Айбынымыз — бірлік, айдынымыз тірлік

Кеше Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезектентыс ХV съезі болып, оның жұмысына Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Съезд жұмысын партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ашып, жүргізіп отырды. Құрметті әріптестер, еліміз өзінің дамуындағы жаңғыру кезеңіне аяқ басты, деп бастады ол өзінің сөзін. Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялап, еліміздің алдына барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу туралы жаңа міндет қойды. Сондықтан, жаңа асуларды бағындыруға береке мен бірлік, тәуелсіздікке жаңаша көзқарас, ашықтық пен ынта керек. Аз ғана уақыт ішінде елімізде ауқымды реформалар басталды. Қоғамдық бақылау, халық алдындағы есеп беру, мемлекеттік органдардың ашықтығы, өзін өзі басқару жүйесі айтарлықтай жетілдірілді. Халықтық партия ретінде біз де бұл жұмыстарға белсенді түрде қатысып, қызметімізді жаңғыртуымыз қажет. Сол себепті партия көшбасшысының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасы әзірленді. Құжатты ішкі партиялық талқылаудың аясында Саяси кеңес, Бюро, Үкімет және партиямыздың Парламенттегі фракциясының мүшелері екі ай бойы алыс аймақтарға барып, партияның бастауыш ұйымдарындағы мүшелерімен кездесіп, талқылаулар өткізді. Бүгінгі съезде Доктринаға қатысты соңғы пікірлер айтылып, партияның басты құжаты қабылданатын болады. Сөйтіп, партиямыздың ХХІ ғасырдағы миссиясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру ауқымындағы рөлі айқындалады.
Одан әрі Бауыржан Байбек съезге 1194 делегат қатысып отырғанын жеткізді. Соның ішінде Парламент депутаттары, басқа да саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, мемлекеттік органдар, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, БАҚ басшылары мен өкілдері қатысып отырғанын айтты.
Съезді бастауға қажетті кворум бар, сондықтан оның жұмысын ашуға рұқсат етіңіздер, деді ол. Осы ұсыныс дауысқа қойылып, бірауыздан қабылданған соң съезд жұмысы ашық деп жарияланды.
Мемлекеттік Әнұран орындалған соң съездің жұмыс органдары сайланды. Осыдан кейін Б.Байбек съезде қаралатын күн тәртібін жариялады. Бірінші мәселе «Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасы туралы; екінші мәселе партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; үшінші мәселе партияның Саяси кеңесіне өзгерістер енгізу туралы; төртінші, партияның бақылау-тексеру органдарының кейбір мәселелері туралы. Осы күн тәртібіне ешқандай қосымшалар мен өзгерістер ұсынылмаған соң ол дауысқа қойылып, бекітілді. Одан әрі сөйлеушілер регламенті де дауысқа салу әдісімен анықталды. Сонымен бірге, мандат комиссиясына түскен хаттамалар бойынша сайланған делегаттардың өкілеттігі де дауысқа қою тәртібімен бекітілді.
Осыдан кейін съезд күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. Б.Байбек Доктринаны екі ай бойы талқылау барысында көптеген сындарлы ұсыныстар түсіп, оның бәрі қаралып, құжаттың соңғы редакциясы съезге ұсынылып отырғанын айтты. Кешегі секциялық талқылауларда съезде сөйлеу үшін бірнеше адам белгіленді, дей келіп, партия Төрағасының бірінші орынбасары алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге берді (Қайраткер қаламгердің сөзі газеттің бүгінгі нөмірінде бөлек жарияланып отыр).
