Құқық

«Жариялылық – жұмысымның желісі»

Тікелей телефон

Бектас Бекназаров, облыстық сот төрағасы:

Облыстық сот төрағасымен тікелей телефон байланысы сағат 14.00-ге белгіленгенімен, мерзімді уақыт болмай-ақ мазалаушылар көбейе бастады. Мұның себебі, шамасы, әділдікке зәру адамдардың көптігінен де болса керек. Сондықтан да редакция қонағымен сәлемдесіп үлгерместен-ақ, Бектас Бекназаров мырзаны халықпен байланыстыруға тура келді.

Әділ ТӨЛЕУБАЕВ, Ақтөбе қаласы:

– Практикада алқа төрағаларына баяндама жасалынады. Алқа төрағасы ірі төрағаға мәлім етеді. Негізі алқа төрағалары керек пе? Тек соттың өзі тәуелсіз емес пе? Алқа төрағаларын 5 жылға сайламай, тоқсан сайын алмастырып тұрса болмас па еді?

–  ҚР «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының 31-бабына сәйкес, жергілікті және басқа да соттардың сот алқа төрағаларын Жоғарғы Сот Төрағасының және Жоғары Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша бес жыл мерзімге ҚР Президенті тағайындайды.

Облыстық соттың төрағасына да қадағалау тәртібімен немесе апелляциялық тәртіппен қаралатын азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік істердің мән-жайы баяндалатыны рас.

Бұл баяндама – процессуалдық тәртіп негізінде емес, сол істердің зерттелуінің толық, жан-жақты әрі объективті болуын қамтамасыз етуге бағытталған шара.

Алқа төрағалары – сол саладағы істердің заңдылыққа сәйкес болуына үлкен үлес қосатын процессуалдық маңызы өте зор тұлға. Олардың сот жүйесінде болуы судьяның тәуелсіздігіне ешқандай кедергі жасамайды.

– Жай судьялар алқа төрағаларынан кеңес алады. Ол іс кейін апелляцияға берілгенде алқада қаралады. Сонда жең ұшынан жалғасқандай болып кетпей ме?

Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, тек қана ҚР Конституциясы мен Заңға ғана бағынады.

Әрбір іс бойынша шешім қабылдағанда судья ешкімге тәуелсіз, бұл шешімді тек өзі қабылдайды және ол шешімге тек өзі ғана жауап береді. Шешім өрескел, заңсыз болса, ондай шешім қабылдаған судьяға қолданатын шара да қатал.

Сондықтан шешім қабылдамастан бұрын судья осы бағыттағы заңдардың қолданылуы туралы алқа төрағаларынан кеңес алатын болса, онда мұндай кеңес, оның осы бағыттағы істермен заңды және әділетті шешім қабылдауына көп көмегін тигізеді.

Өйткені алқа төрағалары – кәсіби деңгейі және жауапкершілігі өте жоғары судьялар.

Бұл кеңестің жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтан айырмашылығы да осында.

– КСК мен Кондоминиум арасындағы дауды қай сот шешеді? КСК-дан Кондоминиумға өткенде шарты қандай? Қарыздар кімнің мойнында қалады?

АІЖК-нің 27-бабы бойынша, азаматтық істерді аудандық және оларға теңестірілген сот қарап, шешеді. Ал аталмыш заңның 30-бабына сай, тараптары заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүліктік емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық істерді қарайды.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 42-бабы 7-бөліміне сай, басқа үйлермен бірге үй-жай иелерінің бір кооперативі басқаратын тұрғын үй-жайдың иелері көпшілік болып қабылданған шешім бойынша /кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында/ осы кооперативтің құрамынан шығып, өзінің жеке кооперативін құруға не кондоминиум оъбектісін басқарудың өзге нысанын қолдануға құқылы. Басқадай мәселелер, оның ішінде қарыз мәселелері де осы жалпы жиналыста көпшіліктің даусымен шешіледі.

Жалғас КОРГУЛИН, заңгер:

– Қалалық сотқа адамдар арыз бергенде белгіленген уақытта сот процесі уақытында басталып болмайды. Неге? Қытайда «сағат сатып алғанмен, уақыт сатып алынбайды» деген бар. Осыны реттеуге болмай ма?

