Басты жаңалықтар

Еңбек етсең ерінбей…

«Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін-өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды. Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана.

Бұл санаттағылардың арасында мал ұстайтын жеке аула иелері (былайша айтқанда, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен жеке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бөлігін тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті адамдар құрайды».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан.

Арманға жеткен арбакеш

«Еңбек қылмай тапқан мал, дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деген сөз бар. Барлық игілік атаулы еңбекпен ғана келетінін ұмытуға болмайды. Мұны аға ұрпақ жақсы білетін. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар арасында еңбектің қадір-қасиеті кеми бастағандай көрінеді. Олардың санасында аяқ астынан байып шыға келсем деген ұғым бекіді. Кәсіпті жікке бөлу, қайсыбіріне менсінбей қарау  пайда болды. Шын еңбектенсе, қай кәсіппен де мал табуға, мұратқа жетуге болатынын естен шығарып алғандаймыз. Мысалы, қазақтың жігіттерінің базарларда арба сүйреп жүргеніне алаңдаған, тіпті соған қатты қорланған мақалаларды баспасөздерден жиі оқып жүрміз. Соның әсері ме, Сарыағаш шипажайынан оралып келе жатып, Шымкент темір жол вокзалында арба сүйреп, алдымнан шыққан, алпысты алқымдап қалған азаматты көргенде мүсіркеп қарағаным есімде. Ол тілдескен сәтте-ақ, өзінің мына тірлігіне, өмірге риза еместігін жайып салатындай көрінген. Есімі есімде қалды — Әбдірахман екен. Абайдың баласының есімі ғой…

Алайда Әбдірахман мен күткендей әңгіме айтпады, мұң шақпады. Өз кәсібіне ризалық  сыңай танытты. Менің сауалдарыма қайтарған әр сөзінің ауанынан мұны аңғару қиын емес еді.

— Мен бұл кәсіпке қылшылдаған қырық жасымда мәжбүрліктен келдім, — деп бастады әңгімесін ол. — Бұған дейінгі көп күнім малшылықпен өтті. Тауда кеңшардың бір табын сиырын бағатынмын. Бала-шағам өсті, тірлік қиындай берді. Тапқаным қапқаныма жетпеді. Оның үстіне кеңшар айлық бере алмайтын заманға килікті. Қарап өлмеу керек қой енді. Бәрін тастадым да, салт бас, сабау қамшы, қалаға келдім. «Өлмегенге өлі балық жолығып», осы вокзалға жұмысқа тұрдым. Келген-кеткен пойызды күтіп алып, жолаушылардың жүгін тасыдым.  Онда арбам да жоқ. Қолдай тасып, арқалап, ұршықтай үйріліп, зыр жүгірдім. Уақытпен санасқаным жоқ, күн-түн демей жұмыс жасадым. Тамақ ішуге мұрша таппай, вокзал басында нан-пан, су-суанмен қоректеніп жүрдім. Сөйтіп жүріп қол жүгін артатын екі дөңгелекті кішкентай арба сатып алдым. Солай көлігімді жақсарта бердім. Содан бір жылдары жүк сыйымдылығы жоғары мына темір арбаны жасатуға жеттім. Жатпай-тұрмай еңбектенудің арқасында айына 100 мың теңге, жазғы маусымдарда одан да көп табыс тауып жүрдім. Ол кезде бұл көп ақша еді. Тез әлденіп, бірер жылда вокзал жанынан баспана сатып алдым. Оны кеңейтіп үлкен үй салдым. Қаланың өзге аумағынан және бір үй тұрғыздым.Таудағы бала-шағамды көшіріп әкелдім. Қазір екі үйлі жанды бағып отырмын. Жеті баланың алды жігіт болды, бойжетті. Оларды үй қылып шығардым. Бас-басына жеңіл көлік алып бердім.  Кезінде менің велесепетім де болған жоқ. Қазір соңғы отбасымнан дүниеге келген  балалардың өзі мектепке барып жүр. Осы арбаның арқасында  үлкен әулетке ие болдым, дәулетке қолым жетті.

— Арба сүйреу азапты жұмыс қой. Бейнетті көп көрген екенсіз. Бірақ сол ауыр жұмыстың өзі де тоздыра алмағандай, қатарларыңызға қарағанда жас көрінесіз. (Мен мұны  бір қырым еті жоқ, қара жұмыспен шынығып, жарау аттай жарап тұрған, алпысқа таяған азаматқа сүйсінгеннен айтып едім).