Келесі сөз кезегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілі, партия Доктринасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Ұлттық, қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбековаға берілді. Бүгін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Мен он жылдан астам уақыт бойы қайырымдылық қорында жұмыс істеймін. Өз жұмысымда «жалғыз ағаш орман емес» деген ұғыммен жиі ұшырасамын. Бірақ сол жалғыз ағаш көп адамдарға сая да бола алады екен. Бүгінгі таңда қайырымдылық саласындағы жобамыз бүкілхалықтық қозғалысқа ұласты, деді ол. Одан әрі Ж.Омарбекова партия Доктринасының талаптарына тоқтала келіп, өзінің ойынша «мықты ұлт» дегеніміз мемлекет дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға дайын тұратын жауапты азаматтардың ұйымы екенін айтты. Сондықтан да баршамыз қол қусырып қарап отырмай, өз өмірімізді жақсартуға ұмтылып, Қазақстанның өркендеуіне белсене атсалысуымыз керек. Сайып келгенде, мемлекеттің жетістігі оның әрбір азаматының жетістігімен өлшенеді, деді шешен. Сөз сөйлеуші келесі кезекте өз жобасының барысы туралы әңгімеледі. Соңғы он жылда, деді ол, «алтын жүректі» азаматтарымыз 100 миллиард теңгенің қайырымдылық көмектерін жасап, көптеген әлеуметтік нысандар салды. Осы жылдың өзінде Ақтөбе облысының Қобда ауданында 350 орындық балабақша, Алматы облысының Жыланды ауылында 650 орындық мектеп, спорт кешені, мәдениет үйі бой көтерді. Әрине, мұның бәрі ел дамуына қосылған аз ғана үлес. Дегенмен, игілікті істің үлкен-кішісі болмайтынын нық сеніммен айта аламын. Болашақтың кілті – берекелі бірлікпен жасалатын тірлікте, деді Ж.Омарбекова.
Сондай-ақ, ол өз бастамаларын іске асыруда партиядан бірнеше рет көмек сұрап, үнемі қолдау көріп келгенін ырзалықпен атап өтті. Биылдың өзінде ғана біз «Нұр Отанның» қолдауымен жетім балалар арасында футболдан бірінші республикалық чемпионат өткіздік. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 115 бала қатысты. Жеңімпаз атанған «Есіл» балалар үйі Испанияға апаратын туристік жолдаманы жеңіп алып, атағы жер жаратын «Барселона» клубымен кездесті. Осындай бақытқа ие болған балғындардың жүздері шаттықтан қалай бал-бұл жанғанын көрсеңіздер ғой. Енді осындағы кейбір жеткіншектерді кәсіби футбол клубтары өздеріне тартуға тырысып жүр, деді ол. Сөзінің соңында шешен өз тағдырымызды жақсарту өзіміздің қолымызда екенін атап көрсетті.
Сөз сөйлеушіге алғыс айтқан Б.Байбек ендігі кезекті партияның Саяси доктринасын әзірлеу тобының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевқа ұсынды. Бүгінгі съездің күн тәртібіне партиямыз үшін маңызды мәселелер еніп отыр, деп бастады сөзін депутат. Солардың бірі әрі негізгісі – Елбасымыздың тапсырмасымен әзірленген партиямыздың Саяси доктринасының жобасы. Онда еліміздің стратегиялық мүдделері мен партиямыздың мақсаттарына қатысты нақты әрі айқын басымдықтар белгіленген. Осы съезде ол қабылданса, Саяси доктринаның бастамалар мен бағдарламаларға арқау болатыны сөзсіз.
