Спорт

Әлем мойындаған төреші

Өткен жылы өткен Лондон олимпиадасына Ақтөбеден спортшы қатыса алмаса да, бокстан төреші барған еді. Ол — Рахымжан Рысбаев. Рахымжан — Қазақстаннан төрелік еткен жалғыз адам.

Рахымжан Рысбаев 2010 жылы Азияның үздік төрешісі атанды. Ал келесі жылы Халықаралық бокс федерациясы (АИБА) «Әлемнің үздік төрешісі» деп таныды.

 

Боксшы

Рахымжан Рысбаев 1978 жылы Шалқар ауданының қазіргі Қайдауыл стансасында, № 12 газ-компрессор стансасында дүниеге келген. Ауылында мектепте оқып жүрді. Бұл ауылда бокс деген өнер бұрынырақта да болған. Бірақ 1990 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп келген дене шынықтыру пәнінің жас маманы Әділ Басығараев секция ашып, құдіретті спортқа ерекше көңіл аударды. Шәкірттер тәрбиелей бастады. Сол шәкірттердің бірі Рахымжан еді.

— Алдымен, боксқа қалай келгеніңнен бастайық.

— Әділ ағай секция ашты. Қатысқаныма бір ай да толған жоқ, 1991 жылдың күзінде Ақтөбеде жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтетін болды. Жарысқа қатты барғым келді, өйткені қаланы көргім келді. Содан № 2 БЖСМ залында өткен чемпионатта бірінші рет рингке шықтым. Қарсыласым қандыағаштық Әлімжан Тұрсынбаев болды. Әлімжан сол кездің өзінде спорт шеберлігіне кандидат екен. Жеңіліп қалдым. Бірақ жасыған жоқпын. Қайта спортшы болсаң жер көресің, жаңа достармен танысады екенсің деген ой мені қызықтыра түсті. Содан бокспен дендеп шұғылдана бастадым. Сол жылы желтоқсанда Қандыағашта жарыс өтті. Сол турнирде алғаш рет жеңімпаз ретінде қолым жоғары көтерілді. Сондағы сезімді, қуанышты айтсаңшы!

Ол кезде ауылдағы газшылардың балалары Арал теңізі жағалауына барып демалатын. 1992 жылы жазда Әділ ағай боксқа қатысатын бірнеше баланы Аралға апарып, демалдырды. Ағайымыз теңіз жағасында да жаттығуды жалғастырды. Сол жылы қазан айында Ақтөбеде облыс чемпионаты өтіп, бірінші рет облыстың чемпионы атандым. Бұл менің жігеріме жігер қосып, қанаттандырды.

1995 жылы мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе индустриялық-педагогикалық техникумына оқуға түстім. Әділ ағай да Ақтөбеге отбасымен көшіп келді. Сондай-ақ менен кіші екі-үш шәкіртін ала келіп, Ақтөбе дарынды балалар мектеп-интернатына орналастырды. Бәріміз «Локомотив» спорт залында жаттыға бастадық. Сол кездері Галиб Жафаров, Әлімжан Тұрсынбаев — бәріміз бірге дайындалдық.

1999 жылы Ақтөбеде Бауыржан Ақшолақов атындағы турнир өтті. Сол жарыста финалда кейін кәсіби бокста тамаша табыстарға жеткен Андрей Еськинмен кездесіп, ұпай санымен жеңіліп қалдым. Жасым болса 21-ге келді. Ол уақыт қиындау болды ғой. Қаражат жоқ, жарыстарға бара алмайсың. Содан қолғапты шегеге ілуге тура келді. Бір жағынан ата-анама қашанғы салмақ салайын, жұмыс істеу керек деп түйдім.

 

Жаттықтырушы

— Әдетте үлкен спортпен қош айтысқандар жаттықтырушылыққа барады ғой…

— Менде де солай болды. Алғаш түрлі жұмыстар істеп жүрдім. Содан 2001 жылы Әділ ағайым «Локомотив» спорт залына жаттықтырушылыққа шақырды. Ол кездері Азат Қазиханов, Асқар Айжарықов, Асылан Боранқұлов, Қанат Махатов сияқты жақсы боксшылар болды. Осы жігіттерді жарыстарға алып барып жүрдім. Бірақ көңілім басқаға ауды да тұрды.

— Төрешілікке болар?

— Иә, дәл солай.