Сот процесі тағайындалған уақытынан кешіктірілмей жүргізілуге тиіс, ал сот мәжілісінің сот тарапынан кешіктірілу фактісі болған жағдайда, сіздің сол сот төрағасына немесе жоғары тұрған сотқа судьяның әрекетіне шағымдануға құқыңыз бар.

Айта кету керек, сот процестері, негізінен, судьяның кінәсінен емес, сол процеске шақырылған кісілердің жауапкерсіздігінен кеш басталып, тіпті, кейінге де қалып жатады.

Өкінішке орай, тәртіпке бейқам қарап, шақырылған уақытынан сотқа кешігіп немесе ешбір себепсіз келмей қалатын адамдар аз емес. Сот болса оларды сарылып күтіп отырады, келетін немесе келмейтінін тіпті білмейді де.

Біз қазір сотқа құрмет көрсетпейтін, белгіленген тәртіпті бұзатын осындай кісілерге қатаң шара қолдануды қолға алып жатырмыз. Ол туралы алдағы уақытта талай мәселе де көтеретін боламыз.

–  Соттың қазақша шығарылған шешімдері, ұйғарымдары түсініксіз болып келеді. Қазір сотта іс қарайтын адам компьютермен таңдалатын көрінеді. Сот ісін жүргізуде таза түсініп, қазақша жүргізетіндерді айқындап, бөлектеп қойса…

– ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттар Әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының 10.04.2007 жылғы №169-П бұйрығымен бекітілген ҚР Сот органдарының «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі» бағдарламасы бойынша, аудандық және оған теңестірілген сотта іс жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сай сотқа түскен істер автоматты түрде таратылуға жатады.

Бұл өз кезегінде соттардың тәуелсіз болуын, көпшіліктің «істі таныс судьясы қарады» деген пікірден аулақ болуына ықпалын тигізеді.

Тағы бір айта кететін мәселе, біз өз ана тілімізге үлкен құрметпен қарауымыз керек.

Қазір біздің арамызда мемлекеттік тілді жетік білмейтін қандас судьялар да бар. Біз оларды ана тіліне оқытып, үйретуді де қолға алып жатырмыз.

Күләш ДӘНДІБАЕВАНЫҢ атынан әкесі Сәлімгерейдің сұрағы:

– Ақтөбе қаласы 12-шағын ауданындағы 58-үйде тұрамыз. Бір подъезде 36 пәтер бар. Бізге коммуналдық тұрғын үй қызметін көрсететін «Табыс» ЖШС әр шаршы метрге 15 теңгеден алады, ал тозығы жеткен ескі үйлерде тариф – 10-11 теңге. Жаңа үй емес пе? Неге қымбат, осыны айтсақ, қожайын Бақытжан Кенесарин «сотқа беріңдер» деп шыға келеді.

Өзі жертөледен сырахана ашқан адамнан айына 30 мың теңге алатын көрінеді. Бағаны себепсіз көтергенше сол табысынан төлемей ме?

Егер сіздің немесе басқа да кооператив мүшелерінің үй-жай иелері /КСК/ кооперативі басқармасының іс-әрекетіне көңілдеріңіз толмаса, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 47-бабы 1-бөлімінде «үй-жай /пәтерлер/ иелері кооперативінің жоғарғы органы болып кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы танылатындықтан», аталмыш мәселелер жөнінде мәселені жиналыста қозғауға толық құқығыңыз бар.

Жалпы, жиналыс аталмыш заңның 47-бабы 2-бөліміне сай, жылына бір рет өткізіледі. Алайда кезектен тыс жиналыс басқарманың шешімі бойынша не кооператив мүшелерінің кемінде 20 пайызының талабы бойынша шақырылады.

Мәселе шешілмеген жағдайда кооператив мүшелері сот тәртібімен шағымдана алады.

Дабыл ТӨРЕМҰРАТОВ, Байғанин ауданы Қарауылкелді селосының тұрғыны:

–  2005 жылы інім адам соққысынан қайтыс болды. Кінәлі Бауыржан Бақытов 8,5 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды. Қазір еңбекпен түзеу колониясында. Ешқандай моральдық шығын, материалдық шығын жасалған жоқ. Неге?

– Сіздің сұрағыңызға істің барысы беймәлім болғандықтан, яғни кезінде сот процесі болған уақытта шығындарды өндіру туралы азаматтық талап-арыз берілді ме, егер берілсе, қандай себептерге байланысты шығындар өндірілмегендігі белгісіз болғандықтан, бұл сұраққа іс материалдарымен таныспай жауап беру мүмкін емес.

