Басты жаңалықтар

Арбаға таңылған жанның талабы

Қара жерге табанын тіреп, тікесінен тік тұру Мейрам Смағұлов үшін орындалмас арман. 17 жыл бұрын мінген көлігі жол апатынан аударылып, оның жұлыны үзілді. Ауруханадан арбаға таңылып шыққан күні ол енді ешқашан жер басып жүре алмасын түсініп, тағдырына мойынсұнды. Бастысы, жасымады, жігерленді. Бүгінде Мейрам Смағұлов отбасымен бірге Ақтөбе қаласында, Маресьев  көшесінің бойында мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген үйде тұрады. Сол үйдің күзетшісі болып жұмыс істейді.

Арада қанша жыл өтсе де, ол аузы жеткен жерге шағым айтып барып, апатқа ұшыраған автөкөлік жүргізушісінен моральдық шығынын өндіріп ала алмай жүр. «Ақтөбе» газеті соңғы «аялдамасы» емес. Егер іс өзінің пайдасына шешілмесе, арызын Астана жаққа жөнелтпек.

 

Осы жылдардың ішінде Мейрам Смағұловқа туған-туыстары, дос-жараны, қалалық мүгедектер қоғамы, жергілікті билік өкілдері мүмкіндігінше қол ұшын созыпты. Ол қиын-қыстау сәтте өзін жалғыз қалдырмағаны үшін көмектескен жандардың бәріне риза. Тек өмірін өксіткен сол оқиғаға себепші болған адамның жауапкершілікті сезінбегені, теріс айналғаны жанын қинайды. «Соңғы рет көргенімде «соттата алмайсың, бәрібір ештеңе бермеймін» деп шығарып жіберді. Тіпті мені көзіне де ілмейді. «Осы адамның мүгедек болуына себепші болдым-ау» деген ой жоқ онда», — деп налыған Мейрам аға елуге келген шағында есесін жіберіп, қарап отыра алмайтынын айтады.

Ол 1996 жылдың 8-қыркүйегінен бастап өмірі дейін және кейін болып екіге жарылғанын еске түсірді. Расында, өзі, отбасы туралы әңгімелегенде «апатқа дейін» немесе «содан кейін» деп бөліп айтуды әдетке айналдырған. Ендеше біз де кейіпкеріміздің әңгімесін өз мақамына салып жеткізейік.

…ДЕЙІН

Мейрам Смағұлов Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында туып өсті. Әкесі ерте көз жұмып, қазір жасы сексенге келген анасы 8 баланы жалғыз бағып-қақты. Кейіпкеріміз ауыл балалары сияқты мектебін бітірді, әскер қатарында борышын өтеді, ауылға келген соң тракторшы болып ұжымшарға жұмыс істеді. 32 жасында үш баланың әкесі атанған ол аудандық ішкі істер органына қарасты уақытша ұстау изоляторының кезекшісі болып жұмыс істеп жүрді. 1989 жылдан 1996 жылға дейін сержант Смағұлов бір орында тапжылмай еңбек етті. Мектепке енді барған екі қызының соңынан ерген кішкентай ұлы әкесі апатқа ұшыраған түні үшке толған болатын. …Дейінгі өмір қысқаша осы.

…Кейін

Бұл туралы тағдырдың мәңгі таусылмас тауқыметін арқалап өмір сүріп жүрген кембағал жанның өзінен басқа ешкім жеткізіп алмайды. Ендеше өзін сөйлеткенді жөн көрдік.

— 1996 жылы 8 қыркүйекте мен Ақтөбеге шаруаларыммен келіп, Қарабұтаққа жетіп алайын деген оймен ауылдасым, әрі әріптесім Аманай Жолаушыбаевтың «Жигулиіне» отырдым. Ол сол жылы біздің ауылдағы учаскелік пункттің бастығы болып жұмыс істеп жүрді. Алдымыз түн болғанына қарамастан, жолға шыққанымызға біртүрлі қобалжығаным есімде. Машинада менен басқа жолаушы болған жоқ. Хромтаудың тұсына жете бергенімізде көлік аударылыпты. Мен одан әрі не болғанын білмеймін. Екі ай дегенде есімді жидым, мені «тірілту» үшін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасапты. Бірақ жұлыным үзілгеннен осылай сал болып қалдым, — деп еске алады өзі.

Сол оқиғадан кейін автокөлік иесі А.Жолаушыбаев кешірім сұрап ауруханаға барады, көмектесіп тұруға уәде береді. Дегенмен Мейрам Смағұлов райынан қайтпай, полицияға арыз түсіреді. Кейін оқиғаға қатысты істің соңы сиырқұйымшақтанып созылып кетеді де, күндердің күнінде Мейрам аға «құрамында қылмысы болмағандығына байланысты іс қысқартылды» деген хабар алады.

