Таным

Отбасы

 жаңа мерекенің алғашқы қадамы

 

ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп белгіленгені мәлім. Биыл бұл мереке еліміз бойынша тұңғыш рет қыркүйектің сегізі күні аталып өтіледі. Оның мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Осыған дейін елімізде 15 мамырда Халықаралық отбасы күні аталып келгенімен, арнайы белгіленбеген еді. 2009 жылы республикада Отбасы күні мерекесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия ұсыныс берген болатын.

Өткен аптада еліміздегі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев алдағы жексенбіде қазақстандықтар Отбасы күнін атап өтетіні туралы хабарлады.

— Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл күн осы жылдан бастап қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет отбасынан басталатынын әрқашан баса айтады. Ол туралы Елбасының ойына «Қазақстан — 2050» Стратегиясында да орын берілген. Мемлекет басшысы бiздiң қоғамда дәстүрлі және негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өткiм келедi, — дедi А.Әбибуллаев.

Одан бөлек, «Отбасы күнін» тойлау аясында 6 қыркүйек күні Астана қаласында Әйелдердің республикалық кеңесі «Отбасы және ұрпақтық-әлеуметтік әділеттілік» тақырыбында халықаралық конференция өткізеді.

А.ЖЫЛҚАЙДАРҚЫЗЫ.

 

 

облыс әкімі 10 отбасын қабылдайды

Биыл еліміз бойынша бірінші рет өтетін Отбасы күніне арналған шаралар облыс аумағында аптаның бірінші күні басталып кетті. Мәселен, кеше Қобда ауданында әжелер байқауы өтті, бүгін «Мега Ақтөбе» ойын-сауық, сауда кешенінің алаңында жастар арасында флеш-моб өтеді. Ертең облыстық өлкетану музейінде және Әлия Молдағұлова музейінде «Отан отбасынан басталады» тақырыбында танымдық шара ұйымдастырылады.

Осы істердің басы-қасында жүрген облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хонның айтуынша, бұған дейін отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстар облыс көлемінде тұрақты жүргізіліп келеді.

— Осыған дейін біз Халықаралық отбасы күнін 15 мамырда атаусыз қалдырған емеспіз. Бірақ осы жолғы мерекенің жөні бөлек. Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Облыс әкімі сенбі күні облысымыздағы ең үлгілі отбасылардың арасынан іріктелген 10 отбасыны қабылдайды. Олардың арасында бала асырап алып, патронаттық тәрбиемен айналысып отырған, көп балалы жас отбасыларды, мұғалімдер әулетін қалыптастырған отбасыларды қабылдайды.

Одан кейін нағыз мереке күні — жексенбіде Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта үлкен мәдени шара ұйымдастырылады. Спорттық жарыстар да назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар облыстың барлық білім беру ұйымдарында осы күннің маңызын ұғындыратын танымдық ашық сабақтар өтіп, «Менің отбасым» тақырыбына шығармалар жазылады, — дейді Ақмарал Хон.

Айгүл БАЙМЕНОВА.     

 

Отбасы татулығының сыры неде?

 

Отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген Отбасы күні мерекесінің қарсаңында осы сұрақтың төңірегінде оқырмандарымызды сөйлетіп көрдік:     

 

Аманғос Кален, облыстық ішкі істер департаменті жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— Мен өмірімнің 41 жылын құқық қорғау органына арнаған адаммын. Сондықтан біздің отбасымызда үйдегі тәртіп те түздегі тәртіптей қатаң болғанын талап еттім. Үш балам тәртіптің арқасында тәрбиелі болып ержетті, өмірден өз орындарын тапты. Қазір 16 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Отбасының «ішкі жұмыстары» әйелге тиесілі ғой, әрине. Бірақ ер азамат отбасында өзінен де, өзгелерден де тәртіп талап етпейінше береке болмайды. Табыс табу — еркектің міндеті. Оны келістіруге әйел міндетті. Еркек мықты отағасы болғанда ғана отбасы тату болады. Әйелді ұру міндет емес, мысың басып, ол өзі-ақ қас-қабағыңнан ішіңді біліп тұрса болғаны.

Өзім 1951 жылы әскер қатарындағы борышымды өтеп ауылға келсем, әкем кеңшарда бірге істейтін бір досының қызына құда түсіп қойыпты. «Соны аласың!» деді. Айтты бітті, алуым керек. Ол кезде әкенің айтқанына қарсы тұруға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Көрші ауылдың қызы екен. Барып танысып, алып қайттық. Әкем білген екен, мен онымен 1994 жылға дейін жұп жазбастан тату-тәтті тұрдым. Құдай қосқан қосағым ғой, түйелі ауылға арулап шығарып салдым.

Ер азаматқа салт басты жүру жараса ма? Көп ұзамай өз қалауым бойынша қазіргі әжелеріңмен бас қостым. 17 жылдан бері тату-тәтті тірлік кешіп келеміз.

 

Айша ҚҰЛБАТЫР, Ақтөбе қалалық тілдер бөлімінің басшысы:

— Менің жолдасым, екі ұлым бар. Қазір үлкен балам Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істейді. Екеуміз балаларымыздың тілеуін тілеп отырамыз.

Мені отағасынан бұрын ата-енем таңдаған. «Жалғыз ұлға осындай қыз жақсы әйел болады» деген соң, ұлдары айтқандарын екі етпепті. Екеуміз осылай ата-ананың тілеуімен тұрмыс құрдық.     

Отбасы татулығының сырын әйел ғана біледі. Ер азамат — отағасы, қожайын. Оған дау жоқ. Бірақ отбасының берекелі болуы әйелге байланысты. Бұл — атам қазақ жазбай қалдырған қағида. Әйелге осындай үлкен сенім артатын екі ұлт бар. Бірі — қазақ, екіншісі — еврейлер.

Мен қазақтың мықты, білімді қыздарына ақшасы көп, білімі артық екен деп басқа ұлтқа күйеуге шығып кетпеңдер дегенді жиі айтамын. Ақылды әйел базардағы арбакешке тұрмысқа шығып, оны да мықты табыскер, азамат ете алады. Арба сүйреп, қара күшін салып жұмыс істеп жүрген қазақтың жігіттері ешкімнен кем емес, олар жағдайы болмай оқымай қалған болуы мүмкін. Тексіз ешкім жоқ. Арбакеш те бір тұқымның ұрпағы. Жалпы, еркекті хан ету де, қара ету де әйелдің қолында. 

