Қала

28 мамыр — Ақтөбе қаласының туған күні. Бұл күні қала тұрғындары мен қала қонақтары сүйікті қаламыз Ақтөбенің 144-ші туған күнін тойлайды.
Мереке қалай тойланады? Біз бұл туралы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиевамен сөйлескен едік.
— Ақтөбе қаласының 144 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір қаланы тақырыптық кермелер және баннерлермен безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланың туған күнін тойлау мамырдың 25-інде басталады. Сол күннен бастап кітапханаларда, Мәдениет үйлерінде, мектептер мен балабақшаларда «Әсем қалам — Ақтөбем» тақырыбында мәдени көпшілік шаралар өткізіледі.
Мамырдың 28-і күні қаламыздағы үш алаңда үш түрлі үлкен мерекелік бағадарлама ұйымдастырылады. Кешкі сағат 19.00-де Студенттер сарайында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйытқы болуымен белгілі әнші Марат Әйтімовтің 50 жасқа толған мерейтойына арналған концерттік бағдарлама өтеді. Бұл — бір.
Екінші мерекелік бағдарлама Пушкин атындағы саябақта ұйымдастырылады. Мұнда кешкі сағат 19.00-де «Рюкзак» бард клубының 10-маусымының жабылуын салтанатты түрде өткізу жоспарланып отыр.
Ал үшіншісі, «Көркейе бер, ару қалам!» атты шоу-бағдарлама. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябақта кешкі сағат 21.00-де басталатын шара 2,5 сағатқа созылады, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Құдық қақпақтары жаңартылып жатыр
Қаладағы кәріз және су жүйелері құдықтарының қақпақтары жаңартылып жатыр. Қазірдің өзінде 50-ден астам құдықтың қақпағы қалпына келтірілді.
Жақында «Ақбұлақ» АҚ-ның мамандары Алматыдан құдық қақпақтарын жабудың жаңа әдісін оқып келді. Енді бұл әдісті қаладағы өзге мекемелердің мамандары да үйренетін болады.
— Қала әкімі Ерхан Омаров былтыр қаладағы кәріз және су жүйелері құдықтарының қақпақтарын жабуды тапсырған болатын. Соған байланысты қаладағы құдықтарға тексеру жүргізілді. Жөндеу жұмыстары қажеттеріне акт жасалды. Биылдан бастап әр мекеме өздеріне тиесілі құдықтарды жөндеуді қолға алды. Жақында «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының мамандары Алматы қаласына барып, құдық қақпақтарын жабудың жаңа әдісін үйреніп келді. Жаңа тәсіл бойынша құдық қақпағы алдын ала дайындалып, асфальт жамылғысымен бірдей биіктікте жабылады. Бұл тәсіл пайдалы. Себебі, көшедегі көлік қозғалысына кедергі келтірілмейді (Кейбір көшелердегі құдық қақпақтарының асфальт бетіне шығып тұратындығының немесе түсіп кететіндігінің салдарынан көліктер құдықты айналып өтетін). Бұл — бір. Екіншіден, жаңа тәсіл арқылы жабылған қақпақтардың сапасы жақсы әрі ұзаққа жарамды, — дейді қала әкімі аппараты өндірістік сала мониторингі бөлімінің басшысы Аслан Ағыбаев.
Жалпы Ақтөбе қаласында 60 мыңнан астам кәріз және су жүйелері құдықтары бар екен. Олардың басым бөлігі — «Ақбұлақ» АҚ, «Трансэнерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі. Сонымен қатар жеке және көп қабатты тұрғын үйлердің де құдықтары бар.
— «Ақбұлақ», «Трансэнерго», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдары өткен жылдың 10 айында тексерген жұмыстарының қорытындысында 700-ден астам құдықтың қақпағы ашық екендігін анықтады. Қақпақтарды қалпына келтіру, құдықтарды жөндеу жұмыстары үшін аталған мекемелер 10 миллионға жуық теңге жұмсады, — дейді Аслан Шаяхметұлы. Ол құдық қақпақтарының көп жағдайда ұрланатынын айтады.
— Дегенмен, бұған қатысты бірде-бір дерек анықталмай отыр. Жоғарыда аталған мекемелер құдық қақпақтарының жиі ұрланатынын айтып, қалалық ішкі істер басқармасына арызданғанымен бұл істің бірі де ашылған жоқ.
Қазір кейбір құдықтарға пластикалық қақпақтар жабылып жатыр. Бірақ оны да ұрлайтындар азаймай отыр. Кейбір құдықтардың қақпақтарына құлып та салынды. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының құдықтарына арнайы дабыл қондырғысы орнатылды. Аталған мекеме барлық құдықтарына пластикалық қақпақтар салды, — дейді қала әкімі аппараты өндірістік сала мониторингі бөлімінің басшысы.
Құдық қақпақтарын ұрлаушылар оны металл қабылдайтын пункттерге тапсырып, пайда табады. Сол себепті қала әкімі аппараты өндірістік сала мониторингі бөлімі, қалалық салық басқармасы, құқық қорғау органдарының мамандары бірлесіп, металл сынықтарын қабылдайтын пункттерде рейд жүргізіпті.
