Жаңа үлгі жұмыс істей бастады

Ертең Ақтөбе облысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Еуроодақ өкілдігі бірлесе ұйымдастырған өңірлік семинар өтеді. «Мемлекеттік қызметті реформалау: ішкі көзқарас және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы» тақырыбында өтетін семинарда еліміздің батыс өңірінің БАҚ өкілдері бас қосады. Осы шара қарсаңында біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Сүйінбаевпен сұхбаттастық.
БАҚ бақылай бастады
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында биыл мемлекеттік қызмет жаңа үлгіде жұмыс істей бастады. Сұхбатты жаңа реформаның облыс өңірінде жүзеге асырылуынан бастайық.
— Ел Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттік қызмет саласы Елбасының тапсырмасы негізінде жетілдіріліп келеді. Осы жолғы реформа мемлекеттік қызмет саласына түбегейлі өзгеріс енгізіп, талапты күшейтті. Бұл мемлекеттік қызметшінің беделін арттырып, көпшілік үлгі тұтатын тұлға болуды талап етеді.
Біздің мемлекеттік басқару құрылымына енгізген жаңа үлгіміз халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әрине, кез келген мемлекеттің басқару жүйесінің кемшін тұстары болады. Оны түзетіп, жылдар бойы жетілдіріп отыру — міндетіміз. Мемлекеттік қызмет реформасын өздері жүзеге асырған әлемдік сарапшылар Тұңғыш Президентіміздің тікелей мұрындық болуымен Қазақстан кәсіби мемлекеттік қызметті енгізуде қарышты қадам жасады деп отыр.
Облыс өңірінде қазір жалпы саны 4726 мемлекеттік қызметші бар. Бізде мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісін түсіндіру, жаңа талап бойынша жұмыстар бірден басталып кетті. Елбасы мемлекеттік қызметтің жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз етуді міндеттеп отырғандықтан, қазір біз жаңа үлгі негізінде тестілеуден кейінгі қызметке қабылданар алдында үміткерлер өтетін әңгімелесулерге жергілікті БАҚ өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және ардагерлерді қатыстыруды қолға алдық. Бұл үрдіс ауылдарға бірден жете қоймағанымен, Ақтөбе қаласы әкімінің аппаратында, облыстық департаменттерде өткен әңгімелесулер кезінде қолданылды. Бұл сынаққа тек мемлекеттік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері ғана емес, конкурс жарияланған сала бойынша ұзақ жылдар тәжірибе жинақтаған мемлекеттік қызметші де бақылаушы ретінде қатысып, сұрақ қоя алады.
— Реформадан кейінгі өзгерістер…
— Реформадан кейінгі өзгерістер еліміз бойынша «А» басқарушы корпусын жасақтауға мүмкіндік бергені белгілі. Статистикаға сүйенсек, бастапқыда «А» корпусына 2024 лауазымды тұлғаның өтініші түскен. Кейін біліктілік талаптары бойынша тестілеуге 1851 үміткер қатысып, тестілеудің қорытындысы бойынша 1122 адам әңгімелесу арқылы өткен. Бұл деректер бүгінгі таңда «А» корпусының құрамы 30 пайызға жаңартылып отырғанын көрсетті.
Ал өңірлер үшін реформа әкелген үлкен жаңалық — ауыл әкімдерінің сайлауы. Бұл — тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет мүмкін болған саяси шара. Сайлаудан кейін ауыл әкімдері аппараттарына қосымша штаттар берілді. Мемлекет басшысы тұрғындардан түсетін арыз-шағымдарды, ұсыныстарды зерделеудің нәтижесі бойынша көп мәселені жергілікті жерлерде шешуге болатынын айтты. Ауыл әкімдерінің құзырына кіретін қосымша 67 функция нақтыланды, ауылдың өз бюджеті болады. Ауыл әкімі 4 түрлі қызметті атқару арқылы айыппұл салу құқына ие. Бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі, ішкі істер бөлімдері айыппұл салатын болса, енді тәртіпбұзушылықтар үшін әкім де айыппұл сала алады.
Сонымен қатар, ауыл әкімі ауылды көркейтуге үлес қосуға ниетті демеушілердің қаражатын тартып, оны арнайы шот арқылы ауылды жарықтандыруға, көгалдандыруға, тазалық жұмыстарын жүргізуге жұмсай алады.
үш тіл білу — міндет емес, мүмкіндік
— Ертең Елбасы «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының форумына қатысады деп күтілуде. Шетелде оқу ақысын мемлекет көтерген «Болашақ» түлектеріне оны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу арқылы өтеу туралы талап бар ма?
