Басты жаңалықтар

Балалар қайда демалады?

 

Балалар жыл сайын жаз қызығын төл мерекелерімен бастайды. Одан соң қала баласы ата-әжесінің ауылына, ауыл баласы қалаға, енді бірі лагерьлерге баруға асығады. Биыл қала сыртындағы лагерьлердің кейбірі өз жұмысын 2-маусымнан бастайды. Биыл балалар қайда демала алады? Сонымен…

Облыстық білім басқармасының мәліметінше,  әдеттегідей биыл жазғы демалыс маусымында аудандарда — 3, қала сыртында — 5, сондай-ақ облыстағы барлық мектептердің жанында лагерьлер жұмыс істейтін болады. Мұнда облыс бойынша 98 531 бала көңіл көтеріп, демалыстарын қызықты өткізеді. Оның ішінде, 24 078-і — әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары. Яғни басқарма тарапынан ең әуелі көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың демалысын тиімді өткізуге басты назар аударылып отыр. Сондай-ақ балалар қосымша білім беру бағытында ұйымдастырылатын 90 түрлі үйірме және 45 аула клубтарына бара алады.

Қосымша білім беру мониторингі және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Ләззат Рсалина:

— Жылдағыдай биыл да әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларының жағдайы ескеріліп, мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалуына мүмкіндік қарастырылады. Негізінен мектеп жанындағы лагерьлерде демалу құны тамақтануын қосқанда — 11 991 теңге. Үш рет тамақтанады. Ас мәзірі санитар-эпидемиологтармен бірге әзірленеді.  Балалардың таңғы сегізден кешкі беске дейінгі күн тәртібі де санаторийлік және сауықтыру кешендеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жасалады. Сондай-ақ тек маусым айы бойы барлық мектептер жанында ойын алаңдары жұмыс істейді. Мұнда күндіз ғана болатын балалар тек мәдени-спорттық бағдарламаларға қатысып, музейлерге, «Алақай» қуыршақ театрына, планетарийге барады,  дейді.

Биыл Ойыл ауданының орталығында «Жас қайрат», Шалқар ауданының орталығында «Тұлпар» лагерьлері балаларға есте қаларлықтай жаз ұйымдастырмақ. Бұдан басқа Хромтау ауданындағы Дөң кен байыту комбинаты қызметкерлері мен жұмысшыларының балалары «Мұғалжар» лагерінде, ал облысымыздағы мұнайшылардың балалары Ақтөбе қаласы аумағындағы «Мұнайшы» лагерінде демалатын болады. Бұлардан басқа Ақтөбе қаласы маңында 4 лагерь ұйымдастырылып отыр. Осы лагерьлер туралы кеңірек әңгімелейік….

Россовхоз елді мекеніне жақын орналасқан 120 орындық «Достық» лагеріөз жұмысын 5 маусымнан бастайды. Лагерь маусымы — 4 кезең. Бір кезеңнің ұзақтығы — 12 күн. Балалар мұнда бес мезгіл тамақтанады. Маусымдық жұмыстар ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық және туристік-спорттық бағыттар бойынша өтеді. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын он екі күн үшін балалар 33 мың теңге төлейді.  Байланыс телефондары: 8 7132 22-10-35, 90-79-19.

Кірпішті елді мекенінде орналасқан «Әсем» лагері 3 маусымнан бастап балаларды 6 кезең бойы қабылдайды. Мұндағы бір кезеңнің ұзақтығы  — 14 күн. «Әсемнің» басқа лагерьлерден ерекшелігі — тренажер залы, бейне залы, 6 теледидары,  кітап қоры 5 мың дана көркем әдебиеттен тұратын кітапханасы бар. Мұнда да балалар бес мезгіл тамақтанады. Лагерь сауықтыру және дәрумендермен емдеу бағытын ұстанады. Байланыс телефондары: 8 7132 96-94-29.

Ақтөбе жанындағы «Украинка-1» селосына жақын орналасқан «Энергетик» лагері 2 маусымнан бастап 6 кезең бойы балаларға қызықты демалыс ұйымдастырмақ.  Он екі күндік бір кезеңде демалғысы келетіндер 30 мың теңге қаражатын дайындағаны абзал. Мұнда екі спорт алаңы, 20 түрлі спорт жабдықтары, 2 теледидар бар. 9 түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді. Балалар бес мезгіл тамақтанатын болады. Байланыс телефондары: 8 7132 50-36-62, 24-91-82.

Ақтөбе қаласындағы Қарғалы өзенінің жағалауында орналасқан «Восток» лагері 10 маусымнан бастап бес кезеңге балалар қабылдайды. Он екі күндік тиімді жазғы демалыстың құны — 38 900 теңге. Бір бөлмеде 4 баладан орналасады. Мұнда да бес мезгіл тамақ беріледі. Лагерьден елу метр қашықтықта жеке жағажайы бар.

