Бұқара

- Мәселе
Қала қақпасында неге тәртіп жоқ?
Ақтөбе күннен күнге әсем қалаға айналып келеді. Жолдар жөнделіп, көшелер тазарып, тал егіліп, әдемі субұрқақтар салынып жатыр.
Әрине, мұның бәрі қуанышты жағдайлар ғой. Алайда, маған маза бермейтін бір мәселе бар, ол — Ақтөбенің бас қақпасы теміржол вокзалының маңы.
Қаланың ардагерлер кеңесінің қаңтар айында болған кезекті пленумында оқыған баяндамамда теміржол вокзал маңындағы келеңсіз жайлар туралы айтқан едім, ол мыналар: вокзал маңында көліктер өте көп, ешқандай тәртіп жоқ, бұл маңға МАИ қызметкерлері көп келмейді, вокзал аялдамасында үлкен-кіші автобустар қалай болса солай тұра береді. Аялдамада жөні түзу отырғыштар да жоқ, үлкен кісілер автобусты тікесінен тік тұрып күтуге мәжбүр. Осы келеңсіз жайттар шешімін тапса екен дегім келеді.
Ғайса ҚУАНОВ,
Ақтөбе темір жол ардагерлері
кеңесінің төрағасы.
- Жастар
Жарөткелім!
Ауылым кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат. Мен осы ауылда дүниеге келдім. Дәл осы жерде менің көңілді де, бақытты балалық шағым өтуде.
Біздің ауылда пайдалы қазбалар, үлкен өнеркәсіп орындары жоқ, зәулім үйлер де жоқ, оның есесіне ауылымызды бойлап ағып жатқан көзтартарлық Ырғыз өзені бар. Суы мөп-мөлдір, тап-таза, үлкен-кішінің бәрі жаздың күндері осында келіп шомылады. Өзенге жақын орналасқан ауылдың табиғаты тамаша екендігі айтпай-ақ түсінікті. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Жерінің шөбінің құнарлылығынан малымыз да семіз. Анамның дайындаған сүт-айранын, құрт-майын тойғанымша жеймін.
Шіркін, ауылға не жетсін!
Көктемде кластас достарыммен бірге ауылымызда өткен екі айлық тазалық акциясына қатысып, ауылымыздың көркеюіне өз үлесімізді қостық. Ауылды, мектеп айналасын тазартып, апта сайын сенбілік жасадық. Класс жетекшіміз Нұргүл Алтаева апайдың ұйымдастыруымен мектеп айналасына тал, гүлдер отырғыздық, енді жазғы демалыс кезінде оны суғарып, күтіп жүрміз. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» дегендей, ұйымшылдықпен еңбек ету арқылы ауылдың аңқыған иісін, жұпар ауасын жұтып демаламыз.
Еліміз болашақта ең мықты елдердің қатарына қосылады. Ол кезде біз де ержетеміз. Сонда біз де ағалар мен аталардың жақсы істерін жалғастырамыз. Біз — тәуелсіз елдің балаларымыз.
Мен әрқашан өз ауылымды мақтан тұтамын, ауылымыздың гүлденуі біз секілді болашақ Қазақстан азаматтарының қолында деп сенемін.
Ардана НҰРТІЛЕК,
Жарөткел негізгі мектебінің оқушысы.
Қарабұтақ селосы,
Әйтеке би ауданы.
- Ауыл
Бардың қадірін білейік
Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округі — өңіріміздегі үлкен елді мекенінің бірі, оның құрамында орталық және үш елді мекен бар, екі орта, екі негізгі мектеп, бір балабақша, мектеп жанындағы балабақша, орталықта типтік жобадағы мәдениет үйі, кітапхана, пошта байланыс бөлімшесі, бірнеше дүкен, кітапхана, клуб, ауылдық амбулатория мен медпункттер жұмыс жасайды, шаруа қожалықтары, серіктестіктері де бар.
Құрмандағы ауылдық амбулатурияның басшысы София Сағиева 1987 жылы оқу бітіріп, жолдамамен осында келіп жұмысқа орналасқаннан бері әріптестерімен бірге ауылдастарына қызмет етіп келеді. Мықты педиатр. 1989 жылдан бері бас дәрігер болып жұмыс жасауда.
