Басты жаңалықтар

Есептің негізі — ертеңгі шаруа

Жақында Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы селолық округінің әкімі Алмаз Әлімбаев Қарғалы ауылының тұрғындарына арнап есепті кездесуін өткізді. Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қатысты.

 

Ауылдар

 

Жиында Алмаз Аманбайұлы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты баяндады.

Қарғалы ауылдық округіндегі жалпы саяси жағдай тұрақты.

Округте 4 ауыл бар: Қарғалы, Ақжар, Мағаджан, Ясный. Бұл ауылдардың тұрғындарының барлығы да көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Электр қуаты, телефонмен қамтылған.

Жыл өткен сайын округтегі тұрғындардың саны көбейіп келеді. Қазанның 10-ы күнгі санақ бойынша округте 26 353 адам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда халық саны 5 мыңға артты деген сөз, — деді Алмаз Әлімбаев.

Бұл округте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да жақсы жолға қойылған.

4 бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған «Жұмыспен қамту  — 2020» бағдарламасының бірінші бағыты — өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Екіншісі, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріледі. Біздің округте осы екі бағыт бойынша тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, 15 адам әлеуметтік жұмысқа орналастырылды. Қарғалы ауылының тұрғыны Дәріқыз Әлиеваға шаштараз ашу мақсатында 3 миллион теңге шағын несие берілді.

Жұмыспен қамту мақсатындағы жұмыстың бір парасы — кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін тәжірибе жинақтау үшін Жастар тәжірибесіне жіберу. Бұл бағытта да біраз шаруа тындырылды. 10 түлек білім беру мекемелеріне тәжірибеге жіберілді, — деді округ әкімі.

Округтегі кейбір елді мекендерге су, кәріз құбырларын, электр желілерін тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалыпты. Бұл туралы Алмаз Аманбайұлы былай деді: 

Округ орталығы — Қарғалыға су құбырларын жүргізу үшін 565 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленді.

Қарғалы ауылындағы электр желілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін 27 миллион теңге бөлінеді. Сонымен қатар Мағаджан (23 миллион теңге), Ақжар ауылдарындағы (34 миллион теңге) электр желілеріне де күрделі жөндеу жүргізу  жоспарланып отыр. 

Ясный ауылының ескі бөлігін сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат дайындалды. Бұл жобаны қаржыландыру мәселесін шешу қарастырылып жатыр. 

Тағы бір айта кетерлігі, Қарғалы, Ақжар, Ясный ауылдарының  кейбір көшелерінің жолдары жөнделеді. Бұл жұмыстардың да жобалық құжаттары дайын. Қаржы бөлінген соң жөндеу жүргізіледі.

Округте шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес.

  Қарғалы ауылдық округінде 5 мектеп бар. Оқушылардың үлесі — 3738.  Биыл мектептерді күрделі  жөндеуге қаржы бөлінген жоқ.

Ақжар ауылындағы 32 оқушыға арналған бастауыш мектеп ескі. Ыңғайластырылып салынған ғимаратта асхана да жоқ. Оқушылар саны көп. 103 бала 2 кезеңде білім алып жатыр. Бұл мектептің  мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей жатыр.

Мағаджан ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт керек, — деді Алмаз Әлімбаев.

 

Сауалдар

 

Жиын барысында тұрғындар Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровқа, округ әкімі Алмаз Әлімбаевқа бірнеше сауал қойды. Тұрғындар сұрақтарына тиянақты жауаптар берілді.

 

Қази БЕЙІМҰЛЫ, Қарғалы ауылының тұрғыны:

— Қарғалы ауылының кейбір көшелерінде «ашық» қалған электр желілері бар. Соның бірі менің үйімнің маңынан жүргізілген. Бұл адам өмірі үшін қауіпті. Сондықтан осы мәселені шешіп берсеңіздер екен.

 

Алмаз ӘЛІМБАЕВ, Қарғалы селолық округінің әкімі:

— Ауыл тұрғындарынан осы көтерілген мәселеге ұқсас хаттар келіп түсті. Соған байланысты Ақтөбе қаласынан арнайы комиссия шақыртып, иесіз қалған жерлерді иесіз ретінде тіркеуге алдық. Заң талабы бойынша иесіз жер иесіз ретінде 1 жыл тіркеуде тұруы керек. Содан кейін коммуналдық меншікке аламыз. Бұдан соң тендер өткізіліп, жеңімпаз мекеме желілерді жөндейді.

 

Айша Бәйімбетова, Ақжар ауылының тұрғыны:

 Ақжар ауылындағы бастауыш мектеп ескі. Асханасы да жоқ. Бұл мектептің мәселесі біраз уақыттан бері шешілмей келеді. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, осы мәселені тағы да көтеріп отырмын. Мектепті ескі болған соң жауып тастай ма деген қорқынышымыз да жоқ емес. Біздің тілек: қандай жағдай болса да, Ақжар бастауыш мектебін сақтап қалсаңыздар, мектептің ғимаратын жөндеуге көмектессеңіздер екен.

 

Мейірхан ҚАРТИН, ауыл тұрғыны:

 Қадірлі Ерхан Болатжанұлы, Сіз Ақтөбе қаласының көркеюі, гүлденуі үшін көп игі істің ұйытқысы болып, көп шаруа тындырып жатырсыз. Бір ғана мысал, облыс орталығындағы кеңес дәуірінен бері жөндеу жасалмаған біраз көше жаңарып, жөнделіп жатыр.  

