Ветеринария: малдың жайын кім сұрайды?
Қазіргі кезде мал шаруашылығын дамыту туралы көп айтылады. Бұрын олай еді, қазір былай болды деп жатады. Қалай болғанда да, мал шаруашылығын дамытудағы олқы тұстар аз емес. Мал шаруашылығы әңгіме бола қалса, маман жоқ дегенді естиміз. Шынымен мал мамандары жетпей ме әлде бұл мамандық иелері қажетсіз болып отыр ма? Қалай десек те, маман қашан да керек.
Мал маманы әулеті
Ойыл өңірінде қай кезеңде де білікті, дипломды мал мамандары жеткілікіті болыпты. Сонау өткен ғасырдың бас жағындағы ұжымдастыру кезінің өзінде талай мамандар еңбек еткен. Бұл өңірдің тұрғындары мал шаруашылығы, ветеринария туралы сөз қозғала қалса, «Шіркін, Әлден Дәуленов малдың нағыз маманы еді ғой» деп отырады. Дәуленов 1929 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын бітіргеннен кейін Алтықарасу МТС-інде мал дәрігері болып еңбек жолын бастаған. Кейін Ойыл ауданының бас мал дәрігері, Жекенді, Жетікөл дәрігерлік учаскелерінің бастығы қызметтерін атқарған. Мал шаруашылығына қосқан зор еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталған.
Сондай-ақ Иван Карпаученко, Иван Швецов секілді ветеринарлар өздерінен кейінгі буынның өсіп, жетілуіне ағалық көмектерін көрсеткен. Ойылдағы осы үрдіс жалғасын тапты. Жоғары оқу орындарында оқып, мал маманы атанған талай азамат туған жердің төсінде еңбек етіп, абырой-атақтарға ие болды.
Ойылдың Жетікөлінен шыққан Төлеуғали Жақсығалиев та 1956 жылы Алматы мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны тамамдағасын туған жеріне қайта оралды. Бір айта кететін жайт, Төкеңнің ұлы Дәурен де әкесі оқыған институтта білім алып, қазіргі кезде Мұғалжар аудандық ветеринария-санитария бөлімінің басшысы болып еңбек етуде. Ал Төкеңнің немересі Нұралы да ата жолын қуып, қазіргі кезде аталмыш оқу орнында — Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқып жатыр.
— Аталарымның бәрі мал баққан. Мен білім алмақ болып Алматыға бардым, — дейді Төлеуғали аға. — Оқу бітіріп, Жетікөлге келдім. Жас маманмын. Ел есінде «Ақ қоян» боп қалған қатты қысқа тап болдық. Ол кезде шабылған шөп баздарға тасылмайтын, шөмеле-шөмеле болып далада жататын. Қысқа қарай трактормен тартып әкелінеді. Қардың қалың жауып, қыстың қатты болғаны соншалық, шөмелені танкімен тартып әкелу мүмкін болмай қалды. Мал шөпке жете алмады. Осы жылы кеңшардың 29 мың бас қойы аштан қырылды.
Сол тұста кеңшарға жаңадан директор болып келген Отар Қылипанов Төлеуғали Жақсығалиевке алдағы уақытта бірге жұмыс істей берейік деп ұсыныс жасайды. Бірақ жоғары оқу орнынан кейінгі маман ретіндегі алғашқы еңбек жолы осындай қиындықпен басталған Төкең Алматыдан бір-ақ шығады. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істейді. Кейін елге қайта оралып, сол кездегі Қарабұтақ, Мұғалжар аудандарында еңбек жолын жалғастырады. Бүгінде жетпістің бесеуіне келген Төлеуғали аға мал шаруашылығына қатысты өзінің ойларын ортаға салды.
Штат ашуға міндеттеу керек
Бұрын кеңес үкіметі тұсында кеңшарлар мен ұжымшарларда 20-30 мың бас қой, мыңдаған бас сиыр, жылқы өсірілді. Әрбір шаруашылықта, оның бөлімшелерінде бір-бірден мал дәрігерлері болды. Малдың ауруға шалдықпауы қатты қадағаланды. Ауру мал шықса, дереу бақылауға алынып, өзге өңірге тарап кетпеуі үшін ветеринарлық жұмыстар жүргізілді. Вакцина мол болды. Ал қазір бір ауданда қанша мал басы бар, соған орай санап тұрып дәрі-дәрмек беріледі. Ал есепке енбей қалған малдың бірінен ауру шықса, бүкіл малға жұқтырады. Сондай-ақ қазір малды егуге қажетті дәрі-дәрмек шығаратын мекемелер жоқ. Бұрын әр өңірде болатын. Қазір мұны көре алмай отырмыз.
Бұрын аурулардың ішінде жиі кездесетіні тек бруцеллез еді. Қазір аусыл, сібір жарасы секілді небір аурулар қаптап кетті. Бұрынғыдай аурудың алдын алу жұмыстары қатаң қадағаланбайды, емдеу шаралары уақытында жүргізілмейді. «Ауру — астан» дейді ғой адамға қатысты. Мал жөнінде де осыны айтуға болады. Бұрын зоотехниктер мал азығының сапасын бақылап отыратын. Малдың ауруға шалдықпауы жем-шөптің құнарына да көп байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Бұрынғы мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, бүгінгі күні малдың сау болуы сол малдың иесін алаңдатуы керек қой. Кеңес үкіметі тұсында мал мемлекеттің меншігінде болды. Ал қазір мал халықтың өзінікі ғой. Неге өзінің қорасындағы малына жаны ашымайды, неге ауру шыққан жағдайда шығатын шығынды ескермейді.