Акушер-гинеколог Зәмзәгүл Жиенғали да 1989 жылдан бері жұмыс жасайды. Жылына ауылда 50-60 сәби дүниеге келеді. Солардың барлығының дерлік кіндік шешесі осы Зәмзәгүл десек те болады. Барлық аналардың хал-жағдайын сұрап, қас қабағын бағатын Зәмзәгүлді ауылдастары жақсы көреді.
Бір өкініштісі — амбулаторияның отырған үйі ескі, 1965 жылы саман тастан салынған. Осы ғимарат жаңарса екен дейді ауыл адамдары. Жедел жәрдем көлігі де 2005 жылы алынған екен, оның да тозығы жеткен — жүргенінен тұрғаны көп. Қолында қажысы бар адамдар көлік алуға көмектессе жақсы болар еді.
Округ аумағында «100 мектеп, 100 аурухана» және «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында көптеген жұмыстар жасалды. Орталықтағы балабақшаға күрделі жөңдеу жүргізіліп жатыр. Шұбарши, Амангелді елді мекендерінде жаңадан типтік үлгідегі медпункт салынды. Амангелді елді мекенінде жаңадан орта мектеп салу жоспарланып отыр. Былтыр орталықта «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбыры пайдаланылуға берілді. Тұрғындар ауыз су тапшылығынан құтылып, үйлеріне кіргізіп алып, бау-бақша егіп, мәз болып жатыр.
Ойыл ауданы әкімі Мавр Абдуллин тәжірибесі мол, халыққа жақын азамат екен. Басшы боп келгелі ауданда талай игі істердің ұйықтысы болды. Енді аудан орталығына, сосын ауылдарға газ келсе жақсы болар еді.
Ауданымыздың, ауылымыздың, елді мекендердің көркеюі ел егемендігінің арқасы. Біз барды-жоқты, қуғын-сүргін, жазықсыз жапа шеккендерді, соғысты да көрдік, Сол нәубеттер қайталанбасын. Бардың қадірің білу керек!..
Х.МҮСІРЕПОВ,
Көптоғай селосы ардагерлер кеңесінің басшысы.
Ойыл ауданы.
- Адам
Жігіттің жақсысын саудада көр…
Сексен бес жасты әдемі бағындырған Тасқали Хайдаровқа бұрын жете білмейтін, сырттай көрген адам бұл белесті қимауы да мүмкін. Жүріс-тұрысы ширақ, әңгімесі орнықты, кеңсе жағалап, әртүрлі жиналыс-кеңестерден көрінуге әуестігі жоқ, тәуелсіз еліміздің қарышты қадамына қуана қол соғады. Өзі көптен сыйласып-араласып жүрген Нұрқайыр Телеуов, Әдиет Қалиев, Аманолла Сәрсенов және басқа азаматтармен бірге қуанышты-ренішті жайлардан қалмай қатысуға тырысады.
Батыс Қазақстан облысының түкпірдегі Тереңкөл ауылында жеке шаруашылық жүргізуші Хайдар Төлекұлының отбасында дүниеге келген ол тұрғыластары тәрізді еңбекке ерте араласады. Тиянақтылығы, білуге құмарлығы нәтижесінде балаң жігітке ұжымшарда есепшілік қызмет жүктелген. Машина-трактор стансасының бас есепшісі, Қаржы министрлігінің аудан бойынша бақылаушы-тексерушісі қызметтерінде өзін көрсетіп, алғашқыда Ленинград қаржы институтында, кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, білім алады.
Оның сауда саласына келуі де қызық. 1958 жылы Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құрман Байсиықов бюро мүшелері мен аппарат қызметкерлерін шұғыл шақыртып, кеңес өткізеді.
— Ауданда сауда қызметінің жағдайы мүлде сын көтермейді, басшылығында отырғандардың ең алдымен өз жағдайларын ойлайтыны жөнінде арыз-шағымдар көбейіп кетті. Қане, аудандық тұтынушылар одағының төрағалығына кімді лайық көресіздер? — деп хатшы мәселені төтесінен қояды.
Көп ұзамай бұл қызметке аудандық қаржы бөлімін басқарып келген Тасқали Хайдаровты ұсынатынын айтып, мінездемесімен таныстырды. Кандидатура бір ауыздан қолдау тапты.
