Ұлт деген ұлы ынтымақтастық

философия ғылымдарының докторы.
Біздің заманымыздың тірегі ұлттық идея деген пікір бүгін жиі қайталанады. Оның өзіндік себептері де бар.
Соңғы жиырма-отыз жылда ұлттық мәселелерге назар аударыла бастады. Әлемде екі жүзге жуық мемлекеттердің шамамен жиырмаға жуығы бір ұлтты деп есептеледі. Онда да ол елдер бірыңғай бірұлттық емес, шағын этностық топтар оларда да бар, бірақ олар 5 пайыздан аспайды.
ХХ ғасырдың ортасына дейін ғылым мен технологияның дамуы, демократияландыру ортақ азаматтық ұлттық белгілерді бірте-бірте ығыстырады деп болжам жасалған. «Плавильный котел» теориясы заман ұлттарды мидай араластырып, бір қазанда қайнатып, балқытып, ерітеді, қазаннан бір-біріне ұқсас, бір тілді, бір дінді басқа халықтар шығады деді. Кезінде В.И.Ленин ірі қалалар, әсіресе, Нью-Йорк, ұлттарды балқытатын қаланың үлгісі деген.
Ал бұрынғы Кеңестер Одағында таптық қатынастарға зор мән беріліп, ұлттық фактордың маңыздылығы мойындалмады. Бірақ тарихи тәжірибе ұлттық құбылыстардың әлеуметтік және саяси процестердегі мәні сақталып қана емес, күшейгендігін көрсетті. Өмірге енді «салат» теориясы келді. Ол теория бойынша, ұлттар қазанда қайнап, балқып, еріп жойылмайды, кескенде бір-біріне қосылып кетпейтін, кесілген, туралған салат тілімдері сияқты дараланып тұрады делінді. 1972 жылы Оксфордтың ағылшын тілі сөздігінде ұлттық мәселелерге (этничность) жаңа мән берілді. Этнос — грек сөзі, алғашқыда оған көп құдайға табынушылар деген мағына, кейін нәсілдік мән берілді. АҚШ-та «этникалық топтар» деген ұғым тегі британдық емес еврей, итальяндық, мексикандық, басқа да ұлттарға қатысты айтылды.
Ұлттық проблема бүгін жаһандық мәселелердің біріне айналды. Отарлау жүйесінің күйреп, Кеңестер Одағының ыдырауы, тарих сахнасында жаңа ұлттардың пайда болуы бұл мәселеге зор мән бергізді.
Айта кететін бір жағдай — әр аймақтарда бұл проблеманың өз ерекшеліктері бар. АҚШ-та ұлт мәселесі нәсілдік мәселемен астарлас, Еуропада этностық мәселелер діндермен байланысты, Германия, Ұлыбритания, Франция, Нидерландияда дін мен ұлт мәселесіне зор мән беріледі.
АҚШ-та бүгін 140 миллион мигранттар тұрады, олардың 30 миллионы АҚШ-та тумағандар, басым көпшілігі мексикандықтар. Нәсілі мен тілі басқаларды бейімдеу оңай шаруа болмай тұр. Болашақ тіпті ойландырады. 2020 жылы әлем халқының 60%-ы — Азияда, 16%-ы — Африкада, 9%-ы — Латын Америкасында, 9%-ы — Еуропада, 5%-ы — Солтүстік Америкада тұрады. 18%-ы тұратын еуропалық мемлекетте адам өлімі туудан басым, халық қартайып барады. Ресейдің 44 губерниясында да туудан өлім көп. Жұмыс күші оларға шетелдерден келеді. Әлемдік деңгейде ұлт, тіл, дін мәселесі ойландырмай қоймайды. Қоныс аударушылар жаңа мәдени ортаға сіңбей, топтар өздерінің дәстүрлі қағидаларын, дінін, туыстық қатынастарын, қауымдастық байланыстарын үзбегені еуропалықтарды бүгін таңғалдырып отыр. «Этникалық элемент» еуропа мемлекеттерінде жаңа маңызға ие бола бастауы ғалымдардың да назарын аударды.
