Басты жаңалықтар

Әзберген батырдың ел аузындағы бейнесі

Әзберген Мұңайтпасұлының   туғанына – 200 жыл

 Әзберген Мұңайтпасұлының (1813 ж.т.) есімі совет үкіметі кезіндегі «Қазақ Совет энциклопедиясына», кейінгі шыққан Ұлттық энциклопедиямызға енген. 1943,1949,1957 жылдары басылған ресми нұсқа «Қазақ ССР тарихының» бірінші томдарында жүр, «Барлық көтерілісші отрядтардың  басшылығына кедей қазақ Әзберген Мұңайтпасов сайланды» деп таңбаланған, 1943 жылғы, редакциясын академик А.Панкратова басқарған тарихтың «Орал және Торғай облыстарындағы көтерілістер» деген тарауында. Оның игілікті ісі Орталық Азия халықтарының тарихтарында бедерленген, Қоңырат қаласын билеген, 1870 жылы «Хиуаның ханы» деген құрметті атаққа ие болған. Даңқты ақын Бердақтың, Кердері Әбубәкір, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы өлеңдерінде, ұлы ғалымымыз Ш.Уәлиханов еңбектерінде құрметпен аталады. Орыс-қазақ жылнамаларында тұр, 1960 жылы 10 қазақ зиялысының бірі есебінде Мәскеу мен Петрборға барған.  Мұрағаттарда жатыр. Ол туралы ондаған зерттеу мақала жазылып, диссертация қорғалды. Туған жері Ақтөбеде Әзберген Мұңайтпасұлы атындағы көше бар.

Біз бұл мақаламызда оның ел аузындағы бейнесін бергенді жөн санап отырмыз.

 

Батырдың Бесқалаға алғашқы сапары

Туған елінде батырға қатысты көп айтылатын тарихи аңыздардың бірі мынадай. Әкесі ерте өлген. Он бесте екен. Шешесі әлдебір шаруамен көрші ауылға кетсе, бала қолдағы жалғыз түйені сойып, етін тұздап қойыпты. Тосын жайдан үрейленген шешесі «мұның» не десе, «ұзақ сапарға жол жүрейін деп отырмын, мынаны мен келгенше талғажау қыл.  Қарабас Құрышболаттың күбісі кеппегенде құдайдан тілегеннің күбісі кебер деймісің, әрмен қарата да бір амалы болар» дейді. Өтер іс өтті, зерделі шеше ұрыспайды, баласының талабын қайтармайды. Одан соң бала осы өңірдегі қабақтың атақты байы Бүркітбайдың жылқысына жаяу барып, бұғалық салып бір келісті асауды ұстап, сол жерде мініп кетеді. Шалғайына жармасқан жылқышыны атынан аударып, жаяу қалдырады. Із кесіп, нөкерлерімен Бүркітбай келген кезде, бала ауылда жоқ, жол жүріп кеткен екен. Шешесі бар жағдайды баян етеді, аман-сау  жүрсем атын қайтарармын деген сөзін жеткізеді. Бүркітбай шешен, ақылды адам болған, жағдайға қаныққан соң қасындағыларға  атты алған бөтен емес, өзіміздің бала екен деп, әліптің артын ашпай, келген ізімен кері қайтады. («Бүркітбайдың боз жорғасының бөгелек қағуы» деген Қазанғаптың күйі бар).

