Таным

Ең құнды кітап…

 

Қасиетті Құран (Мұхаммед пайғамбарға), одан бұрын Тәурат (Мұса пайғамбарға) пен Інжіл (Иса пайғамбарға) де Ай күнтізбесі бойынша тоғызыншы ай саналатын Рамазанда түсірілген.

Құранның алғашқы аяттары Мұхаммед пайғамбарға 610 жылы Рамазан айында Хира үңгірінде Жәбірейіл періште арқылы уахи (хабар) етілген. Алғаш «Алақ» сүресінің бастапқы 5 аяты түскен. Құранның барлық аяттары 23 жыл ішінде түсіп отырған.

Құран түсiрiле бастағаннан кейін, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалардың iшiнен арнайы адамдарды аяттарды жазуға тағайындаған. Олар аяттарды кез-келген қолайлы дүниеге — қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек сынды заттарға жазып отырды. Ислам деректерiне қарағанда, Құран Кәрімдi хатқа түсiрушiлер саны – жиырма тоғыз. Олардың iшiнде төрт халифа — Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилер (р.а.) де болған. Зерттеушілер мұны Құранның жазбаша нұсқасының пайда болының алғашқы кезеңі санайды.

Екінші кезең Әбу Бәкірдің  (р.а.) халифалық дәуірімен сәйкес келеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзi тiрiсiнде Құран жазбаша түсірілгенімен, толық нұсқа күйінде жинақталмаған. Ол бақилық болғаннан кейін бір жыл  да уақыт өтпестен, Ямама шайқасында Құран Кәрімдi бастан-аяқ жатқа бiлетiн жетпiс сахаба көз жұмды. Яғни, Құранның кей бөлігінің жоғалып кету қаупі білінді.  

Шайқастан соң, Омар (р.а.) Құранды жинақтап, жазбаша нұсқасын жасауды ұсынғанда, Әбу Бәкір (р.а.): «Пайғамбарымыз  iстемеген iстi сен қалай iстейсiң?», – деп, алғашында көнбеген екен. Бірақ Омар (р.а.): «Алла Тағаламен ант етемiн! Бұл — жақсы iс», – деп алған бетінен қайтпады. Ақырында Әбу Бәкір (р.а.) Зайд ибн Сәбитке (р.а.) Құранның жазбаларын жинақтап, пайдалануға қолайлы бiр нұсқасын жасауды тапсырды. Сөйтіп, қағаз, ағаш, тас, терi, сүйек сынды заттарға жазылған аяттар жинақталды. Және тек Пайғамбардың (с.ғ.с.) өз аузынан естіп-жазылған әрі екi куәгері болған жазбалар алынуы керек деген шарт болды. Оған Құранды жатқа бiлген әр сахаба өз үлесiн қосты. Зайд ибн Сәбит (р.а.) тапсырманы орындағаннан кейiн, Құранның толық нұсқасын Әбу Бәкірге (р.а.) тапсырды. Әбу Бәкір (р.а.) қайтыс болмас бұрын, ол қолжазбаны Омарға (р.а.) тапсырса, Омар (р.а.) тірі кезінде оны өзінің қызы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) зайыбы Хафсаға (р.а.) қалдырды.

Ал — үшінші кезеңде — Һижра бойынша 25 жылы Осман (р.а.) Құранның нұсқаларын жазатын кеңес құрды. Кеңестiң басшысы болып Зайд ибн Сәбит (р.а.) тағайындады. Ол Құранды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзінен жаттаған. Құран аяттары рет-ретiмен жазылып, бір жүйеге келтiрiлдi. Нұсқалар жасалғаннан кейiн, Құранның әуелгі нұсқасы Хафсаға (р.а.) қайтарылды. Ал жасалған бес нұсқаның бірі Меккеге, бірі Басраға, бірі Куфаға, ал бірі Дамаскiге жiберiлдi. Нұсқалардың бiреуi Мәдинада қалдырылды. Құранның бұл нұсқасы «Әл-Мусхаф әл-Имам» деп аталды.

Құранның жазбаша нұсқасының пайда болуы, міне, осы үш кезеңді қамтиды. Он төрт ғасыр өтсе де, қазіргі біз ұстап жүрген Құран мен сахабалар жинақтаған Құран нұсқаларында еш айырмашылық жоқ.