Жаңа төраға алғашқы күннен қарауындағы адамдардан тәртіп, тазалық, мәдениеттілік талап етті. Әрбір елді мекендегі сауда нысандарының жұмысын өз бақылауына алып, әр қызметкерге жинақы, сергек жүру міндетін қойды. Мекеменің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға күш салынды. Осылайша берекетсіздіктен, олпы-солпы тірліктен арыла алмай келе жатқан тұтынушылар одағы тұрғылықты халықтың көз алдында жаңа арнаға түсіп бара жатты. Алғыр, білікті басшы қысқа мерзімде Фурманов аудандық тұтынушылар одағын облыста алдыңғы орынға шығарды.
Тарихтан белгілі, 1962 жылы Н.Хрущевтің пәрменімен Қазақстанда үш өлке құрылды. Батыс Қазақстан өлкелік тұтынушылар одағының құрылтай сьезінде одақ басқармасы төрағасының қаржы жөніндегі орынбасарлығына Тасқали Хайдаров сайланды. Қарап отырсақ, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Өлке таратылғаннан кейін облыстық тұтынушылар одағы басқармасының қаржы жауапкершілігі тағы да Хайдаровқа жүктеді. Бұл қызметті жиырма жылдай атқарған ол 1983 жылы облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Ақтөбе қалалық өндірістік сауда мекемесінің директорлығын қабылдап алады. Арада екі жыл өткен облыстық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланды. Зейнет демалысына шыққанға дейінгі Ақтөбе өңірінде ширек ғасырдан астам қызметінде, кооперация жүйесінде Хайдаровтың әдемі қолтаңбасы қалғаны рас.
Халқымыз қай қоғамда да сауда мәдениетін жоғары бағалап, құнарлы сөздер қалдырған ғой. «Жігіттің жақсысын саудадан көр, аттың жақсысын арбадан көр» деуі де содан. Қай кезеңде де тура жолдан ауытқымай міндетіне адал көзқарасымен көрінген Тасқали ағамыз ғұмырлық қосағы, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» Ғайни апаймен бірге үш ұл мен үш қызға шаңырақ көтерді. Олардан немере-шөберелер көріп, бақытты қарттық қызығын көруде.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист.
Ақтөбе қаласы.
- Ономастика
Өзгерту қажетсіз деп есептеймін
«Ақтөбе» газетінің «Бұқара» бетінде Өтеген Нұрмағанбетовтың «Мәртөк пе, әлде Мортық па?» деген мақала жарияланғаны белгілі.
Содан бері Мәртөк елді мекенінің атауына көптеген пікірлер жарияланды. Сол пікірлердің авторларының бірі ауданның атауы «мортық» шөбінен шыққан десе, басқалары мибатпаққа батып кеткен ақ маңдай жалғыз мүйізді бұқа туралы аңыздан қалды дейді. Мәртөктің аумағы бұрын батпақты болған. (Мәртөк ғылыми-тарихи анықтамалығы, 2009 жыл. Жалпы редакциясын басқарған профессор М.Қ. Тәжібаев, Бас редакторы Р.Ж. Ділмағамбетов. 5-6 беттер.)
