Жаһандық дағдарыстан шығу жолдарын іздеген жиын

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VІ Астана экономикалық форумының аясында Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті.
БҰҰ-ның қолдауымен тұңғыш рет өткізіліп отырған Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияны (БДҚК) өткізу бастамасын алғаш рет күн тәртібіне қойған да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сөйтіп, Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер, сарапшылар және іс басындағы мамандар әлемдік экономиканың жаһандық дағдарыстан шығу жолдарының түйінді проблемаларын тілге тиек етті.
Ерке Есілдің жағасындағы осынау бір әсем де сәулетті қалада, салтанаты жарасқан сәнді Тәуелсіздік сарайында осымен алтыншы рет әлемнің ең озық ақыл-ойының өкілдері, саясаткерлер, экономистер, сарапшылар жаһандық маңызды үнқатысу алаңында бас қосып отыр, деді пленарлық отырыстың модераторы, «Euronews» телеарнасы Вашингтон бюросының тілшісі Стефан Гробе конференцияны ашу салтанатында. Одан әрі ол бүгінде жаһандық экономиканы тұқыртқан әлемдік дағдарыс тудырған тәуекелдерді атай келіп, осы бір тығырықтан шығу жолдарын іздеудегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз бастамаларын ерекше атап көрсетті. Дүние жүзінің мыңдаған дуалы ауыз сарапшыларының үнқатысу алаңына айналған Елбасының «G-Global» бастамасының жаһандық дағдарыстың себеп-салдарларын бірлесе іздестірудегі өлшеусіз рөліне тоқталды. БҰҰ-ның тікелей қолдауымен өтіп отырған бүгінгі конференция да реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екендігін атап өтті.
Форум өткізу тәсілі тұрғысынан да, мазмұны жағынан да ерекше үнқатысу алаңына айналды. Біріншіден, оның дағдарыспен күрестің жаһандық жоспарын жасауға ұмтылысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының қолдауына ие болды. VІ Астана экономикалық форумымен қатар БҰҰ-ның аясында тұңғыш рет Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өткізілуде, деп бастады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырыстың ашылу салтанатындағы сөйлеген сөзін. Айтулы жиынға қатысушыларға шынайы сәлем жолдай отырып, оған қолдау білдіргені үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы мен оның құрылымдық бөлімдеріне ризашылығымды айтқым келеді. Екіншіден, форум ашылғаннан бергі бес жылда оған қатысушылардың саны күрт артты. Бүгін форум мен конференция 10 мыңнан астам қатысушының, оның ішінде 132 елден келген 3 мыңға жуық шетелдік қонақтардың басын қосып отыр. Үшіншіден, мен Астанада өз клубтарын құрғандар үшін және форумға барынша қолдау білдіріп, белсене қатысқандар үшін ғұлама ғалымдарымыз – Нобель сыйлығының лауреаттарына айрықша ықыласымды білдіремін. Төртіншіден, «G-Global»-дың интернеттегі коммуникативті алаңының қызметі Астана форумын үздіксіз онлайн талқылаудың орталығына айналдырды. Оған ғаламдық желінің 120 мыңнан астам тұрақты тұтынушысы қатысуда. Бесіншіден, Астана форумының әлеуеті арта түскеніне басқа да айғақтар арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, бір жыл бұрын мен осы мінберден «G-Global» атты ХХІ ғасырдың жаңа әлемдік құрылымы идеясын ұсынған едім. Бүгінгі таңда тек «Google» ақпарат іздеу жүйесінің өзі осы терминге қатысты миллиардқа жуық сілтеме жасайды. Мен Астана форумы мен Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция аясындағы пікірталастардың қорытындысына аймақтық және жаһандық деңгейдегі сұраныстың арта түсеріне сенімдімін.
Одан әрі Елбасы бүгінде әлемдік экономика тап болып отырған жаһандық қиындықтарды тілге тиек етті. Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын белгілеу үдерісі барысында соңғы жылдары өзіміз бетпе-бет келген бірқатар маңызды сабақтарды ой елегінен өткізуіміз керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, өткен жылдың соңында бүкіл әлем ХХІ ғасырдың жаһанданған экономикасының бірінші дағдарысы тарих қойнауына кеткеніне сенгендей де еді. Бұл туралы бізді көптеген қаржы институттары барынша сендіріп бақты. Алайда әлемнің үкілі үміті ақталмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің күйреуі бүкіләлемдік экономикалық тұрақтылық дәуірінің ауылы алыс екенін көрсетті.
Мен «Кипр оқиғасы» мен жаһандық дағдарыстың арасындағы байланысты жоққа шығаратын бағалардың бар екенін де білемін, деді одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев. Алайда нақты фактіні ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті экономикадан аздаған хабары ғана бар көптеген тұтынушылардың өзі осыдан бес жыл бұрынғы америкалық ипотекалық агенттіктердің күйреуі мен кипрлік банктер проблемаларының бір-біріне ұқсас екенін оңай ажыратады. Бұл ең алдымен қаржы көбіктерін жасанды түрде «үрлеу» және «жеңіл ақшаға» деген құмарлық, жаһандық қаржы жүйесін басқарудағы әлсіздік, ұлттық қаржы институттарының тиісті жауапкершілігінің жоқтығынан болып отыр. Іс жүзінде осы және жаһандық дағдарыстың басқа да тұғырлы кемшіліктері әлі күнге дейін жойылған жоқ. Ал бұл жаһандық дағдарыс аяқталды деп айтуға әлі ертерек екенін көрсетеді.
