Экономика

Кәсіпкерлер — ұлттық экономиканың қозғаушы күші

— Біз алдымызға әлемнің экономикасы барынша дамыған отыз елінің қатарына қосылу жөнінде ауқымды мақсат қойдық. Қуатты экономика – кәсіпкерліктің қуаттылығы, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылығы, олардың кооперациясы. Мен отандық бизнесті қолдауды жаңа саяси бағдардың маңызы жағынан екінші бағыты ретінде белгіледім, — деген болатын Елбасы «Қазақстан — 2050» Стратегиясы жарияланғаннан кейінгі өткізілген кәсіпкерлер кеңесінің отырысында.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша өткізілген кеңестердің бірінде Елбасы тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап жиырма жылдың ішінде бизнесті дамыту бағытында, отандық өнім көлемінің артуына мемлекет тарапынан үнемі қолдау жасалып келе жатқандығын айта келіп, бүгінде шағын және орта бизнес нысандарының 35 есе өскенін, қазір 700 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісінде үш миллиондай адам жұмыс жасайтынын айтқан-ды.  Ал Ақтөбе облысында бүгінгі күні 32,5 мың бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасап жатыр. Яғни тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттан бермен қарай кәсіпкерлер армиясы ұлттық экономиканың үлкен қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар.

… Өткен аптада «Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалы шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын халыққа насихаттау мақсатында «Бизнестің жол картасы — 2020» бойынша пресс-тур өткізді. Журналистер аталған бағдарлама бойынша несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялау, инженерлік инфрақұрылым жүргізу секілді қолдауға ие болған бірқатар кәсіпорындарға бас сұқты.

 

 

Қазақстандағы жалғыз өндіруші…

Ақтөбе мұнай құрал-жабдықтары зауыты Қазақстандағы машина жасайтын ең үлкен зауыттардың бірі. Бүгінде бұл кәсіпорын еліміздегі сорғы штангаларын шығарып отырған Қазақстандағы жалғыз өндіруші. Осы өнім бойынша Қазақстан нарығындағы үлесі — 80 пайыз. Кәсіпорын импорттың орнын басатын мұнай құрал-жабдықтарын өндіру мақсатында 2001 жылы ашылған болатын. Еліміздегі ірі мұнай компанияларына қажетті сорғы штангаларын, штанга жалғастырғыштарын, сорғы-компрессорлық құбырлар мен штангалық терең сорғыларды, т.б. құрал-жабдықтарды үздіксіз жеткізіп отырған зауыт өнімділігі жыл сайын артып, импортты ығыстырып келеді. Жылына 200 мың дана сорғы штангалары мен штанга жалғастырғыштарын шығаратын зауыт алдағы жылы өнімділігін екі есе ұлғайтпақшы.

— Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша өнімдерді өңдеуге арналған автоматтық линиялар сатып алдық. Бұл өнімнің сапасы мен санын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір жылына 200 мың дана сорғы штангаларын шығаратын болсақ, бұл линияларды іске қосқаннан кейін сорғы штангаларының өнімділігін 400 мыңға, штанга жалғастырғыштарын 500 мыңға арттыруға қол жеткіземіз. Жаңа жабдық Швейцариядан шығарылған, жалпы құны — 7,775 миллион доллар. Бұл құралды алу үшін «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша несие берілді және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды. Жалпы, бұл бағдарламаның отандық өндірушілер үшін маңызы үлкен, отандық кәсіпорындардың серпінді дамуы ел экономикасының қарқынды дамуына, жұмыс орындарының артуына септігін тигізеді, — дейді зауыт әкімшілігінің директоры Ғазиз Жандос.           

Оның айтуынша, жаңа құрал-жабдықтар толықтай компьютерлендірілген, яғни бұрын жиырма адам істейтін жұмысты енді екі-ақ адам атқара алады. Бірақ жұмысшылар саны қысқармайтын көрінеді.

Зауыт жұмысшылары жаңа жабдықпен жаңа жылдан бастап жұмыс жасайтын болады. Қазір Швейцариядан келген мамандар жергілікті жұмысшыларға жаңа жабдықпен жұмыс жасауды үйретіп жатыр. Осы кәсіпорын ашылғалы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі токарь Әміржан Жангелдиновтің айтуынша, бұл өте жоғары дәлдікпен жұмыс жасайтын станок. Сондықтан әр кнопкасына дейін қандай қызмет атқаратынын білу маңызды.

— Зауыт басшылығы құрал-жабдықтарды жаңарту үшін бар күшін салып жатыр. Себебі біздің өнімдер еуропалық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Кеден одағы аясында мұндай зауыттар саусақпен санарлық. Сондықтан ертеңгі күні біз басқа елдердегі кәсіпорындармен бәсекелесе алмасақ, онда нарықта қалу-қалмауымыз екіталай. Бұл — бір. Екіншіден, токарь, технолог мамандар, машина құрылысы, бағдарламалық басқару тетігін білетін жас жігіттер өте қажет. Неге екенін білмеймін, жастардың бұл салаға келуі өте аз, — дейді тәжірибелі маман.   