Біздің ауыл, Қарғалы селолық округі, Ақтөбе қаласына қарасты 5 селолық округтің ішіндегі ең үлкені. Тұрғындардың саны 26 мыңнан көп. Басқа округтерде жоқ мекемелер біздің округте бар. Басқаны айтпағанда болашақтың қаласы — «Нұр Ақтөбе» қалашығы біздің округтің территориясында салынып жатыр. Мақтанып айтар жетістіктеріміз көп болғанымен, шешілмеген мәселелер де бар.

Біріншіден, Қарғалы селолық округінің әкімі Алмаз Әлімбаевтың қызметтік көлігі жоқ. Әкімге көлік керек.

Екіншіден, Қарғалы ауылына су, кәріз жүйелерін жүргізу үшін сметалық құжаттар дайын. Қаржы жоқ.

Үшіншіден, Қарғалы ауылындағы Центральный көшесінің жолын күрделі жөндеу үшін сметалық құжат әзірленді. Бірақ  жол жөндеуге қаржы бөлінген жоқ. Осы мәселелерді шешуге көмектесуіңізді өтінеміз.

 

Түйін

 

Жиынды қала әкімі Ерхан Омаров қорытындылап, тұрғындар сауалдарына нақты жауап берді.

— Құрметті Қарғалы селолық округінің тұрғындары!  Ақтөбе қаласына қарасты 5 селолық округ бар. Төрт күн бойы 4 селолық округтің әкімдерінің кездесулері өтті. Бүгін, міне, осы округ әкімінің қорытынды есеп беру кездесуі өтіп жатыр.

5 селолық округте 22 елді мекен бар. Ақтөбе қаласының аумағында соңғы 10-15 жылда 35 тұрғын үй массиві пайда болды. Осы ауылдарды, елді мекендерді, тұрғын үй массивтерін бір-бірінен бөліп-жармай, тең көріп, мүмкіндігіміз келгенше,  жоспарға сәйкес жағдайын жасауға тырысып жатырмыз. Басты мақсат — барлық елді мекенді сапалы ауызсумен қамту. Бұдан кейінгі кезекте көгілдір отынмен қамту мәселесін шешу қойылған. Бүгінде барлық елді мекендер инженерлік желілермен қамтылған. Дегенмен, осының 40 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Кездесуде көтерілген мәселелерге нақты тоқталып өтейін: иесіз қалған электр желілері туралы мәселе көтерілді. Қарғалы ауылының өзінде мұндай 6-7 учаске бар. Ал Ақтөбе қаласында жалпы иесіз қалған инженерлік жүйелердің ұзындығы — 60 шақырым. Қазір заң талабына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде иесіз жерлердің 80 пайызы коммуналдық меншікке алынды. Қалған 20 пайызы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық иесіз қалған инженерлік жүйелер бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Мұның ішінде электр қуатының желілері, жылу беру, кәріз құбырлары бар.

Қазір Қарғалы ауылындағы 7 учаскедегі иесіз қалған  электр желілерін коммуналдық меншікке алу мақсатындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2014 жылы жергілікті бюджет есебінен осы 7 учаскедегі желіні жөндеуге тырысамыз.

Ақжар ауылындағы мектептің өте көне екені рас. Аталған ауылдағы мектеп жасындағы балалардың саны 500-ден асады. Оқушылардың көпшілігі Қарғалы ауылында орналасқан екі мектепке автобуспен қатынайды. Мектепке тасымал ұйымдастырылған.

Ақтөбе қаласында (селолық округтерді қосқанда) 421 мың тұрғын бар. Бұл —  тіркелгендердің саны. Қала халқының саны жыл өткен сайын көбейіп жатыр. Әрине, бала саны да көп. Былтырғы оқу жылында Ақтөбе қаласында мектеп жасындағы 49 818 бала болса, биылғы оқу жылындағы оқушылардың саны — 52 186. Сол себепті, қаланың өзінде де мектеп қажеттілігі артуда. Тұрғындары көп елді мекендерге әлеуметтік нысандар салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Мысалы, Ясный мен Қарғалы ауылдарында әрқайсысында  320 орындық балабақша салу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленуде.

Ақжар елді мекені бойынша айтсам, аталған ауылға жақын жерде, Кірпішті ауылында, 320 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Сонымен қатар 2014 жылы Заречный-4 елді мекенінде 1000 орындық мектеп еңсе тіктейді. Жаңа білім шаңырағы ашылғанда екі ауысымда 2000 бала білім алатын болады.

Ақжар-1 ауылына шағын болса да, 150 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Көне мектепке қосымша құрылыс салу туралы тұрғындар ұсыныс білдірді. Арнайы комиссия мектепті тексерді. Комиссияның шешімі бойынша қосымша құрылыс салуға болмайды. Сол себепті, жаңа құрылыс салынады.

Бұл мәселені қалалық білім бөлімінің басшысы да мәселе етіп көтеріп келеді. Асхананың жоқтығына байланысты оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұл мәселені қатаң бақылауға алдық.

Кездесуде Қарғалы селолық округі әкіміне қызметтік көлік алып беру туралы ұсыныс айтылды. 2014 жылдың басында бұл мәселе шешіледі.

Қарғалы ауылына су, кәріз құбырларын жүргізу туралы да мәселе көтерілді. Су құбырларын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жоспар бойынша бұл жұмыстар республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Сол себепті дайындалған құжаттарды тиісті министрліктерге тапсырдық. Министрлік тарапынан жоба жұмысы қолдау тапты.

