Құқық

Хромтау: күнгей мен көлеңке

Тәртіптік кеңес

Аманқос Орынғалиұлы,

«Ақтөбе»

Ашық есік күні

Өткен аптаның сәрсенбісінде Хромтау ауданында облыстық Тәртіптік кеңестің төрағасы Балтабек Халық пен кеңестің бірқатар мүшелері Ашық есік күнін өткізді. Азаматтарды қоғамдық қабылдау кезінде оның жұмысына аудан әкімі, аудандық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филалының, ауданның құқық қорғау органдарының басшылары қатысып отырды.

Қоғамдық қабылдау басталғанға дейін Ақтөбеден ауданға көлікпен жеткен құзырлы орынның басшысы мен мүшелерін аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетов қабылдап, өңірдегі шаруаның жай-күйінен хабардар еткен еді.  Ауданның басшылығына таяуда келгенмен, тәжірибелі басшының ауданның кезек күттірмейтін қат-қабат шаруасына кірісіп кеткені қысқа қайырып айтқан әңгімесінен-ақ белгілі болды.

Шаруасы сан салалы болғанмен, бұл ауданның үлкен тірлігі ең әуелі хром өндірумен тығыз байланысты екені айдан анық мәселе. Айта берсек, ол – тек ауданның емес, облыстың, елдің байлығын құрайтын, стратегиялық маңызды сала.  Осындай әлемдік рынокқа шығатын  өнімдерге жаһандық дағдарыстың салдары тиіп тұрғаны да рас еді. Аудан әкімі соңғы кездері әлемдік хром рыногында елеулі өзгерістер байқала бастағанын қуанышпен хабарлады. Хромға деген сұраныс артып, хромтаулық кен өндірушілер әлемдік саудаға өнімдерін жедел шығара бастаған. Әрине, бұл – жақсылықтың нышаны. Ерте ме, кеш пе хром мен мұнайдың әлемдік рыноктан қайтадан  жол табатыны анық еді. Неге десеңіз, әлем рыногы бұл екі нәрсені, сосын азық-түлікті қажетсінбей тұра алмайды. Биылғы халыққа Жолдауында және «Нұр Отан» партиясының Астанада өткен таяудағы  басқосуларында Елбасымыздың осыны атап айтқаны есімізде. Соның ақиқаттығы, міне, көп кешікпей  көрінді.

Әкімнің  әңгімесінен Мемлекет басшысының азық-түлік жөніндегі тапсырмасын орындауда да ауданда елеулі ілгерілеушіліктің барлығын аңғардық. Биыл көктемгі егіс науқаны дер кезінде аяқталып, аудан бойынша 11 мың гектар дәнді дақыл егісі, 50 гектар көкөніс, 20 гектар картоп өткен жылғыдан артық егілген. Былтыр ауданда 68 мың гектар егіс салынса, биыл оның көлемі 79 мың гектарға жеткен.

Осы өңірде күні ертең қанат жаятын тағы бір игілікті істі құлағымыз шалды. Кейінгі жылдары облысымызға алыс, жақын шетелдерден оралып, қоныс теуіп жатқан қандастарымыз үшін қазірдің өзінде Металлургтер қалашығы атанып отырған Көктаудан биыл 200 тұрғын үй салынады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын бұл құрылыс одан кейінгі жылдары да жалғасады.

Аудан әкімінің аузынан естіген осы азғантай әңгіменің өзінен-ақ бұл өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігін аңғаруға болатын еді. Хромды өңірге өзінен бұрын сөзі, дақпырты жеткен жаһандық дағдарыстың бұлтының аудан кеншілері үшін тез сейіліп, ығыса бастағаны, әрине, қуанышты жағдай. Жалпы, Ақтөбе аймағының қай өңірінің де дағдарыстан аман-сау отырғанының  бір мысалы – осы.

Шаш ал десе, бас алған…

Ауданда Тәртіптік кеңестің  көшпелі отырысы өтетіні күн ілгері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға хабарланып қойылған. Әйтсе де арыз-шағым айтып келушілердің саны көп болған жоқ. Мұның өзі де өңірдегі әлеуметтік- әкономикалық жағдайдың дұрыстығын, халықтың әл-ауқатының көп жақсарғанын көрсетсе керек.

Бір кездегідей жұмыс сұрау, еңбекақы дауы, анау керек еді, мынау керек еді деген сияқты арыз-шағымдармен бірде-бір адам келген жоқ. Керісінше, бұл жолғы шағым айтушылардың өтініш-тілектері басқашалау болды. Соның бірі – Рысжан Күлдеева, егде жастағы ана. Аудандық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында қызмет істейтін қызына араша түсіп, арыз айтып келді. «Қызым жұмыстан аттап шыға алмайды, осында да уақыт тауып келе алмай отыр.  Келсе, бастығы соны сылтау етіп қазір жұмыстан босатады. Сондықтан өзім келдім», – дейді даусы дірілдеп, жыларман қалде.