— Бірақ ұрыларды құрықтай алмадық. Себебі, мұнда тапсырылған метал сынықтарынан құдық қақпақтарын анықтау мүмкін болмады. Ұрылар іздерін жасыру үшін қақпақтарды бірнеше бөліктерге бөліп тапсырады.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы қала тұрғындарына хабарландыру айтқанды жөн көрдім. Құрметті қала тұрғындары, ашық қалған кәріз және су жүйелері қақпақтарын көрсеңіздер дереу 59-52-60 телефонына хабарласуларыңызды өтінемін. Сонымен қатар құдық қақпақтарының ұрлығына куә болсаңыздар, қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқандарыңыз дұрыс, — дейді Аслан Ағыбаев.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Баспана кезегі: 16 397 адам
Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасына сәйкес, Ақтөбе қаласында желтоқсан айында 9 қабатты 216 пәтерлік тұрғын үй беріледі. Бұл 216 пәтер «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша тапсырылады. Бұдан бөлек жыл аяғында 2 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үйлерге әр санат бойынша пәтер кезегінде тұрған азаматтар ие болады.
Қала тұрғындарының баспанамен қамтылуы туралы біз Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекеновамен сөйлескен едік.
— «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 216 отбасыға пәтер Ақтөбе қаласындағы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан беріледі. Бұл пәтерлердің 120-сы — 1 бөлмелі, қалғаны (96 пәтер) — 2 бөлмелі пәтерлер. 1 бөлмелі пәтерлердің ауданы: 41,50 шаршы метр, 45 шаршы метр, 47,20 шаршы метр. Ал 2 бөлмелі пәтерлердің ауданы: 60,40 шаршы метр, 58,10 шаршы метр, 59,60 шаршы метр, 73 шаршы метр. Әр шаршы метрдің құны — 80 мың теңге. Мысалы, ауданы шағындау бір бөлмелі пәтердің құны — шамамен 3 миллион 200 мың теңге. Осы пәтер құнының 50 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиеге береді. Қалған 50 пайызын жас отбасы 8 жыл ішінде жинауы тиіс, — дейді Жанаргүл Дүйсекенова.
«Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасының талаптарына сәйкес балды жүйе бойынша құжаттар комиссияның қатысуымен қаралды. Қорытындысында, ең жоғары балл жинаған 216 пәтердің иесі белгілі болды.
— Қазір бұл азаматтар банк мамандарымен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Дәл бүгінгі мәлімет бойынша 216 отбасының 7-еуі банктің келісімін алды.
Айта кету керек, үй алу мүмкіндігіне ие болған 216 отбасының арасында төлем анықтамалары банктің талаптарына сай келмеген азаматтар болса, кезек олардан кейін жоғары балға ие болғандарға беріледі. Бұл туралы өтініш қабылдау барысында үміткерлерге ескертілді. «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша құжат қабылданғандардың тізімі, жинаған балы қала әкімдігінің электронды сайтында, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жарияланды. Сол бойынша әркім үйінде отырып-ақ қажетті ақпаратты біле алады. Мысалы, ауданы 41 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтерлерге рұқсат етілген 3 отбасының төлемақы анықтамалары (еңбекақы, тағы басқа) банк талаптарына сәйкес келмегендіктен өтпей қалса, одан кейінгі кезек кімдердікі екені халықтың көз алдында тұр. Бәрі жариялы, — дейді сектор меңгерушісі.
Баспана кімге тиесілі?
Жас отбасылардан басқа тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттар кезекте тұра алады. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, І,ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасылар, оралмандар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, әскери қызметкерлер.
Аталған санаттағы азаматтарға қойылатын талап: соңғы 5 жылда өз атында баспанасы болмауы керек. Қалада міндетті түрде тіркеуде тұруы тиіс.
2009 жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы тұрғын үйлер беріле бастады. Тұрғын үй заңнамасына байланысты жалдамалы тұрғын үй алған азаматтар жалдау ақыларын, коммуналдық төлемдерді ай сайын төлеп тұруы тиіс.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 97-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді пайдаланғаны үшін төлем мөлшерін жергілікті атқарушы орган белгілейді. Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысымен жалдамалы тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің бағасы — 88 теңге. Мысалы, ауданы 40 шаршы метр 1 бөлмелі пәтер үшін 3520 теңге төленуі тиіс. Сонымен қатар пәтерді жалға алушы коммуналдық төлемдерді де төлеуге міндетті.
— Үй тек қана кезек бойынша беріледі. Әр үй тапсырылған сайын біздің жұмысымызды құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексереді. Мемлекеттік қызметкер ретінде біз қадағалаушы органдарға есеп беріп отырамыз, — дейді Жанаргүл Дүйсекенова.
Қаулы және құжаттарды жаңарту
Былтыр маусымның 26-сы күні ел Үкіметінің №856 Қаулысы шықты.
— Соған байланысты пәтер кезегінде тұрған азаматтар жылына бір рет құжаттарын жаңартуы керек немесе сол тапсырған құжаттарының растығын анықтайтын анықтамалар тапсыруы тиіс. Бұл қаулы шыққанға дейін біз кезекте тұрған әр адамның құжаттарының растығын тиісті мекемелер арқылы өзіміз тексеретінбіз. Дегенмен, бәрін қамтуға үлгермейтін едік.
Пәтер кезегінде тұрған азаматтардың құжаттарын қабылдау сәуірдің 1-і күні басталды (әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін). Құжат қабылдау желтоқсан айында аяқталады.
Әзірге құжаттарын жаңартып жатқан азаматтар аз. Қазір 16 397 адам пәтер кезегінде тұр. Солардың тек қана 1527-сі құжаттарын жаңартты. Тұрғындар өздерінің жағдайын қиындатпауы үшін қазірден бастап құжаттарын түгендеп, жаңартқандары жөн.
