Басты жаңалықтар

«Бекет батыр» тарихи жыры және оның нұсқалары

«Бекет батыр» тарихи эпосы кезінде Қазақстанның түкпір-түкпіріне кең тараған. 1960 жылы Алматыдан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітапта «Жанқожа көтерілісімен бір мезгілде басталып, соның артын ала аяқталған Кіші жүз қазағының отаршылық қысымға қарсы күресін көрсеткен ұзақ жырдың бірі – «Ерназар-Бекет». Бұл жыр Арал, Ақтөбе, Қазалы төңірегінде және қарақалпақтар арасында көп таралып айтылған. Мұнда 1855-1858 жылдардағы көтерілістің даңқты батырлары — Ерназар Кенжалин, Бекет Серкебаевтың ерліктері баяндалады. Әңгіме болып отырған «Бекет батыр» ел ішінде көптен айтылып келген, көп айтушының аузынан өткен, бірнеше рет басылып таралған, жұрттың көбіне белгілі шығарма» делінген. Алайда тек батыс аймақ пен Қарақалпақстанда ғана емес, солтүстік облыстарда да жырланған. Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің мектепке бармай тұрып-ақ «Бекет батыр» жырын  жатқа білгенін айтады. Ол кезде Мағауин  Семей облысы, Шұбартау ауданында тұрған.

М.Әуезов өзінің тарихи жырлар туралы зерттеуінде: «Бекет жайындағы, Абылайдың жорықтары жайындағы жырлар өте-мөте мол тараған. Ал Жанқожа туралы тарихи жыр қызғылықты болғанмен, онша көп таралмаған.  Осылардың ішінде Бекет жайындағы жыр анық тарихи оқиғалар жайында, XIX ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісі жайында баян етеді. Шекті руының батыл, ержүрек ұлы Бекет Арыстан төреге қарсы шығады. Бекет шамадан тыс салыққа шыдамаған, жерді күшпен тартып алуға көнбеген, сұлтанның езіп-жаншуына қарсы болған халықты соңына ертеді» деп жазады. Ғұлама «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде ретін келтіріп, сұлтанның, ханның арғы жағындағы басты күшті анық атап өтеді. Былай дейді: «Әрине, ел кегі жалғыз бұлармен бітпекші емес еді. Жүректің түбінде жатқан дерт орыс билігі екенін бесіктегі бала да біледі. Бірақ іс басталу үшін әуелі көзге көрініп, көпке бірдей сезіліп тұрған жақын жердегі жаудан бастау керек еді». (Әдебиет тарихы.   Алматы, 1991 ж.146-б.) 

Эпостың 7 нұсқасы Бекеттің аталасы Модиұлы Аманғалидың қажыр-қайраты арқасында қолға тиді. Бұның біреуі «Ерназар-Бекет» аталса, тағы біреуі «Ерназар мен Бекеттің толғауы» деп аталады. «Бекет батыр» мен «Ерназар-Бекет» жырларының көлемінде, мазмұнында, композициясында, көркемдік ерекшелігінде өзгешеліктер болғанымен, фабуласы —  отарлық езгі, оған қарсы күрес, отарлаушылардың берген зәбірі.  Әуелгі жазып алынған, кітапқа түскен эпостың «Ерназар-Бекет» нұсқасы. Сондықтан «Ерназар-Бекеттің» нұсқаларын салыстырып көрейік. Жырды алғаш тасқа бастырған И.Р.Аничков. Аничков нұсқасы «Киргизская былина о героях Ирьназара и Бекете» деген атпен 1896 жылы Қазанда баспа жүзін көреді. Мұнда «Ерназар-Бекет» жырының әр бөлігінің мазмұны орыс тілінде қара сөзбен берілген. Біздің қолымызда бұдан басқа Қазақ ССР Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасына 1936 жылы Мыңбайұлы Ахмет тапсырған және 1992 жылы «Жұлдыз» журналының №8 санында Ғалым Ахмедов жариялаған нұсқа, сондай-ақ Орталық ғылыми кітапханадағы 354-бума, 3-дәптердегі «Ерназар мен Бекеттің толғауы» атты нұсқалар бар. А.Мыңбайұлының нұсқасының ксерокөшірмесі тым көмескі болғандықтан оқылмады. Соңғы екеуін салыстыра қарағанда екеуі де И.В.Аничковтың 1895 жылы 2 қазан күні Қазалы қаласында жазып алған тарихи эпосы боп шықты. Зерделей тексергенде көпшілікке ұсынылған «Жұлдыздағы» нұсқаның қате сөздерін түзетуге мүмкіндік туды. Кейбір жолдардың алынып қалғаны байқалды. Мәселен, қолжазбадағы:

                              «Кеген, кеген, кегенге,

                                  Қосымды арттым дөненге.