— Неге олай дейсіз? Мен мұны ауыр жұмыс деп ойламаймын, — деді Әбдірахман менің бұл пікіріме аяқ астынан қарсы шығып. —Нағыз азапты жұмысты кеңшарда мал баққан жылдарда бастан кешірдім. Сиыр малы баққанды білмейді: қыста да, жазда да азап. Әсіресе, жаз айында шошала тиген сиырлар жан-жаққа бытырап қашады. Жоғалып, ұрланып — мал төлеп жүргенім. Оған қарағанда мына кәсібім —рақат, мезгілімен демаламын, әрі табысты.

— Мұнан басқа өзіңізге ыңғайлы жұмыс болмады-ау деп, қоғамға, үкіметке ренжімейсіз бе?

— Неге ренжимін? Қайта алғыс айтамын осындай қолайлы жағдай жасағанына. Жетім өстім, қолым қысқа болып кезінде оқи алмадым, мамандығым жоқ. Соған қарамастан осындай еңбек ету мүмкіндігінің арқасында бәріне қолым жетіп отыр.  Соған қарамастан, бүгінде менен бай адам жоқ… Бірнеше үйім,  көлігім бар. Кей кездері пойыздан, мезгілсіз уақыттарда, қалада баратын үйі жоқ жолаушылар кездесіп қалады. Үйге алып барып, ауқаттандырып, демалдырамын. Жағдайларына қарай жамбас ақы төлейді. Кейде оған шамасы келмейтін де жолаушылар ұшырасады, оларға тағы ренжімеймін. Қол қайырымым  болсын деймін де, қоямын…

Жол үстінде кездесіп, сұхбаттасқан осы азаматтың әңгімесі менің есімнен көпке дейін шықпай қойды. Адам талаптанса, шын еңбектенсе, қай кәсіппен де мақсатына жетуге болады екен ғой деген тоқтамға келдім. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деген ұлы Абайдың даналық сөздері оралды ойыма.

Ал сол еңбек біздің бейнеткер, жұмыскер жаратылған қазаққа қалайша жат бола бастады? Кешегі кеңес кезінде де айналамыздағы осынша игілікті біздің халық маңдай термен жасаған жоқ па еді! Қаршадай бала косилкаға мініп, шөп шабатын, комбайнға отырып егін оратын. Мал бағып, ата-анасына  қолғабысын тигізіп, жәрдем беретін. Бау-бақша егетін. Еңбекке деген  сол құлшыныстан, қанға сіңген қасиеттен бүгінде қалай айрылып қалдық?

Бұл дәстүрімізді жаңғыртуды Елбасымыз ұдайы айтып келеді. Өйткені өзі де мұратқа еңбекпен жеткен, кәсіби жолын  кеңседен емес, жұмысшы-металлург ретінде бастаған. Демек, бізге өзге елден мысал іздеудің керегі жоқ. Өнегеміз өзіміздің — Елбасымыз.

Сол Президентіміз жүргізген сарабдал саясаттың арқасында қоғамда өзін-өзі еңбекпен қамтудың,  еңбек етіп баюдың, мұратқа жетудің барлық мүмкіндіктері бар. Алайда Елбасы жасаған қоғамдағы осы ахуалды бәріміз бірдей  пайдалана алып жүрміз бе? Оның орнына сұрамсақтық пен жалқаулықтан жұмыссыздықты көбейтіп,  жұмыс, несие бермейді деп, қоғамды орынсыз кінәлаумен көп жүріп қалатынымызды жасыра аламыз ба? Осылай ауылда да, қалада да жағдай, мүмкіндік бола тұра, шаруасын мандытпай жүрген қазақ қаншама! Әрине, тақыр жерден шаруасын оңдап, талап қылып жүргендер де бар.

Дәулет басы — жалғыз сиыр

Осыдан бес-алты жыл бұрын Қобда ауданының Жаңаталап ауылында Оксана Деружко деген әйел үш баласымен нәпақасыз қалады. Не жұмысы, не қорасында малы жоқ ана қатты қиналады. Бірақ қарап отырмай, біреудің сиырын сауады, біреудің үйін сылайды. Олар да құр қол қайырмай, шамаларына қарай азық-түліктен, ақшадан жәрдемдесті. Біздің ағайындардай біреуге құл болатын жайым жоқ деп, арланып, жалған намысқа барған жоқ.

