«Ақтөбе»-90

Мараттың тартуы

«Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ырғыз» газетінің редакторы Марат Мырзалы редакция ұжымына ғажап тарту жасады — басылымның 1985 жылдан 2000 жылға дейінгі тігіндісін сыйға тартты.

Мараттың сыйлығының құндылығы сонда — бұл тігінділер редакцияда сақталмаған. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда басылымның кітапханасы таратылып, тігінділер «ұстағанның қолында…» кеткен. Осылайша күні кешегі тарихымызды таба алмай, алақтап отырған сәтте Мараттың тартуы біз үшін  баға жетпес сыйлық болды.

Жалпы, газет тігінділерін жинау Мараттың хоббиі екен. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы полиграфиялық училищеде оқыған ол ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түскенде әріптің өлшеміне дейін білетін маман еді. Сондықтан жоғары оқу орнында оқу оған, анау айтқандай,  қиынға түскен жоқ. Сырттай оқып жүріп, жұмысқа араласты. Бірақ Алматыда училищеде оқып жүргенде оған қатты әсер еткен бір жайт бар. Ол — Қазпоштаның алдындағы дәу әйнектерге облыстық газеттердің жаңа нөмірінің  ілініп тұратындығы. Марат «Коммунизм жолының» жаңа санын қарау үшін ылғи сонда баратын. Әсіресе Ырғыз туралы материалдарға ерекше үңіледі.  «Шіркін, облыстық газеттің толық тігіндісі қолымда болса ғой…» деген ой басына алғаш сонда келіпті. 1984 жылы университетті бітіріп, күзде «Ырғыз» газетіне жұмысқа орналасты. Баяғы арманның орындалар сәті енді келгендей. 1985 жылғы «Коммунизм жолының» бірінші нөмірінен бастап тіге бастады. Тек қана облыстық газет емес, республикалық басылымдардың да тігінділері пайда болды. Мысалы Маратта қазір «Қазақ әдебиетінің» де 1985 жылдан бергі барлық нөмірі бар. «Арғы атасы» «Қазақстан пионері»  мен «Пионер» болып келетін «Ұлан» мен «Ақ желкеніңіз» де тұтас тұр. Қазіргі балалар бір кезде әке-шешелері хат жазған сол басылымдарды да жиі парақтайды.

Әрине, бұл тігінділерді сақтау оңай емес. Әсіресе ауылдық жерде. Мараттың екі сарайы бар. Сол екі сарайға газет тігінділерін көшіреді де жүреді. Көктем кездерінде күнге қақтырып алатыны да бар. Кейде қатты жаңбыр жауып,  сарайдың төбесінен су тамшылағанда Мараттың жаны шығып кете жаздайды. Тігінділерді дереу басқа сарайға ауыстыру керек. Бұндайда үй іші түгел әбігерге түседі. Бала-шаға бәрі жабылып, іске кіріседі. Шаруа бітіп, тігінділер қауіпсіз жерге орналастырылғасын ғана жайланып отырып,  шайын ішеді.

Мәкеңнің  үй іші де қағазға ерекше құрметпен қарайды. Бұл үйде газет жырту деген «әдет» жоқ. Өзі жоқта жаңбыр жауса, ұл-қызының бірден сарайға жүгіретіні бар. Тігінділерді қарау керек…

Айтпақшы,  Мараттың ылғи сары қағаз сұрап жүретін әдеті бар. Онысы тегін емес. Сары қағаз су өткізбейді. Газет тігіндісінің сыртын орауға жақсы. Бізге алып келген кезде көрдік — кейбір тігіндінің сыртында жаңбыр іздері — сары дақ бар. Бірақ іші бүлінбепті. Міне, сары қағаздың құдіреті!

Айтпақшы, біздің кейіпкеріміз,  газет тігінділерін жинап қана қоймай, «Ақтөбе» газетінде шыққан Ырғыз туралы материалдардың картотекасын жасапты. Сол картотекаға қарайды да: «Пәлен жылғы пәленінші нөмірде мынадай материал шыққан..» деп сайрай жөнеледі. Бұл қазір көп адамның кәдесіне жарап тұр. Әке-шешесі, бауырлары хақында бір кездері жазылған мақаланы  іздейтіндер Маратқа жүгіреді. Белгілі журналист Айдос Шөкіштің мектеп бітіргендеріне 25 жыл толған кезде жазылған материалын тауып бергенде Айекең қатты қуанды.

«Ырғыз» газетін 1960 жылдан 1993 жылға дейін басқарған Әжібек Мәліков кетерінде бұның мұқияттығын аңғарып, сонау алпысыншы жылдардағы газет тігінділерін тапсырыпты. Мәкең оны  көзінің қарашығындай сақтап отыр.

1996 жылдан бастап газет тізгінін қолға алған кейіпкеріміз ана бір жылдары біраз қиындық та көрді. Газет «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-на қараған тұста біраз ес жиып, «бет-әлпеті» дұрысталып қалды. Редактор жарнама жұмысын жолға қоюды, ақша табуды үйренді. Қазір түрлі-түсті болып шығатын «Ырғыз» — ең үздік аудандық басылымдардың бірі. Облыста ғана емес!

Бала күнінде Марат «Менің елім — СССР» — деген тақырыппен күллі Одақты аралап шыққан ырғыздық журналист Ильгиз Жарылғаевқа қатты қызығатын. Ильгиздей шарлап жүрмесе де «Ырғыз» газетінің Жерлестер» атты айдары әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап кеткен ырғыздықтар туралы жерлестеріне мол мағлұмат беріп тұр.

Былтырғы жыл Марат Мырзалы үшін өте сәтті жылдардың бірі болды. Екі ұлы үйленді, аудан әкімі Мейірхан Дуанбеков редакцияға су жаңа автокөлік сыйлады. Лайым, сәттілік жалғасты болғай!

 

                                                                    Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button