                                  Жоғарыдан су ағады

                                  Жүлгесін тауып төменге», — деген алғашқы шумақ Ғалым Ахмедов жариялаған, көпшілікке кеңінен танымал нұсқада жоқ. Сірә, мағынасыз жолдар деп алып тастаған болса керек, алайда «Кеген, кеген, кегенге» сияқты қайталаулар бұрынғы өткен жыраулар поэзиясына тән нәрсе. Мысалы, Бұқар бір толғауын «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» деп бастаса, әйгілі жырау Шалкиіз «Ор, ор қоян, ор қоян» дейді. Яғни алынып қалған төрт жол қазақтың өзіне хас шумақ. Бұл шумақ «Жұлдызда» «Міндім жорға дөненге» деген жалғыз сөйлеммен ауыстырылған. Содан эпостың тек көлеміне ғана емес, көркемдік қуатына нұқсан келген. Сондай-ақ қолжазбаның бірінші бетіндегі:

                                  «Атым шығып біліндім,

                                  Жоғары мен төменге,

                                       Әлім менен Шөменге.

                                        Жасымнан шықты дабысым

                                         Мен қазақпын дегенге», —  деген бес жол да түсіп қалған. Екінші бетіндегі:

                                   «Абайсызда алдырып,

                                         Аяғымды шалдырып,

                                         Ісім болды шеменге.

                                         Сеніп қалып жолықтым

                                         Шернияздай немеге», — деген шумақ та «Жұлдызда» жоқ. «Жұлдыздағы» «Арыстан ханды өлтіріп, Астыма міндім жорғасын» деген жол қолжазбада «Арыстан ханды өлтіріп, Астынан міндім жорғасын» және дұрысы — осы. Сондай-ақ «Жұлдызда» «Ерназар, Бекет болғалы — Бармас жолға барғанбыз, Қазақтың малын алғанбыз» деген өрескел қате кеткен.  Дұрысы «Хандардың малын алғанбыз». Келесі беттегі «Иесіз қалған ор орда, Біліксіз адам кірмесін» деген жол да жаңсақтыққа ұрынған. Дұрысы қолжазбадағы «Иесіз қалған ақ орда, Белгісіз адам кірмесін». Қолжазбада осылай. Өстіп, салыстырып қарай берсек, тере берсек кемшілік көп. Қорыта айтқанда, «Ерназар-Бекет»  жырының «Жұлдыздағы» нұсқасы бұл күйінде жарақсыз, сондықтан қолжазбалармен салғастыра отырып, толықтырулар, түзетулер енгізілуі керек деп есептейміз.

Енді «Бекет батыр» жырына келейік. Эпостың жақсы һәм толық нұсқасы ретінде «Жұлдыздағысы» алынып жүр. Біздіңше, бұл жаңсақ тұжырым, дұрысы, әрі көркемдігі жоғарысы Әбубәкір Диваев ақсақалдың 1992 жылы «Тарту» атты кітабында жарияланған, 1897 жылғы «Туркистанский сборниктен» алынған нұсқа. Мұндағы теруде кеткен әріп қателерін жөндесе жетіп жатыр. «Жұлдыздағы» нұсқа 1922 жылы Ташкенттегі «Түркістан республикасының баспасөз шығару мекемесінде» басылған кітаптың «Батырлар» деп аталатын 3-бөлімінен алынған. Мұнда «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы. Әбубәкір Диваевтың жинаған сөздері» деп көрсетілген. Ғ.Ахмедов «Қыссаны кім шығарғаны белгісіз» дейді. 1979 жылы Алматыдан шыққан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» деген кітапта «Ә.Диваев түркістандық Е.Ақынбековтен жазып алған» делінген. Біз бұл жерде Ғ.Ахмедовты еш төмендетейік деп отырғанымыз жоқ, шын мәнісінде ол жасаған қыруар еңбекке аздаған үстеме ғана қосып отырмыз. Ғалым ақсақал Қазақтың қолы тәуелсіздікке іліккен бетте «Бекет батыр», «Ерназар-Бекет» эпостарын әдебиет журналы «Жұлдыз» арқылы жарыққа алып шықты, көптің құрметіне бөленді. Алайда өмір бір орнында тұрып қалмайды, одан бері де 22 жыл. Міне, бүгін алды-артымызды тағы бір жинақтап, қолдағы барды салғастырып, тексеріп жатырмыз.

