Басты жаңалықтар

Қала

 

Саяжайдың 10 мың тұрғыны

 

Қазір қаладағы саяжайларда қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалалықтардың төрттен бір бөлігі өзін-өзі бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етеді.

 

Жас көшеттер жәрмеңкесі

 

Сәуір — саяжай ісінің жанданатын айы. Көктем шығып, күн жылына бастаған шақтан-ақ қалалықтар қолдарына күрек, тырмаларын алып, саяжайды бетке алады. Саяжай ісіне ерте  кірісудің екі себебі бар. Күннің жылынуын тағатсыздана күтіп, бау-бақша егуді сүйікті ісі санайтындар бұл жұмысқа шын ықыласпен кірісіп жатады. Ал қалаға берілетін жылудың сәуір айының соңғы аптасына дейін жалғасып, үйде барлығып отырудан жалыққандардың амалдың жоқтығынан саяжайды бетке алатындары тіпті бөлек әңгіме. Дегенмен, жылу тоқтатылды, енді саяжай ісіне білек сыбана кірісетін мезгіл келіп жетті.

Саяжай алқаптарын күтушілер әуелі жерді күзгі-қысқы күл-қоқыстан тазартып, қалдықтарды шығарумен айналысады. Қазір бұл жұмыстар аяқталып қалды. Содан соң жерді бау-бақша өнімдерін егуге дайындайды. Саяжай алқаптарына жас көшеттер егетіндер де көп. Әрине, тұрғындардың мұндай талпынысына біз қуанып қаламыз. Өйткені, ұзақ жыл жеміс берген ағаштардың орнын жас көшеттер басуы керек. Жеміс ағаштарының орнын уақыты келгенде алмастырған да жөн, — дейді Ақтөбе қаласындағы «Садовод»  қоғамының төрайымы Валентина Дынник.  

Сәуір айының аяғы, мамырдың басында саяжай ұжымдарында картоп егу жұмыстары басталады. Кейбіреулер картопты ерте көктемде егетін көрінеді. Мамыр айынан бастап жерге тұқым салу жұмыстары басталады. 

Осы мезгілде қала базарларында немесе белгілі бір жерлерде жеміс ағаштарының жас көшеттері сатыла бастайды. Біз қалалықтарға жағдай туғызу үшін биыл 27 сәуір күні «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығы алаңында жас көшеттер жәрмеңкесін ұйымдастырып жатырмыз. Бұл — қалада жыл сайын  ұйымдастырылатын шара. Бұл шараға  саяжай шаруасына қатысы бар қаладағы бірқатар кәсіпкерлер мен бау-бақша ұжымдарының өкілдері шақырылады. Жәрмеңкеде сатылатын жас көшеттер бағасы басқа сауда орындарына қарағанда әлдеқайда арзан болмақ, — дейді  В.Дынник. 

 

Отыз ұжымның ойраны

 

Валентина Дынниктің айтуынша, қазір қалада 393 саяжай ұжымы бар.  2007 жылы өткен ауыл шаруашылық санағының нәтижесі бойынша Ақтөбеде 29 243 саяжай учаскесінің бары анықталыпты. Бұл учаскелердің жалпы алаңы — 2276,3 гектар жер. Орташа есеппен алғанда әр саяжай учаскелерінің көлемі 7,8 сотық жерді қамтиды. В.Дынниктің айтуынша, егер отбасылық коэффицентін қолданатын болса, бау-бақшаға 100 мыңға жуық адамның қатысы бар. Демек, тұрғындардың төрттен бір бөлігі өзін-өзі бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Қала аумағындағы саяжай учаскелерінің шамамен 70 пайызына картоп, қырыққабат, қияр, қызылша, сәбіз, пияз, баклажан секілді дақылдар егілсе, қалған  алқапқа жеміс-жидектер мен гүлдер отырғызылады. 

Сөз арасында В.Дынник саяжай шаруасына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды.

Қазір қаладағы 393 саяжай ұжымының 30-ы қараусыз жатыр. Мұндай ұжымдарда ешқандай инженерлік жүйе жоқ. Бұл аймақтарда су құбырлары мен жарық сымдарын әлдеқашан қолды қылған. Соңғы уақытта саяжай учаскелеріне қоныстанушылардың саны көбейді. Өйткені қаладағы көп қабатты үйлерден  пәтер алуға кім-кімнің де қалтасы көтере бермейді. Пәтерлерге қарағанда, саяжай учаскелерінің бағасы әлдеқайда арзан, — дейді ол.

Мәлім болғандай, қазір 10 мыңға жуық ақтөбелік саяжайды тұрақты мекен етіп отыр.

В.Дынниктің айтуынша,  саяжайды жалға алып тұрушылардың ішінде жас отбасылар көп кездеседі. Өйткені саяжайды жалға алу бағасы да қаладағы үйлерден анағұрлым арзан. Саяжай ұжымы жетекшілеріне үйшікті мекен етіп тұрып жатқаны үшін олар ай сайын 8-10 мың теңге төлейді.

 

Саяжайға сегіз автобус қатынайды

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені туралы айтқанда саяжайлар ісін жандандыру, бос жатқан жерлерді игеру жайында Үкіметке тапсырма берген болатын.  Бұл — жергілікті өзін-өзі қамтамасыз ету шараларының бірі. Қазір жергілікті билік саяжай төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселелерді шешудің амалдарын қарастырып жатыр. Атап айтқанда, алдағы уақыттарда саяжайға қатынайтын автобустардың санын көбейту, электр энергиясын тарту, су мәселесін реттеу ісін бірінші кезекте жолға қойып отыр.

Қазір бау-бақша ұжымдарына қатынайтын маршрутты таксилердің саны — 8.