Одан әрі Мемлекет басшысы ұлттық дәрежеде жасалған дағдарысқа қарсы кейбір күрес шараларының да жаһандық рецессияға ұрындыратындығын атап көрсетті. Әрине, кез келген дағдарыс жағдайында мүлде әрекетсіз қалмай, іс-қимыл жасаудың артық екендігі сөзсіз. Қазақстан өз кезегінде дағдарысқа қарсы тиімді күрес жоспарын жүзеге асырғандығы белгілі. Ол жұмыс орындарын сақтауға және экономиканың өсу динамикасын сақтауға мүмкіндік берді, деп жалғастырды сөзін Елбасы. G-20 тобы шеңберінде жасалған дағдарысқа қарсы ұсыныс-пікірлердің барлығы бірдей орындалған жоқ. Осындай жағдайлар әлемдік сауданың өсімін тежеді, жаһандық және өңірлік рыноктардағы бағалардың төмендеуіне әкеп соқты. Сондай-ақ адамдардың әлеуметтік көңілкүйі күрт төмендеді. Жаһандық жұмыссыздық өсіп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша, үстіміздегі жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 200 млн. адамнан асады. Биылғы жылдың басында Еуропада 26 млн. адам жұмыссыз болған. Бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары.
Одан әрі Мемлекет басшысы жаһандық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын жасау барысында бүкіл әлемде сенімге қатты көлеңке түсіп отырғандығын естен шығармау керек, деді. Мен жаһандық дағдарыс ең алдымен сенімге деген дағдарыстан басталғандығы туралы пікірмен келісемін. Бүгінде жаһандық қаржы институттары мен ұлттық мемлекеттер арасында, қаржы саласының субъектілері мен нақты экономика арасында, мемлекеттер арасында сенім жоқ. Барлығы үшін бірдей сенім орнықпайынша, қандай да болмасын дағдарысқа қарсы жоспардың іс жүзінде кезекті «жыртықты жамау» болып қалатындығына сенімдімін.
Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі өз сөзінде қаржы секторы жаһандық дәрежеде де, ұлттық дәрежеде де нақты өндірістен қол үзіп кеткен жағдайда дамуы мүмкін емес екеніне баса назар аударды. Сонымен бірге, Елбасы соңғы жаһандық дағдарыстың көп өлшемді ауытқымалылығын да атап көрсетті. ХХІ ғасырда әлемге жаңа экономикалық модель қажет, деп жалғастырды одан әрі сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Ол ең алдымен алдау-арбау, жауапсыздық және талан-таражға салу болмайтын әділ де адал әлемдік қаржы жүйесіне негізделуге тиіс. Адамзат өндірген өнімдер қоғамның әрбір мүшесінің гүлденуі және бақыты үшін жұмсалуы керек.
Одан әрі Елбасы Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде болып жатқан ішкі қақтығыстардың әлемдік экономикаға ауыр салмақ түсіріп отырғандығына тоқталды. Жаңа жаһандық экономиканың әлемде жаңа ашық та әділ тәртіп орнағанда ғана тиімді болатындығын алға тартты.
Осыдан бір жыл бұрын мен осы форумның мінберінен «G-Global» идеясын ұсынған едім. Бүгін мен оған қызу қолдау көрсеткендерге алғысымды білдіремін. «G-Global»-дың басты мақсаты әлемдік дамудың жаһандық парадигмаларын бейберекет өзгерту үрдістеріне тиімді оң баламалар ұсыну болатын. Ол бес қарапайым да түсінікті қағидаттың біріктіруші әлеуеттеріне негізделген. Еске сала кетсек, олар: біріншіден, эволюция және саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту; екіншіден, әділеттілік, теңдік, консенсус; үшіншіден, жаһандық толеранттылық және сенім; төртіншіден, жаһандық транспаренттілік; бесіншіден, жүйелі көптектілік. Міне, осы негіздерде ХХІ ғасырда кез келген жаһандық проблема бойынша тиімді үнқатысу және шешімге қатысушылардың барлығы үшін қолайлы жол табуға толық мүмкіндік бар. Бүгінде әлемге жаңа жаһандық қаржы-экономикалық жүйесі және тиімді жаһандық қауіпсіздік, оның ішінде ядролық қауіпсіздік құрылымы қажет. Бұл ретте өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаһандық үнқатысуды жалғастырудың орасан зор әлеуеті бар. Осы орайда мен «G-Global» бастамасын қолдаушылардың қатары арта түсетіндігіне сенімдімін. Бұл идеяны одан әрі дамыту үшін Рим немесе Мадрид клубының үлгісі негізінде «G-Global»-дың Қамқоршылар кеңесін құруды ұсынамын. Оның шеңберінде болашақтың тұғырлы идеяларын қаржыландыру керек.