Доктринаны партияның жаңа даму кезеңіне жол ашады деуге толық негіз бар. Сондықтан ол жайындағы бір-екі ойымды ортаға салсам, деген депутат, біріншіден, оның өте уақтылы қабылданып отырғанын атап көрсетті. Екіншіден, өте өзекті мәселелер қарастырылғанын және оның партия көшбасшысының ел алдына әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу сынды стратегиялық міндетімен сабақтасып жатқанын айтып өтті. Осыған байланысты, біз барлық мүмкіндіктерімізді, ресурстарымызды еліміздің сапалы дамуына бұруымыз қажет. Оған жету үшін ауқымды инвестициялар мен экономикалық өсімдер керек. Бұл ретте адами факторлар алға шығады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай мақсаттарды белсенді, өршіл ұлттар ғана орындай алады. Ал ондай ұлтты бірінші кезекте бірлікті ту көтерген дүниетанымдық көзқарастар жасайды. Сондықтан, қоғамымызға адамзаттық тұрғыдан қарай алуымыз өте маңызды. Бұл, түптеп келгенде, мемлекетімізді жаңғыртуымыздың басты факторы. Доктрина осы мақсат үшін жұмыс істеуі тиіс, деген Мәулен Сағатханұлы: «Доктринаның ерекшелігі неде?» деген риторикалық сауал тастап барып ойын жалғап, ол оның идеологиялық құжат болуында деп түйді.
Осыдан кейін ол өз сөзін Доктринадағы заң үстемдігі мәселесіне қарай бұрды. Құқықтың үстемдігі, заңның үстемдігі халыққа қызмет етуімен құнды. Және оның заманауи ағымға ілесуі маңызды, бұл орайда Мәжіліс депутаттары жұмыстарын жалғастыра береді. Егер құжатты съезд қолдайтын болса, біздің алдымызда атқарылатын орасан жұмыстар тұр. Осылай деген шешен әрі қарай Доктринаның саяси тұғырнамалық тұрғыдағы жаңалығын сөз етті. Ол – партияны орталықтандыру мәселесі екен. Орталықтанған бағыт барлық қазақстандықтардың мүддесін көздеуі тиіс, ал осындай көптеген игілікті мақсаттарды, жоспарларды жүзеге асырудағы басты мәселе – топтасқандық. Бұл құжатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясаты жазылған. Елді біріктіру, бәсекеге қабілетті мемлекет құру – басты мақсат.
Депутат сөзінен кейін келесі ретте микрофон «Ерке Нұр» компаниясының президенті, ұжымдағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Фарида Мерхамитқызына ұсынылды. «Тәуелсіздік – бар бақыттың бастауы. Жер жүзіндегі бар қазақтың жүрегі Қазақстан деп соғады. Қазақтың жерұйығы – Қазақстан», деп тебірене сөз бастаған, бизнестің көрігін қыздырып жүрген іскер қыз Қытайдан атамекенге қоныс аударған алғашқы оралман жастың бірі. Тәуелсіздікпен бірге елге оралу бақытына ие болған миллиондаған қандастарымыздың атынан өзіңізге басымды иемін, деген ол әрі қарай өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі екенін айтты. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ол келесі кезекте Президентке қарап. 1999 жылы Ассамблеяның «Достық үйінде» бір көрме өтті. Онда Сізге гүл ұсынған менің кішкентай сәбиімді қолыңызға көтеріп, батаңызды беріп едіңіз. Сол жолы ұлттық киімді тігуді қолға алған менің жұмысымды да жоғары бағалағансыз. Мүмкін, сол Сіздің батаңыздың шапағаты шығар, 5-6 тігін мәшинесінен бастаған жұмысым өсіп-өнді. Құдайға шүкір деймін, алдымнан қиындықтар да шықты, бірақ ұлттық өнерге деген талпынысым қиыншылықтарды жеңуге күш-қуат берді. Бүгінде «Ерке Нұр» компаниясы көп бағытта жұмыс істейді.
Мұқағали ақынның: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын», дегеніндей, мен де қазақтың ұлттық өнерін сандықтың түбінде жатқан жерінен алып шығып, қайта жаңартып, халықтың өзіне қайтарудамын. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, «Қазақстан-2050» Стратегияңызда экономикалық кластер бағытын дамытуды жолға қою қажеттігін көрсеттіңіз. Кәсіпкер ретіндегі арманым әрі ұсынысым – жүн-тоқыма ісін мықты бір кластерге айналдыру еді. Өйткені, біз ерте заманнан жіп иіріп, жүн басқан қазақпыз ғой. Әкеден балаға, шешеден қызға берілген қасиетті кәсіпті бүгінгі күннің талабымен халқымыздың игілігіне айналдырсақ, деген оның ойын көпшілік өте жылы қабылдады.
