Сарғайған құжаттардың құны мен құпиясы

1923 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде губерниялық мұрағат бюросы құрылыпты. Үстіміздегі жылы бұл оқиғаға 90 жыл толып отыр. Архивте құжаттар сақталып қана қоймай, есепке алынып, іріктеліп, қолдануға берілетіні белгілі. Қарапайым көпшілікке архив қандай жағдайларда көмекке келе алады?
Облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Нұржамал Құлыбаева бұл жөнінде:
— Қарапайым жандар көп жағдайда бізге зейнетке шығатын кезде еңбек өтілі жөніндегі мәліметтерді толықтыру, жинақтау мақсатымен келеді. Біреу еңбек кітапшасын жоғалтып алады, екінші адамның кітапшасы дұрыс толтырылмаған болып шығады, сөйтіп еңбек өтілі, жалақысы жөніндегі мәліметтерді қайта жинақтауға тура келіп жатады. Мұндай өтінішпен бізге өз еліміздің азаматтары ғана емес, шетелдіктер де жиі хабарласады. Бұлар — осы Ақтөбе жерінен көшіп кеткендер. «Әр елдің заңы басқа» дегендей, Ресейге көшкендер, мысалы, 5 жылдың ғана анықтамасын сұратады, ал Германиядан келетін өтініштер бойынша көбірек құжат ақтаруға тура келеді: оларға еңбек өтілі ғана емес, сол жылдардың ішінде қанша рет еңбек демалысына, қанша рет ақысыз демалысқа кеткені, денсаулығына, сырттай оқыған жағдайда сессияға кетуіне байланысты жұмысқа шықпаған күндері жөнінде де мәліметтер қажет. Екіншіден, үй құжаттарын жоғалтып алатындар бар. Сондайда жердің берілгені, үй салуға рұқсат етілгені, үй салынғаны туралы құжаттарды қайта қалпына келтіру керек болады. Сондай-ақ сату үшін не несие алған жағдайда, пәтердің жекешелендірілгені жөніндегі құжаттар талап етіледі. Міне, осындайда азаматтар біздің қызметкерлердің көмегіне жүгінеді.
Сонымен қатар мемелекет тарапынан тиісті жеңілдіктер алу үшін тапсырылатын құжаттарды да жұртшылық біздің мұрағаттан іздейді. Мысалы, соғыс жылдарында Ақтөбе жеріне эвакуациямен келгені жөніндегі; еңбек майданында болғаны туралы; Кеңес кезіндегі наградалары туралы деректер, — дейді.
Бүгінде облыстық мұрағат бір шаңырақ астында бұрынғы үш мұрағаттың басын біріктіріп отыр: облыстық мұрағат; бұрынғы Ақтөбе қалалық мұрағаты және бұрынғы облыстық партия комитеті мұрағаты.
— Партия мұрағаты бізге 1991 жылы тапсырылды. Мұнда көптеген құжаттарға «құпия» деген белгі соғылған. Кейіннен партия мұрағаты құпиясыздандырылды. Бұл өте бай қор екенін айтқым келеді. Қолға алғаннан кейін біз бұл қорға қайта іріктеп-бөлу жұмыстарын жүргіздік. Құжаттар сала-сала бойынша іріктеліп-жинақталды. Партия бюросының хаттамалары, хабарламалар, есептер, басқа да құжаттар арқылы ізденушілер облысымызда әр саланың не жеке бір мекеменің қалай аяғынан тұрғаны, қалай дамығаны жөнінде мәліметтер ала алады, — дейді Нұржамал Нұрмұханқызы.
Соңғы кездері мұрағатқа ата-әжесінің жеке ісін іздеп келетін жастар бар екен. Мұрағаттағы нақты бір адамның өмірбаяны, мінездемесі, суреті, т.б. тіркелген жеке істермен тек оның тікелей ұрпақтары ғана таныса алады. Сонымен қатар мұндағы белгілі адамдардың жеке қорларымен де қор иесінің не оның мұрагерінің рұқсатымен ғана танысуға болады.
Бүгінде облыстық мұрағатта кадр тапшылығы жоқ. Ақтөбе қаласындағы оқу орындарында мұрағат қызметкерлері, тарихшылар даярлайтын факультеттер бар. Дегенмен мұндағы жандарды жанқиярлықпен еңбек етіп жүргенін атап айтқымыз келеді. Мысалы, ведомоствалық мұрағаттарды бақылау бөлімінде 4 адам ғана бар. Ал олар қадағалап отыруы тиіс мекемелер саны 500-ден (!) асады екен.