 

 

 

Бақыт ЖАНШАЕВА, «Керек инфо» газетінің бас редакторы:

— Мен үшін отбасы — ең үлкен құндылық. Отбасы татулығының сыры мынау деп дөп басып айтуға болмайды. Береке-бірлік әйелге де, еркекке де ортақ байланысты. Адам адал жарымен құрған шаңырақта ғана бақытты бола алады. Балаларын тәрбиелеп, ұрпағын өрбітіп отырған әйелдің қадірін білмейтін жан бақытсыз.

Менің 4 балам, бір немерем бар. Біздің үйде «бастық» жоқ. Отағасы екеуміз бір нәрсеге келіспей қалсақ, ақылға салып, тек екеуара шешуге тырысамыз. Балаларға түсініспей қалғанымызды ешқашан білдірмейміз. Бала ата-анасының керілдескенін көрмей өсуі керек. 

Өзім «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі болып жүргенде іссапарға көп шықтым. Жолдасым — көзі ашық, оқыған азамат. Менің жұмысымның маңызын, мәнін түсінеді, бағалайды, барынша қолдау көрсетеді. Сол үшін де оған ризамын. Адам тек отбасы мүшелерінен қолдау көрген жағдайда ғана кәсіби тұрғыда табысқа қол жеткізеді. Отбасыңда ырың-жырың болып жатса, жұмысыңнан береке қашады емес пе?

 

Болат АТЫРАУБАЕВ, зергер:

— Біздің үйде — демократия. Оны орнатқан әйелім Рано екеуміз. Ерлі-зайыптылар бәрін келісіп шешкенде, бір-біріне жеке басын кемсітетін, жанын жаралайтын нәрселер айтпағанда ғана отбасы тату-тәтті өмір сүреді. Мәселен, мен өнердің, шығармашылықтың адамымын. Зергерлік бұйымдарым көңілдегідей әдемі шығу үшін қашан да отбасымнан, әйелімнен психологиялық қолдауды қажет етемін. Осыны о бастан білетін Рано ешқашан жұмыс жасап жатқанда мазалап, ашуландырған емес. Керісінше, мен жасап берген әшекей бұымдарды ерекше ықыласпен тағып, мақтан етіп отырады. Сондықтан болар, оған арнап жасайтын болсам мен ең асыл тастарды, қымбат металдарды пайдаланамын, бар ықыласыммен жасаймын.

Мен танысып, табысып жүрген кезімізде оған көзін лағылдан салып, алтын жүзік жасап бердім. Кейін күмістен ақ маржандарды тізіп тұрып, әдемі білезік сыйладым. Осының бәрін де ол көзінің қарашығындай сақтайды. Оның маған деген сыйластығын көріп өсіп жатқан екі ұлым да мені аса қатты құрметтейді, сөзімді жерге тастамайды.

Жалпы әйел ерін әрқашан қолдап отырса, балалардың да әкеге деген құрметі артады. Қазір баспасөз беттерінде «әкелердің жауапкершілігі төмендеді» деген мәселе жиі айтылып жүр. Ол отбасында берілген тәрбиенің, әке мен ананың арасындағы қарым-қатынастың салдары деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Ағылшын әжей ақысыз бала бақпайды

Қаймағы бұзылмаған қазақы отбасында тәрбие алған қыз үшін Ұлыбританияда жылға жуық уақыт ағылшын отбасында тұру оңай болған жоқ.

Өткен жылы Л. Гумилев атындағы ұлттық университетті бітіріп, қолыма дипломымды алған соң, астаналық досым әкесінің ықпалымен Лондонға бір жылға тіл үйрену мақсатында баратынын, егер қаласам, әкесіне айтып, менің де бірге баруыма мүмкіндік туғызуға тырысатынын айтты. Қатты қуанып кеттім. Бірден Ақтөбе жаққа, ауылдағы ата-анама хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Төрт-бес жылдан бері алыста жүрген қыздары диплом алып, ауыл жаққа келеді, жұмыс істейді деп үміттеніп отырғандарында «шетел асып кетемін» дегеніме қарсы болды. Бірақ аға-жеңгелерім мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керектігін айтып, әйтеуір оларды көндірді-ау.

Көп ұзамай қажетті құжаттарым, ауыл жақтан салып жіберген қаражат дайын болды. Ал жол-пұлдық тиын-тебенді өзім Астанада жүріп, біреудің дипломдық жұмысын жазып, біреудің фирмалық құжаттарын орыс, қазақ тілдеріне аударып беріп жинадым.

Негізі мен ағылшын тілін нанымды сұрап алып жейтін деңгейде ғана білемін. Сондықтан қимас досымның британ отбасында бір жыл тұру туралы ұсынысын маған жасалған үлкен жақсылық деп қабылдадым.

Діттеген уақыт жеткенде ағылшын астанасына ұшып бардық. Әуежайдан күтіп алған адамдар бізді екі бөлек отбасына орналастырды. Мақсатымыз — тіл үйрену. Кейін, әбден үйреніскен соң, посткеңестік елдерден көшкендер жиі баратын орыс тілді ортаны тауып, дәмханаларда даяшы болып жұмыс істедік.

Мен Дэвид пен Джейн Мейсондардың отбасында тұрдым. Олардың Мэри және Джоан есімді сүп-сүйкімді қызы мен ұлына тез бауыр басып кеттім. Ағылшын отбасында тұрған бір жылда мен олардан біздің қазақ отбасыларына мүлдем ұқсамайтын, жер мен көктей айырмашылықты көрдім. Үйренген де, жиренген де жерім болды.

Егер жапондықтардың отбасы сырт жұрт үшін сыр білдірмейтін тұйық орта болса, онда ағылшындар басқаларды былай қойып, отбасы мүшелері бір-бірлерінің өміріне кіріспейтін халық. Отбасындағы әр адам жеке өмірінің құпия болғанын қалайды. Бір сөзбен айтсақ, ағылшындықтар үшін жеке басының қамы өз отбасынан, бауырларынан да жақын, яғни сыры жайылмайтын берік қамалмен тең. Басқа халықтар үшін отбасы қиындық пен қуанышты бірге бөлісетін орта болса, ағылшындар қиыншылықта жақындарынан көмек күте қоймайды. Бауырларына көмек көрсетуді өз жауапкершіліктеріне алмайды.
Ағылшын отбасында алғашқы бала дүниеге келісімен, отбасындағы бар байлық тек сол балаға ғана мұраға беріледі. Оның өзінен кейінгі бауырлары болғанымен оларға ештеңе берілмейді, өз тірліктерін өздері жасайды. Француздар мен немістерге қарағанда ағылшындар қыз баланың жасауына да аз көңіл бөледі екен. Олар баласын өмір бойы қамтамасыз еткеннен гөрі, балалары кәмелеттік жасқа толып, ұядан ұшар кезде бір рет жақсы жағдай жасайды. Одан кейін сол бала өз өмірінің толық қожайыны болып шыға келеді. Оған ата-анасының араласуға құқы жоқ.
Ағылшын әжелері өз немерелерін өте жақсы көргенімен, тек сенбі, жексенбі күндері ғана қонаққа шақырып, жақсылап баптайды екен. Кейде ұлы мен келіні демалыста жүргенде бір-екі апта ғана немерелерін бағып қалады. Бірақ олар біздің әжелер сияқты тегін және үнемі бала бағушы болуға ешқашан да келіспейді.