Сөйтіп жүргенде, аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетіп, несие беретін аймақтық қор бар екенін білді. Ақтөбеге келіп, аталған қордың атқарушы директоры Ойрат Қалменовке жолықты. Тиісті құжаттарын өткізіп, алғашқы кезекте 70 мың теңге қарыз алды.

Былай қарағанда, бұл көп қаржы емес қой. Қаладағы тәуір жалақы алатын ағайындардың дүкенге бір кіргенде, кәкір-шүкірге жұмсап жіберетін-ақ ақшасы. Алайда Оксананың қолы берекетті, кәсіпкерлік шаруаға ыңғайы бар боп шықты. Несиеге алған ақшасына екі тайөгіз  сатып алды. Оларды семіртіп сатты. Одан түскен қаржыға екі ұрғашы бұзау сатып алды. Бұған қоса, артылған ақшасы қарызын толық өтеуге жетті.

Келер жылы кәсіпкер әйел екінші мәрте қарыз алды. Бұл жолы 100 мың теңге тиді қолына. Тайөгіздермен бірге, қаздың балапандарын сатып алды. Тағы да тайөгіздерді семіртіп сатып, орнына бұзаулар алды. Ал биылғы жылғы кезекті алған 100 мың теңге несиесіне  қазақы құйрықты қойдың тоғыз қозысын сатып алып қораға кіргізді. Құстың санын үйректің балапанымен толықтырды.

Бүгінде Оксана ауылдағы малды үйлердің қатарына қосылды. Бұлақтай төрт сиыр сауып отыр. Төрт бұзауы және бар. Көп кешікпей ауласынан қой да өретін болады. Тауық, үйрек, қаздың саны көбейді.

Соның арқасында, яғни адал еңбектің нәтижесінде жалғызбасты әйелдің отбасына тоқшылық келді,  өзі де, балалары да жақсы ішініп, киінді. Балалар мектепке ұялмай баратын болды. Бұрынғыдай анау жетпейді, мынау жетпейді дейтін проблема жоқ. Жақында Оксана қазақ азаматына күйеуге шықты. Бұл жолғы серігі шаруамен көзін ашқан еңбекқор жан. Жекенің малын бағып, бірден жұмысқа кірісіп кетті. Енді бір үйде екі шаруа болды. Жеке қожалықтың нығая беретініне күмән келтірудің реті де жоқ.

Мұндай өз еңбегін еміп, жақсы тіршілік етіп отырғандардың мысалын әр жерден де табуға болар еді. Биылғы жылғы 8 наурыз Әйелдердің мерекесінде Елбасы бір топ қыз-келіншектерді, әйелдерді қабылдады. Сол кездесуде алматылық бір кәсіпкер орыс әйел жалғыз сиырмен қалай байығанын айтты. Жалғыз сиырмен шаруа бастап, үлкен сиыр фермасына жеткен. Бүгінде оның фермасы сауда орындарына өнім шығарады екен.

Қазақ «мал балағынан өседі» дейді. Төрт түлік малдың өсімталдығын, табыстылығын айтқандағысы. Сондықтан малдың бейнетінен қашып, ата кәсібімізден ажырамауымыз керек. Дүкендердегі шеттен келіп жатқан қағазға түрген сүт өнімдерімен алысқа бара алмаймыз. Ол бүгінгі ауылдың өніміне жетпейді. Алдамшы нәрсе. Біле білген адамға жұмыс әр ауылда, әр үйдің шарбағында тұр. Елбасымыздың жоғарыдағы аталған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында: «Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе!» деген жолдар бар. Біздің халқымыздың бүгінгі осал жерін дәл тауып, орынды айтылған сөз. Қазақстанның өзге аймағынан жұмыс іздемек түгілі, ауылдан ұзап мал бағуға ерінетін болдық емес пе?  Бұрынғы жылдары мал баққан қаншама ата қоныстарымыз, жайылым, жайлауларымыз қаңырап бос, текке жатыр. Алыссынамыз, ерінеміз, жалқаулыққа салынамыз. Ал жалқаулық, еріншектік шаруаның серігі емес…

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button