Әлеумет

Қауіпсіздіктің емі — тосқауыл

Өткен аптада діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында облыстық прокуратура мен ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ақтөбе заң институты бірлесіп ұйымдастырған өңірлік ғылыми-практикалық конференцияда Сирияға діни білім алуға бармақ болған ақтөбелік жастарды райынан қайтарғандары туралы айтылды. Жауапты басқармалар мен ұйымдар басшылары діннің атын жамылған ағымдарды жастардан аластау, теріс пиғылды топтардың жұмысына тосқауыл қою мақсатында оқырманға ой салатын мәліметтер келтірді.

 

жауапқа тартылды…

 

Облыстың құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері бас қосқан конференцияда сөз алған облыстық соттың апеляциялық сот төрағасы Дәмеш Әбдәлі облыста 2011 жылы діни экстремизмге қатысы бар 22 адам, өткен жылы 11 адам сотталғаны туралы дерек келтірді. Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері 6 қылмыстық іс қаралып, 7 адам абақтыға жабылған, қазір 2 іс №2 қалалық соттың қарауына ұсынылған. Судья осы жылдар ішінде шамамен 60 адамның істі болғанын мысалға келтіріп, «Енді қылмысы бойынша жауапқа тартылған осы адамдардың бала-шағаларымен, ағайындарымен жұмыс істеу керек. Оларды назардан тыс қалдырған дұрыс емес», — дегенді алға тартты. 

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, жастарды радикалды идеологиядан қорғау үлкен проблемаға айналғаны ескеріліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдары діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес бойынша 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жасаған. Бұл бағдарлама Президент Жарлығымен бекітіліп, ел Үкіметі оны жүзеге асыру шараларының жоспарын құрды. Сарапшылар бес жыл мерзімге арналған бағдарламада «әлем елдеріндегі діни ахуал, отандық ғалымдар мен шетел сарапшыларының пікірлері, Ресей, Ұлыбритания, Түркияның тәжірибесі ескерілді» деп баға берді. Өңірлік ғылыми конференцияда сөз сөйлеген Ақтөбе облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Қалдығожин осы шаралардың бәріне қарамастан, сыртқы күштердің әсерінен ланкестік әрекеттерге бағытталған топтардың ұйымшылдығы артып отырғанын айтты.

Әлем елдеріне іріткі салған экстремистік және террористік ұйымдар діннің атын жамылып, қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас қалыптастыруға тырысуда. Олардың мақсатты жұмыстарының нәтижесі кейбір азаматтарымыздың санасын улап, бойындағы ұлттық рухты, патриоттық сезімді жойып, отбасы құндылықтарын тәрк етуге алып келді. Қазақстанда қоғамға, билікке қарсы көңіл-күй қалыптастыруға тырысқан сыртқы күштердің әсері соншалық, біздің азаматтарымыздың арасында соғыс өрті тұтанған шет мемлекеттерге заңсыз өтіп кетіп, содырлар лагерьлерінде жүргендері туралы деректер бар. Теологиялық білім беретін шетелдік оқу орындарында лаңкестік әрекеттерге итермелейтін топтардың жетегінде кетіп жатқан жекелеген азаматтарымыз туралы мәліметтер шетелде діни білім алу мақсатында жүрген жастарды елге қайтаруға әрекет жасауымыз керектігін көрсетті, — дейді Нұрлан Қалдығожин.

 

Жастарды елге қайтару керек!

 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті облыстық ішкі істер департаментімен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары Ақтөбеде бірнеше рет жоспарланған лаңкестік әрекеттердің алдын алған. Қолдан жасалған жарылғыш заттар, қару-жарақ, діни-экстремистік мазмұндағы кітаптар тәркілеген құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңсыз қару-жарақ сақтауға қатысты заң талаптарын күшейту керектігін айтып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басқарма бастығы Анарбай Батырбеков дәстүрлі емес діни наным-сенімге берілгендердің көпшілігі тонау, зорлау, адам алдау сияқты қылмыстық әрекеттерге барғаны үшін де жиі істі болып жататынын ескеріп, Қылмыстық кодекске «дінараздық себептер салдарынан болған қылмыстық әрекет» деген қосымша бап енгізілуі керектігін алға тартты.

