Басты жаңалықтар

Аты мәлім Айса ақын

 2007 жылы Жиренқопада Қобыланды батыр кесенесі салынып, республикалық деңгейде салтанатты шаралар өткені мәлім.

Міне, осы кезде жыршы Айса Байтабынов туралы алғаш рет сөз қозғалып, бұл ретте журналист Балнияз Әжниязов пен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбай айта қаларлықтай іс тындырды. Олар сол жылы «Ақтөбе» газетінде (21 маусым 2007 жыл) «Қазына толы бір сандық» деп аталатын төрт беттік көлемді мақала жариялады.

Онымен бірге Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының демеушілігімен «Қобыланды-Жаскілең» атты кітап шығарды. Бұл кітапта Айса жыршының өмірбаяны, ол жырлаған көптеген батырлар жыры талданып, Қобыланды батыр туралы жырдың нұсқасы ұсынылды. Сондай-ақ кітапта Айса Байтабыновтың өз жырларына да орын берілді.

Бүгін оқырмандар назарына сол кітап негізінде жазылған мақала ұсынылып отыр.

Айса Байтабынов — Қобда ауданының Өтешсай деген жерінде 1885 жылы туған. Руы адай. Әкесі Байтабын кедей, жерлікті байларда малшылықта жүріп, күн көрген, кедейшілікте бақилық болған. Айса да бала кезінен жалшы, жылқышы болып күн көрген. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Кеңес үкіметі Айсаны өз жағына тартады. Кедейшіліктің зардабын тартқан Айса барлық жарлылар сияқты Кеңес үкіметі — кедейлер үкіметі жағына шықты. Жергілікті жерде Кеңес үкіметін орнатуға, азамат соғысы ұрыстарына қатысады. Социалистік құрылыс, колхоздастыру, ″Өтеш сай″ колхозының ұйымдастырушы– басшысы жұмыстарын атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдары жергілікті халықты жігерлендіріп, жеңіске шақырады, ауыл–ауылды аралап батырлар жырларын айтады, өлеңімен халықты Отан қорғауға, Қызыл Армия жауынгерлеріне азық-түлік, киім-кешек жинауға үгіттейді. 

Айса Жамбылға арнап өлең жазған. Бірге фотоға түскен. Бұл сурет Жамбылдың мерейтойына ақындар жиналғанда түсірілген болуы мүмкін. Осы аталған фотода Нұрпейіс ақын да бар. Айса Нұрпейіс ақынға да арнап өлең шығарған. Атақты жыраудан бірнеше жыр үйренген. Профессор-фольклоршы Е. Ысымайылов өзінің «Ақындар» деген ғылыми еңбегінде «Ақтөбе облысында Байтабынов Айса деген жыршы бар. 1940 жылы Ақтөбе қаласында Нұрпейіс Байғаниннің 80 жасқа толған мерекесінде ол екі күн жыр айтты»,— деп жазады.

12 жасынан өнерге бет бұрған, жыр-толғау айту, той бастау, беташар айту, жиын-тойда қалжың айту, күлдіру қолынан келген.

Айса шығармашылығының негізі — батырлар жыры. Оның ерекше жырлағаны — «Қобыланды батыр мен  оның баласы Жаскілең туралы» жыр. Жыр ұзақ, көркем шығарма.

Ғылым академиясындағы қолжазбалар қорында Айса Байтабынов білетін он сегіз жырдың тізімі көрсетілген. Олардың ішінде «Едіге», «Орақ-Мамай»,

«Қарасай-Қази», «Алпамыс», «Қыз Жібек», т.б. сияқты ауыз әдебиетінің көркем туындылары бар. Тізімге кірмесе де Айса «Құрманбек батыр» деген жырды да білетін болған.

Айсаның жыршылық өнерінде ерекше орны бар туынды — «Қобыланды батыр жыры» және ол Қобыланды батыр жырының 29 вариантының ішіндегі көркемдерінің бірі. Өзге ақындардан тағы бір ерекшелігі — Айса Қобыланды батырдың баласы Жаскілең туралы жыр айтқан. Айса жырлаған «Қобыландыда» Қобда ауданындағы жер-су атаулары жиі кездеседі.

