Басты жаңалықтар

Басты өлшем – уақыт талабы

Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінде жо­ғары оқу орындарын былай қойғанда, мек­тептердің өзінде Қазақстан тарихы мүлде оқытылмай келді. Рас, 1960-жылдары бел­гілі тарихшы Е.Бекмахановтың мектепке арналып шығарылған «Қазақстан тарихы» оқулығы пән ретінде оқытылуға тиіс еді. Бірақ арнайы байқауда үздік деп таныл­ған бұл оқулықтың Ресей патшалары мен КОКП-ны дәріптейтін КСРО тарихының қасында бағасы болмай, шетке ығысты­рылып тасталды.

Заманның өзгеруіне байланысты, бү­гінде Қазақстан тарихы 5-ші сыныптан бас­тап 11-ші сыныпқа дейін оқытылады. Алайда кейінгі жылдары Қазақстан тари­хын ЖОО-да одан әрі тереңдетіп оқыту мәселесіне келгенде, кейбір құзырлы ұйым­дар тарапынан көпшілік түсіне бермейтін салқындық қылаң бере бастады. Атап айтқанда, былтырғы жылдан бері бұрынғы мемлекеттік білім стандартының орнын «Білім бағдарламасы» дейтін алмастырып, оның модульдерінде көптеген пәндер мен оның негізгі бөлімдерінің атаулары өзгеріп шыға келді. Соның ішінде «Қазақстан тарихы пәні» «Қазіргі Қазақстан тарихы» болып өзгертіліп, жаңа атаумен берілген. Бұл дегеніміз, «Қазақстан тарихын» 1991 жылдан бері ғана, яғни Отан тарихын орта жолдан, қысқа қайырып оқыту дегенді білдіреді. Хош, бұны 2012 жылдың жаңа­лығы делік. Ал осыдан бір жыл бұрын ғана еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған та­рихшылардың 1-ші конгресінде бұл жөнін­де ешкім тіс жарып ештеңе деген жоқ еді ғой. Осыған орай, қаржы тапшылығына қарамастан, ат арытып Астанаға келіп, конгреске жиналған тарих­шылардың көз алдында айтылмаған жаңалықтың бір жыл өтпей жатып көтеріліп отырғанына таңғ­алмас­қа болмайды. Бұл өзгерістен М.Қой­­­гелдиев басқаратын «Тарих­шылар қауымдастығы» да бейхабар болып шық­ты. Тоқетерін айтқанда, елдің төбесінен жай түскендей болған тарихты қысқа қайырып оқыту «жаңалығы» бүгінде бүкіл тарихшыларды ойға қалдырып отыр.

2013 жылдың мамыр айының басында Білім және ғылым министрлігі тарапынан барлық жоғары оқу орындары ректор­ларының назарына «Қазақстан тарихы­ның» өзекті мәселелерін оқытуды талқы­лау жөнінде арнайы нұсқау келіп түсті. Он­да мектептер мен колледждерге және жо­ғары оқу орындарына арналған «Қазақ­стан тарихы» оқулығының сапасына әдіс­те­мелік жағынан назар аудару қажеттігі айтылған. Бір қызығы, осы нұсқауда жо­ғарыда біз көрсеткен «Білім бағдарлама­сының» жобасымен санасу талап етілме­ген. Онда «Қазіргі Қазақстан тарихын», яғни Отан тарихын орта жолдан, қысқа қайырып оқыту талаптары да жоқ. Бұны, тек жақсылықтың нышанына жатқызға­нымыз дұрыс болар. Дегенмен, жоғарыда нұсқау ЖОО-ға бекерден-бекер жіберіліп отырған жоқ деген ой да мазалайды.

Қазіргі күн талаптарымен санас­сақ, біздің ойымызша, минис­трліктің кейінгі нұсқауы Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың «Қа­зақ­­стан-2050» стратегиясы – қа­лып­тасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауынан туындап отырған сыңайлы. Жол­дауда Президент: «Үдеудің сыры – бірлікте, Жүдеудің сыры — алауыз­дықта», – дей келіп, осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған шайқаста ата-бабаларымыз бірлік­тің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдегенін» атап көрсеткен болатын.