Әңгіме былай екен. Оқу бітірген жиырманың үстіндегі қызы сол орталыққа жұмысқа орналасқан. Айлығы – 18 мың теңге. Бірақ тыным жоқ, күні-түні жүреді. Сенбі, жексенбі күні де шегі жоқ жұмыс. Орталықтың басшысы Еділ Өмірзақов солай істемесеңдер жұмыстан қуамын деп, үнемі үрейде ұстап, желкелеп отырады. Әрине, ана баласының, оның ішінде бойжетіп отырған қызының мезгіл жоқ, мекен жоқ, жұмыста омалып отырғанына мазасызданады, қобалжиды. Шырт ұйқысынан шошып оянып, мезгілсіз уақытта кеңсесіне іздеп барады. Түнгі  сағат екі-үшке дейін жұмысы созылғанына төзіп бағады. Сенбі, жексенбі күнгі жұмысына да түсінікпен қарайды. Бірде таңғы сағат 4-те де қызы жұмыстан оралмайды. Сонда шыдамай өзі барып, жұмыстан қызын жетелеп әкеледі. Тап осы жағдай кейін тағы қайталанады. Мынадай жұмысбастылыққа шыдамай, орталықтың бір қызметкер әйелі көшеде ес-түсінен айрылып құлайды. Соны естіген ана менің қызым да соның аяғын құшады-ау деп қауіптенеді. Өйткені қызының денсаулығы сыр бере бастаған. Дәрігерге көрінейін деп бастығынан рұқсат сұраса, біз атаған басшысы: «Қай дәрігерге көрінесің, ауыратын мүшең қайсы?» – деп шұқшия зерттеп, бәрін сұрап болатын көрінеді. Әйел адамдардың сырқатын ер адамның сұрауы онша әдептілікке жатпайтынын ескермейтінге ұқсайды.

Қызының басшысынан көріп жүрген бұл азабын да қазақшылыққа салып, жас адам түбі түсінер деп елемей келген ана енді ашық қудалауға сала бастағанда, шарасыздан жоғары орындарға шағымдануға бел байлайды. Қудалау мекеме ішінде  басшы ұйымдастырған лотерея ойынынан соң басталады.

Көлік кімдікі?

Естімеген елде көп деген. Түрлі-түрлі лотерея ойындарын естіп, көріп жүрсек те, мекеме ішіндегі мұндай ойынды білмеуші едік. Бақсақ, оның мәнісі былай екен. Зейнетақы тағайындау орталығы деген облыс бойынша үлкен жүйе ғой. Соның ішінде біреу (жай адам болмас) көне көлігін пұлдап сатпақ болады. Алайда ондай бағаға жеке алушы шықпайды.Сондықтан лотерея ойынын ұйымдастырады. Бір лотереяның бағасы – 8 мың теңге. Бастық айтты – заң, орталықтың әр қызметкері алу керек. Ол Хромтау ауданында жұмыс істейтін 7 қызметкерге де міндеттеледі.  Бәрі алады, тек Күлдееваның қызы алмайды. Өйткені шешесі қарсы болады. «Табатының айына 18 мың теңге, неге ондай ақшаны заңсыз беруге тиістісің?» – дейді ғой қызына. Жөн-ақ емес пе, бірақ бұған енді басшы қырсығады, «8 мың теңгеден тудың ба?» деп сөгеді. Бұрын алып тұрған сыйақыдан қағады. Лотерея алмаған қызметкердің алты айдан бергі көрген күні – осы. Анасы осы қиянатты айтып біраз жерді шарлаған. Тіпті, зейнетақы төлеу жөніндегі облыстық орталықтың бастығы Қайрат Отаровқа да келіп кеткен. Еш нәтиже болмайды. Қызы үшін зәбірленіп, жарылғалы отырған ананың жеткен жері – осы. Тәртіптік кеңестен сауға сұрайды.