Ұлы Қобда бойында,

Қобыландының моласы,—

деп жырланғандай, батырдың, шамамен ХV ғасырда өмір сүргені, сүйегі Жиренқопада жерленіп, кесене салынып, музей жұмыс жасап, аңыз ақиқат болған ақынның кейіпкерінің тәуелсіздік жылдарында тарихи тұлға, өмірдегі батыр екеніне ел сенімді болып отыр.

Айса тек дарынды жыршы ғана емес, ол ақын, әрі суырып салма ақын. Ол күнделікті тіршілік өмір ағысы, шаруашылықтағы жағдайлар туралы өлеңдер шығарған. Оларды аудандық жиындарда, кездесулерде, мерекелерде айтқан. Қобда ауданында өтетін айтулы жиындар, үлкен мерекелер, еңбек озаттары слеттері Айса ақынның өлең құттықтауларымен ашылатын болған. Оларға жергілікті басшы мекемелер Айса ақынды өткір, жалпы халыққа әсерлі сөз, өлеңдері үшін арнайы шақырып, қатыстырып, жырлатып отырған. Оларда ақын социалистік құрылыстың жаңалық, жетістіктерін, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді, адам мінезіндегі болатын жағымсыз қылықтарды батыл айтқан.

Жұмысы жақсы колхоздарды мақтады, үлгі етті, шаруаны оңдырмаған басқармаларды сынады.

Журналист Мәскеу Шүкіранов «Қилы-қилы кезеңдер» деген өз естелігінде «Ауылға Айса келеді дегенді естігенде колхоз басқармалары мал қорасын тазалатып, жайдақ шамын жағып, мал сойдырып, ығы– жығы болатын», — деп жазады. Сөйтіп, басқармалар ақын кемшілігімізді көріп қалып, сынамасын деп дайындалатын болған. Ақын қатты сынап, өлең шығарып кетеді, ол халық арасында тарап, масқара боламыз деп қысылған.

Расында да, Айса, мысалы,  Шоқпыт деген Сөгәлі ауылының басқармасын:

Қырық шелек байлаған,

Қаңғалақпен айдаған.

Шоқпыт деген басқарма

Елдің қамын ойлаған,—

деп су айдап, тарыдан мол өнім алған деп мақтаса,

Мынау тұрған Өспен,

Соғысқа дейін өскен,

Соғыстан кейін өшкен,—

деп ауылда шаруаның қыры кеткенін сынайды.

Мынау тұрған Астархан,

Ауылдың іші тас-талқан.

Басқармасы нашар жан,

Арақ берді басталған,

деп ауылдың келбетінің кеткенін, басқармасының нашар жұмысын, жағымсыз қылықтарын тура бетке басады.

Өткір тілді, шындықты бетке айтатын, кемшілікті сынайтын Айса ақын дүниеден өткенше өзінің турашыл мінезінен танбаған.

Ақынның жиырмадан астам өлеңдері сақталған. Оларда ақын өз дәуірін жырлады.

Жерімнің топырағы күміс, тасы алтын,

Теп-тегіс мәдениетті менің халқым.

Суының жартысы су, жартысы май,

Халық мұқтажсыз, көңілі жай.

…Артығы жоқ, кемі жоқ, елім тегіс,

Дүниеде біздей енді болған бар ма?

деп ақын сол замандағы  социалистік құрылыс қадамдары мен өмір салтын, еңбекші халықтың жеңімпаз қуатын өлеңдерінде мадақтады.

Соғыс кезіндегі «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген жалпы халықтық үндеу, ұран үрдісінен шығып,тыл еңбекшілерін жан аямай еңбек етуге, майдандағы жауынгерлерге қамқорлық жасауға, қаржы, азық-түлік, киім-кешек жинауға үгіттеген. Сол жылдары Айса ақын 40 колхоз, 6 совхозды аралап, өлеңімен үгіт жүргізген. Сол үгіті жақсы нәтиже беріп, Қобда ауданы еңбекшілері майданға үлкен көмек көрсеткен.

Әрине, Айсаның Ұлы Отан соғысы кезіндегі бұқара арасындағы үгітшілік жұмысы жыршылықпен жалғасқан. Кешкілік жиналған көпшілікке тек бүгінгі күн соғыс, ел тірлігі мен бірлігі туралы ғана емес, тақырыпқа сәйкес батырлар жырларын да айтқан.