Е. Ақынбековтың кім екенін біраз іздестірдік. Сөйтсек, аты Еркінбек екен. Ә.Диваевтың тапсырмасы бойынша ел ішіндегі аңыз әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, жырларды жазып алып, жіберіп тұрған Шымкент уезі, Ноғайқара болысының қазағы. Еркінбектің «Бекет батырды» кімнен  алғаны белгісіз. Кім болғанда да, Бекет өмір сүрген аймақтың шежіресін жетік білмейтін адам.  Білсе «Алшын, Жаппас деген ел бар екен, Көтібар деген бай бар екен. Ол Көтібардың жеті баласы болыпты: ең үлкені Серкебай шал деген екен. Онан кейінгісі Сарыбай, Сатай, Шынтемір, Матай, Дәрібай, Есет дегендер екен. Барлығы да бір кісінің баласы», —  демес еді. Серкебайдың Көтібардан тумағанын, Қоспайдың баласы екенін, Қоспайдың әкесі Мәмбетәлі екенін Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Қарабастан тарайтын ұрпақ тегіс біледі. Жаппас деген он екі ата Байұлынан шығатыны тағы белгілі. Сонда аралық жобаға соқпай, алшақ жатыр. Мұны бірден аңдаған  М.Әуезов: «Содан басқа бұрынғы тарихи өлеңдерден «Бекет» жырының тағы бір көзге түсетін ерекше жері: осы оқиғаны жыр қылған ақынның жайы, «Бекет» жырын шығарған ақын бұрынғы Нысанбай, Ығылман емес, оларға қарағанда, бұл Бекет оқиғасынан алыста тұрған көлденең әңгімеші сияқты. Сондықтан олардың сөзі жоқтаумен, жалынмен, шындықпен келсе, мынау денесі сергек ертегіші сияқты, Бекет оқиғасын қиялына ерік берген еркіндікпен әңгімелейді», — деп эпосты шығарған автордың «Бекет оқиғасынан алыста тұрған» адам екенін дөп басады.

Әйтсе де, тарихи эпос тарихтың өзі емес, өзі болуға тіпті де міндетті емес, эпос — көркем туынды, ал көркем туындыда ақын фантазиясынан туған деталь, штрихтар жүре береді. Алыста отырған шығарушы ақын үшін Серкебайдың Көтібардан туу, тумауы аса маңызды шаруа емес. Он бір жыл бойы көтеріліске басшылық еткен Бекет емес, Есет екенін де ақын біліп отыр. Бірақ, жаңа айтқанымыздай, эпостың өз заңдылығы бар, шығармадағы айдауға кеткен батырды әйелінің соңынан іздеп барып құтқарып алуы, Бекеттің еліне оралып, Шернияздан кегін алып, барақат ғұмыр кешуі, осы заңдылықтан туған дүниелер. Қайталап айтайық, «Бекет батыр» жыры тарих оқулығы емес, көркем туынды. Әйтпесе, шығарушы ақын алыста отырғанымен, Бекеттің Сібірге айдалғанын, содан қайтпағанын білмей отырған жоқ. Ақын қиялынан туып,  эпостың жарым бөлігін құрайтын бұл бөлімінің шығарманың көркемдік қуатын арттыруда айрықша орын алып тұрғанына ешкім таласа алмаса керек. Ақынның бұл ісінде де мін жоқ, мәселе басқада, мәселе  эпосты зерттеген кейбір ғалымдардың үлкен қателікке ұрынуында. Мысалы, 1960 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихында» «Бекет батырды» зерттеуші ғалым: «Жырда аталатын Арыстан, Есет, Бекет тарихта шын болған адамдар. Берсен немересі, Көтібарұлы Есеттің аты 1850-жылдардағы оқиғамен байланысты. Бекет Көтібардың үлкен ұлы Серкебайдан туады. Демек, ол Есеттің немере інісі болады» дейді. Көтібардың әкесі Берсен емес, Бәсен екені, Серкебайдың әкесі Көтібар емес екені мәлім. Мәселе мынада, жырды шығарушы ақын үшін Серкебай Көтібардың баласы деу ешбір мін емес, ал зерттеуші ғалым үшін қателік. «Қазақ әдебиетінің тарихы» аталатын атағы зор кітап үшін әжептәуір мін.

