Басты жаңалықтар

Ұлттық терминқор қалыптастыру: кеше және бүгін

«Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз — оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз», — деген болатын Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында. Қазақ тілін барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту үшін әр салада ұлттық терминдер қорын қалыптастырудың маңызы зор. Сонда ғана ол сол салада кеңінен қолданылады. Ұлттық терминжасам процесінде өткен ғасырдың басындағы алаш зиялылары атқарған қыруар жұмыстарды қазіргі ғалымдар қалай жалғастырып отыр? Ұлттық терминдер қорын қалыптастырудың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Терминжасам бағытында кешегі 70 жылдық кеңестік тіл саясатының ықпалынан толықтай босай алдық па? Бұл тақырып төңірегінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлымен сұхбатымыздан оқыңыздар.

 

    Қазақ терминологиясының қалыптаса бастауы қазақ тілінің дамуымен, тіліміздің тарихымен тікелей байланысты. Ал салалық терминдер жүйесінің қалыптаса бастауы, яғни қазақ тілінің бүгінгі күні қолданыста жүрген терминологиясының негізінің қалануы жиырмасыншы ғасырдың басында басталды. Бұл істің басы-қасында алаш қайраткері, тіл ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ахмет Байтұрсынұлы терминдерді қалыптастырудың жолдарын, негізгі тәсілдерін теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде көрсетті. Ол әліппеден бастап тұтас лингвистика мен әдебиеттанудың негізгі терминдерін қалыптастырып, оқу құралдарына енгізді, осылайша сол кездегі ғалымдарға, замандастарына үлгі көрсетті. Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімінде қолданған үлгілерін жиырмасыншы ғасырдың басындағы кезеңде жұмыс істеген алаш зиялылары басқа салаларда қолданды. Біз алаш зиялылары жасаған терминдердің салыстырмалы кестесін жасадық. Байқағанымыздай, Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралындағы» терминдер үлгісімен Елдес Омаров — геометрия саласында, Халел Досмұхамедов — медицина мен биология саласында, Мағжан Жұмабаев — педагогика, Жүсіпбек Аймауытов — психология, Қаныш Сәтпаев алгебра саласында терминдер жасады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған «одағай сөз» терминін Елдес Омаровтың геометриялық терминдері арасынан кездестіреміз, онда «одағай сан» деген термин болған, алайда бұл қазір қолданылмайды. Қысқасы, 1912-1925 жылдары, айналдырған 10-15 жылдың аралығында, қазақ зиялылары қазақ тілінің ұлттық терминологиясын қалыптастырды деуге болады. Бұған дәлел — барлық салалардағы сол зиялылар қалыптастырған терминологияның 95-98 пайызы ұлттық терминдер болды, қалған аз ғана бөлшегі — кірме сөздер.  Кірме сөздерді де лайықты сөз таппағандықтан, амалдың жоқтығынан алған, онда да біздің дыбыстық жүйемізге,  тілдің фонетикалық, морфологиялық жүйесіне икемдеген —  тілге тез сіңіп кетуі үшін, құлаққа тосын естілмеуі үшін, қазақ баласының құлағына сіңісті, айтуға жеңіл болуы үшін орыс тілінің дыбыстық жүйесіндегі бізде жоқ таңбаларды қабылдауды қажет деп таппай, қазақ тілінде жоқ қосымша дыбыстар енгізген. Яғни, біздің тілімізге енген кірме сөздер, Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, қазақтың тымағын киіп, шапанын жамылып кірген, бұл да сөзді өз тілімізге сіңіріп алудың, кірме сөздің бөтендігін білдірмеудің бір ерекшелігі.

    Бұл жұмыстар кейін неге жалғаспай қалды?