Елбасының тарихқа көзқарасы, оған жанашырлығы бұрынғы Жолдауларында да үнемі көрініс беріп келеді. Егер біз Елба­сының осы сөздеріне, әсіресе, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағытындағы бірлік­тің маңыздылығы тура­лы ақыл-кеңесте­ріне құлақ ас­сақ, өткеннен сабақ алып, іске жұдырықтай жұмылғанымыз жөн емес пе?! Алайда жағдай олай болмай отыр. Ке­ңес дәуірінде, орыс тілді тарихшы ғалым­дардың беделі мен мерейі үстем болып келсе, қазір де белгілі мысалдағыдай, тарихшылардың басы қосылар емес.

Қазір тарих ғылымында не көп, бағыт көп. Олардың қайсыбірін айтып тауыса­сың. Жұқалап айт­сақ, тарихшылардың арасында атаққұмарлар да, орыс тіліндегі дис­сертацияларды қазақшаға аударып, қатардан қалмауды мақсат етіп жүргендер де, ықпалды немесе қалталы адамдарды жағалайтындар да бар.

Ал өздерін тарихшымыз деп жүрген кейбіреулер жан-жақтан дерек іздеп тау­ып, бедел жинап, нан тауып жүр. Сол си­яқты, бірнеше жерде сабақ беруді кәсіпке айналдырған. Қазақтың ауызша тарихна­масын қаперіне ілмейтін, қазақ тіліне шекесінен қарайтын тарихшылар да жоқ емес.

Осындай ала-құла ортада, қандай ынтымақ пен бірлік болсын?! Ал ынтымақ пен бірлік болмаған жерде істің алға баспайтыны белгілі. Шындығында, басқа­ны былай қойғанда, тарих­шыларға тарих ғылымының зерттеу әдісіндегі әділ де, өткір сын жетіспейді. Осыған байланысты, тарихи білімдегі өзекті мәселелерді іріктеу жолындағы жоғарыдағы кедергілер қо­ғамға орасан зор зиян тигізіп отыр.

Мәселен, 2002 жылы шығарылуы тиіс көптомдық тарих оқулығының 4-ші және 5-ші томдары 2011 жылы қолға әрең тиді. Соның салдарынан көптеген мектеп оқушылары мен студенттер кеңестік дәуірдің тарихын оқи алмады.

Міне, осындай олқылықтар, тарихшы­лар арасындағы бірліктің болмауы біздің жас тарихымызды жанбай жатып, өшіруге итермелеп отыр. Осы орайда, әлемдегі та­рихтың жеке пән ретінде оқы­тылу тари­хына үңілсек, ол антикалық мектептерде оқытылған жоқ. Бірақ ертедегі Грекия мен Персия, Египет пен Рим империялары уақытында мемлекеттер мен халықтар кейде соғысып, кейде бейбіт өмір сүріп, қарама-қайшы қатынаста болғанмен, олар­дың ылғи да бір-біріне әсер етіп, біріненбірі үйреніп келгені еске түседі. Ол халық­тар өздерінің тарихын нақты өмірде жаң­ғыртып, адамзат баласының өркениетке қол созуына өзіндік ерекшеліктерімен атсалысты. Алай­да бүгінгі заман­ғы мә­дениеттің көптеген құбылыстарының түп тамырын тек қана Грекияның сан қырлы мәдениетінен іздеуді өсиет еткен марксизм ілімін уағыз­дау­шылар мен Еу­ропа пікір ағымы қалыптастырған біржақты ұста­ным­дармен келісе алмаймыз.

Шығыстанушы ғалым В.П. Юдин: «Далалық ауызша тарихнама – Еуразия халықтары ауызша тарихнамасының бірі ғана», деген пікір айта отырып, қазіргі Қазақстан аумағында орта ғасырға дейін даланың ауызша тарих айту дәстүрі тарихи білім рөлін атқарды деген қорытынды жасады. Ал осы кездегі Батыста тарихи мәліметтер, орта ғасыр мектептеріндегі әдебиет үшін тек мәнерлеп оқу материалы ретінде ғана пайдаланылды. Сөйтіп, Отан тарихы Батыс Еуропа мектептерінде оқу пәні ретінде XVІ ғасырдан бой көтере бастады. Бұл арада біз бір ғана Ресей мысалына жүгініп көрейік:

Ресейде тарихты оқыту І Петр­ден бас­талды. Бұл елдегі Отан тарихын әуелгі оқыту жалпы тарих мәліметтері негізінде жүргі­зілді. Отан тарихы алғашқы орыс гимназиясының жоспарына енгізілді. Сөйтіп, Отан тарихының арнайы пән ретіндегі ережелері 1786 жылы халық училищесінің жарғысында бекітілді. XІX ғасырда тарихты оқыту үлгісі ежелгі тілдер мен антикалық әдебиеттерді оқып-үйре­нумен қатар құрылды. Оны оқытуға кейбір жылдары аптасына 12-14 сағат бөлінді. Дегенмен, XІX ғасырдың орта кезеңіне қарай Батыс Еуропада басталған револю­циялық толқулар тарих пәнінің мазмұнын өзгертуге тікелей ықпал ете бастады. Дәл осы кезде тарих пәні саясат құралына айналу сияқты өзіне тән емес дәстүрге бой алдырды. Әсіресе, 1848 жылдардағы Батыс Еуропадағы революциялардан кейін мо­нархиялық құрылысқа қарағанда, респуб­ликалық құры­лыстың артықшылығы жұртқа белгілі бола бастаған тұста, монар­хиялық құрылыс жолындағы Ресей оқу бағдарламаларынан ерте дүние тарихын алып тас­тады. Сөйтіп, тарих курсының маз­мұнында жаппай тазалау өріс алып, мұғалімдер республикалық құры­лыстың артықшылығы жөнінде оқушылармен ар­найы әңгіме өткізу құқығынан айырылды да, Отан тарихы басыңқы рөл атқара бастады.

Осы мақаланы түйіндер болсақ, оны сөз басында айтылған Білім және ғылым министрлігінің арнайы нұсқауын талқы­лауға орай, 14 маусымда Алматы қаласын­дағы екі техникалық (Қ.И.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ мен АЭжБУ) жоғары оқу орындарының «Қа­зақстан тарихы» пәні­нен дәріс беріп жүр­ген профессор-оқы­тушылар өкіл­дерінің бас қосқан мәжіліс қоры­тындысымен аяқ­таймыз. Мәжіліске Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым ака­­демиясының Ш.Ш.Уәлиханов атында­ғы Тарих және этнология институтының директоры Х.М.Әбжанов қатысып, өз ұсы­ныстарын білдірді. Оның ЖОО-да «Қазақ­стан тарихын» проблемалық тұрғыдан оқыту мен пәннің атауын бұдан былайғы жерде «Қазақ елінің тарихы» – деп атау және Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың жа­ңа тұжырым­дамасын жасау жө­ніндегі ұсыныстары көптің көңілінен шықты. Өз кезегінде сөз алған Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің профессор-оқыту­шылары К.Чатыбекова, Д.Сал­­қын­бек, Л.Болатбекова, Е.Қалмыр­заев талқылауға белсене араласып, кейбір «Қазақстан тарихы» оқулықтарының сын кө­тер­мейтіндігін айтты. Олар оқулық­тардың мазмұнындағы басы ашыл­маған екіұшты мәселелерге академиялық тұжы­рымның қажет­тігін, тарихшылардың енжар­лығына қынжылыс білдірді.

Олардың ойлары Тәуелсіздік жылдары ғана кең тұрғыда қолға алынып, мектептер мен колледждерде және жоғары оқу орындарында толыққанды оқытыла бас­таған Қазақстан тарих ғылымы шын мәнін­де жас ғылым болғандықтан, оны проблемалық жағынан барлық кезеңдер бойынша оқытуды жалғастыра беруді жақтаймыз дегенге салды. Иә, бұл ретте ойласатын жайлар аз емес.

Мектептер мен колледждерде және ЖОО-да Қазақстан тарихын оқытудың арнайы бағдарламалары қайта жасалып, қайталау түріндегі ұқсастықтарға жол бермеу жағын ойластыру керек-ақ. Техни­калық оқу орындарында оқитын студент­тер үшін жаңа оқулық жазудың конкурс­тық түрін ұйымдастырудың да уақыты жетті. Таяудағы уақытта осы және басқа мәселелер өз шешімін тапса, Қазақстан тарихын ЖОО-да оқытудың бүгінгі қиын­шы­лықтарынан абыроймен шығарымыз анық.

 

Бағдәулет БЕРЛІБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан». 27 маусым, 2013 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button