Бүркіталы ҚОЗЫБАҒАРОВ, Қарғалы ауданы Бадамша ауылының тұрғыны:

–  Ақтөбе қаласындағы күйеу балам Елтай Бижанов машинасын біреуге сатады. Машинасын алады да, ақшасын бермей кетеді. Сот істі қарап, Елтайдың пайдасына шешеді. Бәрібір машинаны алған жігіт үкімді орындамайды. Екі жыл болды. Біздер сот орындаушысына шағымдандық. Олар төлейтін жігітті ұстай алмай жүрген сыңай танытты. Машина алған адамның лауазымды орында танысы бар деп естідім.

–  Барлық сот шешімдері орындалуға тиіс. Оны сот орындаушысы жүзеге асыратыны белгілі. Сондықтан сот орындаушысы өзінің қызметін тиісті түрде орындамаған жағдайда, ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысының мәртебесі туралы» Заңының 87-бабына сәйкес,  өндіріп алушы сот орындаушысының атқару құжатын орындау жөніндегі шешіміне және әрекетіне /әрекетсіздігіне/ немесе оның іс-әрекет жасаудан бас тартуына облыстағы сот әкімшісіне шағым жасауға болады.

Қуаныш ӘЛИЕВ:

– Менің інім Алмабек Әлиев бір адамға қарыз ақша беріп, соны ала алмаған соң сотқа шағымданып, Әйтеке би аудандық сотының шешімімен 2004 жылы 1,5 миллион теңге алуға тиіс еді. Міне, 5 жыл болды, сот шешімі орындалар емес. Облыстық сотқа да, облыстық прокуратураға да, орындаушы сотқа да шағымданып отырмыз. Қараймыз деген уәде бар, нәтиже жоқ. Орындалмаса сот шешімі неге шығады?

– Сіздің берген сұрағыңызда бүкіл органдарға шағымдандым дегенсіз, алайда не жөнінде шағымданғандығыңыз белгісіз. Сот сіздің ініңіздің пайдасына шешіп берген. Шешімді орындау сот орындаушысының қызметіне жататындықтан, сот орындаушысы ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысының мәртебесі туралы» Заңының 12-бабына сәйкес, сот шешімдерін орындауды атқару құжаттары бойынша атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі ай мерзімде аяқтауға тиіс. Сондықтан сотқа сот орындаушысының әрекетіне шағымдануға тиісті едіңіз. Солай болған жағдайда сот тарапынан «қараймыз» деген құрғақ уәде болмайды. Сот талабыңызға қарай шешім шығарады.

Гүлнар АХАН, Шалқар:

– 1990 жылы біреуден үй сатып алғанмын. Үйдің бұрынғы иесі қолымызға сенімхат беріп кеткен. Қазір оның мерзімі бітті. Бірақ әлі күнге дейін үйді өз атымызға аудара алмай отырмыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық сот төрағасына барғанымда он бес жылға дейін күт деген. Үй кітапшасында бұрынғы иелері емес, біздің отбасы адамдары ғана тіркелген. Он тоғыз жыл тұрып жатқан үйімді өз атыма қалай аударамын?

– ҚР АК-нің 240-бабы 1-бөлімінде мүліктің иесі болып табылмайтын, бірақ өзінің жеке қозғалмайтын мүлкіндей он бес жыл бойы не өзге мүлікті кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлікке меншік құқығын алады делінген.

Сіздің сұрағыңыздан сенімхаттың мазмұны белгісіз. Сонымен қатар сіз бұрынғы иесінен сатып алдым дегенсіз.  Мүлікті сатып алған, ол жөнінде құжаттары болған /ақша бергендігі туралы қол хат/, заңды түрде тұрып жатқан адам, заңға сәйкес, үйді өз меншігіне аудару туралы талаптана алады.

Айгүл, Алға ауданының бір топ тұрғындары атынан:

–  Бестамақ ауылына 2008 жылдың басында қаламен тегін сөйлесетін «СИМ» жүйесі орнатылған еді. «Қазтелекомнан» да тиімді деген соң, көп шаңырақ 20 мың теңге төлеп, осы жүйені қондырып алды. Біз үшін тиімсіз, қайта «Қазтелекомға» ауысайық десек, тағы 10 мың теңге төлеу керек дейді. Жөнін сұрасақ, «Қазтелеком» мен «СИМ» арасында келіспеушілік бар дейді. Солардың кесірінен қарапайым халық күюі керек пе?

