Дуальды оқыту — уақыт талабы

Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы дуальды оқыту жүйесін енгізу және дамыту бойынша әлеуметтік серіктестік туралы үш жақты Меморандумға қол қойды. Әлқисса…
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылғандай, кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Шаруашылықтың қай саласын да өздері таңдаған мамандықтарын кәсіби тұрғыдан жан-жақты игеріп, озық технология мен заманауи техника тілін меңгергендер ғана дамыта алады. Осы бағытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында біраз игі шаралар іске асырылуда, мамандарды оқытуға және білімін жетілдіруге қаржы бөлініп, тұрақты бақылауда ұсталады. Соның бір көрінісі — дуальді оқыту жүйесі. Сондықтан, еліміздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеуметтік серіктестік және теория мен тәжірибенің үйлесімділігі атқарады. Бұл үйлесімділік дуальды білім беру жүйесінде жан-жақты өрістей алады.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальды жүйесі — кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда өтеді. Бұл жүйе Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция сияқты дамыған елдерде табысты жұмыс істеуде. Іс жүзінде, дуальды оқыту үлгісі— бизнестің, болашақ маман мен мемлекеттің мүдделерінің бірлестігі. Ақтөбеде осы үлгіні ұстанған
Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы, Ақтөбе облыстық білім басқармасы және Ақтөбе байланыс және электртехника колледжі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде дуальді оқыту жүйесін енгізу және дамыту бойынша әлеуметтік серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Әлеуметтік серіктестіктің мақсаты дуальді оқыту жүйесін енгізу және дамытудың пилоттық жобасын оқу үдерісі мен телекоммуникация саласының тәжірибесін біріктіретін техникалық және кәсіби білім берудің жаңа моделі ретінде іске асыру үшін Тараптардың күшін біріктіру болып табылады.
Меморандумда бекітілген келісімді жүзеге асыру барысында техникалық және кәсіби білім мамандарын мақсатты даярлау саласында ынтымақтастықты арттыру, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласындағы кәсіптік стандарттар негізінде пилоттық мамандықтар бойынша жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламаларды әзірлеу, жаңа оқу пәндері бойынша бағдарламаларды дайындау және оқу-зертханалық базаны дамыту қарастырылады.
— Біздің компанияның дамуының негізгі бағыты — жаңа заманауи қызметтерді енгізу. Сондықтан қолданыстағы телекоммуникация желілеріне үнемі жаңғырту жүргізіледі. Студенттерді көне технологиялар негізінде оқыту оларға телекоммуникация саласының жаңа міндетін түсінуге мүмкіндік бермейді, әрине, бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге түсуін айтарлықтай төмендетеді. Осы жағдайда оқу орындарында оқытылатын телекоммуникация саласындағы курстар бағдарламасын айтарлықтай жаңарту қажет, бұл — аталған әлеуметтік серіктестіктің негізгі бағыты, — деді Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясы қызметкерлерді басқару бөлімінің бастығы Дина Әбдуәлиева.
Ақтөбе облыстық телекоммуникация дирекциясының Бас директоры Сәулебек Таникеновтің айтуынша, көбіне қазір оқу орындары еңбек нарығының сұранысымен санаспай жатады.
— Бізде кейбір оқу орындары өндіріске, кәсіпорындарға тапшы мамандарды оқытпай, қажет емес мамандықтарға оқушыларды көптеп қабылдайды. Мысалы, біздер көбіне радиоэлектроника, оптикалық жабдықтың тілін білетін мамандарды іздесек таппаймыз. Ал енді бұл жүйе «Радиоэлектроника және байланыс», «Оптикалық және электронды жабдық» пилоттық мамандықтары бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярлауды қарастырады. Кәсіпорын үшін, демек біздер үшін, дуальді оқыту — біздің талаптарымызға сәйкес мамандарды іздеу, дайындау, үйретуге жұмсалатын шығындарды үнемдеп, кадрларды дәл тапсырыс бойынша дайындау мүмкіндігі. Оның үстіне ең үздік оқушыларды таңдап алу мүмкіндігі бар, өйткені оқыған үш жыл ішінде олардың күшті және әлсіз жақтарының бәрі де біздің көз алдымызда болады,— дейді Сәулебек Таникенов.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова да өз кезегінде білім беру саласындағы дуальды оқыту жүйесіне кеңірек тоқталды.
— Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс» деп атап көрсетті. Кәсіпорын мен оқу орын бірлесе тығыз әрекет еткен кезде білікті мамандар даярлауға әбден болады. Осы тұста дуальді оқыту жүйесі тиімді болып тұр. Бұл жүйе — оқу үдерісінде теориялық және іс-тәжірибе дайындығының қосыла өрілуі. Өзгелерге үлгі боларлық бүгінгі үш жақты келісім оң нәтижесін береді деп сенеміз, — деді Жанат Самұратова.
Ал Ақтөбе электртехника және байланыс колледжінің директоры Салық Сарқұлов
аталған оқыту жүйесі пилоттық жобаға қатысуға тартылған колледж оқушылары үшін өндірістік тәжірибе мен арнайы курстарды жүргізуді және колледж түлектерін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ететініне қуанатынын айтты. Үш тарап өзара келісім жүргізіп, құжатқа қол қойды. Енді аталған колледж түлектері «Қазақтелеком» АҚ филиалы — облыстық телекоммуникация дирекциясынан тәжірибеден өтіп, болашақта сол жердің білікті маманы болып жатса, таң қалмаңыз! Бұл — осы Меморандумның жемісі болмақ.
Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.



