Құқық

Бағдарлама және ұстаз

Елімізде «Өзін-өзі тану»  рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша эксперимент 2001 жылы басталды. Ал облысымызда осы бағдарлама негізінде барлық оқу орындарында арнайы эксперименттік алаң жұмыс жасайды. Әр тоқсан сайын өткізілетін «Жүректер үндестігі» клубының отырысында экспериментатор-педагогтар бірлесіп, тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар «Өзін-өзі тану» курсының оқытылу барысы сарапталынады.

Облысымызда көптеген экспериментатор-педагогтар республикалық семинарларға қатысып, әр түрлі тақырыпта баяндамалар жасап, көптеген ұстаздар жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осындай ұстаздар қатарына қаламыздағы №32 мектеп-гимназиясының экспериментатор-педагогы Клара Өрбісінқызын қосуға болады. Ол «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің маңызы», «Білім беру ұйымдарында өзін-өзі тану пәнін оқу тәрбие процесіне енгізу тәжірибесі» атты аймақтық ғылыми-әдістемелік конференцияларда баяндамалар жасап, курс тыңдаушыларына дәрістер оқыды. Сондай-ақ, «Өзін-өзі тану» – адамзаттың рухани жан дүниесін ашудың кілті» деген тақырыпта әріптестерімен бірге іс-тәжірибесімен бөлісті. Бұл еңбегі қалалық, облыстық білім басқармалары тарапынан жоғары бағаланып, Алғыс хатпен марапатталды.

Ал бұл мектеп-гимназия «Өзін-өзі тану» бағдарламасы  бойынша 2007 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс жасайды. «Мектеп-гимназиядағы үйлестіруші топ мүшелері «Өзін-өзі тану» оқулығының сапасына сараптама жасап, оқулықтың оқушы мен ата-анаға ұнайтынын анықтады.

– Сараптама барысында ата-аналар мен оқушыларға арнайы сауалнама жүргізілді. Мұнда оқулықтың көркемдік безендірілуі жағына көңіл бөлінсе екен деген ұсыныстар айтылды. Жалпы, өзін-өзі тану сабағының ерекшелігі – оқушы өз ойын ашық, еркін жеткізе білуінде, – дейді директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Айнұр Әбдімұнапқызы.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы аясында мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Соның дәлелі ретінде «Бұқаралық ақпарат құралдары және ұлт болашағы» тақырыбында өткізілген конференцияны атап өтуге болады. Конференцияда облыстық «Ақтөбе» газеті, денсаулық сақтау басқармасы, ішкі істер бөлімі өкілдері мен мектеп психологтары бірлесіп бала тәрбиесіне төңірегінде сөз қозғап, ата-аналар тарапынан берілген сұрақтарға жауап берді. «Біздің баламыз не көреді?» деген айдармен жүргізілген журналистік бейнезерттеу қорытындысы көрсетілді. «Өзін-өзі тану» бағдарламасы арқылы отбасы мүшелерінің арасында өзара байланыс нығайып, балаға деген ата-ананың жылуы мен жауапкершілігі артқандығы дәлелденді.

Жақында облыс көлемінде өткізілген «Менің оқулығым – менің досым» акциясына 17 эксперименттік алаңның 11-і қатысты. Акция барысында ұйымдастырылған «Егер мен суретші болсам, онда…» бөліміне ата-аналар балаларымен, «Оқулық білгірі» турниріне оқушылар, «Өзін-өзі тану» оқулығына жарнама» бөліміне ұстаз бен оқушы ат салысты. Педагог-экспериментаторлар оқулықтың дамытушылық қырларын жан-жақты аша білді. Нәтижесінде №32  мектеп-гимназияның экспериментатор-педагогы Клара Өрбісінқызының еңбегі жоғары бағаланып, I орынды иеленді. Акцияда ұсынылған материалдар көптің көңілінен шығып, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша Қарағанды қаласында өткен республикалық семинарда көрсетілді.

Гүлдана БАКИЕВА,

облыстық балалардың құқықтарын

қорғау департаментінің жетекші маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button