Германия канцлері А.Меркель «біз мына мұсылмандар немістерге икемделеді, неміске айналады десек, олар өз дініне берік, сендер, немістер, мұсылмандарға, керісінше, бейімделіңдер дейтін сияқты», — деп абыржу білдірді. Осы пікірді ол Астанаға келгенде айтып, бізді де ойландырды.
Дегенмен, ұлт ұғымы бүгін әртүрлі мағынада пайдаланылады.
Француздар XVIII ғасырда ұлы француз революциясынан кейін ерікті азаматтардың қауымдастығын “ұлт”(“нация”) деп атады. Кейін азаматтардың қауымдастығы ретінде бұл ұғым ағылшын тілінде де қолданыла бастады. Сондықтан «ұлт» ұғымы мемлекет дегенді білдірді «Француз ұлты» дегеніміз ол Франция елінің азаматтары дегенді айғақтайды.
Германияда жағдай өзгеше болды. Онда бірнеше неміс тілді мемлекеттер өмір сүрді. Неміс қауымдастығы тілдік, мәдениет негізінде үйлесім тапты. Ұлт ұғымын немістер халық (volk) мағынасында күні бүгінге дейін пайдаланып келеді.
Ал француздардың, немістердің, басқалардың тілі, дәстүрі, ұлттық құндылықтары туралы мәселе бола қалса, «этнос» ұғымын пайдаланады.
Ресейде «ұлт (нация), халық (народ), этнос» ұғымдарын пайдалануда нақтылық, айқындылық болмады. Ұлт ұғымын азаматтық мағынасында пайдалануға азаматтық қоғам қалыптаспағандықтан да болар, қолданысқа енгізбеді. Сонымен бірге, бүгін ұлтты азаматтық қауымдастық ретінде қабылдаушылар көбеюде, бірақ оны этностық жағынан да қолдаушылар аз емес.
Ұлттық фактордың әлемде және жеке мемлекеттерде ұдайы өсуі түрліше теориялар мен тұжырымдардың, оның ішінде нигилистік ағымдардың пайда болуы мен тарауына себеп болды. Кейбір ағымдар ұлттық қауымдастықтардың ақиқаттығына, нақтылығына күмән келтіріп, оны адамдардың санасындағы ғана ұстаным деп аңызға саятындар көбеюде. Бұл негізінен сан жағынан үстем ұлт өкілдерінің сойылын соғатын ғалымдар жағынан туып отыр. Оларға сенсек, ұлттық қауымдастық ең алдымен ұлттық сана-сезімнің бірлігі, ол ешқандай да топтық айырмашылық, ерекшелікті білдірмейді. Ұлт дегеніміз — жай ғана ұран, адамдарды бірлікке жұмылдыратын идея ғана, ешқандайда да нақты шындық емес. Ұлт ұғымын ғылымда пайдалануға тұрмайды, сондықтан ғылыми қолданыстан алыстату керек дегенге дейін барды. Бұл бос, бекер сөзді тек кәсіби деңгейі төмен ғалымдар мен саясаткерлер ғана қолдайды делінеді. Ұлт идеясы болмаса, Кеңестер Одағы да ыдырамас еді, себебі ұлттық қауымдастық тарихи қажеттіліктен туған қауымдастық емес, адамдардың саяси әрекетінің нәтижесі. Бұл жерде қалай бүркемелеп бұлдырақтатқанмен ұлттық нигилизм айқын көрініп тұр. Ұлтты ұлттық сана-сезімге теңеудің астарында ұлтты менсінбеу, философиялық тілмен айтсақ, субъектіні мойындап, объектіні жоғалту, ұлттың өзгеруін, дамуын, жаңаруын оның жоғалуына теңеу, дамудағы сабақтастықты мойындамауға әкеліп отыр. Айналып келгенде, ұлттық қауымдастықтың өзін бұлдыр сағым деп оған мән беруді, оны ғылыми мәселе ретінде зерттеудің де қажеті жоқтығын дәлелдеу.