 

Төреші

— Сонымен төрешілік қалай басталды?

— 2001 жылы наурыз айында Ақтөбеде олимпиадалық ойындардың чемпионы Бекзат Саттархановты еске алу турнирі өтті. Негізі түркістандық Қанат Махатов деген жақсы боксшымыздың әкесі Үрзімат бастаған азаматтар Бекзатты еске алу турнирін ұйымдастырды. Сол жарыста бірінші рет төреші киімін киіп, рингке шықтым. Қобалжу да болған шығар, бірақ осы жолды дұрыс таңдаған шығармын деп ойладым. Көбіне Әділ ағайым ақыл-кеңес беріп, төрелік етудің қыр-сырын айтып отырды.

Сол кездегі облыстық спорт басқармасының бастығы Мұратбек Іскендіровке де алғысым зор. Бірде ол мені шақырып алып: «Сенің мақсатың — төрешілікті мойныңа алып, биіктен көріну болуы тиіс», — деді. Содан Мұратбек Іскендіров мені жарыстарға әрі жаттықтырушы, әрі төреші ретінде жіберіп тұрды. Жасөспірімдер, жастар арасындағы турнирлерде төреші болып, тәжірибе жинай бастадым. Кейін ересектер жарыстарында қызмет еттім.

Алғаш рет 2004 жылы Алматыда өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында төреші болдым. Осы жарыстан кейін Қазақстан бокс федерациясының басшылары шымкенттік бір жігіт екеумізді Индонезияда болатын жарысқа жіберді. Жарыстан кейін халықаралық дәрежедегі төреші атағын алу үшін алғашқы емтиханымды тапсырдым. Айта кету керек, Индонезияда өткен жарыста Азат Қазиханов чемпион атанды.

2005 жылы Тайландта дәстүрлі Король кубогы үшін турнир өтті. Онда да төрешілік еттім. Сол жарыста АИБА басшылығы маған халықаралық дәрежедегі төреші деген сертификат тапсырды. Менің мұндай жетістіктерге жетуіме ақтөбелік ағаларыммен қатар сол жылдары Қазақстан бокс федерациясының бас төрешісі болған Серік Әбденәлиев көп көмектесті, ақылын айтты, кеңестерін берді. Ауырлау уақыт еді ғой, жарыстарға бара алмай отырғанымда көптеген ағаларым, жолдастарым қаражат тауып беріп жүрді.

 

АИБА төрешісі 

— Лондонға жолдың негізі осылай қаланды дейсің ғой?

— Содан халықаралық турнирлерге, салмақты біріншіліктерге шақыру ала бастадым. Алғаш рет 2010 жылы Астанада әйелдер арасында Азия чемпионаты өтті. Сол чемпионатта үздік төреші атандым. Сол жылы Алматыда АИБА конгресі ұйымдастырылған еді, конгресте мені Азияның үздік төрешісі деп таныды. Одан кейін 2011 жылы Түркияның астанасы Анкарада өткен Еуропа чемпионатына бейтарап төреші ретінде шақырды. Яғни біз Азия құрлығы болғандықтан Еуропа біріншілігінде бейтарап болып саналамыз. Әлемдік турнирлерде бұрынғы КСРО елдерінің боксшысы мен еуропалық боксшы шығып жатса, бізді бұрынғы кеңестіктерге жақтасады деп төрешілік еткізбейді. Анкарада да сәтті жұмыс істедім. Сол жылы Бакудегі әлем чемпионатында да төрешілік еттім. Сол жылы АИБА-ның шешімімімен Әлемнің үздік төрешісі» атандым.

Жалпы Лондонға төрешілерді іріктеу 2009 жылдан басталды деп айтуға болады. АИБА әрбір төрешіні жіті бақылап отырды. Ал 2012 жылы боксшылардың олимпиадалық ойындарға қатысуына жолдама беретін іріктеу турнирлері өтті. Сондай турнирлерге қатыстырылдым. Сосын әлемнің 37 төрешісін Италияда жинады. Сол жақта емтихан қабылдады. Сол 37 төрешінің 35-і Лондонда қызмет етті. Олимпиада кезінде барлығы 10 жұпқа рефери, 34 жұпқа қапталдағы төреші ретінде қатыстым. Әсіресе, ауыр салмақтағы, яғни 91 келідегі украиналық Усик пен итальян Руссо арасындағы финалдық кездесуді сеніп тапсырғандары мен үшін үлкен мәртебе еді. Жұмысым жаман болмаған шығар деймін, өйткені АИБА-ның атқарушы директоры олимпиададан кейін арнайы алғысын айтып, «Олимпиададағы үздік төрешілердің бірісің», — деді.

