Ақшасы жоқтың алғысын алатын дәрігер

Алладан кейінгі адам жанына арашашы болатын ақ желеңді абзал жандар туралы бірде олай, бірде былай әңгімелер айтып жатамыз. Пендеміз ғой, ойымыздан шыққан күні оң пікірімізді, жел жағымыздан шыққан күні қиғаш пікірімізді айтуға дайынбыз. Әрине, дәрігердің де дәрігері бар. Мысалы, Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылының тұрғындары облыс орталығына келсе, бір соқпай кетпейтін, үлкендер жағы «қолынан айналдық» деп отыратын бесаспап дәрігер Өмірзақ Жұмахметовті тісі ауырып ем іздеген ақтөбеліктердің көпшілігі жақсы біледі.
Әке өсиеті
Алдына келген науқасқа жылы шырай танытып, сырқат сырын дәл тауып, ауруынан айықтырып жіберетін қасиеті бар Өмірзақ Жұмахметов өзі тісті емдеуші, өзі салушы, өзі протез жасаушы дәрігер ретінде талай адамның сауабын алды. Әсіресе, туып-өскен Әйтеке би ауданында, кейін Ақтөбе қалалық стомотологиялық емханада қызмет істеген жылдары айрықша көзге түсті. Ол уақыттағы дәрігерлердің өз ісіне деген адалдығытым өзгеше еді. Денсаулық сақтау саласының мамандарының бойынан жұртшылық өзіне үлгі-өнеге болатын қасиеттерді көруші еді. Өмірзақ дәрігер «заман түлкі болса да» әрқашан адамгершілікті, адамдарға деген құрметті бірінші орынға қойып келеді. Анау тоқсаныншы жылдардың тоқырауында қалтасында көк тиыны жоқ Жабасақтың тісі қақсап ауырған бір шалы алдына келіпті. Ақтөбенің ескі қала бөлігінде сол жылы жаңадан ашқан «Зергүл» деп аталатын стомотологиялық кабинетінің қаражат тапшылығынан жұмысы ілгерілемей тұрғанына қарамастан, Өмірзақ Жұмахметов ақсақалдың тісін емдеп жазып, батасын алады. Сондағы қарияның «қанағат керек, балам, қанағат болса, дәулетің тасиды» деген сөзін ешқашан естен шығарған емес. Өзінің тілеуін тілеп Жабасақта 10 баласынан тараған ұрпағының ортасында отырған әкесі: «Ауылдастың меселін қайтарма, қолыңнан келіп тұрғанда көмегіңді аяма. Ауылда шалдар жиналған жерде түгеншенің баласы тісімді салып берді десе, мен бір марқайып қаламын» — дегенді 30 жылдан бері дәрігер болып жүрген баласының құлағына құяды да отырады. Бар ғұмырын мұғалім болып, бала тәрбиесіне арнаған әкенің сөзі — заң. Ол әке өсиетін қандай ақшадан, дүние-мүліктен биік қояды.
— Ауруы жанына батып келген ауылдастарды қалай қабылдамайсың? Біреуі жұмыссыз, бірінің зейнетақысы басына тартса, аяғына жетпейді, енді бірінің тұрмысы төмен дегендей. Бірі құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдас, енді бірі күнде көретін көршім…
Қазір адамдардың көпшілігінің жүйкесі жұқарған. Сәл нәрсеге шамданып, ашулануға дайын тұрады. Әрине, жеке басқа қатысты бүкіл проблеманы кабинетке кірерде босағаның арғы жағына тастап кету керек. Бірақ дәрігер де адам ғой. Неге оған түсіністікпен қарамасқа? Мүмкін сіздің мейіріміңізге, рухани қолдауыңызға зәру шығар? Адамдар мейірім мен қайырымдылықтан алыстап бара жатқандай көрінеді кейде. Тырнақ астынан кір іздеп, кінәлауға бейім тұрады. Әлбетте, кейде ақ халаттылар тарапынан болатын қателерді жоққа шығара алмаймыз.
Өз басым кез келген адамның басына түскен қиындықты өте жақын қабылдаймын. Мүмкін бұл дұрыс емес те шығар. Бірақ қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Күнде таңертең ондаған адам күлімсірей амандасады. Кейде тіпті «бала кезімде анам сізге апарған, тісімді емдеген едіңіз» деп алғысын көшеде тұра қалып айтатындар бар. Осындайда бір марқайып қаламын. Қазір көшеге шығып, осы маңайда тұратын кез келген адамға жағдай айтсам, менің өтінішімді жерге тастамайтынына сенімдімін. Бұл да талай жылғы еңбегімнің, жұртқа жақсылық жасасам деген ниетімнің жемісі, — дейді дәрігер.
Мұғалім әкеден өнеге алған Өмірзақ аға қатарының алды болып өседі. Жабасақтағы ауыл мектебін жақсы оқып бітіреді. Ол дәрігер болуды армандайды. Мектептен кейін «Қой санын елу мыңға жеткіземіз!» деп ұрандатқан комсомол бригадаларының бірінде бір жыл шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді.
1982 жылы Алматы медицина институтын стомотолог-дәрігер болып бітіріп шығады да туған жері — Қарабұтаққа тартып отырады. Аудандық емханада 1990 жылға дейін жұмыс істеп, кейін Ақтөбе қаласына стомотологиялық емханаға біржола ауысып келеді. Институтта оқып жүріп, дәрігер қызға үйленеді. Қазір дәрігерлер отбасы өсірген ұл — Астанада стомотолог-дәрігер, келін де — стомотолог-дәрігер. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің үшінші курсында оқитын кенже қызы — болашақ стомотолог. Бала әке жолын қуды деген — осы.