Мемлекет басшысы одан әрі соңғы екі онжылдық көлемінде ғана әлемдік саяси картада пайда болған Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін тілге тиек етті. 2012 жылы Бүкіләлемдік банктің «бизнесті жүргізу» рейтингі бойынша біздің еліміз 49-шы орынды иеленсе, «инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша 10-шы орынға шықты, деп атап көрсетті Елбасы. Бүкіләлемдік экономикалық форум белгілеген бәсекеге қабілеттік рейтингі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 51-ші орынды иеленеді. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын мен күн тәртібіне қойған еліміздің әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы міндетті орындауға жақын қалдық.
Біздің қазір Жаңа саяси бағыт – «Қазақстан-2050» Стратегиясын белгілегенімізді білесіздер, деп жалғады сөзін Елбасы. Бұл Стратегияның басты мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналдыру. Бұл даму өскелең инновациялық экономикаға және әлеуметтік қағидаттарға негізделетін болады. Бұл реттегі ең бастысы – «экономика – энергетика – экология» атты үш негізгі тұғырлардың жүйелі түрде дамуы болмақ. Бұл – алыста сағым қуған елес емес, нақты адамзаттың жоғары сұраныстарына негізделген ақиқат.
Өткен жылы Рио-де-Жанейро саммитінде мен ұсынған Жаһандық энерго-экологиялық стратегия туралы бастама және «Жасыл көпір» жоспары әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болды, деді одан әрі Елбасы. «Жасыл» энергетикаға көшу және «жасыл» технологияны өндіріске енгізу – бұл жаһандық экономиканың дамушы векторы. Қазақстан табиғаттың қазба байлықтарына, оның ішінде көмірсутегі кен орындарының көптігіне қарамастан, болашақта балама қуат көздерін дамытуды белсенді жүргізуге мүдделі. Біздің «Қазақстан-2050» Стратегиямызда нақ осындай келелі міндеттер қойылған. Біз алдағы уақытта «жасыл жарақтандыруға» жыл сайын ұлттық ІЖӨ-нің 2 пайызы көлемінде қаржы жұмсамақпыз. Енді төрт жылдан кейін Астанада ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесі өтеді. Біз оны «Болашақтың энергиясы» ұранымен өткізетіндігіміз де тегін емес. Мен төрткүл дүниенің барлық аумағындағы іскер топтарды ЭКСПО-2017-ні дайындау және өткізу жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын.
Сөзінің соңында Елбасы форумға қатысушыларға және Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның делегаттарына жаһандық тәуекелдерге қарсы тұру мақсатында тиімді жол табудағы үнқатысу алаңындағы игілікті жұмыстарына сәттілік тіледі.
Елбасы сөзі аяқталғаннан кейін форум мінберіне Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 67-ші сессиясының президенті Вук Еремич көтерілді. Ол өз сөзін осындай жаһандық мәні бар ірі форумды ұйымдастырғаны және қонақтарды ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін Қазақстанға, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтудан бастады.
– Мен, шынымен де, бұл шақыруды қуана қабыл алдым. Мұнда келгеннен кейін Астана қаласын, оның барынша сәнді де ғажайып ғимараттарын көріп таңданысқа бөлендім. Астана өзінің осындай адамзат қауымын ортақ үнқатысуға шақырған бастамаларымен нағыз бейбітшілік қаласына айналып келеді екен. Осы қалаға оның «Бәйтерек», «Қазақ елі», «Хан шатыр» секілді сәнді ғимараттары мен ескерткіш монументтері керемет жарасымын тауып, өзінше бір мағына беріп тұрғандай. Иә, Астана бүгінгі күні адамзат прогресінің маңызды бөлігіне айналуда.
Қазақстан даласының кеңдігі, оның биік таулары, тау басындағы мұздақтар, жасыл орманды алқап, бұл алып даланың Еуропа мен Азияның ұштасқан тұсында орналасуы, менің ойымша, Қазақстанның географиялық қана емес, жаңа ғасыр көгіндегі адамзат өркениетіндегі орнын да айқындай түсетіндей. Соның бір белгісі, Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүріп жатуы. Осы жағдайдың өзімен қазіргі дүрбелеңге толы заманда қалай өмір сүрудің өзіндік бір үлгісін Қазақстан әлемге көрсетіп беріп отыр деген ойдамын, деп өзінің шынайы алғысқа толы ойларын кеңінен жеткізген мәртебелі мейман мұнан кейін Қазақ елінің алдына қойған мұраттарының да үлкен екендігін атап көрсете кетті. Осы ретте ол Елбасының тікелей ұйытқы болуымен қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясына тоқталып өтті. Бұл елде қазіргі күні осыдан көптеген ғасырлар бұрын адамзат қауымының ортақ берекесіне арналған Ұлы Жібек жолын жаңа қырынан, жаңа заман бейнесінде қайтадан қалпына келтіру жұмысының қызу түрде жүріп жатқандығына ризашылығын жеткізді. Қазірдің өзінде Қазақстанның өзі өмір сүріп келе жатқан өңірде көшбасшы елдердің біріне айналғандығын айтып, «бұл көшбасшылық қайдан бастау алып отыр» деген сұрақ төңірегінде ой қозғады. Құрметті мейманның айтуынша, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде құрылған беттен өзіндегі ядролық қарудан бас тартуы бұл елдің ізгі ниеттілігін адамзат алдында дәлелдеп берген жағдай болды. Қазақстан сөйтіп халықаралық қауымдастық алдында сенімге ие болды.