Қазіргіше бала, «он үште – отау иесі» заман үшін соқталдай жігіт Әзберген Қоңыратты бетке алады. Жолда тоғыз нарға жүк артқан кірешіге жолығып, адасып кетпес үшін  соңынан ереді. Кіреші атан түйедей ірі, аса қайратты түрікпен жігіті екен. Қонған  жерде нар үстіндегі ауыр теңді бір қолымен бұйым құрлы көрмей көтеріп алып тастай беретін көрінеді. Ертеңгісін қайыра теңдей салады. Әзберген әлденеше мәрте сөзге тартып, әңгімелесейін десе ыңғай бермейді. Дастарқанына қоспайды, бөлек отырып тамақтанады. Насыбай атады екен, бұл сұрап көрсе сөйлеспейді. Әзбергеннің жол азығы бітеді. Суы таусылып, шөл қысады. Ал анау мұны тіпті адам екен-ау деп көзіне ілмейді.  Мұсылмандықтың нышаны жоқ жігітке бозбаланың  қаны қайнайды. Нар үстіндегі түрікпен тағы бірде алтындаған шақшасын алып, насыбай атпақ болғанда қапталдаса берген Әзберген шекпен ішіндегі қайқы шолақ қылышты суырып алып, басын қағып тастап, жүзін тасалап, тоғыз нарды жетелеп ілгері тарта береді. Алған мүлкін Қоңыраттың қан базарына салады. Бар затты, нарларды сатып болып, көңілі бірлеп, алтын шақшаны қонышынан суырып, ердің қасына қағып-қағып жіберіп, насыбай атады. Сөйтсе байқамапты, алдында көрген бір жасы егделеу түрікпен бұған жеп жіберердей тесіле қарап тұр екен. Бойын тез жинап алады, сыр бермей шақшаны орнына  салады. Сонда  әлгі кісі: «Е, балам, аман ба?» деп сөз бастайды. Әзберген жасы үлкен адамға сәлем береді. «Балам, – дейді түрікпен, – мына шақшаны танып тұрғаным, қайдан алдың?». Бозбала біраз кібіртіктейді, анау тақымдап соңынан қалмайды. Амал жоқ, шындықты айтады. Жолдағы бар жағдаятты тегіс баян қылады. Шал айтады: «Әй, өзім де осындай бірдеңеге ұшырайды-ау деп қауіп етуші ем. Астамшылық бір Алладан басқаға жараспаса керек. Біліп ем. Алланың жазуы да, қазасы өз теңінен келген екен. Үйге жүр, қонағым бол», — дейді. Әлде  тәжірибесінің аздығы, әлде бозбала кездегі қызбалық, әлгі шалға еріп үйіне барады. Барған соң шал қызметшісін шақырып, қой сойдырады, құрметпен қонақ қылады. Сосын: «Қонып, замандасыңның төсегіне бір түн жатып кет» деп жалынады. Жатарда келінін шақыртып, баласының төсегін салдырып, мейманын соған жатқызады. Келіні мен кемпірі істің мәнісін сонда барып біледі. «Сескендім, — депті кейін Әзберген, — түнде жең ішіне тыққан қолында болат қанжары бар қарасұр жас келіншек мысықша басып жаныма үш рет келіп, үш рет кетті, бірақ ажалдан намыс күшті, сыр бермедім. Көрмеген болып жата бердім».

Ертеңіне үй-ішін жинап шал: «Балам жол тосқан әлде бір имансыз қарақшыдан өлмей, өз теңінен өліпті. Өлер бала өлді, енді сен маған өкіл бала бол, мына жесірін ал», — дейді. Батасын беріпті. Осыдан соң Әзберген дүние-мүліктен тапшылық көрмепті. Ел аузында көркем өңделген аңыз әңгіме. Аңыз болғанымен астарында шындық жатса керек.

 

Әзберген мен тоқпан

 

Әзбергенге қатысты тарихи деректер ел аузында көркем өңделіп, тарихи аңызға көшкен. Сондай халық әдебиетінің бір үлгісі Тоқпанға қатысты. Тоқпанның ата-тегін әріден бастасақ сөз көбейіп кетер, беріден қайтарайық: Тоқпан Есет батырдың әкесі Көтібар батырмен бір туған. КСРО Сәулет академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеу Бәсенов пен Социалистік Еңбек Ері, Зырьяновск  қорғасын-мырыш комбинатының негізін қалаушы Нәби Жақсыбаев Тоқпанның тікелей ұрпақтары.

Тоқпанның бейіті Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы  Жомарт көлінің оңтүстік бетінде, ел « Тоқпан тамы» атап кеткен. Тоқпан тамы – ұлттық-архитектуралық ескерткіш, Қазақстан Республикасы тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының тізіміне енген.

