Азаматтық қоғамды дамыту — ортақ міндет

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Нұрлан Ерімбетовтің және мәслихат депутаттарының, ардагерлердің, кәсіподақ ұйымдары, мемлекеттік органдар, белсенді үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтар басшыларының, бизнес-құрылым өкілдерінің қатысуымен Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының VI конференциясы өтті.
Азаматтық форум — алтын көпір
Бүгінгі таңда ел аймақтарында ұйымдастырылатын Азаматтық форум мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарды байланыстыратын көпірге, ортақ диалог алаңына айналды. Үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктері мен проблемаларын кеңінен айтуға, қордаланған мәселелерді шешуге бағыттайтын форум Ақтөбеде алтыншы рет өткізіліп отыр. Қазір облыстың әділет департаментінде 355 коммерциялық емес ұйым тіркеулі десек, оның ішінде 233 қоғамдық ұйым, 107 қоғамдық қор, 15 заңды тұлғалар бірлестігі бар.
Облыста биыл жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі үкіметтік емес ұйымдар айналысатын шаруалардың басым көпшілігі әлеуметтік сипатқа ие екендігін көрсеткен. Яғни, сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі — 78 пайызы үкіметтік емес ұйымдар туралы хабардар болып шыққан, ал 46 пайызы олардың қызметін пайдаланғанын растапты. Бұл — аймақта азаматтық институттар дамуының жақсы көрсеткіші деген сөз.
Форумда облыс басшылығы жергілікті атқарушы органдар жанындағы кеңес беруші бөлімдердің жұмысына үкіметтік емес ұйымдар белсене араласатынын алға тартты. Оған мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара байланысы жөніндегі облыс әкімдігі жанынан 11 жыл бұрын құрылған кеңес жұмысы дәлел бола алады.
Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 163 миллион 536 мың теңге, республикалық бюджеттен 25 миллион 737 мың теңге және бюджеттен тыс қорлардан 130 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов үкіметтік емес ұйымдардың облыстық 6-шы конференциясына: «осы кезге дейінгі атқарылған шараларға тоқталып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысты жұмыстары мен алдағы міндеттері межеленді», — деп баға берді.
— Тәуелсіздіктің жиырма екі жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар егемен елімізбен бірге есейіп, бүгінде азаматтық қоғамның белсенді бөлігіне айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауында: «Қоғам мен азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы керек» — деп атап көрсеткен болатын.
Азаматтық қоғам институттарының белсене араласуымен көптеген жасампаз жұмыстар атқарылуда. Үкіметтік емес ұйымдар секторымен бірге одан әрі өзара қарым-қатынасты нығайту – мемлекеттік органдардың басты назарында. Облыста билік пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті дамытуға және нығайтуға бағытталған осындай шараларды өткізу дәстүрге айналып, тиімділігін көрсетті.
Арнайы шақырумен келген Қазақстан Азаматтық Альянсының Президенті Нұрлан Ерімбетовтің бүгінгі конференцияға қатысып, жергілікті жердегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен ой-пікір бөлісуі еліміз үшін азаматтық қоғамның, оның дамуының қаншалықты маңызды екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Сондықтан да бүгінгі конференция атқарылған іске талдау жасап, одан былайғы болашағымызды анықтауға көмектесетіне сенімдімін, — деді аймақ басшысы.
Одан кейін облыс әкімі облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдардың нәтижелі істеріне және олардың араласуымен шешілетін түйіткілді мәселелерге тоқталды. Ол облыстың алдында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық сұрақтарды шешу бойынша нақты міндеттер тұрғанын айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыс ауылдарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 18 жоба және су құбырын тартуға қатысты 24 жоба жүзеге асырылуда, ал 2015 жылға дейін мұндай жақсылықтарға облыс тұрғындарының 90 пайыздан астамының қолы жетеді екен.
100 ҮЕҰ жұмыс істейді
Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы негізгі көрсеткіштердің өсуімен сипатталатыны белгілі. Дегенмен, Архимед Бегежанұлы үздіксіз дамудың басқа жолдарын қарастырып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру қажеттігіне тоқталды. Ол мұны жергілікті атқарушы биліктен Мемлекет басшысы талап етіп отырғанын айтты.
— Халықаралық тәжірибелер қоғамның тікелей қатысуы елде әлеуметтік саясатты жүзеге асырудан бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық салаларға оң ықпалын тигізгенін көрсетті. Қазіргі уақытта біздің өңірімізде 100-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Олар мемлекеттік органдармен бірлесіп, қайырымдылық, экологиялық, мәдени-бұқаралық және ақпараттық-насихат бағытында көптеген іс-шараларды өткізуде.
Үкіметтік емес ұйымдардың арасынан ұзақ жылдар бойы облыста табысты қызмет жасап жүрген сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамын, «Қос Шынар» қоғамдық қорын, «Мұғалім» репетиторлық мектебін, «Бейбітшілік және келісім Кеңесінің» облыстық филиалын, «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының Батыс Қазақстан филиалын, Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалын, Қазақстан отбасылық дәрігерлері Ассоциациясының облыстық филиалын, «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігін мақтанышпен айтуға болады. Бұлардың жетекшілері — Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, қоғамның әлеуметтік мәселелері бойынша өздерінің көзқарастарын ашық білдіріп, проблемаларды шешу жолдарын ұсынып жүрген белсенді адамдар, — деген Архимед Мұхамбетов, он шақты үкіметтік емес ұйым жетекшілерін қолдау мақсатында Алғыс хатпен және 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Марапатталғандардың арасында журналистердің «Төртінші билік» үкіметтік емес ұйымына жетекшілік етіп жүрген әріптесіміз Самал Ендібаева да болды.
