Басты жаңалықтар

Еріктің жүн байпағы

 

Қазір елімізде қолдан басылатын жүн байпаққа сұраныс  жоғары.  Ел ішінде пима аталып кеткен жүн байпақты кәдімгі қой жүнінен жасайды. Мұның жасалу технологиясы ерте бастан қалыптасты дегенмен, қазір бұл кәсіптің қыр-сырын игерген  кәсіби шеберлердің саны саусақ бүгіп санарлықтай да емес. Ақтөбелік Ерік Боранбаев жүн байпақ басуға біржола бет бұрған шебердің нақ өзі.

 

Шеберханадағы бір ай

Ерік бұл кәсіппен еріккеннен айналысқан жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезең Еріктің отбасын да қыспаққа алды. Сол кездердегі жалақысы жоқ жұмыстардан әбден мезі болған ол бұл тығырықтан шығудың амалын іздестіреді.

Ресейдің Орынбор облысынан Ақтөбеге қоныс аударғанымызға  биыл он үш жыл болды. Өзім кезінде  Ақтөбеде білім алып, әскерге осы жерден аттанған едім. Сондықтан да бұл қаланың мен үшін орны ерекше.  Отбасыммен ата қонысқа оралған алғашқы жылдары өмір сүру қиындау болды. Мамандығым —  механик. Жұмыс іздеп, көп мекеменің табалдырығын тоздырдым. Тапқан жұмысымнан жарытып жалақы ала алмаған кездерім болды. Кейбір жұмыс орындарында  еткен еңбегімнің ақысын ала алмай жүрдім. Күнкөріс қиындай түсті,  әйтсе де отбасын асырау керек еді. Қол қусырып қарап отырудың ешқандай  реті жоқ екенін түсініп, отбасымды Ақтөбеге тастап, Ресейге тартып кеттім. Өйткені Ресейде байпақ басу кәсібінің жақсы жолға қойылғанын әрі оған деген сұраныстың жоғары екенін жақсы білетінмін. Бұрын Орынборда байпақ басумен айналысатын бір шебермен танысқанмын. Кейін біреулер арқылы сол шебердің  мекенжайын сұрастырып, тұратын үйін таптым. Сондағы менің ойым —  отбасын асырау үшін байпақ басуды кәсіп ету еді. Өйткені, Қазақстанда бұл кәсіпті жүзеге асыру үшін шикізат көзінің жеткілікті екенін, әрі мұндай шаруамен Ақтөбеде  бұрын-соңды ешкімнің айналыспағанына іштей көзімді жеткізіп үлгергенмін. Осылайша әлгі қарияның үйінде  бір ай жатып, бұл істің  қыр-сырын түгел  меңгеріп алдым. Оның бай шеберханасынан байпақ басуға қажетті барлық құралдармен танысып, оларды пайдаланудың әдістерін үйрендім. Әрине, бұл кәсіпті үйрену үшін шебермен  арада ақшалай келісім болды. Сөйтіп, Ақтөбеден 2000 жылы «Буранбаев» жеке кәсіпкерлігін құрып, жұмысты бастап кеттім. Бастапқы кезде тапсырыс мәселесінде,  қажетті құрал-жабдықтардың  жеткіліксіздігінен орнаған қиындықтар болды. Дегенмен, барлық ауыртпалықтар артта қалды, — дейді Ерік. 

Бүгінде байпақ басуды отбасылы бизнеске айналдырған Боранбаевтар отбасының тұрмысы түзеліп, табысты кәсіп бір жүйеге түскен тәрізді.

 

Сапалы қалып және жалғыз станок

Осыдан екі жыл бұрын Ерік «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен бір миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Мақсаты — бастаған істің көлемін ұлғайту. Бастапқыда ол бизнес-жобаны үш миллион теңгеге құрыпты. Жобада адамдарды жұмысқа тарту мәселесін де қарастырып қойған еді. Дегенмен екінші деңгейлі банктер арқылы несие алу үшін кепілге қоятын мүлік  төмен бағаланғандықтан, ол жоспарлаған қаражатына қол жеткізе алмады. Сөйтіп, мемлекеттен берілген бір миллион теңгені қанағат етіп, бұл қаржыға ол жүннен басқа, жүн түтетін станок, ине және байпақ қалыптарын сатып алады. 