Мына нәрсені түсінбеймін. Шаруа қожалығының иесі жеке меншігіндегі малын ектіруге құлықсыз. Олар ветеринарияның мәні мен маңызын түсіне бермейді, түсінгілері де келмейді. Күндікше өмір сүріп отырған адамдар сияқты. Ауру шыға қалса, барлық малымнан айрылып қаламын-ау деп қорықпайды. Сауатты қожалық иесі малын күтіп, қарайтын мал дәрігерін ұстар еді. Және оған төлеген жалақының қайтарымы бар екенін білер еді. Жоқ, бәрі керісінше. Мал дәрігерін ұстамайды, ұстаса да мардымсыз ғана жалақы бергісі келеді. Меніңше, қазір мал маманы жоқ емес, бар. Бірақ ол мамандарды қажетсініп отырған мал иелері жоқ.
Сондықтан үкімет мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарды, ұжымдарды мал маманы штатын ашуға міндеттеуі керек.
Сырттан келген мал қауіпсіз бе?
Қазір экономикалық қауіпсіздікті сақтау мақсатында құрылған Бүкіләлемдік ветеринарлық қоғам деген ұйым бар. Біздің ел осы қоғамға мүше болып кіріпті. Бұл қоғамның ережесі бойынша малдан ауру шықса, барлық мал түгелдей жоқ етілуі тиіс. Соған сәйкес, 2009 жылы бруцеллезді компьютермен тексеру деген пайда болды. Тексеру кезінде бір малдан ауру шықса, барлық малды жою керек деген тәртіп берілді. Осылайша ауру-сауына қарамастан мал түгелдей өртелді. Сол жылдары 25-30 сиыры бар жеке адамдар дымсыз қалды. Қайта өткен жылы бұл тәртіптің күші жойылды.
Тағы бір мәселе, ауруға қатысты мал шығыны болатын болса, мемлекеттен қолдау көрсетілуі керек. Онсыз малды сақтау, санын көбейту мүмкін емес. Ауыл адамдарының жағдайы ескеріліп, былтырдан бастап бруцеллезге шалдыққан қой басы үшін өтемақы төленетін болды. Енді бұндай өтемақы ірі қараға да берілсе, дұрыс болар еді. Мәселен, бұзау кезінде ауру белгісі көрінбеді делік. Бірақ екі-үш жылдан кейін сол бұзау сиыр болғанда бруцеллез пайда болуы мүмкін.
Кейде ойлаймын, аурудың көп таралуына сырттан әкелініп жатқан малдың да әсері бар шығар деп. Қазір шетелдерден мал әкелініп жатыр. Ал ол мал ауру ма, сау ма, осы күдік тудырады. Кім болса да жақсысын бере қоймайды ғой, оның ішінде шет елдіктер. Ал ол малдың карантиннен қалай өткенін біздің мамандар біле алса жақсы.
Шетелден мал өзіміздегі малды асылдандыру үшін әкелініп жатқаны белгілі. Бірақ малды асылдандыру үшін мал әкелгеннен гөрі ұрық әкелген тиімді болар еді. Бұл, біріншіден, аурудан қорғайды, екіншіден, экономикалық тиімді болмақ. Ұрық әкелу қауіпсіздеу және арзанға түседі.
Қазіргі кезде қолдан ұрықтандыруға көңіл бөлінбей кетті. Негізі қолдан ұрықтандыру бекеттерін көбейтіп, арнайы штаттар ашу керек. Сондай-ақ еркін ұрықтандыру жолдарын да қайта жандандыру қажет. Етті сиыр үшін және сүтті сиыр үшін асыл тұқымды бұқалар әкеліп, еркін ұрықтандыру жолға қойылса, жеке адамдардың да малын асылдандыруға болады.
Теория практикамен ұштаспай отыр
Бүгінгі күні теория мен практиканың ұштаспай отырғаны анық. Бұрын, мәселен, Алматы мал дәрігерлік институтында шаруашылық бөлімі болды. Студенттер сол шаруашылық бөлімінде практикадан өтіп, малдың жанында жүретін. Ақ халатты киіп алып мұғалімдер мен студенттер барлық ветеринарлық жұмыстарды атқаратын. Қолдан ұрықтандыру, малды креолинді суға шомылдыру секілді жұмыстарға қатысатын. Студенттер тек теория ғана емес, іс жүзінде де қолмен ұстап, көзбен көретін. Көктем айларында бөгелекке қарсы сиырлардың арқасына дәрі жағылатын. Қазір жоғары оқу орындарында осының бірі жоқ. Студенттер құрғақ теориямен ғана диплом алып шығады.
Сондай-ақ мал мамандығына оқытатын оқу орындары ақылы болып кетті. Ветеринария саласына оқитындар үшін грант саны көбейтілді деп жатыр. Мұның өзі аздық етеді.
Қорыта келгенде, малдың басы-қасында жүрген маманның аз болуының себебі осындай жағдайларға байланысты. Мал дәрігерлерінің, зоотехниктердің жалақысы төмен. Сондай-ақ жұмыс орындарын табу да қиын. Ал шаруа қожалықтарының иелері мал мамандары штаттарын ашқысы келмейді, ақшаларын үнемдегісі келеді. «Сараң екі төлейді» деген бар, екі төлемес үшін мал ауруының алдын алу керек. Маманнан қашудың жөні жоқ.
Соңғы жылдары мемлекетіміз ветеринарияға көңіл бөліп, түрлі заңнамалық құжаттар қабылдап жатыр. Жалпы, ветеринария мал шаруашылығының ең беделді саласы болып табылады. «Медицина адамды емдейтін болса, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз бар. Өйткені ветеринария жолға қойылса, мал ауруға ұшырамайды. Ал сау малдың етін жеген адам аурудан алыс болады.
Бердібай КЕМАЛ.