    Оның бір ғана себебі бар — өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағында тіл саясаты күрт өзгерді. Орыс тілінің үстемдігін күшейту қажеттігі айтылды, орыс тілін ғылымның, білімнің, техниканың тілі, яғни мемлекеттегі №1 тіл ретінде қалыптастыру керек болды. Жалпыкеңестік терминқор қалыптастыру мақсаты қойылып, оны «общесоветский терминологический фонд» деп атады. Бұл қорды орыс тілін негізге алып, оны үлгі ете отырып жасау көзделді. Терминжасам процесі осы саясатқа бағындырылды. Осылайша біздің дыбыстық жүйемізге бізде жоқ орыс әліпбиіндегі таңбалар енгізілді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Ахаңдар бастаған алаш зиялылары қабылдаған терминдер қалыптастырудың негізгі қағидаттары түп-тамырымен өзгертіліп, орыс тілінің мүддесін көздейтін жаңа қағидаттар белгіленді. Міне, негізгі басымдық орыс тіліне берілген терминжасам қағидаттарымен біз 70 жыл бойы өмір сүріп келдік.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап өз тамырымызға, кезінде Байтұрсынұлы, Бөкейхановтар жасаған қыруар жұмыстарға үңілдік, сол зиялылардың терминқор қалыптастырудағы ғылыми әдістерін таныдық. Терминжасам үдерісінде бағы байланып, аяғы тұсауланып келген тіліміздің өзі де сөз жасаудағы мүмкіндігін қолдануға ұмтылды. Тіл де тірі организм сияқты, тірі тіл өмір сүргісі келеді, жаңа ұғымдарды өзінше атағысы келеді, бұл — тіл саласындағы табиғи құбылыс.

    Айналдырған 10-15 жылдың аралығында қазақ зиялылары ұлттық терминологияны қалыптастырыпты. Тәуелсіздік алған жиырма жылда біздің ғалымдар сол кездегі Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар жасап кеткен жұмысты жасай алды ма? Және кезінде Ахмет Байтұрсыновтар қалыптастырған терминқордағы терминдердің 95-98 пайызы қазақ тіліндегі, қалған азғантай бөлшегі ғана кірме сөздер дедіңіз. Қазіргі жағдайда бұл көрсеткіш қандай? Қазір кірме сөздер көп пе? Не себепті?

    Егер салыстырмалы түрде алсақ, қазіргі ғалымдардың, оқыған адамдардың үлесіне шақсақ, Ахаңдардың сөзжасам процесі бағытында істеген жұмысын біз істей алған жоқпыз. Екінші жағынан, дәл сол кездегідей қажеттілік те болмаған шығар. Себебі жиырмасыншы ғасырдың басында барлығы жаңа болды, сондықтан барлық салада жаңа терминқор қалыптастыру қажет болды. Біздің ғылым-білім саласындағы негізгі терминқор, алғашқы оқулықтар да өткен ғасырдың басында жасалды. Екіншіден, ол кезде терминқор қалыптастыру бағытында Жұмахан Күдеров, Елдес Омарұлы, Ахмет Батйұрсынұлы, Халел Досмұхамбетов сынды қазақ тілімен сусындаған, тілді бойына анасының сүтімен дарытқан, тілдің уызына жарыған адамдар жұмыс жасады. ХХ ғасыр басында қазақ оқығандары терминдерді қазақ тілінде жасауға ерекше көңіл бөлсе, кеңестік кезеңде одақ құрамына кіретін ұлттарға терминдерді өз тілдерінде жасаудан гөрі интертерминдерді, советизмдер мен русизмдерді сол қалпында өзгеріссіз қабылдауға басымдық берілгенін жоғарыда айттық. Сондықтан біздің бірқатар салаларымызда кірме терминдер саны басым болды. Бұл, әсіресе, нақты ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдарында, мәселен, техника, энергетика, механика, кибернетика сияқты көптеген салаларда орын алды. Кеңес дәуірінде орныққан бұл дәстүр әлі де бұзыла қойған жоқ, жалғасып келеді. Өйткені аталған салалардағы аға буын, орта буын ғалымдардың елеулі бөлігі қазақ тіліне шорқақ немесе мүлде білмейді. Сол себепті олар қазақ терминін жасауға атсалыса бермейді. Еңбектерін орыс тілінде жазады, орыс тілінің терминологиясын пайдаланады, соны дамытады. Ал, тілді білмейтін, басқа тілде білім алған оқытушы, ғалым, профессорлардың еш уақытта өзі білмейтін, түсінбейтін тілде атау жасап, ол тілді ғылымның, білімнің тілі ретінде қалыптастыруға дәрмені де, тілдік мүмкіндігі де жетпейді. Рас, олардың өз саласындағы білімі терең, алайда, ана тілінде емес, орыс тілінде оқығандықтан, ана тілін, туған тілін, ата-бабасының тілін термин шығармашылығы процесінде пайдалана алмайды. Қай салада болсын ана тілін білетін мамандар аз, бұл тіпті ұлттық проблема. Ғылымның мұндай салаларында қазақ тіліне жетік, ғылыми кадрларды дайындаудың маңызы зор. Нақты ғылымдар саласында, мысалы, математика, химия, медицина, инженерия салаларында жаңа атау қалыптастыратын, сол атауды өндіріске енгізетін, сол саланы жетік білетін мамандар болғанда ғана тіл сол салада қолданыста болады, сол салада жаңаша, ұтымды, әдемі атаулар жасау мүмкіндігі болады. Әйтпесе, бұл тұрғыда алға жылжу болмайды.

    Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ зиялылары терминдер қалыптастырудың негізгі қағидаттарын жасады. Осы қағидаттарға сайкес, ғылыми терминдердің баламасын ана тілімізде таба алмасақ, оны туысқан түркі тілдерден алу қажеттігі айтылған. Оның себебі неде? Қазір бұл мәселе қалай жалғасын тауып жатыр?

    Қазақ зиялыларының бұл қағидатқа сүйенуінің себебі біреу: түбі бір түркі тілдері деген сөз бекер айтылмаған, біздің тілдеріміздің түп-тамыры бір, генологиялық, типологиялық бөлінісі жағынан өте ұқсас. Сондықтан түркі тілдерінің о бастағы дыбыстық жүйесі бір болғандықтан, ұғымдар, атаулар  да ұқсас. Мысалы, қазақ «бас» десе, қырғыз бен өзбек «таш» деуі мүмкін, біреуіміз «жоқ» десек, екіншіміз «иоқ» деуіміз мүмкін, яғни тек осындай дыбыстық ерекшеліктер ғана болмаса, жекелеген сөздердің шығу тегі бір болғандықтан, бір түбірден өрбіген сөзді түсіну, оны тілге сіңіру, дыбыстық жүйемізде бар дыбыстарды өз табиғатымызға сай икемдеп алу оңай. Ал орыс тілінің, яғни славян тілдерінің бізге туыстығы жоқ, сондықтан терминдерді алыс тілдерден алғаннан гөрі табиғаттас тілдерден алған әлдеқайда тиімді және ол сөз сіңімді болады. Ахмет Байтұрсынұлы басқа тілдің ықпалынан аман сөздерді, яғни түбі бір түркі сөздерін алу арқылы тілдің тазалығын сақтау қажеттігіне баса назар аударды. Кеңестік кезеңдегі біржақты тіл саясатының салдарынан бұл жұмыс жалғаспай қалды. Сондықтан қазіргі күні басқа түркі тілдерінде жоғалып, бізде сақталып қалған немесе керісінше, қазақ тілінде жоғалып, басқа түркі тілдерінде сақталып қалған сөздерді тапсақ, өз сөзімізді тапқандай қуануымыз керек.

    Түркі тілдес елдер ішінде Түркия мемлекетінде ұлт тілінде термин жасау мәселесі жолға қойылған. Осы елмен байланыс қандай деңгейде? Жалпы, түркі тілдес ғалымдар арасында байланыс бар ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