«Кенесары Наурызбай», «Исатай-Махамбеттердегідей» емес, «Бекет батырда» тарихи жырға тән элементтермен қатар қаһармандық эпостың элементтері аралас-құралас жүр. Шығарушы адам қаһармандық эпостағыдай  өлеңге қара сөзді араластыра кеңінен пайдаланады. Жыр «Кешегі уақтағы Арыстан ханның заманында Орынбор, Петербор деген жер бар екен, алшын, жаппас деген ел бар екен, ер Көтібар деген бай бар екен » деп басталады. Бұл жердегі Орынбор, Петербор алыстағы қала сияқты күңгірттеу аталып, «Қобыланды батырдағы» Қырлы қала, Сырлы қала тәрізді боп көрінеді. Бекет пен шешесінің қоштасуы Қобыландының Қазанға аттанып бара жатқандағы шешесі Аналықпен қоштасуы іспетті.

Қаһармандық эпостың батыры сияқты Бекет жеке ерлік көрсетіп, Арыстан ханды жалғыз өзі өлтіреді, алданып жалғыз өзі қапыда қамауға түседі, жыр соңында мақсатына жетіп, дұшпанынан кегін алады. Бұл айтылғандар «Бекет батырдың» классикалық қаһармандық эпосқа ұқсас жағы. Осы жөнінде М.Әуезов:

«Әлденеше жерде ескі батыр жырының кәрі үлгісін көзге елестетеді» деп орынды атап өтеді.

Енді «Ерназар-Бекет» тарихи эпосының нұсқаларын салыстырғанымыз сияқты «Бекет батыр» тарихи эпосының да негізгі екі нұсқасын өзара салыстырып көрейік. Бұл жерде толық нұсқа ретінде алынатын Ғ.Ахмедов 1992 жылы «Жұлдызда» жариялаған нұсқа мен Ә.Диваевтың «Тарту» кітабындағы «Бекет батырды» салғастырған дұрыс деп есептейміз. Шындығында, аталмыш екі нұсқа да Ә.Диваевтікі. Біріншісі, 1922 жылы Ташкентте бастырған кітабынан, екіншісі «Туркистанский сборниктің» 568-томынан алынған. Айттық, осы эпостың төрт нұсқасы қолымызда. Оларды да назарда  ұстайық. Басынан қайыра түсейік. «Тартуда» «Кешегі өткен уақтағы Арыстан ханның заманында», «Жұлдыздағы» толық нұсқада «Кешегі  өткен уақыттағы Арыстан ханның заманында». Зерделесек, «уақыттағыға» қарағанда «уақтағы» ескі қолданыс.

«Тартуда»: «онан кейінгісі Сарыбай, Сатай, Шынтемір, Матай, Дәрібай, Есет дегендер екен. Бәрісі бір кісінің баласы екен», «Жұлдызда»: «Барлығы да бір кісінің баласы». «Барлығына» қарағанда, «бәрісі» қазақтың ескі жазу үлгісінде көп ұшырасады.

«Жұлдыздағы»: «арыстан айбатты, Рүстем-дастандай қайратты һәм арыстандай жүректі, жолбарыстай білекті, ақылға зерек, жақсы ғана батыр жігіт, һиш дұшпан бетіне қарсы келмейтін еді», «Тартуда»: «арыстан айбатты, Рүстем-дастандай қайратты, шерідей жүректі, балуан жолбарыс білекті; осындай дана ақылы зерек, жақсы батыр жігіт еді, ешбір дұшпан қарсы келмес еді» деп берілген. Арыстан мен шері екеуі екі бөлек аң, әрі журналдағы «арыстан айбатты» мен «арыстандай жүректі» деген тіркестердегі сөз қайталаулар да сәтсіз. Сөз қайталаудың да өз жосығы бар.

«Тартуда» эпос «Айтыпты Пайғамбарымыз: «Тәлибүл-ілімге   жардам қылса, бір сынған қаламменен, яки бір жаман киім берсе, яки бір жұтым су берсе, осы жақсылық қылған кісіге Құдай кітабына, осы кісі ажға барғаннан, жетпіс мың қабат артық сауап жазып береді» деп аяқталады. Бұл ғибратты сөз, ескі сөйлем құрудың озық үлгісі «Жұлдызда» атымен жоқ.