Қазақтың еркек тұрғанда әйел сөйлегеннен без деген әдебін сақтап, осы кезге дейін еліміздің азаматтары қандай пікір айтар деген оймен кідіре тұрсам да, мені бұл ой мазалай берді. Тіпті, биыл Мәртөкке кездесуге келген бір депутат «Мәртөк деген атауды жоңғарлар беріп кеткен деген сөз бар» деп қате пікір айтып, намысымызға тиді. Мен Мәртөкке бұдан 40 жыл бұрын келін болып түссем, қазір ақ жаулықты әже болдым. Зейнетке шыққаныма қарамай әлі де кейінгі жастарға ұрпақ тәрбиесін беру мақсатымен қоғамдық жұмыста жүрмін. Мен Мәртөк №2 мектеп-гимназиясында 38 жыл биология-химия мамандығы бойынша ұстаздық қызмет еткен кезімде оқушыларға үйдің артында темір жол жанында ерте көктемде шығып, өсіп өніп, тез қурап қалатын (мұндай өсімдіктерді эфемерлер дейді) биіктігі 6-12 см-дей астық тұқымдасына жататын мортық шөбін көрсетіп, оны суретке түсіріп, одан кеппешөп жасап: «Міне, балалар, Мәртөк деген атау осы «мортық» шөбінің атауынан шыққан» деп түсіндіретінмін. Кезінде мортық шөбі туралы Мәртөк ғылыми-тарихи анықтамалығына өз пікірімді білдіріп, суретін де өзім түсіріп берген едім. Мен Идош Асқардың «мортық» деген сөздің сын есімнен шыққандығы туралы пікіріне қосыламын, оның біраз ізденіп, өз пікірін білдіргеніне алғысымды айтамын. Бірақ ботаника кітабында 50-60 см шамасындағы өсімдік дегені қате жазылған деп ойлаймын. Өйткені, ол қуаңшылық жерлерде өседі. Кейбір қар суы мол жылдары сайларда ғана биік болып шығуы мүмкін. Бізге Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетінде дәріс оқыған профессор, биология ғылымының докторы Е.Ағелеуов, ғылым кандидаты А.Богданов: «Мына Ақтөбе облысында Мәртөк деген жер бар, ол осы «мортық» деген шөптің атауынан шыққан» деп, кеппешөптерін көрсеткен болатын. Жайық жағасын аралағанда мен мұндай шөпті кездестірген емеспін. Демек, бұл шөп біздің жаққа ғана тән. Ал Мәртөк атауы ауданымыздың әр азаматын толғандырады деп ойлаймын. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін облыстық ономостика комиссиясының ұйытқы болуымен соңғы 7 жылда 18 елді мекен жаңа атауын алды. Мысалы: Нагорный — Саржансай, Степановка — Құрмансай, Коминтерн — Аққайың, Новомихайловка — Байнасай, Андреевка — Қызылжар, т.б. Ал Мәртөк атауына келсек, әуелі Мортық, онан соң Мартук, тәуелсіздік алғалы Мәртөк атанған елді мекенбіз. Бұл тарихи қалыптасқан атау. Тарихты жоққа шығара алмаймыз, 100 жылдық тарихы бар Мәртөк атауын өзгертудің қажеті жоқ деп есептеймін.
Қымбат СҮЙІНҒАЛИЕВА,
зейнеткер ұстаз, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Мәртөк аудандық филиалының төрайымы.
- Қоғам
Дәрігер, категория және мақала…
Дәрігер аса қадірлі маман иесі. Адам өмірге келген сәтте оны ең алғаш қолына алатын, оның өсуі, ержетуі барысында үнемі денсаулығын қадағалап отыратын, қартайғанда да аяқ ақсап, тіс қақсағанда қасынан табылатын қадірлі маман иелерінің алдына бармайтын адам жоқ шығар, сірә.
Бірақ… дәрігердің барлығы бірдей журналист болуға міндетті емес шығар. Олай деп отырған себебім — ақ халатты абзал жандардың өз қызметіндегі санатын көтеруі үшін бұқаралық ақпарат құралдарында мақаласы жариялануы керек деген талап бар көрінеді. Мүмкін, бұл талап оны шығарған адамдардың көзқарасы тұрғысынан алғанда дұрыс шығар, алайда, дәрігердің газетке бір-екі мақала шығарғанынан, не шығармағанынан санаты өсіп, біліктілі артып, не кеміп кетпейтіні түсінікті емес пе?
Ал дәрігерлер… мұндай талаптың барына кінәлі емес. Олардың мақала жазып отыруға да уақыттары жоқ шығар. Сондықтан, санат алу кезінде дәрігерлер интернеттен, газеттерден мақала «ұрлауға» мәжбүр болады. Тіпті кей жағдайда біреудің бұрын шыққан мақаласын алып, оның соңына өз аты-жөнін жазып қоятын жағдайлар да кездеседі. «Мен санат алуға мақала берейін деп едім, сізде дайын мақала жоқ па?» деп келіп тұратындары да бар. Тіпті жақында менің таныс журналисімнің мақаласын интернеттен сол күйінде көшіріп алып келіп: «Мына фамилияның орнына менің фамилиямды қойып, газетке шығарсаңыз екен» деп келген дәрігерді де көрдік. Біз, журналистер, ондайларға түсіністікпен қараймыз және дәрігерлерге олай жасауға болмайтынын, өзі жазып әкелу қажеттігін айтамыз. «Уақытымыз жоқ», — дейді.