– Кез келген жағдайда, заңға сәйкес, қызмет көрсетуші мен тұтынушының арасында келісім-шарт жасалынатыны белгілі. Олай болса, онда қызмет көрсетудің міндеттері мен шарттары көрсетілуге тиіс. Сіздің сұрағыңыздың мазмұнынан «Қазтелекомның» қызмет көрсетуінен өз еркіңізбен шыққандығыңыз көрінеді. Яғни келісім-шарт сіздің бастамаңызбен бұзылды. Енді қайта келісім- шартқа отыру үшін сол келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындауға тиістісіз.

Самал СЕЛБАЕВА:

– Үй сатып алдым. Ақшасын төледім. 150 мың теңге үй қарызымен алдым.

Үйдің ақшасын төлемеді деген өтірік желеумен сырттай қалалық соттан шешім шығартып, үйдің иесі үйді қайтып алды. Алаяқ болып шықты. Енді қайтемін?

– ҚР АІЖК-нің 264-бабы 1-бөліміне сай, жауапкер сырттай шешім шығарған сотқа өзі шешімнің көшірмесін алған кезден бастап бес күн ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.

Сіздің сот отырысына келмей қалуыңыздың дәлелді себептері болып және мүліктің өзіңізге тиесілі екендігін дәлелдейтін құжаттарыңыз болған болса, жоғарыда көрсетілген мерзімде шағымдана алатын едіңіз.

Әзия ДИМАҒАМБЕТОВА, Кеңқияқ поселкесінің тұрғыны:

–  Мен 2008 жылы Ақтөбеден үй салуға жер алғым келіп, өзін әкімшілік қызметкерімін деген Елеусізова деген адамға оның айтуымен 860 мың теңге бердім. Енді ақша да жоқ, Елеусізова да ұстатпайды. Не істеуім керек?

– Сіз шамасы алаяқтың арбауына түсіп қалған болуыңыз керек. Өйткені жер алып беремін деп әкімшілік қызметкерінің сізден ақша алуға құқы жоқ. Жер қолма-қол ақша төлеп алатын дүкендегі тауар емес. Сондықтан да сіз уақыт алдырмай, тездетіп қаржы полициясына шағым беріңіз. Әзірге сотқа шағымданып уақыт алдырмаңыз.

Айдек ӘЛІМЖАНОВ, Әйтеке би ауданының тұрғыны:

–  Сот саласында қызметке алуға мораторий жарияланды ма?

–  Қазіргі әлемдегі дағдарысқа байланысты мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алуға жылдың аяғына дейін мораторий жарияланды. Алайда ҚР «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі» туралы Конституциялық Заңына сәйкес, жергілікті және басқа да соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос орынға орналасуға өтініш берген, заң талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын сот саласында анықтау бөлімі болып еді, ол кейін ішкі істер бөліміне берілді. Қайтадан сотқа беріле ме?

Анықтау бөлімінің сотқа берілетіндігі жөнінде әзірше заң қарастырылмаған.

Мейрам СМАҒҰЛОВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны, 1-топтағы мүгедек:

– 1996 жылы Ақтөбе-Хромтау тас жолында жүргізуші Аманай Жолаушыбаевтың  көлігімен апатқа ұшырадым. 2001 жылы 14 мамырда қалалық сотқа арыз беріп, судья Қанатова қарап, мен жүргізушіден талап еткен 300 мың теңгенің орнына 70 мыңнан артық бере алмайды, жағдайы жоқ деп үкім шығарды. Жолаушыбаев соның өзін бірнеше рет бөліп шаққа берді. Артынан білсем, ол Қарабұтақ орман шаруашылығының директоры екен. Сол кезде иелігін басқа адамға өткізген де, кейін өз атына қайтып алыпты.

Ол маған өмір бойы жәрдем беру керек деймін. Осыны қалай шешуге болады?

– Сіздің сұрағыңызға іс материалдары болмағандықтан, нақты жауап беру мүмкін емес. Алдымен шығарылған үкімнің неге негізделгендігін, сараптама қорытындысын және сіздің мүгедектігіңіздің дәл осы апатқа байланысты екендігін дәлелдейтін құжаттардың болған-болмағандығын анықтау қажет.