Ағылшындық ата-ана баланың өз ортасында, өз құрбыларымен қатар өскенін қалайды. Сол себепті бала кішкентай кезінен бастап өз ісіне өзі жауап бере алатын және әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлға болып қалыптасады.
Ағылшын жасөспірімі білімі аз болса да, адамдармен амандасқанда, сөйлескенде мәдениетінің жоғары екенін, үлкендер арасында басқа шетелдік құрбыларынан гөрі өзін өте жақсы ұстай алатындығын көрсете біледі. Өзінің отбасында бауырмал болмаса да қоғамда өзінің құқығы мен міндеттерін жақсы біліп өседі.
Баланы өз қалауы бойынша еңбекке араластыру ағылшындықтар үшін кең таралған және игі іс болып есептеледі. Олар үйде де, тыста да кез келген жұмысты ықыласпен жасайды.

Мен ағылшын отбасында артық дауыс көтерілмейтінін, бір-біріне мейіріммен қараудан, сөз таластырып пікір айтудан гөрі ілтипатпен бас шұлғып, кейін әркім өзінің міндетін өз білгенімен істеп жүретінін байқадым. Мэри мен Джоан да кіп-кішкентай болып алып, өз міндеттері мен құқықтарын жақсы біледі. Оларға ата-анасы ешқашан дауыс көтермейді. Және олар болашақ туралы әңгімелегенде «біз бауырмыз, өмір бойы отбасыларымызбен араласып тұрамыз» дегенді мүлдем ауызға алмайды. Себебі екеуінің жолы осы үйден өсіп шыққан бойда мәңгіге екіге айырылатынын біледі…

Біздің қазақ «көппен көрген ұлы той» дейтін болса, ағылшындықтар У.Черчиллдің: «Егер жалғыз ағаш тірі қалса, ол мықты болып өседі» деген сөзін көп қолданғанды жақсы көреді екен. Өздері де осыны қағида етіп ұстанып өмір сүреді.

Айғаным Жарымова,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

3745 неке қиылды

1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде белгілейтін қарар қабылдады. Отбасы құндылықтарын үлгі ету мақсатында әлем елдері осы арнайы күнді атап өтуге атсалысып жүр. Себебі өздерін зайырлы қоғам санайтын Еуропа елдері де, АҚШ та демографиялық дағдарысқа қатты алаңдаулы. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдермен салыстырғанда демографиялық ахуал әлдеқайда жақсы дегенімізбен, бізде де жағдай мәз емес. Бізде де отбасылық құндылықтарды дәріптеу жеткіліксіз. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысының Жарлығымен биылдан бастап қыркүйектің соңғы жексенбісінде  қазақстандық Отбасы күні аталып өтілетін болады.

Енді әрбір жарасымды жұптың өнегелі отбасы біздің ортақ отауымыз — Қазақ елінің уығы екенін айтып жүргенімізден көбірек айтуға тура келеді. Мәселен, облыс бойынша өткен жылы 8550 жұп некеге тұрды. Сондай-ақ 18456 сәбидің дүниеге келгені өте қуанышты хабар болса, 2257 жұптың некесі бұзылғаны өкінішті.

Биыл жаз айларында жылдағыдай той көп болды. Біз бақытты жұптарды көргенде қуанамыз, еліміз бір отбасыға көбейді, санымыз көбейеді деп үміттенеміз. Жыл басынан бері облыстың АХАЖ бөлімдерінде 3745 жұптың некесі тіркелді, 9611 нәресте дүниеге келді. Шашулы, қуанышты жыл болып тұр деуге әбден болады. Бірақ, бір өкініштісі, биыл бірінші жартыжылдықта 1251 ерлі-зайыпты жұп заң бойынша ажырасып кеткен.

Отбасы институтын нығайту — Елбасы қойып отырған басым міндеттердің бірі. «Қазақстан — 2050» Стратегиясында отбасы мәселелеріне, оның мәртебесінің артуына көп мән беріліп отыр. Қазір баланың толыққанды отбасында тәрбиеленуін, көп балалы отбасыларды, өнегелі ерлі-зайыптыларды насихаттау арқылы отбасы институтын күшейту — маңызды міндет. Бұл бағытта биыл тұңғыш рет аталып өтілетін Отбасы күнінде біз арнайы мерекелік шара өткізбекпіз. Сол күні некесін қиятын жұптарға салтанатты түрде неке туралы куәліктерін тапсырамыз. Сонымен қатар отасқандарына 50 жыл болған бір ерлі-зайыптының, 30 жыл болған үш жұптың және күміс тойларын атап өтпек болып отырған тағы үш жұптың мерейтойларын бірге өткізуге уәде бердік. Осы шаралардың бәрін де біз жастарға отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе облысындағы тұрғын саны 795472 десек, оның 48,1 пайызын ер азаматтар, 51, 9 пайызын әйелдер құрайды екен. Ерлер саны жағынан қашан да аз. Яғни осыдан әйелдің ғана емес, ерлердің отбасындағы рөлін күшейту, әкелер жауапкершілігін арттыру мәселесіне мән беруіміз керектігі түсінікті. Себебі біздің көп жылғы тәжірибемізде бір байқағанымыз, әйел әрқашан отбасын соңына дейін сақтап қалуға тырысады. Ажырасу үшін арыздануға келген жұптардың әңгімесінен соны біз жиі байқаймыз. Сондықтан үйленген күннен бастап ер адамның отбасындағы орны, жауапкершілігі туралы жиірек айтуымыз керек. Еркегі мықты отбасының іргесі де мықты болады.

Нина БЕЙІСОВА,

облыстық әділет басқармасының

АХАЖ бөлімі басшысы.