Татьяна Новикова – съезге қатысушы жас делегаттардың бірі. Ол қалалық мәслихаттың жас депутаты екен. Қостанайдан келген Т.Новикова өзі үшін осы жылдың өте ерекше жыл екендігін айтумен сөзін бастаған. Мен 23 жасымда Қостанай қалалық мәслихатының депутаты атандым. Қала тұрғындары маған үлкен сенім артты, сондықтан қазір өзімді тек отбасым алдында ғана емес, мыңдаған сайлаушыларымның алдында да жауапкершілік иесі ретінде сезінемін. Мен олардың өзіме артқан үмітін ақтауым қажет. Округімде 9 мыңдай адам өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысының проблемалары, шешілмеген түйіндері мен сан салалы сауалдары бар. Қоғамдық күнделікті қабылдауларымызға ондаған адамдар келіп, партиядан қолдау күтеді. Олардың осылайша бізге жүгінуі мәслихаттар жұмысының тиімділігін көрсетеді. Сондықтан да мен әрбір депутат жұмысының басты қағидаты – нақты адамға нақты көмек болуы тиіс деп ұғынамын, деді ол.
Қаламыздағы жастар саясатының кураторы ретінде жастарды толғантатын мәселелерді білемін деп айта аламын, деп жалғады сөзін жас делегат. Бірінші кезекте ол – сапалы білім, жақсы жұмыс, қолжетімді тұрғын үй. «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істеп, жастардың мүдделері мен құқықтарын қорғауда. Мәселен, Қостанай қаласында жас депутаттар 70 пайызды құрайды. Ал еліміз бойынша ол көрсеткіш 3 пайыз шамасында. Біз өз еліміздің адамдарын еркін, заңы мен дәстүрлерін құрметтейтін, құндылықтарын ұлықтап ұстанатын азаматтар ретінде көргіміз келеді. Осы тұрғыда жастар саясатына Доктринада басымдық берілуі өзін ақтайтыны сөзсіз. Бұл Қазақстанның болашақтағы орасан табысының сарқылмас көзі. Осылай деген шешен әрі қарай таза қазақ тілінде: «Қазақстан – менің жерім, менің Отаным. Менің ойымша, әрбір азамат ұлтына қарамастан, өз елінің салт-дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс. Өйткені, тіл – халық қазынасы», деп барып, ойын әрі қарай жалғастырды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, былтырғы жылдың қараша айында Сіз жастар алдына нақты міндеттер қойған болатынсыз. Соған байланысты мыңдаған адамдар құлақ асып, қазірдің өзінде олар «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын орындауда. Бұл әрбір жастың жоғары мақсаттарға ұмтылуына ықпал етеді.
Мәселен, ауылда Мәдениет үйі болмаса да үйірмелер ашып, сенбіліктер өткізіп, қарияларға, ардагерлерге көмектесіп, осындай кішігірім қадамдар жасау арқылы қоғамымыздың адамгершілік бет-бейнелері өзгере түсуде. Бұл – өте маңызды. Осындай жасалған шаруалардан елінің қамын ойлар азаматтар өсіп шығады. Мені ата-анам да осындай бағытта тәрбиеледі. Мен өзімді туған қаламның патриоты ретінде сезініп, оның өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоссам деймін, деген оның сөзінің соңы қол шапалақтауға ұласты.
