Порталдың пайдасы немесе қолжетімді қызмет

Осы айда www.egov.kz электрондық үкімет порталына 7 жыл толды. Портал даму жылдарында өзінің тиімділігін дәлелдеді. Күн сайын оны пайдаланушылар және оларға көрсетілетін қызметтердің саны артып келеді. Қазіргі таңда ел азаматтары мемлекеттік қызметке онлайн түрде тапсырыс бере отырып, қаражат пен уақытын үнемдейді. Портал қызметін ұғындыру мақсатында бүгінде еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы оңтайландырылды. Әлқисса…
Орталық жұмысын оңтайландырудағы негізгі мақсат — халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, яғни, мейлінше, көп қағазды азайтып, құжаттарды электрондық форматқа көшіру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Сондай-ақ бүгінгі күні еліміздің барлық орталықтарында іске асырылған «Бір терезе» қағидасы бойынша кедергісіз (барьерсіз) қызмет көрсетіледі. Тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің қызметті ұсыну жұмыстарын арнайы мониторингтің көмегі арқылы бағалай алады. Бұл нақты қызметкердің мемлекеттік қызметтерді ұсыну деңгейі мен сапасын анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан өзге бизнес-процестер реттеліп, қызметкерлер біліктілігін жетілдіріп, электрондық кезек те енгізілуде.
Былтыр біздің облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы да оңтайландыру жұмыстарын аяқтады. Оның ішінде барлық орталықтың ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Айта кету керек, Ырғыз, Шалқар, Мәртөк аудандарының орталықтары әдемі ғимараттарға орналасты.
Осы ретте халыққа қызмет көрсету орталығының Ақтөбе қалалық бөлімінің басшысы Еркінбай Жүсіпұлымен әңгімелескен едік.
— Қазір барлық сала электрондық форматқа сатылап көшіп жатыр. Әкімдік те, емхана да — бәрі де. Компьютерді пайдалану сауатыңыз болса, әлемнің кез келген нүктесінде отырып, интернеттегі электрондық үкімет порталына кіріп, мемлекеттік қызметті пайдалануыңызға болады. Мәселен, осылай порталда бизнесті 1 күнде тіркеуге болады, жеке сәйкестендіру нөмірін жазу үшін тек қана жеке куәлік қажет. Ал бұны мемлекеттік органға барып, тіркетсеңіз, 5 күннен 30 күнге дейінгі уақытыңыз кетуі мүмкін. Порталда шетелдік қонақты мемлекеттік органда 1 күн тіркеудің орнына 15 минутта тіркеуге болады. Сондай-ақ портал арқылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарды тапсыруға, емханаға тіркелуге, балабақшаға кезекке тұруға, коммуналдық қызметтерді, айыппұлдарды, салықтарды төлеуге, жеке куәлікті ауыстыруға (ескіні жаңаға), яғни осындай бірқатар мәселені электрондық цифрлық қолтаңбаңыз бар болса, үйден шықпай-ақ шешуге болады, — дейді бөлім басшысы.
Одан әрі Еркінбай Жүсіпұлы орталық жұмысын оңтайландыру аясында ғимараттың аумағын ескере отырып, әзірге қаламыздың үш аумағында порталды дәріптеу мақсатында «Электрондық үкімет» бұрыштарын ашқандарын айтты. Атап айтсақ, біреуі — халық көп жүретін орын — «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінде, екіншісі, қалалық салық басқармасында, үшіншісі, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасында орналасқан. «Қазір тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығының өзіне бармай-ақ, «Мега Ақтөбе» орталығында демалып жүріп, сол жерде орналасқан бұрышқа барып, «egov.kz» электрондық үкімет порталының қызметтерімен танысып, электрондық цифрлық қолтаңба ала алады. Әрине, халыққа қызмет көрсету орталығының өзінде де порталға қатысты сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтсақ, портал — қазіргі заман адамына өте қолайлы, уақытын, қаражатын үнемдеуге көмектеседі», — дейді Еркінбай Жүсіпұлы.
Ыңғайлы үш бұрыш
Халыққа қызмет көрсету орталығы Ақтөбе қалалық бөлімінің «Электрондық үкімет» секторының жауапты қызметкері Анар Тәңірбергенова бізге қаладағы портал жұмысын насихаттайтын 3 бұрыштың қызметін түсіндірді.
— Үш бұрыштың үшеуінде де барлық тілек білдірушілерге кәсіби ақпараттық кеңес беріледі. Негізі үшеуінің өз ерекшеліктеріне тоқталып өтейін. Мәселен, халық көп шоғырланатын «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешеніндегі бұрышта төлем карталарының жадысын оқитын картридер (сard reader)құрылғысы бар. Бұл сол жерде жүрген тұрғындардың алысқа ұзамай, төлем жүргізуіне мүмкіндік береді. Ал қалалық салық басқармасындағы электрондық үкімет бұрышында жеке тұлғалар касса кезегінде тұрмай-ақ, жылжымайтын мүлік немесе жер, көлік салықтарын, басқа да салық түрлеріне берешегін төлей алады. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасында орналасқан портал қызметін насихаттайтын бұрышқа жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар мен төлемдер қабылданады. Төлемге қатысты операциялар ықпалдастырылған ақпараттық жүйе бойынша жүргізіледі. Аталған жүйе алдын ала енгізілген деректер базасынан қызмет пайдаланушы туралы ақпаратты тауып беруге көмектеседі, — дейді Анар Тәңірбергенова.
