Басты жаңалықтар

Өткелдердің өзегі

 «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Мен көрген өмір» атты кітаптың авторы Досмырза Қарманов — өмірден тоқығаны көп, көкірегі қазына, шежіре қарияларымыздың бірі. Бұл кітапта ХХ ғасырдың басындағы аласапыран заманда дүниеге келіп, буыны бекімей жатып тағдыр тәлкегіне түскен, ашаршылық пен соғыстың зардабын тартқан ұрпақтың басынан өткен қиын жағдаяттар соның бәрін өз көзімен көрген кісінің сөзімен баяндалады.

Жасы сексеннен шығыңқырап тоқсанды алқымдаған адамның өмірде көргендері мен білгендері аз болмаса керек. Бірақ көру мен білу бар да, оларды пайымдау бар — бұлар екі басқа нәрсе. «Мен көрген өмір» деп аталған қолдағы мына кітапты оқығанда осындай ой келеді. Оның авторы Досмырза Қарманұлы өмірде кезіккен, кезіктіргендерден жадында сақтағаны көп, оқығанынан тоқығаны басым, нені айтса да, қалай баяндаса да сол тоқудың қырымен баяндайтын адам екендігі аңғарылады. Оның өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басталған ғұмыры  —заманның өте күрделі, ауыр, қауіп пен қатерге толы кезеңдер еді.

Әйгілі Қазан төңкерісі мен азамат соғысының қиянкескі оқиғаларынан қалжыраған жұрттың қатарында өлмешінің тірлігімен жүрген оның ата-анасы, тума-туыстары жиырмасыншы жылдардың адам айтқысыз ашаршылығына тап болды. Досекең осы жылдарда дүниеге келген. Әлгі азапты күндер сонда оның сәбилік санасында сақталып қалған. Ол сәл кейін отызыншы жылдардың ашаршылығында өмір мен өлімнің батпағында жүріп, Ұлы Отан соғысының қияметтерін басынан өткерді. Ол оқиғаларды онымен тұстастардың бәрі көрді, бәрі соған тап болды. Бірақ көргендер мен тап болғандардың бәрі бірдей Досекең мына кітабында  баяндағандай етіп, жүректен өткізіп айтып бере ала ма? Айтып беру үшін оған табиғат сыйлаған жады керек, көргені көз алдында жүретін көңілдің көзі керек, ащы мен тәттіні, жұмсақ пен қаттыны сол күйінде, боямасыз оқиғаларды осындай шыншылдық қуатпен баяндағаны ризалық әкеледі.

Досекең кәсіби жазушы емес, жазушы болайын деп ойлаған да адам емес екендігін білемін. Оның мына жазуы өмірден түйгені көп, ес пен зердеге бай бұрынғы абыздардың әңгімелерін еске салады.  Абыздар мұндай әңгімелерді маңайындағыларға тек естісін деп емес, сабақ алсын, тұжырым жасасын, пікір түйсін деп айтқан.

Бірақ бүгінгі заман басқа заман, абыздардың уақыты емес — айтатындар да, тыңдайтындар да, сабақ алатындар да өлшеусіз азайды. Күні кешегі қырғыншылықта өліп қалмау үшін жорғалағандардың қолға түскендерін не мақұлық, не жәндік екеніне қарамастан тамақ еткен, көзге іліккен өсімдіктердің тамырымен қоректенген, олар кезікпесе бірін-бірі жеген адамдардың тіршілігі, әрине, бүгінгі аста-төкте әлгілерді көрмеген, көргендер келістіріп айта алмаған мына уақыт ұрпағының санасына не саңылау берер дейсіз. Бұл дүниеде бәрі де салыстырмалы: жоқтық пен тоқтықта, асқақтық пен міскіндікте тұрақтылық жоқ, заманның ығы аунап түссе жылт етіп екінші жағы шыға келеді. Қазір адамды жеу жоқ, бірақ оның пайда болуы аяқ астынан. Басқа жұртты айтпай-ақ қояйын, осы елімізде қай уақытта ата-анасынан жерінген жағдай болып еді? Ел, халық, көпшілік болғасын, әрине, мұндай тосын, сирек оқиғаның іліуде біреу дейтіндей кездесуі мүмкін. Алайда мына заманда бұрын жетім балалар үйі деп үйренген сезім мен санаға ауыр орын енді жетім қарттар үйімен көбейді. Жетім балалар негізінен бағып-қағатын ата-аналары жоқтар дейік. Ал балалары күйлі-қуатты әлгі қарттардың солардың көз алдында жетім болуы қалай? Адамды адам жеуден осының қандай айырмашылығы бар?