Әрине, мұрағат тек азаматтарға анықтама беру жұмыстарымен айналыспайды. Құжаттардың сақталуын қадағалау, өшіп бара жатқан құжаттарды қайта көшіру, әр күн сайын келіп жатқан жаңа құжаттарды қабылдап, іріктеп-жинақтау; мұрағат құжаттары арқылы үлкен еңбектер жазып жүрген зерттеушілерге көмектесу — осының бәрі күнделікті жұмыстар. Мұрағат ұжымы бүгінде, әсіресе, құжаттарды сақтау мәселесіне ерекше алаңдайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрынғы үш мұрағат бір шаңырақ астында біріккендіктен, қазіргі ғимарат бұл іске тарлық етіп, қиындық тудырып отыр.
Біз оқып жүрген ресми тарих бойынша, қазақ жерінде 1794 жылы Бөкей губерниясының мұрағаты құрылған екен. Одан арғысы белгісіз. Ал Бөкей мұрағатының болды деген дерегін ғана айтпасақ, өзі сақталмаған. Қазіргі мұрағаттарымыз өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап пайда болды. Әйткенмен, тарихы 90 жылмен ғана шектеліп отырған бұл мұрағаттарымыз — ұлттық байлығымыздың баға жетпес бір бөлшегі. Жазба дерек дегенде біздің қолдағы барымыз — осы мұрағаттардағы сарғайған құжаттар. Ендеше, сол құжаттарға көзінің қарашығындай қарап отырған жандарға табыстар тілейміз.
ххх
«Негізгі дерек көзі…»
Облыстық мұрағаттың құжаттарды жариялау және пайдалану тобының меңгерушісі Светлана Книжниктің айтуынша, мұрағаттағы құжаттар, негізінен, 1918 жылдан кейін жинақталған құжаттар. Ал оған дейінгі құжаттардың негізгі үш қоры бар.
Светлана Аркадьевна бұл жөнінде:
— Бұлар — өте құнды дүниелер. Біріншісі — бізге азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі тапсырған шіркеу кітаптары. Ол кітаптарда кімнің қай кезде дүниеге келгені, үйленгені, қайтыс болғаны туралы деректер тіркелген. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы, Ойылдағы, басқа да шіркеулердің кітаптары. Бұл құжаттардан 1865 жылдан бастап, 1936 жылға дейінгі деректерді табуға болады. Екіншісі — Торғай облысының ауыл шаруашылығы, саудасы, басқа да салаларға қатысты статистикалық есептер жиынтығы немесе ол «Торғай облысына шолулар» деп аталады. Бұл — 1880-1915 жылдар аралығындағы деректер. Өкінішке орай, арасында кей жылдардың деректері бізге жетпей, жойылып кеткен. Дегенмен, өлкетанушыларымыз үшін бұл — негізгі дерек көзі, үлкен олжа болып отыр. (Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе өңірі Торғай облысы құрамында болғаны белгілі.) Үшіншісі — 1913-1914 жылдардағы «Актюбинский городской вестник» журналы, — дейді.
Соңғы айтылған журналдың 1914 жылдың 1 мамырында шыққан 14-санын парақтап шықтық. Журналдың соңғы бетінің төменгі жағында «Қырғыздардың (яғни, қазақтардың — ред.) барыс жылына болжамы» деген тақырыпша беріліпті. Тақырыпша астындағы мәтін екі-ақ сөйлемнен тұрады: «Барыс жылы барың шаш, барың шашпасаң — тары шаш» — деп, барыс жылына қатысты қазақ арасында айтылатын сөз бен оның орыс тіліндегі аудармасы.
Мұрағатта жинақталған құжаттарды, негізінен, тарихшылар, өлкентанушылар пайдаланатыны белгілі. Беркін Құрманбеков, Зәкіратдин Байдосов, Гүлмира Сұлтанғалиева, Қапаз Еламанов, Иван Мирошниченко. т.б. тарихшыларымыз бен өлкетанушыларымыз өз еңбектерін осындағы оқу залындағы ізденістер нәтижесінде жазып, жарыққа шығарған.
Мұнда шетелдік зерттеушілер де келеді. Мысалы, 2007 жылы Жапонияның Хоккайдо университетінен Уямо Томохико есімді ғалым келген, оның мақсаты — Батыс Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұлттық элитасы мен зиялылары тақырыбында деректер жинау. Ал Гонконгтағы Линьян университетінен келген Николла Пианчелоны 1920-жылдардағы ауыл шаруашылығының жай-күйі қызықтырыпты. Ашаршылық, көші-қон, т.б. тақырыптар төңірегінде зерттеулер жүргізу үшін, Германиядан, Австриядан да ғалымдар келген. Олар жеткілікті деректер жинай алды ма? Бұған күмәніміз бар. Өйткені қолдан ұйымдастырылған аштыққа, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы ұлт элитасының тағдырына қатысты деректерді Кеңес өкіметінің барынша жоқ қылып жіберуге тырысқаны мәлім.