Қазір Қазақстанда жүн түтетін станокқа қажетті қосалқы бөлшектерді ешбір жерден таппайсың. Шеберханадағы станокты Ресейден сатып алдым. Бұзылса, сол жақта жөндетуіме тура келеді. Аяқ өлшемдеріне қатысты түрлі қалыптарды да Ресейден сатып әкелдім. Өйткені, мұндай қалыптар елімізде өндірілмейді әрі оны жасайтын шебер де жоқ. Ресейде бір жұп қалып 100 АҚШ долларына сатылады. Мысалы,  отыз сегізінші аяқ өлшеміндегі қалыптың үш-төрт түрі болады. Қалыптар аяқ пішініне  қарай жалпақ, жіңішке, қонышты, қысқа қонышты болып жасалады, — дейді шебер.

Еріктің шеберханасында аяқ өлшемдері бойынша түрлі қалыптарды кездестіресің. Орынборлық шеберлер жасаған қалыптардың сапасы да мықты көрінеді.

 

Жүн байпақтың жылуы

Еріктің айтуынша, байпақ басу мен тігудің тәсілі екі басқа. Байпақтың табанын бөлек салып ұлтарып тігу, тұтастай қусырып тігу әдістерін де ол шебер меңгерген. Дегенмен ол  байпақ басқанда оның қонышы мен табанына ерекше мән береді.

Байпақ басудың өзіндік тәсілі бар. Ол үшін жүнді жақсылап таңдай білу керек. Күзем жүннен жасалатын байпақтар өте сапалы болады. Сондықтан мен ерте күзде қырқылатын марқа мен тоқты жүндерін жинауға тырысамын. Жүннің көп бөлігін Ресейден, қала маңындағы ауылдар мен аудандардан тасымалдаймын. Қазақы, еділбай, гиссар, қаракөл тұқымды қойлардың жүндері қылшықты келеді. Волгоград қой тұқымдарының жүндері биязы, майлы болғандықтан,  шаруаға көп пайдаланамыз, әрі мұндай жүндер жұмысты едәуір жеңілдетеді. Бір айта кетерлігі, қой тұқымына байланысты жүннің түсімі, талшықтар биязылығы мен олардың ұзындықтары да әртүрлі болады, — дейді шебер. 

Ерік байпақ басудың технологиясы туралы былай дейді:

Әуелі жуылған жүнді станокта түтіп аламыз. Майдалап түтілген жүнді арнайы ыдысқа салып, қышқыл  қосып қайнатамыз. Қышқыл жүннің тез отыруына ықпал етеді. Бұрынғы шеберлер майдалап түтілген жүнді шиге сиретіп жайып, үстіне ыстық су құйып, жалаңаш білекпен ысқылап пісіретін болған. Осылайша жүннің қопсуын басып, отырғызатын болыпты. Әрине, қазір бар мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз. Бұл үшін нағыз шеберлік керек. Жүнді отырғызу технологиясында әр қимыл мұқият жасалғаны дұрыс. Әбден ысталып, отырған жүннен байпақ пішінін жасап, аяқ өлшеміне қарай қалыпқа саламыз.

Әңгіме барысында Ерік сырма байпақ, мәсі байпақ, киіз байпақ, шәркелі байпақтардың да жасалу технологиясы туралы айтып берді. Солардың ішіндегі  жүн байпақтың орны ерекше. Шебердің айтуынша, қой жүнінен жасалатын байпақтар жылы әрі көп жылға шыдас береді.

 

Байпаққа бап керек

Бүгінде байпақ басуды шебер меңгерген Ерікке жан-жақтан тапсырыс көп түседі. Оның шеберханасынан шыққан өнімдердің бір бөлігін астаналық тұрғындар да тұтынып үлгеріпті. Жүн байпаққа деген ауыл тұрғындарының да сұранысы өте жоғары.