Мұнан кейін мейман Елбасы көтерген «G-Global» идеясына тоқталып, оның ерекше жарқын мәнге ие екендігін, сондықтан адамзаттың қолдауына ие болып отырғандығын атап өтті. Бұл жағдайдың БҰҰ Бас хатшысының баяндамасына енгенін де жеткізді. Осындай ізгілікті әрекеттер нәтижесінде адамзат қауымының бірте-бірте демократиялық жүйеге қарай өтіп келе жатқандығын айта келе қазіргі күні адами қарым-қатынастарды қайта қалыптастыру үдерісі жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қазақстанның әлемде алғашқылардың бірі болып «жасыл» экономикаға көшу мәселесін қолға алғандығына да ризашылығын жеткізді.
Мұнан кейін сөз кезегі Македония премьер-министрі Никола Груевскийге берілді. Ол өз сөзін осындай мәртебелі жиынға шақырғандықтары үшін Қазақстан тарабына алғыс айтудан бастады.
Алдымен осы бір жаһандық басқосуды ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысымды айтамын. Бүгінгідей әлемдік экономика тұралап тұрған кезеңде, бүкіл адамзаттың болашағы үшін игі жол іздеу мақсатында осындай ауқымды шара ұйымдастырудың өзі зор ізгілік екендігі даусыз.
Дағдарыс құрсауындағы экономикаларды сауықтыру мақсатындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бірақ, бұл ұзақ жолдың басы ғана. Жаһандық қаржы жүйесін күрделі реформалау қажет екендігі бүгінгі кезде талассыз ақиқатқа айналды. Бұл жиынға келіп отырған әлем сарапшылары осы бір келелі проблеманы шешудің түйінді жолдарын белгілейтіндігіне сенемін. Енді Македония Республикасының тәжірибесі туралы бірер сөз. Бүгінде дағдарыс бұлты тұмшалаған құрлықта Македония жасыл арал іспетті. Елдің сыртқы қарызы ІЖӨ көлемінің 30 пайызы көлемінде. Бұл аймақтағы ең төменгі көрсеткіш. Еліміздің банк жүйесі де тұрақты. Бізде бизнес субъектілері үшін жеңіл салық жүйесі жұмыс істейді. Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарда ауқымды жұмыс атқаратын бизнес құрылымдары 10 жылға салық төлеуден жеңілдік алады. Біздің еліміз бизнес жүргізуде әлемдік рейтингте 2-ші орынды иеленеді.
Көптеген инвесторлар Македонияны осындай игілікті бастамалары үшін Еуропаға шығатын қақпа ретінде қабылдайды. Біздің еліміз өте шағын. Шетел инвесторларына барлық тиімді жағдай жасалған. Алдағы уақытта бұл игі бастамалардың да өз жемісін беретіндігі даусыз.
Келесі сөз кезегіне ие болған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У Хунбо форум қонақтарына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ыстық ықыласты сәлемін жеткізіп, оның форумға жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Пан Ги Мун қазіргі күрделі өмірде адамзат қауымы алдында бірқатар қауіп-қатерлердің кездесіп отырғандығын айта келе, бұл қиындықтан ұйымдасу, өзара үнқатысу жолымен ғана шыға алатынымызды жеткізіпті. Міне, осындай істерге бастамашы болудағы Қазақстанның рөліне айрықша тоқталған. Қазақстанда жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Астана экономикалық форумының, оның аясындағы «G-Global» үнқатысу алаңшасының маңыздылығын атап көрсетіп, бұл жолғы форумның жұмысына да сәттілік тілепті. «Сіздер саясаткерлер мен ғалымдардың, сарапшылардың басын қоса отырып, жаһандық проблемаларды жүйелі талқылаудың өзіндік бір үлгісін көрсетіп отырсыздар. Осы жолда мен сіздерге үлкен табыстар тілеймін», депті Бас хатшы.
Мұнан кейін У Хунбо форум қонақтарына талқыланып отырған мәселеге қатысты өз ой-пікірлерін де жеткізе кетті. Оның айтуынша, қазіргі күні әлемді кернеп алған дағдарыс бұлты әлі сейілмей тұр. АҚШ экономикасында аздаған алға басулар байқалғанымен, жалпы жағдай жақсы емес. Еуропалық Одақ елдерінде экономикалық өсімнің байқалатын түрі жоқ. Дамушы мемлекеттердің арасында алға басушылық бар. Бірақ жалпы әлемдік жағдай бұл үдеріске өз шектеуін жасап келе жатқандығы сезіледі. Экономиканың жеке салаларында ғана даму байқалуда.