— «Болашақ» бағдарламасы — Елбасының маңызды саяси шешімі. Бұл тәуелсіздігімізді алған тұста кадр даярлау үшін, тәжірибесі озық әлем елдерінің ілімін әкеліп, ел игілігіне жарату үшін жасалған үлкен қадам болды. Бірақ осы уақытқа дейін шетелде оқып келген жастар ақысы жоғары жұмыс іздеп, ұлттық компанияларда, ірі банктерде, мұнай компанияларында қызмет істеп келді. Мемлекеттік қызмет көпшілігін қызықтырған жоқ.
Қазір облыс бойынша мемлекеттік қызметте «Болашақтың» төрт-ақ түлегі бар.
Болашақта шетелде оқып келген мамандарға, алдымен, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу туралы талап қойылуы мүмкін. Негізінен, шетелде мемлекеттің қаражатына оқып келген әр маман талап қойылмай-ақ ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, өзі бірінші қадам жасауы тиіс. Енді «Болашақ» бағдарламасына да талап күшейтілетін болады. Сондықтан сіз айтып отырған шетелде мемлекет ақысына оқығанын мемлекеттік қызметте жұмыс істеу арқылы өтеу үрдісінің енгізілуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймын.
—Болашақта мемлекеттік қызметшіге үш тіл білу міндеттелуі мүмкін бе?
— Дамыған әлем елдерінде мемлекеттік қызметшіге талап күшті. Олармен тереземізді теңестіреміз десек, мемлекеттік қызметшінің көп тіл білуіне жағдай жасалады деп ойлаймын. Бұл міндеттен гөрі, тіл білгені үшін көтермелеу немесе үйрену үшін жасалатын мүмкіндік түрінде айқындалатын болады.
Қазақ тілі — мемлекеттің тілі. Оны осы елдің игілігі үшін қызмет жасайтын әрбір мемлекеттік қызметшінің білуі — парыз. Дегенмен, бұл қазір міндет емес, парыз түрінде қаралады. Яғни, өзін елінің патриоты санайтын әр мемлекеттік қызметші қазақ тілін білуі, білмесе үйренуі керек.
Өткенде, «А» корпусына өту кезінде, орыс-қазағымыз түгел қазақ тілінен біліктілік деңгейін анықтайтын сынақ тапсырдық. Оның нәтижесі мемлекеттік қызметшінің қызмет сатысында жоғарылауына әсер етпегенімен, егер төмен деңгей көрсетсе, арнайы тіл үйрену курсынан өтуге ұсыныс беріледі. Сол сияқты болашақта ағылшын тілін мемлекеттік қызметтің белгілі бір сатысына көтерілген адамдардың білуі керек деген талап емес, ұсыныс болады, оны үйрену үшін жағдай жасалуы мүмкін. Онда да қызмет бабында шетелдіктермен байланыс жасамайтын мемлекеттік қызметшілер үшін ағылшын тілін білу маңызды еместігі ескеріледі.
Шегі бар шеңбер
— Мемлекеттік қызметшінің қоғамда өзін-өзі ұстауына, мінез-құлық нормаларына да талап күшейді деп жатырмыз. Бұл оларды қоғамнан өздерін оқшау ұстауға итермелемей ме?
— Қорқатын ештеңе жоқ. Мемлекеттік қызметші де адам ғой. Ол көппен бірге көңіл көтере алады, қоғамдық орындарда бола алады, қымбат көлік мінеді, жұрт қатарлы киінеді. Тек әңгіме ондай ортада өзін қалай ұстайды, қымбат көлік қайдан келді дегеннен шығады. Заңға бағынатын азамат ретінде өзінің іс-әрекетіне жауап беру, заңбұзушылықтарға, қылмысқа итермелейтін әрекеттерге бармау — мемлекеттік қызметшіге қойылатын бірінші талап. Мемлекеттік қызметші былайғы жұртқа үлгі болуы керек. Мәселен, ең қарапайымы, коммуналдық қызмет ұсынып отырған мекемелер алдында қарызы, мемлекет алдында төленбеген салығы болмауы керек. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын коммуналдық шығындарын төлемегендердің тізімінде мемлекеттік қызметшілер де жүреді. Біз бұл туралы мемлекеттік мекемелердің басшыларына ескертіп, бақылауға алуды тапсырып отырамыз. Себебі мемлекеттік қызметшінің тәртібі әрқашан бақыланады. Бұл — адам құқын шектеу емес. Себебі мемлекеттік қызметке тұрар кезде адам өзі тәртіп нормаларымен келісетіндігін растайды емес пе? Сондықтан мемлекеттік қызметші белгілі бір шеңбердің шегінен шығып кетпеуі керек.
