Таным

«Қазақстаннанмын» десем, «О, Aktobe!» деп қарсы алады

 

«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Шарипа Бихамбетова — Қазақстан футбол клубтары басшыларының арасындағы жалғыз әйел. Тіпті Еуропа футбол қауымдастығында да ерлер атқаратын қызметте жалғыз өзі көрінеді. Шарипа Шайқамалқызының айтуынша, еуропалықтар Қазақстанды айтса, бірден Ақтөбені есіне түсіреді екен.

 

Ақтөбе — футболдың қаласы

— «Ақтөбе» футбол клубы бірнеше жыл қатарынан Еуропаның футбол алаңдарында айтарлықтай әдемі ойын өрнегін көрсетіп, кәрі құрлыққа танылып қалды деп айтуға болатын шығар?

— Әрине, оған сөз жоқ. Өйткені Еуропа елдеріне бара қалғанымда қай жерденсің деп жөн сұрасамыз ғой. Сол кезде Қазақстаннанмын десем, «О, Aktobe!» деп, менің Ақтөбеден екенімді білмесе де, «Ақтөбе» командасын бірден естеріне түсіреді. Мен соған қарап біздің команданы еуропалықтар да біледі деп ойлаймын. Сол үшін қуанамын да. Қазір Ақтөбе Қазақстанда футболымен мақтанатын қалаға айналды. «Ақтөбе» алғашқы рет ел чемпионы атанғаннан кейін қалада балалар қатары күрт артты. Балаларды былай қойғанда, ересектердің арасында да футболмен «ауыратындар» саны көбейді. Мұны біз Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтетін матчтардан көріп жүрміз. Біздің жанкүйерлеріміз тек Ақтөбеде ғана емес, Алматы, Астана секілді бас қалаларымызда да жеткілікті. Олардың бәрі де ақтөбеліктер, Ақтөбенің патриоттары деп білемін.

— Енді клубтағы қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз?

— Мамандығым экономист болғандықтан облыстағы, қаладағы бірқатар мекемелерде жұмыс істедім. Еңбек жолымды жас маман ретінде ауылда бастадым. Кейін қалаға келдік. Жас болған соң қоғамдық жұмыстарды, оның ішінде жалақы жүрмейтін бастауыш комсомол ұйымының жұмысын да қатар алып жүрген кездерім болды. Еңбектегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігім әсер еткен болар, сол кездегі басшылар құрметпен қарады, мен де олар жұмсаған жерлерге жұмысқа бара бердім.

Ал 2004 жылы «Ақтөбе» футбол клубына бас есепші болып келдім. Кейін 2008 жылы клубтың бас директоры болсайшы деген ұсыныс түсті. Әуелі ерлер атқаратын қызмет қой деп тосырқадым. Бірақ ер, әйел деп не бөлетіні бар, үйренермін деп тәуекелге бел будым. Үйрендім, футбол деген сиқырдың не екенін ұғынып қалғандаймын.

Қалай болғанда да барлық жұмысты бір басшының басшылығына теліп тастауға болмайды. Егер жұмыс жақсы жүріп жатса, мұны бүкіл ұжым мүшелерінің еңбегі деп білуге тиіспіз. Мен өз ұжымыммен мақтан аламын. Өйткені менің директорлық қызметіме бес жыл болған екен, әріптестерім де түгел бірге жұмыс істеп келеді. Бірқатарымен тоғыз жыл бойы бірге еңбек етудемін. Бұл ұжымның ауызбіршілігін көрсетсе керек.

 

Алла бақты сынап береді

— Қазір біз, яғни «Ақтөбе» футбол клубы жұмысты еуропалық стандартпен жүргіземіз. Еуропалықтарда бәрі өзгеше. Кадр мәселесінде де айырмашылық бар. Ал қаржы, есеп-қисап жөнінде есеп беру деген өте күрделі тапсырылады. Әр цифрдың бірнеше астарын көрсетуге тура келеді. Клуб жұмысын жүргізудің арнайы регламенті бар. Барлық атқарылған жұмыс сол регламент талаптарына сай болуы керек. Сондай-ақ жыл сайын лицензия алу кезінде қойылатын талаптар мен міндеттер регламентке қатты бағынады. Ал регламент сақтауда кемшілікке жол берілсе, басшылық сенің көңіліңе ешқандай қарамайды. Тәртіп, ереже қай мемлекеттің болса да клубтарына бірдей саналады.

— Еуропалық клубтардан не нәрсе үйренуге болады? Біздер, яғни қазақстандықтар қандай да бір тәжірибені өзімізде қолданып, жүзеге асырып жатырмыз ба?