    Түркияда ұлт тіліндегі терминдер қорын қалыптастыруға өткен ғасырдың 30-жылдарынан, елді Ататүрік басқарған кезеңнен бастап ерекше көңіл бөлініп келеді. Түркия қазір де түркітілдес елдер арасындағы тілдік байланыстардың орнығуына, туыстас тілдерге ортақ терминдер қорын молайтуға үлкен мән беріп отыр. Олар тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уақытта Қазақстанда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда және өз елдерінде терминология мәселелріне арналған түрлі жиындар, форумдар мен конференциялар өткізіп келеді. 2011 жылы біз де Түркияның тіл комитетімен бірлесіп «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Стамбұлдағы Түркі кеңесінде түркі елдерінің ғалымдарынан тұратын терминология комитеті жұмыс істейді. Былтыр 2012 жылы Түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының ұйымдастыруымен Анкарада түркі терминологиясына арналған ғылыми жиын өтті. Түркияның тіл құрылымы, Түркия ақпараттық технология қоғамы мен түркітанушы ғалымдары, әсіресе, түркі тілдерінің ІТ саласының терминдерін біріздендіруге ерекше көңіл бөліп, жыл сайын осы мәселеге арналған дәстүрлі семинар-кеңес өткізіп келеді. Жалпы, түркі терминологиясының қалыптасуына Түркия тарапы үлкен мән беріп отырғанын айтуымыз керек. Бұл іске біздің Астанадағы Түркі академиясы да ерекше мән беріп отыр. Қазір осы академия аясында түркі елдерінің терминтанушы, лексиколог ғалымдарының басын қосып, түркі тілдерінің терминжасам мәселелерін зерттеуге бағытталған бірлескен ғылыми жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жобамызға Түркиядан – Шүкру Халық Акалын, Татарстаннан – академик Мирфатих Зәкиев, Өзбекстаннан – Хамидулла Дадабаев, Қырғызстаннан – Четин Жұмағұлов, Әзірбайжаннан  Саялы Садыгова сынды түркі әлеміне белгілі түрколог, терминтанушы ғалымдарды қатыстыра отырып, зерттеуімізді жалғастырудамыз. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы жұмыстар біршама жанданып, қолға алына бастады. Бұл бастамасы ғана. Алда әлі көп жұмыстар атқарылып, түркі жұрттарының тіларалық байланыстары нығайып, жүйеге түсуі тиіс.

    Қазіргі терминдер қоры қалай жасалып отыр? Ескі сөздер есебінен бе немесе өзге тілден өз тілімізге бейімделіп жасалған жаңа сөздерден бе, әлде халықаралық терминдерден бе? Қайсысы басым?

    Халықаралық терминдер бұрынғыдай тілімізге кедергісіз еніп жатыр. Өзге тілден сөз алуға тосқауыл қойылып отырған жоқ. Ал жаңа терминдердің жасалуы кеңестік кезеңдегімен салыстырғанда едәуір артты. Тәуелсіздіктің 20 жылдан астам уақытында тіліміз көптеген жаңа атаулармен толықты. Мысалы, жасуша, демеуші, егемендік, хаттама, іссапар, қаржыгер, әкімдік, жекешелендіру, жарияланым, тіркелім сияқты ондаған, жүздеген атаулар жаппай қолданылатын атауларға айналды. Бұл — дұрыс құбылыс. Тірі тілде сөз жасалуы, сөздік қор өз ішінен толығуы табиғи нәрсе. Оған қарсылық білдіріп, өзіміздің сөзімізді жатсыну, тілдің сөзжасам мүмкіндігін шектеу болып табылады. Әрине, жақсы сөз жасау кез келгеннің қолынан келе беретін іс емес. Сондықтан жасалған сөздердің бәрі маржан бола алмайды. Олардың сәтсіз жасалғанын шектеп, сәтті, ұтымды жасалған сөздерді сұрыптап алып, оларды қолданысқа енгізу мамандардың міндеті. Бізде осы істі кәсіби деңгейде жүргізу, үйлестіру бағытында олқылықтар бар. Кәсіби біліктілік пен терминологиялық жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуге бар күшті салуымыз қажет. Көнерген сөздердің арасынан да өз мағынасында немесе мағынасы жаңғырып қолданылып жатқан айдауыл, жасауыл, кеден, кіреуке (стоматологияда) сияқты сөздер бар. Бірақ ондай сөздер көп емес. Жалпы алғанда жазба ескерткіштер мен жыр-дастандардан, көркем шығармалардан көнерген атауларды жиып-теріп, оларды орнымен қолдану, қажетімізге жарату жағына жете мән беріп отырмыз деуге әлі ерте.