1 мамырдан бастап бағыттық такси жүргізушілері тасымалдау жұмыстарына кіріседі. Атап айтсақ, бағыттық таксилер Сазды су қоймасы маңындағы саяжайлар мен ипподром, Сүт зауыты, Кірпішті елді мекеніндегі бау-бақша ұжымдарына қатынайтын болады. Саяжай маусымы аяқталғанша маршрутты таксилер үздіксіз жұмыс жасайды. Тасымалдау ісіне қатысты тұрғындардан әзірге арыз-шағым түсіп көрген жоқ. Зейнеткерлер үшін саяжайға қатынайтын қоғамдық көліктерге жолақының 50 пайызын төлеу жеңілдігі қарастырылып отыр, — дейді В.Дынник.

Рас, қала маңындағы саяжайға баратын жолдардың жағдайы сын көтермейді. Әсіресе, ипподром, Бұтақ өңірлеріндегі саяжай жолдары қатынас мәселесі үшін қиындық тудырады. Жол қиындығы қоғамдық көліктердің жұмысына да ақау туғызады.

 

Мәселеге айналған есептеу қондырғысы

 

Саяжай маусымы басталатын шақта «Садовод» қоғамдық бірлестігінің де жұмысы күрделене түседі. Валентина Дынниктің айтуынша, бұл кезеңде қаладағы әрбір бау-бақша ұжымдарының төрағаларына кеңес беру, саяжай учаскелері шекарасын белгілеу, саяжай ұжымдарының тұтынған жарыққа төлемақыларын қадағалау жұмыстары туындайды.

Қазір саяжай учаскелерінің бәрінде бірдей пайдаланған жарықты үнемдеуге арналған есептеу қондырғысы орнатылмаған. Сондықтан саяжай ұжымдарының тұтынған жарыққа төлейтін төлемақыларын бөлген кезде кикілжіңдер орнап жатады. Оның үстіне, саяжайда мекендейтіндер тұтынған жарыққа төлемақыны жеке тұлғалар секілді төлемейді. Негізінен, әр киловатқа төлейтін  тариф саяжай ұжымдарындағы электриктер мен есепшілердің, жетекшілердің қызмет бабына пайдаланған шығындарын өтеуге де жұмсалады.

В.Дынниктің айтуынша, бау-бақша өнімдерін уақытында суару ісі  әрбір саяжай ұжымдарының ішкі мәселесіне байланысты шешіледі. Төлемдерін уақытында жауып отырған саяжай ұжымдарында су мәселесі туындамайды.

Мамыр айының басында бау-бақша ұжымдарының жетекшілерін шақырып үлкен жиын өткіземіз. Басқосуда әрбір ұжым өздерін толғандырып жүрген мәселелерді баяндайтын болады. Көпшілік бау-бақша ұжымдарында мотор орнату, құбырларды жамау секілді проблемалар туындайды. Су жеткіліксіздігі де тұрғындарды алаңдатып отырған мәселенің бірі.  Биыл Ақтөбе, Сазды су қоймалары көктемгі қар суымен толды деп айтуға болмайды. Өйткен, жер құрғақ болып,  еріген қар суы жерге сіңді. Сондықтан биыл саяжайларда су тапшылығы болуы мүмкін деген жорамал бар, — дейді В.Дынник.

 

P.S. Қазір саяжай аумақтарында құрылыс қарқыны мықты. Инфрақұрылымы жоқ аймаққа үй тұрғызған тұрғындар тұрмыста көптеген қиындықтарға тап болады. Мектеп, балабақша, аурухана жоғы былай тұрсын, күнделікті шығарылатын тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаудың өзі саяжайды мекен еткендерге үлкен мәселе болып тұр. Өйткені қадағалаушы органдар  бұл аймақтарда санитарлық талаптың қатаң сақталуын ескертіп отыр. Бұл істе қырық жылдан астам тәжірибесі бар В.Дынник Кеңес үкіметі кезінде саяжай алқаптарында 20 шаршы метр аумаққа ғана құрылыс салуға рұқсат бергенін айтады. Ал қазір шағын алқаптарда «шалқиған» үйлер бой түзеп тұр…

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

Үйлер құрылысына инвестиция

 

Астана қаласында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры өткізген баспасөз мәжілісінде «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы шеңберінде аймақтарда тұрғын үй салу жұмыстары сөз болды. Оның ішінде Ақтөбе қаласына тікелей қатысты мәліметтер айтылды.

Аталған бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері республика бойынша 17 нысан пайдалануға берілген. Осылайша елімізде үш мыңнан астам үлескер тұрғын үйге қол жеткізген. Яғни жылжымайтын мүлік қоры дағдарысқа қарсы бағдарламаны толық аяқтап шығыпты.

Ал биыл  «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы шеңберінде үйлер тұрғындарға сату мен сатып алу және жалға беру арқылы ұсынылады. Оның ішінде біздің қалада  «Юнис сити» тұрғын үй кешенін салуға инвестициялау шарттары жасалған екен. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетовтің айтуынша, тұрғындарға пәтерді өткізу кезінде халықаралық тәжірибелер қолданылып келген. Яғни интернет-технологияларды пайдалану арқылы пәтер ұсыну жолдары қарастырылады.

Сондай-ақ аталған қор дуальдық жүйе арқылы құрылыс саласындағы жергілікті кадрларды оқыту мен даярлау жұмыстарына көңіл бөліп отыр. Мәселен, аталған жүйе арқылы Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжімен және Ақтөбе политехникалық колледжімен әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға қол қойып, дуальдық оқыту жобасын біздің қаламызда іске асыру жоспарлануда. Меморандумдар шеңберінде құрылыс мамандығы бойынша кадрларды даярлауға, оның ішінде  «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша жылжымайтын мүлік қоры қаржыландыратын құрылыс объектілерінде оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуіне арналған іс-шаралар көзделген. Ъ

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Ханшайым мен ханзада

 

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық «Геолог» мәдениет үйі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында «Кішкентай ханшайым мен ханзада» байқауын ұйымдастырды.