Бүгінгі әлеуметтік ғылымда «ұлт» ұғымы әрдайым екі жақты мағынада пайдаланылады:
а) ұлт — тілі, атамекені, мәдениеті, дәстүрі, ерекше мінез-құлқы бар қауымдастық.
Осы тұрғыдан келгенде, «ұлт» пен «этнос» ұғымдарының мазмұны бір.
б) саяси ұлт мағынасында, мемлекет азаматтарының бірлесуі ретінде де қолданады.
Қазақстан республикасының Конституциясы ұлт категориясын этникалық мәнінде тарқатады. Мысалы, 14-баптың екінші тармағында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» — делінген. Сондай-ақ, 19-баптың 1-тармағында «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп түйеді. 20-бапта ұлттық астамшылықты үгіттеуге жол берілмейтіндігі ескертіледі. Ал Қазақстан халқы, қазақстандықтар туралы сөз болса, ұлт ұғымына мемлекеттік мән береміз. Осыдан келіп «ұлттық табыс», «ұлттық экономика» , «ұлттық компания», «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық университет» дегенде біз ұлттық деп этникалық мағынада емес, мемлекеттік мәнін айтамыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевты ұлт көшбасшысы дегенімізде қазақтардың ғана емес, қазақстандықтардың лидері деп қабылдаймыз.
Сонау кеңес заманында ұлтты тарихи материалистік тұрғыдан саралай келе, оның рухани өміріне, тіліне, мәдениетіне үстірт қарадық. Ұлт болмысының территориялық, экономикалық, шаруашылық қырларына ұлттың белгілері ретінде мән беріліп, ұлтты ұлт ететін этникалық сана-сезімін, тілін, дәстүрін, рухани болмысын елемедік, жоққа шығардық. Бүгін совет заманындағы біржақтылықты сынай келе, енді екінші шекке шығу орын алуда – ұлттың ақиқаттығына күмәндану, тамырсыз қиял ретінде түсіну.
Өмірде жеке адамның ұлттық тегін айқындау кейде оңай да болмайды. Ұлттық сана атамекенде туып, елін тануы, ата-анасының да байырғы ұлттық перзенттері болуы, ана тілін білуі, ана тілінде білім алуы, біліммен бірге мәдениетін тануы, отбасылық ұлт тәрбиесі, ұлтының, елінің тарихын білуі, ортақ салт-дәстүрін сыйлауы, мойындауы, ұлты мен дінінің үйлесімі сияқты дүниелермен келеді. Осы құндылықтарды мойындамайтындар бар. Тіпті жеке адамды белгілі бір ұлтқа жатқызуды оның хұқын бұзу деушілер кездеседі.
Елмен ақылдаспай, ұлтын көрсетпейтін төлқұжат беру кезінде ел арасында пікір-талас туғызды, бұл да азаматтардың хұқын бұзу еді. «Мен қазақпын және қазақтығыма мақтанамын» деушілер қаншама? Сол сияқты басқа ұлт өкілдері де өз ұлтымен мақтана алады. Ал аралас некеден туғандар ұлтын көрсетпейтін төлқұжат талап етті, бірақ олардың бәрібір белгілі бір ұлтқа бүйрегі бұратыны анық.
Ұлтттардың басқамен сіңісіп, тілі, дінінен айырылып, жойылған тұстары көп. Бірақ осыдан келіп ұлттық қауымдастықты өткінші деу, адамдар бүгін бір ұлтқа, ертең екінші ұлтқа ауыса береді, бүгін ұлт тұтас әлеуметтік организм ретінде жойылып барады деушілер де бар.