Ресейде араб тіліндегі Құран ең алғаш ІІ Екатеринаның жарлығымен Петербордағы Азиялық типографияда басылды. Бұл 1787 жыл болатын. Ал 1801 жылы араб қаріптері Қазан баспаханасына жіберіліп, 1803 жылдан бастап Қазаннан шығарылып, «Қазан баспасы» атына ие болды. Қазаннан шыққан Құранды Бұхара, Самарқанд, Ташкент қалаларымен қоса, Ираннан, Ауғанстаннан, Үндістан мен Арабиядан кездестіруге болатын еді. Құранның осы нұсқасы мұсылман елдерінде  үлкен сұранысқа ие болды. 1803 жылы басылған Құран сирек кездеседі. Оның бір данасы Ресейде сақтаулы.

Ал Ақтөбедегі облыстық «Руханият» музейінен Қазан баспасынан ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шығарылған Құран кітаптары үлгілерін көре аласыз. 1889 жылы Қазанда шығарылған Құран кітабы — музей қорына келіп түскен ең алғашқы дүниелердің бірі. Оны музей қорының жүрегі санаймыз.

Музей қызметкерлері діни кітаптар, қолжазбалар жинақтау ісін жолға қойып отыр. Мемлекет қолдауымен сатып алынған дүниелерден бөлек, тұрғындар тапсырған кітаптар да бар.  Музей қорының көп бөлігін Құран кітаптары құрағанымен, бұдан басқа тафсир, шариғат, фикх, таджуид, ақида саласы бойынша еңбектер де жетерлік.  Оның ішінде жергілікті діни қайраткерлердің кітаптары да бар.  

Музей қорына жиналған құнды жәдігерлерге ерекше күтім сақталуда, оларды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу — парыз деп білеміз.

 

Айжан Қаңтарбаева,

«Руханият» музейінің ғылыми қызметкері.

 

 

Ғибратнама

 

«Үндемегенде, шапалақ жемес едім»

Пайғамбарымыздың: «Кімде кім жаннаттан үмітті болса, пайдалы сөз айтсын немесе үндемесін» — деген хадисі бір кішкентай балаға қатты әсер етіпті. Хадисті естігеннен кейін ол көп сөйлемеуге тырысып, ақырында мүлде үндемейтін болыпты. Әрине, мұның себебін білмеген ата-анасы: «Баламыз неге үндемейді? Ауру емес пе?» — деп қатты мазаланады. Туған-туыспен ақылдасып-кеңесе келе, баланы бір емшіге апаратын болып шешеді. Емші баланың тамырын ұстап көріп, әрі отырып, бері отырып:

— Балаңыз ауру емес, бірақ құса емес пе деп ойлаймын. Оны жиі серуендетіңіз. Көңілі көтерілсін, — дейді.

Мұны естіген әкесі баланы қала сыртындағы орманға алып шығыпты. Тыныш мезгіл екен. Әлден уақытта сол тыныштықты бұзып, құс шықылықтайды. Әлгі құс тынымсыз шықылықтай берген соң, баланың әкесі дауыс шыққан жаққа барып, құсты атып алыпты.

Құсты аяған бала сол тұста қатты дауыстап:

— Ей, байғұс, тыныш отырғаныңда бұлай болмас еді ғой? – деп қалады.

Мұны естіген әкесі:

— Сен сөйлей алады екенсің ғой? Бәрімізді бекер әбігерге салыпсың! — деп, ашумен баланы жақтан тартып жібереді.

Сонда ұлы:

— Ал егер, үндемегенде, мен де шапалақ жемес едім, — деген екен.

 

Билеушінің қамқорлығы

Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған шағы екен. Айналасындағылар оның күнде кешкілік, жұмыстан босаған соң, қала сыртына шығып кететінін байқайды. Жанына біреудің еріп шығуына тыйым салады. Қайда барып, не істеп жүргенін және ешкімге айтпайды. Халифаның бұл жұмбақ ісі маңайындағыларды таң қалдырады. Ақыры бірде Омар (р.а.) оны аңдымақ болады. Әбу Бәкірдің қала сыртындағы жаман лашықтардың біріне кіріп кеткенін көреді. Біраз уақыттан соң лашықтан шығып, тез-тез басып келген ізіне қайта түседі. Ал Омар болса, дереу жаңағы лашыққа кіреді. Келсе бір соқыр кемпір мен екі бала көңілденіп ойнап отыр екен.

— Жағдайыңыз қалай? — деп сұрайды Омар.