Кәріз құбырларын жүргізу бойынша да жобалық-сметалық құжат дайындалды. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Жұмысты қазір бастап кетуге дайынбыз. Дегенмен, қаржы мәселесі шешілмей отыр. Екі жұмысты бір уақытта бастау қиындау болады. Сондықтан осы екі жұмыстың бірін келесі жылы қолға аламыз.

Жол жөндеу мәселесі де айтылды. Тұрғындар жиі көтеретін мәселе де осы — жол жөндеу. Олардың көпшілігі қиыршық тас (щебень) төсеп болса да, уақытша жол  салып беру туралы ұсыныс айтады. Бұдан кейін қиыршық тастан жол төселмейді. Көктем мен күзде жаңбыр көп жауғанда қиыршық тас топыраққа араласып кетеді, шашылып қалады. Қысқасы, мұндай жолдан нәтиже жоқ. Сол себепті, асфальтты-бетонды жамылғысы төселген жолдарды ғана саламыз.  

Ақтөбе қаласы мен қалаға қарасты ауылдарда барлығы 1800-ге жуық көше бар. Соның 30 пайызы ғана жаңартылды.

Қалада көлік саны көбейіп жатыр. Қазірде облыс орталығында тіркеуде тұрған 106 мың көлік бар. Бұдан бөлек аудандардан, басқа  қалалардан келіп-кететін көлік көп. Көліктердің көптігі салдарынан жолдың асфальт-бетонды жамылғысы тез тозады.

Бір жарым жылдың ішінде 73 жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Әр елді мекенде бір-бірден орталық көшелерге асфальтты-бетонды жамылғы төсеуді жоспарлап отырмыз. Қарғалы ауылында екі көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Соның бірі әлгінде мәселе етіп көтерілген — Центральный көшесі.

Осы жиналыста Қарғалы селолық округінің бұрынғы әкімі Мұхамбетқали Қазкеев отыр. Ол кісі Қарғалы ауылындағы орталық көше, Сәтпаев көшесіне, жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салып беру туралы жиі айтқан еді. Бұл ұсынысты қолдап, 2014 жылы жаяу жүргіншілер жолын саламыз.

Жалпы жиында көтерілген мәселелердің барлығы да орынды. Барлық ұсыныстарыңыз қала әкімдігінің жұмыс жоспарына кіреді, — деді Ерхан Омаров.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

   

Дәрігерлік амбулатория ашылды

 

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Благодар селолық округына қарасты Пригородный ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды.

Ашылу салтанатында Қарғалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәкен Қапанов үкімет денсаулық сақтау саласына мейлінше көңіл бөлетінін, тек қана осы бір ғана амбулаторияға республикалық бюджеттен 65 миллион 340 мың теңге бөлінгенін, оның 23 миллионы соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалғанын айтып, тұрғындарды жаңа емдеу мекемесінің ашылуымен құттықтады.

Ақсақал Смағұл Ысқақ 2008 жылдан бері Пригородный ауылына бір амбулатория керек деп біраз есікті жағалап, біраз жерге хат жазғанын айтты. Ауыл тұрғындары да Смағұл атаның біраз жүгіргенін, тек қана бұл емес, осы ауылға қатынайтын №29 бағытқа үлкен автобус сұрағанын және ол тілегі де орындалғанын әңгімелеп жатты.

Ал Благодар селолық округінің әкімі Бақұзақ Дарын:

— Біздің округтегі 11 елді мекеннің үшеуіне жаңадан дәрігерлік амбулатория салынды. Төртіншісі енді ашылады. Ендігі тілегіміз — ұзын жолдың бойында орналасқан 925 тұрғыны бар Бекқұл баба ауылына, 300-ге жуық тұрғыны бар Өлкеге медпункттер қажет. Сондай-ақ, 650 адамы бар Ақшат елді мекеніне де емдеу мекемесі керек, — дейді.

Ал ұзақ жылдар бойы Ырғыз, одан соң Ақтөбеде медбике болған, зейнеткер Александра Стоялова, ардагер ұстаз Құдаш Бекбергеновтер жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ақ халатты абзал жандарға қызметте абыройлы болуларын тіледі.

Жаңа ғимаратты «Сәт-сапар, Ақтөбе!» ЖШС салып берді. Осы құрылыс учаскесінің басшысы Ерлан Қаракеев амбулаторияның аға дәрігері Гүлбағира Құндыбаеваға символдық үлкен кілтті тапсырды.

Қарғалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәкен Қапанов пен Благодар селолық округінің әкімі Бақұзақ Дарын лента қиып, шашу шашылды. Қонақтар амбулаторияны аралап көрді. Жалпы көлемі 300 шаршы метр болатын ғимарат автономиялық газды жағу арқылы жылытылады, орталықтандырылған су құбыры да ішке кіріп тұр. Тіркеу орны, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, ем жүргізу кабинеті, күндізгі стационар, физиотерапия бөлімі және зертханаға арналған кабинеттер бар. Барлық кабинеттер УДЗ аппараты, несеп анализаторы және гематологиялық анализатор, физиотерапия аппараты секілді заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Енді тұрғындар көрші ауылдарға немесе қалаға бармай-ақ, өздерінің Пригородный амбулаториясында біраз медициналық қызметтерді пайдалана алады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Ыстық тамақ пен оқушылар тасымалы

 

Жақында Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың қатысуымен өткен жиында оқушыларды тамақтандыру және мектепке тасымалды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның баяндамасы тыңдалды. Жалпы облыс орталығында 67 мектеп бар. Оның 18-і — ауылдық елді мекендерде орналасқан. Оқушылардың  саны — 52 186.