Балабақша бүлдіршіндері үлкен сахнаға шығатындай байқауға мықтап дайындалып келіпті. Олардың ата-аналары жанкүйер болып, зал толы көрермен балалардың өнеріне тәнті болды. Төрт бөлімнен тұрған байқаудың шарттары бойынша балдырғандар өздерін өлеңдетіп таныстырды. Ән айтып, би биледі, сән үлгілерін көрсетті. Тәрбиешілер мен ата-аналар балаларды қай-қайсысы да жеңімпаз болуға лайықты етіп даярлаған. Сондықтан қазылар алқасы барын салып қатысып жатқан бүлдіршін балалардың көңілін қимады. Дегенмен жарыс болған жерде жеңімпазды анықтауы — міндет.

Қорыта келгенде, бірінші орын №9 «Бәйшешек» мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымының атынан шыққан Сержан Қазкеев пен «Күншуақ» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Нұрсұлу Шамбуловаға берілді. Осы байқауға қатысқан барлық баланың белсенділігі бағаланып, балабақшалардың үздік топ жетекшілеріне де Алғыс хат табыс етілді.

Ұйымдастырушылар талантты балалардың болашағына жол ашуды мақсат еткен сайыстың жеңімпаздарына «Кішкентай ханшайым мен ханзада» атағын берді.

Мираш ӘЛИЕВА,

музыкалық жетекші.

 

 

Қаңғыбас иттерден құтыламыз

 

Қалада қаңғыбас иттер көп. Күл-қоқысты жағалаған аш иттердің соңғы уақытта адамға ауыз сала бастағанын естіп жүрміз. Тиісті мекемелер тарапынан иесіз иттердің көзі жойылып отырса да, азаяр түрі жоқ.

Ақтөбе қалалық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Қадырбек Меркашевтың айтуынша, иттердің көзін жою жұмыстары қала мен бес селолық округ, яғни Қурайлы, Сазды, Новый, Қарғалы, Блогодарный округтерінде жүргізіледі. Қала аумағындағы иттерді аулаумен арнайы екі бригада айналысады.  Бұрын қаңғыбас иттерді бірден атып тастайтын болса, биылдан бастап оларға уақытша ұстау алаңы салынбақ. Яғни көшеден ұстап алған ит иесі табылғанша сол жерді паналай тұрады. Егер белгіленген мерзім ішінде иесі келмесе, иттің көзі жойылады. Бұл шаруаларды жүзеге асыруға «Қамқор» қоғамдық бірлестігі  атсалыспақ.

  Уақытша алаң қаланың өндірістік аймағынан салынады. Жеке жері бар азамат өзіне тиесілі жерді осы мақсатқа беріп  отыр. Қазір әлгі азаматпен келіссөз жүріп жатыр. Бұған қоса өндірістік аймақта өлекселерді көметін орын да болады, — дейді Қадырбек Меркашев.

Осы мақсаттағы жұмыстарға биыл бюджеттен 16 миллион теңге бөлініпті. Жыл басынан бері 1300 ит ауланған. Сондай-ақ қазір иттен бөлек қожайыны жоқ  мысықтар да көбейіп тұр. Әсіресе, олар көп қабатты үйлердің жертөлесін паналайды.  Мәселен, Прохров, Тургенев көшесінің тұрғындары мысықтың даусынан балалардың шошитынын айтады. Ал дәрігерлер  ит пен мысықтан жұғатын аурулардың адамға қауіпті екенін ескертеді.  Мәселен, бауырды зақымдайтын эхинококкоз дерті иттен жұғады екен.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Науқан

 

Қала шаруашылықтары жоспарды орындайды

 

Соңғы жылдары құрғақшылық салдарынан астық шықпай, бірыңғай егіншілікпен айналысатын шаруашылықтарда биыл үміттен күдік басым болып тұр. Дегенмен, Ақтөбе қаласына қарасты Благодар, Новый, Қурайлы, Сазды ауылдық округтерінің диқандары көктемнің исі сезілген бойда қамбаның аузын ашып, күзгі жиым-терімде сақтап қойған тұқымды егістік алқабына алып шықты.

Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадірбек Меркашевтің айтуынша, қала бойынша 14000 гектарға дәнді дақыл, 2100 гектарға күнбағыс егу жоспарланып отыр. Оны орындау үшін өткен күзде биылғы науқанға дайындық мақсатында қамбаға 621 тонна тұқым құйылыпты. Бірақ бұл тек 42 пайызын ғана қамтиды. Қалған 8300 гектарға қажет тұқымның мәселесі облыстық басшылық тарапынан берілген көмек арқылы шешілген.   

Қала аумағында 35,0 мың гектар егістік, 76,5 мың гектар жайылым және 6,3 мың гектар шабындық бар десек, бұл қалаға жақын орналасқан Қобда ауданы мен Хромтаудың ауылшаруашылық мақсатта пайдаланылатын жерлерінен 9-10 есе, Алға мен Мәртөктің жерлерінен 5-6 есе аз. Осыны айтқан Қадірбек Меркашев соңғы жылдардың құрғақшылығы салдарынан егін күйіп кетіп жатса да, шабындыққа бөлінген азғантай аумақты қаланың шаруашылықтары шашау шығармай бөліп, шауып алатынын жеткізді. Және ол жыл сайын жемшөп дайындау науқанында аздық етіп, «малым — жанымның садағасы» деген қазақ қара күзге дейін көршілес аудандардан шөпті тасып алады.

— Шынын айту керек, көктемгі далалық жұмыстардың нәтижесі күзде жемісін беретініне күмәніміз бар. Себебі жылдар бойы созылып келе жатқан қуаңшылықтың салдарынан диқандардың тауы шағылған сыңайлы. Тіпті бірқатар шаруа қожалықтары егіншіліктен үміт үзіп, біржола мал шаруашылығына бет бұрды. Бірыңғай егіншілікпен шұғылданатын ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларының өзі көктемгі науқанға қорқа-қорқа кіріскендей. Дегенмен жоспар 14 мың гектарға дәнді дақыл салу болса, соны орындаймыз.