Кітаптан келтірілген мысалдар халық прозасы тілінің үлгісі. Демек, «Тартудағы» «Бекет батыр» эпосының ескі, әуелгі нұсқасы. Ол көлемі жағынан да ең үлкені.

Алайда эпостың ғылыми құндылығының басты көрсеткіші оның ескілігі де, көлемі де емес, көркемдігі. Кейінгі нұсқаларда халық прозасына тән сөз мәнері, сөйлем құрылысы өзгертілген, содан барып сөйлемдер арасындағы ішкі үндестік әлсіреген. Соңғы нұсқалардағы эпостың ұзына бойындағы түзетулер білместіктен, эпос сияқты халық мұрасын бас салып өзгерте беруге болмайтынын ғылыми тұрғыдан байыптамаудан туындаған ағаттықтар. Қара сөздері ғана емес, өлең жолдары да жосықсыз өзгеріске түсіп, көркемдік қуаты төмендеген.

       «Тартудағы»:

                                   «Ата тілін алмадым,

                                          Ана тілін алмадым

                                    Есетке ақыл салмадым,

                                    Оңатұғын болмадым;

                                          Ботасыз нардай боздадым,             

                                          Аш арыстандай қозғалдым»

        «Жұлдызда»:

                                         «Ата тілін алмадым,

                                          Ана тілін алмадым,

                                          Есет сынды ағамның

                                          Сөзіне құлақ салмадым.

                                          Оңатұғын жерім жоқ

                                          Ботасыз нардай боздадым,            

                                          Аш бөрідей қозғалдым», — деп берілген.

«Есетке ақыл салмадым» мен «Есет сынды ағамның, Сөзіне құлақ салмадымның» мағынасы екі басқа, «Оңатұғын болмадым» мен «Оңатұғын жерім жоқтың» арасы едәуір жер, әрі өлеңнің ұйқасы бұзылған. «Аш арыстанды» өзгертіп «аш бөрі» қылу да ұтыс беріп тұрған жоқ. Кейінгі басылымда жөн-жосықсыз өзгертудің нәтижесінде шумақтың ажары кетіп, біраз қан-сөлінен айырылған.

         «Тартудағы»:

                                         «Білдім дүние жалғанын

                                         Абайсызда алдырып,

                                         Ішімде кетті арманым».

         «Жұлдызда»:

                                         «Жалғаны көп дүние-ай

                                         Абайсызда алдырып,

                                         Ішімде кетті арманым», — делінеді. Ұйқас бұзылған. Мұндай кем-кетік соңғы нұсқаның ұзына бойында ұшырасып отырады.

Мұның бәрі ештеңе емес, нағыз былық эпостың аяғында, айдаудан қашқан Бекет пен Кенесарының ұлы Жапардың соңынан жеткен қуғыншылармен ұрыс салатын жерінде.

                                         Бұлардың бәрісімен ұрысып,

                                         Қалаған жерде тұрысып,

                                         Көп кәпірді қырысып, — деп басталатын өлең жолдары «Жұлдызда»:

                                         «Бәріменен ұрысып,

                                         Қалаған жерде тұрысып,

                                         Көп кәпірді қырады, – деп «түзетуге» ұшыраған. Буын санын келтіру үшін, «Бұлардың бәрісімен ұрысыптыны» «Бәріменен ұрысып» қылған. Эпосты шығарушының жыраулар поэзиясының үлгісін ұстанған адам екені естен шығып кетсе керек. Атақты «Едіге» эпосының Шоқан-Шыңғыс нұсқасындағы:

                                         «Алғаным әл-Омар қожа ханның қызы еді,

                                         Сағынбақтан сарғайсын,

                                         Салқын түспей барман-ды.»

Немесе:

                                         «Ноғайлының ауыр жұрт,

                                         Баяу жатқан қайран жұрт,

                                         Шетіңнен қиқулап ащы сүрен салмасам, — дегендегі көп буынды жолдар эпостың құнын түсірудің орнына ажарын арттырып тұр        

«Тартудың» соңындағы:

                                         «Қолындағы өнерін аямай қылысып,

                                         Бұлардан аман-есен құтылып,

                                         Қыран құстай жұтынып,

                                         Байлауда аттай құтырып,

                                         Аш арыстандай ұмтылып,

                                         Бұл кәпірден қашып,

                                         Кәпірдің көңілін басып,

                                         Дұспаны сасып,

                                         Құдайға қылған ісі мұнасып,

                                         Әруағы баяғыдай тасып,

                                         Еліне барып Шернияздың

                                         Түндігін найзаменен ашып,

                                         Қызыл қанын судай шашып», — деген жолдар  «Едіге» эпосының қарақалпақ Қияс жырау нұсқасындағы:

                                         «Құладынын қашырып,

                                         Екі қолын қаусырып,

                                         Ыстық отын өшіріп,

                                   Өр көңілін пәс түсіріп,

                                         Жауған бұлттай құрсанып,

                                         Түктерінен зәр шашып,

                                         Зұлымдығын асырып,

                                         Күннен қашық аспанды,

                                         Төбесіне түсіріп,

                                         Дабылы әлемді көшіріп,

                                         Айдаһардай ысқырып,

                                         Айбаттанып құтырып,

                                         Буырқанып қышқырып,

                                         Тап құптан уағында

                                         Келе берді Нұраддин», — деген жолдарға үндес.  Яғни классикалық үлгі.

Ал «Жұлдызда» осындай ескі өрнек былайша өзгертілген:

                                         «Қолындағы өнерін,

                                         Аямай әбден қылады.

                                         Бұлардан аман құтылып,

                                         Қыран құстай жұтынып,

                                         Байлаулы аттай құлпырып,

                                         Аш бөрідей ұмтылды.

                                         Кәпірлерден қашқанға,

                                         Кәпірдің көңілін басқанға,

                                         Дұспаны сасып бүлінді.

                                         Кәпірге қылған білегі,

                                         Әруағы асады,

                                         Қабыл болып тілегі,

                                         Шернияздың түндігін

                                    Найзаменен ашады,

                                         Қанын судай шашады», — болып, мүшкіл күйге түскен. Көріп отырғанымыздай, жыраулық үлгі кейінгі ақынның  «түзетуімен» 7-8 буынды жыр ағымына түсірілген, ол үшін жырға «әбден», «бүлінді», «білегі»  деген сөздер қосып, «аман-есеннің» «есенін» алып тастаған, «Бұл кәпірден қашып, Кәпірдің көңілін басып» деген екі жол, «Кәпірлерден қашқанға, Кәпірдің көңілін басқанға» болып солғын тартқан. Мұнымен шектелмеген, «Байлауда аттай құтырыпты» «Байлаулы аттай құлпырып» қылып жіберген, байлаулы ат құлпырмайтыны, байлауда тұрған аттың құтыратыны есте жоқ.  «Әруағы баяғыдай тасып» неге «Әруағы асадыға» өзгертілгені, «ұмтылып» не себепті ұйқасты бұзып «ұмтылды» деп алмастырылғаны белгісіз. Осындай жөнсіз «түзетулердің» нәтижесінде тарихи эпостың көркемдік қуаты әлсіреген, өлең жолдарының өзара үндестігіне зиян келген.

Сонымен, түйіп айтсақ:

Біріншіден,  кейінгі басылымдағы қара сөздердің біраз жеріндегі сөйлем құрылысы, баяндау мәнері қазіргі тіл тұрғысынан түзетілген. Көне төл сөздер алмастырылған.  Өлең жолдары көп өзгеріске ұшыраған. Жиып келгенде, жыр тілінің қарапайымдылығы, табиғилығы жойылған, әсемдігі, әдемілігі зардап шеккен.

Екіншіден, әлбетте, эпостың көп нұсқалы болуы ғылым үшін құнды. Барлық нұсқалары да пайдалы деп есептеледі, әрі көп нұсқалылық жырдың кең тарағандығының көрінісі. Уақыт өткен сайын, эпосты жырлаушылардың әрқайсысы оған «өз қошқармүйізін» қосуы да заңды. Бірақ әуелгі нұсқаны анықтаудың, оны кім шығарғанын, кімнен жазып алынғанын білудің, сол секілді, ең озық версиясын табудың орны бөлек. Біз осы мақсатты көздеп салыстырулар, талдаулар жасадық. «Бекет батыр» тарихи эпосының әуелгі архаитиптік нұсқасы «Ерназар-Бекет»  жыры деген қорытындыға келдік.

Үшіншіден,  оны жырлаған жыршыларды анықтау, нұсқалардың бәрін өзара салыстыру, арабша әліпбимен жазылғанын қазіргі қаріпке түсіру, т.б. күрделі мәселелер тұтасып тұр.

 

Жұбаназар АСАНОВ,

филология ғылымының докторы.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

           

 

           

           

           

           

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button