Ақтөбе тауарлары

Таяуда Астанада Елбасының қатысуымен елдегі бизнестің барлық жетекшілері бас қосқан кеңес өтті. Осы жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген мақсат қойдық 2050 жылы. Соған дейін шағын және орта бизнестің үлесін 40 процентке жеткізуіміз керек. Бұл орайда талқыланатын мәселе көп. Осы жылдары елге 300 миллиард доллардың инвестициясы тартылыпты. Соның 124 миллиард доллары ішкі инвестиция. Яғни біздің өзіміздің, іс адамдарының арқасында. Солардың арқасында экономикамыз бүгінгі жағдайға жетіп отыр», — деді.
Елбасының осы сөзіне айғақты әр аймақтан табуға болады. Мұның көрінісі еліміз бойынша жетекші орынға ие біздің облыста да жеткілікті. Қазір тұтынушылардың азық-түлік дүкендеріне кірген кезде бірінші кезекте жергілікті өнімдерге ұмтылатынын байқаймыз. Сырттан тасымалданатын өнімдерге бұрынғыдай көп қол соза бермейді. Оның себебі, өз аймағымызда өндірілетін өнімдер сапалы әрі арзан. Оның үстіне соңғы жылдардағы азық түлік қауіпсіздігі белдеуін жасауға байланысты жүргізілген қыруар жұмыстардың нәтижесінде облыс өз халқын етпен, сүтпен, жұмыртқамен, нан өнімдерінің көпшілік түрлерімен, көкөніспен толық қамтуға қарады.
«Тоқашы көп — тоқ қала» дегендей, біздің облыс нан бұйымдарын өндіру жөнінен еш аймаққа тәуелді емес. «Рамазан», «Атамекен-Нан 2000», «БродМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сауда орындарына нан-бөлке бұйымдарының кең ассортиментін ұсынады. Барлық нан өнімдері наубайханалардан шыққан жаңа күйінде бірден сөрелерге жеткізіледі. Өткен жылдың тамыз айында облыс әкімідігі мен ұн өнімдері кәсіпорындары арасында бекітілген меморандумға байланысты бірінші сортты өңделген бір килограмм ұнның бағасы 44 теңгеден аспайды. Соның нәтижесінде ең арзан нан да біздің облыста.
Бір кезде шалғай өңірлерде жыл он екі ай көкөніс тұтыну талабын қою шектен тыс ұшқары сияқты көрінетін. Ал қазір бұл аймақтарда да қалыпты жағдайға айналды. Облыс орталығының іргесінде «ИзетГринХаус», «Керемет-5», «Алем-тағам» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жылыжай кешендері аймаққа еуропалық талапқа жауап беретін өз өнімдерін береді. Олар өндіретін жас қызанақ, қияр, пияз көк сабағы, қырыққабат аймақ тұтынушыларының жыл бойғы қажеттерін толық өтейді. Ақтөбенің сауда желілері жергілікті шаруа қожалықтары өсірген картопты, пиязды, сәбізді, қызылшаны танаптан тікелей де әкеле алады.
Жергілікті өнім өңдеушілердің көбеюуімен сүт тағамдарының да қатары молаюда. «Айс», «Молочные истории», «Ақжол-2», «Мартук сүт», «Алғабас», «Айс Фуд Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сүзбе, өзге де дайын өнімдер шығарады. Қаланың гипермаркеттері мен супермаркеттері бүгінде «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өнімдеріне толы. Өйткені бұл серіктестік ірі сүт кластерін қалыптастырды. Оның құрамына сүт өндіретін 40-тан астам ауыл шаруашылық құрылымдары кіреді. Аталған серіктестік Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, делдалсыз бөлшек сауда тетігін меңгеруге талаптануда.
«Компания Рокос» «Силла» сауда белгісімен шұжық бұйымдарын, жартылай дайын ет тағамдарын сауда желілерінің тоңазытқыштық сөрелеріне жеткізеді. Аталған кәсіпорын шұжық бұйымдарының 42 түрін саудаға шығарады екен.