Сонда кемпір:

— Өзім аурумын. Жетім қалған немерелерім тым жас. Тұрмысымыз өте ауыр. Бірақ Алланың шапағатынан тыс қалмағанымыз болар, бір мұсылман бізді қамқорлығына алды: әр күн сайын кешкілік тамақ әкеліп беріп, табақ-аяқ, кір-қоңымызды жуып беріп кетіп жүр, — деп жауап беріпті.

 

Кімнің қолы ұзын?

Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелепті: «Пайғамбарымыз өз жарларына: «Кімнің қолы басқаларыңнан ұзын болса, бақи дүниеде маған ең алдымен сол қауышады» — дейтін. Біз қолдарымызды қабырғаға қойып, салыстырып қарайтынбыз. Зейнептің бойы аласа, қолдары қысқа болатын. Бірақ Пайғамбарымыздан кейін сол Зейнеп қайтыс болғанда, «қолы ұзын» деген сөздің басқа мағынасы барын түсіндік. Зейнеп ісмер, еңбекқор әйел болатын. Тері илеп, түрлі киімдер тігетін. Көп табыс табатын. Және түскен табысынан көп садақа беретін. Яғни, Алла Елшісі қолы ұзын деп көп садақа берушіні меңзеген екен».

 

 

Қыз ұзату да — үлкен сын

 

Отбасындағы түйткілдердің өте көп және сан түрлі екенін айттық. Өкінішке қарай, көптеген ерлі-зайыптылар бақытсыздығын, әбден шаршағанын айтып шағым жасайды. Тіпті кейде енді ғана шаңырақ көтерген жап-жас отбасылар бұл өмірден безіп кеткіміз келеді деп қалады.

Себебі жанұяларында береке жоқ. Ұрыс-керіс, жанжал, айқай-шу, шынында да, адамның жүйкесін мезгілінен бұрын тоздыратыны рас. Таң ертең ояна салып ұрыс, кешке ұрыс, түнде ұйқыға жатар алдында ұрыс… Осылайша үйдегі уақыттың бәрі керісумен өтіп жатса, оған шыдау, әрине, оңай емес.
Алайда кейде Ислам дініндегі қарапайым қағидаларға көңіл бөлмеудің немесе оған менсінбей қараудың кесірінен екі жастың бұл дүниесі де, арғы өмірі де быт-шыт болып күйрейтінін бүгінде екінің бір білмеуі мүмкін.
Мәселен, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Өз қызын пасық адамға, яғни кез келген күнәні ойланбай жасай беретін адамға күйеуге берген адамға күн сайын бір лағнет жауады. Ондай адамның құлшылығы да, дұғасы да, парыздар мен нәпіл ғибадаттары да қабыл болмайды» делінген. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Өз қызын немесе отбасындағы бір қызды арақ ішетін адамға ұзатқан адам оны өз қолымен отқа лақтырғанмен тең» — делінген.
Міне, осы мәселені ойланып көрейікші. Бүгінгі қоғамда қанша әке өзінің аяулы қызын ұзатарда күйеу баласының мұсылмандығы туралы сұрастырып жүр? Қызымызға құда түсіп, сырға салып келген адамдардан «ұлдарың намаз оқи ма? Арақ іше ме? Күнәлі істерді көп жасай ма?» деп сұрадық па?
Қай жерде жұмыс істейді, қандай оқу бітірген, айлығы бар ма, үй-жайы, көлігі бар ма деп міндетті түрде сұрап аламыз. Әке-шешесі қандай адам деп те сұрап аламыз. Ал бірақ дініне келгенде, немқұрайлы қарай саламыз. Сөйтеміз де өз қызымызды өз қолымызбен отқа лақтырғандай боламыз. От емей не?
Қызымызды берген күйеу бала Құдайдан қорықпаса, мұсылмандық әдептен жұрдай, аузы толған былапыт болса, қызымыздың өмірі отта емей — қайда? Күнде, күнара арақ ішіп, отбасын ойрандап, үйдің тыныштығын бұзса, бұл от емей не? Алладан қорқып, күйеулік міндеттерін дұрыс атқармай, қызымызды аш-жалаңаш, қараусыз қалдырса, бұның атын не дейміз?
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Пасық адамға қыз бергеннің қабірден тұрарда маңдайында «Алланың рахым-мейірімінен үмітін үзген адам» деген жазу болады» делінген.
Расында да, қызын күйеуге берерде, оның болашағы туралы уайымдамау — Алланы ұмытудың бір түрі. Алланы ұмытқан адамның қай ісі оңсын? Алла ондай адамға берекесін қалай жаудырсын?!
Қызымызды ұзаттық деген сөз – оны аяулы алақанымыздан шығарып, бөтен елге жібердік деген сөз. Сонда қалай болғаны, небәрі 18-19 жыл ғана қолымызда болған сүйікті перзентіміздің қалған өмірінің қалай өтетіні бізді, шынында да, уайымға салмағаны ма? Сондықтан болса керек, Алла елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Қыз ұзату – оны қолдан шығару деген сөз. Ендеше қыздарыңды қайда жіберіп жатқандарыңа өте мұқият болыңдар!». Бұдан артық қандай ақиқат керек?
Мұнымен де бітпейді, қыздың тағдырына немқұрайлы қараудың жазасы да өте ауыр екені тағы бір хадисте былай білдірілген: «Қызын пасық адамға ұзатқан адам аманатқа қиянат жасаған болады. Ал аманатқа қиянат жасағанның барар жері — жаһаннам». Иә, өте ауыр айтылған. Бірақ бұл — ешбір ата-ананың есінен шықпауы тиіс өмірлік қағида. Шынында да, бізге қызды аманат етіп беруші Алла Тағала. Алла бермесе, қайдан қызымыз болсын? Айналамызда қанша адам бір перзенттің жоғынан зар илеп жүр? Сол секілді біз де перзентсіз қалуымыз әбден мүмкін еді. Олай болса, Алланың берген қызын Алланың қалауы бойынша ұзатуымыз керек.