Үш-төрт мыңдай жылқы біткен Тоқпан қыста Ұлы Борсық құмын қыстап, жазда Жамантау асып, Ойыл-Қиыл бойларын жайлаған. Оның атымен аталатын қазіргі Алға ауданында «Тоқпансай» деген жер бар, Шалқар ауданында «Тоқпан көлі» дейтін көл бар. Тоқпан көп жасапты. Батырлық Есетке дарып, дәулет Тоқпанға бітіпті. Тоқпан найза өңгеріп, жауға шаппапты, қорамсақ байланып, садақ тартпапты, «малға да бір адам керек қой» деп, соған ие болыпты. Батыр Есет, мырза Есет Тоқпан ағасынан малды топтап айдап әкеліп, керегіне жарата беріпті. Бірде шектен шығыңқырап кетсе керек. Сонда ашуланған Тоқпан, үстіне сауыт киіп, Тортөбелге мініп (Тортөбел айтулы тұлпар екен), көк сүңгіні қолға алыпты дейді. Айқай-сүрен сап, тал түсте Есеттің ауылына тиіпті. Бауын кесіп, түндіктерін сыпырыпты, желіні қиып, малын босатыпты, қанша айтқанмен батырдың тұқымы емес пе, қартаң тартқанына қарамастан ат көтіне  сүйретіп екі-үш қараша үйді де аударып тастапты. Ауыл азан-қазан, у-шу, қатындар ойбайлап, бала жылаған. Қаһарына мінген Тоқаң: «Есет деген батырсымақтарың қайда, шықсын бері! О неменің әуселесін көрейік!» деп ақырады. Мұны естіген Есет тығылып қалады.

Жасы үлкендер қаумалап «Тоқа! Тоқа!» десіп зорға тоқтатады. Сонда, ау бұның қалай дегендерге Тоқпан: «Есепсіз мал шашу кез келген ездің қолынан келеді. Есет мүмкін мал таптым дейтін шығар, ол тапса мен бақтым, мал табу оңай, бағу — қиямет, шашу — қиянат. Батырмын, ел шаптым дейтін шығар, ел шабу деген, міне, осы, бұдан жеңіл ештеңе жоқ», — депті.

Тоқпан бай Тортөбелді көзінен таса қылдырмай, ыссыда өз алдына жеке үй тіктіріп, күзет қойдырып бағады екен. Қызығушылар қисапсыз көп болыпты,  адам баласын атына жолатпапты. Сол тұлпарға он алты-он жеті жастағы жас қабылан Әзберген батырдың зейіні кетеді ғой. Ер қанаты –— ат, сырт жер, дұшпан көз Хиуаға Тортөбелді мініп барғысы келеді. Тоқпан ауылына жиілетіп екі-үш келеді, сұрайын десе ағасының сыры мәлім, бермейді. Оның үстіне  мінезі қисық. Теріс ыңғайын байқап, сұрауға  батпайды. Не істерге білмей дағдарады. Әрі ойлап, бері ойлап ойшыл бозбала  бір үмітке кідіреді. Тоқпанның кіші әйелімен сөйлеседі, солай да солай, Тортөбел керек. Түбегейлі емес, Хиуаға мініп барып келуге. «Қысылтаяңда қатын ақыл табады» деген сөз бар еді, жеңешеке, жолын айт деп жармасады.  Қиылып қоймайды. Текті жердің қызы есті келеді, жалындап тұрған батыр қайнысының көңілін қимай: «Ағаңның талма түсте көлге түсетіні бар еді,  сол кезде сұрап көр» дейді. Одан әрі ештеңе айтпайды. Содан Әзберген батыр Тоқпанның көлге түсуін аңдиды. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үшінші күн дегенде, тал түсте, жұрттың бәрі көлеңке астына үйге тығылған сәтте Тоқпан жалғыз өзі аяңдап көлге тартады. Белден кешіп бетін, үсті-басын шаяды. Рақаттанып көл ішінде аунап-қунайды. Ештеңе аңғара алмаған Әзберген дал болады. Тоқпан біраздан соң ешкім  жоқ па екен дегендей жан-жағын барлайды. Барлайды да төбетейін шешіп, шапшаң қимылдап басын суға батырып алады. Әне, сонда қыран көзді Әзберген ағасының басындағы оймақтай тазды аңдап қалады. Ол заманда адамның таздығы үлкен мінге есептелген. Тығылып жатқан жерінен қарғып тұрып, бес-алты ырғып, «Ассалаумалейкум, аға!» деп қасына жетіп барады. Тоқпан тегін бе: (Тегін болса, атағы осы уақытқа дейін сақтала ма?) «Әй, бар болғыр, Мұңайтпастың қу жалғызы-ай, ылғи да жүрмес жерде жүресің-ау. Тортөбелді сұрап келдің ғой. Міне ғой»,  — депті. Сосын айтыпты: «Жақсы жігіт көрген-білгенін көрінген адамға айтпас болар», — деп.

Тоқпан ағасының өзінен басқа ешкімнің тақымы тимеген тұлпарын Әзберген батыр осылайша қолына түсірген екен.