* * *

Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №7 орта мектептің мұғалімі Молдабай Ордабайұлы  Ержановтың судья Ж. Қуанышевтың іс-әрекетіне және өз қызмет орнын алуға көмектесуді сұраған жазбаша шағымында Мұғалжар аудандық №2 сотының  2008 жылғы 23 қазандағы шешімімен келіспейтіндігін, судьяның істі дұрыс жүргізбегендігін, жоғарғы сатыдағы соттарға шағымданғанмен еш нәтиже болмағандығын айта келіп, өзінің қазіргі жұмысына көңілі толмайтындығын, өзінің жұмыста абыройлы болғандығын, ата-аналар тарапының мұны қолдайтындығын айтып, өз жұмыс орнына орналастыруға көмектесуін және судья Ж. Қуанышевтың іс-әрекетіне баға беруді сұраған.

– Іс материалдарына қарағанда, сізді атқарып жүрген жұмысыңыздан сәл өзгешелеу, бірақ еңбекақыңыз сол бұрынғыша қалдырылған қызметке ауыстырған. Бірақ сіз өз шағымыңызда мәселе еңбекақыда емес, сүйіп жасайтын жұмыста екендігін, жұмысыңызда еш кемшілік болмағанын баса көрсеткенсіз.

Алайда аталмыш сот шешімінде жұмыс беруші тарапынан кемшілік кетпегенін көрсетіп, яғни ҚР Еңбек кодексінің 47-бабы 1-бөліміне сай, белгілі бір жұмыс орнындағы жұмыстың өзгеше еңбек жағдайларын қоспағанда, қызметкерді басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға не оған еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық кәсіп, біліктілік шегінде басқа жұмысты тапсыруға қызметкердің келісімі талап етілмейді делінген негізге сүйенген.

Сондықтан сіз өзіңіз көрсеткендей, сізді бүкіл ата-ана, ұжымның басым бөлігі сіздің бұрынғы жұмысыңызда болғандығын қалайтын болса, жоғары тұрған әкімшіліктеріңізге осындай талаппен шығуларына әбден болады. Сонымен қатар талап қанағаттандырылмаған жағдайда ұжым болып сотқа шағымдана алады.

Ал сіздің судья Ж.Қуанышевтың іс-әрекетіне дер кезінде жоғары тұрған сотқа арызданған не арызданбағаныңыз шағымыңызда көрсетілмеген.

Сотта судьяның тарапынан құқығым бұзылды деген әрбір сотқа қатысушы тараптың соттың іс-әрекетіне дер кезінде шағымдануына болады.

***

…Белгіленген екі сағат өткеннен кейін де телефонға тыным болған жоқ. Тікелей телефон жұмысы барысында оқырмандарымыздан он алты сауал қабылданды, ал алдын ала редакцияға да осыншама сұрақтар түсті. Әйтеке би ауданынан Әділбек Ізбасаров, Өтеген Бекпанов, Байғанин ауданынан Мирамгүл Әлібекова, Иван Ізімов, Шалқар ауданынан Ақерке Бақытжан, Жайнагүл Қалжанова, Хромтау ауданынан Мәрия Қосаева, Мұғалжар ауданынан Едіге Жұбанышев, сондай-ақ Әбілмәжит Имашев, Тұманбай Келбетов, тағы да басқа азаматтардың сауалдары төраға тарапынан нақты жауапқа ие болды.

Сот төрағасымен тілдескісі келетіндер тіпті де аз емес екен. Сондықтан да Бектас Бекназаров алдағы уақытта да «Ақтөбе» газетімен бірлесе жұмыс істеуге, көпшіліктің сауалдарына осы басылым арқылы жауап беріп отыруға дайын екендігін білдірді.

***

Сөз арасындағы сұхбат

Диссертация тақырыбым  – компьютерлік қылмыстарға байланысты

Облыстық сот төрағасы Бектас Бекназаровпен тікелей телефон байланысы бір сәт толастаған аракідік үзілістер кезінде сұхбаттасып, бірнеше сауалдарымызды қойып үлгердік.