Бір жылдың ішінде түрлі жағдайлар болады. Сөйтіп, құжаттағы анықтамалар өзгеруі мүмкін. Мысалы, бір отбасыда бала дүниеге келеді. ІІ топтағы мүгедектердің жағдайы жақсарып, ІІІ топқа ауыстырылуы мүмкін. Айта кету керек, құжаттар жаңартылғаннан кейін кезекте тұрған азамат ешқандай санатқа сай келмесе, онда ол кезектен шығарылады. Мысалы, бюджеттік мекеменің қызметкері жекеменшік мекемеге жұмысқа орналасса, онда ол пәтер алушылардың санатына жатпайды. Мұндай жағдайда бұл азамат пәтер кезегінде тұрған азаматтардың тізімінен шығарылады.
Кейбір адамдар бірнеше санат бойынша пәтер кезегінде тұр. Дегенмен, заң бойынша бір адамға бір үй тиесілі. Құжаттарды жаңарту кезінде бірнеше санат бойынша кезекте тұрған азаматтардан қай санатта қалатынын анықтап, тек бір санат бойынша кезекке қоямыз.
Айта кету керек, ешқандай санат басымдыққа ие емес. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес салынған көп қабатты тұрғын үйлер әр санатқа пропорционалды түрде бөлінеді, — дейді Жанаргүл Дүйсекенова.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Тазалықты ойлаңыз, тұрғын!
Сәуірде қала әкімі Ерхан Омаровтың шешімімен екі айлық санитарлық-тазалық маусымның жарияланғаны белгілі. Қала әкімі бұл жұмыстарға барлық мекемелердің белсене араласуын тапсырды. Бүгінге дейін қалалық әкімдікке қарасты мекемелер мен облыстық басқармалар, шағын және орта бизнес субъектілері сенбіліктерге шығып, өз аймақтарына тазалық жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде қала тазалығына жауапты мекемелер белсене араласты.
Екі айлық кезінде мекемелер қала сырты мен орталық көшелерге баса мән берді. Оның ішінде Әбілқайыр хан, Ә. Молдағұлова, Абай даңғылдарына ерекше назар аударылды. Әр апта сайын мекемелер мен қала тұрғындары сенбіліктер ұйымдастырып, қыстан қалған қалдықты полигонға тасыды. Қала сыртындағы айналма жолдардың маңы да назардан тыс қалған жоқ. Әуежай аймағы мен 12- шағын аудандағы айналма жолдар маңы тазартылды. Қазіргі таңда бұл аймақтар абаттандырылып жатыр. Мәселен, Елек айналма жолындағы алаңдарға жасанды көгал төселді. Сондай-ақ тиісті мекемелер өздеріне қарасты аумақтардағы көшелердің тазалығына баса мән берді. Көшедегі гранитті жиек тастар жуылса, бетон жиек тастар мен талдар әктелді.
Аталған шаруалармен айналысатын мекеменің бірі— «Ақжол ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соңғы екі айда 6 мың 65 тонна күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықты сыртқа шығарыпты. Аталған серіктестік қаланың Шанхай, Тұрғындар қалашығы, Оңтүстік батыс-1,2, Жаңақоныс, Сазды, Өнеркәсіп аймағы аудандары және Тургенев көшесі мен Ә. Молдағұлова, Сәңкібай батыр даңғылдары секілді аудандардың тазалығына жауап береді.
— Мекеме жаз бойы осы аудандардың күл-қоқысын сыртқа шығарса, қыста қарын тасиды. Қазір көшелерді сыпыру, су шашу, көгалдандыру секілді жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Күн ысығаннан бастап әуежай алаңы мен қаладан Хромтауға қарай шығатын тас жолдың бойына жасанды көгал төселді. Жалпы, биыл үш мың шаршы метр жерге жасанды көгал төсеу жоспарланған. Бұған қоса жол жиегінде құмдар алынып, жиек тастар мен талдар әктелді. Бірақ соңғы кездегі жауын-шашынға байланысты жиек тастар екінші рет қайта әктеліп жатыр. Бұл шаруаларды жүзеге асыруға арналған техника мен жұмыс күші жеткілікті. Қазір 6 су шашатын машина, 15 күл-қоқыс шығаратын көлік, 8 ауыр техника, 1 «Газель», 1 МТЗ тракторы бар. Бұдан басқа қосымша көліктер бар. Жалпы техника жағынан қиындықтар жоқ. Қызметкерлер күн-түн демей қала тазалығына қатысты жұмыстарды уақытында атқарады. Арнайы мобильді топ жұмыс істейді. Жұмысшылар таң алакеуімнен арнайы көлікпен көшелерге су шашады. Дегенмен, тазалыққа қатысты тұрғындар тарапынан туындайтын жауапсыздықтар көп. Мәселен, жасанды көгал төселген жерлерді таптап, ластап кетеді. Түрлі сусынның құтыларын тастайды. Әсіресе, ит асырайтын азаматтар жасанды көгалды иттің дәретханасына айналдырып алған. Қанша жерден ескерту белгісін қойып, тіпті кездескендеріне түсіндіріп айтсақ та, тұрғындар тазалыққа салғыртық танытып келеді. Қаланың тазалығы бір ғана мекеменің мойнындағы жұмыс емес, ол бірігіп істелетін шаруа,— дейді серіктестік директоры Мейірғали Тілеубергенов.
Көше тазалығынан бөлек, серіктестік көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы күл-қоқысты сыртқа шығарады. Былтыр тұрғын үйлердің ауласына 123 қоқыс алаңы салыныпты. Қазір серіктестікке қарасты 1500 контейнер бар. Мейірғали Тілеубергеновтің айтуынша, әлі де бес жүзге жуық контейнер қажет.