Досмырза Қарманұлы кітабының түпкі мазмұны мен мағынасы, міне, осы қатал сұрақтарға жауап деп ойлаймын. Қартайған әке-шешесінен жерінген адамның жеті атада, ағайын-тумада, сайып келгенде, туған елде не шаруасы болуы мүмкін? Олармен ынтымақты отбасы да жоқ, ұғысқан ел де жоқ. Ал Досекеңнің әңгімедегі адамдары ақырзаман дейтіндей қиындықтарда  бірін-бірі сүйей жүріп әулетті, елді сақтап қалғандар.

Кітап осылайша кейінгіге сабақ болсын деу ниетімен ұсынылған. Ол баяндаған уақыт пен зобалаң, әрине, аз жазылған жоқ, көркем әдебиет пен өнердің өзге салаларында әр кезде, әрқилы баяндалған оқиғалар. Алайда олардың басты көпшілігі көркемдік тәсілмен баяндалғандықтан немесе екінші жақпен айтылғандықтан көрмеген, білмеген өзгелерге көп ретте ойдағыдай әсер етпеуі мүмкін. Ал мына әңгімелер тікелей өзі көрген, куә болған, құйма құлақ қариялардан естігендерін тікелей айтып берумен құнды.

Естігендері дегеннен шығады, Досекеңнің өзі көргендерін сол күйінде жеткізгендігінде шүбә жоқ, ал естігендері — естіген, сондықтан олардың азды-көпті ауыс-күйісі, артық-кемі болуы ықтимал. Досекең жоғарыда айтылғандай, жазушылықтың емес, әңгіменің адамы, әңгіме мектебінің өкілі. Бұл көркем шығарма емес, қағазға түскен ауызекі әңгіме ғана. Әдеби тәсілдің бірі болып табылатын осы жанрдың көркемдік әлемінде тұрақты орын болмауы ұрпақты ойландыруы тиіс. Аңыз, ертегі, оқиғалар тізбегі, мифология сияқты әрқилы тәсілдердің элементтерімен көрінетін ауызекі әңгіме дерек ретінде де, әсірелеу мен пайымдау ретінде де, қабылдануымен ерекшеленеді. Мысалы, құдыққа құлаған түйені қауғалап шығарған қыз туралы әңгіме қалай қабылдануы тиіс? Сөз жоқ, ойландырады. Ойландыратыны — қыздың қайраты ма, әлде соны солай келістіріп айтқан әңгімешінің шеберлігі ме?..

Кітаптың авторын біршама жақсы білетін адаммын. Батыс өңірінің жыршылық, жыраулық шығармашылығынан хабары мол, көпшілігін жатқа айтумен аймаққа мәлім. Оның айтуымен жазып алынған көне туындылар бірқатар зерттеу, танымдық әдебиеттерде жарияланған. Жасынан әлгідей қиындықтарда ширығып өскен ол жасамыстықта да қажыр-қайратын бермей ғұмыр кешуде. Досекең аттан түссе, енді түсіп жүр, әйтпесе күні кешеге дейін Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау арасын ат үстінде дамылсыз кезетін, жортып жүретін. Қанша қиындық көрсе де оны бақытты деуге болады-ақ, еңсесі түсіп еңкею көрген жоқ, бастысы,

ұл-қыздарының барлығы да елдің белгілі азаматтары ретінде әртүрлі қызметтерде абыроймен танылған. Ол өмірде парыз есепті көп іс тындырды, бір айтпағы осы кітаптағы әңгімелер еді — ол да оны көргендердің, білгендердің қолына тиді.

 

 

                                                                                                                         И.МҰСАҚҰЛҰЛЫ,

                                                                                                                         Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button