«Ақтөбе»-90

«Ақтөбенің» торқалы тойы

«Ақтөбе» — 90

Биыл маусымның 7-де облыстық «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толады.

Бұл — үлкен тарих, облыс өмірінің тоқсан жылдық жылнамасы!

Өкінішке қарай, «Ақтөбе» газеті туралы толымды зерттеу жоқ, сондықтан біздің сүйенетініміз —  әр жылдарда шыққан мерекелік нөмірлер ғана.

Біздің қолымыздағы ең алғашқы мерекелік нөмір бүгінде тоқсанға қарай аяқ басқан ардагер журналист, газет тізгінін отыз  жылға жуық ұстаған Нұрқайыр Телеуовтің басшылығымен газеттің 50 жылдық мерейтойына арналып, 1974 жылы  шығыпты. Облыс басшылығы 50 жылдық мерейтойға қатты мән бергені қосымшадан көрініп тұр. Газет басшылығы да  мерекелік нөмірге мұқият қараған. Шығарушылық алқасы құрылған. Негізгі салмақ  сол кездегі редактордың орынбасары, белгілі журналист  Нұқы Қартбайұлының иығына артылыпты. Газеттің мереке қарсаңында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы да сол кездегі «Коммунизм жолының» салмағын аңғартады.

Белгілі ғалым Тұрсынбек Қожекеев осы қосымшада шыққан «Кедейдің»  кемелдену кезеңі» атты мақаласында 1918 жылы 8 қаңтарда совет өкіметі орнап, сол күннен бастап жетісіне екі мәрте шығатын «Ақтөбе бюлеттені» шыға бастағанын, 1921 жылы маусым айынан бастап жеке губерния болған Ақтөбенің губерниялық партия және атқару комитеттерінің «Казахская степь» атты жетілік газеті шығып, оның 1924 жылы 119-нөмірден бастап «Степная правда» аталғанын жазыпты.

Сол жылы күн тәртібіне қазақ тіліндегі газет шығару мәселесі қойылған. Губерниялық партия және атқару комитеттерінің 17 наурыздағы бірлескен мәжілісінде қазақ газетінің атын «Кедей» деп қою ұйғарылыпты. «Кедейдің»  тұңғыш нөмірі 7 июнь күні Ақтөбенің сол кездегі Сталин және Фрунзе атындағы көшелердің бұрышындағы 16-үйде жарық көрді. Ол — «Ақтөбе губерниялық совет әм партия комитеттерінің тілі» деп аталды.

«Кедей» жетісіне бір рет шағын көлемде екі бет болып шығып тұрды. Оның алғашқы екі нөміріне І.Құрамысов, 3-ші Өтемісов, 4-ші нөмірінен бастап Құлбеков деген қол қойды» — дейді ғалым. Сол жылдың аяғына қарай газет таралымы мыңнан асып, Жиенғали Тілепбергенов тізгін ұстапты.  

Өте жинақы шығарылған  мерекелік  қосымшадан аңғарғанымыз, «Кедейдің» 5 жылдығына да қатты мән берілгенге ұқсайды. Ж.Жәнібекұлы (Сірә, газет редакторы болса керек, — Б.Б) «Газетіміздің бес жылдығы» атты мақаласында («Кедей» 1929 жыл 7 маусым): «Кедей»  газеті бес жасын толтырып,  алтыншы жасқа аяқ басқалы отыр. Газетіміздің осы нөмірі сол бесжылдық өмірдің қуанышына арналып, шығып отыр.

«Кедей» — Ақтөбе округінің еңбекші қазақ шаруаларының өз тілінде көріп отырған тұңғыш газеті. Мұнан бұрын Ақтөбеде қазақ тілінде газет шыққан емес…» — деп жазыпты.

Ал батырақ ақын Оспан Балтабекұлы сол нөмірде жырмен шашу шашыпты:

Құтты болсын, «Кедейім»,

Алтыға аяқ басқаның,

Шаруаларға ұнап тұр,

Сана қылып шашқаның.

Кедей менен орташа,

Түсініп қоңсы қонып тұр,

Бай мен молда, қулардың

Жүздері күлдей солып тұр.

«Кедейдің» алғашқы нөмірлеріне Құдайберген Жұбанұлы да белсене араласқан.

…«Кедейден» соң «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол» «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» атанған газет 1990 жылдан бастап «Ақтөбе» деген атпен шығып келеді.