Қазіргі жағдай дағдарыс бұлтын сейілту мәселесінде бүкіл әлемге ортақ бір мәзірдің жоқ екендігін көрсетіп берді. Демек, әрбір ұлттық экономика өз дамуларында ішкі ерекшеліктерін ескергені жөн болар. Байқалып отырған тағы бір құбылыс, мемлекеттер бір-біріне қарыз болып қалып отыр. Міне, осындай жағдайда тұрақты түрде өсімнің барынша маңызды бола түскендігі сезіледі.
Жалпы, әлемдік экономикалық саясатта бас тартатын жайлар баршылық. Мәселен, үстемдік көрсету саясатынан, валюталық қысым көрсету саясатынан бас тарту жөн болар еді. Өйткені, бұл саясат елдер арасын ажырата түсуде.
Мейман әлем экономикасында кейінгі 10 жылдың өзінде көптеген өзгерістер болғандығын, осы мәселенің өзі жағдайға жаңа қырынан қарауды қажет еткендігін еске салды. Қазіргі уақыттағы жаһандық экономиканың басқару тетігінде тұрған Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк секілді құрылымдардың жұмыстарына да өзгерістер керек секілді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының 2013 жылға белгілеген квотасы әлемдік экономиканы басқарудың өзіндік бір аспабы секілді болып отыр. Осы ретте үлкен жиырмалық секілді ұйымдардың жұмысын кеңейте түскен, оған жаңа идеялары бар елдерді қосқан жөн болар еді деген пікірін білдірді. Сонымен қатар, 2015 жылдан кейін экономика қандай жолмен жүруі тиіс? Осыған да ортақ бір жоспардың болғаны орынды деген пікір айтты.
Сөз кезегі тиген Біріккен Ұлттар Ұйымы Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті Нестор Осорио бұл форумға өздерінің жаһандық қаржы жүйесінің проблемаларын талқылап, одан шығар жолды айқындау мақсатында жиналғандықтарын тағы бір еске салып өтті. Осы ретте қазіргі дағдарыс жағдайында ортақ үйлесімді әрекет жасаудың маңызына тоқталды. Басқа түскен қиындық бұлтын еңсеруде жеке елдің мүмкіндіктері шектеулі болып қалып отыр. Өйткені, ұлттық экономикалар бір-біріне тереңдей интеграцияланған. Демек, біз бұл қиындықтан халықаралық серіктестікті одан әрі жалғастыру арқылы ғана шыға аламыз. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global» бастамасы маңызға ие бола түсуде.
Әлем экономикасы әрқилы жағдайда дамып келе жатқанымен, ортақ бір жүйенің қажеттілігі барған сайын сезілуде. Бұл мәселе жөнінде біз әлі де нақты бір үйлесімді ұйғарымға келе алмай отырмыз. Әрине, үлкен жиырмалық елдері бас қосып, қиындықтан бірлесіп шығудың жолдарын қарастыру үстінде. Бірақ, бұл ұйымда шешім қабылдау мәселесінде қаншама елдер назардан тысқары қалып отыр. Демек, қазіргі жағдайда біз дағдарыстың қатерлі бұлтын еңсере алдық деп айта алмаймыз. Оның үстіне, қазіргі экономикалық жүйенің әлсіздігі барған сайын айқындалып келеді.
Мейман, міне, осындай ойларын жеткізе келе, қазіргі уақытта дамушы елдерді жаһандық үнқатысуға қатыстыру мәселесінің барған сайын маңызды бола түскендігін атап көрсетті. Өтіп жатқан VI Астана экономикалық форумын осы олқылықтың орнын толтырудағы сенімді қадам ретінде бағалады.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко өз сөзін форум қонақтарын Кеден одағы аясында жүріп жатқан жұмыстармен таныстырудан бастады. Осы одақтың атқарушы органы болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссия аясында қазіргі дағдарыс сипатына жіті назар аударылып отырғандығын жеткізді. Бір есептен алғанда, дағдарыстың әлем халықтарын бірігуге бастап отырғандығын, яғни оның интеграциялық катализатор ретінде әрекет ете бастағандығын айтты. Осы ретте қазіргі әлемде жаһандану және өңірлендіру үдерістері қабаттаса жүріп жатқандай. Кеден одағының құрылуының өзі осы екі үдеріске өзіндік бір жауап есебінде туындаған іспетті.
Виктор Христенко осыдан 20 жылдай бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразия одағы идеясының бас көтергендігін, ол идеяның авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігін тағы бір еске салды. Бұл идея ақыры өмір шындығына айналып, соның нәтижесінде Ресей, Беларусь, Қазақстан елдерін қамтыған Кеден одағының құрылғандығын, бұл одақ бір саты алға басып, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастырып үлгергендігін айтып өтті. Ендігі алда тұрған міндет – Еуразиялық одаққа қол жеткізу. Бұл одақтың тиімді болатындығы қазірдің өзінде айқын білініп отыр. Өйткені, Еуропадағы дағдарыс онымен іргелес орналасқан Кеден одағына да жеңіл тиіп отырған жоқ. Демек, алдағы уақытта күш біріктіру, экономикалардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін, маңызды стратегиялық мақсатқа бірлесіп қол жеткізу үшін керегесі кең, шаңырағы биік жаңа интеграциялық бірлестіктің қажет екендігі айтпай-ақ түсінікті болса керек.