 

Інім екеуміз

Біз отбасында төрт жанбыз: әкем, анам және інім екеуміз. Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында, Ақтөбе қаласына жақын жерде тұрамыз. Үлкен үйіміз бар. Қалада автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін әкем таңертең ертемен кетіп, жұмыстан кеш оралады. Анамның мамандығы — мұғалім. Ол қазір Маржанбұлақтың балабақшасында жұмыс істейді. Жұмыстан тыс уақытта біздің сабағымызды оқытып, үй шаруасымен айналысады. Күн сайын «Кешкі асқа қандай дәмді тамақ пісірсем екен? Әкелерің жұмыстан шаршап келеді ғой», — деп асүйден шықпайды. Әкемнің жұмыстан келген уақыты біз үшін мейрам. Ол міндетті түрде жолай «Динаға», «Анварға» соғып, екі қолына азық-түлік, тәтті-мәтті толы екі пакетті ала кіреді. Сосын бәріміз үлкен үстелдің басына жиналып, кешкі асты бірге ішеміз. Әкем анама күндіз көрген-білгенін айтады. Біз әкемізге мектепте алған бағамызды, оқыған сабағымызды айтамыз. Анам ғана бәрімізді үнсіз тыңдайды, тек керек жерінде кеңес беріп отырады. Әкем мен інім теледидардың алдына құлай кеткен кезде мен сабақ оқудың сылтауымен бөлмемде отырамын. Анам ғана асүйде ыдыс-аяқты жинап-жуып әлі жүреді.

Айтпақшы, менің інім Нұрмұхамбет Білім күні бірінші сыныпқа барды. Оны мектепке дайындау үйде үлкен мерекелік шара болды. Бәріміз бірге жүріп, базардан оған киім-кешек, сөмке, оқу құралын сатып алдық. Ол болашақта сабақты қалай оқитынын қайдам, әйтеуір қазір мектепке барғанды қызық көріп жүр. Әкем мен анам Нұрмұхамбет тентек болса, күн суықта далаға киімшең шығып кетсе, маған ұрысады. «Сен ініңе жауаптысың» дегенді жиі естимін. Бұрын оларға ренжіп, жылап қалатын едім. Қазір солай екенін жақсы түсінемін. Сүндеттегелі бері өзі де тентектігі басылып, жап-жақсы оқушы болатын түрі бар.

Біздің отбасымыз бақытты деп есептеймін. Үлкен болып өскен кезде інім екеуміз анам мен әкеме қамқор боламыз. Олар — өмірдегі ең жақсы ата-ана.

Нұржамал МҰРАТОВА,

Маржанбұлақ орта мектебінің оқушысы.

Алға ауданы.

 

Заң баптарындағы түйткілдер

«Зайып» ұғымы әйелге ғана қатысты

 

Бүгінгі қазақтың ұғымында берік орныққан «ерлi-зайыптылық» атауы 2011 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған Неке және отбасы туралы Кодекстің орысша мәтінінде «супружество» болып тәржімаланған. Айталық, оның 16-бабының

2-тармағында «Расторжение брака (супружества) невозможно без согласия супруги в период ее беременности и в течение первого года жизни ребенка» деп тұжырымдалған. Бұл сөйлемде тырнағы бүгілген мағына жоқ – жүктілік кезінде немесе бала бір жасқа толғанынша ажырасуға келісім бермеуге әйелінің де, күйеуінің де құқығы бірдей екендігі ап-анық айтылып тұр. Ал сол баптың сол тармағының қазақша мәтініне зер салсақ, «Некенi (ерлi-зайыптылықты) зайыбының жүктiлiгi кезеңiнде және бала туғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде оның келiсiмiнсiз бұзуға болмайды» деп көрсетілген. «Зайып» деген ұғым әлімсақтан әйелге ғана қатысты болғандықтан, заңның осы жолдарынан «ажырасамын» деп өзеуреген жұбайын сәби жасқа толғанынша тоқтатуға күйеуінің қауқары жоқ екен» деп түсінесіз де қоясыз. Сот тәжірибесінде әдетте заңның орысша мәтіні басшылыққа алынады және қолданылады.

Серік Жолдыбай,

заңгер.

 

 

Бақыт деген — балаңның амандығы

Біздің кейіпкеріміз Қондығаликеліні Света — бақытты отбасының ұйытқысы. Әбдіғали сынды  асыл жары, Ернар атты ұлы, Гүлданадай қызы бар.

Қайын жұртына қадірлі Светаны ойылдықтар жақсы таниды, сол өңірде өмір бойы «жылан бауыр, сүйегі ауыр» трактор құлағында ойнап, еңбегімен еліне сыйлы болған   марқұм Қондығали мен Ағлақтай ата-енесінің  жасы ұлғайған шағында   бар жағдайын жасап, баладай күтіп-бағып, жылы-жұмсағын беріп, үлкендердің көзі тірісінде ақ баталарын алғанын да біледі.

Осы үйде жатып талай туыстың балалары оқу оқып, тіпті үй болып, отау құрыпты.

Мінезі байсалды, жүзі жылы Света былай дейді:

— Жолдасым Әбдіғали — бес ағайынды. Ата-енем қарапайым, өздерінің адал еңбегімен күн кешкен жандар болатын. Мен — үш келіннің бірімін. Енем өте тамаша адам еді. Салмақты, әңгімесі жоқ, үй шаруасына мығым кісі болды. Балаларының ауызбіршілігі мықты, шеттерінен бауырмал, ол да ата-ананың тәрбиесінен ғой. Енем тары қайнату, түю, іс тігу, киіз басу тәрізді тірліктерге баулыды. Одан жаман болған жоқпыз.

Ұлымыз Ернар  колледжде оқиды, құдай қосса, ол да жігіт болды, біз де келін алып, ене болармыз. Сол уақта енемнен алған үлгі-өнегем маған сабақ болатын шығар.

Бірақ өмір болғасын қай отбасында да қиындық  кездеспей тұрмайды. Әбдіғали мен Светаның басынан да  осындай жағдай айналып өтпепті. Көзінің ағы мен қарасындай  ұл-қыздарының бірі Гүлдананың  2-3 жылдан бері денсаулығы сыр беріп, бүйрегі ауырып, созылмалы бүйрек дертіне ұшырағандарға пайдаланылатын гемодиализ арқылы жан сақтаған.