P.S. Шынында әр мамандық иесі өз жұмысымен айналысқаны дұрыс болар еді… мысалы, журналист адам емдей алмайды ғой…
М.ТАБЫН.
· Жаңалық
Шіліктіде мал тезегінен метан газы өндіріледі
Түрлі қалдықтардан метан газын өндіруге болатынын бұрыннан еститінбіз. Бірақ нақ осы биогазды өндіріп, пайдасын көріп отырғандарды көрмейсің. Жақында ауданымызға қарасты Шілікті ауылының жаңалыққа жаны құмар тұрғындары Дәулетхан Шойтанов пен Құттыбай Ибрагимов екі жылдай еңбектеніп, төрт түліктің тезегінен метан газын өндіруді қолға ала бастады. Тарихында көгілдір отыны жоқ Шіліктіде қазір жалғыз үй тамақ-шайын биогазбен әзірлеп отыр.
Бір қарағанда метан газын өндіру әрбір адамның қолынан келетін іс секілді. Ауыз-мұрны мықтап бітелген кәдімгі үлкен темір ыдыс (цистерна), оның жоғарғы жағында бөлініп шыққан газ қысымын өлшейтін монометр және ыдыстың ортасына қолмен айналдыратын қалақша орнатылған. Метан газы түссіз және иісі жоқ болатынына осы сапарымызда көзіміз жетті.
Бастап осы істі қолға алған 1980 жылы туған Дәулетхан Шойтанов ауыл әкімшілігінде бас маман болып қызмет істейді. Мамандығы — инженер-металлург. Көмекшісі темірден түйін түйген, дәнекерлеуші-шебер Құттыбай Ибрагимов қай техниканың да тілін таба білетін азамат екені көрініп-ақ тұр.
Шілікті ауылында қазіргі таңда 250 түтін бар. Барлығы қысы-жазы төрт түліктің тезегін отынға пайдаланады. Енді қиды отынға емес, газ өндіруге пайдаланып отырған екеудің ісмерлігіне ауылдастарының қызығушылығы артып отыр.
— Биогаз өндіретін құрылғыға кем дегенде қалыңдығы 4 миллиметрлік темір ыдыстар қажет. Ыдыстың сыйымдылығы әркімнің өз қалауы бойынша. Неғұрлым ыдыс үлкен болған сайын бөлінетін газ да молаяды. Темір ыдыс болмаған жағдайда жерге құдық қазып тас бетондарға да газды жинауға болады. Қалай болғанда да газ әзірленетін ыдыс бүтін, ауа шықпайтын болуы басты шарт. Біз 10 тонналық цистернаның бел ортасына дейін 4 түліктің қиын салдық. Негізінен түйенің, жылқының тезектерінен газ тез бөлінеді екен. Сосын тезек батып тұратындай етіп, су құясыз. Бұдан соң барлық тесіктерді мұқият бекітесіз. Цистернаның төменгі жағынан қолмен бұралатын қалақша орнатып алу қажет. Қалақшаның атқаратын қызметі — егерде газ қысымы азайса, оны қолмен сәл қозғау арқылы ашып тұрған тезекті аударыстырып, газдың қысымын көбейте аласыз. Ыдыстың жоғарғы жағы бос болуы керек. Бөлінген газ сол жерде жиналады. Жоғарғы жағынан құбыр жалғанып, газ қысымын өлшейтін монометр орнатылып, одан әрі жалғанған құбыр арқылы газды пайдалануға болады. Айта кететін тағы бір жәйт, ыдысқа мал қиы мен суды құйғаннан кейін бірден газ пайда болмайды. Жанатын газ бөліну үшін кем дегенде бір ай уақыт керек. Осы аралықта күнде бұранданы ашып бос ауаны шығарасыз. Құрылғыны жасау қымбатқа түспейді. Ең бастысы, істеймін деген ниетіңіз бен темір ыдысыңыз болса болғаны, — дейді Дәулетхан Аманкелдіұлы.
Екі шебер келешекте бұл істерін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Демеушілер табылып жатса бір ауылды қысы-жазы газбен қамтамасыз етуге болады. Олар өндірген биогазға көрші Қызылорда облысынан қызығушылық танытушылар көбейіпті.