 

Құдияр ханды құтқаруы

 

Ел шежірешілері Әзбергеннің Қоқан ханы Құдиярды құтқаруын аңыз етеді. Орынбор генерал-губернаторы Қоқанның ханы Құдиярды Орынборға келіссөзге шақыртады. Келген ханды кері қайтармайды, қамауда ұстайды. Кіші жүз ханы Арынғазыны да, Шерғазыны да осылайша қамауға алған. Бұл отарлаушыларда бұрыннан бар әдіс, ертеде Тәуекел баһадүр ханның інісі Ораз-Мұхаммедті де қонаққа шақырып, тұтқындаған. Біраз уақыт өткен соң генерал-губернаторға әлде бір істерді ілік қылып Хиуадан Әзберген барады. Сыйға бір  сандық қымбат тарту-таралғы апарады. Арадағы кейбір кикілжің мәселелерді қойып, өзара келісімге келеді. Жақсы нәтижеге «қол жеткізген» генерал Әзбергенді қонақ қылады, кетерінде  сандығын толтырып сый береді. Қайтуға бет алғанда Әзберген, «Таныс адам еді, Құдиярға қой-хош айтып кіріп шығайын» дейді. Хан шағын жер үйде өз қызметшілерімен бірге тұрады екен. Атқосшысы Дабылды ертіп ханға кіреді. (Дабыл — Бекет батыр Серкебайұлының баласы). Сәлемдескен соң Дабылдың қолындағы сандықты ашып, ішіндегі асыл бұйымдарды аударып тастап, ханды салып алады. Дабыл аса қайратты адам екен дейді шежірешілер, сандықты қолтығына қысып, Әзбергенге ере беріпті. Ханның қашып кеткенін орыстар аңдамай қалады. Жолға тосқауылға қойған жігіттерге аман-есен жетіп, Құдиярды тарантас арбаға салып, жөнеп береді.

Әуелден қауіп қылса керек, Орынборға қарай шығарында Құдияр жаңадан шапан тіктіріп, ішіне өңкей жүз сомдықтан салып сырып тастаған екен, соны Әзбергеннің қасындағы жігіттер байқап қалып, өлтіріп, үстіндегі шапанын алғылары келеді. Оны сезген Әзберген ханды көзінен таса етпейді. Жолды еңсерген шақта, бір түнде Құдиярды алып қашады. Шаршаған, жолсоқты болған жігіттер қамсыз ұйықтап, қапы қалады. Аман-сау жеткен соң қатты толқыған Құдияр қарындасы Кенжені Әзбергенге қосқан екен дейді. Содан соң астындағы тағын берген екен дейді. Артындағы елінің тағдырына алаңдаған Әзекең онда көп аялдамапты. Айырылысарда хан мол сый-сияпат көрсетеді, соның бірі өзгеше жасалған мылтық көрінеді. Киіз үйдің түндігін жауып қойып, әлгі мылтықты құндағынан суырып алғанда үйдің іші жап-жарық болып кетеді екен, қолдан-қолға ауысып өмір Машан мырзаға жеткен, күні кешеге шейін сақталған дейтін еді қазақтың кітап орнына жүретін құйма құлақ шалдары, біздің бала кезімізде. «Қыздың қалың малына төленіп, содан жоқ болды» десетін. Кейін Есет Көтібарұлын Әзбергенмен бірігіп Құдиярды қашыруға  қатысың бар деп Орынборға шақыртады. Бұл жөніндегі дерек архивте бар. Әзбергеннің «Арыстанның аузындағыны алған» бұл ерлігін бүгінгі Қабақ-Тілеу ұрпақтары әлі аңыз қылып айтады. Мақтан тұтады. Құдияр өзінен бұрынғы Шерәлі ханның мирасқоры. Шерәлі 1842-1845 жылдары хандық құрса, Құдияр 1845-1875 жылдары билік жүргізеді. Тек 1858-1862 жылдары ғана үзіліс болған. Тарих ғылымының докторы, профессор Хамид Зияевтің жазуынша, Құдияр хан Орынборда біреудің жеке меншік үйінде тұрады. Күндердің күнінде бір қазақтың жәрдемімен қашып Ауғанстан, одан Үндістан өтіп, Арабия арқылы Жапонияға барған. Бұл жерлерде ол Англия үкіметінің өкілдерімен сөйлескен және хандықты қайта құру үшін жәрдем сұраған, Ауғанстанға оралғанда қайтыс болған.