Дәрігерлерден  бұл тығырықтан шығар жол тек қана бүйрек ауыстыру екенін білген ата-анасы  бауыр еті балаларының өмірін сақтап қалу үшін  бас қатырады. Қан анализдері сәйкес келсе, не әкесі, не анасы өз бүйректерін бермекке бекінеді. Әбдіғали  қызы үшін ешнәрседен бас тартқысы жоқ. Алайда Света  отбасының арқа сүйер азаматының, жалғыз асыраушысының  денсаулығына нұқсан келгенін қаламайды.

— Гүлданам қатты сырқаттанып, жұбайым екеуміз қайткенде қызымызды аман алып қаламыз деп жан ұшырдық. Ата-ана үшін баласының қиналғанын көргеннен артық қандай азап бар?! Онсыз да қызымның денсаулығына байланысты үйде отырмын. Нан тауып жүрген ер адамның жолынан қалдырмағанды дұрыс көрдім. Әбдіғали «Ақбұлақта» машинист болып ауысыммен жұмыс жасайды, қолы боста басқа жұмыстары бар.

Әйтеуір, зерттеу нәтижелері сәйкес келіп жатса, не де болса тәуекел, өз бүйрегімді берейін деген тоқтамға келдім.

Бір айдан соң облыстық денсаулық басқармасы арқылы квота алып, Астанаға барып  ота жасаттық. Белоруссиядан келген оташылар жасады, сәтті шықты. Ай сайын Астанаға барып тексеріліп отырмыз. Одан бері де бір жылға жақындады. Шүкір, қызымның жағдайы түзелді, өзім де жақсымын. Қызымыз аман-есен көз алдымызда қарайып жүрсе дейміз. Жасы он екіге кетті, ержетіп қалды ғой. Тамаққа тәбеті де жаман емес, көңіл күйі де жақсы, сабаққа ынтасы зор, №50 мектепте 6-сыныпта оқиды, әзірге мұғалімдер үйден оқытып жатыр, — дейді Света.

Үйге кірген бетте алдымыздан күліп қарсы алған Гүлданадан: «Көңіл күйің қалай? Еш жерің ауырмай ма?» — деп сұрағанбыз. Ол: «Бәрі жақсы», —деп жауап берді. Ал «Өскенде кім болғың келеді?» — деген сұраққа: «Дәрігер болғым келеді» — деді ойланбастан. Біз оны өзінің жас өміріне араша түскен ақ желеңділерге деген алғысы деп түсіндік.

Баланың аты бала ғой, жүзінде еш уайым-қайғы жоқ, ата-анасының аялы алақанында алаңсыз өсіп келе жатқан Гүлдананың болашағы жарқын болғай деген оймен үйден ұзай бердік. Отбасының жылуы деген осы шығар.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Жылы ұяның алтын тойы

Өмір  айдынында елу жыл бірге келе жатқан Жауынбай Төлегенов пен Рысты Құрашеваның шуақты шаңырағы қашанда балаларының ыстық ықылас-пейіліне, немерелерінің күміс күлкісіне толы. Олар шөберелеріне де шарапаттары тиіп отырған асыл жандар. Осы шаңырақтағы ата-ананың алдынан кесіп өтпейтін қазақы тәрбие тамырын тереңге салған алып бәйтеректей ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірінен бастау алады. Ел қатарлы еңбек ете жүріп, жеті баланы өсіріп-өндірген, ұрпағының қызығы мен қуанышына бөленіп отырған алтын той иелері Жауынбай аға мен Рысты апа бақытқа бірден қол жеткізе қойды десек, тым асырып жібергендік болар, бәлкім.  Олар да жас болды, өмір жолында кездескен қиындықтарды теңдей көтеріп, жеңе білді. Бақуатты тұрмыс пен базарлы тіршіліктің адал еңбек пен өзара сыйластықта екенін ерлі-зайыптылар балаларына үнемі айтып отырады. Екеуара ортақ бақыттың кемесіне үлкен үмітпен қол созған күндердің шуақты сәттері туралы ұрпағының құлағында қалсын деп көбірек айтқанды ұнатады. Күнделікті хабарласып, қолғабыстарын беріп тұратын ұл-қыздары бір төбе болса, иіскеп құмарларын қандыратын немере-шөберелер бір қауым ел болып қалғанын көріп, шүкірліктен жазбайды.

— Жауынбай ағаң екеуміздің туған жеріміз — Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы. Сол жерден тоғызыншы класты бітіріп, Алматыға оқуға бардым. Ағаң да менің ізімнен Алматыға оқуға келді. Екеуміздің көңіл жарастырып жүргенімізді оның әкесі Төлеген мен анасы Қырмызы да, менің де ата-анам Құраш пен Салиха да білетін-ді. Мен үйде Ғалымжан мен Ғалым ағамның ортасындағы жалғыз қыз болдым. Әкем Құраш соғысқа кеткенінде іште қалған екенмін, шешеме «қыз бала болса атын Рысты қой, ырысы мол болсын» деп ырымдаса керек. Періште тілеуім шығар, әкем соғыстан аман-есен оралыпты.

Жауынбай менен төрт жас үлкен. Екеуміз Алматыға барып, мен Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумына лаборанттық оқуға түстім. Жауынбай мал дәрігерлік оқуға түспекші болып, талаптанып барды. Бірақ ауылдағы қарт ата-анасынан, бауырларынан «елге қайт» деген хабар келген соң, маған «үйленіп, елге барайық» деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, Алматыдағы Ғалым ағам той жасап, шығарып салды. Бұл 1963 жыл болатын. Солай өмірдің көшіне ілесіп кете бардық. Қандай жұмыс болса да, тартынғаным жоқ. Түсінген адамға маңдай терлетіп, еңбек етудің өзі бір бақыт қой. Жауынбай ағаң автокөлік жүргізушісі болды. Ата-енем де жақсы адамдар еді, дәм-тұздары таусылғанша бағып-күттім, өз қолымнан арулап жөнелттім. Бауырларын да сыртқа теппей, үйлендірдік, қайын сіңлілерімді тұрмысқа ұзаттық, — деп еске алады жастық күндерін ардақты ана.

Шыны керек, Рысты апайдың жолдасы да еңбекқор, адамгершілігі мол жігіт болып жолықты. Ауылы аралас, қойы қоралас екі жастың бір-біріне деген махаббаты сыйластыққа ұласты. Балаларын аяғынан тұрғызу үшін екеуі де тырмысып тіршілік жасады.

Алтын той иелері 1984 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Келе салысымен отағасы Ақтөбе ауыл шаруашылығы машиналары зауытына реттегіш шебер болып жұмысқа тұрды. Рысты апайдың көп балалы ана екені ескеріліп, қаланың ортасынан үлкен пәтерге қол жеткізеді. Отбасындағы жеті бала есейіп, ержетті. Қазір олардан 20 немере, жеті шөбере сүйіп отыр.

