Жаңалықтар

Жұма күнгі жүздесулер

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясы басшысының бірінші орынбасары Ерген Дошаев өткен жұма күні облысымыздың Алға, Мұғалжар аудандарында болып, сайлаушылармен кездесті.

Алға: Басты тақырып зейнетақы реформасы 

Аудандық мәдениет үйінде өткізілген кездесуге негізінен әлеуметтік сала қызметкерлері жиналды. Оның да өзіндік себебі бар еді. Өйткені бүгінгі уақыттың күн тәртібіне ұсынылып тұрған маңызды мәселенің бірі — әйелдердің зейнетақы жасын бірте-бірте алпыс үш жасқа дейін көтеру жайы әңгіме өзегіне айналды.

Жиынды ашқан аудан әкімі Айбек Сағиев сайлаушылардың өздерін толғандырып жүрген мәселелерді депутат назарына ұсынып, нақты жауап алуға болатындықтарын айтты.

Көпшілік алдына шыққан депутат ең алдымен Мәжілістегі Фракция жұмысы туралы кеңінен таныстырып өтті.

— Бүгінгі таңда Қазақстан — тиімді экономикалық, әлеуметтік және саяси даму үлгісі бар табысты мемлекет. Біздің әлемдік қауымдастық таныған басты құндылығымыз — азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім, — деп сөзін бастаған Ерген Николайұлы одан әрі Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын дәйекті түрде арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғандығына нақты мысалдар келтірді.

Ол әлемнің ең қарқынды дамып келе жатқан бес елі қатарындағы республикамыздың 2012 жылы дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшылары жүргізген жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 51-ші орынға көтерілгеніне арнайы тоқталды.

Депутаттың баяндауынша, кейінгі он бес жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өскен. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 12 мың долларға жеткен.

Ерген Николайұлы қазіргі сайланымдағы жұмыс бағдарында әлеуметтік және экономикалық салалардың әртүрлі бағыттары бойынша ауқымды заң шығару шаралары жүзеге асып жатқандығына бас назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысының елдегі тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға бағытталған «Тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы» Заңға қол қойғанын айтты. Осы Заң «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Заң жобасының негізгі мақсаты — тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту. Осы жүйе арқылы қалың жұртшылыққа берілетін несиенің қолжетімділігі қамтамасыз етілмекші.

Мәжіліс депутаты өз сөзінде жұртшылықты толғандырып жүрген бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталды. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты өз ойларын білдірді.

— Бұл саладағы бүгінгі орын алып отырған проблема Ұлттық бірыңғай тестіде емес, — деді ол, — біздіңше, министрлік тест тапсырмаларының сапасына және мектептерде тестілеуге дайындық барысына баса көңіл бөлуі қажет. Егер 2012 жылы түлектердің, шамамен алғанда, қырық пайызы ҰБТ-ның шектің деңгейінен өте алмаса, ал «Алтын белгіге» талаптанған алты мыңдай үміткердің әрбір төртіншісі ғана өз білімі дәрежесін дәлелдей алса, бұл — бәріміз ойланатын мәселе.

Депутат назар аударған тағы бір мәселе — жастар арасындағы алкогольге немесе никотинге тәуелділік жайы.

— Бүгінгі күні Қазақстанда 200 мыңнан астам адам «маскүнемдік» диагнозымен наркологиялық есепте тұр, олардың үштен екісі — жиырмаға толмаған жастар, — деп атап көрсетті ол.

Ерген Николайұлы сөзінің басым бөлігін Қазақстанда әйелдердің зейнетақы жасын бірте-бірте 63-ке дейін көтерудің қажеттігіне және өзіндік аспектілеріне арнады.

— Қазіргі уақытта  Заң жобасын Үкімет дайындап, Мәжілістің қарауына ұсынды, — деді ол, — Мәжілісте осыған байланысты жұмысшы тобы құрылды. Құжат талқылаудан өтеді, содан кейін Сенатқа ұсынылады. Бұл ретте көптеген ұсыныстар, талап-тілектер түсіп жатыр. Оның барлығы да жұмысшы тобында қаралады.

Ерген Дошаев бұл өзгеріске жұртшылықтың әлемдік деңгейдегі ахуалмен қарауларын сұрады. Қазіргі уақытта көптеген ілгері елдердегі зейнетақы жасы мөлшерін мысалға келтірген ол мұның уақыт талабы екендігін түсіндірді.

Кездесуге жиналғандар мазмұнды әңгімесі, жалпы ахуалды түсіндірудегі нақты ой-тұжырымдары, ұстанымдары үшін депутатқа ырзалықтарын білдірді.

Аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Аман Жармұханов өз сөзінде елімізде қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың шапағатын жалпы жұртшылық көре бастағанын айтып, депутат Ерген Николайұлының Мәжілістегі белсенді қызметіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта да жұмысының жемісті болуына алдыңғы буын өкілдері атынан игі тілегін білдірді.

Осы сапарында Алға аудандық ауруханасында болған Мәжіліс депутаты халыққа қызмет көрсету барысымен танысты. Емдеу орнының бас дәрігері Сағынғали Тәженов өздеріндегі маман кадрлармен қамтылу, жаңа заманауи аппараттармен түрлі емдік шараларын жүзеге асыру барысы туралы айтып берді.

 

Мұғалжар: жаңа бағыттар ел игілігіне

 

Аудан орталығы — Қандыағаш қаласындағы жүздесуге жұртшылық көп жиналды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Сағынадин Салықбаев кездесуді ашып, Мәжіліс депутатының елге сапарының мақсатына қысқаша тоқталып өтті.

Бұл жиында Ерген Дошаев депутаттық қызметі барысында Мұғалжар өңірі тұрғындарымен тығыз байланыста болып келе жатқанына тоқталып, бұл аумақтағы ілгері ұмтылыстар мен кейбір проблемаларды жақсы білетіндігін айтты.

— Қандыағаш, ең алдымен, тоғыз жолдың торабында орналасуымен маңызды екені көпшілікке белгілі, екіншіден, бұл — мұнайлы аймақ, — деді Мәжіліс депутаты, — сондықтан бұл жерде белсенді еңбек ету мүмкіндігі баршылық. Сонымен бірге шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оны жүзеге асыруға бәріміз атсалысуымыз қажет. Өйткені қандай да игілікті іс жемісін көпшілік көреді.

Депутат жиын барысында жас ұрпақты тәрбиелеу, сапалы білім беру жайына назар аударды. Ол Елбасы Жолдауында айтылған «Жаңа саяси және экономикалық бағыт жастарға жақсы білім беруге, яғни олардың барынша лайықты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған» деген сөзге ерекше мән бере келе, депутаттардың «Мемлекеттік білім берудің жинақтаушы жүйесі туралы» заң жобасын қарау шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарғандығын атап көрсетті. Осы жүйе білім беру қызметтерін қаржыландыруды мемлекеттік қолдау құралдарының біріне айналып отыр.

Жиын барысында жастардың мамандық таңдауына дұрыс бағдар беру, оларға қолдау көрсету жайы да әңгімеленді. Сонымен бірге депутат зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге кеңінен тоқталды. Осы бағыттағы жұртшылық сауалдарына жауап берді. Зейнетақы реформасының түпкі нәтижесі туралы өз ойларын білдірді.

Аудандық еңбекпен қамту бөлімінің меңгерушісі Құрания Аймағамбетов жиналған жұртшылықтың бірқатар сауалдарына осы жиында жауап беріп, бірқатар түсіндірмелер берді.

Ерген Николайұлы осы сапары барысында аудандағы кәсіпкерлік қызметі барысымен танысты. «Жас бағылан» шаруа қожалығының иелері Жұмажан және Бақыткүл Өтебаевтар бүгінгі күні шаруаларын өрістетіп, өз еңбектерінің жемістерін көріп отырған жандар. Олар алғашқыда мал шаруашылығын қолға алса, енді сонымен бірге өздерінің тұрғын үйлері жанынан шеберхана ашып, тағы бір саланы дамытуда. Қазір мұнда олар 5 адамды әлеуметтік жұмыс орнымен қамтып отыр. Шеберханада қыз жасауы, көрпе-жастық, шымылдық, қоржын секілді сұранысқа ие бұйымдар тігіліп, дайындалады. Қазір мұнда сұраныспен жұмыс істеуде. Кәсіп иелері несие алмай-ақ жұмыс істеп отырғандарын айтады.

Теміржолшылармен жүздесу барысында жол бойындағы жаңалықтар таныстырылды. Вагондар сұрыптайтын дөңес жұмысындағы басқару ісін көзімен көрген депутат осы саладағы жалпы жұмыс ауқымымен танысты.

Сапар соңында аудан әкімі Серік Шаңғұтов Мәжіліс депутаты Ерген Дошаевқа өңірдің дамуына көрсетіп отырған қолдау-көмегіне қатысты алғысын айтып, сайлаушылармен жүздесу барысындағы мағыналы әңгімесіне ырза көңілін танытты.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button