Қала тазалығына жауапты мекеменің бірі — «Ақтөбе — таза қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Есбол Сатаев та тұрғындар тарапынан қиындықтардың кездесетінін айтты. Мәселен, тұрғындар қоқысты контейнерге жеткізбей тастаса, енді бірі құрылыс қалдықтарын шығарады. Ал мекеме қызметкерлері көп қабатты тұрғын үй аулаларының тазалығына ерекше мән береді. Өткен жылы қоқыс алаңдарының салынуы бұл бағыттағы шаруаларды біршама жеңілдетіпті. Алайда кейбір үйлердің қоқыс тастайтын жерлері санитарлық талапқа сай келмеген, яғни қоқыс тиейтін көліктің еркін жүруіне қолайсыз жерлерге орналасқандықтан бұндай жерлерге қоқыс алаңын салу тоқтатылыпты.
Есбол Сатаевтың айтуынша, екі айда 13 мың 526 тонна күл-қоқыс полигонға төгілген. Екі айлық кезінде полигонға қоқыс ақысыз қабылданады. Жалпы аталған мекеме қаланың Ясный, 41-разъезд, Ақжар, Кірпішті, Сүт зауыты, Құрмыш және 11-12, 8-ші шағын аудандарының тазалығына жауап береді.
— Күн жылынғаннан бастап қала тазалығына қатысты шаруалар қолға алынады. Мекеме жұмысшылары тиісті аумақтарды уақытында күл-қоқыстан арылтады. Мәселен, күн сайын 3-4 мобильді топ көше тазартады. Бұл шаруаларды жүзеге асыру үшін қажетті техника саны жеткілікті. Алдағы уақытта тағы бір күл-қоқыс шығаратын арнаулы көлік алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Есбол Сатаев.
Биыл да қаланы тазарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың туған күніне орай гүлзарлар қайта жаңарып, көшелер көркейе түспек.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
Ізгі істің көрінісі
Ақтөбе қаласындағы №52 негізгі мектепте оқитын оқушылардың дені — аз қамтылған отбасының балалары. Ізгілікті жандардың дәл бүгінгі күні жанымыздан табылып жатқандығы көңіл қуантады.
Өйткені мектебіміздегі мұндай топтағы оқушыларға қайырымдылық жасап, көңілдерін бір сәт көтерген ел ағаларының ісіне ата-аналар мен мектеп ұжымы шексіз алғысын білдірді. Сонау Балқаш қаласынан келген кәсіпкер А.Нұркенов, ақтөбелік жеке кәсіпкерлер М.Құтыманов пен А.Қазбергеновалар оқушыларды киім-кешек, әсіресе, осы мезгілде киетін спорттық костюмдер мен жейделер, аяқ киім және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етті.
Сяжайларды паналап, пәтер жалдап тұратын отбасының балалары өздеріне шақ әрі ыңғайлы киімдерге қол жеткізгені үшін кәсіпкерлерге ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жасырмады.
Алла ЖАРЫЛҚАСЫН.
«Табыс-Ақтөбе» ЖШС осындай қызмет көрсетеді
«Табыс-Ақтөбе» ЖШС Ақтөбе қаласындағы басқарусыз қалған 80 үйге техникалық және авариялық қызмет көрсетеді. Аталған мекеме жұмысқа тұрғындарды да тартып жатыр. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып, қалалық жұмыспен қамту орталықтары арқылы келген бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Ақтөбеде басқарусыз үйлердің саны 300-ден көп. Мұндай үйлер жылу беру маусымы кезінде қиындық тудырады. Себебі, пәтер иелерінің кооперативі, кондоминиум болмаған соң жылу құбырларын жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмейді. Біздің мекеменің жұмысының бір парасы — қаланың қысқа дайындығына үлес қосу, яғни дер уақытында жылу құбырларын, жалпы инженерлік желілерді жөндеу, — дейді «Табыс-Ақтөбе» ЖШС директоры Мәндібай Мақтаев.
Мекеме мамандары тұрғын үйлердің инженерлік желілерін, подъездерін жөндейді. Сонымен қатар ауланы, подъездерді тазалайды. Осы көрсетілген техникалық қызметке пәтерлерінің әр шаршы метрі үшін тұрғындар 18 теңгеден төлейді. Ал авариялық қызмет көрсету — тегін. Мекемедегі екі авариялық қызмет көрсету тобы тәулік бойы жұмыс істейді.
«Табыс-Ақтөбе» ЖШС-ның пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдардан басты ерекшелігі, арнаулы техника бар. Жұмыс күші де жеткілікті. Сол себепті тұрғындарға әркез шұғыл көмек көрсетуге әзір.
— Мүмкіндікті пайдаланып, қала әкімі Ерхан Омаровқа ризашылығымды білдіремін. Қалалық әкімдік тарапынан біздің мекемеге 29,3 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға бірнеше арнаулы көлік алынды, — дейді Мәндібай Мақтаев.
«Табыс-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестік болғанымен, толықтай мемлекеттің меншігіндегі мекеме. 2005 жылы ашылған мекемеде қазір 105 адам еңбек етеді.
— Кейбір үйлердің тұрғындарын жұмысқа алып жатырмыз. Олар аула сыпырушы, подъезд тазалаушы болып жұмыс істейді. Қалалық жұмыспен қамту орталықтары жіберген мамандарды да жұмыспен қамтыдық. Жұмысты жақсы істеген мамандардың еңбектерін ескеріп, сыйақы да береміз, — дейді Мәндібай
Сабырұлы. Ол құрылыс материалдарының қымбаттап жатқанына қынжылыс білдірді.