Айсаның Қобыланды, Едіге, Алпамыс, т.б. батырлар туралы жырларын жұртшылық ден қойып тыңдаған, рухани демеу алған. Батырлар жырлары халыққа ерлікті, қаһармандықты үлгі еткен, Отанды, жерді қорғауды мақсат еткен. Батырлар жырының оқиғалары майдандағы ерлікті жырлаумен жалғасқан. Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсетіп, қаза тапқан қобдалық батыр Әлия Молдағұлова туралы ақын «Қазақ қызы Әлия»,  «Батыр Абдолла Жанзақов» атты көлемді шығармалар шығарған.

Айсаның шығармашылығын сараптасақ, оның суырып салма ақын болғанын білеміз.

Айса Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікті жырға қосқан. Өзінің үгіт өлең, жырларыменен халықты бірлікке, қажырлы еңбекке, жауды жеңуге шақырып, бұқараға рух беріп, жігерлендіріп, қуатына қуат, қайратына қайрат қосып  отырған. Ақын соғыс тақырыбына көптеген өлең, жырлар шығарған. «Біз жеңеміз», «Жау кіреді көріне» өлеңдерінде соғыстағы жауынерлерге, тылдағы еңбекшілерге қуатқайрат, жігеррух беріп, жеңіске деген сенімді күшейтеді.

…Жауға тажал пулемет,

Жаңбырша оқты себеміз.

Қанаттасып, бірлесіп,

Алпыс ұлт қатар үн қосып,

Соңынан көсем  ереміз.

Отан деген жалғыз сөз,

Бәріміздің денеміз.

Денеге суық қол тисе,

Намысты ер қалай көнеміз?

…Тізе қосып алпыс ұлт,

Талқандап жауды жеңеміз.

Тарихта бұл ақиқат.

Көз жетеді сенеміз,

деп «Біз жеңеміз» деген ұзақ өлеңінде жырлайды. «Жау кіреді көріне» деген көлемді жырында «Сүйікті отан еліме, фашист дұшпан қол сұқты» деп, келіп, бұл майданда жеңіс біздікі болады, жау кіреді көріне деп неміс фашистерінің талқан болатынына сендіреді, жігер күш береді.

Айсаның жалғыз ғана суреті сақталған. Ол Айсаның атақты ақын-жыршылар Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин сынды бірнеше өнер иелерімен домбыра ұстап ерекше түскен фотосы. Сурет облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған және экспозицияға койылған. Өтешсайда бұрын бірге тұрған ұстаз Сабыр Жұмекенов  «ақынның тұлғасы шағын, бірақ бетәлпеті суық, бүркіт тұмсық, қалың қабақ, өткір көзді кісі еді» деп суреттейді.

Айсаның тағы бір ерекше қасиеті болған. Оны ақынның қызы Бұлжетпес «әкем елге танымал бақсы болған, көрінген ауру-науқастар жазылып жүре берген. Әбден арқасы қозып, жындармен сөйлескенде қыпқызыл қыздырылған күректі жалайды»— деп есте қалғанын айтады. Ақынның құмалақ салатын да өнері болған екен.

Айса өзі жырлаған Қобыландының әкесі сияқты артынан із болып қалатын, ұрпағын жалғастыратын жалғыз ұлға зәру болып өтеді. Көзін жұмардан азырақ ілгері, «артымнан бір тұяқ ұл қалмады» деп, өмір бойы серігі болған қарағайдан істелген қара домбырасын күл-талқан етіп сындырып, өзі әрең қозғалатын болсада, ошаққа салып жағып жібереді.

Ақын өмірінің соңғы он жылын, зейнеткерлік жылдарын Ащықара және Қарабұлақ елді мекендерінде өткізген. Бұл жылдар ақынның жасы ұлғайған, бұрынғыдай ел аралап, жыр жырлап, табыс тауып, күн көруі қиындаған кезі болатын.

Ол 1958 жылы 14 мамырда Қарабұлақта қайтыс болды, сонда жерленеді.

Айсаның өмір мен шығармашылығы қалың жұртқа алғаш рет 2007 жылы «Ақтөбе» газетіндегі «Қазына толы бір сандық» атты көлемді мақала (21 маусым 2007 жыл, Б.Әжниязов, Н.Жетпісбай) мен «Қобыланды-Жаскілең» деп аталатын кітап арқылы толығырақ мәлім болды.

Еркін ҚҰРМАНБЕК, 

ҚР мәдениет қайраткері.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button