Басты жаңалықтар

Алғаның алғашқысы

Облыс бойынша қымыз өндіретін үлкен шаруашылық Алға ауданындағы Ақай селолық округінде орналасқан. Мұнда тәулігіне — 150 литр, айына — 3000-3500 тонна  қымыз өндіріледі. «Әзірге қымызға сұраныс осы мөлшерде болып отыр. Тапсырыс бұдан да артық болса, қымызды көбірек өндіруге дайынбыз», — дейді «Абылай» шаруа қожалығының басшысы Қыдырбай Ксупов.

Ақтөбеден — 73 шақырым, аудан орталығы Алғадан — 120 шақырым қашықтықта орналасқан «Абылай» шаруа қожалығына барып, шаруашылықтың тыныс-тірлігін білген едік.  

 

Шаруашылық

 

Бұл шаруашылық Алға ауданындағы ең алғашқы шаруа қожалығы болып та ерекшеленеді.  1997 жылы  құрылған. Бастапқыда оншақты жылқы болған шаруа қожалығында қазір жылқының саны 300-ге жетіпті. Бұдан бөлек 600 қой, 120-дан астам ірі қара бар.

Егін де егеді. Егістік жердің көлемі — 2000 гектарға жуық. Биыл 480 гектарға дән себіліпті. Оның 300 гектары — бидай, 180 гектары — арпа.

Мұның бәрі — өзіміздің шаруашылықтағы малдың қамы. Әйтпесе, соңғы бес жылдан бері егіннің түсімі нашар. Ауа райы қолайсыз. Шегіртке де қаптап кетеді. Сол себепті егіннен мол  өнім ала алмаймыз. Пайда жоқ. Шығын көп. Әйтеуір шаруашылықтағы малымыздың қысқа азығын дайындағанымызға шүкіршілік айтамыз.  35 тонна арпа, 15 тонна бидай орып алдық.  Ауысқанын тұрғындарға саттық. Шөп те жинап жатырмыз. Қазірдің өзінде 2000 бума (рулон)  жиналды. Әлі де шабылып жатыр. Қыс халыққа жайлы болып тұр. Бұл маңға аңшылар жиі келеді. Сондықтан болар қасқыр жоқ, — дейді кәсіпкер.  

«Абылай» шаруа қожалығы да мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Мысалы, 2011 жылы «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шаруашылыққа 5 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Бұлақ елді мекенінен электр энергиясы тартылған.

Мұның өзі көп көмек. Мәз болып, қуанып қалдық. 

Тәуелсіздіктің жемісі — еркіндік бар. Кәсіптің қай түрімен айналысқың келеді өз еркіңде. Қанша мал ұстасаң да, қанша астық өсіріп, сатсаң да шектеу жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге  барынша қолдау көрсетіп жатыр, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Ауданнан шалғай болғанмен, шаруашылық үлкен жолдан алыс емес: Ақтөбе-Қобда тас жолынан 7-8 шақырым  ғана қашықтықта орналасқан.

Жылдан жылға халықтың тұрмысы, шаруаның жағдайы түзеліп келеді. Қазір, міне, жол салынып жатыр. Самара — Шымкент халықаралық маңызға ие тас жолының Ақтөбе-Қобда бөлігіндегі жолы жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталса, облыс орталығынан 73 шақырым жердегі шаруашылыққа небары 45 минутта жетуге болады. Қобдаға  газ тартылып жатыр. Демек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, шаруашылыққа да газ таруға болады. Іргеде Сарықобда өзені ағып жатыр. Бау-бақша өсіруге қолайлы. Болашақта жылыжай салу ойымда бар, — дейді Қыдырбай Ксупов.

 

Қымыз

 

«Абылай қымызы». Ақтөбеліктер тұтынып жүрген қымыз — осы шаруашылықтың өнімі. Биыл нарыққа шығарылғанына — 5 жыл.

— Бастапқы жылы оншақты бие саудық. Қымыз дайындау үшін күбі керек. Күбі іздеп Ақтөбені араладым.  Таппадым. Ағаш шеберлеріне өтініш жасадым. Олар да жасай алмады. Ақыры Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан арнайы тапсырыс беріп бірнеше күбі алдырдым. Әр күбінің сыйымдылығы — 20-25 литр, — дейді Қыдырбай Ксупов.

Мұнда бастапқы жылы 2-3 тонна қымыз өндіріліпті.