— Материалдарды сатып алуға тұрғындардан жинаған ақша жетпей жатыр. Оның үстіне, кейбір тұрғындар қарыздарын қайтаратын емес. Тұрғындардың жалпы қарызы 25 миллон теңгеден көп, — дейді Мәндібай Мақтаев.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.
Көшет сатып аласыз ба?
Қазір көкөністердің жас көшеттерін отырғызу науқаны басталды. Қала базарларында көшет сатып тұрғандарда, оны алушылар да көп. Тәжірибелі бағбандардың айтуынша, көшеттер өнімді тез береді. Алайда тұқымдай егілген көкөністен алынатын өнімнің екі есе болатынын көпшілік біле бермейді.
Базарда арнайы орын жоқ…
Бұрын Ақтөбе қаласындағы Орталық базарда осы мезгілде көкөністердің жас көшеттерін сатуға арнайы орын белгіленіп, сол маңда қызу сауда жүретін. Қазір сол базардың жас көшеттер сатылатын орнында темір-терсектер самсап тұр. Көшеттерді базар айналасында сатып тұрғандарды жиі кезіктіресің. Тұрақты орны жоқ сатушылар тексерушілердің қай уақытта келетінін білмей, айналасына қарап алаңдайды. Қаланың Сүт зауыты ауданы мен Бестамақ ауылынан арнайы жас көшеттер тиеп әкелген көліктер де сап түзеп тұр. Көлігі бар саудагерлер қарапайым сатушыларға қарағанда көшет бағасын түсіріп, сауданы неғұрлым жылдам аяқтауға тырысады.
Қазір базарда қызанақ, тәтті бұрыш, баклажан, қырыққабат секілді жас көшеттің он түбі 250-350 теңгеден сатылып жатыр.
— Мен жыл сайын осы мезгілде көшет сатамын. Көшетті қала маңындағы бау-бақша өнімдерін егумен айналысатын шаруашылықтан көтерме бағасына сатып аламын. Кәрістерден алған көшеттеріме сұраныс жоғары. Көшеттің әр түбінен 5-10 теңге пайда көремін. Бұрын базарда арнайы көшет сататындар үшін орын белгіленетін. Соңғы екі-үш жылдықта бұл іске мән берілмей жүр. Әйтеуір базар айналасында тұрып, тауарымды сатқаныма риза боламын, — дейді бізге есімін айтудан жалтарған сатушы апай.
Көшеттер өнімді тез береді…
Валентина Дынник, Ақтөбе қаласындағы «Садовод» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— Қаладағы бау-бақша ұжымдарының тоқсан пайызы көкөністерді көшет түрінде егеді. Жалпы көкөніс көшеттерін егу ісі наурыз айының аяғында басталады. Көшетті үйде арнайы жәшіктерде немесе бау-бақша, саяжай алқаптарында еккен дұрыс. Ерте көктемде жерге егілген көшеттерге қатты күтім керек. Оларды салқыннан, жауын-шашыннан қорғау үшін үстіне целлофан жауып өсіреді.
Көктемнің салқын күндері артта қалды. Енді жас көшеттерді отырғызуға болады.
— Көкөністі көшет түрінде еккеннің қаншалықты пайдасы мол?
— Жас көшеттер өнімді тез береді. Тұқымды жерге көшетті отырғызғаннан бір-екі апта бұрын салған дұрыс. Өйткені тұқымдай салған көкөніс баяу шығады. Әрине, егілген тұқымнан да өнім алынады. Бірақ ол өнімдер тұздауға ғана пайдаланылады. Айталық, дәл қазір қызанақты тұқымдай жерге салса, ол өз өнімін қыркүйек айында бере бастайды. Ол үшін тұқымдай егілген қызанаққа 3-3,5 ай күтім жасау керек. Сондықтан өнімді тез тұтыну үшін көбінесе тәжірибелі бағбандар жас көшеттерді пайдаланады. Бау-бақша ұжымдары тәтті бұрыш, баклажан, қызанақ көшеттерін егуге тырысады. Қырыққабатты да жерге көшет түрінде еккен тиімді.
Қазір саяжай алқаптарын пайдаланушылар көшет сатуды кәсіп етіп жүр. Қала базарларында көшет сату маусымы басталып кетті. Сондықтан қала тұрғындарының көшетсіз қалуына ешқандай қауіп жоқ.
— Бағбан ретінде бұл істегі өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
— Өз басым бүгінге дейін сауда орындарынан көшет, болмаса жер-жерден келетін тұқымдарды сатып алып, оны істе пайдаланып көрмеппін. Көбінесе бұл мәселеде шаруашылықтармен байланысқа шығамын. Қазір елімізде тұқым өндірумен айналысатын фирмалар жұмыс жасайды. Биыл көктемде қаладағы «Инвент» фирмасына тұқымдар Қостанай облысынан әкелінді. Тұқымдар біздің жағдайға лайықтап өсетіндей негізде дайындалған.
Қазір бағбандардың да талғамы жоғары. Олар беделді фирмалармен келісімшартқа отыру арқылы жұмыс жасайды.
Ал өз тәжірибем жайында айтсам, мен қай кезде де көкөністердің жас көшеттерін пайдаландым. Жаңа отырғызылған көшет бастапқыда жерге бейімделе алмай, ауырады. Ол үшін қатты күтім керек. Әлсін-әлсін суару, күн сәулесі мен жылу — көшеттен өнім алу үшін керек басты қажеттіліктер. Әсіресе, қызанақтың жас көшетіне ерекше күтім керек. Олардың арасындағы құлағандарын ағашқа байлап, айналасын арамшөптен тазарту қажет. Баклажан мен тәтті бұрыштың жас көшеттері мұндай күтімді аса қажет етпейді.
