Басты жаңалықтар

Малдәрігерлік қызметсіз мал молаймайды

Профессор Қадыр Бияшев

Қадыр Бияшев — мал дәрігерлік ғылымы саласында көптеген ғылыми жетістіктерге жеткен, шәкірттер тәрбиелеген білікті ғалым, Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің майталман ардагерлерінің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында еңбек етті, беріректе салалас әрі сабақтас екі білім ордасының бірігуімен Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылғанда, бұрынғы ізбен өзінің қызметін одан әрі жалғастырды. 

Қазіргі уақытта осы жоғары білім ордасында мамандар даярлау ісінен молынан үлес қосып жүрген ғалым ағамен — ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері профессор Қадыр Бияшевпен жақында елге келген сапарында жүздесіп, сұхбаттасудың реті келді.

Адам баласы қандай биіктерге шықса да, алысқа ұзап кетсе те туған жер атты құдіретті тұғырына тартылып тұратыны ақиқат қой. Сіздің бойыңызда да сондай бір сергек сезім бар екенін байқап жүрміз. Өзіңіз туып-өскен, кезінде үлкен өмір жолына шығарып салған Ойыл өңіріне жиі оралып тұрасыз. Оның үстіне былтырғы жылы «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында Ойыл орыс орта мектебіне дербес компьютер сыйлағаныңызды баспасөз арқылы білдік. Мұнымен де тоқтамай, өзіңіздің лабораторияңызда дайындаған құны 2 миллион теңге тұратын үй жануарларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді ауданға жіберетіндігіңіз туралы хабарды да құлағымыз шалған. 

Ең алдымен, осы сапарыңыздың барысы туралы әңгімелей кетсеңіз.

— Кезінде шалғайдағы ауылда өсіп-жетіліп, арман қуып алыс Алматыға аттандық. Жоғары білім алған соң да, білім-ғылым жолын жалғастырдық. Елімізде мал мамандарын даярлау ісіне шамамыз жеткенше үлес қосып келеміз. Маман даярлау ісі университет қабырғасында отырып, білім берумен шектелмейді. Сондықтан да өз басым іссапарларға шығып, практикалық қызметтерге араласуды, өндірісті,  мамандарымыздың қызметке әзірлік деңгейін көзбен көруді дұрыс санаймын. Онсыз ісіңнің не нәтиже беріп жатқанын білу қиын.

Осы жолы Ойылда болып, сондағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледжде болмақ ойым бар. Онда оқып жатқан жастардың білім деңгейін кеңейтуіне кеңес бермекпін. Орта арнаулы біліммен шектеліп қалуға болмайды ғой.

— Ғылым мен өндірістің байланысы туралы айтсаңыз. Кейде бізде ғылым өз алдына бір жақсы тақырыптарды меңгеріп, алайда, өндіріс өз бетімен дамып жатқандай көрінетіні бар. Шынымен солай ма?

— Бұған байланысты мен өзімнің әріптестерім атқарған жұмыстарға тоқтала отырып жауап берейін. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аграрлық секторды индустриалдық-инновациялық технологияға аудару бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Міне, біздің ғалымдарымыз осы іске белсене атсалысуда. Атап айтқанда, универсиет ғалымдары «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үшін Алматы қаласы аумағын азық-түлікпен қамту белдеуін үйлестіріп, жүзеге асыру жобасын өмірге енгізді.

Өз арамызда жасалған меморандум аясында «Оңтүстік» ұлттық компаниясының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында аграрлық секторды дамытудың индустриалдық-инновациялық бағдарламасы жасалуда.

Ақмола және Алматы облыстарында «Инфрақұрылымды жетілдірілген борлақылау алаңын жасау», Батыс Қазақстанда «Қазақстанның құс фабрикаларында құс етін өндіру мен бройлерді бордақылау, сою және жұмыртқаны инкубаторлық тәсілмен көбейту бойынша голландиялық технологияны енгізу» жобаларында, Қазақстандағы ірі қара малдарын суықта семіртудің солтүстік-американдық технологиясын енгізу бойынша академик К.Медеубеков пен РһD докторанты Г.Бейсембай ғылыми консультант қызметін атқарды. 

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде қазіргі уақытта алты диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Соңғы бес жылда 290 диссертация, оның ішінде 58 докторлық диссертация қорғалды. Ауыл шаруашылығы, ветеринарлық, экономикалық және техникалық ғылымдар бойынша 113 диссертация біздің университет қызметкерлерінің үлесіне тиесілі.