– Сіздің алдыңызда қызмет істеген бірнеше сот төрағалары тұсында қолайсыз жағдайлар орын алғаны жұртшылыққа мәлім. Осындай ахуалдан соң жұмыс істеу сізге қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Жеке басым ондай моральдық қиындықты сезініп жатқан жоқпын. Біз үшін ең бастысы – әділеттілікті орнықтыру, сондықтан барлық іс-қимылдарымыз осы тұрғыдан өрістеуі қажет деп ойлаймын. Басқалай себептерге алаңдауымызға еш негіз жоқ.

Менің байқағаным, біздің облыстық сот ұжымы бұрыннан негізі қаланған, кәсіби біліктіліктегі жоғары деңгейлі сауатты мамандардан қалыптасқан.  Олардың арасында әділдік үшін жанын салып күресетін, қиянатқа жүрегі ауыратын азаматтар аз емес. Басшы болғаныңмен ұстанған бағытыңды әріптестерің қолдап жатпаса, қиындық сонда туындар еді.

Мен мүмкіндігімше бұрын орын алған олқылықтарды еске алмауға тырысамын, оның есесіне алғы күннің шаруасы дұрыс болуын қарастыруымыз керек қой. Біз – ең алдымен халық қызметшісіміз. Соны ұмытпағанымыз ләзім.

– Өмірбаян деректеріңізден қысқаша айтып өтсеңіз.

– 1983 жылы Казақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітіргенмін. Өзім Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келдім. Кейін осы ауданда сот жүйесінде басшылық қызмет те атқардым.

Атырау өңірінде облыстық соттың төрағасы болдым. Алматыда қалалық мамандандырылған қаржылық сотының төрағасы қызметінен келдім осында. Ілгеріректе Жезқазғанда да жұмыс істедім.

Үш балам бар. Зайыбым Райгүл банк саласында қызмет атқарады. Үлкен қызым Баян Алматы мемлекеттік университетінің мұғалімі. Ұлым Нариман Жоғарғы сотта қызмет атқарды, қазір Англияда ірі компанияда тағылымдамадан өтуде. Үш тілді еркін біледі. Раушан Басқару жоғары оқу орнында оқиды. Әрқайсысынан бір-бір немерем бар.

Санкт-Петербург университетінде компьютерлік қылмыстарға байланысты кандидаттық диссертация қорғадым.

– Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен байланысыңыз қалай?

– Осында келгелі журналистермен бірнеше рет жүздесулер өткіздім. Өзіміздегі баспасөз орталығының жұмысын жандандыруға көңіл бөлудемін. Баспасөз орталығының жетекшісі етіп Гүлнәр Әлімбаева деген судьяны тағайындадым.

Мен Атырауда еңбек еткенімде «Әділ сөз» деп аталатын газет шығаруға ұйытқы болғанмын. Мың дана таралыммен жұртшылық қолына тиіп тұрды. Бұның бәрі жариялылық үшін қажет. Көпшілік жұмысымызды біліп отырсын.

Алдағы уақытта да осындай үрдістерді үзбейміз. Телевизия мүмкіндіктерін кеңірек пайдаланғымыз келеді.

– Қазір әділдік іздеген адам көп. Олар сіздің қабылдауыңызға кіре ала ма?

–  Менің есігім жұртшылық үшін ашық деп есептеуге болады. Шағымданушыларды қабылдау үшін арнайы уақыт белгілеп қойдым. Қабылдау дүйсенбі күні сағат 16.00-ден бастап жүргізіледі. Ешқандай кідіріс болмайды. Қарапайым адамдар өз құқықтарын біле бермейді. Біреу былай десе, соған ере салады. Сондықтан да азаматтардың құқықтық сауатын мектептен бастап ашып, үйретуіміз керек.

Бізде сенім телефоны жұмыс істейді. Егер қандай да бір мәселе туындай қалса, көпшіліктің 55-27-97 телефонына хабарласуларына болады.

Тағы бір жаңалық, консультациялық бөлім ашып, бір маманды сонда отырғызып қойдық. Сотқа қалай арыз беруге болады, басқа да сауалдар туындаса, облыстық соттағы 10-кабинетке келсін.

Қазір судьяларға қатаң талап  қойып отырмыз. Судья әдебі жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істейді. Осы реттен 3 судья өз өтініштері бойынша қызмет орындарын босатты.

Көпшілікке айтарым – жұртшылық әділдікке сенсін. Ол үшін өздерінің құқықтарын аяққа таптатпайтындай етіп ізденсін, қарапайым заңдылық сауаттарын ашсын.

Тікелей телефонда кезекшілік еткен Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button