— Қала базарларында сатылатын тұқымдардың сапасына неліктен көңіліңіз толмайды?
— Біріншіден, базарда сатылатын тұқымның сапасына ешкім жауап бермейді. Олардың қай жақтан тасымалданып жатқаны да бізге беймәлім. Ондай тауарларды құзырлы органдар да тексермейді.
Тұқым және екі есе өнім
Мамандардың айтуынша, мол өнім алу көкөніс сорттарына байланысты болады. Қазір қызанақтың «Чудо света», «Бычье сердце», «Ду-карао», «Лонг-кипер», сол сияқты қиярдың «Алтай», «Конкурент»,«Урожайный-86», «Кустовой миг», «Изященый», «Маринда f1»,«Буян f1.» секілді сорттары бар. Қала базарларында сатылатын қиярдың «Қытай жыланы», «Чун-гу» сорттарын алушылар көп. Қиярдың бұл түрі ауа-райын талғамайды, яғни көлкеңке жерге егілсе де мол өнім береді.
Ұзындығы елу сантиметрден асатын «Қытай жыланы» сортты қиярдың құрамында дәрумендер аз болады. Дегенмен, адам организміне пайдалы заттар бар. Бұл сорттағы қияр тұздалғанмен, қысқа сақтауға келмейді.
— Жалпы көшетке қарағанда, тұқымдай егілген қызанақ өнімді көп береді. Теориялық тұрғыда және тәжірибе дәлелдегендей, тұқымнан шыққан бір түптен 10-12 келі өнім жиналса, көшет түрінде егілген бір түптен 4-5 келі ғана қызанақ жиналады, — дейді биолог Гүлназ Мыңжасарова.
P.S. Бау-бақша өнімдерін егуде елу жылға жуық тәжірибесі бар бағбан Валентина Дынник көкөніс көшеттерін кешқұрым егуге кеңес береді. «Базардағы жас көшеттердің түбіне мән берген дұрыс. Сабағы қатты көшеттер жерге тез бейімделеді. Шынтуайтына келгенде, қазір базардағы сатушылардың өздері көкөністің қай түрін саудаға шығарып тұрғанын білмейді. Сондықтан жас көшетті артығымен алған жөн. Өйткені отырғызылған жас көшеттердің жиырма пайызының көтерілмей, шықпай қалатын жағдайлары тәжірибеде жиі кездеседі», — дейді бағбан.
Арайлым НҰРБАЕВА.
«Медея» — Ақтөбе сахнасында
Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын драма театры режиссері мамандығы бойынша бітіргелі жатқан Балтабек Нұрғалиев дипломдық жұмысы ретінде ежелгі Грекияның ең соңғы трагик ақыны Еврипидтің «Медеясын» сахнаға шығарды.
Еврипидтің бұл шығармасын қазақшаға ақ өлеңмен аударған — ақын Қайрат Жұмағалиев. Қоюшы суретшісі — Ерден Бақытов.
Біздің заманымызға дейінгі V-ІV ғасырларда жазылып, әлі күнге дейін әлемдік сахнадан түспей келе жатқан Еврипидтің «Медеясын» қоюға тәуекел еткен жас режиссер Балтабек Нұрғалиевтің спектаклін көрермен қауым жылы қабылдады. Сахна қара мен қызыл түстен тұрады. Бұл сүйгені сатып кеткен Медеяның жан дүниесінде болып жатқан астан-кестен көңіл күйді, оның көзін тұмшалап, кеудесін кернеген ыза-кекті, ақылға бой бермейтін қып-қызыл қызғанышты меңзеп тұрғандай. Арасында үміт отындай әр жерден жарық көрінеді. Антикалық дәуірдегі хордың орнына шығатын Коринфтың төрт аруы мен Медеяның Сүтанасының (Кормилица) арасындағы диалогтардан дүниеде не болып, не қойып жатқанынан хабардар боласыз. Екі баласымен өзін тастап кеткен күйеуі Ясонның Коринф патшаның қызына үйленетінін естіген Медея адам естімеген сұмдыққа бармақ. Өзегінен шыққан екі баласын құрбан етпек. Ясонға қосылу үшін өзінің төркінін тәрк еткен Медеяны енді ештеңе тоқтата алмайды.
Спектакльдің негізгі жүгі Медея рөлін сомдаған жас актриса Жанар Кемалбаеваның иығына түседі. Өйткені Медея спектакльдің басынан аяғына дейін көрермен назарында. Моноспектакль деуге келеді. Медея бірде төбесінен жай түскендей болған хабардан есеңгіреп, қайғыға батады, күңіренеді, аһ ұрады, бірде салы суға кеткендей әлсіреп, сыбырлай сөйлеп, енді бірде есін жиып, қайратына мінеді, қаһарланып, жанындағыларға аюдай ақырады. Жанар жанын салып ойнайды, жас актер Мейірбек Шәкеновтің Ясоны да осал емес. Жастардың осындай күрделі бейнелерді жасауда аз тер төкпегені көрініп тұр.