Тағы да 1974 жылғы мерекелік қосымшаға оралайық. Өйткені мұнда бүгінде аттары аңызға айналған қазақ әдебиеті алыптарының жүрекжарды лебіздері бар. Қуан аға Шаңғытбаев басылымды 50 жасымен құттықтай келіп: «… Жүдә ғанибет! Ол бүгінде қазақ совет әдебиетінің қайратты өкілі болып отырған талай қаламгерлердің алғашқыда қанатын қатайтқан алтын босағасы дер едім. Мен сонау бір жылдары ақпа жырдың жыр дүлділі атанған Нұрпейіс Байғанин атаның әдеби хатшысы боп істеп жүрген кезімде газет алқасының қалың еңбекші қауымға коммунистік тәрбие берумен қатар жергілікті таланттарды талмай баулуға деген жанашырлықты, сардар-сара бағытын білетінмін.  Өнерлі өлкенің өнегелі газетінде осы дәстүрдің бетер өрби түсіп отырғаны қуанышты жайт…» — деп ағынан жарылса, былтыр ғана тоқсан жылдығын күллі республика атап өткен Тахаң — Тахауи Ахтанов бүй дейді: «Ұзақ жылдар бойы орталық, республикалық, кейде шетелдік баспа орындарымен араласып жүрсем де осы газет маған тонның ішкі бауындай. 1938 жылы «Социалистік жол» «Тахауи — оқу отличнігі» деген кішкене мақаланы суретіммен қоса басқаны есімде. Өткен жылы осы газет менің елу жылдығымды кең атап өтті. Бұл екі оқиғаның ортасында менің бүкіл саналы өмірім жатыр. Сол өмірде газетпен байланысымды үзіп көрген емеспін. Қазір де жаңа туындым болса, «Коммунизм жолына ұсынам…».

«Менің ең алғашқы балауса жырларымның ұшқан ұясы — осы «Коммунизм жолы» болатын. Содан бері жиырма шақты жыл өтті. Менің де көптеген жинақтарым шықты. Бұл кітаптардың қай-қайсысы да қасиетті босағасы — «Коммунизм жолына» соқпай кеткен жоқ…». Бұл — Сағи Жиенбавтың лебізі. Ал Бәкір Тәжібаев: «Күн мен Айдың нұры сенде жайнасын, Жарқырай бер туған жердің айнасы…» — деп өлең арнапты.

Біздің газетте жұмыс істеп, кейін партиялық қызметке ауысқан, сол тұстағы Гурьев облыстық партия комитетінің секретары Мұқамбетқазы Тәжиннің жүрекжарды лебізі мынадай:  «…Мен өзімнің «Коммунизм жолы газетінде жұмыс істеген кездерімді жиі еске аламын. Рас, газетте ұзақ мерзім жұмыс істегенім жоқ, бірақ кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметінде (1960— 1963 жылдар) жүргенде де газет жұмысымен тығыз байланыста болдым. Сондықтан болар, ақтөбелік журналист-әріптестермен жұмыстас болған шақтардың орны өзгеше бөлек, өзгеше ыстық болады да тұрады».

…Әрине, газеттің бұдан кейінгі мерейтойларында да мерекелік нөмірлер шықты, бірақ басылымның 50 жылдығы  тұсындағы санына ерекше шұқшиюымызда мән бар. Оған дейінгі мерекелік арнаулы нөмірлер жоқ,  кейінгілері соған қарап «бой түзеді». Әрі мұнда  сонау отызыншы жылдардан бастап  газетте еңбек еткен газеттің редакторларының бірі Құбаш Қожамұратовтың,  тіпті 1926 жылы «Кедейдің» редакторы Кенжеғали Әбдуллиннің қолынан тілшілік мандат алған 7 адамның бірі Х.Меңдібаевтың естеліктері бар. 

Кедейдің жоғын жоқтап, заманмен бірге алға басқан, социалдық жол мен социалистік жол арқылы коммунизм жолына түскен, ақыры түп арнасын тапқан облыстық басылымның, Жұматай Сабыржанұлының тілімен айтсақ, замана желімен түтіні әрқалай ұшқан кездері болған шығар, бірақ мұржасы түзу болғаны хақ. «Поэт в Россий больше чем поэт» — дегендей, қазақ газеттері ақпарат айнасы болумен қатар, ағартушылық міндетті де қоса атқарды. Қоғамның қарқынды қадам басқан, сүрінген сәттерінің бәрі де газет бетінде қалды.

«Ақтөбе» газетінде әр жылдарда Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұқтар Құрманалин, Есенбей Дүйсенбайұлы, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиұлы секілді қазақтың қабырғалы қаламгерлері еңбек етті. Қазақ әдебиетінің аламанына дәл осындай тұлпарлар шоғырын қосқан облыстық газет республикада тіпті аз!

Газеттің 90 жылдық мерейтойына оқырмандар да ерекше тарту жасап отыр. Биылғы таралымымыз 26 мыңнан асып отыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш! Бізге сенім білдірген барша оқырмандарымызға алғыс айтамыз!

Құдайға шүкір, біздің газетте жұмыс істеген ақсақалдар мен  апаларымыздың қатары әлі де қалың. Олардың ақыл-кеңесіне әлі күнге дейін зәруміз. Биылғы жылы мерейтой аясында біршама шаралар өткізілмек. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлының идеясымен тоқсан жылдық тарих туралы кітап құрастырылып, фотоальбом жасалмақ. Осы мұратты іске біздің ардагерлеріміз де  бір кісідей атсалысады деп сенеміз. Біздің газеттің белсенді авторларынан да үлкен үміт күтеміз.

Ендеше, іске сәт! Той басталды!

 

 

                                                                    Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button