Көп жылдардан кейінгі жаңалығымыз — алғаш рет қала бойынша үш шаруашылық сүрлем дайындады. «Анисан», «Анди» және «Болат ЛТД» шаруашылықтарында дайындалған сүрлем мөлшері көп емес — 1110 тонна. Дегенмен бұл құптарлық бастама осы жолы да жалғасын табады. Алдағы уақытта құрғақшылық салдарынан малға жемшөп жетпей қалмас үшін екпе шөптің алқабын көбейтіп, суармалы жерлерді пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Жаңа бір сөзімде кейбір шаруашылықтар егін егуді қойып, тек қана мал өсірумен айналысып жатқанын айттым. Мемлекет тарапынан да мал шаруашылығын дамытып, экспорттық потенциалын арттыру талабы қойылып отыр, — деген бөлім басшысының сөзі күдігі көп егіннен гөрі үміті мол мал шаруашылығына ойысты.

Биыл Ақтөбе қаласы бойынша 22 400 бас мал қыстан аман-есен шығыпты. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын жүзеге асыру үшін Ақтөбе қаласының алты шаруашылығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 258 бас мал сатып алғаны да осы бағыттағы шаруаның жолға қойылғанын көрсетеді.

Ауа райының қолайсыз болғаны үкімет тарапынан да ескерілген болса керек, өткен жылы мал шаруашылығымен айналасып отырған серіктестіктерге субсидия төлеу туралы шешім қабылданған. Сүтті бағыттағы бір бас сиырға 16800 теңге, етті бағыттағысына 10500 теңге төленіпті.

— Егер биыл да осындай көмек болатын болса, мал басын құртып алмайтынымызға сенім мол. Төрт түлік қыстан аман шыққанымен, енді түрлі аурулардан сақтандыру мақсатында профилактикалық шаралар жасалып жатыр.

Ал егіншіліктің жайы белгілі: ауа райы қолайлы болса, бағыт-бағдар — еккенді түгел ору. Жердегі ылғалдың кемдігін кетіп бара жатқан сәуір айының жауынды-шашынды күндері толтырып қалар деген үмітпен «қол қусырып отырудың жөні жоқ» деген шаруалар көктемгі далалық жұмыстарға кірісті, — дейді К.Меркашев.

 

А.Жылқайдарқызы.

 

 

Шәкәрім шығармалары оқылды

 

№1 Абай қалалық кітапханасының оқу залында №10 Сазды модельді кітапханасымен бірлескен «Шәкәрім мұраларына жаңа буын көзқарасы» тақырыбында конференция өтті.

On-line жүйесінде ұйымдастырылған конференцияға жас оқырмандар көп қатысты. Шәкәрім шығармаларының тарихына, мазмұнына үңілу арқылы жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруды көздеген шара оқырмандар тарапынан жоғары баға алды.

Ұлы Абайдың өзі «Шәкәрім менің шәкіртім емес, ол — үлкен, бөлек ақын» деп баға берген ғұлама ақынның, ұлттың болашағын ойлаған тұлғаның төл әдебиетіміздегі алатын орны ерекше екенін оның поэмаларын, аудармаларын, өлеңдерін оқыған жастар шығармалары ғасыр өтсе де маңызын жоғалтпағанын айтты.

Шәкәрімді ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор, Абай негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасар інісі, заманының озық ойлы демократы, ірі ағартушы, қоғам қайраткері деп танитын жас ұрпақ 155 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынды ұлықтау үшін ұйымдастырылып отырған шара барысында оның шығармаларына тоқталды. «Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң, халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бірі Шәкәрімнің қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында алатын орны ерекше. Шәкәрім — өз заманының үлкен ойшылы еді, қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген бірегей қаламгер», — деген кітапханашылар сөзінің соңы оқырман қызыға қараған бейнесюжетке ұласты.

Шара барысында оқырмандар кезек-кезек «Еңлік Кебек», «Өмір», «Қалқаман –Мамыр» поэмалаларынан үзінді оқыды. «Ашу мен ынсап», «Мақтау мен өсек» жырларын Ақтөбе қаласының №10 орта мектебінің оқушысы Айдана Қожық, Новый орта мектебінің оқушылары Азамат Қайыржанов, Несібелі Орынбасарова оқыса, ал 10-сынып оқушысы Ақылбек Әбдіжәміловтің «Шәкәрімге» деп аталатын арнауы оқырман жүрегіне жол тапты.

Шәкәрім шығармашылығына қызығушылық танытқан Мөлдір Әбдіғали, Әсел Бекбосыновалар ақын аудармаларынан мысалдар келтірді. Л.Толстойдың «Асархадон патша», «Үш сауал» шығармаларының, А.Пушкиннің «Дубровский» романының Шәкәрім аударған қазақ тіліндегі нұсқалары туралы әңгіме қозғалды.

Шәкәрім әндері туралы да оқырман пікір айтып, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әнін Сазды Мәдениет үйінің әдіскері Гүлшат Әбубәкірова орындады. Конференция соңында оқырмандарға «Шәкәрім мұралары» атты виртуалды кітап көрмесі ұсынылды.

 

Сәуле ИЛАМАНОВА, кітапханашы.

 

ҰБТ: дайындық қызу жүріп жатыр

 

Аудандармен салыстырғанда оқушы контингенті көп облыс орталығындағы мектептердің жұмысын бақылап отыру оңай шаруа емес. Бұл туралы Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның өз аузынан естігенді жөн санадық.

— Биылғы оқу жылы қаланың білім саласы үшін базарлығы мол жыл болғанға ұқсайды. Қыркүйекті бастайтын Білім күнінен бері қарай қалада бірқатар мектептер ашылғанының куәсі болдық. Әңгімеңізді жоспарды орындауға сеп болған осындай жағымды жаңалықтардың берген жемісінен бастасаңыз.