Үлкен отбасындағы ынтымақ пен ұйымшылдық қарттардың көңілдерін көтеріп, кішкентай шөберелерінің қылықтарын қызықтап отырады. Ұл-қыздары қандай мәселені де ата-аналарымен кеңесіп шешеді. Ағайындылардың қара шаңырақ — жылы ұяда жарқылдап жүргендерінің өзі жарасымды. Ата-анаға да керегі осы емес пе.

Жауынбай аға: «дәстүрінен ажыраған ұлт ел болмайды» деп отырады. Ол ұлттық ғұрып отбасындағы тәрбиенің бастауы екенін есте ұстайды. Қара шаңырақтан тамырын үзбеген ағайындылардың қарым-қатынасына кім-кім де сүйсіне қарайды. Қалаға күні кеше көшіп келген қазақтардың тілі шүлдірлеп балаларымен, немерелерімен орысшасын «таластырып» жататынын көріп жүргендіктен, Рысты апайдан отбасында немере-шөберелер қай тілде сөйлесетінін сұрадық.

 — Біз отбасында тек қазақша сөйлесеміз, қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Жауынбай ағаң Қаратөбеге жиі барады, мен денсаулығыма байланысты анда-санда соғып тұрамын. «Туған жердің түтіні ыстық» деп неге айтты дейсің ата-бабаларымыз. Балаларыма да бізді туған мекенге барып тұруды тапсырып отырамын, — дейді Рысты апай.

Міне, бірлігі мықты қазақтың бір отбасының өзгелерге үлгі боларлық өнегесі осы.

 

Сатыпалды СӘУІРБАЕВ,

журналист.

 

 

30 жаста — алтын алқа!

 

Мұғалжардың Жұрынында тұратын Бақберген Медетов пен Ләззат Бұлтанова 7 бала тәрбиелеп отырған жастар. Қарақалпақстаннан 5 жыл бұрын 5 баласымен көшкен жас отбасының елге оралғаннан кейін тағы екі сәбиі дүниеге келді. Жастары 30-ға енді толған жұптың 7 бала тәрбиелеп отырғанын естіп, телефон арқылы Отбасы күні мерекесімен құттықтап хабарластық.

Отағасы Бақберген сөзге сараң болып шықты. Отбасының жай-күйін Ләззат өзі баяндап берді:   

— Біз Қарақалпақстанда туып-өстік. Ол жақта да жағдайымыз жаман болған жоқ. Жолдасым жұмыс істеді. Дегенмен балаларымыз өз Отанында өссін, өз ана тілдерінде сөйлесін, білім алсын деп, бес жыл бұрын Қазақстанға көшіп келдік. Бірден осы Мұғалжар ауданына келіп, Жұрыннан қолымыздағы квотаға берілген қаржыға үй сатып алдық. Әрине, аз қаражатқа үлкен үй алу мүмкін болмады. Бірақ ол кезде баспаналы болғанымызға ғана қуандық.

Биыл шілде айында 30 жасқа толдым. «Күміс алқаның» иегерімін. Енді қаңтар айында кенжеміз бір жасқа толғасын «Алтын алқа» алмақпын, — дейді Ләззат.

Біз Жұрын ауылдық округінің әкімшілігіне Бақбергеннің отбасын суретке түсіріп, редакцияның электрондық поштасына салып жіберуді өтіндік. Ауылдық округтің қызметкерлері Ләззаттың төрт баласын құшақтап түскен осы суретін жіберіп, Бақбергеннің жұмыста, үш баласының сабақта екенін айтты. Олар жас отбасын жақсы таниды екен. Себебі Ләззат екі жыл бұрын Жұрын ауылдық округінің әкімшілігіне еден жуушы болып жұмысқа тұрған. Мұнайшы Бақберген де өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған соң, әкімшілікте істеген екен. Жақында вахталық әдіспен өз мамандығы бойынша жұмыс табылыпты. Енді отағасының табысы бұрынғыдан гөрі көбірек болатынына Ләззат қуанып жүр.

Ол «Күміс алқа» игері болғаны үшін ай сайын 10 мың теңге және кенже баласы жасқа толғанша 14 мың теңге алып отыр. Балаларының үлкені — 11-де, кішісі — 7 айлық. Бұрын тоқсан сайын балаларға жәрдемақы ретінде 12 мың теңге алып тұрыпты. Бірақ ол ақша Бақберген жұмысқа тұрғаннан бастап берілмейтін болыпты. Бала күтіміне байланысты демалыста отыруы керек болса да, Ләззат алды мектепке баратын 7 балаға жолдасының жалғыз табысы жетпейтінін ойлап, жұмысқа шығуды жоспарлап отыр.

Бақберген мен Ләззат үшін үй мәселесі мұң болды. Көне, әрі тапал үй 9 жанды үлкен отбасы үшін таршылық етеді. «Балалар өсіп келеді, кең үй — арманымыз. Онымен оған әзірге мүмкіндік болмай тұр. Баспана алуға кезекке тұру үшін заң бойынша атыңда үй болмау керек екен. Мына ескі үй менің атыма тіркеулі», — деген Ләззат 30 жасқа толмаған жас аналарға үй беріледі дегенді естіп, аяғы жеткен жерге дейін сұрап барғанын айтты. Онымен ол құзырлы органдардан мемлекет тарапынан үй алу үшін Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларының бірінде тіркеуде болу керектігі туралы жауап алады.

— Бала — бауыр етің. Балаларымды барым деп санайтын жанның бірімін. 2 қызым, 5 ұлым бар. Өзім де, жолдасым да көп балалы отбасынан шыққан жандармыз, ол үйде де, біздің үйде де жеті баладан бар. Содан болар, көп балалы отбасы болудан біз де қашпадық. Әр бала өмірге өз несібесімен келеді дегенге сенемін. Балаларымыз өте сезімтал болып өсіп келеді. Қас-қабағымызға қарайды, жағдайымызды жақсы түсінеді. Бәрі де оқуда озат.

Енем де жеті баласын аяқтандырып, бәрімізге үлгі болып отыр. Ол осы Жұрында тұрады. Бізге қарасып, қолұшын беруден тартынған емес. Біз екеуміз анамыздан, енемізден алған тәрбиені өз балаларымызға беріп жатырмыз, — дейді жас ана.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Әйел неге әлсіз?