Мұның бәрін мен неге айтып отырмын? Оның себебі бар. Соңғы жиырма жыл ішіндегі деректерді әдейі қарап шықтым, біздің университетке, оның ішінде мал маманы болуға Ақтөбе облысынан оқуға келгендер саусақпен санап шығуға да жетпейді екен. Бұған менің жаным ауырады. Дәлелімді келтірейін. Қазақстанда мал мамандарынзоотехниктерді, мал дәрігерлерін даярлайтын оқу орындары аз емес. Осы батыс өңірде де баршылық. Бірақ олардың қай-қайсысының да ғылыми әлеуеті, материалдық-техникалық базасы, басқа да мүмкіншіліктері біздегідей емес. Бізде жоғары білім алғаннан кейін әрі қарай ғылыми ізденістерді жетілдіруге талапты жасқа жол ашық. Қаншама ірі ғалымдар, профессорлар ізденген жастарды ілгері жетелеуге әзір отыр. Осындай өнегелі, өзіндік дәстүрлері қалыптасқан озық ортадан мен өзімнің жерлестерімді де көргім келеді. Менің осы тілегімді енді мектеп бітіргелі отырған, болашақта мал маманы ғана емес, осы сала бойынша ғылым жолын қуамын деген талапкерлердің ескергенін қалар едім.

Бүгінгі күні елімізде ет өндіруді молайтамыз, ол үшін мал басын көбейтеміз деп жатқанда мал дәрігерінің де ролі арта бастағанын байқап жүрміз. Сіз қызмет атқаратын университеттегі мал дәрігерлерін даярлайтын факультеттің жай-күйіне тоқтала кетсеңіз.

Малдәрігерлік факультеті Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ежелден келе жатқан бөлімшелерінің бірі. Факультет тарихы 1929 жылдан басталады. Қазіргі уақытта мұнда төрт кафедра жұмыс істейді. Біздің лабораторияларымызда түрлі қауіпті мал ауруларына қатысты 30-дан астам вакциналар мен дәрі-дәрмектер дайындалып, ветеринарлық практикаға кеңінен енгізілді. Осы бағытта 8 ғылыми-өндірістік лаборатория мен «Айболит» ветеринарлық клиникасы табысты жұмыс істеуде. Біздер халықаралық ағарту және ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, оқытушылар кадрларын алмасу және студенттік академиялық ұтқырлықты дамыту жолымен шетелдік жетекші университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтаса еңбек етудеміз. Ол байланыс аясында АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция, ҚХРК, Нидерланды, Израиль, Корея, Канада, Польша, Ресей және басқа елдерді атауға болады.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің халықаралық қызметі әлемдік білім беру және ғылыми қоғамдастығына университетті интеграциялау бойынша міндеттерді орындауға бағытталған. Соңғы бірер жылдықта ғана біздің оқу орнымыздың базасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қатысуымен Бүкіләлемдік банкпен, жапондық «JOEL», «Interactive Corporation» және «Shimadzu» компанияларымен бірлесіп бес халықаралық ғылыми конференциялар өткізілді.   

Осының барлығы студенттеріміз үшін үлгі, ғылымға бастайтын көрнекі жол десек, қателеспейміз

Университеттегі студенттік өзін-өзі басқару мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы шаралардың бірі ретінде ауқымды өкілеттікке ие. Студенттік өзін-өзі басқару құрылымында жастар кеңесі, жастар әкімшілігі, студенттік кәсіподақ ұйымы, студенттік деканат, Студенттер үйінің студенттік кеңесі және студенттер қалашығы бар. Бұл бөлімшелердің қызмет аясына оқу-тәрбие, мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру, оқу тәртібі мен құқық тәртібін, әлеуметтік қорғауды ұстану кіреді.

Біздің университет аграрлық ғылым бойынша студенттік жұмыстардың республикалық конкурстарын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі базалық жоғары оқу орны болып келеді. Бір оқу жылының өзінде ғана университет ішіндегі конкурс қорытындылары бойынша 73 студент дипломдармен және материалдық сыйлықтармен марапатталды. Конференция материалдары бойынша төрт жүзден астам студенттік жұмыс жарияланды.

Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 75 студенті ҚР Білім және ғылыми министрлігінің дипломдарымен марапатталды.

Біздің студенттер «Шеврон Мұнайгаз ИНК» компаниясы және Қазақстан Республикасының Инженер-энергетиктер одағы өткізген балама энергия көзі мен электрмен жабдықтау бойынша жобалардың І республикалық конкурсында жеңімпаз атанды.

Енді ғалым ретінде республикамыздағы мал шаруашылығы саласы бойынша өзіңізді толғандырып жүрген мәселелерге қатысты ой-пікірлеріңізді айтып берсеңіз.

