«Ақтөбе»-90

Біз — меншікті тілшілерміз

Көңілде қонақтаған үкілі үмітпен жылқы жылы — 2014 жылдың есігін айқара аштық. Тәубешілігі мол, Алладан рақым тілейтін халқымыздың елдегі өзге ұлттармен, ұлыстармен береке-бірлікті сақтай отырып, жаңа асуларды алатынына күмәніміз жоқ. Бұл жылдың облыс үшін және бір ерекшелігі: Ақтөбе өңірінің шежіресі — мемлекеттік тілдегі бас газетімізге 90 жыл толатынында. Басылым алғашқы саны шығарылған кезеңнен бері ел-жұртпен бірге есейді, аймақ тарихын түгендеді. Осында қазақ әдебиеті мен журналистикасының небір қабырғалы қаламгерлері еңбек етті.

Кеңес Одағы дәуірінде республикалық аға газеттердегідей облыстағы мемлекеттік басылымдар штатында меншікті тілші деген қызмет қарастырылды. Әрқайсысы облыс орталығынан шалғайдағы екі немесе үш ауданды қамтып, жұмыс істейтін олардың астында қызметтік көлігі болған жоқ. Компьютер, факс, диктофон, ұялы телефон, электронды пошта дегендер өңіміз түгіл түсімізге кірмеген. Қалтасынан блокнот пен қаламын тастамай көбіне-көп іссапарда жүргені. Ел ішінде кеңшардың немесе ұжымшардың, ферманың билігінде отырған ағайын жағдайыңды түсініп, көліктен жәрдем көрсетеді. Қазіргідей қайсыбір тұста ардан ақша, қасиеттен қалта алдыңғы орынға шықпаған, пейілдің тарылмаған кезі ғой, түстенетін немесе қоналқы орынға бас ауыртпайсың. Есесіне редакцияның Ақтөбедегі кеңсесінен тәулік сайын тапсырма арылмай жатады, бірде ауыл шаруашылығы бөлімінен, ертеңіне партия тұрмысы бөлімінен… Осылай кете береді. Тіпті газеттің таяу күндегі санына әлде бір автордың материалын ұйымдастыруың қажет. Немесе аудандағы елді елең еткізердей әлдебір жаңалықты кезекті санға іліктіруге тиіссің. Оны дайындаған күніңде поштамен жөнелтсең, сол нөмірге үлгермейді, амалсыздан Ақтөбеге пойызбен немесе автокөлікпен баратын жүргіншіні іздеп, содан беріп жіберуге тырысасың. Осылай иттірлікпен төркінінен қашықта жүрген қыздың кейпіндегі меншікті тілші кәсібін барынша беріліп атқарған әріптестерді еске алсаң қабырғаң сөгілердей. Шауқат Құрманғалиев, Әбдіқани Аймағамбетов, Аманбай Көздібаев, Ибадулла Сұлтанов, Елеусіз Кенебаев, Жолдымұрат Сегізбаев, Манасбай Оралбаев. Бұрынғы «Коммунизм жолы» — қазіргі «Ақтөбенің» қабырғасын тіктеуіне айтарлықтай еңбек сіңірген бұл азаматтар жалғанның көшіне ілесті. Талқанымыз таусылмай жер басып жүргендер екеу-ақпыз: Үбәйдулла Жаулыбаев және мен. Үбекең меншікті тілшілікте көп болған жоқ. Ал менің журналистік еңбек өтілімнің бақандай тоғыз жылы (1981-1988 жылдар және 1996-1998 жылдар аралығы) осы кәсіпте өтті.

Жоғарыдағы тізімнен, шынымды айтайын, Шауқат ағамызды сырттай естігенім болмаса, араластығым жоқ. Кейін Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактор болғанымда тұрғылықты жұрт қызметіне адалдығын, қайырымдылығын айтып жүрді. Ал Әбекең — пейіште нұры шалқығыр Әбдіқани ағам әңгіме айтудың хас шебері, кісімен тіл табысқыш, әзіл-қағытпаларды қиыстырып, тыңдаушыны табындырар жан еді. «Коммунизм жолындағы» меншікті тілшілігін кейін республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Ақтөбе облысындағы өкілі қызметіне жалғастырды. Онымен алғаш іссапарға бірге шыққаным есімде. 1969 жылы еді, қардың жаңа түскен шағы. Шалқар аудандық газетінің редакциясында жүрген мені бастығым Тауман Төрехановтан сұрап алды да, екеуміз пойызбен темір жолдың Бершүгір стансасынан түстік. Күтіп тұрған «ЗИЛ-130» автокөлігімен Алабас поселкесіне келе жатырмыз. Мақсаты — Бершүгір жол құрылысы материалдары зауытының тірлігімен танысу, газетке материал дайындау екен. Тоқтаған үйіміздің алдында шағын денелі бір азамат ағаш жарып жатыр. Әбекең мені бүйірімнен түртіп:

— Мына кісіні әйдік зауыт директоры десем, сенесің бе? — деп, ырқ-ырқ күледі.

Сөйтсем, Бөген Жақыпов болып шықты. Екеуінің жас шамасы қарайлас, нағашылы-жиендігі де бар тәрізді. Балаң шағым, түнімен өзара жарасымды әзілдерімен таңның қалай атқанын сезбей қалыппыз. Аймағамбетовтің ел ішінде беделі сұмдық, тіпті ауданның бірінші басшылары қаламының уытына ілігіп қалудан қаймығатын.

Бірде Шалқарға Сексенбай Күлімбетов пен Жолдымұрат Сегізбаев келе қалды. Бірі редакцияда жауапты хатшы, екіншісі меншікті тілші, «Сауда мекемесінің басшылары сонау Қап тауындағы республикадан пойызбен ол кезде көп адамның қолына түсе бермейтін цитрус дақылдарын алдырып, үстеме бағамен саттырды» деген мағынадағы шағым хатты тексеруге келіпті. Бастығымыздың тапсырмасымен редактордың орынбасары Мұқанбетәли Есмағамбетов екеуміз кезектесіп үйімізге шәйға шақырдық. Асау мінезі бар Секең Жолдымұратқа кейіп-кейіп алады.

— Сын материалды аз жазасың, кімнен қорқасың? Бүйтіп жұмыс істей ме екен? — деген сыңайда.

Жөкең қарсы сөзге келместен, алдындағы дәмнен алып қояр еді. Сондағы Мұқанбетәлидің:

— Е, собкор дегенің әншейін нәрсе екен ғой, әркім төмпештей беретін, — дегені санамда орнығып қалыпты.

Сегізбаев көп ұзамай қызметімен қош айтысып, мұнай кәсіпорындарының біріне орналасты, содан зейнет демалысына шықты.

Аманбай Көздібаев газет шығарудың нағыз қойторысы еді. Баспаханада жұмыс істеді, жауапты хатшылықты атқарды, фотоаппаратты меңгеріп алды. «Еңбек таңы»-«Коммунист» газеттері редакторының орынбасарлығынан келді, арада бір-екі жыл өткізіп, сол өзі істеген аудандық газеттер басшылығына тағайындалып, ұзақ мерзім абыройлы атқарды. Бөстекі әңгімеге әуестігі жоқ Әбекең сын материалды сирек жазатын.

Елеусіз Кенебаевпен «Коммунизм жолында» қатар жүрдік. Сырбаз, киім киісі, жүріс-тұрысы талғампаздығын аңғартатын. Домбыра тартып, ән шырқайтын серілігі де болды.

Манасбай Оралбаев Қызылорда облысының Арал ауданынан отбасымен Шалқар қаласына көшіп келіп, қоныстанды. Бірнеше жыл «Коммунизм жолының» меншікті тілшілігін атқарды. Ғұмырының соңғы кезеңінде өлке тарихын жинақтаумен, шежіре-деректерді жүйелеумен шұғылданды.

1981 жылы Шалқардың газетінде жауапты хатшымын. Редакторым Тауман Алыбайұлы кабинетіне шақырды. Бастықтың алдында жұмыс ретімен күніне әлденеше болатын менің ойымда бөтен ештеңе жоқ. Бірақ бұл жолғы әңгіме бөлек.

— «Коммунизм жолындағы» Нұрқайыр Телеуов сені өзіне меншікті тілшілікке алғысы келеді. Барсаң қайтеді? — дейді.