— Осы оқу жылында «Гүлдер», Оңтүстік-Батыс аудандарындағы және Ақжар-2, Заречный-2 тұрғындар массивіндегі жаңа мектептердің бой көтергені, қала іргесіндегі Садовыйдың 100 орындық сәнді мектебіне негізгі мектеп мәртебесі берілгені үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Қазір осы бес мектепті қоса есептегенде қаланың 68 мектебінде 49491 оқушы білім алып жатыр.

Мемлекет басшысының «Қазақстан — 2050» Стратегиясы ұрпақ тәрбиесіне мән беру керектігін ескертіп, бізге білім саласының мамандарына, үлкен жауапкершілік артып отыр. Тәрбиесіз берген білімнің зиян екенін айтқан ғұламалар сөзі тәрбиеге мән бермеген ұлттың тамырынан ажырап қалуы ғажап еместігін меңзегендей. Біздің қаламызда соңғы жылдары «Балапан» бағдарламасының аясында және аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің идеясынан туындаған «Көркейе бер, туған жер!» акциясының шеңберінде бірнеше балабақша бой көтерді. Осы оқу жылының өзінде Оңтүстік-Батыс ауданында «Қуаныш», Жаңақоныс ауылында «Балбұлақ», Жағалау елді мекенінде «Балақай» балабақшалары қатарға қосылып, барлық саны 43-ке жетті. Оған қоса қалада екі мектеп-бақша, 15 жеке балақбақша және мектеп жанындағы 19 шағын орталық жұмыс істеп тұр десек, осылардың бәрі 17781 бүлдіршіннің үйіне айналды. Дегенмен бұл біздің балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуға қатысты мәселемізді толық шешіп отырған жоқ. Бұл — мектепке дейінгі ұйымдарға орналасуға кезекте тұрған 28000 баланың 46 пайызының ғана мәселесі шешілді деген сөз. «Балапан» бағдарламасының 2020 жылға дейін созылғанын ескерсек, болашақта тағы да бірқатар балабақшалар құрылысын жоспарлау арқылы қаланың бар баласының мектепке дейінгі ұйымдарда білім алуына жағдай жасаймыз.

— Мүгедектігіне байланысты мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасылар балалары қашан да мемлекеттің назарынан тыс қалған емес. Жүрек жылуын ерекше қажет ететін бұл балаларға қала мектептері тарапынан қаншалықты қамқорлық көрсетіледі?

— Ақтөбедегі мектептерде 1164 мүмкіндігі шектеулі бала оқиды, оның ішінде мұғалімдер 245 мүгедек баланың 83-інің үйлеріне барып сабақ береді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жаппай білім беретін кластарда оқыту үшін ата-анасы қалалық психологиялық-педагогикалық медицина комиссиясының жолдамасын әкеледі.

Жалпы мүгедек балаларды өмірге бейімдеу, білім беру, қолөнерге баулу — қала мектептері ерекше көңіл бөліп отырған жұмыстар. Төрт жыл бұрын қаладағы №19 орта мектеп жанынан психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған түзету кластары ашылды. Қазір онда 26 оқушы оқиды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті оқыту бағдарламасына сәйкес, қаланың 15 мектебінен 16 бала логопед, психолог, дефектолог мамандардан білім алып жатса, 35 мүгедек бала болашақта жақсы жұмыс тауып, өмірге қажетті мамандықтың иесі болуы үшін арнайы бағдарламалық-техникалық құралдармен қамту арқылы оқытылуда.

Сонымен қатар жыл сайын Білім күні қарсаңында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясының аясында қала тұрғындары, кәсіпкерлер мүгедек балаларды, аз қамтылған отбасы балаларын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мектепке дайындау үшін көмек көрсетеді, жергілікті БАҚ өкілдері акцияға қатысуға үндеп жатады. Мәселен, осы оқу жылында аз қамтылған отбасы балалары санатына жататын 2707 оқушыға оқу құралдарын, киім-кешек алып беруге акция кезінде тұрғындардан түскен 21104400 теңге жұмсалды. 

— Оқу жылының аяқталуына аз күн қалды. Қорытынды баға қандай болмақ? Әңгімеңізді дәл қазір ең өзекті тақырып болып тұрған ҰБТ-ға дайындыққа ұластырсаңыз.

 Жыл басталғалы бері оқушылардың мектеп қабырғасында алған білімдерін пысықтаумен айналысып жатырмыз. ҰБТ үлкен, маңызды шара ретінде жыл сайын күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналғаны рас. Биылғы дайындық тәуір. Наурыз айындағы тестілеудің қорытындысы бойынша қала мектептерінің орташа балы 90,7 болды. Бұл — қыркүйектен бастап жеті мәрте өткізген тестілеу қорытындыларының ішінде ең жоғары көрсеткіш және ол ай сайын сатылап өсіп отырғанына қарағанда, нағыз ҰБТ тапсыратын күн жақындаған сайын балалардың дайындығы да қарқынды бола түскенге ұқсайды. Өткен жылғы ҰБТ кезінде орташа балл 84,7 болғанын ескерсек, бізде биылғы көрсеткіш одан төмендемеуі керек деген ұстаным да жоқ емес.

Наурызда өткізген тестілеуге көңіл аударсақ, шекті деңгей — 50 балды қаланың 12 мектебінен қатысқан 11 сынып оқушыларының бәрі де жинаған екен. Ал 28 мектеп орташа көрсеткіштен жоғары балға қол жеткізіп отыр.

Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Байқау тестілерінің қорытындылары қала мектептерінің директорлары бас қосқан жиналыстарда сарапталып, мектептердің ҰБТ-ға дайындығына талапты күшейтіп отырмыз.

Қала мектептерінің оқушылары түрлі деңгейдегі білім сайыстарына жыл бойы белсене қатысты. Оның ішінде облыстық қана емес, республикалық ғылыми байқаулар, халықаралық олимпиадалар да бар. Осылардан жүлде алған оқушылар сыныптастарын үлгі болу арқылы ҰБТ сияқты сынақта бірінші болуға, жоғары балл жинауға талпындырады, жақсы әсер етеді.