Мына жағдай Тәртіптік кеңестің төрағасы Балтабек Халықты, кеңес мүшелері Үкітай Байжомартовты, Раукен Отыншинді, басқа да отырысқа қатысушыларды қатты ойландырды. Мәселенің анығына жету үшін аудандық орталықтың басшысын отырысқа шақыруға тура келді. Еділ Өмірзақов сырт қараған адамға әлгіндей пәле шығады дейтін емес, 25-тегі уылжыған жас жігіт екен. Ақтөбенің қалалық зейнетақы төлеу орталығында бас маман болып қызмет жасап, 2007 жылы шілдеде аудандық мекеменің басшылығын қолға алған. Өзін қосқанда бұл мекемеде  бас-аяғы 8 адам жұмыс жасайды. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» деген – осы, киіктің асығындай жігіт әлден заңды аяққа басады. Мұны Тәртіптік кеңестің төрағасы да, мүшелері де аз айтқан жоқ. Соған байланысты жұмбағы көп сауалдарды да беріп жатты. Алайда жас басшы көп мәселелердің құйрығын ұстатпай кетті. Сан саққа жалтарып, машинаның кімдікі екенін айтпады. Лотерея ойнату үшін лицензия алу керек екенін, мұның құмар ойынға жататынын білмеген болды. Сондықтан Тәртіптік кеңес бұл мәселені анықтауды және тиісті шарасын алуды тап сол жерде құқық қорғау органдарына тапсырды. Шағымданушы  аудандық прокуратураға, қаржы полициясына арыз беретін болды. Әрине, Тәртіптік кеңес мұның бәрін алдағы уақытта  бақылауда ұстайды.

Осымен аудандық зейнетақы төлеу орталығындағы жүгенсіздік туралы әңгімені доғаруға да болар  ма еді. Бірақ әлгі әңгімелерден де сорақы тағы бір былықтың шеті көрініп қалды. Қабылдауға келген Хромтау қаласының тұрғаны Татьяна Виноградованың шағымы да осы мекеменің жұмысымен байланысты болды. Ол бірнеше айдан бері зейнетақы тағайындата алмай әуре боп жүр. Биылғы жылдың 7 мамыры күні 58 жасқа толатын әйел орталыққа бір ай бұрын барса, құжатын қараған қызметкер тура 6 мамыр күні келіңіз деп қайырып жібереді. Қолына орталыққа келгені туралы құжат та бермейді. Еш жерге тіркемейді де. Арада бір ай өткізіп келгенде, алдындағы айтқанын ұмытып, әлдебір анықтама қағаздар талап етеді. Ал оны Ресейден алдыру қажет. Ол қашан келмек? Татьяна Юреевна орталық қызметкерлерінің тікелей кінәсінен қазірдің өзінде бір айдың зейнетақысын жоғалтып отыр. Арызданушымен бетпе-бет кездескен басшы жауапкершіліктен жалтара алмады. Өйткені ол өзінің қабылдауында да болған екен. Зейнетакқы тағайындауда салғырттыққа жол берілгенін мойындап, зейнеткердің құжаттарын: «Осы бойы өзім бас-көз болып отырып, қабылдатамын», – деп ертіп әкетті. Мұныменен зейнетақы тағайындауға жүрдім-бардым қарайтын орталықтың кінәсі ақтала ма, жоқ па, білмейміз.

Тұрғындарға тыныштық керек

Қазір еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында заман дұрысталды, халық күйленді. Бір бөлегі тіпті бай тұрады. Олардың арасында меншік иелері бар. Осындай жандар  кенді қала Хромтауда да аз болмайтыны түсінікті. Әрине, оларды бұл үшін айыптауға болмайды. Алайда басқа жағынан қала тұрғындарының бір бөлегі оларға ренжулі. Себебі олар сауда-саттықтың қызығына түсіп, өзгелердің мүддесін ұмытады. Ашқан дүкендерін, әсіресе, мейрамхана, сыраханаларын бақылаусыз қалдырып, көрші үйлердің, пәтерлердің тұрғындарына  жағдайсыздық туғызып, жайсыздық әкеледі. Оларға мезгіл- мекенсіз келушілер көрші үйлердің кіре беріс дәліздерін дәретханаға айналдырады. Түні бойы шулап ұйқы бермейді. Хромтау қаласының тұрғындары Дәмелі Райымбаева, Нұрила Кеңесова, Гаджаевалардың шағымдары осы сарында болды. Отырыста аудан әкімі: «Бұл мәселемен біз өзіміз айналысамыз», – деп мәлімдеді.

Сәруар есімді келіншек 6 баламен барак үйдің бір бөлмесінде тығылып  күн кешуде. Ол кезекті тездетуге жәрдем сұрады. Тәртіптік кеңес төрағасы бұл заң жүзінде шешілетін шаруа екенін, қиындыққа шамалы шыдау қажеттігін түсіндірді.

Қоғамдық қабылдаудан кейін Тәртіптік кеңес  мүшелері Табантал ауылында болып, ауданның жаңа әкімінің  тұрғындармен кездесу жиынына қатысты. Ауылдың проблемаларына, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек Халық мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Ал Тәртіптік кеңес мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Үкітай Байжомартов ауыл тұрғындарына жаһандық экономикалық дағдарыс жайында айтып берді, шаруаны ұйымдастыру, жүргізумен байланысты өз ойларын ортаға салды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button