Ойланып қалдым. Облыстағы басылымға ара-тұра материалдарым шығатын. Беделі дардай ағам шақырып жатса тартынуға бола ма? Келісімімді бердім. Сөйтсем, бұл қызметке барарда партиялық есебінде тұрған аудандық ұйымның да келісімі қажет екен. Аупарткомның бірінші хатшысы Ахметжан Төребаев бөтен пікір айтпапты.

Ибадулла Сұлтановпен таныстығым осы тұста басталды.

Иекең «Коммунизм жолы» газетінің штатына менен бұрын алынған. Байғанин ауданында еңбек жолын механизаторлықтан бастап, комсомол ұйымдарында қызмет атқарыпты. Өзім осыған дейін аудандық газетте тек бір ауданның шеңберімен шектелгенмін. Ендігі тірлік басқаша болмақ, яғни үніміз облыс ауқымына жетеді, оңтүстіктегі Мұғалжар (ол кездегі орталығы — Ембі қаласы), Шалқар, Ырғыз аудандарын қамтуға тиістімін. Алғашқы материалдар газетке шығып, көңілде көгершін самғай бастады. Бір ерекшелігі — әрбір тоқсан, кейде екі ай сайын меншікті тілшілерді Ақтөбеге шақырып, аппарат жиналысында есебін тыңдау, жазған материалдарын талқылау, жаңадан тапсырмалар беру үрдісі бар екен. Іссапар шығыны төленеді, алдын ала біз үшін қонақүйге тапсырыс беріледі. Бұрын сырттай естуім бар Иекеңмен редакция кеңсесінде ұшырастым. Адамды бірден өзіне үйіріп алатындай, ауыл тірлігіне ерте араласып, өмір сынынан өткен, бала-шаға барырақ. Жасы кіші болса да әңгімесін «Жәке» деп бастады.

— Жазған және ұйымдастырған материалдарыңды тізімдеп, бөлімдерге кіріп шық, әңгімелерін асықпай тыңда. Еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінде Дүйсенғали Мұқаев ағаңа арнайы сәлемдес, журналда тіркелген және жарияланған дүниелеріңді сараптап ал. Айтпақшы, сол бөлімдегі Зейнолла Құлжанов жездең ғой, екеулеп жұмыстан кейін бағармыз, — деп қояды.

Солай еттік те. Бірінші есеп беруім ғой. Қызықтың көкесін лездемеде көрдік. Редакция аппаратында шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мүйізі қарағайдай азаматтар. Бізді тыңдап болған соң, партия тұрмысы бөліміндегі Мұрат Нұртаев ағам бастап, жағалай сөйлеп берсін. Әңгіменің кіріспесінде аз-кем жылы лебіз айтқандай. Сосынғы пікірлер «Сын материал жазбайды», «Ауылда тегін жылқы жеп отырғасын сынды не қылсын?» дегенге ойысады. Қарап отырып қысылады екенсің.

Лездемеден шыққан соң Дүйсекең, Зекең, басқа да бірнеше жігіт бар, ептеп шүйіркелесіп, қонақүйге келдік. Ибадулла ағамыз екеумізге бір бөлме бұйырыпты. Манағы көргенімдей қауқылдаған қалпы. Орынсыз айтылған сындарға ренжігенімді байқаған-ау, әңгімені көп созбастан лезде шәй демдеді. Ауылдан ала келген дәмі бар екен, үстелге қойды. Шишаны да қамдапты, екі рюмкеге құйды.

— Жәке, үлкен ауылдың жігітісің, — деп көтермелеп жатыр. — Ештеңеге ренжіме, жассың ғой. Мұндайдың әлі талайын көресің. Қайта ерегісіп, материалыңды бұрқыратып жаза бер. Сосын өздері де қояды.

Жылы сөзді кім жек көреді?! Ыстық шәймен, ащы дүниемен біраз буырқанып, екеуміз ағалы-інілі қалпымызда көңілдің делебесін бос жібердік. Ағамыз әңгімені тігісін жатқыза айтады екен, бойым жеңілдеп сала берді.