Қала мектептерінде мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар да қолға алынды. Мәселен, Кембридж бағдарламасы арқылы курстан өткен 114 мұғалім 30 пайыз үстеме еңбекақы алып отыр. Жалпы халықаралық тәжірибелерді пайдалану арқылы біліктілігін жетілдіруге барлық мұғалімдеріміз құмартады. Бәсекеге қабілетті болуды уақыттың өзі талап етіп отыр ғой. Жақында ғана Вирджиния және Оризона штаттарынан келген оқытушылармен кездескен біздің педагогтар екі елдің білім беру саласындағы жаңалықтарды, проблемалар мен жетістіктерді бөлісті. Мұны айтып отырғанымның бір себебі де ҰБТ-ға келіп тіреледі. Оқушыларымыздың үлкен сынақтан сүрінбей өтуіне мұғалімдердің біліктілігі ең бірінші әсер етуші фактор болып табылады.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Құшағы гүлге толған қала

 

Сәуір айы желдей ескен уақыттың желмаясына мініп кетіп барады. Алдағы аптада күнтізбемізге  «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі…» деп Абай бейнелеген мамыр кіріп, қырда құлпырған қызғалдақты күннің көзі қыздыра түседі. Бұл — есіктің алдынан көк желекке оранған орман-тоғайы, жазиралы жасыл алқабы басталатын ауылға, далаға тән көрініс.

Көп қабатты үйлерге кіріп алып, әдетте табиғатты теледидардан тамашалауға дағдыланған қалалықтар үшін де «масатыдай құлпырған» көрікті қаланы көп ұзамай көретін күндер жақын. Көктем басталысымен-ақ қаланы жасыл желектендіру, гүлзарлар егу, көшені гүлге толтыру жұмыстарын бастап кетуге жауапты Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала аумағын абаттандыруды биыл да ертерек қолға алды.

Қалалық бөлім берген мәліметтер бойынша, биыл жас көшеттерді күтіп-баптау үшін бюджеттен 41280744 теңге бөлінген. Электрондық әдіспен өткізілген байқау арқылы бұл қомақты қаражатқа иелік етіп, көшеттердің қара күзге дейін көктемнің белгісіндей жап-жасыл болып тұруына, қалың жапырағы күн көзінен қаланы көлеңкелеп өскен талдардың қатарында бой түзеуіне жауапты болатын екі мердігер ұйым анықталды. Олар — «Ақтөбе Продтехснаб» және «Экопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер.

Қалалықтардың «көгенде жатып семірген көк лақты» өсіретін бақшасы болмаса да, қаланың көкорай шалғынға, көгалға малынып жатқанын қалайды. Қалалықтардың осы қалауын орындау үшін жыл сайын арнайы аймақтарға көгал егіп, оны жаз бойы жасыл түсті болып тұруы үшін күтіп-баптайтын ұйымдар көктемде алдын ала анықталады. Биыл бұл жұмысты атқару үшін «Экопарк» және «Ақжол» серіктестіктерімен келісімшартқа тұрып, 16 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылатын болды. Осы мақсатқа бюджеттен 43769232 теңге бөлініп отыр. Жаңадан көгалдандырылатын аумақтар да алдын ала белгіленді. Облыстық әкімдік ғимараты аумағына қарасты Әбілқайыр хан даңғылындағы жолайырығы, Абай саябағы, Ә.Молдағұлова және 312-атқыштар дивизиясы даңғылығының қиылысқан тұсы және басқа да қаланың ашық алаңқайлары бар жерлері жаз бойы көк шалғынға малынып тұрмақ.

Сол сияқты әуежай аймағында, Абай саябағында, Мәңгілік алау, Батырлар аллеяларында, Ә.Молдағұлова ескерткіші айналасындағы және тағы басқа да қала ішіндегі 46089 шаршы метр көгалды аймақты ретке келтіру үшін 61713171 теңге бөлініп отыр. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар Пацаев және Маресьев көшелерінің қиылысында, Орск қаласына қарай шығатын айналма жолда басталып кетті. Ол жерлерде көгалды аумақтар суарылып жатқан көрінеді.

Жаз бойы гүлдер мен көгалды аумақтарды суару және шаң-тозаң көтерілгенде қала ішіндегі көшелерге су шашу үшін 9 скважина жұмыс істеп тұр.           

Ал құшағы гүлге толған арайлы Ақтөбені аңсаған тұрғындар мен қала қонақтары үшін көретін күндер де алыс емес. Әдеттегідей биыл жазда да Мәңгілік алау, Батырлар аллеясында, «Зеңбірек», Ә.Модағұлова ескерткіштерінің жанында және қала аумағындағы ашық алаңдар, көшелердің бойында қызыл-сары, көк-жасыл гүлдердің түр-түрі көздің жауын алып тұрады. Бұл аумақтың жалпы көлемі 14264 шаршы метрге созылады десек, гүл егу 4-5 мамырда басталып кетеді.

Гүлге оранған орындардың қалада неғұрлым көп болуы үшін, шілденің шіліңгір ыстығында да жасыл желек сарғаймай, гүлдер солмай көз қуанышы болып тұруы үшін бюджеттен 108877112 теңге бөлінді. Енді Абай саябағы, Ғашықтар гүлзары, Кереев, Қобландин көшелері және Бақыт құсы аллеясы, Орталық стадион, әуежай ауданы, «Нұр Ғасыр» мешіті мен шіркеу маңы, жолайырықтары, көше қиылыстары гүлге толады. Көшелерде металдан жасалған арнайы ілгіштерге ілінген ыдыстарда да гүлдер жайнап тұратын болады. Бұл жұмыстар «Экопарк» серіктестігіне жүктелген.