Шіліктіден шыққан инновацияға жаны құмар екі азамат келешекте елімізде осындай биогаз шығаратын үлкен зауыттар ашылса деген тілегі бар.
Ыдыстағы газ жылдың төрт мезгілінде жақсы шығу үшін 30 градус жылы температура қажет. Енді Дәулетхан мен Құттыбай аулада тұрған цистернаға қыс мезгілінде әзірше электр қуаты арқылы бір қалыпты жылы температура беріп тұратын қондырғы орнатуды ойластыруда. Және метан газы арқылы қыста үйді жылытуды жоспарлап отыр.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.
- Азамат
Жүгі көп кәсіпкер
Қашан да өскен ортасы үшін шырылдап, жоғын түгендеп, жақсылығын асырып жүретін адамдар болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — сондай жандардың бірі.
Аманбек Сқақов — Шеңбертал өңірінің тумасы. Кәсіпкер. Аудан орталығына келген сайын оны ауылдастарының түрлі сәлемдемелерін тиісті жеріне жеткізіп жүрген жерінен көреміз, аудандық газет редакциясына да соғып, ауылында болған жаңалықтармен, жақсы істермен бөлісіп тұрады.
Ол 2006 жылы «Күмісбек» шаруа қожалығын құрады. Қыста «Миялы» қыстағы мен жаз жайлауы «Нарөлгенді» мекен ететін қожалықтың 5,4 гектар жері бар. Сонымен қатар, Аманбек ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Ағайынды Ержан мен Еркебұлан Шынбергеновтердің бірі жүргізуші болса, бірі —тракторшы. Ерлі-зайыпты Еркебұлан мен Жаңагүл Көшпенбетовтердің
бірі бас шопан болса, екіншісі — көмекші шопан. Ал, Асылбек Жаңбырбаев құрылыс жұмыстарымен айналысады. Оларға қоса мерзімдік жұмысқа жылда отбасылы бақташы алады. Бұл жұмысшылар еңбекақыдан басқа, қыстық отынмен, шөппен қамтамасыз етіледі.
— Өткен жылы 200 бас қойды несиеге алдым. Биылғы жылы асыл тұқымды 2 бас бұқа сатып алдым. Қазіргі күні қыстақтағы мал базын кеңейтіп жатырмын. Мал баққанға бітеді демекші, дұрыстап еңбектенсең қандай кәсіп болмасын игілігін көруге болады, — дейді Аманбек. Аманбек Шеңбертал — Жаныс би — Ырғыз бағытындағы жолаушылар тасымалымен де айналысады. Осындай шаруалармен айналыса жүріп, туған өлкенің табиғатын қорғауға да үлес қосып жүр. Ол өз еркімен ауылдан үш шақырымдық жердегі Ахмет тоғайын қорғауға алған. Аманбек ауылда болып жатқан қоғамдық, қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Сондай-ақ, Жаныс би мен Шеңбертал ауылдарының поштасын келісімшарт бойынша уақытылы жеткізіп тұруды да жауапкершілігіне алған.
— Тері, жүн секілді мал өнімдерін өткізетін орын жоқ. Жолаушы тасымалдау барысында да кейбір көлік иелері кедергі келтіреді. Тиісті орындарға ескерткеніммен, заңсыздықтар басым. Заң жүзінде айналысқаннан кейін, сондай көлеңкелі кәсіппен айналысатындардың ісіңе кедергі келтірмегенін қалайсың, — деп, Аманбек көкейде жүрген өзекті мәселелерді де ортаға салды.
Кәсібінен береке тапқан Аманбек — ынтымағы жарасқан отбасы басшысы. Жолдасы Айман Жолмағанбетова Шеңбертал орта мектебінде ұзақ жылдардан бері тарих пәнінен сабақ беріп келеді. Үлкен ұлы Жігер — жетістіктерімен қуантып жүрген спортшы, Ақтөбе қаласында құқық қорғау саласында қызмет етеді. Қайнары — Шеңбертал орта мектебінде мұғалім. Үйдің кішісі Айбар — Шеңбертал орта мектебінің биылғы түлегі.
Т.АҚДӘУЛЕТОВ,
Ырғыз ауданы.
Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