— Террористік және діни-экстремистік қылмыстары бойынша жауапкершілікке тартылғандардың соңғы жылдары көпшілігі жастар екені байқалды. Бұл санатқа жататын қылмыскерлердің орташа жасы 17 мен 28 жастың аралығы болып отыр. Көп жағдайда олар аз қамтылғандар санатына жатқызылған отбасылардың балалары немесе тұрақты жұмыс орны жоқ азаматтар болып келеді.

Бүгінгі таңда жастардың радикалды бағыттағы діни ұйымдардың жетегінде кетуінің тағы да бір басты факторы ретінде интернет арқылы таратылатын теріс ақпараттардың көптігін атауға болады. Интернет ресурстар арқылы қолы жеткен бұрыс ақпаратты дұрыс деп қабылдаған жастар дәстүрлі емес діни көзқарас ұстанған топтардың айтқанын істеп, айдағанымен жүреді. Өздерінің таңдаған жолдарының дұрыстығына әбден сенген олардың арасында саяси жағдайы тұрақсыз Сирияның, Ауғанстанның соғыс болып жатқан аймақтарында нендей мақсатпен жүргендерін де біле алмайтын халге жеткендері бар.

Біздің жастарымыздың арасында араб елдерінде діни білім алуды сәнге айналдырғандар да бар. Олар жат жерден елге қандай ілім әкеліп жатқандарын өздері анық білмей, адасып жүр.

Осы бағытта біздің жұмысымызға бұқаралық ақпарат құралдары көмекші болуға тиіс. Алайда, көп жағдайда анық емес ақпараттар таратып, жұмысымызға кедергі болатын журналистер әрбір сөздің артында адамдардың тағдыры тұрғанын сезінбейді. Мәселен, жергілікті басылымдардың бірінде «Сирияға өтіп кеткен қандастарымыздың ішінде Темір ауданының тұрғындары да бар» деген жалған ақпарат таралып, даулы мәселе көтерілген болатын, — дейді А.Батырбеков.

Ол колледж оқушыларының, студент жастардың тәртібін бақылау, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту арқылы көп мәселенің түйінін шешуге болатынына сенімді.

 

Тізімге 279 оқушы тіркеліпті

 

Бұны облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова да құп көреді. Оның айтуынша, білім басқармасы білім беру ұйымдарындағы ахуалды бақылауға алу мақсатында «қауіпті тізімге» енгізілген оқушылар туралы мәліметтер базасын құрған.Осы оқу жылының басында «қауіпті тізімде» 279 оқушы болған. Бұл мәліметтер базасы оқушының киім киісіне, араласатын ортасына, ата-анасының діни наным-сенімді ұстануына байланысты жасалыпты. Қазір облыстың бас мұғалімінің айтуынша, жасөспірімдер радикалды ұйымдар туралы ақпарат алуы үшін тәрбие сағаттарында арнайы танымдық сабақтар өткізуге мүмкіндік беріліп отыр.

Аймақтағы діни ахуалдың тұрақты болуына үлес қосып, адасқандарға жол көрсетіп жүрген «Жарық» ақпараттық кеңес беру орталығының теолог-маманы Асланбек Тыныштықов жергілікті тұрғындарды діни бірлестіктердің жұмысынан хабардар етіп, деструктивтік ұйымдардан, түрлі секталардан жапа шеккендерге жәрдем бере жүріп, бұл қоғам оңай құтылмайтын күрделі мәселе екеніне көз жеткізгенін айтты. Ол «жастардың жүрегіне отаншылдық, ұлтжандылық сезімдерін ұялатуды, халқымыздың құндылықтарын дәріптеуді, Әбу Ханифа ілімі мен ол негізін салған діни мектепке сәйкес келетін исламның қағидаларын насихаттауды мықтап қолға алу керектігін» сөз етеді.

— Осы уақытқа дейін көшеде түрлі діни ұйымдардың жиналыстары мен уағыздарына жасырын қатысуға үгіттеу жиі орын алып келді. Мәселен, жақында Ақтөбе қаласындағы «Электрон» аялдамасы жанында қала тұрғыны Бибігүлді орта жастағы бейтаныс әйел «Иегова куәгерлері» тобына мүше болуға шақырған. Қоғамдық жерлер мен арнаулы және жоғары оқу орындарында дін атын жамылып, өз идеяларын таратуға тырысып жүргендердің жоқ еместігін айтпасқа болмайды. Біздің орталыққа протестанттық бағыттағы ұйымның жиналыстарына анасының қатысып жүргені жөнінде Г. есімді қыз бала айтып келді. Ол анасының мінез-құлқында бір өзгерістің барын анық байқапты. Яғни анасы бейтаныс топтың мүшелерімен байланысқалы бері психологиялық ауытқушылыққа ұшыраған. Сұрастыра келе, құлшылық мақсатында жиналатын жерде оның құрамы белгісіз сусын ішкені анықталды. Соның салдарынан басқа бір әлемде жүргендей әсерге енген әлгі әйелді еріксіз күлкі қысады екен. Бұл жөнінде облыстық дін істері басқармасының мамандары хабардар.