— Көбіне таныстарымыз алатын. Бірте-бірте адамдар бірінен-бірі естіп, іздеп келіп алатын болды. Ем үшін алды. Тойларға алды. Сөйтіп, жыл сайын сұраныс арта түсті. Әрине, қымыз өндіру көлемі де артты. Қазір күн сайын 150 литр қымыз өндіреміз. Ай сайын 3000-3500 тонна өнім шығарамыз. Бұл — тапсырыс көлемі. Сұраныс көбейсе, қымызды бұдан да көбірек өндіруге мүмкіндік бар.  Жалпы, мамырдан бастап қарашаға дейін бие сауамыз, — дейді шаруа қожалығының иесі.  

Әзірге тұтынушылары —  облыс тұрғындары. Тапсырыс беріп 50-100 литрлеп тойға қымыз алатындар бар. Ем ретінде қолдану үшін сұраныс берушілер де жеткілікті екен.

«Анвар», «Дина», «Дастарқан» супермаркеттеріне тапсырамын. Әсіресе, «Дина» гипермаркетінде қымыз өтімді.  Ондағы менеджерлер жақсы жұмыс істейді. Қымыз азая бастағаннан-ақ тапсырыс береді. Орталық базарда да бір апай біздің қымызды сатады. Сонымен қатар «Бершүгір» санаторийі 10 күн сайын 600 литр қымыз алады, — дейді Қыдырбай Ксупов.  

Ол әңгіме арасында Оңтүстік Кореяда қазан айында қымыз тақырыбында халықаралық конференция өтетіндігін айтты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпкерге шақырту қағазын да беріпті.

Дегенмен, жолға көп қаржы керек. Жол шығынын көтеруге билік тарапынан көмек болса, жақсы болар еді. Себебі, мұндай халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялардан тыс қалуға болмайды. Бұл шақырту біз үшін зор мүмкіндік, — дейді Қыдырбай Ксупов.

 

 Жұмысшы керек, жұмысшы

 

Кәсіпкер шаруашылыққа жұмысшылардың жетіспейтіндігін айтады:

Қазір жұмыс көп. Жұмыссыздық жоқ. Жұмыссыздардың қарасын көбейтіп отырғандардың дені — жалқаулар мен еріншектер, маскүнемдер. Шындық — осы. Шаруашылық ашылғалы бері қаншама адам жұмыс істеді. Көбі тұрақтамайды. Әрі кеткенде 2-3 ай жұмыс істеген болады, «жалақымды жинап, 2-3 айда бір алайыншы» дейді. Айлығын алғаннан соң ауылға барып, 2-3 күн демалып келуге рұқсат сұрайды. Содан кейін әбден шаршап, шалдығып, келсе келгені, келмесе, жоқ. Сосын той тойлағанды жақсы көреді. Той тойлап бірнеше күнге кетеді. «Жан бар жерде қаза бар» деген садақа болады. Бұрын садақаға үлкен кісілер баратын-ды. Қазір ет жақыны болмаса да садақадан жастар да қалмайды… Қысқасы, жастар қара жұмыс істегісі келмейді. Одан гөрі күзетші болғанды қалайды. Бұрын зейнетке шыққан кісілер уақыт өткізу үшін күзетші болатын.

Қазіргі күні біздің шаруашылыққа қойшы, жылқышы керек.  Шаруашылықтың басында бірнеше  үй бар. Онда тұру тегін, Тамағы, темекісі де ақысыз. Шопанның жалақысы  — 40 мың,  жылқышының айлығы — 45 мың теңге. Отбасылы адам болса, тіпті, жақсы болар еді. Зайыбы сауыншы болады. Сауыншылардың жалақысы — 30 мың теңге.

 

Мәселе

 

Мемлекет тарапынан шаруаларға көп көмек көрсетіліп жатыр. Дегенмен, мәселесі де шаш-етектен. Бұл туралы Қыдырбай Ксупов былай дейді:

