апайынан көрдік. Алғашқы ата-аналар отырысында ол өз міндетін, біздің міндеттерімізді, оқушылардың міндеттерін, мектептің ішкі ережесін таныстырды. Айтқан сөзі орнықты, байсалды. Бізді өзіне бірден баурап алды.

1991 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияда еңбек ететін ол жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі. Біздің Бағдагүл апайымыздың жақсы маман екенін оның алған марапаттарынан, жеңістерінен-ақ көруге болады. Мысалы, ол әртүрлі жылдарда «Жыл мұғалімі» сайысының жүлдегері, «Облыстың ең үздік мұғалімі» атты облыс әкімінің грант иегері, қалалық «Алғашқы ұстазым» акциясының І орын иегері атанды, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, www.bilimiler.kz веб порталының Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыстық  «Менің үздік сабағым» байқауында «Кәсіби шебер мұғалім» номинациясын жеңіп алды. Облыстық «Менің  үздік класс сағатым» байқауының І дәрежелі диплом иегері. Сонымен бірге, өз іс-тәжірибесін тарату мақсатында авторлық, сабақ бағдарламалары, бастауыш сынып оқушыларына  жүргізілетін тренингтер жинағы, оқушыларды шығармашылыққа баулу бағытындағы жұмыстар жинақтарын жазды. Оқушылары да ұстазының еңбегін ақтап, түрлі сайыстарда жеңімпаз атанып келіп жүр.

Бағдагүл апай білімге оқушылардың ықыласын арттыру мақсатында оқытудың жаңа технологияларын, сондай-ақ,  ақпаратты-коммуникативтік технологияны тиімді пайдалана білетін ұстаз.

Өзін-өзі сыйлайтын адам, өз мамандығын сыйлауы керек. Біздің Бағдагүл апай  —өзін де сыйлайтын, өзгені де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін парасатты ұстаз. Ол әр баланың жүрегіне жол тауып, көңілінің кілтін таба білген жан.

 

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның

3 «а» сынып ата-аналары.

 

·        Кәсіп

 

Бадамшада бой көтерген жылыжай

 

Аудан орталығының тұрғыны Тілектес Пірманов «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасының көмегімен екі қолға бір күрек тауып, өз кәсібімен айналысып отыр.

Алты ай қысы бар Бадамшада жылыжай салуға тәуекел еткен азамат шаңырақтары қонақтан босамайтын ауылдастарына арнап қызанақ пен қияр, аскөк өсірсем дейді.

Мемлекеттен жылыжай салуға шағын несие алған ол бүгінде қажетті құрал-жабдықтарды көрші Ресейдегі Орск қаласынан әкелді. Ені 3 метр, ұзындығы 10 метрден асатын екі бірдей жылыжайды жеткізушілер құрастырып берген. Материалдары сапалы, боранға да, аязға да төзімді жылыжайлар Тілектес Пірмановтың үйінің ауласына орналастырылған.

— Жылыжайдың материалдары ұяшықты поликарбонаттан жасалған. Бұл күн сәулесінің зиянды сәулесін өткізбейді. Жылуды жақсы сақтайды. Ақпан айына дейін жылу жүргізіп, су тарту қажет. Содан кейін көшеттер отырғыза бастаймын. Өнімді мамыр айында алуды жоспарлап отырмын. Жылыжай құрып, көкөніс өсіру бұрыннан ойымда жүрген мақсаттарымның бірі еді. Бұл тәсілді Ташкент қаласында оқып жүргенімде жалдап тұрған пәтерімнің қожайыны үйретті, ол да осы тәрізді жылыжайдың иесі болатын. Ондаған шаршы метр алаңнан түскен түсіммен отбасын асыраған ол құлпынай өсірді. Қысы-жазы түсімі үзілмейді. Мен де ауылдастарыма арнап қызанақ пен қияр, аскөк өсірсем деймін! Көмекшілерім ұл-қызым, жұбайым, — дейді Тілектес Пірманов. 

 

Индира СПАНОВА,

Қарғалы ауданы.

 

 

  • Жастар

 

Тәрбие қайдан?..