Ал қала аумағында және қалаға қарасты ауылдық округтерде қураған талдарды кесіп, жас көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын «Айка — 2030», «Экопарк», «Гүл әлемі» серіктестіктері міндетіне алып отыр. Бюджеттен 25125746 теңге көлемінде қаражат қарастырылып, бұл жұмыстар ескі қалада, ауылдық округтер аумағында басталып кетті.

Бау-бақшаға егілген жеміс ағаштары мен көкөністің қас жауы қоңыздар мен түрлі жәндіктерге қарсы улау жұмыстары ауылда алма ағашы гүлдемей басталады. Ал қаланың қолдан еккен көгалы мен гүлзарын жау алмайды деп ойлайсыздар ма? Жоқ, оны да отап тастайтын зиянкес көп. Сондықтан биыл қалада жапырақ жегіш зиянкестер дернәсілдерін тастаған бойдан 375 гектарды улау жоспарланған. Зиянкестерді улау үшін бөлінген 13200000 теңге қаражатты «ЖасылОрманСтрой» серіктестігі шашауын шығармай жұмсауға уәде беріп отыр. Олай болса, іске сәт!

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

                   

 

150 тонна қағаз тапсырылды

 

Сәуір айы бойы қаланың барлық мектептерінде «Қағаздар шеруі» атты шара өтіп жатыр. Бұл шараны Ақтөбе қаласындағы «Жаңа толқын-Ақтөбе» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Оқушылардың қағаз қалдықтарын тапсыру көрсеткіші бойынша қаладағы 68 орта мектептің ішінде №24 орта мектеп-гимназия көш бастап тұр. Одан кейінгі орынды Заречный-1 елді мекеніндегі №50 орта мектеп алады.

1 сәуірден бастау алған «Қағаздар шеруіне» мектептің 1-11 сынып оқушылары түгел қатысады. Әр апта сайын қағаз қалдықтарын көп тапсырған сыныптар және оқушыларды анықтаймыз. Мектепте бір айға созылған шараның қорытындысын шығарып, оқушыларды марапаттайтын боламыз, — деді №24 орта мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Мамытова.

Шараның алғашқы аптасында мектеп-гиназияның оқушылары 560 келі қағаз тапсырса, екінші аптада бұл көрсеткіш 3 тоннаға жетіпті. Сәуірдің үшінші аптасында оқушылар 4 тонна 200 келі қағаз тапсырған. Әзірге гимназияда қалдық қағаздарды тапсыру көрсеткіші бойынша 7 «б»  сыныбы алдыңғы орында тұр.

Қала мектептері бойынша тапсырылған қағаз қалдықтарын «Жаңа толқын-Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қаланың Сүт зауыты ауданындағы Гостелла көшесінде орналасқан қоймада жинап жатыр. Үш аптада жиналған қағаз қалдықтарының жалпы салмағы шамамен 150 тоннаға жетіпті.

Мұндай шара қаламызда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Біз бұл орайда қалалық білім бөлімі арқылы қала мектептеріне осы шараға түгел қатысуға өтініш білдірдік. Қазір біз тапсырылған қағаз қалдықтарды қайта өңдейтін жерлерге  өткізу мәселесімен жұмыстанып жатырмыз. Баға жағынан аз-маз келіспеушіліктер болып жатыр. Ақтөбе қаласындағы «Ким» жеке кәсіпкерлігі қағаз қалдықтарының 1 келісін 6 теңгеден, ал Алматы қаласындағы «Алматы қағазы» мекемесі келісін 18 теңгеден алуға ниеттеніп отыр. Әрине, арадағы тасымал ісі де көп қаражатты қажет етеді. Бұл мақсатта Орынбор, Орск қалаларымен де байланыс орнатып жатырмыз, — деді «Жаңа толқын-Ақтөбе» қоғамдық бірлестігінің жоба ұйымдастырушысы Мейрамгүл Балтымова.

Қоймада жатқан қағаз қалдықтарының ішінде көркем әдебиеттер мен қатты қағаздар, газеттер көп кездеседі.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Раушан гүлдеген шақ

 

Бүкіләлемдік Жер күніне арналған «Саябақтар шеруі» шарасы шеңберінде ұйымдастырылған «Менің раушан гүлім» акциясын қалалық жас натуралистер стансасы №36 «Балақай» балабақшасымен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Балаларға табиғаттың адам өміріндегі маңызын насихаттау, оны аялау, қорғау үшін үлес қосуға баулуды, Жер-ананы сүюді үйретуді мақсат еткен шараға кішкентай бүлдіршіндер де, олардың аталары мен әжелері де қатысты.

Өнерлі балалар жиналған көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынып, раушан гүлі туралы өз білетіндерін жарыса айтты. Концерттен кейін ата-әжелерімен бірге қалалық жас натуралистер стансасының ауласына көп жылдық раушан гүлдерін отырғызды.

Қонақтар акцияны ұйымдастыруға атсалысқан топ жетекшілері Гүлсім Күлкүшева мен Гүлзира Шынахметоваға ризашылықтарын білдіріп, бұл шараның балаларға берер тағылымы мол екенін, енді олар үйлерінің ауласына да осындай раушан гүлдерін отырғызатындарын айтты.  

Гүлмира Әбықаева,

қалалық жас натуралистер стансасының әдіскері.

Ақтөбе қаласы.

Нұржан мен Венера — «екі жұлдыз»

 

Қарғалы селосындағы «Геолог» мәдениет үйінде әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевке арналған «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті.

Қатысушы өнерпаздар бірінші кезеңде Нұрғиса Тілендиевтің әнін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта ән салды.