Бірнеше жыл бұрын «Тасис» бағдарламасының қаржыландыруымен еуроодаққа мүше  ел — Латвияға бардық. Онда жердің әр гектарына 10 мың теңгеден субсидия  төленеді екен. Ал бізде төленетіні — 300 теңге. Сонымен қатар Латвияда сиыр малына бұзау, баспақ деп бөлмей, басына 36 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы төленеді. Ал бізде бұзау, баспақ есепке алынбайды. Оның үстіне ірі қараның саны 150 бас болуы тиіс. Онда да екі мақсаттағы ірі қара болуы керек: бірі сауынды сиыр, яғни сүтті бағыттағы, екіншісі — етті бағыттағы сиырларға ғана басымдық беріледі. Былтыр субсидия көлемі сүтті сиырға — 6 мың теңге, етті бағыттағы ірі қараға — 12 мың теңге болды. Ал қойға субсидия алу үшін 600 саулықтан кем болмауы тиіс (былтыр әр саулыққа 1500 теңгеден субсидия төленді). Жаңадан кәсібін ашқан шаруада сонша көп мал  қайдан болсын? Кәсіпкер шаруасын түзеу үшін ақша оған ісін бастаған кезде қажет.

Қымызға 60 теңге субсидия беріледі. Ол да аз. Әр литрге — 120-150 теңге болса, жақсы болар еді. Субсидия жылына бір рет, жыл аяғында беріледі. Былтыр қымыз өндіргенім үшін 900 мың теңге субсидия алдым.

Тағы бір мәселе — техника алу үшін берілетін несиелердің үстемеақысы көп.  Лизинг арқылы 2 «Беларусь» маркалы техника алдым. Жалпы құны — 7 миллион 400 мың теңге. 8 пайыз үстемеақы төлеймін. Егер пайызы аз болғанда, ескі техникаларды жаңартып, тағы да екеуін алатын едім.

2011 жылы «Жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 5,5 миллион теңгеге  техника  сатып алдық. Несиенің үстемақысы —  7 пайыз. Мұның өзі көп. Біздің тілек: үкімет шаруаларға берілетін несиелердің үстемеақы көлемін азайтса екен.

 

Күбі. Киікоты. Тобылғы

 

Ханымзия НҰРАШЕВА, технолог:  

— Осы шаруа қожалығында жұмыс жасап жатқаныма 5 жыл болды. 2 жылдан бері қымызханада жұмыс істеймін.

Қымызды дайындаудың өзіндік әдісі бар. Күбіні киікотымен және тобылғымен ыстаған дұрыс. Күбіні жиі-жиі ыстау керек. Әлсін-әлсін тазартып тұрмаса,  ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып кетеді. Ал ысталған күбідегі қымыз күбіні жақсы сақтаумен қатар, қымызға ерекше дәм береді.

Сүзілген,  тұндырылған сүтті күбіге құямыз. Қымыздың ашытқысы қораба деп аталады. Сүтке қораба құйып, 5-6 сағат пісеміз. Сөйтіп, арнайы құтыларға құйылған қымыз дүкендерге жөнелтіледі.

Қымызды сақтаудың да тәсілі бар. +2-+6 градус температурада сақтаған жөн. Қымыз жылы жерде ашып кетеді. Ашығанын басу үшін, көбірек сапыру керек.  

Қымыздың денсаулыққа пайдасы зор. Адамның күш-қуатын арттырады. Бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді. Қан тамырларын тазалайды. Буын ауруларына да шипа. Жүйкені тыныштандырады. Ұйқысыздыққа да ем. Ішектегі жараны да жазады. Суық тигенде, жөтелгенде қымызды жиі қолдану керек.

Қымыз құрамында көптеген микроэлементтер, дәрумендер бар. Кез келген сүттегі ең құнарлы зат —  ақуыз. Бие сүтінде оның мөлшері — 1,8 —  2 пайыз. Қымызда шамамен 1,3 —  2,0 пайыз май бар. Бұл — сиыр сүтіндегіден 2 есе кем деген сөз. Яғни, қымызда адам ағзасына зиян тигізетін холестерин мөлшері аз, тіпті жоқ деуге болады.

Шаруашылықтан арнайы тапсырыспен емделу үшін қымыз алатындар көп. Емдеріне дауа болғандары ризашылықтарын айтып, алғыстарын жаудырады. 

Химиялық терапия әдісімен ем алған бір кісінің денсаулығы қымыз ішудің арқасында жақсарды. Ол кісі Қытайға барып емделіп тұрады екен. Біреулерден естіп, біздің қымызды алдыртып ішті. Белгілі бір мерзім өтіп, тексерілуге Қытайға қайтадан барғанда дәрігерлер оған таң қалған: науқастың жағдайы анағұрлым жақсарыпты. Мұндай мысалды көп келтіруге болады. Ең бастысы, халық соңғы кездері қымыздың пайдасы туралы аз да болса түсіне бастады.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button