Қала бойынша 62 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған, 5 мектеп қоғамдық тамақпен қамтамасыз етеді.

Қазір 46 839 оқушы ыстық тамақпен  қамтылып отыр. Оның ішінде тегін ыстық тамақпен қамтылғандардың үлесі — 25 933 бала (55 пайыз), — деді Айгүл Аманғазықызы.

Қала мектептерінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 3575 оқушы тіркелген. Олардың барлығы да тегін ыстық тамақпен қамтылып жатыр.

«Жаппай білім беру» қорынан аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 114 миллион 44 мың теңге бөлінді. Тегін ыстық тамақтың орташа құны —120 теңге.

Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін биылғы жылға жергілікті бюджеттен 485 миллион 763 мың теңге бөлінді, — деді қала әкімінің орынбасары.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе —  оқушылар тасымалы.

Жаңа оқу жылының басындағы мәлімет бойынша Ақтөбе қаласындағы 21 мектептің 2639 оқушысы мектепке тасымалданады. Бұл — тасымалдауды  қажет ететін оқушылардың барлығы да тасымалмен қамтылды деген сөз.

Биылғы оқу жылында  «Құмжол», «Актюбсельмаш» саяжайларынан қосымша  оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылыпты. Аталған саяжайларда тұратын оқушылар Қарғалы қазақ орта мектебіне тасымалданып жүр.

Жалпы 19 елді мекен мен саяжайда тұратын оқушыларды «Автопарк» ЖШС-нің 21 автобусы тасымалдайды. Сонымен қатар №16, №18, №30, №31, №39, №41, №47, №50, №53, Красносель, Пригород, Елек, Сазды орта мектептерінің меншігіндегі 12 автобуспен және 2 шағын автобуспен аталған білім беру мекемелерінің оқушылары тасымалданады.

Жиын қорытындысында қала әкімі қалалық білім бөлімі мен мектеп басшыларына оқушыларды сапалы  тамақтандыруды тұрақты бақылауды тапсырды.

Қала басшысы Ерхан Омаров оқушыларды тасымалдауда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Қалалық білім бөлімі мен мектеп басшыларына жүргізушілердің біліктілік деңгейін, олардың жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауын бақылауды нықтап тапсырды.

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Форум

 

Ақтөбеде бизнес қалай дамып жатыр?

 

Өткен аптада «Дастан» бизнес орталығының мәжіліс залында Ақтөбедегі шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне арналған бизнес-форум болып өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, қала мәслихатының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты. Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова қаладағы кәсіпкерліктің дамуы жөнінде әңгімелеп, қатысушыларды бизнес ортаны жақсарту жөніндегі ұсыныстарын айтуға шақырды.

Ал қалалық мәслихат депутаты Талғат Хамитов жергілікті кәсіпкерлер арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жария етті. Оның айтуынша, сауалнамаға 158 кәсіпкер қатысқан, оның жартысынан астамы — сауда саласында қызмет істейтін азаматтар. Сұралғандардың 38 пайызы олардың бизнесі тұрақты деңгейде жұмыс істеп жатқанын, 16,5 пайызы көтерілу үстінде екендігін, 15,8 пайызы енді ғана аяқтанып келе жатқанын айтқан.

Бір қызығы, кәсіпкерлердің жартысынан астамы, яғни, 52,5 пайызы мүлдем несие алмаған, ал 27,5 пайызы бизнесті дамыту мақсатында несие қызметіне жүгінуге тура келгендігін айтыпты. Көпшілігі несие пайыздарының тым жоғарылығын және оны рәсімдеу үрдісінің ұзақтығы мен талап етілетін құжаттардың көптігін алға тартқан.

Шараға белсенді араласқан қалалық прокуратураның бөлім бастығы Абай Иманалин аймақта «Кедергісіз кәсіпкерлік» бағдармасы жүзеге асырылып жатқанын әңгімеледі.

— Аталған бағдарлама барысында прокурорлар кәсіпкер құқықтарының бұзылуы фактілерін анықтайды. Биыл осындай 40 дабыл түсіп, оның 18-і дәлелденді. Нәтижесінде, алты лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке, ал жеті адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — дейді Абай Иманалин.

Осы тұста форумға қатысып отырған кәсіпкерлердің бірі Сәнімжан Шұғайыпова өзінің сауда нүктесі орналасқан вокзал маңында тазалықтың жоқтығын айтып, наразылығын білдірді, «соны бір реттеуге болмас па екен?» деген ұсынысын да айтты.

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Асхат Айтжанов кәсіпкерліктің маңызды мәселелері және оларды шешу жолдары туралы әңгімеледі. Сөзінің соңында қала кәсіпкерлерінің өңірді дамытуға қосып отырған үлестері зор екенін айта келе, әлі де қаламызды көркейтуге үлес қосуға, бір тал болса да егуге, әсіресе, «Көркейе бер, туған жер!» акциясына атсалысуға шақырды.

Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев «Даму» қорының мемлекеттік қолдау шараларына шолу жасады.

Одан соң кәсіпкерлер мен депутаттар «Бизнес-кеңесші» семинарына қатысушылармен кездесіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жасалып жатқан игі істер туралы баяндады. Кәсіп ашуға талаптанып жүргендер ізденіс барысында туындаған сұрақтарын танымал кәсіпкерлерге қойып, жауап алуға мүмкіндік алды.