Жеке азаматтың қай ұлтқа жататыны ол жеке өзіндік сипаттағы мәселе, ал ұлттық қауымдастық бұл объективті, шынайы ақиқат, қияли топ емес. Әлемдегі әр мемлекеттің тірегі — ұлттар, ал бір ұлт егер ол ел халқының 60 пайызынан асса, мемлекет құраушы ұлт болып табылады, себебі сол мемлекеттің ұйытқысы. Сондықтан көпэтностық мемлекет деген, «ұлттардың мемлекеті» деген қисынсыз пікір. Бүгін әсіресе көші-қон тасқыны қарқынды дамып тұрған тұста, бір ұлтты мемлекет аз. Қоныс аударушылардың келу-кетуіне қарай мемлекетті көп ұлтты деу қате. Бүгін Германияда, Францияда, басқа да мемлекеттерде әртүрлі ұлттар тұрып жатыр, бірақ ол мемлекеттер мәні жағынан ұлттық болып қала береді. Германия немістердің, Франция француздардың мемлекеті деген сияқты.
Егер ұлт негізсіз, орындалмайтын арман (химера), саяси ұран, белгілі бір мақсатқа қол жеткізетін, мысалы, тәуелсіздікке, құрал ғана болса, неге оны басқа идеялармен алмастырмасқа? Қазақстандағы қазақ ұлтын, диаспораларды «қазақстандық ұлт» деп, қазақтардың жерін, тілін, мәдениетін, дінін менсінбеуге дейін бардық қой.
Бүгін сан жағынан шағын топтарды қорғау мәселесі қолға алынуда. 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы шағын этникалық және діни азшылық топтардың мүддесін адам хұқы аясында қорғау, жанжалдардың алдын алу үшін Жоғарғы Комиссардың институтын құрды.Себебі олар белгілі бір этностардың бөлігі болып, басқа мемлекеттерде өмір сүреді.
Қазақстанда 40-тан астам саны жүзге жетпейтін, 50-ден астам саны мыңның шамасында ұсақ ұлттық топтар бар. Олар өздерінің тегін ғана біледі, ал ұлттық құндылықтардан жұрдай, негізінен орыстанған. Кейде көпұлтты мемлекетпіз деу үшін жоқты-барды теріп, бізде 120, 300, тіпті 140 ұлт бар деп жатамыз.
Қытайда 1950 жылғы халық санағы бойынша 700 ұсақ ұлттық топтар тіркелген, кейін ол деректер қайта қаралып, ұлттардың санын 30-ға дейін түсірген. Шынында да ұсақ этностар халқының саны 50 мен 60 аралығында болған. Басқалары тіпті сан жағынан ұсақ этнос деп айтуға да келмейтіндер. Оның барлығын тіркеп, ұлттың санын көбейтудің қажеті жоқ. Ал әлем қауымдастығы үшін бұл ел қытай ұлты өмір сүретін мемлекет болып қабылданады, қытайлықтар да өздерін солай сезінеді.
Азшылық топтарға байланысты соңғы жылдары «диаспора» термині пайдаланылады. Бұлар — тарихи отанынан тыс жерде өмір сүретін шағын топтар. Олар — тұрақты, топтасқан, тұратын елдің заңын, құндылықтарын мойындаған, билікпен және негізгі ұлтпен тиімді қарым-қатынасты орнатқан қауымдастықтар. Олар көптеген мемлекеттердің дамуына ықпал етеді, сол арқылы тарихи отаны туралы да оңды пікір қалыптастырады.
АҚШ халқының арасында 37 млн. афроамерикандықтар, 11млн. азиялықтар, 3 млн. ғана байырғы үндістер бар, 10 миллионнан астамы мексикандықтар. АҚШ-та еврей қауымдастығының ықпалы зор. Олар — небәрі 5-6 млн. Ғылыми салада, бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, саяси салада олардың орны бөлек. Олар басқаларға қарағанда білімді, қаржылы. Егер осыдан 20-30 жыл бұрын американдық еврейлер Таяу Шығыстағы жағдайды тек көптің бірі ретінде байқаушы болса, бүгін олардың ықпалы өте зор, тіпті шешуші рөл атқарады. Ал мұсылман қауымдастығы сан жағынан басым, мұнай компанияларымен байланысты болғанмен, ықпалы төмен, ең бастысы, бастары бірікпейді. Америкада грек, армян, поляк диаспоралары да мықты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тегі поляк американдықтар тарихи отанының тағдырына көп алаңдаған. Президент Рузвельт Сталинге Польшаға байланысты совет елінің жоспарын 1944 жылғы президент сайлауы өткенше қолдамайтынын айтқаны тарихтан белгілі. Диаспорамен тіл табысу мемлекеттің ішінде де, сыртқы саясатында да маңызды.