 

Облыстық ішкі істер департаментінің статистикалық деректері бойынша, күніне 14 ақтөбелік әйел отбасында зәбір көргені туралы полицияға шағым айтады екен. Күйеулерінен таяқ жеген әйелдердің дені отағасын әкімшілік жауапқа тартуды тілесе, күніне кемінде бес әйел күйеуіне ешқандай шара қолданбай, тек ескерту жасауды сұрайтын көрінеді. Бұған қоса күн сайын облыстағы ішкі істер бөлімдеріне, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторларына, әйелдерді қолдау орталығына орта есеппен 30 әйел шағым айтып телефон соғады.

 

Әрбір сегізінші шаңырақтың қасіреті

 

Мамандардың айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер ауруханаға түскенде оларға мидың шайқалуы, бас сүйегінің сынуы, көзіне зақым келуі, жыныс мүшелерінің ауруы, бас ауруы, жақ сүйегінің сынуы, қабырғаның сынуы сияқты диагноздар жиі қойылады. Түрлі дене жарақатынан бет-әлпеті көгерген, терісі қанталап кеткен, психикасы ауытқыған әйел ауруханадан жазылып шыққан соң, күнде әңгір таяқ ойнатып отыратын күйеусымаққа қайта оралады. Сөйтіп оқиға желісі қайта жалғанады…

Елдегі барлық тіркелген қылмыстың 90 пайызға жуығын әйелдерге қарсы жасалған тұрмыстық деңгейдегі қылмыстық істер құрайтын көрінеді. Мамандар күн сайын әрбір сегізінші шаңырақта еркектің арақ ішуінен, тұрмыс деңгейінің төмендігінен жанжал шығатынын айтады. Отбасында әйелге қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың 10 пайызы ғана соттың қарауына жетеді екен. Себеп біреу: әйел күйеуін кешіріп, арызын қайтып алады. Мәселен, өткен алты айда облыста әйелдерін соққыға жыққан1871 еркек әкімшілік жауапқа тартылып, ал күйеуін өлтіргені үшін 3 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын отбасылық жанжалдан 500 әйел көз жұмады. Еліміз бойынша екі жыл бұрын отбасында әйелді ұрып-соққаны үшін 22 мың қылмыстық іс қаралған болса, өткен жылғы тіркелген қылмыстық іс саны 52 мыңнан асып жығылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл сандық мәліметтер бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Бірақ «өзінің жаққан отына өзі жылынғанды» дұрыс көретін әйелдер отағасынан көретін зәбірін жылдар бойы жасыруға тырысады.

 

Отбасы — мемлекеттің бір бөлшегі

Қазақстанда зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдердің проблемаларын шешуге көмектесетін 19 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Сол дағдарыс орталықтарының көмегіне жылына 5 мың әйел жүгініп, сенім телефондарына бір жылда 20 мыңға жуық әйел хабарласады екен. Сондай ұйымдардың бірі — Ақтөбедегі «Үміт»  әйелдерді қолдау орталығы.

— Біздің орталық тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдерге психологиялық қолдау көрсетіп, проблемасын заң жүзінде қалай шешуге болатыны туралы кеңес береді. Осы жоба қолға алынғаннан бері сенім телефонына 85 әйел хабарласты. Олардың бәріне де мүмкіндігінше тиімді кеңестер беруге тырыстық. Бізге түскен 146 сұрақ бойынша заңгер мамандарымыз жауап беріп, 46 оқиғаға қатысты психологтар жұмыс істеді. Біз отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін түсіндіреміз.

Отбасы — мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін елде отбасылық институт қағидасын жетілдіруіміз, дәріптеуіміз керек, — дейді орталық директоры Айгүл Дүйсенова.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы нақты ақпарат алу үшін халықаралық ұйымдар әртүрлі елдерде сауалнамалар жүргізеді. Бұл отбасылық қарым-қатынастардың шынайы бет-бейнесін көруге көмектеседі. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының техникалық және қаржылық қолдауымен 2006 жылы қазақстандық әйелдер арасында сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесі Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің «Балалар мен әйелдер жағдайының мониторингі» туралы есебіндегі деректерге сәйкес болып шыққан. Сауалнамада 15 пен 49 жас аралығындағы қазақстандық әйелдердің 10,4 пайызы отағасының әйеліне қол көтергені дұрыс деп баға берген жағдайларды атапты. Мәселен, егер әйел күйеуін ескертпестен, үйден біраз уақытқа шығып кетсе, балаларына дұрыс қарамаса, күйеуіне қарсы келсе, әзірлеген асы дәмсіз болса, күйеуінің жұдырығы «майдай жағатын» әйелдер «өз қателіктерін» бірден мойындайтын көрінеді.

 

«Жабық ұйымның» жұдырығы

Жалпы қоғамда әйелдердің зорлық-зомбылықтан жапа шегуі, оның ішінде өз үйінде отағасынан, жігіт болған баласынан таяқ жеу — адам құқығын аяқ асты етудің ең көп тараған түрі, — дейді облыстық ішкі істер департаментінің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова. Бұл бір жағынан түсінікті де. Себебі біздің қоғамның қалыптасқан менталитеті отбасын сырттан ешкімнің араласуына жол бермейтін «жабық ұйым» ретінде қабылдайды. Санамызға осылай сіңіп кеткендіктен, «отбасындағы араздықты отбасы мүшелері өзара шешуі тиіс» деп көп жағдайда құқық қорғау органдары да, жақын туысқандары да араласуға, араша түсуге құлықты болмайды. Негізі отбасында зорлық-зомбылық фактілері қайталана беретін болса, әйелді немесе баланы өз проблемасымен жалғыз қалдыру дені сау қоғамның ісі емес, мемлекеттік органдардың, көрші-көлемнің тарапынан қолдауға, қорғауға бағытталған әрекеттер жасалуы тиіс.

Өткен алты айдың ішінде әйелін сабаған, зорлық көрсеткен 1871 отағасы әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде үш айда 650 отағасы жауапқа тартылып, олардың әйелдеріне қатысты 500 қорғау ұйғарылымы шығарылған.

— Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдауы керек. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен ғана емес, жігіт болған баласынан таяқ жейтін әйелдер де бар. Мысалы, маған Шалқар ауданында тұратын жасы 80-ге келген қария жиі хабарласады. Оны жасы 45-ке келген баласы ішкен сайын соққыға жығып, далаға қуып шығады екен. Бұл іс бірнеше рет сотта қаралды. Қария әр сот отырысы болған сайын арызын кейін қайтарып алып, ұлын кешіре салады. Ақтөбе қаласында тұратын қызы анасын бірнеше рет алып кеткісі келгенімен, қария «қалған ғұмырымды шалымның салып берген үйінде жатып өткіземін» деп бармайтын көрінеді.