Бизнес форум жұмысын қорытындылаған Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова:

— Біздер шағын және орта кәсіпкерлікті үнемі назарда ұстаймыз. Әрі жас кәсіпкерлерді мейлінше қолдауға тырысамыз. Олардың білмегенін үйрететін семинар-тренингтер де көптеп ұйымдастырылуда. Ал біздер мұндай кеңейтілген бизнес-форумды бірінші рет өткізіп отырмыз. Енді жиі өткізетін боламыз, — деді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Даналық дәрістері

 

М.Ломоносов атындағы орталық кітапханада Төле бидің 350 жылдығына орай «Төле би — саяси, тарихи тұлға» атты тарихи сағат өтті.

Шараны өткізудегі мақсат — жас ұрпақтың туған елді қастерлеп, тарихты терең білуіне, сөз мәдениетін үйренуге тәрбиелеу.

Кеш барысында ұрпаққа мол мұра қалдырып, әр сөзі өнеге болған Төле бидің өмір жолы мен игі істері турасында айтылып,  нақыл сөздерінен үзінді оқылды. Оқырмандар қатысқан шарада тақырыпқа байланысты әдеби көрме ұйымдастырылды. Төле би Әлібекұлы туралы мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалаларға кітапханашы Жұмагүл Қуанышева шолу жасады.

Бұл шара жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, тарихи есімдерді қайта жаңғыртудың бір үлгісіндей әсер қалдырды. 

 

                                                                                     Жұлдыз САДЫҚ,

                                                                                     кітапхана қызметкері.

Ақтөбе қаласы.

 

«103» және жалған қоңырау

 

Осыдан он жыл бұрын Ақтөбе қаласында тәулігіне 300-ге жуық жедел медициналық көмекке шақырту түссе, қазір күніне 500-ден астам қоңырау шалынады. Мамандар мұны қаладағы халық санының өсімімен ғана емес, кейбір тұрғындардың бұл ұжымның жұмысына түсіністік танытпай, кедергі келтіруімен де байланыстырады. 

 

Кептеліс қағидаға «бағынбайды»

 

Ақтөбе қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек бекеті бас дәрігерінің орынбасары Гүлжанат Көшетованың айтуынша,2011 жылдың желтоқсан айында шыққан Үкімет қаулысына байланысты жедел медициналық көмек және санитарлық авиация нысанында медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілген. Осы қағидаға сәйкес жедел медициналық көмек бойынша шақыртудың жеделділік санатының 6 тізбесі қарастырылыпты.

Қазір жедел медициналық көмек қызметі мамандары ел Үкіметінің қаулысына сәйкес шығарылған қағида негізінде жұмыс жасайды. Онда жеделділік санатының алты тізбесі көрсетілген. Яғни,  1-3 тізбе  бойынша диспетчер жұмыс бригадасына 5 минуттың ішінде хабарлап, мамандар 15 минутта оқиға болған жерге жетуі тиіс. Ал, жеделділік санатының 4-5 тізбесінде бригадаға хабар 20 минуттың ішінде жетуі  тиіс. Бұл кезде жедел медициналық көмек көрсететін мамандар   үйдегі науқасқа жұмыс тәртібі бойынша 25 минутта жетеді. Жеделділіктің алтыншы санаты диспетчердің шақыртуды жұмыс бригадасына 30 минут ішінде хабарлауына мүмкіндік береді. Бұл бас ауруы, дене қызуы көтерілген, бірақ асқынбаған жағдайда, сол сияқты науқасты бір мекемеден екінші мекемеге тасымалдау кезінде жүргізіледі. Хабар түсісімен, мамандар науқастың жанына жарты сағат ішінде жетуі тиіс, — дейді Гүлжанат Аманкелдіқызы.

Шығарылған қаулы, бекітілген қағида, қатаң талап сақталғанмен, бұл қызметтің жұмысына көп жағдайда қала көшелеріндегі жол кептелісі қиындық тудырады. Осының салдарынан санитарлық көліктер оқиға орнына кеш жетіп жатады. 

Осыдан он жыл бұрын қалада тәулігіне жедел жәрдем қызметіне 300-ге жуық шақырту түссе, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда өсті. Мамандар күн сайын 500-ден астам шақырту бойынша қызмет көрсетеді. Қала халқының саны ай сайын өсіп отыр. Статистикалық көрсеткіш бойынша, 1 тамызда қалалықтардың саны 425 мың болса, 1 қазандағы мәліметте халық саны 427 мыңға жетіпті. Әрине, жедел жәрдем қызметіне қатысты шақыртудың көбеюі халық санының өсуімен ғана емес, бұл қызметті кейбір тұрғындардың ойыншық құралына айналдырып алғандығы қынжылтады. Жұмыс уақыты кезінде барлық емханаларда тұрғындарға медициналық көмек көрсетіледі. Диспансерлік есепте тұрған кейбір науқастарға учаскелік дәрігерлер үйде  ем жасайды. Десек те, кейбір тұрғындар күндізгі уақытта емханадан алуға тиісті екпе үшін де жедел жәрдемді шақыртып жатады. Қан қысымын өлшету үшін  күніне бірнеше рет  санитарлық бригаданы шақыртатын жалғыз басты қариялар бар. Әрине, қартайған адамдардың жағдайы түсінікті, дегенмен бұл жұмыстар жедел медициналық көмек қызметкерлерінің құзырына жатпайды, әрі бұндай шақыртулар қағидада көрсетілмеген. Талап пен жұмыс тәртібі жайында мұндай адамдарға бірнеше рет ескерту жасалғанымен, түсінгілері келмейді. Ашуға булығып, шағым айтуға дайын тұрады.  Жол кептелісімен қатар, осындай себептердің туындауынан да жедел жәрдем көлігі оқиға орнына кеш жетіп жатады, — дейді Г.Көшетова. 