 

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің экономикасы өркендеп, мәдениеті өрістеп, білім саласында айтарлықтай тың жаңалықтар бой көтерді. Негізгі жаңалық — техниканың дамуы.

Техниканың дамуы жастардың санасының өзгеруіне әкеліп соқты. Сансыз ойын түрлері мен керекті-керексіз мәліметтердің кеңінен орын тепкен жері — интернет. Ғаламдық жүйенің пайдасы болғанымен, ұрпақтың санасын улап жатқаны көпке аян. Бір жағынан бұл жаһандану, дамыған елдер қатарына қосылу болып көрінгенімен, қазақ жастарына тигізген әсерін, пайдасы мен зиянын саралап жатқанымыз жоқ. Міне, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі — осы интернет мәселелері. Өйткені интернет жастардың, тіпті 3-4 жасар балалардың санасын улауда. Жас бала компьютер алдында ұзақ отырса, ең бірінші, оның санасына кері әсер тиеді. Көзінің көруі нашарлап, ұзақ отырғаннан омыртқасы қисаяды. Ата-аналар балаларын өз қатарынан кем қылмаймын деп, компьютер алып беріп, оны интернетке қосып қояды. Иә, баланың жан-жақты болуы үшін ол қажет шығар. Алайда, бала онымен күн ұзаққа құр ойын ойнамай, пайдалы дүниелерді іздеп, білімін молайтса жақсы. Осының барлығын ата-ана қадағалап отыруы тиіс. Өйткені сабақ орындаймын деп, неше түрлі желілерде отырып, керексіз дүниелерді, тіпті ұятсыз нәрселерді қарауы әбден мүмкін. Интернеттегі түрлі ойындар баланы еріксіз баурайды. Ылғи атыс-шабыс. Ол жүйкеге әсер етпей қоймайды. Бала тез ашуланғыш, күйгелек боп кетеді.

Рас, бала мектепке қажетті мәліметтерді интернеттен тез тауып ала қояды, ол жақсы ғой, дегенмен, оның екінші жағы да бар — ол баланың іздену әрекетін тежейді, қазір интернеттен тауып алам деп ойлайды: яғни кітапханаға бармайды, газет-журнал оқымайды. Өйткені бәрі де интернетте тұр.

Жаңалықты біз интернеттен ғана алып қоймаймыз. Күнделікті үйіміздегі теледидар да — жаңалықтың жаршысы. Телеарналарда да жақсы бағдарламалар жеткілікті. Алайда, бір кемшілігі, түрік, кәріс, үнді телехикаялары көп беріледі. Кейбір балалар сондағы кейіпкерлердің аты-жөндерін, тіпті сөздерін, қылықтарын жаттап алады.

Оның орнына «Қазақ киноларының 10 күндігі» атты айдарымен қазақ киноларын, мысалы, бір түрік киносының орнына үздіксіз беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жастардың, балалардың интернеттен, телеарналардан көріп жатқан дүниелеріне үлкендер үнемі сүзгі болып отыруы керек деп есептеймін.

 

Ақжүніс ЖӘЛЕНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті.

 

  • Зерде

 

Бұл не масқара?!

 

Мен шежіреші де, тарихшы да емеспін. Және де тапсаң береке болатын, таппасаң келеке болатын мұндай жолға талаптанып та көрген жан емеспін.

Өйткені бұл жұмыс көп жылғы зерттеулердің арқасында келетінін, әрі сәл қиыс кетсең, кейінгі ұрпаққа зор қателік әкелетінін мен жақсы білемін. Бірақ үстіміздегі жылы жарық көрген Бекет Есенжоловтың «Жадымдағы жаңғырықтар» кітабын оқыған соң қолыма қалам алуыма тура келді.

Алдымен, кітап жайына тоқталсақ: Әлім шежірелері жазылған деп есептелінген бұл кітапта Тілеу аталығы жөнінде өте сауатсыз, өлінің аруағын күңірентетін, тірінің берекетін кетіретін жерлер көптеп кездеседі. Мәселен, «Тілеуден тек Мөңке туады, қалған балалары Қабақтың Қангелдісінен туған Саршадан туады» деген «үкім» жазылған. Ең сорақысы, Сұлу анамызға қатысты тұс: ол Тілеу өлген соң Саршаға тиіп, сол некеден төрт ұл туады деп жазылған. Бұл не масқара?! Өйткені Сарша — Сұлудың баласы.