Қазақстанда бүгін мемлекет құраушы қазақ ұлты мен 6 диаспора өкілдері бар: орыстар, өзбектер, украиндықтар, ұйғырлар, татарлар мен немістер. Диаспора мәртебесімен келіспейтін тек орыстар ғана, олар біз, қазақстандық орыс ұлтымыз дегілері келеді. Ал шіренетін себебі – артында Ресей тұр. Шындығында орыс ұлты — біреу, ол Ресейде ғана. Біз орыс диаспорасының қасы мен қабағына көп қараймыз. Дегенмен, тарих дөңгелегі қазақ пайдасына қарай айналуда.
Бүгін армян ұлтының жағдайы күрделі. Арменияда тұратын армяндар мен шетелдерде тұратын армян диаспорасының саны бірдейге жуық. Олар Еуропа, Азия және Америка елдерінде тұрып жатыр. Арменияда шамамен 2 млн. жарым армяндар тұрады. 1991 мен 1995 жылдар аралығында Армениядан 1 миллионға жуық армяндар қоныс аударған. Тек Ресейде 1 млн. 130 мың армян тұрады. Тәуелсіздік олардың ұлттық санасына серпіліс бермеді, елінен көше бастады. Бұл — Таулы Қарабақтағы соғыстың салдары болар.
Ғылыми әдебиетте диаспора ұғымымен қатар, ирредентта ұғымы қолданылады, ол латыншадан аударсақ, азаттығы жоқ жер дегенді білдіреді. Бір халық мемлекеттік шекарамен екіге бөлініп, бөлінген аумақ қайта қосылуды көздейтін ұлттық қозғалысты ирредентизм дейді. Біздің саяси әдебиетте Ресей, Қытай, Монғолия мемлекеттеріндегі қазақтарға байланысты кейде бұл ұғым орынсыз қолданылатынын көреміз. Мысалы, Ресейдегі қазақтар саны жағынан кейбір байырғы, автономиялық республикалары бар халықтардан басым, бірақ этникалық топқа, диаспораға жатады. Шекарада тұратын қазақтар Қазақстанға қосыламыз деп көтеріліп те жатырған жоқ.
Ғылыми әдебиетте мемлекеттің ежелгі тұрғындары, байырғы, тұрғылықты халқы (коренные) деген атау көп тараған. Бірақ Ресейдің отарлаушы саясатының ықпалымен қазақ жеріне, басқа елдерге қоныс аударған орыстар да өздерін байырғымыз, бірнеше ұрпақ осы елді туып-өсті дейді. Тіпті күні кеше солтүстік өңірлерге қоныс аударғандар өздерін байырғы тың игерушілерміз дейді. Ежелгі тұрғындарды, қазақтарды байырғы халық деп атауды қолдамайтындар «байырғы» сөзінің астарында қазақтарға ерекше артықшылық береді деп меңзейтіндер бар. Сондықтан ғылымға титулды, титулды емес халықтар деген ұғым енгізілді. Бірақ титул деген сөз де князь, граф, барон сияқты құрметті атақ иелерін, еңбегін, қызметін мойындап берілетін әскери лауазымды да білдіреді. Байырғы немесе титулды ұлт дегеніміз — сол елдің ежелгі халқының атауы, оның байырғы тілі, мәдениеті, салты, дәстүрі, діні, атамекені, ұлттың бұрынғы өткен дәуірден бастау алатын түп-негізін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында біздің мемлекеттің «байырғы қазақ жерінде» құрылғанына әдейі назар аударылған. Ал диаспоралар сан жағынан мемлекет құраушы ұлттан аз, бірақ этномәдени ерекшеліктерін сақтап қалғандар.
(Жалғасы бар).