Отбасының жалғыз асыраушысы ендігі жерде өзіне қарап отырған үйелмелі-сүйелмелі үш баласы мен әйеліне қалай қамқор болатынын ойлап, жаны қиналады. Ауруханадан шығысымен ағайынның айтқанына көнбей, ауылдан қалаға көшеді. Егер ауылда отырып қалса, жұмыс жоқ, өзін қарайтын дәрігер тағы жоқ. Күні не болмақ? Осыны ойлаған ол облыс орталығына көшіп келіп, мүгедектер қоғамының бір мүшесі болады. 1996 жылдан 2003 жылға дейін жеті жыл бойы бала-шағасымен пәтерден пәтерге көшіп, баспанасыздың күйін кешеді. Күн сайын кешке үйіне жұмыстан қайтып бара жатқан ер азаматтардан кем болмауды ойлады. Қала көшелеріндегі күл-қоқыс жәшіктерінің маңын, сансыз дәмханалар мен мейрамханалардың айналасын арбасымен жағалап жүріп, күндіз-түні бос бөтелке теріп, оны жуып тапсырып жүрді. Тапқан ақшасына отбасының бір күндік тамағын сатып алып, арбасына байлап апаратын.

Жігерін құм еткен оқиға есіне түскен сайын өзінің мүгедек болып қалуына себепші болған ауылдасының іздеп келмегеніне ыза болады. Сол оқиғадан бақандай бес жыл өткенде моральдық шығынын өндіріп алу үшін сотқа қайта-қайта шағымданады. Бір бөлмелі болса да, пәтер алып беру туралы талап қояды. А.Жолаушыбаев 70 мың теңге ғана береді. «Айтпақшы «екі сиыр берем» деді, мен екі сиыр екі аяғымды қайтармайды деп алмадым, пәтер алып беруді сұрадым», — дейді сөз арасында екеуара әңгімелерін еске түсіріп.

Жеті жылдан кейін кейіпкеріміздің көктен тілегені жерден табылып, оған Ақтөбедегі сал ауруына ұшыраған азаматтарды қорғау қоғамының төрағасы Құралай Байменова қол ұшын созады. Ол тағдырына алаңдаған азаматтардың табылатына сендіріп, күдерін үзбеуді сұрайды. Көп ұзамай О.Кошевой көшесінің бойынан бір бөлмелі пәтерге қолы жетеді. Мейрам аға сонда балаша қуанғанын, қуанышты хабарды бала-шағасына жеткізуге асыққанда арбаға таңылып отырғанын ұмытып кетіп, тұра жүгіргісі келіп ұмтылғанын айтқанда бір марқайып қалады. Ол өзін Құралай Байменовадай мықты адаммен жолықтырған тағдырына риза. Онымен кездесуі жеті жыл бойы қараңғылықты сезінген жанына жарық түсірген сәулелі сәт болды. Мүгедектер қоғамының қолдауымен қарындасын ертіп, Қырымда, Саки қаласындағы санаторийде демалып, ем алып қайтты. Кейін қалада мүгедектерге арналып салынған үйден тағы екі бөлмелі пәтер берілді. Қазір бұрынғыдай көшеден бөтелке жинамайды, өзі тұратын үйді күзетеді, тазалығын, тыныштығын қадағалайды. Көкірегі ояу, көңілі сергек. Қимыл-қозғалысы қиын болғанмен, өмірге деген құлшынысы, ұмтылысы күшті.

…Қыздары бойжетіп, ұясынан ұшты. Жалғыз ұлы ержетіп, колледжге оқуға түсті. Өмір өз арнасына түскендей еді. Бірақ әлгі аударылған көлік жүргізушісінің бұның өмірі тозаққа айналған кездерде қайырылмағанын ойлап, жаны байыз табар емес. Ол аудандық, облыстық деңгейдегі соттарға, прокуратураларға, саяси партиялардың филиалдарына қайта-қайта арыз түсірді. Бірақ одан әзірге еш нәтиже шығара алмай жүр.

— Мен Жолаушыбаевтан 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алу туралы талап қойдым. Ол қазір Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінде шаруашылық бөлімін басқаратыны туралы қолымда оқу орнының кадрлар бөлімі берген анықтама бар. Мен талабымды орындатпай тоқтамақ емеспін. Қазір Астана жаққа, жоғары сотқа, адам құқықтарын қорғау органдарына хат дайындап жатырмын, — дейді Мейрам Смағұлов.

Расында, кейіпкеріміздің өліспей, беріспейтіні көрініп тұр. Оған қалай жұбату немесе басу айтарымызды білмедік. Ескі жараның орнын тырнап қайтеді деуге де келмейтін жағдай. Себебі сіз бен біз үшін, сол түні апатқа ұшыраған көліктің иесі үшін Мейрам Смағұловтың отызға аяқ басқан шағында орнынан тұра алмай қиналғанын, көшеде бөтелке жинаған күндерін, өмірін бірге өткізіп келе жатқан жары Қаламқастың ұйқысыз түндерін толық сезіну мүмкін емес.

…Ол әр жерге жазған арыз-шағымы, алған жауаптары бар бір бума қағазды қолтығына қыстырған күйінде әңгімесін айтып болысымен, арбасын бұрып кете барды. Ұзап барып: «Ол адамның сотынан қашып құтылғанымен, Алланың сотынан қашып құтыла алмас», — дегені еміс-еміс естілді.

Айгүл БАЙМЕНОВА.        

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button