Бізге кейде мемлекеттік қызметшілердің үстінен «өзінің қызмет бабын пайдаланып, дөрекі сөйледі» деген сияқты мазмұнда арыздар келіп түседі. Біз бірден назар аударып, арыздың дұрыс-бұрысын анықтаймыз. Көбінесе ондай шағымдардың дәлелі болмайды. Құр сөзбен сендіретін заман емес, бейнетаспаға түсірілген немесе диктофонға жазылған нақты дәлелдер керек. Егер арыз мазмұны расталмаса, мемлекеттік қызметші өзіне жабылған жала үшін арыз беруші тараптың үстінен сотқа жүгіне алады.
Сонымен қатар, мерзімдік басылым беттерінде мемлекеттік қызметшінің тәртіп бұзғаны, заңға қарсы әрекет жасағаны туралы мақалалар болса, қалт жібермей қадағалап отырамыз. Мәселен, жақында орын алған Мәртөк ауданы бойынша салық басқармасының қызметкеріне қатысты оқиғаның анық-қанығына қызметтік тексеріс жүргізуді облыстық салық департаментіне тапсырдық. Егер мемлекеттік қызметкердің рульге спирттік ішімдік ішкен күйінде отырғаны расталса, онда оны қызметінен босату туралы мәселені Тәртіптік кеңеске саламыз.
Біз негізінен мемлекеттік қызметшіге қатысты мәселелерді қараймыз. Бірақ мемлекеттік қызметшіге теңестірілген тұлғалар, лауазымдар бар ғой. Оларға қатысты шағымдарды да қабылдап, прокуратураға, қаржы полициясына жолдаймыз.
Тағдырды шешетін тәртіптік кеңес
— Сіз талай мемлекеттік қызметшінің тағдырын шешетін Тәртіптік кеңесті басқарасыз. Осы жауапкершілік үшін қиналған кезіңіз болды ма?
— Әрине… Адамды Тәртіптік кеңеске салып, ел алдында қызарту, жұмысынан босату аса қиын шаруа. Кейде дәмдес болған, аралас-құралас болған жандардың мәселесін қарауға тура келеді. Әділдік болмаса, жұрт алдында бұра тартып, берекет таппайтынымды білемін. Әрі өзім осы қызметке келгенде осындай үлкен жауапкершілікті міндетіме алдым. Сондықтан қаншалықты қиналсам да заңнан асып кеткен жерім жоқ. Себебі менің де құқым шектеулі.
— Қазір пара сұрағанды ұстап берген адамға сыйақы беретін болды. Бұл туралы сіздің ойыңыз? Сіздің өзіңізге осы уақытқа дейін қанша рет пара ұсынылды?
— Параны алған тарап та, берген адам да заң алдында жауапты. Қазір қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы ақпараттардан толық құлағдар. Елбасы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру керектігін айтты. Осы тұрғыда пара сұраған адамды ұстап беру әрекеті ойға сыйымды. Дегенмен, бұл жерде әдейі арандату әрекеттері де орын алуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Оның енді анық-қанығын тергеп-тексеру құқық қорғау органдарының құзырындағы шаруа.
Мемлекеттік қызметтің жаңа реформасы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын шаралармен қамтылған. Мәселен, мемлекеттік қызметші қызмет сатысымен жоғары өрлеу үшін белгілі бір саланың сатыларында жұмыс істеп келуі керек. Бір бұл ғана емес, конкурстық негізде жұмысқа қабылдау кезінде де сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмаудың барлық амалдары қаралған.
Ал енді өзіме келетін болсам, мен ешқашан параға жол бермейтініме сенімдімін. Бұрынырақта Ақтөбе қалалық әкімдігінде жұмыс істеген кезімде талай рет пара ұсынғандар болды. Бірақ ешқашан байлықты ар-намыстан биік қойған емеспін. Ол жолмен келетін ақшаны адал қызметіммен, қоғамдағы беделіммен айырбастау туралы ой менде ешуақытта болған жоқ. Сондықтан да бір кезде маған пара бермекші болғандарды қазір кезіктіріп қалсам, көздеріне тура қарай аламын.
Әңгімелескен Айгүл БАЙМЕНОВА.



