Төл мерекеде айтылған тілек

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен өкілдерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. Жиырмаға жуық адам облыс әкімінің Алғыс хатымен және 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды. Оның ішінде облыстық және республикалық басылымдар мен электронды БАҚ-тардың меншікті тілшілері бар.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов журналистермен кездесуде сөйлеген сөзінде:
— Бұқаралық ақпарат құралдары — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан үлкен істер, Елбасының «Қазақстан — 2050» Стратегиясы негізінде қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталады. Сіздердің жарияланымдарыңыз бен хабарларыңызда көтерілген мәселелер, айтылған ой-пікірлер шешімдер қабылдауда, міндеттер белгілеуде маңызды болып табылады. Біз бұқаралық ақпарат құралдарының «төртінші билік» екенін ұмытқан емеспіз.
Журналистер де ел мүддесін, тәуелсіздік мүддесін ең бірінші орынға қоюы тиіс. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған істердің бәрі де қалың жұртшылықтың қолдауымен, жұмыла кірісуімен ғана нәтижелі аяқталады. Осы орайда журналистерге жүктелер жауапкершілік зор, — деді ол.
Облыс әкімі келтірген деректер бойынша, облымызда 57 БАҚ тіркелген. Олардың 47-і — мерзімді басылым, 10-ы — электронды БАҚ. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанында құрамына ардагер журналистер, билік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енген қоғамдық кеңес жұмыс істейді.
Кездесуде БАҚ өкілдері атынан Қазақстан Журналистер Одағының облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі Әлин, «Ақтөбе-Таймс» газетінің бас редакторы Ольга Цыганова облыс әкіміне алғыс айтып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
— Жазушы Шерхан Мұртаза журналисті арқалағаны — алтын, жегені — жантақ түйеге теңеген. Расында да, журналист өзі пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де оқырманының, көрерменінің баспаналы болуы үшін мақала жазып, хабар түсіреді. Онысын бағалаған жұрт журналисті жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы деп қабылдайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының әрқайсысының көзқарасы әр бөлек, ұстанған бағыт-бағдары әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ біздің бәріміздің мақсат-мүддеміз бір — халыққа ақпарат жеткізу. Осы орайда өзімізге артылған жауапкершілікті, ел мен жер өзіміздікі екенін ұмытпайық, — деді «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы.
Кездесуде марапатталғандар арасында біздің «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібай, жауапты хатшысы Серік Ахметов, «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі Әлин, «Ойыл» газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Сатыбалды Сәуірбаев, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының журналисі Лаура Палман, «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі Баян Сәрсенбиналар бар. Сонымен қатар биыл 95 жылдығын атап өткен «Актюбинский вестник» газетінің ұжымына облыс әкімінің берген арнайы сыйлығын бас редакторы Айгүл Нұркеева қабылдап алды.
Аудандық газеттердің атынан әріптестерін құттықтаған «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі Әлин ауданның төл басылымының 80 жылдық мерейтойын атап өткендерін айтты. Архимед Бегежанұлы өңір тарихына куә басылымның тыныс-тірлігі туралы сұрады. Журналистерді кәсіби мерекелерімен тағы бір мәрте құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айгүл БАЙМЕНОВА.