— Футбол саласында еуропалықтардан үйренетін іс-тәжірибе өте көп. Ең алдымен айтарым, тәртіп мәселесі. Клубтың ішкі-сыртқы жұмыстары тәртіпке бағынуы тиіс.

Айтқандай, Швейцарияның астанасы Женева қаласында Еуропа футбол клубтарының ассоциациясы орналасқан. Қазақстан да осы ассоциацияға мүше ел болып кірді. «Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан атынан осы қауымдастықтың өкілі болып табылады. Бұл ұйым жылына екі рет семинар өткізеді. Еуропаның ең мықты клубтарының басшылары бас қосқан жиында футболға қатысты барлық проблемалар айтылады. Әр ел өздеріндегі жаңалықтар туралы әңгімелеп береді. Футболдың дамуы, алдағы жоспарлар жөнінде пікірлер ортаға салынады. Бас қосу кезінде жанкүйерлермен қалай жұмыс істеу керектігіне дейін айтылады.

Ал енді не үйрендік деген мәселеге келейік. Еуропа елдерінің бәрінде де балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жөнінде академиялар жұмыс істейді. Еуропаның мықты футболшылары сол академияларда оқып, жаттығып, өсіп шығуда. Сондай академиялар бізде де болса ғой деп ойлайтынмын. Қазір Қазақстанның бес қаласында осындай академия секілді балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту орталықтары құрылды. Біздің «Ақтөбе» футбол клубы жанынан да орталық құрылды. Неміс футболының әдістемесі бойынша жүргізілетін футбол орталығында шет елдік мамандар жұмыс істеп жатыр. Амандық болса, бес-алты жылдың көлемінде бұл орталық жемісін береді деп ойлаймын. Қазір клуб жанында жас ерекшеліктеріне байланысты 10 топ құрылды. Футбол орталығын тек футбол ойнауды үйрету орыны деп түсінуге болмайды. Мұнда балалар футбол ойнауды үйренумен қатар, тұтастай педагогика, психология ілімдерінен өтеді. Футбол дегенің тұрған философия деп те айтуға болады.

Клубқа қарасты топтардың жас футболшылары киіммен, доппен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен тегін жабдықталып отыр. Жарыстарға да клуб қаржысы есебінен барады. Жататын орын, тамақтану, жол жүру шығындарын клуб көтереді. Ата-аналардың қалтасынан ешқандай ақша шықпайды, бәрі тегін. Біз мұндай көмекті, мұндай мүмкіндікті қай уақытта көріп едік? Бұл үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтуымыз керек. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту орталығын ашуды қолға алып, қазір барлық мүмкіндікті жасап отыр.

— Дегенмен жұртшылық командада жергілікті футболшылар қатары аз дегенді айтып жатады. Бұған не дейсіз?

— Әрине, бұл проблема біздің қай-қайсысымызды да ойландырады. Бірақ соңғы жылдары жергілікті футбол мектебінен шыққан талантты жастар көріне бастады. Логвиненко, Лисенков сынды футболшылар негізгі құрамда өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі күні мамандар Вольф, Жалбыров, Айымбетов туралы жақсы пікір білдіруде. Сондай-ақ Дмитрий Мирошниченко мен Санат Шалекенов та жергілікті футбол мектебінің түлектері. Әсіресе он жеті жастағы Абат Айымбетовке ерекше тоқталсам деймін. Жастығына қарамастан, ел біріншілігінде небір майталмандарға қаймықпастан қарсы ойнап, шеберлігімен көрінді. Жартылай қорғаушы ретінде шабуыл өтіне еркін өтіп, гол соғуға пас шығарып беріп жүр. Бас жаттықтырушы оған сеніммен қарап, матчтарда 80-85 минут бойы ойнауына мүмкіндік берді.

Менің жас футболшыларға айтарым: «Алла бақ береді, бірақ сынап береді». Сондықтан болмай жатып болдым деуге, толмай жатып толдым деуге, яғни «жұлдыз ауруына» ұшырауға болмайды. Нағыз «футбол жұлдызына», командамның, елімнің намысын қорғайтын футболшыға айналамын деп ойлайтын жас ойыншы өмір бойы ізденісте, өзін шыңдауда жүруі тиіс. Ал жаттығуға жүрдім-бардым қарап, спорттық шеберлігін арттыруға мән бермеген, күнделікті режимді бұзған футболшыдан мықты ойыншы шықпайды. Атақ-абырой тек төгілген термен ғана келетінін естен шығармау керек.

 

Футбол қызық та қымбат ойын

— Клубта еңбек еткен жылдары футбол туралы қандай да бір ой түйдіңіз бе? Шыныңызды айтыңызшы, бұған дейін футбол туралы қандай ойда болып едіңіз?