Көшіп келген жылдары Ақтөбе қаласының Құрмыш ауданында Сергей есімді байпақ басатын бір жігітпен танысқанмын. Қазір ол бұл кәсіппен айналыспайды. Қаражаттың тапшылығы шеберге қолбайлау болып отыр. Еліміздің көп жерлерін араладым. Әзірге қолдан жүн байпақ басатын шеберді кезіктірген емеспін. Әрине, Қостанайда байпақ өндіретін фабрика бар екенін білемін. Ондағы байпақтардың табанына резеңке жапсырылады. Сырттай әдемі болып көрінген бұл аяқ киімдер су мен қарға тигесін тез  отырады. Табаны резеңке байпақтар әбден отырған кезде, аяқты қыса бастайды, — дейді ол.

Еріктің айтуынша, қырқыншы өлшемдегі бір байпақ басу үшін екі келі түтілген таза жүн қажет. Ересек адамдарға арнап жасалатын бір жұп байпақ үшін шебер төрт күн уақытын сарп етеді. Ысталған жүннен жасалған жаңа байпақ әбден кептірілгеннен кейін ғана саудаға шығарылады.

Маған көбінесе базарда тұратын саудагерлер мен ақша айырбастаушылар, қала көшелеріндегі ұтыс қағаздарын сатушылар көп тапсырыс береді. Ауылдық жерлерден, әсіресе қарттар тарапынан сұраныс жоғары. Жаз айларында жүн түту ісін жандандырамыз. Өйткені, қыз жасауын әзірлеу үшін станокта жүн түттіруге тапсырыс берушілердің саны көбейеді. Бұл істі жолдасым  Айғанша тындырады. Түтілген жүннен кейінгі байпақ басудың қалған жұмыстарымен өзім айналысамын. Менен бұл кәсіпті үйренуге келгендер болды. Әйтсе де жастар жағы қара жұмыстың қиындығына төзе алмай кетті, — дейді елуді еңсерген Ерік.

Бір ескерерлігі, байпақ күтіміне ерекше мән берген дұрыс. Күйе көбелек түскен байпақ кейін киюге жарамайды. Сол себепті, жүн байпақтарды құрғақ, қараңғы жерде сақтаған жөн.

 

P.S. Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде жылына 40 мың тонна жүн өртеледі. Оның көп бөлігі — күзем жүндер.  Сонау Ұлы Отан соғысы жылдары кеңес әскерлерін қатал қыстардан аман алып шыққан жүн байпақтарды өндіру ісі қазір елімізде кенжелеп қалып отыр. Дегенмен, ата кәсіпті жалғастыруды жолға қойған Ерік секілді азаматтарға мемлекеттен мейлінше қолдау болса, бұл іске жастардың қызығушылығы да арта түсер ме еді?.. 

 

Врезка:

    Пима  (біздіңше, байпақ) — Сібір халықтарының бұлан, бұғы терілерінен тігетін ұзын қонышты қыстық етігі. Кейбір деректер бойынша, Еуразия көшпелілерінің жүннен жасалған етігі 1,5 мың жылдан бері белгілі-міс;

    ХХ ғасыр басында Ресейдің Нижегород, Кострома губернияларында  байпақ басу орталықтары болған. 1900 жылы Ресей фабрикаларында 1 миллион 400 мың жұп байпақ басып шығарылған. Бір жұп байпақтың  бағасы 1,5 сом болыпты;

    Қазір Ресейде жылына шамамен  4,5 миллион байпақ басылып шығарыла­ды. Байпақты мұнай-газ, теміржол, ыстық пешті өндіріс орындарында арнайы киім ретінде киеді;

    2004 жылы Семейдегі «Роза» ЖШС-ы елде ең үлкен байпақ жасап шығарды. Өлшемі 106, қонышының биіктігі 178 сантиметр, салмағы 16,5 келі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button