Ет өнімдерін молайтуда болашағынан зор хабар беріп отырған кешенді шаруашылық — «Ак-Теп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын сиыр етін өндіреді. Мұндағы ерекшелік, жас етті тоңазытқан күйінде саудаға түсіреді. «Бал-Юн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кептірілген, жартылай кептірілген, кептіріп-пісірілген шұжық, жеңсік ет бұйымдарының жартылай фабрикаттарының 60 түрін өндіруде. Сондай-ақ біздің сауда орындарымыздан «Жилкомплект 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өнімдерін де көруге болады. Бұл аталған компания шұжық, қазы, жал-жая сынды ұлттық тағамдарды өндіруге бейімделуде.
Бәрі өзімізден табылады
Біздің облыста құс шаруашылығы да табысты дамып отыр. «Аққұс» құс өсіру фабрикасы тек алдыңғы жылдың өзінде 1600 тонна құс етін өндірді. Кәсіпорынның түрліше бөлшектеп, ыңғайлы орап-түйген өнімдерін қаланың барлық сауда орындарынан кездестіруге болады. Бұл серіктестік өнімін сыртқы саудаға да шығарады және оның бұйымдары халықаралық стандартқа толық сай келеді.
«Парижская коммуна XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бестамақ мал шаруашылығындағы кешені де сауда орындарын ет өнімдерімен нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл кәсіпорын тұтынушылардың шошқа етіне деген қажеттілігін толық өтеп отыр.Сонымен бірге ол бұл өнімді Қазақстанның өзге де аймақтарына, шет елдерге шығарады. Жыл сайын бордақылауға қойылатын 40 мың шошқа 2,7 мың тонна шошқа етін өндіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтар сауда орындарының балық сататын сөрелерінен жергілікті жерде өндірілген жас балық етін де таба алады. «Ардағым» және «НаурызСим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің шаруашылық тоғандарында өсірілген балықтар тұтынушылардың әркез жоғары сұранысына ие. Шаруашылықтардың тоғандарында балықтың тоғыз түрі өсірілуде. Олардың ішінде бекіре тұқымдас балықтар да бар. Тіпті балықтың форель (патша балық) түрін өсіруді де жоспарлауда. Мұның бәрі көп ұзамай сауда сөрелеріне жететін өнімдер деп қарауымызға әбден болады.
Қазіргі сауда орындарының сөресі бұйымдардың көптігінен қайысып тұрады. Бұған көзіміз де үйренді. Мәселен бір ғана жарма, ұн өнімдерінің өзі қаншама! Сан түрі бар. Соның ішінен көзі қарақты тұтынушыларымыз өзіміздің жергілікті бұйымдардың артықшылықтарын біледі деп ойлаймыз. Көбірек тұтынатыны да содан болар. Себебі біздің жергілікті кәсіпорындар өндіретін өнімдер шет елдік бұйымдардан артық болмаса, еш кем емес. Мәселен, «Ас-Ан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еуропалық стандарт бойынша жарманың барлық түрін шығарады. Ал «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі макарондық бұйымдармен шұғылданады. Компания Қазақстанның тамақ өнімдері нарығындағы ірі тауар өндірушілердің бірінен саналады. Кәсіпорынның өндірістік базасы ауқымды — элеваторлары, дирмендері, макарон және жарма цехтары, нан зауыты мен наубайханасы, құс фабрикасы, қосалқы цехы, фирмалық дүкендер желілері бар.
Әлемдік жаңа стандартқа сай, «Pavan» итальян компаниясының технологиясы бойынша өнімдер шығаратын «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де өз тұтынушылары қалыптасып келеді.
Аймақта өсімдік майына деген зәрулік әлдеқашан жойылған. Оның орынсыз қымбаттауына да жол жоқ. Олай болатыны, облыс орталығында өсімдік майын өндіретін «Савола Фруд СиАйЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы кәсіпорыны бар. Ол тазартылған және тазартылмаған жоғары сапалы өсімдік майын шығарады. Сондай-ақ компания «Метро Кэш энд Керри» өндірісімен бірігіп «Аро» күнбағыс майын да өндіреді. Бұл аталған кәсіпорындарда өндіріліп, саудаға түсірілетін май салыстырмалы түрде арзан. Сондықтан да мұның өзі сырттан келген майдың бағасын көтерудің жолын бөгейді.