 

«Адис»-тің артықшылықтары

 

Қазір қаладағы жедел және шұғыл медициналық көмек бекеті автоматтандырылған диспетчерлік ақпараттандыру қызметі (АДИС) бойынша жұмыс жасайды.

Ресейлік бағдарлама кешенімен жұмыс жасап жатқанымызға екі жылға жуық уақыт болды. Электронды бағдарлама бойынша «103»-ке келіп түскен әрбір шақырту компьютерде жазылады. Кейін бұл жазбаларды қайта тыңдауға мүмкіндік бар, әрі диспетчер айтылған шағымдарды сол бойы компьютерге енгізеді. Бағдарламаға енгізілген ақпараттар өңделіп, қорытылады, тез арада шақыртудың жеделділік санатын анықтап көрсетеді. Диспетчер осы бойынша жұмыс бригадаларына хабар түсіреді. Бұрын әрбір шақырту, айтылған шағым журналға тіркелетін. Содан кейін ғана шақыртудың жеделділік санаты анықталатын. Сөйтіп арада біршама уақыт өтетін. Бұл бағдарламаның артықшылығы — жұмыс сапасын жақсартып, жедел жәрдем қызметінің кешігуіне жол бермейді, — дейді  мамандар.

Бұдан басқа, санитарлық көліктердің барлығына «GPS» картасы орнатылыпты. Бұл — диспетчердің көліктің қай бағытта, қай көшеде жүргенін компьютер арқылы көруіне мүмкіндік береді.

 

Екі көшеге бір атау

 

Соңғы жылдары балалар ауруына қатысты жедел жәрдем шақыртудың саны артқан. Былтыр тоғыз айда  «103»-ке түскен  119 643  шақыртудың  33 мыңға жуығы балалар ауруына байланысты орын алыпты. Ал биыл осы кезеңде 128 463 қоңырау түссе, оның 36 893-і — балалардың науқастануына байланысты болған шақыртулар.

Жыл сайын қан қысымының көтерілуі, жүрек аурулары жасарып барады. Балалар ауруларына байланысты шақыртудың көбейгені де байқалып отыр. Қазір елімізде денсаулық сақтау саласына барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Диспансерлік есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісі де бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, кейбір науқастар мұндай жеңілдіктерді пайдаланбайды, денсаулығына жүрдім-бардым қарап, күтінбейді. Аурудың алдын алу былай тұрсын,  жасы ұлғайған адамдардың арасында  бойындағы науқасына байланысты мезгілімен дәрі-дәрмек қабылдамайтындары кездеседі, — дейді Гүлжанат Көшетова.

Халықаралық стандартқа байланысты, жедел медициналық жәрдем бекетіне түскен қоңырау кезінде диспетчердің науқастан жеке мәлімет және ауруға қатысты қысқаша ақпарат сұрауы міндеттелген. Алайда, мұндай кезде кейбір науқастар шыдамсыздық танытып, дауыс көтеретін жағдайлар көп кездеседі.  

Қазір Ақтөбе қаласына жан-жақтан қоныс аударушылар, оның ішінде пәтер жалдап тұрушылар көбейді. Халықтың көпшілігі саяжайларды мекендейді. Кейбір тұрғындар тұрақты мекенжайын дұрыс айтпай, жедел жәрдем қызметін әуре-сарсаңға салады. Қалада саяжай ұжымдарының атымен аталатын көше атаулары кездеседі. Бір көше атауының бірнеше рет қайталануы да жұмыстың  жүруіне кедергі жасайды. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Сәтпаевтың атымен аталатын  көше Қарғалы елді мекенінде де бар. Тұрғындар жедел жәрдем шақырту кезінде осындай жағдайларды анықтап айтпайды. Оның үстіне, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерді нөмерлеу, көше аттарын жазу жұмыстарында көп кемшіліктер бар. Әсіресе қаланың Болашақ,

12-шағын аудандарында салынған жаңа үйлерді нөмірлеу жұмыстары екі рет жүргізілді. Қазір осы ауданның тұрғындары мекенжайларын айту кезінде  көп қателеседі.  Осы мәселені алға тартып бірнеше рет құзырлы органдарға хат жаздық, әзірге ешбіреуінен нәтиже жоқ. Жақында Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың атына да хат жолдадық, — дейді Гүлжанат Аманкелдіқызы.

 

Дәрігер аз, фельдшер көп

 

Бүгінде қалалық жедел жәрдем қызметінде 32 бригада жұмыс жасайды. Қурайлы поселкесінен қаланың 12-шағын ауданына дейінгі аралықты қамтитын бас бекеттің құзырында 14 бригада бар. Бұлар Құрашасай, Сазды, Бауырластар ауылдарынан түскен қоңыраулар бойынша да қызмет көрсетеді. Ал қаланың ескі бөлігіндегі қосалқы бекетте жұмыс жасайтын бригадалар 11-шағын ауданнан 41-ші разъезге дейінгі аумақ және  сол аралықтағы барлық саяжай учаскелерін қамтыса, Қарғалыдағы қалалық аурухананың бір бөлігін жалға алып, жұмыс жасап жатқан жедел жәрдем қызметінің бөлімшесі Өлкеге дейінгі қашықтыққа қатынайды.