Байланыс телефондары: 8 7132 50-00-59, 50-29-21.

Қашан да ойын балалары қалайда жазғы демалыстарын қызықты, көңілді өткізуді қалайды емес пе. Ал ата-аналары қалталары көтергенше балаларының тілегін орындауға тырысады. Биыл лагерьлердің көбі дайындық жұмыстарын пысықтап, балаларды 2 маусымнан бастап қабылдайды. Ал сіз балаңыздың қайда демалатынын шештіңіз бе? Әлі ойлана қоймасаңыз, жазғанымыз керегіңізге жарап қалар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Лагерьлер санитарлық талапқа сай ма?

 

Қалалық Оқушылар сарайында ҚР ДСМ мемлекеттік-санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті облыстық білім басқармасымен бірігіп облыстық семинар өткізді.

Семинарға қатысқан санитар-эпидемиологтар, дәрігерлер, судан құтқару және өртке қарсы қызметтің мамандары лагерьлер мен сауықтыру мекемелерінің тазалығы, тағамнан улану және төтенше жағдайлардың алдын алу туралы әңгіме өрбітті.

Облыс бойынша осы жазда қала сыртында 9, мектеп жанында 364 лагерь жұмыс істейді. Олардың бәрінде де балалар ыстық тағам ішеді. Сондықтан да жазғы демалыс ұйымдастыратын мекемелерде тиімді тамақтану, шағатын жәндіктерге қарсы күрес жүргізу, лагерь қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтуі, ауыз су және суға түсетін орынның санитарлық-эпидемиологиялық тазалығы алдын ала пысықталуы тиіс. Осы мақсатта жұмыс басталғанға дейін санитар-эпидемиологтар су құбырын дезинфекциялап, лагерь территориясына да тазалық жұмыстарын жүргізіпті.

Жазғы маусымда қанша лагерь балаларға есігін аша алады? Лагерьлер санитарлық талапқа сай ма? Қала сыртындағы 9 лагерьдің — екеуі, ал мектеп жанындағы 364 лагерьдің 158-і ғана санитар-эпидемиологтардан оң шешім алыпты. Бұл туралы семинарда ҚР ДСМ мемлекеттік-санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті мектепке дейінгі, балалар және білім беру объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Лаура Қаналина айтты.   

— Былтыр санитарлық бақылау кезінде санитарлық-дезинфекциялық тәртіптің бұзылуы, тамақ сақтау ережелерінің сақталмауы анықталды. Сондай-ақ уақытында медициналық тексеруден өтпеген 5 қызметкер жұмыстан босатылды. Мәртөк ауданындағы бір мектеп жанындағы лагерьде ауыз су сынамасына зертханалық зерттеулер жүргізген кезде ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Бұл дерек бойынша жауапты тұлғаларға 34 айыппұл салынып, 16 ұйғарым берілді, — дейді Лаура Қаналина.

Семинар барысында басқа да жауапты қызметтердің мамандары өз тараптарынан лагерьлердің жұмысқа дайындықтарын пысықтады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

«Балдәурен» мен «Улыбка»

 

3 маусымда Ақтөбедегі №1 орта мектепте жазғы демалыс лагері салтанатты түрде ашылды.

Лагерь басшысы Лаура Құламанова мен тәлімгерлер ашылу салтанатына тиянақты әзірленген. Мектеп ауласы түрлі түсті шарлармен, гүлдермен безендірілген. Кеше ғана оқу жылын аяқтаған балалар демалысқа шығып, жүздері бал-бұл жанып, сапта тұр. 

Мектеп директоры Жездігүл Мұханова балаларды лагерьдің ашылуымен құттықтап, демалыстарын тиімді әрі қызықты өткізулерін тіледі. Одан соң оқушылар өнерлерін көрсетті. Эстафеталық жарыстар өтті. Ал озып шыққандар мен өнерлілерге кеш жүргізушілері — Тазша бала мен Буратино  сыйлықтар табыстады. Түрлі түсті бормен сурет салу жарысы да керемет өтті. Мектеп ауласы балалардың асфальтқа салған суреттерімен жайнап кетті.

Лагерьге негізінен аз қамтылған отбасының балалары қабылданды. Олар лагерьде тегін демалады. «Балдәурен», «Улыбка» атты екі топта барлығы 35 бала бар. Әр топқа мектеп мұғалімдері арасынан тәрбиеші-тәлімгерлер тағайындалған. Олардың бір ай уақытта жүргізетін жоспарында саяхаттар, танымдық ойындар, қызықты тақырыптық кештер, бассейнге бару секілді қызықты да тиімді шаралар қамтылған. Лагерьдегі демалысты есте қаларлықтай ұйымдастыру мектеп ұжымының дәстүріне айналған.

Аян БИМАНОВ,

тәлімгер.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button