Келесі сөз Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті Қанат Төсекбаевқа берілді. «Мемлекет елге қызмет етеді» секциясы аясында өткен талқылау барысында оған қатысушылар мемлекеттік органдар қоғамға қызмет көрсетуді күшейтіп келеді деген пікір білдірді. Осы тұрғыдан келгенде, Доктринада: «Мемлекет азаматтардың мүдделеріне қызмет етуге бағытталатын болады», деп нақты жазылған. Мұндай қағида біздің көз алдымызда жүзеге асуда. Тәуелсіздік алған жылдарда тұрғындар тұрмыс жағдайының артуы қоғам тұрақтылығының, оның дағдарыстарға төтеп беруінің кепілі болды. Партия бірізділікпен осы бағытта жұмыс істеп келеді. Тұрғындардың білім беру мен денсаулық сақтау қызметіне, әлеуметтік және зейнетақы төлемдеріне қолжетімдігін қамтамасыз ету «Нұр Отан» жұмысы тиімділігінің өлшеуіші болып табылады. Жемісті әлеуметтік саясат ертеңгі күнге деген сенімді арттырады, деді ол.
Қ.Төсекбаевтың пайымынша, әлеуметтік саясат мәселесінде билік пен халық тең құқықты әріптес ретінде әрекет етулері тиіс. Тек мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өзара ынтымағы болғанда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізілмек. Осы орайда «Оқжетпес» бастауыш партия ұйымы тұрақты негізде тұрғындардың әлеуметтік аз қорғалған жігіне атаулы көмек көрсетіп келе жатыр екен. Үстіміздегі жылы аталған ұйым тұрмысы төмен отбасы балаларын мектепке дайындап, өңірлік бүлдіршіндер үйлеріне демеушілік қолдау ұйымдастырыпты.
Өз әріптестерімізбен тәжірибе алмасудамыз және өзге де кәсіп иелерін адамдар мүддесін бірінші орынға қоюға шақырамыз, деп сөзін сабақтаған шешен бұл әсіресе, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер үшін маңызды екенін баса айтты. Мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін бағалау да осы жұмыстарға негізделеді. Жұмыс тиімділігі – тұрғындар сенімінің басты кепілі. Өткен жылы Астанада «Е-скорая» жобасы іске қосылды. Жедел көмек көліктерін ІР-телефон, GPS-бағыттау және медициналық анықтамалықпен жабдықтау арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізілген.
Біріншіден, қаланың алыс аудандарына 15 минут ішінде жетіп, медициналық көмек көрсету уақытын қысқарттық; екіншіден, ресурстық шығындар азайды; үшіншіден, онлайн режімі арқылы ауруханалар мен емханалардан консультация алуға мүмкіндік туғыздық. Төтенше жағдайда әрбір секунд адам тағдырын шешерін ескерсек, жоба жаңашылдық ретінде жаңа идеялар мен шығармашылық қадамдар арқылы адамдарға өмір сыйлауға болатынын көрсетті, дей келе, Қ.Төсекбаев «Е-скорая» Қазақстанда патенттелгенін ерекше мақтан тұтатынын ерекше мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, мемлекетімізде азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Табысты болу әр адамның тек көздеген мақсаттары мен аңсаған арманына жету жолындағы қажырлылығына байланысты.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылының әкімі Азия Қыстаубаеваға сөз берілді. Ол «Нұр Отан» партиясының съезінде сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болғаны үшін тағдырына риза екенін ерекше тебіреніспен жеткізді. Қасиетті Сыр топырағынан, қазақ хандығының орталығы болған Сығанақ қаласының орнына қоныстанған Сунақ ата ауылынан келген шешен өзінің басынан өткен жайтпен де бөлісе кеткенді жөн көрді. Ол тәуелсіздік алған жылдары бүкіл халық қиындық көрді, деді. «Жұмыссыз қалған кезімде Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, түсіме еніп, қолымды алып, жағдайымды сұрадыңыз. Барлық нәрсені жақсыға балайтын қазақпыз ғой. Артынша елдің жағдайы түзеліп, өзім ауыл әкімі болып тағайындалдым. Содан бері 20 жыл өтті. Қазір қуансақ та, қиналсақ та аузымызға Алла тағала, Елбасы амандығы, халықтың бірлігі түседі. Қазақстан – табысты мемлекет деп қайталағанмен, астарында халықтың қажырлы еңбегі мен бірлігі, ең бастысы, Елбасына деген ерекше сенімі жатыр.