Облыстың сауда орындары жергілікті жерлерде өндірілетін тәтті тағамдармен де мол қамтылған. Тек Ақтөбе кондитер фабрикасының өзі сауда орындарына кондитерлік бұйымдардың 150-ден астам түрін салады екен.
Аймақтың үлесі
Ақтөбе — сауда-сатығы ілгері дамыған өңір. Әрине, ол бірінші кезекте өндірістік сауданың пәрменді жолға қойылуымен байланысты екені даусыз. Оны жоғарыдағы біз баяндаған шаралардан аңғаруға болады. Аймақтағы сауданың қарышты дамығанына дәлелдің бірі — тек соңғы бес жылда бөлшек сауда 2,4 есе өсіп, 243, 0 млрд. теңге құраған. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Аймақтық өнімнің сауда айналымына үлесі өсіп, 10 пайызды құрады. Жыл сайын еліміздің сауда айналымының жалпы көлеміне ақтөбеліктер салатын үлес молайып отыр. Ол 2008 жылы 4,3 пайыз болса, 2011 жылы 7 пайыз болды.
Сауда жұмысының оңға басуына соңғы жылдары облыста сауда инфрақұрылымдарының белсенді дамығанының да елеулі ықпал еткенін айтуымыз керек. Облыста сауда алаңдары 2006 жылғы деңгеймен салыстырғанда жеті еседен астам өскен.
Елбасы жоғарыдағы аталған кеңесте орта және шағын бизнесті дамытудағы қол жеткен жетістіктерді атап көрсете келіп, «осы қарқынды жоғалтып алмау қашанда қажет» деп тапсырды. Кәсіпкерлерге тың міндеттер жүктеп, атқарушы биліктің алдына жаңа талаптар қойды. Ол бойынша жергілікті жерде шығарылатын өнім бәсекелестікке төтеп бере алатын болу керек. Елбасының осы кеңесте атап көрсеткеніндей, Ресей, Қазақстан және Белорус мемлекеттерінің кедендік одағының құрылуына байланысты бұл бәсекелестік күшейіп отыр. Қазірдің өзінде қазақстандық тауарлар үлкен сыннан өтіп жатыр. Ал ертең еліміз Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болған кезде қалай болмақ? Елбасы осы мәселелерді қазірден ойластыруды міндеттеді. Президент жүктеген бұл жауапкершілік Ақтөбе аймағының тауар өндірушілеріне де қатысты, әрине.
Өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен агроөнеркәсіп кешенінің көрмесіне тауар өндіруші 47 кәсіпорын қатысқан екен. Олардың арасында жоғарыдағы біз атағандардан басқа, өндірістік жолмен қымыз өндіріп сататын «Абылай», «Қостемір» шаруа қожалықтары, сүт өнімдерін өндіретін «Қарасор», «Бөбек» сүт асханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Мұнымен бірге ет, шұжық және ұн өнімдерін өндіруге мейлінше бейімделген «Степное», құс етін өндіретін «Көктас Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тұтынушылар қауымына кеңінен таныс екенін айтқан жөн. Ал бірыңғай көкөніс өсіріп, саудаға салумен шұғылданатын «Пригородное», «Алма», «Садик», «Дулат», «Огородник», «ЛашынИнвест» шаруашылықтары өз өндірісін жылдан жылға кеңейте түсуде.
Біздің аймақтың тек азық-түлік емес өндірістік тауарларды молайтуға да қабілеті жетеді. Және бұл бағытта да алғашқы қадамдар бар.
Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе тауарларын молайтудың әлеуеті зор. Оның мүмкіндігі тек қала емес, әрбір ауылда да жеткілікті. Жергілікті өнімдерді ұқсату, оларды қазіргі заман талабына сай өңдеп, сауда сөрелеріне жеткізу — үлкен талап. Мемлекет тарапынан отандық кәсіпкерлерге мұны талапқа сай жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалып, қамқорлықтар көрсетілуде. Елбасы тауар өндіруші бизнесмендерге қамқорлық, қолдау көрсетуді аталған кеңесте тағы да қатаң тапсырды.
Ақтөбенің төл паспортына айналатындай, көпшілік тұтынушы үлкен сұраныспен тұтынатын тауарлар шығару бүгінгі және ертеңгі күннің басты міндеті.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