Әрқайсысының белгілі бір аумағы болғанмен, қалада бос жүретін бригада кездеспейді. Жалпы штаттық кестеге сай, әрбір он мың халыққа бір санитарлық автокөлік бригадасы тиесілі. Өкінішке орай, бұл талап бізде толық сақталмаған. Өйткені халық санына байланысты қалада 42 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасауы керек. Әрине, еліміздің өзге қалаларында да бұл талап сақталмай отыр. Мәселен, 300 мың тұрғыны бар Орал қаласында қазір 24 жедел жәрдем бригадасы ғана жұмыс жасап жүр, — дейді Г.Көшетова. 

Қазір жедел жәрдем қызметіне балалар дәрігері жетіспейді. Жұмыстың ауқымды бөлігін фельдшерлік бригадалар атқарып жүр. Жоғары білікті дәрігерлік бригадалардың саны — 8. Десек те, дәрігерлер көп жағдайда  жедел жәрдем қызметіне келуден бас тартады. Бұл қызметте еңбекақы жоғары болғанмен, физикалық тұрғыда шаршау дәрігерлерді қажытып жіберетінге ұқсайды.  

 

P.S. Қаладағы жедел және шұғыл медициналық көмек бекетінде қазір 3 реанимобиль көлігі жүр.  Заманауи құралдармен толық қамтамасыз етілген мұндай көліктердің алдағы уақытта тағы алтауы келеді деп күтіліп отыр.

**

Келер жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында жедел жәрдем қызметі үшін бас бекеттің ғимараты бой көтермек. Бұл үшін арнайы жер белгіленіп, мердігер мекеме де анықталыпты. Қазір әзірленген жобалық-сметалық құжаттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бекітілуге жолданыпты. Бұдан кейін қаланың «Нұр Ақтөбе» ауданы мен «Тойота центр» ғимараты орналасқан аумақта жедел жәрдем қызметінің қосалқы бекеттері үшін жаңа нысандардың құрылысы салынатын болады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Тағылымның бір сәті

 

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының «Желкен» әдеби клубының кезекті отырысында Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Тахауидың тағылымы» атты әдеби кеш өтті.

Шара барысында оқырмандар кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптармен қатар, «Әдебиеттегі ерекше тұлға» атты кітап көрмесімен және «Тахауидың сөнбейтін шырағы» слайды арқылы Тахауи Ахтановтың өмірі және шығармашылығымен кеңірек танысты.

Ғ.Ақтаев атындағы №6 қазақ орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі  Дина Мұхамедиярова жазушы өмірінің өнеге екендігін айта келіп, оның көркем дүниелері туралы әңгіме шертті. Оқырмандардың сұрақтарына жауап бере отырып, олардан кітапхана мен кітаптан алыстамаулары қажеттігін айтты.

Т. Ахтанов атындағы драма театрының актерлері  Майра Ильясова мен Жанар Кемалбаева көрермен назарына әлі ұсынылып үлгермеген «Күтпеген кездесу» спектаклінен үзінді  көрсетіп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді және осы спектакльдің алдағы өтер  тұсаукесеріне баршаны шақырды.

«Желкен» әдеби клубынын мүшелері  Шынар Қаражан, Самал Сапар,  Роза Жүгінісовалар Қ.Шаңғытбаевтың  «Жастық дәурен», Т.Молдағалиевтың «Тахауи аға», Есенғали Раушановтың  «Тахауи Ахтанов қазасына» атты өлеңдерін тебірене оқыды.

 

З.ҚАРАСАЕВА,

 «Желкен» әдеби клубының жетекшісі. 

Ақтөбе қаласы.

«Көне мешіт» жаңа мешітке айналады

 

Имандылықтың ордасы ретінде мешіттің алатын орны ерекше. Ескі қалада халық аузында «көне мешіт» аталып кеткен Ақтөбе қалалық мешітінің салынғанына биыл 110 жыл толып отыр. Ғасырдан астам уақыт бойы халыққа қызмет етіп келген бұл ғибадат орынын бүгінгі күні жаңарту, кеңейту мәселелері туындаған болатын. 

Барша жамағаттың сұранысы бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен осы қалалық мешітті қайта жобалау жұмыстары қолға алынды. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін «Ғасыр нұры» қоғамдық қоры құрылды.

Қазіргі кезде мешіттің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, төбесіне  күмбезі  орнатылды, есік-терезелері салынды, қосымша бөлмелері (асхана, имам бөлмесі, медресенің оқыту  бөлмелері, кітапхана залы, таһарат өтейтін жер, т.б. қосалқы орындар) анықталды, ішкі-сыртқы су, кәріз трассалары жүргізілді,  электр  жүйесі өткізілді. Енді ішкі әрлендіру, безендендіру, жабдықтау жұмыстары қолға алынды. Ғибадатхананың аумағы ерекше көрініс табатын  болады. Бұл жұмыстар аса ұқыптылықты, шеберлік пен іскерлікті талап етеді. Уақыт тығыз. Амандық болса, мешіт құрылысын жылдың аяғына таман, қарашаның соңы мен желтоқсанның басында толық  аяқтап, жамағатқа мешіттің есігін айқара ашпақшымыз.