Сонымен бірге ол мемлекеттік төлемдерді талап ететін мемлекеттік қызмет түрлеріне тапсырыс беру барысында азаматтар инспектордан алшақтамай, кез келген банктің Виза, Маэстро, Мастеркард төлем карталары арқылы төлем жүргізе алатынын айтты. Төлем картамен жұмыс істеген жағдайда, картаңыздың артқы жағында орналасқан үш сан, яғни CVC коды пайдаланылатынын да ескертті. Аталған код төлем картасының түпнұсқа екенін айғақтайды. Сондай-ақ төлем жасалған кезде берілетін чекте 2003 жылғы «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңның 7-бабы І тармағына сәйкес ешқандай мөр болмайды.
Айтпақшы, «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығында орналасқан бұрыш сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін түскі үзіліссіз әрі демалыста да жұмыс жасайды. Ақтөбе қаласындағы салық басқармасы мен жол полициясы басқармасында орналасқан электрондық үкімет қызметін дәріптейтін бұрыштар сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мұнда түскі үзіліс — әдеттегідей, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін.
Қолтаңба болса, қол ұзарады
Биыл 21 наурыздан бастап www.egov.kz электрондық үкімет порталында тіркелу және авторизациялау процесі өзгерді.
Яғни бұрынғы тәсілдерге қосымша электрондық цифрлық қолтаңба сертификаты арқылы порталға тіркелу, кіру және парольді қалпына келтіру мүмкіндігі пайда болды. Бұл жерде оны бұрынғыдай браузерге импорттау қажет емес. Тек электрондық цифрлық қолтаңбаны таңдап, PIN-код (пароль) көрсету жеткілікті. Порталда авторизациялануекі тәсіл арқылы жүргізіледі: біріншісі, жеке сәйкестендіру немесе бизнес сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН/БСН) және пароль енгізу арқылы стандартты (әдеттегі) авторизациялау болса, ал екіншісінде, электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын таңдап, PIN-код (паролін) көрсетіп кіре алады.
Анар Тәңірбергенованың айтуынша, порталда тіркелу де екі түрге бөлінеді.
— Порталдабірінші рет тіркелген пайдаланушы құқықтары шектеулі «уақытша» пайдаланушы мәртебесіне ие болады. Бұл — электрондық цифрлық қолтаңбасыз тіркелу процесі. Яғни уақытша тіркелу кезінде пайдаланушы міндетті түрде жеке сәйкестендіру немесе бизнес сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН/БСН), жеке куәлігінің нөмірін және туған күнін көрсетуі тиіс. Осы міндетті деректерді енгізгеннен кейін «Табу» түймесін басып, бұдан кейін электрондық поштаның мекенжайын (e-mail), паролін көрсету және «Бұдан әрі» түймесін басу қажет. Бұдан кейін көрсетілген e-mail бойынша растау рәсімінен өту қажет. Егер уақытша тіркелгеннен кейін пайдаланушы 90 күнтізбелік күн ішінде порталда бір де бір рет авторизацияланбаса, оның деректері порталдан автоматты түрде жойылады.
Ал егер ол 3 ай ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланса, яғни электрондық анықтама алып немесе қолтаңба арқылы порталда авторизациядан өтсе, ол «тұрақты» пайдаланушы мәртебесін біржола алады.
Пайдаланушы электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда, оны тіркелу кезінде пайдалана алады. Аталған қолтаңба деректерін көрсеткеннен кейін, электрондық пошта (e-mail) мен пароль көрсетілетін ашық жиекті толтыру қажет. Бұдан кейін көрсетілген e-mail бойынша растау рәсімінен өтесіз. Айтпақшы, ескерте кетейін, тіркелу кезінде жеке электрондық поштаның мекенжайын көрсету міндетті. Сондай-ақ уақытша мәртебеге ие пайдаланушы портал арқылы алған қызметтерді, бұған дейін алынған электрондық анықтамалардың мазмұнын (жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» тарауында) қарай алмайды, — дейді Анар Тәңірбергенова.
Министрлер байланыста
Электрондық байланыстың ілгерілегені соншалықты, жергілікті жерде министрмен байланысуға мүмкіндік бар. Оны халыққа қызмет көрсету орталығы ұсынып отыр.
Бұл туралы бізге халыққа қызмет көрсету орталығы Ақтөбе қалалық бөлімінің «Электрондық үкімет» секторының жауапты қызметкері Анар Тәңірбергенова әңгімеледі.
— Ол үшін электрондық үкімет порталына кіріп, сұрақ қойғыңыз келетін министрдің жұмыс кестесін қарап, өзіңізге қолайлы уақытты таңдап, алдын ала жазылуыңыз қажет. Сосын сол мерзімде Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Орталық маманы сіздің министрге онлайн байланысқа шығуыңызға көмектеседі, — дейді ол.
Бүгінде электрондық үкімет порталы 2 мыңнан астам ақпараттық қызмет, 130-дан астам интерактивті-трансакциялық қызмет, 84 мемлекеттік сервис, 21 мемлекеттік алымдар, 16 мемлекеттік БАЖ салығы, сондай-ақ басқа да төлем төлеу қызметтерін ұсынады.
Қазіргі таңда egov.kz порталы қызмет көрсету аясын одан әрі кеңейтуде. Мәселен, қазір портал арқылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы қызметі туралы ақпарат алуға, төлем төлеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ жақын күндері портал отандық мобильді байланыстарға төлем карталары арқылы төлем жасау қызметін енгізді. Бұл қызмет түрлерін порталға уақытша пайдаланушы ретінде кіріп те жасай аласыз. Айтпақшы, оңтайландырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезекті интернет арқылы «egov.kz» порталында немесе «1414» call-орталығы арқылы брондауға болады.
Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.