    Кейбір терминдерге қатысты қазақ тілінен жаңа баламалы сөздер жасағанша, Ахмет Байтұрсынұлылар жасаған, ұмытылып, қолданылмай кеткен термин сөздерді пайдалануға не кедергі?

    Оған айтарлықтай кедергі жоқ. Ахаңнан да, ғасыр басында еңбек еткен алаш оқығандарының еңбектерінен де алынып қолданысқа енгізілген, тілімізге қайта оралған ондай сөздер бар. Мысалы, төраға, көшірме сынды атаулар. Біз ғасыр басында алаш қайраткерлерінің еңбектерін сүзіп шығып,  Ахмет Байтұрсынұлы бастаған білімпаздардың жетекшілігімен жарық көрген «Пән сөздер», «Орысша-қазақша әскерлік атаулар», «Атаулар сөздігі» сияқты сөздіктерді кирилл әліпбиіне түсіріп, қайта басып шығардық. Ондағы сөздердің бірқатары қайта қолданысқа енді. Әлі де қажетімізге жарайтын терминдер мен атаулар ол еңбектерден табылады.

    Терминқор қалыптасып, толығып жатқанымен, ол қоғамға толық еніп, сіңіп кетпей жатыр. Оның себебі неде?

    Оның түрлі себептері бар. Мәселен, олардың қолданысын республикалық деңгейде үйлестіріп отыру, мамандарға уақытылы таныстырылуы, бірізді қолданылуы тиіс және осы мақсатқа бағытталған терминологиялық жұмыстарды жүргізуді жетілдіру қажет. Екінші жағынан, олардың тілге сіңуі жасалған терминдердің сапасына да байланысты. Ұғымның мазмұнын дәл беретін ұтымды жасалған терминдер тілге тез сіңеді. Жасалған көп терминнің бәрі бірдей мінсіз бола бермейді.

    Жаңа терминдерді халық арасында бұқаралық ақпарат құралдарында қолдану арқылы таратқан дұрыс. Бұл бағытта Тіл комитеті қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? БАҚ-пен байланыс қандай?

    Бұл пікіріңізді жалпы қолдаймын. Терминдердің қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі мол. Бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданылған терминдер жұрттың санасына тез сіңіп, көпшіліктің көз-құлағы үйреніп кетеді. Алайда, жұртшылық біле бермейтін, тек сала мамандары ғана қолданатын, арнаулы саламен шектелетін де атаулар баршылық. Ондай терминдерді қалыптастыру — сала мамандарының, арнаулы басылымдар мен ғылыми әдебиеттердің,  терминологиялық сөздіктердің міндеті. Тіл комитеті бекітілген терминдерді til@mki.gov.kz сайтында, ҚР Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссияның «Терминологиялық хабаршы» бюллетенінде, республикалық басылымдарда жариялап отырамыз. 

    Жалпы, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының «тіліне» қатысты не айтар едіңіз? БАҚ ұлттық тілдегі терминдерді кеңінен қолдана ма?

    БАҚ тілінің жетістігі де, кемшіліктері де бар. Бұл мәселеге арналған ғылыми жиындар да өткізілді. БАҚ тілінің мәселелерін бірқатар мамандар айтып та, жазып та жүр. Мәселен, өз басым белгілі қаламгер Мырзан Кенжебайдың бірнеше өткір мақаласын оқыдым. Мен де тілші ғалым ретінде БАҚ тілін арнайы қарастырып жүрген жайым бар. Бірнеше мақала және 2008-2012 жылдардағы бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа терминдер мен атаулардың қолданысына арналған «Жаңа атаулар мен жаңа қолданыстар» атты кітап та жарияладым. Бұл туралы айтсақ, ұзақ әңгіме болатын түрі бар. Сіздің осы сұрағыңызға нақты жауапты да, жеткілікті мысалдарды да сол еңбектен табуға болады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button