Шүкір, мешіт салу бүкілхалықтық құрылысқа айналды. Облыс  орталығының  ірі-ірі кәсіпорын  ұжымдарының  еңбеккерлері, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, қарапайым халық мешіт құрылысына ерекше  ынталылық танытып, мол қаржы жинауға қол ұшын берді. Олардың ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазақОйл-Ақтөбе» ЖШС, «Ақбұлақ» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ, кәсіпкерлер  Т.Қожахметұлы, Т.Қызылбаев, Қ. Илюбаев, Б.Бауыржанов, А.Иманбаев, жеке  тұлғалар А.Шегембаева, С.Оралбай, Ғ.Дәулеталин, Р. Нармағамбетова, Ә.Ақпанов, А.Сақтағанов, З.Салменова және басқа көптеген азаматтар қомақты қаржы  салды. Осындай ұжымдар мен абзал азаматтардың қатары  көп. Сондай-ақ қор қаржысы халық  көп  жиналатын «Астана», «Мега Шығыс», «Алтай»,«Мерей», «Астана», «Анвар», «Дина» секілді сауда орындарында, «Ақтөбе әуе жайы» рыноктары мен супермаркеттеріне қойылған  жәшіктерге  қарапайым  жұртшылық салған ақшамен толығып отыр.

Осындай көрікті мешіт құрылысының ырғақты жүруіне атсалысқан қаламыздың еңбек ұжымдарына, тұрғындарына, зиялы қауымға, жұмысты сапалы атқарып жатқан құрылысшыларға, басқа да жамағатқа шын  көңілден  алғысымызды  білдіреміз.

Келешекте  Ақтөбені  «қайырымды  қала» (Әл-Фараби)  биігіне  көтеру  жолында жасалып  жатқан  осындай игі істерімізге Алла Тағала сәттілік берсін. 

Есімқан ЕСЕНБАЕВ

«Ғасыр нұры» қоғамдық  қорының төрағасы.

 

Кикілжіңге килікпе!

 

«Жасөспірімдер арасындағы кикілжің». Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектепте  8 «а» және 8 «ә» сыныптарының оқушыларына арналған дөңгелек үстел осылай аталды.

Шараны тарих және құқық пәндерінің мұғалімдері Зәру Күзенбаева мен Динара Абдуллина ұйымдастырды.

Алдымен сөз алған 8 «а» сыныбының сынып жетекшісі Д.Абдуллина дөңгелек үстелдің маңыздылығына тоқталды.

 Жөсөспірімдер қылмысы — қоғам үшін қауіпті.  Бүгінгі ұйымдастырылған шараның мақсаты да — оқушылардың  құқықбұзушылығының  алдын алу. Бұл мәселе  құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру мекемелерінің де үнемі жіті бақылауында, — деді Динара Абдуллина. 

Шара барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Мұқатова да сөз алып, тәртіп, тәрбие туралы тағылымды әңгіме айтып, оқушылардың сауалдарына тұшымды жауап берді. 

Құқық пәнінің мұғалімі Зәру Күзенбаева оқушылардың өз бетімен кешкілік уақытта ойын-сауық кешендеріне барғаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті. Зәру Отайқызы өз сөзінде оқушыларға заң талаптарын жан-жақты түсіндірді.  Мектеп инспекторы Э.Косименова да оқушылар қойған сұрақтарға нақты жауап берді.

Жиын соңында оқушыларға «Кәмелетке толмағандарға арналған» жадынама таратылды.

 

 

Д.ӨТЕТІЛЕУОВА,

№30 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ілгері көшке ілесіп…                  

 

Қазіргі әлемді қай жағынан алып қарасаңыз да даму үстінде. Сондықтан біз тер төгіп жүрген білім беру жүйесі де бүгінгі талап деңгейінен төмен қалмауға тырысуда.

Мектеп пен оқушы жетістіктерін өрістетіп, заманауи жаңа технологияны игерудегі мұғалімнің орны ерекше. Біздің қаламызда да осы талаптың үдесінен шығу үшін бірнеше айдан бері «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен Кембридж университетінің білім беру факультеті бірлесіп әзірлеген деңгейлік бағдарлама бойынша сабақтар өтуде. Шетелдік ұстаздар дайындаған сабақ беру тәсілдері әр алуан. Мысалы, бастауыш сыныпқа сабақ беру тәсіліне балаларды қызықтыратын түрлі дебаттар немесе көрнекі құралдар арқылы оқытуды бөліп айтуға болады. Әр пәннің мұғаліміне ыңғайлап жасалған бағдарламаның берері көп.

Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бірінші деңгейлік бағдарламасының мақсаты — мектептегі еңбек тәжірибесі жоғары деңгейлі мұғалімдерді қатыстыру арқылы мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Бұл мақсат күрделі болуымен қатар, көп еңбек етуді талап етеді. Алайда, дұрыс тәсілдер қолданған жағдайда бүкіл мектеп шеңберінде өзгеріс жүргізілуіне ықпал ете алады.

Кембридж университеті Қазақстанда 7 модульге топтастырылған бағдарлама ұсынды. Сол жаңа бастама бойынша педагогикалық шеберлік орталықтары және бұрынғы біліктілікті арттыру институттары осы бағдарлама бойынша ұстаздардың біліктілігін арттырумен айналысып келеді. Жалпы бұл көптеген идеяларға негізделген кең ауқымды жұмыс.

Менің осы үш ай бойғы үйренген әдіс-тәсілдерім рухани және практикалық жағынан да көп пайдасын тигізуде. Мен қазір 1-деңгейлі курстың 2-бетпе-бет қорытынды кезеңіндемін. Жаттықтырушымыз Тұрсынай Көпжасарова қорытынды есеп жазуға жүйелі түрде бағыт-бағдар беріп, курсты нәтижелі аяқтауға көп еңбек сіңіруде.

Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының бірінші деңгейлі бағдарламасының мазмұны жан-жақты, ұстаздарға берері көп деп сенемін.

 

Дариға ҚУАНЫШКЕРЕЕВА,

№38 қазақ орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

 

 

                              

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button