Ең осал тұстан табылу
Одан кейін сөз алған Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Нұрлан Ерімбетов еліміз бойынша үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарына кеңірек тоқталды. Ол үкіметтік емес ұйым коммерциялық ұйым емес, сондықтан оның жетекшісі жеке басына пайда табуды көздемеуі керектігін алға тартты. Үкіметтік емес ұйым туралы тұрғындар арасында жақсы пікір қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін айтты. Себебі «биліктің, құзырлы органдардың, құқық қорғау мекемелерінің аяғы жетпейтін жерлерден үкіметтік емес ұйымдар табылуы тиіс» деді.
— Үкіметтік емес ұйымдар — жеңіл-желпі қарауға болмайтын қоғамның белсенді бөлігі. Олар қоғамның ең осал тұсынан табылуға тиісті. Үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін, идеяларын қоғамдық проблемаларды шешуге бағыттауымыз керек. Мәселен, біздің жастарымыз діни ағымдарға, гейклубтарға, секталарға елітіп, еріп жүр. Оларды райынан қайтару, жақсы мен жаманды ұғындыру үшін үкіметтік емес ұйымдарды пайдаланғанымыз дұрыс. Талай ата-ана бізге баласынан тірідей айырылып, аңырап келеді. Ондайда биліктің, құқық қорғау органдарының әңгір таяғынан гөрі, үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы нәтижелі болады. Біздің қоғамымызда ұлттың рухани азғындауына апаратын проблемалар шешімін күтіп тұр. ВИЧ жұқтырғандардың, нашақорлардың, жезөкшелердің, бір жынысты жұптардың теріс пиғылдарынан қоғамды, жастарды арашалап алуымыз керек. Оларға биліктің қолы да, үні де жете бермейді. Олар билік органдарына әрқашан жабық күйінде қала береді. Үкіметтік емес ұйымдар немқұрайлы қарамаса ғана оларды бақылауға болады. Қоғамдық дерттің асқынып кетпеуіне үкіметтік емес ұйымдар ғана көмектесе алады.
Қазір әскер қатарына шақырылған 10 жігіттің 7-еуі әскери борышын өтеуге жарамсыз. Неге? Бұл да— қоғамдық дерт, осал тұсымыз. Үкіметтік емес ұйымдарды денсаулық, білім, тәрбие, экономика, тұрғын үй, коммуникация, бәрі-бәрі толғандыруы керек. Олар елдің барлық саласынан табылуы тиіс, — деді Нұрлан Ерімбетов.
Ассоциацияның жемісі
Үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыру мақсатында үш жыл бұрын «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылып, ол Қазақстанның Азаматтық Альянсының құрамына кірді. Қазір ассоциация өңірдің әлеуетіне, мыңдаған ақтөбеліктердің әлеуметтік проблемаларына немқұрайды қарамайтын адамдарды біріктіріп отыр. Бұл туралы облыстық үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айгүл Дүйсенова баяндады.
— Облыста азаматтық сектордың даму нәтижесі әр салада үкіметтік емес ұйымдардың нақты жұмысын саралап қарауға мүмкіндік берді. Олар атқарушы билікпен арадағы диалогтың оң нәтижесін көрсетті. Мәселен, 4 жыл бұрын облыстық конференцияда ауылдық аймақтарда үкіметтік емес ұйымдар құру үшін қаржылай қолдау қажеттігі туралы және ресурстық орталық ашу жөнінде ұсыныстар айтылды. Осы ұсыныстар 4 жылдың ішінде облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асырылды. Қазір барлық аудандарда бастамасына қаражаты жеткілікті, әр салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар құрылды. Екі жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдар арасында бірінші рет жылдың үздігін анықтауға мүмкіндік берген байқау өтті. Онда азаматтық қоғамның дамуына үлес қосқан көшбасшыларды үлгі еттік. Мен бұдан былай да үкіметтік емес ұйымдардың жоспарлы ұсыныстары орындалатынына сенімдімін, — деді А.Дүйсенова.
Конференция қорытындысы бойынша биыл қараша айында Астана қаласында өтетін VI Азаматтық Форумға делегаттар сайланды.
Одан кейін облыс әкімі А.Мұхамбетов конференцияны қорытындылады:
— Азаматтық қоғамды дамыту – демократиялық, зайырлы еліміздің алдына қойған мақсаттарының бірі. Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар секторымен өзара бірлескен жұмыстардың осы нәтижесіне тоқмейілсімей, ортақ проблемалар мен мүмкіндіктерді басқосулар кезінде ортаға салуымыз керек.
Бүгінгі конференция үкіметтік емес ұйымдар секторымен өзара бірлескен жұмысты одан әрі жандандыруға үлкен үлес қосады деген сенімдемін. Біздің алдағы ортақ жұмысымыздың жарқын жетістіктері ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуына бағытталуы қажет, — деді ол.
Айгүл БАЙМЕНОВА.