Қалай дегенде де, Қазақстан ауыл шаруашылықты ел ғой. Соған қарамастан әр кезеңдерде осы салаға қатысты әр түрлі ұстанымдар жүзеге асырылып келеді. Оның бәрі бірдей тиімді деп айта алмаймыз. Мәселен, сонау жетпісінші жылдардың ортасында осы өзіміздің Ақтөбе облысында мол астық алу керек деген желеумен жыртылмаған жер қалмады. Сондай-ақ, жекешелендірудің тұсында «Қазақстанға малды өсірген ұтымды емес, одан да шетелден сатып алған әлдеқайда арзанға түседі» деген пікірге біраз алдандық. Сондай ойдың нәтижесінде 25-30 миллион қой басы 10 миллионға дейін түсті. Қазір Елбасымыз өзіміз ет экспортын жасаймыз деген міндет қойды алдымызға. Бұл да оңай шаруа емес. Мал дәрігерлік қызметті жандандыратын кезең қайтадан туып келе жатыр. Малдың басы көбеюі, тұқымы асылдануы үшін білікті мал дәрігері шаруа адамының қасында болуы тиіс. Сонда қауіпті аурудың алдын алуға болады, мал тұқымын аздырмаудың амалдары жүзеге асырылады, басқа да көптеген шаралар біліктілікпен қолданылады.

Менің ойымша, алдағы уақытта зоотехниктерді селекционер деп атаған дұрыс. Өйткені селекциясыз мал өсіп-өнбейді. Негізінде, бір жаңа тұқымды шығару үшін жиырма-жиырма бес жыл керек. Осы істің соңына біреу түспесе, өзінен-өзі орындала қалады деуге болмайды.

Енді мына жәйтке көңіл аударыңыз. Үкімет 2001 жылы барлық жерде мал дәрігерлік лабораторияларды жапты. Аудандардағы малдәрігерлік станциялар жұмыстарын тоқтатты. Енді арада он жылдан астам уақыт өткенде не болды дейсіз ғой. Жаңағы лабораториялар осы бірер жылдықта қайтадан жұмыс істей бастады. Ветеринарлық станциялар екі ауданға біреу болса да, іске қосылуда. Бұл нені білдіреді? Демек, қателік жөнделуде. Жақында ғана республикамыздың басқа жерлеріндегі сияқтыАқтөбе облысында да осы қызметтерді жүргізу үшін барлық аудандарға заманауи жабдықталған көліктер бөлінді.

Бұл мал шаруашылығын одан әрі дамыту, мемлекеттік тұрғыдан қолға алыну деген сөз.

Өзіңіздің өмір жолыңызға қысқаша тоқтала кетсеңіз.

Мен 1939 жылы Ойыл өңірінде дүниеге келгенмін. Өмірімді мал дәрігерлік ғылымына арнап келе жатқан адаммын. Мал дәрігерлік ғылымының докторымын, профессор атағым бар. Қазақстан Республикасы Мал дәрігерлік қоғамының президенті, Ғалым мал дәрігерлерінің халықаралық академиясының мүшесі болдым. Мал ауруларының инфекциялық сырқаттарының алдын алу мақсатында дәрі-дәрмектердің 23 түрін дайындап, өндіріске енгіздім. АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өткен «Қазақстан-95» жәрмеңке-көрмесінде еңбегім арнайы марапатқа ие болған.

Ғылыми мақалаларым әр жылдарда Түркияда, Германияда, Ресейде және Белоруссияда жарық көрді. Екі авторлық куәлікке және 21 патентке иемін. Осындай еңбектерім бағаланған болуы керек, Елбасының өз қолынан «Парасат» орденін алу бақытына ие болдым.

Сөз түйінінде ауылдың болашағын қалай деп болжамдар едіңіз. Ауыл шаруашылығына, оның ішінде өзіңіз тікелей шұғылданып жүрген мал шаруашылығына қатысты не айтар едіңіз?

Қазақстанда аграрлық сектор жетекші орын алатынын айтып жүрміз ғой. Халықтың әлі де болса жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Республика Президентінің ауылды дамытуда алға қойған негізгі міндеттері ауыл шаруашылығында қолданылатын технологияның артта қалуын болдырмау, ішкі және сыртқы нарықта өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, нарықтың қайта жаңаруын тереңдету, ауыл тіршілігінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту болып табылады. Жаңа жағдай талаптарын соған сай жұмыс істеуге қабілетті әрі жоғары білімді мамандар болғанда ғана шешуге болады.

Міне, осыған қарап-ақ ауылдың болашағын болжамдауға болады. Ал біздің міндетіміз жоғарғы деңгейлі кадрлар даярлау ісін жетілдіре беру.

 

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button