Қайырымдылық — басты қағида
— Тоқсаныншы жылдарда жұрт денсаулығына қарайтын халде емес еді. Ауыл-ауылда ғана емес, қаланың қақ ортасында емханалар жұмысын тоқтатып жатты. Қаладағы стомотологиялық емхана да жекешеленіп, мықты мамандардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Ала сөмке арқалап, саудаға шыққан әріптестерім де болды. Заманның ағымын жақсы түсінгендер жеке ісін ашып алуға талпынып жатты. Мен әрі-сәрі күйде үйреншікті жұмыс орнымды қимай көп жүрдім. Бір жағынан жалақымыздың айлап қолға тимейтіні де әбден титықтатты. Әйелім екеуіміз бұлай жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармасын жақсы түсініп, жеке емхана ашуға бел байладық. «Табалдырықтан» аттап кету оңай емес екен. Өз ісімді жеке ашуға жүрексіндім.
Қанша ақшадан таршылық көрсем де ешқашан алдыма келген адамды ақшасы жоқ екен деп емдемей жіберген жерім жоқ. Ақшасы болмаса, алғысын аламын. Алғыстан көктеп, көркейдім деуге әбден болады. Қазір ел қатарлы еңбегім жүріп, жұртқа көмек қолын созатын жағдайға жеттім, — дейді дәрігер.
Өмірзақ Жұмахметов расында да, жақсылықты көп жасауға тырысады. Ол облыс аумағында қолға алынған «Көркейе бер, туған жер» акциясына үлес қоспақ ниетпен Ақтөбенің ескі қала бөлігінде күрделі жөндеу жасалып жатқан мешіттің қорына, Алға балалар үйіне, Қарттар үйіндегі «Флотское братство» қоғамдық бірлестігіне, өзінің туған ауылы Жабасақтың жаңа мектебіне қаржылай көмек көрсеткен. Стомотологиялық кабинетіне келетін ардагер қарттарға ақысыз қызмет көрсетуді міндеті санайды.
Сөйтіп, 30 жылға созылып келе жатқан дәрігерлік ғұмырында алдынан өткен талай адамның алғысы оның еңбегін жандырды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойында мерекелік медаль кеудесінде жарқырады.
Өмірзақ Жұмахметов өз кәсібіне қатысты саладағы түйткілдерді тізбеледі, жас мамандарға кеңес берді, тіпті, балаларының денсаулығына немқұрайлы қарайтын ата-аналарға не істеу керектігі туралы ақыл қосты. 30 жылдық тәжірибесі бар білікті маманның кеңесіне құлақ түргенді жөн көрдік.
Жақсы стомотолог тапшы
— Қазір жақсы стомотолог-дәрігерді іздеу шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. Бұл — аса үлкен сұранысқа ие мамадықтардың бірі. Осыны жастар жағы ескере бермейді. Мәселен, біз 6 дәрігерге жұмыс беріп отырмыз. Дәрігерлеріміз зейнетке шыққан білікті мамандар. Қазір стомотологияға жас мамандар қажет болғанымен, өз ісінің шеберін табу қиынның қиыны. Мен өзім көбінесе протез жасаумен айналысамын. Осы салаға мамандандым деуге болады. Бұл — мүсіншінің ісімен салыстыруға болатын мамандық. Өз тісінен айырылған адамға протез жасау мүсіндеумен бірдей шаруа. Кейде адамдар «неге түзу емес» деп протез тіске көңілі толмай жатады. Ондайда: «Өзіңнің табиғи тісіңе қарашы, маржандай тізіліп тұр ма екен?» деп қарсы сұрақ қойып, ұялтып тастаймын. Жалпы, адамдардың көңілінен шығу оңай емес, — дейді ол.
Өмірзақ Жұмахметовтің айтуынша, көп адамдар тіске жанашырлықпен қарамайды. Кейбір аналар баласының тісіне қара дақ түскеннен-ақ, дәрігерге жүгінсе, енді бірі ауру әбден асқынып кеткенше бейғам жүре береді екен. Қазір балабақша жасындағы балалардың бесіктен белі шықпай жатып тісі шіриді. Оның сыры дәрігердің пікірінше, ішетін суымыздың, жейтін тағамымыздың сапасымен байланысты.
— Біріншіден, балаларды ауызды дұрыс тазалауға үйрету қажет. Тістің қуысында қалған бір түйір тамақ қалдығы тістің шіруіне әкеп соғады. Екіншіден, дүкен сөресінде толып тұрған тәтті-мәттілерден, құрамы концентраттарға толы түрлі тағамдардан, сусындардан аулақ болған жөн. Үшіншіден, сағыз шайнау — зиян. Кейде үлкендер тамақты шайнап-шайнап, тісі шықпаған кішкентай баланың аузына тыға салады. Бұл тіпті қорқынышты. Өйткені ауыз қуысында, тісте түрлі инфекциялар болады. Асқазан мен ішек жолдарының аурулары да осындайдан жұғады. Сондықтан гигиенаның қарапайым ережелерін сақтаған жөн.
Сосын сүт тағамдарының құрамында адам ағзасына керекті тұз бен кальций мол. Демек, сәби кезінен сүт тағамдарын жеуге дағдыландыру керек. Кальций жетіспеген баланың тісі әлсіреп, кариестің асқынған түрлері пайда болады, —дейді дәрігер.
Айгүл БАЙМЕНОВА.