 

5 жұлдызды төреші

5 жұлдызды төреші деген атақ алды деп естіп едік?

— Иә, олимпиадалық ойындар қорытындысын шығарғаннан кейін АИБА әлемнің 7 боксшысына 5 жұлдызды төреші деген дәреже берді. Соның бірі атандым. Қазір АИБА-да қызметтемін. Бұл менің ғана жетістігім емес, бұл бүкіл қазақтың жетістігі деп білемін. Өйткені рингтегі төреші арқылы әлем халқы Қазақстан деген мемлекетті естіді.Сондай-ақ АИБА қазақ боксына, Қазақстан бокс федерациясына құрметпен қарады деп есептеймін.

Лондоннан қанша қаржы жинап қайттың дейтіндер де бар. Мен олимпиадаға қаржы жинау үшін емес, елімнің мерейін үстем ету үшін бардым. Қазақ деген ұлтқа білдірілген әлемдік сенімді ақтауға бардым. Сондықтан мені ешқандай ақша қызықтырмайды.

 

Әділдік

— «Қап, ана боксшыға обал болды-ау» деген кездерің болды ма?

— Төрешілікті бастаған кездерімде болды. Артынан өкініп жүрдім. Бұл тәжірибесіздігімнен кеткен қателік еді. Бірақ мен қателік жасағанда біреуге бұра тартайын, жеңісті анаған алып берейін деген оймен жасаған емеспін. Мен қашан да әділ төреліктің жағындамын. Өйткені өзім де боксшымын. Талай жағдай бастан өтті ғой.

— Қазақстан боксында парақорлық бар дегенді естиміз. Сені «сатып алмақ» болған жағдайлар кездесті ме?

— Жалпы бокста ғана емес, спорттың қай түрінде де жеңілген жақтың кінәні төрешіге аудара салатыны жиі кездеседі. Деңгейі төмен, шындыққа тура қарай алмайтындар жеңілісті мойындағысы келмейді. Ондайлар бар. Парақорлық туралы әңгіме осындай жаттықтырушылардың, туған-туыстардың тарапынан тарайды деп ойлаймын. Жекпе-жек нәтижесін жанкүйер емес, мамандар бағалауы тиіс. Кім өзінің жақынын жеңіліске қия қояды? Жақын адамың жеңіп тұрған сияқты болып көрінетіні рас.

Ал өзімнің жеке басыма келсем, жасөспірімдер арасында алғашқы төрешілік етіп жүрген кездерімде кездесті. Бірақ пара ұсынғандардың бетін бірден қайтарып тастадым. Бокс базар емес қой. Қазір Қазақстандағы жаттықтырушылардың бәрі менің таза екенімді біледі, сондықтан да ешқашан мені көндіру туралы әңгіме айтпайды. Төреліктің таза өтуін федерация басшысы Тимур Құлыбаев, орынбасарлары Юрий Цхай, Серік Қонақбаевтар қатаң бақылап, баға беріп отырады. Жалпы жақсы адамдардың жақсы жақтарын алуға тырысамын. Аталған ағаларыммен қатар досым Асхат Шахаров, бокстың білгірлері Мырзағали Айтжанов, маңғыстаулық Марат Жақиев секілді жандардың жанында жүргеннің өзі бір мархабат.

«Рахымжан — «безполезный» дейтін болды ғой. Сені жақтырмайтындар да бар шығар?

— Әрине, жұрттың бәріне жағу мүмкін емес. Және мен жұртқа жағу үшін жұмыс істемеймін. Рингтегі боксшы қиянатқа кезікпей, ренжімей кетсе, мен үшін сол қымбат.

Халықаралық турнирлерде қызмет ету үшін көп тіл білгеннің артықтығы жоқ қой. Тіл жағы қалай?

—АИБА ережесіне сәйкес ағылшын, орыс, француз, араб және испан тілдері халықаралық тіл болып саналады. Сондықтан орыс тілінде сөйлеймін. Сондай-ақ ағылшын тілін де меңгеріп алдым. Ағылшын тілі жағынан зайыбым Әсем көмектеседі.

 Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button