Кейін «Бір қазақтың» Әзберген батыр екенін алматылық тарихшы ғалым С.Сайфулмаликова нақтылы деректер бойынша дәлелдеп берді. Х. Зияевте кінә жоқ, ол кезде Әзбергеннің атын атауға тиым салынған.

Шынында да, мұндай ерлік істеу үшін үлкен ақылмен қатар, нағыз батырлық керек. Әзбергеннің Құдияр ханды құтқаруы да Ресей отаршылдарына бөгесін қою үшін істелген іс. Себебі, ханынан айрылған елді жүндей түтіп аздырып жіберу оңай-ды.

Ғалым Мәлік Ғабдуллин: «Әуел басында тарихи шындыққа, нақтылы деректерге негізделіп туған әңгімелер кейіннен халықтың ауызша айтатын әңгімелеріне айналған», — дейді.  Біз бұл еңбегімізде  Әзбергенге қатысты ел аузындағы әңгімелердің  осы тұжырымға  сәйкес келетіндерін іріктеп алдық.            

Әзбергенге байланысты аңыз әңгіме көп, бірақ оның бәрін баян етіп жату, шағын еңбегіміздің композициясын, ырғағын бұзатын болғандықтан бас тартуға тура келді.

 

Жұбаназар АСАНОВ,

филология ғылымының докторы.

 

 

 

 

 

 

 

           

 

 

 

           

 

           

           

           

           

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Бұл мақаланың мына бір тұсына айтар пікірім бар.
    «Батыр Есет, мырза Есет Тоқпан ағасынан малды топтап айдап әкеліп, керегіне жарата беріпті. Бірде шектен шығыңқырап кетсе керек. Сонда ашуланған Тоқпан, үстіне сауыт киіп, Тортөбелге мініп (Тортөбел айтулы тұлпар екен), көк сүңгіні қолға алыпты дейді. Айқай-сүрен сап, тал түсте Есеттің ауылына тиіпті. Бауын кесіп, түндіктерін сыпырыпты, желіні қиып, малын босатыпты, қанша айтқанмен батырдың тұқымы емес пе, қартаң тартқанына қарамастан ат көтіне сүйретіп екі-үш қараша үйді де аударып тастапты. Ауыл азан-қазан, у-шу, қатындар ойбайлап, бала жылаған. Қаһарына мінген Тоқаң: «Есет деген батырсымақтарың қайда, шықсын бері! О неменің әуселесін көрейік!» деп ақырады. Мұны естіген Есет тығылып қалады.
    Жасы үлкендер қаумалап «Тоқа! Тоқа!» десіп зорға тоқтатады. Сонда, ау бұның қалай дегендерге Тоқпан: «Есепсіз мал шашу кез келген ездің қолынан келеді. Есет мүмкін мал таптым дейтін шығар, ол тапса мен бақтым, мал табу оңай, бағу — қиямет, шашу — қиянат. Батырмын, ел шаптым дейтін шығар, ел шабу деген, міне, осы, бұдан жеңіл ештеңе жоқ», — депті.»
    Менің пікірім:
    Жиырма жасынан елге билік айтқан Есет батыр, ел шауып мал таппаған шығар (би – ел ішіндегі әділдікті қорғаушы емес пе?).
    Көтібар мен Есеттің ішіп-жемге жетер өз дәулеті болған. Әкем Иманбай айтатын әңгімемен дәлелдейін. Көтібар бабамыздың тақымы тиген аты пышаққа түсетін болады. Бабам әжелерге оның етін ауыл адамдарына таратып беруді тапсырады. Әжелер батырдың тақымы тиген жылқының етін елге үлестіруге қимай өздеріне қалдырады. Әжелер қылығын естіген батыр баба: «Әттең, жеті атама жететін дәулетімді үш атамда тоқтаттыңдар-ау» – деп реніш білдіріпті. Бабамның бұл сөзінен нені мегзегенін, көріпкелдігін толық ұқпасам да өзіне, балаларына жететін дәулеті бар адам болғанын ұқтым.
    Көтібар батыр ұрпағынан досы да дұшпаны да жасқанады, олар ешқашан «тығылмаған», «тығылмайды».
    Мыңдаған жылқы бағып тыйтықтаған Тоқпан бабам бала-шағаны шулатып «ел шабу» өнерін көрсетуге дәті де қауқары да болмаған шығар.
    Шолпан Қанди

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button