Светлана Книжник те:
— Батыс Алашордаға қатысты деректер бізде өте-мөте аз. Мұндай деректерді әртүрлі қорлардан іздеп, жинастыру керек, яғни ол — оңай шаруа емес. Сондай-ақ қазір діни қайраткерлер жөнінде деректер іздеушілер бар. Ондай деректерді де табу қиын. Ал кәмпескелеу мен кулактарды тап ретінде жою үшін жүргізілген шараларға қатысты деректерді табуға болады, — дейді.
Зерттеушілерге көмектесіп, сырттан келген сұрауларға қатысты іздене жүріп, мұрағат қызметкерлері күтпеген деректер де тауып алып жатады.
— Мысалы, бізге Испания тарапынан түскен өтінішке байланысты іздеу жүргіздік. Сөйтсек, Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбені бұрынғы КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген сол кездегі отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де паналапты. Қалада 41 испан отбасы тұрған. Олардың арасында Испания коммунистік партиясы жетекшілерінің бірі — Долорес Ибарруридің туыстары да болған. Олар бізге Орджоникидзе қаласынан келген екен. Барлығы — 102 адам. Негізінен, әйелдер мен балалар және қарттар. Әйелдер жағы тігіншілікпен айналысқан, — дейді Светлана Аркадьевна.
Мұрағаттағы қазақ тіліндегі құжаттардың графикасы, әрине, әртүрлі: 1930-жылдарға дейінгі құжаттар (олар өте сирек) — араб қаріптерімен, 1942 жылға дейінгі құжаттар — латынша, одан бергісі кириллицамен сақтаулы. Осылардың ішінде араб қаріптерімен жазылған құжаттар арасында не құжаттар екені әлі күнге дейін белгісіз болып отырған дүниелер де бар. Тізімге олар «араб әрпімен жазылған құжаттар» деп қана алынған. Әрине, мұндағы көп құжаттың құпиясы жарыққа шығар күндер алда деп білеміз.
ххх
Әулет шежіресін жазып жүрмін»
Облыстық мемлекеттік мұрағаттың оқу залында қағаздан бас алмай отырған жандардың бірін сөзге тарттық. Ол сонау Мәскеуден келіпті. Аты-жөні — Валерий Завойчинский.
— Ақтөбе — менің туған қалам, 1962 жылы Мәскеуге көшіп кеткенбіз. Соңғы жылдары өзім үшін, немерелерім үшін әулет шежіресін жинақтаумен айналысып жүрмін. Завойчинскийлер, сондай-ақ маған ұлы нағашы болып келетін Михиндер кімдер болған? Ақтөбе жеріне қалай, қайдан келген? Сонау ХІХ ғасыр құжаттарын ақтарып, осы сауалдарға жауап іздеп отырмын, — деді Валерий Дмитриевич.
Оның ізденістері нәтижесіз емес. Айтуынша, Завойчинскийлер — Қазақстанға жер аударылып келген саяси жазалылар.
— Арғы аталарымыздың 1794-1796 жылдардағы поляктар көтерілісіне қатысқанын білемін. Бірақ аталарымның Қазақстанға нақты қай кезде, қай жерге айдалып келгені әзірге мәлім емес. Оны анықтау үшін Ақтөбе ғана емес, Орал, Орынбор мұрағаттарын да қарау керек секілді. Мұндағы құжаттардан Завойчинскийлердің төңкеріске дейін Темір қаласында тұрғанын білдім. І Дүниежүзілік соғыс кезінде атам патша армиясы қатарына шақырылып, жаяу әскер құрамында болған. Осы мұрағатта атамның жеке іс қағазы сақталып қалыпты. Бұл — үлкен олжа. Мінекей, атам Иван Акимовичтің өз қолымен толтырған жеке парағы да бар. Астық дайындау мекемесінде бас есепші болып істепті, яғни білімді адам болған. Ал Завойчинскийлерге қарағанда, Михиндер туралы деректер көбіректеу. Мен олардың Ақтөбе жеріне Воронеж губерниясынан келгенін де анықтап отырмын. Тіпті қандай уез, қай ауылдан келгені де көрсетілген, — деді Валерий Дмитриевич.
Әңгімеге араласқан мұрағат қызметкерлерінің айтуынша, ізденуші Михиндер туралы мәліметтерді құжаттардан ғана емес, Василий Мощенскийдің естеліктерінен де тапқан. Соңғы жылдары осы Валерий Завойчинский сынды әулет шежіресін жазу мақсатында облыстық мұрағатқа хабарласып, алыстан ат арытып келетін жандар аз да болса, бар көрінеді…
И.ӨТЕМІС.