Мемлекетіміз жаңа даму кезеңіне қадам басқандығына баяндамашы бірнеше мысал келтірді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды. Әкімдер сайлауы өтіп, құзыреті күшейтілді, деді А.Қыстаубаева. Оның айтуынша, күні кеше ауылдың орталық екі көшесіне асфальт, ал үш көшесіне тас төселіпті. Осы ретте округте ауыз су мәселесі толығымен шешілгендігі, соңғы үш жылда үш ауылда да жаңа мектептер, мәдениет үйі, спорт және балалар ойын алаңдары салынғандығы атап көрсетілді. Әсіресе, ауыл іргесінен өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі мен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры кәсіпкерліктің дамуына ықпал етуде екен. 2000-жылдары мемлекеттен 120 мың теңге қаражат бөлініп, жетпеген жері асарлатып, Еңбек ауылында медпункт салыныпты. Сонда қариялар 70 жыл бойы Кеңес өкіметінің салмаған дүниесіне тек тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік, соған мың қайтара шүкір, деп риза болысқандығы да алға тартылды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз қарапайым жұмысшыдан Елбасына дейінгі жемісті еңбектің өнегелі жолын көрсетіп келесіз. Мен де еңбек жолымды механизатор болып бастағанымды мақтаныш етемін, деді А.Қыстаубаева сөзінің соңына қарай. Жер-Ананың ерінбей еңбек еткен адамға берер ризығы мол. Елбасы бастап, «Нұр Отан» қостап, қазақтың алтын ғасыры үшін аянбай еңбек етейік.
Делегаттар пікір білдіріп болған соң съезде Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтан кейін сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Елбасы қойған маңызды міндеттерді орындау мақсатында, елді біріктіруде бар күш-жігерімізді аянбай жұмсаймыз деп сенім білдіруге рұқсат етіңіздер», деді съезд қатысушыларына қарата айтқан сөзінде. Осылай дей келе, ол күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша қаулы қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте: «Сіздердің қолдарыңызда Доктрина жобасы бар. Ол кеңейтілген Саяси кеңесте қабылданған болатын. Съезде бірқатар жақсы ұсыныстар келіп түсті. Олардың ең бастысы, Саяси доктринаны қабылдау», дей келе, партия Доктринасын қабылдауды ұсынды. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының бұл ұсынысын съезге қатысушылар толықтай қолдап, нәтижесінде партияның жаңа Доктринасы қабылданды.
Бұдан кейінгі кезекте күн тәртібінің екінші мәселесі туралы сөз қозғаған Б. Байбек партияның атрибуттарын өзгерту мәселесіне тоқталды. Бұл орайда, ол: «Халықаралық практикада саяси партиялар өздерінің идеологиялық ұстанымдарын көрсетеді. Соған байланысты біздің орталық идеологиямыз Доктринада көрсетілген. Біздің халқымыздың арасында партияны «Нұр Отан» партиясы деп атайды. Сондықтан, партияның атауынан «халықтық-демократиялық» деген сөзді алып тастау ұсынылды. Осыған орай, Саяси кеңесте партияның атауын қайта өзгерту жөнінде ұсыныс енгізілді. Енді партия «Нұр Отан» деп аталады». Осылай деген ол партияның жаңа атауының бекітілгенін жария етті.