Бұл айтылғандар мәселенің бір жағы. Екінші жағы тағы бар. Қазіргі кезде екінің бір қыз ұзатарда той жасайды. Тойды арақ-шарапсыз өткізетіндер аз. Қызықты қараңыз, қызымызды үлкен өмірге аттандырғалы отырмыз. Сонда Құдайы жоқ адамға ұқсап, ақ дастарханымызға харам суды қоямыз. Сөйтіп өз қызымыздың араммен басталған өмірі берекелі, бақытты болсын деп тілейміз. Бұл ақиқатқа қайшы нәрсе емес пе? Алланың бұйрығына құлақ аспаймыз, бірақ сол Алладан бақыт тілейміз?
Арақ қоймасақ, құдалардан ұят болады дейміз. Құдалардан ұят болады екен, Құдайдан ұят болмай ма? Құдалардың ұяты жазылады. Ал Құдайдан ұят болса, өзіміздің де, бала-шағамыздың да, жеті ұрпағымыздың да, тіпті бүкіл нәсіліміздің де екі дүниесі ойран болуы ғажап емес.
Біз, қазақ діні жоқ ел емеспіз. Құдайға мың шүкір, сан ғасырдан бері мұсылман болып келгенбіз. Ендеше, мұсылмандықтан жиреніп, қай-қайдағылардың мәдениетіне еліктеп, өз тамырымызға балта шабудың ешбір жөні жоқ.
Бұл айтылғандар талай жанның нәпсісіне ауыр тиюі мүмкін. Бірақ осындай қарапайым нәрсенің өзіне көңіл бөлмегеннен бір күнде қаншама шаңырақ опырылып ойран болып жатса, қалай айтпаймыз?
Тым болмаса, өзімізден туған перзентке жанымыз ашуы керек деген ойдамыз. Сондықтан ертең өз қызымыздың барған жерінде бақытты болуына әке-шеше болып әрекет етуіміз керек-ақ.
Алла Тағала баршамызды разылығына бөлесін.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ.
 

 

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Жұмыс іздеп, болдым тер,
    Қайда барсаң компьютер!!

    Ендігі соғыс болса, Кибернетикалық Согыс!
    Бүгінде тек АҚШ , және Қытай ғана кибернетикалық армиялары бар!!
    Ресей ол жұмысты енді бастап жатыр. АҚШ Сноуден кибернетик программист!

    Кибернетикалық Согыста жеңіске жеткізетін Бағдарлама!
    Себебі Танк,Ракета, Спутник , Управляемые истребители, ЗУР С-300 С-400 бәрі Бағдарламамен жүргіледі!!
    Қарсы жақ Сол Бағдарламаның қорғау кілтін шешіп,бұза алса , жеңеді!!
    Банктегі ақшаларды да Бағдарламаның қорғау кілтін шешіп,бұза алса ,Акша сенікі!!
    ПРОГРАМММИСТ БОЛЫҢДАР!! Бейбіт ЖуасҰлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button