Қазір жаңа технологияларды енгізудің бірінші кезеңі аяқталған. Бұл өнімнің өзіндік құнын азайтуға, өндіріс қуатын арттыруға, өндіріс шығынын және өндіріс циклін азайтуға мүмкіндік береді.

 

Батыстағы бірегей кәсіпорындар

Бұдан соң журналистер «Абадан Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. 2011 жылдың аяғында ашылған серіктестік бір рет пайдаланылатын пластик өндірісімен айналысатын еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз кәсіпорын.

Өндіріс орны директоры Ержан Өтешовтің айтуынша, шикізат Ресейден әкелінеді екен. Түйіршік түріндегі шикізатты — пропиленді, полистеролды пленкаға айналдырып, одан бір рет пайдаланылатын стақан, тәрелке, жұмыртқа салатын ыдыстар шығаратын кәсіпорын өнім сапасын арттырып, түрін көбейткелі отыр. Өнідірісте сағатына 30 мың дана пластик ыдыс шығарылады. Қалдықтар қайтадан өңделеді. 

— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша пластик өнімдер жасауға арналған құрал-жабдықтар сатып алдық. Өндіріс линиясының құны — 26,4 миллион теңге, бұл қаржының 60 пайызы — өз қаржымыз, қалған 40 пайызын несиеге алдық. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жартысына мемлекет тарапынан субсидия берілді. Қазір жаңа құрал-жабдықтарға сай арнайы пресс формалар сатып алып жатырмыз. Бұл бізге өнім түрлерін арттыруға мүмкіндік береді. Батыс өңіріндегі осындай өнім шығаратын жалғыз кәсіпорын болғандықтан, өнімдерді Ақтөбе облысымен қатар Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына жіберіп отырмыз. Қазір Жамбыл облысы сұраныс беріп отыр, — дейді Ержан Өтешов.

Кәсіпорын өндіріс базасын сатып алу үшін де «Даму» қоры арқылы жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызбен 13 миллион теңге несие алған. Бұл несиенің де 7 пайызын мемлекет субсидияласа, қалған 7 пайызын несиегер төлейтін болады. Өндірісте 13 адам жұмыс жасап жатыр. Серіктестік басшысының айтуынша, жұмысшылардың барлығын жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздар қатарынан алған.

Тағы бір өндіріс орны — «Көктас-Ақтөбе» акционерлік қоғамының қағаз фабрикасы гофракартон фабрикасының құрамдас бөлігі ретінде биыл екінші жартыжылдықта пайдалануға берілді. Кәсіпорын мақсаты — гофракартон фабрикасын қағазбен қамтамасыз ету. Бұған дейін кәсіпорын гофракартон өндірісіне қажетті қағазды Ресейден сатып алып келген екен. Жаңа фабриканың ашылуы кәсіпорынға өнімнің өзіндік бағасын азайтуға, сапасын қадағалауға мүмкіндік берді.

Жобаны іске асыру үшін 2011 жылы екінші деңгейдегі банк арқылы 40 миллион теңге несие алынған, несие мөлшерлемесі «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша субсидияланған. Бұл қаржыға қағаз өндіретін машина сатып алыныпты, сонымен қатар осы бағдарлама аясында ұзындығы 1,7 шақырым болатын кірме асфальт жолын жөндеуге қаржы бөлінген.

«Көктас-Ақтөбе» АҚ директоры Александр Андрюшенконың айтуынша, цехта жылына 1200 тонна қағаз шығарылады. Бұл еліміздің батыс өңіріндегі осы бағытта жұмыс жасайтын жалғыз кәсіпорын. 

— Фабриканың тәулігіне 5 тонна өнім шығара алатындай деңгейге жетуі үшін жаңа құралдарды игеріп жатырмыз. Одан соң екінші кептіру агрегатын қойсақ, фабрика қуаттылығын тәулігіне 10 тонна өнімге дейін арттырамыз деген сенім бар. Жыл соңына дейін 60 тонна қағаз шығару жоспарлап отырмыз. Қағаз өндірісі картон фабрикасының шикізат қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр және өнімнің 30-40 пайызын сыртқа сатуға мүмкіндік береді, — дейді «Көктас-Ақтөбе» АҚ директоры.    

 

P.S. Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Дидар Боранқұловтың айтуынша, жыл басынан бері облысымызда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау бойынша жергілікті кәсіпкерлердің жалпы сомасы 10,6 млрд. теңге болатын 87 жобасы мақұлданған, соның ішінде 5,8 млрд. теңге болатын 70 жобаның субсидиялау келісімшарттарына қол қойылған. Мұның қатарындағы жалпы сомасы 400 млн. теңгеден асатын 6 жобаға «Даму» қорының кепілдемесі берілді.

— Биыл гранттық қаржыландыру бойынша жалпы құны 38,5 млн теңге болатын 14 келісімшартқа қол қойылды.«Гранттық қаржыландыру»бағдарламасы аясында ісін жаңа бастағанкәсіпкерлергеқайтарымсыз, ақысыз негізде 3 миллион теңге грант берілді. Аталған бағдарлама тек биылдан бастап жүзеге асырылды, — дейді «Даму» кәсіпкерлік қорының Ақтөбе облыстық филиалының қаржылық емес қолдау жөніндегі бас менеджері Берік Нұрғалиев.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button