Кеден одағының тиімді құрылым екендігі интеграциялық көрсеткіштер арқылы дәлелдене түсуде. Үш ел арасындағы өзара сауданың көлемі 2012 жылы 8,7 пайызға артты. Әрине, көрсеткіш бұдан да зор болар еді, оған әлемдік дағдарыстың салқыны да тиді. Мәселен, 2010 жылы осы үш ел арасындағы өзара сауда көлемінің өсімі 30 пайызға дейін жеткен болатын. Бұл интеграциялық әлеуеттің ауқымы өте зор екендігін білдіреді.
Сөз кезегі Біріккен Ұлттар Ұйымы Сауда және даму конференциясының Бас хатшысы Супачай Панитчпакдиге берілді. Ол өз сөзін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бұрынғы кездесуін еске алудан бастады. Бұл кездесу Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылу мәселесіне байланысты болған екен. Осыған орай, мейман өз сөзін аталған мәселеге аударып, қазіргі уақытта Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылудың соңғы сатысында тұрғандығын атап көрсетті.
Біз Қазақстанның бұл ұйымға қосылуын қолдаймыз. Қазақстан үшін бұл ұйымның пайдасы көп болады деп есептейміз. Рас, қазір әлемде жалпы жағдай жақсы емес. Былтыр әлем елдерінің экономикалық дамуының ортақ көрсеткіші 2,3 пайызды құрады. Биыл осы көрсеткішке қол жетсе, оның өзі жаман болмас еді. Себебі, әлемнің алдыңғы шебіндегі дамыған елдер тоқырау шегінен әлі құтылған жоқ. Рас, дамушы елдерде алға басулар бар. Осындай елдердің бірі – Қазақстан. Бірақ, жалпы көрсеткіш жекелеген елдердің жетістіктеріне өз көлеңкесін түсіруде. Әсіресе, жоғарыда айтқанымдай, дамыған елдердегі жағдайдың түзелмеуі дамушы елдердің экономикалық өсіміне шектеу түсіруде. Мәселен, дамыған елдердің 2013 жылғы даму көрсеткіші бар болғаны 0,8 пайызды құрайды деген болжам бар, деді ол.
Мейман аталған мәселеге байланысты қазіргі уақытта экономикалық өсімді тұрақтандыру ісінің жалпы әлем бойынша ерекше маңызды болып отырғандығын атап көрсетті. Әлемде тұрақтылық орнамай, қаржы дағдарысының қайта бас көтермейтіндігіне кепілдік жоқ.
Дағдарыстың әлем елдеріне тигізіп отырған бір келеңсіз кесірі қазіргі күні көптеген елдер өз шығындарын шектей түсуге ұмтылуда. Бұл экономиканың жалпы өсіміне кері әсер етуде. Осыған байланысты, әлеуметтік сілкіністер ушыға түсіп келеді. Міне, осындай ойларын ортаға салған Супачай Панитчпакди өзінің осы форум жұмысынан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Фиджи Аралдары Республикасы Сыртқы істер министрі, Қытай және 77 тобының төрағасы Рато Иноке Кубуабола өзінің алдында сөз алушы Супачай Панитчпакдидің ойларын одан әрі жалғастыра түсті. Оның айтуынша, әлем бойынша алғанда үнемдеу шараларының күшейе түсуі, шығындардың шектелуі экономикалық өсімге едәуір дәрежеде кедергі жасауда. Әрине, бір есеппен алғанда, қазіргі дағдарыс үшін дамушы елдердің кінәсі жоқ. Өйткені, дағдарыстың өзі дамыған елдерден бастау алып отыр. Міне, осының залалы дамушы елдерге келіп тиюде. Дамушы елдердің бірқатары әлемдік дағдарыстың ауыр салмағына төтеп бере алмай, өздеріндегі әлеуметтік жағдайдың шиеленісе түсуіне тап болуда.
Осы жағдай ұлттық экономикалардың бір-біріне деген кіріптарлығын күшейте түсуде. Рас, аталған мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бірнеше рет көтерілді. БҰҰ осы шиеленісті шектей түсу мақсатында әлем елдерін үнқатысуға шақырды.