Ішімдікке салынған күйеуіне еріп ішіп кеткен әйелдер де біздің бақылауымыздан тыс қалған емес. Мәселен, биыл Ембі қаласында жұртты шулатқан оқиға орын алды. Отасқандарына 20 жыл болған ерлі-зайыптылар соңғы жылдары үнемі бірге арақ ішеді екен. Сондай «көңілді» отырыстардың бірінде әйелі өзіне әдеттегідей жұдырық ала жүгірген күйеуінен қорғанбақ болып оны басынан темірмен ұрып өлтірген.

Өткен жылы да ерлі-зайыптылардың арасында болған жанжалдың соңы біреуінің өлімімен аяқталған үш қылмыс тіркелді. Әйелі күйеуінің соққысынан есін жия алмай ауруханаға түскен, дене мүшелері сынған бес оқиға орын алды, — дейді М.Нұрымжанова.

 

Үзілмейтін үміт

Полиция инспекторы жоғары білімі, қоғамда белгілі бір алатын орны, әріптестері, құрбылары бар әйелдердің сырт қарағанда жап-жақсы болып ұйып отырған отбасыларында да осындай проблемалар кездесетінін айтты. Ондай әйелдер күйеуінің сабағанын жасыруға тырысады. Өздерін-өздері жұбатады, көндіреді: «Жұрттан ұят қой, балаларымның жағдайы қалай болады? Кешірім сұрады ғой, енді қайталамайтын шығар…». Міндетті түрде қайталайды. Және бір емес, бернеше рет, тіпті өмір бойы қайталайды. Ешқашан ештеңе өзгермеуі де мүмкін. Кейде психологтар күдерін үзбейтін әйелге осылай түсіндіруге мәжбүр.

Әйеліне, балаларына қит етсе қол жұмсайтын еркектер ондай мінездерін тек өз үйлерінде ғана көрсетеді. Ондай еркектің бойында екі түрлі адам өмір сүріп жүрген сияқты. Үйден шығысымен олар өздерін қалыпты ұстап, мейірбан етіп көрсетеді, кейде үйде де өте мейірімді болуы мүмкін. Дегенмен көп ұзамай сол шектен тыс мейірімнің астарында медальдің екінші жағы көрінеді…

Негізінен ерік-жігері әлсіз еркектер әйелдеріне қол көтереді. Әйелін ұратын еркек әйелінің басқан ізін аңдитын қызғаншақ, қатыгездікті көрсететін фильмдерге әуес және өзі балаға да, жан-жануарға да қатыгез, көңіл күйі кенеттен өзгеруге бейім болып келеді. Көбінесе өз проблемасына өзгені кінәлі санайды. Ондай еркектің әйелі болған адамның өмірі бара-бара тозаққа айналады.  Үрей, шектен шыққан сақтық, кез келген жағдайда абдырау, абыржу, қорғансыздық, үмітсіздік және шарасыздық, үнемі өзіне төнетін қауіпті ойлап уайымдау, қараптан-қарап өзін кінәлі сезіну, өзіне деген сенімсіздік, жабырқау, торығу сезімдері ақырында әйелдің не өз-өзіне қол жұмсауына, не ішімдікке салынуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл жерде әрбір әйел қоғамның көзқарасы емес, өз өмірі үшін өзінің жауапкершілігі маңызды екенін ұғынып, жылдарды өткізіп алмай шешім қабылдауы керек, — дейді психолог Роза Мушалова.

 

олар тек соттайды

Өмірін бірге өткізетін серігінен жәбір көретін әйелдердің проблемасы — барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады.

Мәселен, алпауыт мемлекет АҚШ-та жыл сайын 1,3 миллион әйел заңды күйеулерінің немесе азаматтық некеде бірге тұрып жатқан серіктерінің соққысына жығылады. Ондайда зорлық-зомбылық құрбандары бірден қолдау орталықтарына телефон шалып, заң бойынша өздеріне тиесілі федералдық көмек алады. Яғни күйеуі ұрған әйелге уақытша тұратын бөлме, азық-түлік алуға болатын арнайы талон беріледі.

Ал француздық социологтар өз отбасыларында жапа шегетін әйелдер саны Францияда басым деп есептейді. Олар жүргізген сауалнамалар француз әйелдерінің 10 пайызына өмірлерінде бір рет болса да күйеулері қол көтергенін растаған.

Соңғы жылдары Германияда күйеуі «таза неміс», ал әйелі «оралман» болып келетін отбасыларда кемсіту жағдайлары жиі орын алатыны дәлелденген. Сондықтан әйелі арыз түсірсе, сот зорлықшыл күйеуді тыңдап жатпастан, жаза қолдану туралы бір жақты шешім шығара береді. Ол үшін сот алқасының немесе бір куәгердің сөзі жетіп жатыр.

Ал Польша мен Словакияда отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстық іс ретінде қаралады. Олар біздегідей әкімшілік жауапкершілікке тарту арқылы айыппұл төлетіп, басты қатырмайды. Бірден қылмыстық іс қозғайды да, әйелді ұрған еркек тиісті мерзімге сотталады.

Жыл сайын Ресейде отбасылық зорлық-зомбылық салдары 12-14 мың әйелдің не мүгедек болып қалуымен, не өлімімен аяқталады. Бұл дегеніміз әр 40 минут сайын ресейлік отбасында бір әйел соққыға жығылып, әр күн сайын 36 мың әйел күйеуімен жанжалдасатынын білдіреді.

 

Керек ақпарат

Облыстық ішкі істер департаментінің отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова отбасында күйеуден, баладан зәбір көрген ақтөбелік әйелдерге 24-17-24 және 55-16-55 телефондары бойынша Әйелдерді қорғау орталығына немесе 21-22-70 және 93-61-31 телефондары бойынша полиция инспекторларына, сондай-ақ тәуліктің кез келген уақытында 102 нөміріне хабарласу туралы кеңес береді.

Сонымен қатар қыркүйектің 11-12 күндері мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен интернет-конференция өтеді. Әйелдер алдын ала жоғарыдағы телефондар бойынша хабарласып, облыстық ішкі істер департаментінің сайтына сұрақтарын жібере алады. Оларға мамандар конференция кезінде жауап береді.

 Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button