Бұдан кейінгі кезекте Б.Байбек «Нұр Отан» Саяси кеңесінің партиялық символиканы да өзгертуді ұсынғанын атап өтті. «Мәселен, XV съездің логотипінде жаңадан атып келе жатқан күн бейнеленген. Бұған қоса, таудың көрінісі бар. Бұл біздің биік мұраттарымызды бейнелейді. Ал қар барысы тәуелсіздігіміздің көрінісі. Логотиптегі «Нұр Отан» жазуы партияның біздің еліміздің дамуына қосқан үлесін көрсетіп отыр. Демек, партия ұйыстырушы рөл атқаруы тиіс. Сондықтан да кеше Саяси кеңес осы эмблеманы қолдау және қабылдау жөнінде ұсыныс білдірген болатын», дей келе, партияның жаңа эмблемасын қабылдау жөніндегі мәселені дауысқа салды. Оның бұл ұсынысын да съезге қатысушылар түгелдей қолдады.
Съезд аясындай, сондай-ақ партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша партияның мүшелік жарнасы 94 теңгеден 187 теңгеге өсті. Яғни, айлық есептік көрсеткіштің 1 пайызына дейін ұлғайтылды. Студенттер үшін бұл көрсеткіш 9,3 теңгеден 19 теңгеге өсті. Ал жұмыссыздар, бала күтімімен отырған әйелдер мүшелік жарнадан босатылады, деді Б. Байбек бұл орайда.
Сонымен қатар, партия Саяси кеңесінің құрамына да өзгерістер енгізілді. Бұл мәселе кадрлық өзгерістерге сәйкес, сондай-ақ, бірқатар филиалдарға жаңа басшылардың келуіне байланысты жүзеге асырылды. Саяси кеңес партияның органы болғандықтан, барлық қоғам мүшелері және барлық өңірлер қамтылуы тиіс. Осыған орай, Саяси кеңеске өзгерістер енгізу ұсынылып, ол кеңейтілген отырыста талқыланған болатын, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Бұдан кейінгі кезекте «Нұр Отан» Саяси кеңесінің құрамынан бірқатар партия мүшелері шығарылып, оның құрамы жаңа азаматтармен толықты. Саяси кеңестің жаңа құрамына кірген азаматтардың ішінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов бар.
Бүгінде партияның Саяси кеңесі 49 пайызға жаңартылып отыр. Ал оның құрамындағы әйелдер саны 60 пайызға жетті. Яғни, Саяси кеңестің құрамындағы әйелдердің пайыздық көрсеткіші 11 пайыздан шамамен 30 пайызға көтерілді, деді Б.Байбек. Бүгінде партияның құрамында тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, өзге де мамандық иелері көп. Мәселен, партия құрамындағы мемлекеттік қызметкерлердің саны 46 пайыздан 28 пайызға дейін төмендеген. Олардың орнына үкіметтік емес ұйымдар мен мәдениет, білім-ғылым, денсаулық сақтау салалары өкілдерінің, спортшылардың саны артып отыр. Осыған орай, партияның Саяси кеңесінің жаңадан тағайындалған құрамын құттықтай келе, олардың қызметіне табыс тілейміз, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейінгі кезекте Б.Байбек партия Жарғысына сәйкес, Саяси кеңестің тағайындауымен Саяси кеңес Бюросының мүшелерінің құрамы да қайтадан жаңартылатынын жеткізді. Осыған орай, съезд аясында Саяси кеңес Бюросының құрамына да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ, партияның бақылау-тексеру органдарының бірқатар мәселелері қаралды.
Б.Байбек Мемлекет басшысына барлық делегаттар атынан съезд жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдірді. Бүгінгі съезд партия көлемінде ғана емес, мемлекет тарихындағы маңызды кезең. Сіздің бүгінгі бағдарламалық баяндамаңыз партия жұмысының негізгі стратегиялық ұстанымы болып табылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық партия мүшелері атынан Сіз қойған міндеттерге сай болып, еліміз, жұртымыз болып, Қазақстанның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етуге сенім білдіруге рұқсат етіңіз, деді ол.
Сондай-ақ, съезде «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Нұр Отан» партиясының жаңғыртылуына, партия аппаратының жұмыс тиімділігін түбегейлі арттыруға байланысты нақты тапсырмалар берілді.
«Егемен Қазақстан»,
18 қазан 2013 жыл.