— Спорттың қай түрі де қызықты, әрқайсысының өзінің жанкүйері бар. Шынымды айтсам, футболдың не екенін білмеген екенмін. Футболды миллиондардың ойыны деп жатады. Жоқ, футболдың не екенін білмеген екенмін дегенім, «футбол асханасында» әбден піскеннен кейінгі қазіргі пікірім ғой. Футбол — ең қызық жанкүйері көп ойын. Командалық ойын болғаннан кейін мұнда ұжымның әрбір мүшесі, яғни әрбір футболшы жеке шеберліктерімен қатар, бірін-бірі түсіне білу қасиетіне де ие болуы керек. Футбол команда мүшелерінен топтасқандықты, ұйымшылдықты, сезімталдықты талап етеді. Түсіністікпен ойнаған кезде қателік те болмайды, пас та дер кезінде шығарылады, сол кезде ғана гол күте аласың.

«Қаншама қаражат футболға кетіп жатыр» деушілер де табылып қалады. Иә, футбол қызық ойын, сонымен қатар қымбат ойын. Бірақ қымбат болғанымен, оған футболшының қаншама тері төгіледі, еңбек қой тұрған. Қараңыз, бір футболшы 90 минут бойы жүгіреді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 90 минутта футболшы 8-12 мың метр жүгіреді екен. Бір матчта 5 мың килокалорияға дейін энергия жұмсайды. Көрдіңіз бе, мұның бәрі адам ағзасына әсер етеді, футболшының денсаулығы нашарлайды. Жас кезінде аса біліне қоймас, бірақ жасы ұлғайған сайын аурулардың түрі шыға бастайды.

Оның үстіне футболшылар үнемі жол үстінде жүреді. Барған жерінің ауа райы, уақыт айырмашылығы және әсер етеді. Мәселен, команда Грузияға барды. Грузия биік таулы аймаққа жатады. Ауа қысымы өте жоғары. Ауасы ылғалды. Мүлдем өзге ауа райына бір күннің ішінде бейімделіп, төзімділік таныту оңай болмайды. Немесе командамыз Израильге барды. Онда да ауа райы ылғалды. Ал төбеде күн жанып тұр. Киген футболка көлеңкенің өзінде бір-екі сағатта шылқыған су болады. Бірақ матч ойналуы тиіс. 90 минут допқа таласып, жеңіс үшін жан салуға тура келеді.

Жалпы футболшылардың өмірі тәуекелге толы. Аяқ астынан жарақат алып қалуы мүмкін. Ауыр жарақаттарына байланысты қаншама футболшылар қатардан шығып қалып жатыр. Жарақат алмағанның өзінде футболшылар әрі кетсе 35 жасқа дейін ойнайды. Одан кейін не істейді? Қайда барады? Кім оны жұмысқа ала қояды? Жақсы футболшының бәрі бірдей жақсы жаттықтырушы бола алмайды. Жаттықтырушылық орын да көп емес. Сауда-саттыққа икемдері жоқ, өйткені олардың нағыз кәсіпкерлікке бейімделетін жастық шағы футболмен өтеді. Сондықтан футболшылар зейнетақысын да, артына жиған-тергенін де сол футболмен қоштасқанға дейін жасап қалуға тырысады. Футболшы бухгалтер емес, 50-60 жасқа келсе де жұмыс тауып алатын. Сондықтан футболшыға төленген жалақыны көп деп айтуға әсте болмайды.  

Бірақ футболдың өте қызық спорт түрі екенін естен шығармайық. Егер қызық болмаса, миллиондаған жанкүйері болмас еді ғой. Адамдарға қаншама ләззат сыйлайды десеңші! Таныстарымнан «футболды қарауға барғанымда бір демалып қаламын» дегенді естіп жүрмін. Футболды тамашалау да демалудың бір үлгісі.

— Енді отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

— Жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Ұлымыз Тимур бұрын ішкі істер органында жұмыс істеді. Қазір «Ақтөбе» футбол клубында қауіпсіздік жағына жауап береді. Қызымыз Шолпан физика-математика мамандығын алып, аспирантурада оқыды. Кейін кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Шолпанның цехынан шығатын нан, бөлке, тәтті кондитерлік өнімдер қалалықтардың сұранысына ие. Халықтың қажетін өтеп жатқан қызымның еңбегіне, іскерлігіне қуанамын. Кіші баламыз Әнуар аудармашы мамандығын алды. Ана тілімен қатар, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

Жалпы қазақ жастарының қазіргі талпыныстары жақсы. Жастар білсем, үйренсем деп тұрады. Сондықтан футболшы боламын деген жас балаларымыз да шет тілдерін білсе, төрешіге болсын, басқа да футбол маманына болсын өз пікірін еркін жеткізер еді.

        

        Бердібай КЕМАЛ,

«Ақтөбе».

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button