Ал Б.Есенжоловқа тап қазір бұлардың бірі де емес, кітап жазды деген атақ керек болып тұр-ау шамасы. Өйткені сауатты адам 2011 жылы басылған «Жүректе тұнған жазбалар» атты кітабында кеткен қателіктерді, арты үлкен дауға ұласса да, екі жылдан кейін тағы да сол күйінде қайталауы мүмкін емес. Шалқардың шежіреші қарттары, сонымен бірге менің ағам марқұм Жолдыбайдың сізге, кітап авторы, ата-тегіміз жөнінде айтып отырған әңгімелерін талай естігенмін. Сол әңгімелердің миыңыздан шығып кетуі тіпті мүмкін емес қой. Осы кезде сол Жолдыбай досыңыз келіп: «Бекет, мен сізге осылай айтып па едім?» десе, не дер едіңіз? Басқа да қателіктеріңіз бар.

Ағасы, бұл сөздерді оқып отырып ашуланарсыз, сірә. Бірақ әлі де кеш емес, әлі мен сізден Тілеу бабамыз бен оның ұрпақтарының алдында баспасөз бетінде кешірім сұрауыңызды сұраймын. Қазақ «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген, сол кезде, мүмкін, ағайын арасындағы сізге деген құрмет сақталар, бәлкім. Ойланыңыз, ағасы, дер едім.

 

Қуанышбай ӘЛМҰРАТ,

Шалқар қаласы.

 

  • Пікір

 

Кальянидей кемпірлер қайда?

 

Күнде кешкісін біздің үйде Ананди басталады. Ананди дегенім үндінің «Келін» сериалындағы басты кейіпкер. Сол киноны бәріміз жаппай қараймыз. Кинодағы үнді халқының салт-дәстүрінің, үйдегі тәлім-тәрбиенің көбі қазақтікіне ұқсайды.

Мысалы, олар да жаппай үйдегі қарт адамның айтқанын тыңдайды. Дұрыс болса да, дұрыс болмаса да, кәрі Кальянидің айтқаны айтқан, барлық балалары соның сөзіне тоқтайды. Және барлық келіндер ер азаматының айтқанынан шықпайды, еркек әйел адамнан бір саты жоғары тұрады. Үйдегі келіндерін айтсайшы, енелері жерден алып, жерге салып жатса да, бір қыңқ етпейді, жүздерін төмен салып тұра береді. Қарсы сөз айтпайды.

Жақында бір танысым: «Сен де Ананди қарайсың ба? Оқыған, тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу адамсың, жоғары білімің бар, сұмдық екен, сені сериал қарайды деп ойламаппын», — дейді. Сонда сериал қарауың үшін сен оқымаған, тоқымаған, көзі жабық, көкірегі қараңғы, жоғары білімі жоқ адам болуың керек пе екен? Адам не қараса да, одан жақсылығын үйреніп, жаманынан жиренуі керек емес пе?

Мысалы, Ананди киносын алайық. Үлкенді сыйлауы, еркекті құрмет тұтуы, әйелдің өз ерінен бір саты төмен болуы біздің қазақта да бар дүние емес пе? Жарайды, баланы бес жасамай жатып, тұрмысқа беру дұрыс емес, ескіліктің сарқыншағы шығар. Кезінде бізде де атастыру, бесік құда, бел құда дегендер болды ғой, соған ұқсас бірдеңе бұл да.