Сонымен, қалай алып қарағанда да, қазіргі дағдарыстың ауыр салмағын еңсеру үшін әлем елдерінің бірлесе отырып тығырықтан жол іздеуінің маңызы барған сайын артып келеді. Осы реттерде дағдарыспен күресте қаржыны қайдан аламыз деген мәселе туындайды. Резервтер жоқ емес, бар. Бірақ, оларды тиімді пайдалану жайы ойландырмай тұрмайды. Мәселен, қазір АҚШ облигацияларының кірістілігі төмен. Оның үстіне резервтік жүктемелерді сақтандыру әлеуетін нығайту мәселесін де ойластыратын уақыт жеткен секілді. Бұл үшін ең алдымен қарыздарды басқару жайын жеткілікті жағдайда зерделеп алу қажет. Қарыздарды басқару мәселесінің көптеген елдер үшін үлкен маңызы бар. Осы ретте ваучерлік қорлар құрудың маңызы арта түскен сияқты, деді ол.
Рато Иноке Кубуабола аталған жағдайларға байланысты форумға қатысушыларға Қытай және 77 тобы атынан өз қызметтерін ұсынатындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, қарыздарды дұрыс басқару бірте-бірте экономикалық өсімге алып келеді. Ал экономикалық өсімнің орнығуы әлем бойынша тұрақты дамуға жеткізеді.
Сөз алған Ислам даму банкі тобының президенті Ахмад Мұхаммед Әли Әл-Мадани жиналған қауымды исламдық қаржылық даму жолына шақырды.
Аса мәртебелі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияны ұйымдастырып, бізді оған шақырғандарыңызға шын ризашылығымды білдіргім келеді. Мен Ислам даму банкі тобының атынан сөйлейтін боламын. Біздің банктің қаржыландыру әлеуетінің рөлі қандай, алдымен соған тоқталайын. Орталық Азия өңірінен Жібек жолы өткен. Ол елдердің сауда-саттық жасап, тығыз қатынас жасауына ықпал етті. Сөйтіп, әлемдік экономиканың дамуына өз үлесін қосты. Әйткенмен әр жылдарда әлем экономикасы дағдарысқа ұшырап, күрделі шешімдер қабылданды. Десек те, ол шешімдердің бірқатары әлі де өз маңызын жойған жоқ. Мұның бәрі адамзат үшін өткен ғасырларда да, қазір де өзектілігін дәлелдеп келеді.
Орын алған жаһандық экономикалық дағдарыстан кейін әлем жаңа экономикалық, қаржылық жүйені іздеп жатыр. Бұл жүйе қаржы мен нақты экономикалық секторды тығыз байланыстырады. Және қаржылық-экономикалық өсімге тұрақты түрде қол жеткізуге болады. Егер тығырықтан шынымен шығуды қаласақ, жалпы экономикалық әмбебап көріністі дұрыс ұқсақ осы исламдық қаржыландыруды ескеріп, басшылыққа алғанымыз жөн. Бұл экономикалық өсімді қамтамасыз етер еді. Оған қоса, әлемдегі әр елге әлеуметтік-экономикалық дамуға мол мүмкіндік жасайды. Әрине, бұл жерде исламдық қаржыландырудың барлық жетістіктері мен табысты қырларының бәрін айтып шығу мүмкін емес. Десем де, мен осы исламдық қаржыландырудың негізгі атрибуттары жөнінде аз-кем айтып өтейін. Исламдық қаржыландыру экономиканың дамуына қалай әсер етеді? Исламдық қаржыландыру әлеуметтік емес әрекеттерге жол бермейді және шынайы қаржылық секторды біріктіреді. Мұнда пайыздық мөлшерлемелерді көтеруге болмайды. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті жобаларға жол берілмейді. Ал транспаренттілікті арттыруға көп көңіл бөлінеді. Бұл қаржылық сектордың реттілігіне ғана емес, экономиканың шынайы дамуына әкеледі. Екіншіден, исламдық қаржыландыру қалыпты дамуға кепіл бола алады. Мұнда экономикалық жауапкершілік пен бірізділік, бірлестік бар. Кепілзатқа байланысты да осы мәселелер қарастырылады. Бұл жүйе қоғамдық деңгейде кәсіпкерліктің қауіпсіз дамуына да өз әсерін тигізеді. Мұны да негізгі факторлардың бірі деуге болады. Үшіншіден, жалпы пайыздық мөлшерлемелердің бағамы және барлығының өсімін есепке алу әлеуметтік жағынан пайдалы жобаларды жүзеге асыруға тиімді. Және экономиканың дамуын жеке сектор арқылы жүзеге асырады. Осы пайыздық мөлшерлемелерді өсіруге болмайды, ал жеке секторға үнемі көмек көрсетілуі керек. Ал енді мұндағы проблемалардың бірі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты. Көптеген дамушы елдерде жеке немесе мемлекеттік қарыздың орнықсыз әрі тұрақсыз болуы, оған қоса инвестициялардың да әрқалайлығы түрлі қиындықтар тудырып жүр. Егер исламдық банк жүйесімен қаржыландыру істері жүзеге асса, көптеген елдердің қалыпты дамуға келуі ықтимал, деді ол.
Мінберге келесі көтерілген 1999 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университеті профессоры Роберт Манделл жаһандық қаржы мәселелеріне тоқталып, одан шығу жолдарын іздестіруге көңіл бөлді.
Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев және Жаһандық дағдарысқа қарсы конференцияның қатысушылары, осынау жауапты кезеңде барлығыңыздың осы жерден табылғандарыңызға шексіз алғысымды білдіргім келеді, деп сөзін бастады Р.Манделл. Және ол Нұрсұлтан Назарбаевты осынау табысты ұйымдастырған шараны жоғары дәрежеде өткізіп жатқанымен шын жүректен құттықтады. Өйткені, қазіргі таңда әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты ауқымды іс-шаралар жасау қажет еді. Бүгінде дағдарыстан шығуға байланысты парадигмалар қалыптасты. Олар экономикалық проблемаларды шешуге жол іздеу деп білемін. Бұл мәселелерді біз үнемі ашық түрде талқылауға салып тұруымыз керек. Мына жердегі баяндамашылардың құнды пікірлерінің бәрі ескеріліп, назарда болғаны жөн. Өз кезегінде осындағы тұлғалардың әлемдік экономикалық дағдарыстан шығуға байланысты келтірген пайымдары адамзатты бұдан да әрі құлдыраудан аман алып қалуы мүмкін. Бұл дағдарыстың АҚШ-тан басталғаны баршаға аян. Оның себеп-салдары да белгілі. Енді дұрыс бір жүйе жасап, дағдарыстан шығудың нақты жолдарын қарастыру керек. Осы қиындықтарды шешу кезінде жетпісінші жылдары болған дағдарысты және ол кезде қолға алынған амал-әрекеттерді де зерделеп, қажетке жаратқан жөн. Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция осы игі шараларды басшылыққа алғаны дұрыс. Егер біз себеп-салдарлардың барлығын байланыстыра білсек, тығырықтан шығудың төте жолы да табылар ма еді? Сол жетпісінші, жетпіс тоғызыншы жылдары болған дағдарыстарда доллар бағамы түсіп, ал неміс маркасы бекіп, көтерілген еді. Сөйтіп, сексенінші жылдары ол дағдарыс аяқталған болатын. Қазіргі дағдарыс ипотекалық жүйенің күйреуіне байланысты орын алғаны мағлұм. Сол кезде жүздеген миллион доллар қаржы бірден айналымға түскен еді. Салдары осы дағдарысқа әкеліп ұрындырды. Енді ондай кемшілікке жол бермеу үшін бейберекет қаржыландыруды шектеп, әлемдегі ақша ағынын жіті назарда ұстаған жөн. Десек те, бұл мәселе әлі күнге жиі көрініс беріп тұрады. Мәселен, 2008 жылы доллар бағамы еуроға қарағанда, біршама түскен еді. Нәтижесінде әлемдік қаржы жүйесі теңселіп кетті. Бұдан ұғатынымыз, бағамдардың күрт түсіп, не жылдам көтерілуі үлкен қиындықтарға соқтырады екен. Өкініштісі, кейбір әлемдік экономиканы болжамдаушы сарапшылар осынау дағдарыстың әлі жалғаса беретінін айтып жүр. Оны ескеретін болсақ, мәселеге жаңа қырынан келген жөн. Мәселен, қаржы саясатын басқаша түрде жаңадан құрып, тиянақтау керек. Әйтсе де, Жер шарында 198 мемлекет бар. Олардың әрқайсысында әртүрлі валюталар бар екені мәлім. Ол валюталардың өз хал-қадерінше түрлі деңгейдегі айналымда жүргенін білеміз. Осыны ескерсек, жоғарыда айтқан ойымыз жүзеге аспайды деген үрей де туады. Бірақ біз Жер шарының барлық халқының лайықты өмір сүруі үшін мүмкін болған игіліктердің бәрін қарастыруға тиіспіз, деді ол.
Шешен сөзін қорытындылай келіп, осындай ауқымды шараны өте жоғары дәрежеде ұйымдастырған Қазақстан Үкіметіне және меймандос халқына шексіз алғысын білдірді. Ал әлемдегі үлкен мемлекеттер осында айтылған әр мәселеге жеткілікті көңіл бөлсе екен деген тілегін жеткізді.
Кеше VI Астана экономикалық форумы шеңберінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Шапағат-2013» өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі. Аталған іс-шараға қатысушылар 2012 жылы берілген және жарияланған өнертабыстары үшін ұлттық патент иеленушілері атанды.
Байқаудың мақсаты – зияткерлік меншіктің рөлін арттырып, жандандыру және инновацияны дамытуға көмек беру мен ынталандыру. Өнертапқыштық және инновациялық салаға инвестиция тартып, өндірістік секторға перспективалы дайындықты енгізу де басты міндеттердің бірі.
Оған қоса, өнертапқыштарды көтермелеп, ықыласын арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» байқауы өткізілді. Осыған орай құрметті атақты иемдену туралы дипломдар мен ескерткіш ленталар берілді.
Марапаттау салтанатының шеңберінде өндіріске енгізілген, қызықты және перспективалы өнертабыстардың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті басшылығының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг болды. Рәсімге эстрада жұлдыздары да қатысты.
«Егемен Қазақстан»
24 мамыр 2013 ж.