Осы жерде өзінің теріс көзқарасын өзгелерге телігісі келетіндер туралы тағы бір мысал айта кеткім келеді. Біздің орталыққа Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданның 53-үйінің тұрғындары шағым айтып хабарласты. Өздерін «Иегова куәгерлеріненбіз» деп таныстырған 2 адам тұрғындардың қайта-қайта есігін қағып, мазасын ала береді екен, — дейді Асланбек Тыныштықов.

 

Теологтарға да тыным жоқ

 

Өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан жақсы хабардар. Ол облыс аумағында облыстық дін істері басқармасының бастамасымен «Аңсар» орталығы ұйымдастырған тұрғындардың теологтармен, дінтанушы мамандармен кездесулері туралы баяндады. Сонымен қатар еңбекпен түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерге дұрыс бағыт беру мақсатында өткізілген кездесулердің нәтижесі барына сенімді.

— Қазіргі таңда облыс аумағында  22 діни бірлестік пен республикалық діни бірлестіктердің 69 филиалы және 1 православ шіркеуінің өкілдігі  бар. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің 68 филиалы, яғни мешіттер, 8 православ, 2 католик, 13 протестанттық, 1 дәстүрлі емес бағыттағы («Кришнаның Ақтөбедегі қауымы») бірлестіктер жұмыс істейді.

Ақтөбе облысында конфессияаралық қауіпсіздік назардан тыс қалған емес. Облыстағы діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары тарапынан бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде идеологиялық жұмыстар жүргізу, азаматтардың діни сауатын жетілдіру, мемлекеттің дінге қатысты саясатын тұрғындарға насихаттау мақсатында облыстық, аудандық ақпараттық-насихат топтары және «Аңсар», «Жарық» орталықтары арқылы өткізген шаралар 20 мыңнан астам адамды қамтыды, — дейді Б.Есмахан.

Оның айтуынша, шет мемлекеттерде діни оқу орындарында оқып жүрген облыстың азаматтарын елге қайтару және шетелде діни білім алуға ниеттеніп жүргендерге тосқауыл қою мақсатында олардың ата-аналарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жуырда Сирияға діни оқуға бармақ болған жастарды райынан қайтару мүмкін болыпты. Осындай жұмыстардың нәтижесінде шетелден оралған студенттерді жұмыспен қамту, Қазақ-Египет «Нұр» Ислам университеті мен жергілікті «Ақтөбе» медресесіне оқуға түсулеріне ықпал ету жөнінде тапсырма алған. Мәселен, биыл облыстан «Нұр» Ислам университетіне 14 азамат қабылданыпты.

Жыл соңына дейін «Аңсар» орталығы мемлекеттік қызметшілерге және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған діни мазмұндағы әдістемелік жинақтар шығаруды жоспарлап отырған көрінеді.

Діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, лаңкестік әрекеттерді болдырмау қазіргі таңда әлем елдерінің алдында тұрған басты мәселеге айналды. Алпауыт мемлекеттердің өзі теріс пиғылды идеологияны теліген түрлі астыртын ұйымдардың жұмысына тосқауыл қоюға әлі келмейтінін аңғартты. Бұл жаһандық проблема біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Көзқарасы қалыптасып үлгермеген жастардың санасын улаған ағымдардың жұрт арасына іріткі салуға тырысқан әрекеттеріне жалпы қоғам қарсы тұрғанымен, тамырына балта шабу мүмкін болмай отыр. Сондықтан облыстың құқық қорғау органдары бірігіп ұйымдастырған өңірлік ғылыми-практикалық конференция соңында қабылданған ұсыныстар мазмұны тұрғындарды қоғамды жат ағымдардың теріс пиғылынан құтқару үшін бірігуге шақырды.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button