Алайда, ана кемпір байғұстың шырылдап жүргенінің бір мәні бар: «Ұлттық салт-дәстүрден бас тартсақ, ертең-ақ ұлтымыз азып-тозады, ұлттық болмыстан ажыраған халық боламыз, ал ол жақсылыққа апармайды» деп бәйек болып жүр. Фильмнің барлық мазмұны — осы. Ескі салт-дәстүр мен жаңашылдықтың, жаһанданудың тартысы. Біз де сондай үлкенін сыйлаған, етектіден бөріктіні жоғары қойған ел едік. Бірақ қазір ұлттық салт-дәстүрдің көбінен ажырадық. Қарияларымыз баласына сөзін өткізе алмайды, баласының қас-қабағына қарап жүретін аналар көбейді, Кальянидей кемпірлер аз қазір бізде. Келіндеріміз ата-енесімен бірге тұра алмайтын халге жеттік. «Мінезіміз келмейді» деп кергиді. Енесінің мінезі Кальянидей болса, ажырасып кететін шығар біздің жастар. Әйелдер күйеуінің айтқанын тыңдамайды. Бізде солай…

 

М.ҚОБДИНА.

Ақтөбе қаласы.

 

  • Азамат

 

Жақсының бастамасы

 

Әр ауылдың көш бастар көсемдері мен сөз бастар шешендері болатынына ешкімнің күмәні болмас. Көктау ауылында да бастама көтеретін азаматтар бар. Солардың бірін айтайын…

Өзіне де, өзгеге де жақсылығын аямайтын азамат Данияр Тұраров мектепке көмек қолын беруге әр кез дайын. Нұрлы көш орта мектебінде ұйымдастырылып жатқан шараларға белсене араласады. Аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына  ақшалай, заттай көмектеседі. Жыл сайын өтетін «Мектепке жол» акциясына қатысып, ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасайды. Жаңажылдық шырша мерекесіне де өз үлесін қосты.

«Жақсыдан — шарапат» демекші, ауылдағы жақсы істердің басында жүретін  азаматқа ауылдастары дән риза.

                                                                                  Л.БАҚАНОВА,

Көктау ауылы.

Хромтау ауданы.

 

  • Талант

 

Бес жасар чемпион

 

Шалқар қаласында В. Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен іріктеуде мектебіміздің балдырған қызы Дияра Ыбыраймова І орынмен марапатталып,  облысқа жолдама алған болатын.

Бұл үлкен қуаныш еді, себебі Дияра бар болғаны 5 жаста.

Дияраны шахматқа баулыған №2 мектеп-гимназияның «Жас шахматшы» үйірмесінің жетекшісі Бақытгүл Бижанова былай әңгімелейді:

— Дияраның өзі қызығып, күнде оқушылар отырған ойын алаңынан шықпай қойды. Бір күні кабинетке келіп: «Папам маған шахмат сатып әперді, мен енді өзім ойнаймын!» — деген соң, ынтасын қайтара алмадым да, сол күннен бастап Диярамен қарсылас боп ойнауға отырдым. Аз ғана уақыт ішінде мынадай жетістікке жету, әрине, ең бірінші ата-анасы Бекболат аға мен әріптесім Қазыгүлдің  де еңбегі.

Сөйтіп, Ақтөбеге аттанған Дияра облыс бойынша облыстық шахмат додасынан 8 жасқа дейінгі қыз балалар арасында  І орын алып, чемпион атағымен бірге медаль тағып  оралды.

Мектебіміздің үлгілі отбасының бірі боп саналатын Бекболат Мырзалин мен Қазыгүлдің екі баласы Алтынбек пен Бибінұр «Алтын белгі» иегері атанса, ортаншысы Бекнұр республикалық өнер додасында жүлдегер болып, нәтижесінде Қазақ ұлттық өнер академиясының домбыра факультетіне түсіп, елордамыз Астанада грант бойынша оқып жатыр. Енді, міне, кенжетайы Дияра мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ, зеректік қабілетімен танылуда.

Осындай  өнегелі шаңырақтың тағылымды тәрбиесін өзгеге үлгі етумен қатар баспасөз арқылы ұжым атынан құттықтап, Дияраға талабыңа нұр жаусын, енді  білім тұңғиығына да терең бойла, алар асуың көп болсын деген тілек айтамыз!

 

Г.АМАНЖОЛОВА,

№2 мектеп-гимназияның кітапханашысы.

Шалқар қаласы.

 

Хаттарды топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button