Жас режиссер Балтабек Нұрғалиев өз қойылымы туралы былай дейді:
— Дипломдық спектакліме Аристотель «Ақындардың ішіндегі ең қасіреттісі» деп бағалаған грек драматургі Еврипидтің ақ өлеңмен жазылған «Медея» пьесасын таңдадым. Театр зерттеушілері «Құдайлар адамға, адамдар құдайға айналған уақыт» деп бағалаған антикалық дәуірдегі аңыз әңгімені көрермендердің ертегісіне айналдырғым келді. Оны «авангардтық қасіретнама» жанрында қойылған туынды дер едім. Испан суретшісі Сальвадор Далидің шығармашылығына көбірек ден қоятын спектакльдің қоюшы-суретшісі Ерден Бақытов екеуміздің ойларымыз бір жерден тоғысты. Эскиздердің барлығы компьютердің заманауи жетістіктерінің бірі — «3D MAX» программасымен жасалды.
Пьесаның түпнұсқасында ешқандай ремаркілер жазылмаған, тіпті оқиғаның өтетін орны да анық көрсетілмеген. Монологтар мен диалогтардың кезегіне құрылған. Осының өзі абстрактілі бағытты ұстануға және сценография мәселесінде шарттылыққа баруға кең жол ашты. Спектакль оқиғасы хор қыздарының философиялық өлең қайырымдары арқылы өрбіп отырады.
Спектакльдегі кектің өзі жай ғана сезім емес, сахна құралына айналды. Сол себепті де барлық әрекетті үрей, құлазу атмосферасын тудыратын, белгілі бір математикалық есеппен берілетін әуендермен безендірдім.
Дайындық жұмыстары кезінде пьеса мәтініне кішігірім өзгерістер енгізіп, кейбір кейіпкерлерді қысқартып тастадым, тіпті өз жадымнан пьесада жоқ жаңа бір сахнаның мәтінін ойлап табуға тура келді. Ол – Медея мен Сүтананың қоштасу диалогы. Авторлық мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, кей қайталауларды қысқарттық.
Сахна минимализм принципімен безендірілді: жартастар (олар бірде үйдің қираған қабырғаларын, кейде молаларды, кей кездері лабиринттерді еске түсіреді), екі табыт және де поролоннан ойылып жасалған, кей тұстары қансыраған ақшыл түсті өлік-мумиялар қойылды. Жоғарыға әртүрлі формадағы «жұмбақ әйел» келбетінің қиындылары ілінді: көз кесінділері, еріндер. Тағдыр «қолымен» кесілген кескіндер десек те болады. Бәріне қызыл рең берілді. «Жанарынан қан жауғандай» етіп хор қыздарының қара түсті көз маскілеріне қызыл мата жалғап тігілді. Олар көзі қанталаған «Медеялардың» қаптап кеткеніндегідей елестейді. Спектакльдің барлық декорациялары мен киімдері үш түстің үйлесімділігін сақтады: ақ, қара және қызыл. Осы безендірулердің бәрі Медея шеккен қасіреттің күшін әсірелеп көрсетеді. Өлік-мумиялар адамның ажал алдында соншалықты дәрменсіздігін, түптің түбінде бір жансыз қуыршаққа айналатындығын меңзейді. Қираған қабырғалар, кесілген портреттер үміттердің желге ұшқанын байқатады. Медея жартас басына бір шығып, бір түсіп, аласапыран күй кешеді. Өліктермен сөйлесіп, бірде оларды құшақтап, бірде қылғындырып, ұрып-соғу секілді әрекеттері арқылы кейіпкердің жан дүниесінде болып жатқан жайлардан хабар беруге тырысады. Сондай-ақ балалар өлтірілгеннен кейін спектакль соңында төбеден түсіп, сахнаның түпкі бөлігінде жанатын екі көз Медея мен Ясонның диалогындағы қорқыныш әсерін күшейте түсуге қызмет етті. Кекке тұншыққан адам адамнан гөрі әзірейіл жаналғышқа ұқсайды. Эпилог ретінде айтылатын арулардың: «Адамзаттың төсегінде ежелден, зұлымдықтың ұрығы көп шашылған» немесе «Ешқашанда еш пенде болмақ емес бақытты, дәулет қонса, қолдың кірі ол-дағы» секілді өлең шумақтарынан кейін жарық арқылы қуыршақ бейнесіндегі екі сәбидің жоғарыдан төмен түсіп, ауада қалықтап жүргені көрінеді. Бұл көріністің де көрермендерге ой салары сөзсіз.
Спектакльдегі әр кейіпкер бұл жағдайға «Мен кінәлі емеспін, оған анау кінәлі» деп ақталады, өздеріне шаң жуытқылары жоқ. Бастарына түскен қасіретке, өздері жасаған қателіктерге басқаны кінәлап, тіпті құдайды жазғырып жатады. Осы қойылым арқылы өзімшілдіктің, қатыгездіктің, көзсіз қызғаныштың соңы неге апарып соқтыратынын адамдардың тағы бір рет есіне салғымыз келді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Әубәкір Рахимовтың шәкірті Балтабек Нұрғалиев 2011 жылы Алматыда өткен республикалық сахна өнері саласындағы студенттер олимпиадасында «Режиссура» номинациясы бойынша және сол жылы Мәскеу қаласындағы Ресей театр өнері университетінде өткен «Сахналық атмосфера» атты халықаралық режиссерлер байқауында «Шығармашылық құштарлығы және үздіксіз ізденісі үшін» Бас жүлдеге ие болды. Өткен жылы Таразда өткен республикалық жас режиссерлердің «Дебют» байқауында Б.Нұрғалиевтің Т.Ахтанов атындағы облыстық театрда Кобо Абэнің шығармасы бойынша қойған «Құм құрсауындағы әйел» спектаклі Қазақстанның халық артисі, ұлттық режиссураның ірі өкілі Қадыр Жетпісбаев атындағы жүлдені жеңіп алды.