Сол шақтан бастап біздің арамызда әдемі сыйластық орнады. Ол — Қарауылкелдіден, мен — Шалқардан бірімізге біріміз телефонмен қоңырау шаламыз, жұмысымызға қатысты сырларды ақтарамыз. Редакция аппаратындағылар да бұрынғыдай емес, бауырына тартып, сынап-мінеуін шектеді. Ел ішіндеміз, қайсыбіреуінің айтқан шаруасына септігіміз тигені де жасырын емес. «Құдай айдаса бармассың, дәм айдаса қалмассың» деген рас болып шықты, Иекең мені Байғанинге, мен оны Шалқарға әлденеше рет шақырысқанымызбен шаңырағымызды көріп, дәм татудың сәті түспеді.

Сөйтіп жүргенде Иекеңнің жарық дүниеден баз кешкені жайында суыт хабар жетті. Тіршіліктің заңы ғой — сол тұстағы редакция аппаратынан бірен-саран адам ғана арамызда жүр. «Алланың ісі ғой» деп өзімізді жұбатамыз. Бекзат Қуағаң – Қуандық Шаңғытбаевтың Омар Һайямнан аудармасындағыдай:

Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,

Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.

Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,

Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер.

Кейінгі қызмет сатыларымда азын-аулақ абырой алып, жақсы сөз естігендей болып жатсам, облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакциясында жол көрсеткен аға-апаларымның айрықша үлгісін еске аламын.

Меншікті тілшілікте жүрген тоғыз жылым мен үшін есею, кемелдену кезеңі болды. Облыс журналистикасы абыздарының бірі Нұрқайыр Телеуов басқарған тұста «Коммунизм жолының» беделі арта түсті. Бұрын бір аудан шеңберінде тұйықталып қалған мен үшін өрісімді кеңейту мүмкіндігі туды. Іссапарларда талай тағдырларға кезіктім. Бірде Шалқар ауданының Бозой селосында тұратын он үш баланың анасынан облыстық газет редакциясына келіп түскен арызды тексердім. Мәселе былай. Бозой — ол кезде газ өндіру мен сақтаудың бірнеше кәсіпорны жұмыс істейтін, ондаған ұлт өкілдері шоғырланған үлкен село, аудан орталығы Шалқардан 220 шақырым жерде. Көп қабатты үйлердің бірінде үш бөлмелі пәтер босайды. Мұны естіген кейіпкеріміз көп балалы екендігін бетке ұстап, отбасымен әлгі пәтерге рұқсат қағазынсыз кіріп алады. Газ құбырының Арал тораптық-өндірістік басқармасының басшылығы бұл әрекетті «жүгенсіздік» деп бағалайды да дереу комиссия құрады. Комиссия ол кірген пәтердегі мүлкін хаттап, қоймада сақтауға қояды. Дау осыдан шығады, Нұрғалиева: «Мүлікпен бірге жинап жүрген ақшам да қолды болды» дейді. Мен Бозойда тиісті адамдардан құжат, түсініктеме алып, тура бір апта жаттым. Дәм татуға шақырған үйлердің біреуіне бармадым, сол тұста Бозойда іссапарда жүрген аудандық халықтық бақылау комитетінің инспекторы Мейірхан Сартовпен, облыстық бақылау-тексеру басқармасының өкілі Жалғасбай Бекбергеновпен бірге қонақүйде жаттым, тамақты асханадан өз ақшамызды төлеп іштік. Нәтижесінде «Өктемдік өкінішке ұрындырады» деген көлемді мақалам газетте жарияланды. Болған жайға әділ баға бергенім болар, соңымнан ешқандай арыз-шағым түспей дау әдемі тоқтады.

Айтпақшы, облыстық газетке арызын берместен сәл бұрын әлгі апамыз Ақтөбеде ұшаққа отырып, Мәскеуден бір-ақ шығады. Кеңес Одағы әйелдері Комитетінің төрайымы, ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Валентина Николаевна Терешкованың қабылдауында болып, «Мен зәбір көрдім» деп, шағынады. Содан Мәскеудегілер Ақтөбеге, облыстық партия комитетіне телефонмен қоңырау шалыпты. Мәселе обкомның бақылауында тұр екен.

           

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ.

Ақтөбе қаласы.

 

Суретте: солдан оңға қарай – еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің аға тілшісі Зейнулла Құлжанов, меншікті тілшілер Ибадулла Сұлтанов, Жанғабыл Қабақбаев. Сурет 1983 жылы түсірілген.

           

 

                

     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button