Байқауға біздің Есет батыр атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған көпсалалы лицей-интернатының педагогтары мен оқушыларынан құралған екі жұп қатысты. Атап айтсақ, дене шынықтыру пәні мұғалімі  Қуанышбек Елжанов пен 11-сынып тәрбиеленушісі Нұрсұлтан Ерімбетов әуелі Н.Тілендиевтің «Алатау» әнін, сосын халық әні «Үрбибіні» нәшіне келтіре орындады. Екінші жұп қазақ тілі пәні мұғалімі Венера Бөлекбаева мен 11-сынып тәрбиеленушісі Нұржан Басенов Н.Тілендиевтің «Куә бол» әнін, сондай-ақ «Тау-тау сезім» әнімен көрермен ықыласына бөленді. Осы тәртіппен басқа да қатысушы жұптар өз өнерлерін паш етті. І орынды біздің лицей-интернаттың намысын қорғаған жұп — оқушы Нұржан мен мұғалім Венера жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Еркін ЕРЖАН,

Ақтөбе қаласы.

 

 

Саяжайға апаратын автобустар

 

Жұмыстан кейін, демалыс күндері саяжайға еккен бау-бақшасын күтіп-баптайтын еңбекқор қала тұрғындарына жағдай жасау мақсатында жыл сайын көктемнен жиым-терімнің уақыты аяқталғанға дейінгі саяжай маусымында автобустардың арнайы бағыты белгіленеді.

Биыл жаңа бағыттар бойынша жолаушыларын бау-бақшаға алып баратын автобустар 27 сәуірден бастап жүре бастайды. Тұрғындар 45 теңге жол жүру ақысын төлеп, 30 қыркүйекке дейін қала іргесіндегі бау-бақшалардың орналасуына байланысты сегіз бағытқа қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметін емін-еркін пайдалана алады. 

Қоғамдық көліктерде жаз бойы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, жасы ұлғайған зейнеткерлерге, жасы 16-ға толмаған мүмкіндігі шектеулі балаларға жеңілдіктер бар. Бұл санатқа кіретін қалалықтарға қоғамдық көліктерде тұрып орын беру, кішіпейілділік таныту, қамқорлықпен қарау кез келген жолаушының, автобус жүргізушісі мен билет сатушының міндеті болып табылады. Сонымен қатар оларға жол ақысы жағынан да жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен бақшалы аймақтарға жолаушы таситын автобустардың бағыты мынадай:

№30 бағыт: «Нанкомбинаты – М.Оспанов – Спектр – ДСК – 5 шағын аудан – Автовокзал – ТЖ вокзалы – Орталық базар – «Пушкин» саябағы – Заречный – Ипподром – «Электрик» бау-бақша ұжымы – «Водоканал» бау-бақша ұжымы.

Жүру уақыты:

Жұмыс күндері: «Нанкомбинаты» аялдамасынан — 9.00, 12.00, 15.00, 18.20, 19.30, бау-бақшадан – 21:00.

Демалыс күндері: «Нанкомбинаты» аялдамасынан — 8.30, 10.00, 12.00, 15.00, 18.00, 19.30, бау-бақшадан — 21.00.

№31 бағыт: Автовокзал — 5 шағын аудан – ДСК – «Әлия» базары – ТЖ басқармасы – 8 шағын аудан – Нанкомбинаты – Сазды – 11 шағын аудан – 12 шағын аудан – Сазды су қоймасы.

Жүру уақыты:

Дүйсенбіден басқа аптаның барлық күндері: 9.00, 10.30, 16.00, 20.30.

№32 бағыт: Тұрғындар қалашығы – «Электрон» дүкені – Стадион – Қазпошта — 11 мөлтек аудан — Шығыс базары – «Сұлтан» СҮ – Кірпіш кенті көпірі – Сүт зауыты.

Жүру уақыты:

Күн сайын – 8-00, 18-00.

№33 бағыт: «Нанкомбинаты – М.Оспанов – Спектр дүкені – ДСК – Кітапхана – Ардагерлер үйі – Жастар аялдамасы – Облыстық филармония – Тұрғындар қалашығының базары – Ақтөбеэнерго – Қиылыс – «Қисық көл» бау-бақшасы.

Жүру уақыты:

Жұмыс күндері: 8.30, 9.30, 14.30, 18.30, 20.30.

Демалыс күндері: 8.30, 9.30, 10.30, 14.30, 18.30, 19.30.

№34 бағыт: «Ақтөбе» қонақ үйі – Орталық стадион – ДСК – Автовокзал – Некрасов көшесі – Жанқожа батыр көшесі (Планетарий, Жуковский) – Кірпішті ауылы– Саяжай ГДС – Саяжай ТЭП – Саяжай «Тяжэкскавация» – Ақжар тұрғындар массиві.

Жүру уақыты:

Жұмыс күндері: «Ақтөбе» қонақ үй аялдамасынан — 9.00, 11.30, 14.00, 18.00, 20.00, бау-бақшадан — 21.00.

Демалыс күндері: «Ақтөбе» қонақ үй аялдамасынан — 8.00, 9.30, 11.00, 12.30, 15.00, 18.00, 20.00, бау-бақшадан — 21.00.

№35 бағыт: Ардагерлер үйі – Кітапхана – 5 шағын аудан – Автовокзал – ТЖ вокзалы – Орталық базар – Пушкин саябағы – Планетарий – Химпласт – Кірпішті ауылы – Ақжар.

Жүру уақыты:

Күн сайын: 9.00, 15.00, 19.40.

№36 бағыт: Чернышевский – Студенттер аялдамасы – «Электрон» — Орталық базар – ДСК – Шығыс базары – Кірпішті ауылы – Елек өзені бойындағы бау-бақша – Строитель 6.

Жүру уақыты:

Сейсенбі, бейсенбі, демалыс күндері – 9.00, 19.00.

№39 бағыт: «Космос» қонақ үйі – 11 шағын ауданы – М.Мәметова – Автовокзал – ТЖ вокзалы – Орталық базар – Пушкин саябағы – Кірпішті ауылы — Тереңсай саяжайы – «Космос» лагері.

Жүру уақыты:

Сейсенбі, бейсенбі, Сенбі, Жексенбі – 9.00, 11.00, 19.00.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button