Балтабек Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық драма театрда жапон драматургі Минору Бэцуякудың «Әзәзіл» спектаклін қойды.
Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов: «Балтабек Нұрғалиевтің Қаллеки театрында қойған «Әзәзіл» спектаклі қазақ театр өнеріне үлкен серпіліс әкелді. Жас режиссерді жассынбау керек, ол абсурд бағытындағы ауыр спектакльді тіс қаққан актерлермен қоя білуі арқылы үлкен жеңіске жетті», — деп баға берген екен.
Қазақ театр өнерінің кәсіби, жаңаша ойлайтын режиссерге зәру екені жұрттың бәріне мәлім. Ал өзіміздің Т.Ахтанов атындағы театр да маман режиссерге шөліркеумен келеді. Ал Балтабек сияқты жас та болса, ойлы режиссердің болашағы зор екені оның аяқ алысынан байқалып тұр деуге болады.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.
Қылқалам әлемі…
Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Таймас Телеушевтің «Қылқалам әлемі» атты көрмесі өтіп жатыр.
Өзіндік ерекшелігімен, шеберлігімен бейнелеу өнерінің биігінде жүрген жерлестеріміз аз емес. Өнерсүйер қауым, әсіресе, жастар арасында қылқалам шеберлерімен кездесулер ұйымдастырып, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізуді алдымызға мақсат етіп қойған едік.
Таймас Телеушевтің көрмесі 16 мамыр күні ашылды. Бұл шараға өнертанушылар, мәдениет саласы қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әнуар Өтеген-Тана Таймас Телеушевтің өмірі мен шығармашылығы жайында әңгімеледі. Таймас Телеушев — тағдыры ерекше жан. Оның балалық шағы экология зардабын тартқан Арал теңізі бойында өткен. Туғанынан құлағы естімесе де, табиғат ерекше дарын берген ол өмір бойы қылқаламды жанына серік етіп келеді.
Ақтөбе облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің ғылыми қызметкері ЖанарМақсұтова суретшінің бірқатар туындыларына тоқталып, талдау жасады. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұл сөз алып, суретшіге шығармашылық табыстар тіледі.
Жиналғандар алдында Ә. Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің оқушылары М.Таңатарұлы мен Қ. Нұралиев өнер көрсетті.
Көрмені осы жылдың қыркүйек айына дейін тамашалай аласыздар.
Ақерке САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,
өнер әдебиеттері бөлімшесінің меңгерушісі.
«Отбасы — тіршіліктің тірегі»
Облыстық «Руханият» музейі мен зағиптар мен нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы бірігіп, бүкіләлемдік Отбасы күніне орай «Отбасы — тіршіліктің тірегі» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Бұл шараға облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының оқырмандары, Ақтөбе қалалық № 43 орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Кешке қонақ ретінде Қазақ зағиптар қоғамы оқу-өндірістік кәсіпорны бастауыш ұйымының төрағасы Әміржан Тілеумағамбетов пен оның жұбайы Гүлжанат Оразова шақырылыпты.
Бала күнінде ойын кезіндегі қателік салдарынан жанарынан айырылған Әміржан алыс ауылда, үйде отырып қалмай, облыс орталығына келіп, зағиптар қоғамы арқылы оқуын жалғастырып, жұмысқа тұрыпты. Жұмыста жүріп, Гүлжанатты кездестіріп, шаңырақ құрды. Ұл мен қыз сүйіп, қазір немере де өсіріп отыр.
— Өмірде қиындық та, қызық та аз болмайды. Біз де басымыздан көп жайт өткердік. Бірақ, қандай жағдайда да, ең бастысы — отбасы жарасымын, сыйластықты сақтау, балаларға дұрыс тәрбие беру деп білдік, басқаның бәріне өткінші бір нәрселер деп қарадық, — дейді Әміржан.
Жиналғандар жұртқа үлгілі отбасы ретінде танылған Әміржан мен Гүлжанатқа сауалдар қойды. Сондай-ақ кешке қатысушылар арасында бала тәрбиесі, отбасы және туыстық қарым-қатынастарға байланысты қазақтың салт-дәстүрлері төңірегінде әңгіме өрбіді.
Осы шараға орай «Өнегелі отбасы — мемлекет тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.
Қарттар алғысы
Ақтөбе қаласындағы №47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын мектепте «Қамқорлық» акциясы өтті. Акция аясында аз қамтылған отбасының балаларына киім-кешек, қажетті оқу құралдары берілді. Бұған қоса оқушылар қарттар үйіне барып концерт қойды. Қарттар оқушылардың өнеріне риза болып, батасын берді. Мектеп басшысы Латып Тұрсынғалиұлына және тәрбие ісінің меңгерушісі Ақмарал Сағадатқызына ризашылығын білдірді.
Алдағы уақытта бұндай акция жалғасын табады.
Балзира МАЛАЕВА,
бастауыш сынып мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.





Егер шұғыл несие керек пе? Сіз борыш болып табылады? Сіз кез келген мән-жайлар Біздің қызметтер қазір, Easy & Secure несиелер Жылдам болып табылады, өз бизнесін қайта қаржыландыру шұғыл несие қажет ?, Егер сіз банкпен жоққа шықты, артық емес алаңдатты. Бүгін $ 1,000.000 – $ 2,000 дейін қарызға! Бұл электрондық пошта несие ақпарат бізге хабарласыңыз: noramildred.loans@hotmail.com
Ескертпе: 24 сағат ішінде алдын ала жауап және қаржыландыру күтеді
Құрметпен.
ханым Nora